Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақылбек Шаяхмет

11.06.2017 778

Ақылбек Шаяхмет

Бұлақ көзі тартылса – сарқылғаны ғұмырдың,

Көзіңді ашып қара да, тіршіліктің сырын біл.

Еңбектеген сәби де екі аяққа тұрмай ма,

Тай болмай ма күні ертең ойнақтаған құлын-жыр?!

Майшам жанып таусылса – ғұмырының біткені,

Жанып, сөніп тұрғаны – өмірінің өткелі.

Сол жарықпен, алайда, жазу жазған жазушы,

Жақсы болса жазғаны – қоя алады нүктені.

Адам аз ба жыр оқып, күнәсінен тазарған,

Иттен ұят кетпей ме, қақпақ кетсе қазаннан,

Кім алтынды алады аршып мына тозаңнан,

Көбейіп тұр дәл қазір жазушы емес, жазарман

Жыр оқыса жаңғыртып өлеңшілер өлермен,

Тыңдайды екен оларды талғамы жоқ көрермен.

Тура айтатын көзіне төрешілер болмаса,

Олақтар да көбіне асып түсер шеберден.

Сахнада қиқулап ән шырқаса әншілер,

Түйсігі жоқ тыңдаушы дәл солардай болшы дер.

Тезге салып қисықты, көздеп тұрып тұмсықты,

Тартып-тартып жіберер керек-ау бір қамшыгер.

Әңгіме қып көр-жерді, өсек сөзді сапырған,

Жұрдай болған ақылдан, ойсыз болса оқырман,

Арзан күлкі, арзан сөз қытығына тимесе,

Айырмасы бар ма оның түк көрмейтін соқырдан?!

Естір құлақ естімей жатқан болса ізгі үнді,

Ауыздықтап тұлпарды, босатсаңдар тізгінді,

Тұр еді деп кезекте, жүлде беріп есекке,

Шың басына шығарар қыранды емес, құзғынды.

Қанша талант тозып жүр жолы болмай, сор қайнап,

Түзелер ме бұл жағдай айқайласаң ойбайлап.

Ата-бабам көрген кеп біздің басқа түсті деп,

Біз де отырмыз қартайып, ұйқы кеміп, қайғы ойлап...

* * *

Жасырсаң да жаманат ел естімей жата ма,

Тез жұғады мақтаға қара күйе, о, тоба!

Тұнық суда шоршиды балық екеш балық та,

Шалшығында секіріп, бақылдайды бақа да.

Елдің көбі неліктен жібек, торқа кимейді,

Қанша қымбат болса да тозады ғой мата да.

Көнгеннен соң қамытқа өгіз арба сүйрейді,

Үйренген соң ноқтаға жегіледі соқаға.

Ауыздығы бар атты атқа мінген билейді,

Көріп тұрсаң бұл жайды, қабырғаңа бата ма?!

Қанша биік шықсаң да, төбең көкке тимейді,

Асқар шыңдар көрінер шыққан болсаң жотаға.

Ұзын болса көсеуің отқа қолың күймейді,

Әділін айт, оқырман, әлде сөзім қата ма?!

* * *

Болса да қанша жерден көңіл күпті,

Қалыпқа келтіреді өмір мықты.

Тұмандай серпіледі күдік, күмән,

Иықтан түсіреді сенім жүкті.

Көп нөрсе үйренесің, жиренесің,

Аралап жүргеніңде небір жұртты.

Көбісін жылдар өте ұмытасың,

Кім сені өкпелетті, ренжітті?!

Еңбек ет, күліп-ойна, серілік құр,

Қазақтың елі дархан, жері құтты.

Тауға шық, терең бойла, тек таза жүр,

Ар жағы айтпасам да көрініп тұр.

* * *

Айтқым келіп оқталсам айтарымды,

Қай арадан, білмеймін, қайтарымды.

Сөзұқпас пен дымбілмес желөкпелер

Түртіп кетіп жүрмесін сайтанымды.

Қинап жүрген бағзыдан жан-тәнімді,

Қаншама ойым құр босқа қаңтарылды,

Ыдыс бетін жабуды ұмыт қылсам,

Тышқан былғап кетпесін талқанымды.

Алда бізді күтеді ғұмыр қандай?

Ет-жүрегім болады жылынғандай.

Келістіріп жыр жазсам, арманым не,

Сары майдан қылды да суырғандай.

* * *

Тіршілікте момын да, пысығы да,

Жете ала ма жалғанның ұшығына?!

Кей пенденің қылығын көріп тұрсаң.,

Сөзі сауап, болып жүр ісі күнә.

Жиі көрем осы бір таныс жайды,

Сөз бенен іс бір жерге қабыспайды.

Жеңіл сөздер ұшады қауырсындай,

Ауыр ойлар сананы жаныштайды.

* * *

Көзкөрім жерде болса да,

Қолсозым жерден кете алмай,

Соңыңда көштің қалса да,

Отырған жан көп жете алмай.

Естілмей тіпті үні де,

Дауысы жетер жерге де.

Жан сырын айтпай тіріге,

Тығылар шағын бөлмеге.

Қызығы көрген көл-көсір,

Бауыры бүтін, басы аман,

Күйттеген өзін пендесін,

Жарылқай ма екен Жасаған?!

Көздері жабық, көр-кеуде,

Атаның ғана ұлы боп,

Жер басып қана жүргенге

Мәз болып жүрген тірі көп.

Заманым тыныш, ел есен,

Мылжыңдар шықты сөзі көп.

Жалғанға келді демесең,

Қалдырған артта ізі жоқ.

Алладан медет тілейді ел,

Білімір аз да, надан көп.

Сықиып жүр ғой біреулер,

Киім бар, іште адам жоқ.

Қазаққа кім бар шақ келген?!

Аузынан жырып ақ берген,

Үйірден бөліп ат берген,

Апшысын жердің қуырып,

Намысты ерге от берген.

Қылышын қыннан суырып,

Дұшпанды көрсе тап берген.

Кетпеген жолдан бұрылып,

Ездерді болбыр жек көрген.

Жатса да құлап, сүрініп,

Көп жүрген және көп көрген.

Ордалы жұртта ту іліп,

Дәуренді талай өткерген.

Белді де бекем буынып,

Әйелді алған текті елден.

Күз болса ырзық жиылып,

Береке күткен көктемнен.

Бір қабат тері сылынып,

Аман-сау өткен өткелден,

Көбесі мұздың сөгіліп,

Тәуелсіз күнді ап келген,

Көрсеткен талай ірілік,

Қазаққа кім бар шақ келген?!

* * *

Болғанымен адамға сабыр лайық,

Тұрған кезде тәніңе тамыр жайып,

Аңқылдаған көңілді дос ұқпаса,

Жүрек кейде тұрады қоңырайып.

Неге біздер жақсыны танымайық,

Тура жолдан неліктен жаңылайық?!

Қаражүрек кісілер кездескенде,

Жүрек кейде тұрады қоңырайып.

Отырғандар бар шығар тымырайып,

Жүрек қалай соғып тұр – соны ұғайық.

Қан қысымы өзгеріп, бас ауырып,

Жүрек кейде тұрады қоңырайып.

* * *

Кем болсаң – жем боласың,

Ер болсаң – тең боласың.

Еңбекпен тәтті болар

Алдыңа келген асың.

Бос сөзге болсаң құмар,

Бақылап, елің сынар.

Тек жүрсең – тоқ жүрерсің,

Тер шықса – шерің шығар.

Болса егер кең құлашың,

Домалар өрге тасың.

Шындықтан тайқыма тек,

Жеткенше жүзге жасың.

* * *

Кез де келер дала қардан аршылар,

Әркімнің де бір күткені бар шығар.

Хабаршысы секілді ғой көктемнің

Терезенің сыртындағы тамшылар.

Ақша бұлттай әппақпын деп мақтанған,

Жерге түсіп табандарға тапталған,

Мөлдір тамшы – көз жасы ма әлде бұл,

Жер бетіне тамып кеткен ақ қардан.

Күн кептірсе тамшы буға айналар,

Көкке шығып, алаң көңілі жайланар.

Жауын болып тағы жерге құяр ол,

Соны көріп, адам бір сәт ойланар...

* * *

Аршып қарды тұяқпен, жүрген жылқы тебіндеп,

Жайылады бұйырған қара жердің шөбін жеп.

Малқорада ту бие суын ішіп, жемін жеп,

Соғымы үшін біреудің еш алаңсыз семірмек.

Алла малды адамның азығы үшін жаратқан,

Ал адамдар ішіп-жеп, атайды оны өмір деп...

* * *

Еріген қар елжіреп, биік таудан бас алып,

Үсті қатса, асты еріп жатқан-сынды, осы анық!

Босап буын-буыны, маңдайынан тер шығып,

Толғатады қара жер қар-құрсаудан босанып.

Белес-белес дөңестер, жота-жота қырқалар

Аяғы ауыр әйелдей күні жетсе ұл табар.

Мұз көбесі сөгіліп, ойдым-ойдым ойпатқа

Аққан су да сарқырап айтып жатыр шырқап ән.

Күннің көзі қыздырып, ағаштарға бүр шығып,

Қар астынан бой жазар жатқан шалғын тұңшығып.

Шықпақ болып жарыққа, қысқы ұйқыдан жалыққан

Жер-ананың қойнында қайнап жатыр тіршілік.

Тұманды күн. Қансонар

Қансонарда бүркітші ме, аңшы ма,

Аңды көрсең, абыржымай, сәл шыда!

Құсыңа сен, астыңдағы атқа сен,

Сене берме қолға ұстаған қамшыға.

Балақ жүні өсіп кеткен сұңқардың,

Аяғына жем түсірген тұлпардың,

Тұманды күн жол таппаған сұлтанның

Тән жарасын, жан жарасын қымтар кім?!

Қыран құсы іле алмаса бір аңды,

Олжа табу болып тұрса күмәнді,

Бірақ, дұрыс баптай білсе қыранды,

Мақсатына жете алады шыдамды.

* * *

Ерлері сасқан, кенеуі қашқан заманда,

Көбейеді екен азғындап кеткен адам да.

Болмаса бабы, жем берсең-дағы қолыңмен,

Жүйрік атың да ілеспей қалар шабанға.

Біреулер жүр ғой дос түгіл жатты құшақтап,

Есерсоқ біреу бауырын жатса пышақтап.

Біреуге рақат, біреуге азап жаз-жайлау,

Біреудің бағы, біреудің соры қыс әппақ.

Әр жерде сені тасадан аңдып өлім жүр,

Үмітті үзбе болмасын десең сенім күл.

Тозақ пен жұмақ екі дүниеде бар шығар,

Біреуге сайран, біреуге ойран өмір бұл.

* * *

Құшағын жайған ел, міне,

Ұмытпас сені ешқашан.

Кедір көп қара жерде де,

Аяқты аңдап баспасаң.

Алдыңа салып көзіңді,

Артыңа жүрсең қарайлап,

Сараптап әрбір сөзіңді,

Тіліңді безе абайлап.

Атаның жолын қудың ба,

Шығуға жолдан тырыспа.

Құдықтан алған суды да

Құйып ал таза ыдысқа.

Кеткенде шығып жыраққа,

Малтығып қалма былыққа.

Гүл өскен жерде, бірақ-та,

Арамшөп барын ұмытпа.

кізсең болды өмірді.

* * *

Байлаулы бақ алдамшы жалғанда бұл

Жеткізер ме қол созған арманға кіл.

Тәубасына келер ме күнәһарлар,

Кек алар ма пенделер көрген жәбір?!

Өмір деген аламан бәйге болса,

Опық жейді озған да, қалған да бір.

Қорқақтар да өледі күйініштен,

Батырлар да өледі салған дабыл.

Қасың қылыш суырса, қобалжыма,

Дұшпаныңнан сескенбей, қорғана біл.

Өрт

От жанғанда лапылдап,

Өртке оранса жасыл бақ,

Жуан емен сатырлап,

Биік қайың бытырлап,

Қарағай мен шыршаның

Сай-сүйегі сырқырап,

Шоқ боп жанып жапырақ,

Күл жамылып топырақ,

Сарт-сұрт сынып бұтақтар,

Тал-шыбықтар қалтырап,

Аңдар қашып жан-жаққа,

Құстар ұшып пыр-пырлап,

Өртті өшірер шама жоқ,

Сырттай ғана бақылап,

Тып-типыл боп жер беті,

Қараң қалар атырап.

* * *

Асса-дағы жұмыс бастан,

Қалып едім ерте жатып.

Ояныппын таң атпастан,

Жамбасыма көрпе батып.

Дәптерім де шимай-шимай,

Шәкіртпін бе «өте жетік».

Тәтті ұйқыны тұрсам қимай,

Уақыт, шіркін, кетеді өтіп.

Әлде жанның азабы ма?

Жазған жырым бітпей қалып,

Төкті нұрын қағазыма

Ай сәулесі сүттей жарық.

Таңға жақын селдіреген

Жұлды ақты жанып көктен.

Туды жырым мөлдіреген

Көз жасындай тамып кеткен.

* * *

Көк теңізде жүзіп жүрген жалықпай

Халық неге сенделеді балықтай?

Күннің нұры тұңғиыққа жете ме,

Қараңғыны нұрландырған жарықтай?!

Шортандарға жем болады шабақ та,

Акулаға бармайды ешкім қонаққа.

Балықшының тәбеті де артады

Қуырылған балық тұрса табақта.

Барлық жәндік кеудесіне жан кірген,

Бірін бірі өтеді екен аңдумен.

Балықтардың күні қараң шалшықта,

Лай суды айырмаса мөлдірден.

Мұхиттағы тіршілікке алаңдар,

Уақыт болса, үңіліп бір қараңдар.

Аулағанға бақа-шаян түк емес,

Китті де бұғалықтар адам бар.

Су бетіне қарап тұрсаң көз алмай,

Шоршып сазан, бір бірінен оза алмай,

Көпіршиді, буырқанып, толқиды,

Мұхит бейне қайнап жатқан қазандай.

* * *

Қардың беті – толған жазу, қалған із,

Бұл не деген мол жазу?!

Әлдекімдер қиқы-жиқы салған із,

Қар жауғанда жоғалады сол жазу.

Мұздың беті – толған жазу, қалған із,

Бұл не деген мол жазу?!

Табаныңнан қалған із де қорғансыз,

Мұз ерісе жоғалады сол жазу.

Көл шетінде, құм бетінде шимай көп,

Бұл не деген мол жазу?!

Көкірегің ашыса да удай боп,

Толқын соқса шайылады сол жазу.

Жартасқа да қашап жазған жан аз ба,

Қиын шығар тас қопарып, тоң қазу.

Көз жасымен, қанмен жазсаң қағазға,

Жоғалмайды сол жазу.

* * *

Көк жәшіктен көрсетті жаңа ғана,

Туып апты бір қазақ қара бала.

Баласының әкесі негр екен,

«Құтты болсын!» – дейміз бе сол анаға?!

Құда болдық орыспен, неміспен де,

Құда болдық қытаймен, кәріспен де.

«Қызымыз көп отырып теңін тапты!» –

Айтатын әңгіме сол шай ішкенде.

Алып жатса өзге жұрт бала асырап,

Жақсы болды дегенге нанасың ба?

Қыз жат жұрттық болғанда, жиендері

Орала ма, білмеймін, нағашыға?!

Қисайыпты елімнің көші жаман,

Бұл сұмдықты қалайша жасыра алам?!

Асыл тегі қазақтың кең әлемге

Уылдырық секілді шашыраған.

* * *

Қар кеткен соң жауын жауса сіркіреп,

Көк шалғын да шығады екен дүркіреп.

Байтақ дала шаң-тозаңнан аршылар,

Текеметтей алған жаңа сілкілеп.

Ағаштар да бойын жазып, бүр жарып,

Самал соқса бұтақ баяу ырғалып,

Дала төсі тағы толып дүбірге,

Көктем сайын келеді екен қырға құт.

Сай-саланың іші толып, су ағып,

Балалар да сыртқа шығып, қуанып,

Төрт түлік те ойнақ салып, шапқылап,

Жер жаңғырып, қалады екен жаңарып.

* * *

Қайғыға басқа түскен шыдайды адам,

Түскенде ауыртпалық, шыр айналам.

Әлпештеп бағып-қаққан ата-анадан

Тым жастай айырылам деп кім ойлаған?!

Тұрса да төгіп нұрын күн, ай маған,

Болмайды өмір-бақи гүл айналаң.

Көзінің қарасындай баласына

Топырақ саламын деп кім ойлаған?!

Қатарым танытпаса шырай маған,

Қарайды достарым да сынай маған.

Мақсатқа алға қойған күшің барда

Жете алмай қаламын деп кім ойлаған?!

Ниетім көрініп тұр шын айнадан,

Күн сайын жүз толғанып, мың ойланам.

Ұршықтай үйірілген тіршілкте

Шуда жіп үзілер деп кім ойлаған?!

* * *

Ата салтын, ана тілін құндағанға,

Алла берген өнерін шыңдағанға,

Туған жерге табан тіреп тұрғанға,

Не көрсе де тағдырға сабыр қылғанға,

Жақсы сөзді зейінмен тыңдағанға

РАХМЕТ!

Жат дәстүрді ұлтына жабыстырғанға,

Әлпештеген ұл-қызын орыс қылғанға,

Өсек айтып, от салып, шағыстырғанға,

Жабыларды тұлпармен жарыстырғанға,

Кісіліктің ауылынан алыс тұрғанға

ЛАҒЫНЕТ!

Көріп тұрып жағдайларды қолайсыз,

Мұның бәрін қалай дұрыс санайсыз?

Сай-сүйекті сырқыратып талай сыз,

Қарғады деп ойламаңыз олай сіз,

Айтарымды айтып қалдым абайсыз...

САБЫР ЕТ!

* * *

Өмір деген жол емес қой теп-тегіс,

Даңғылда да кездеседі кептеліс.

Жаңа соқпақ бастағанда жаңа күн,

Жойылады кеше басып кеткен із.

Жолдың көбін айта алмаймыз тар ма деп,

Кең жолда да шығу қиын алға көп.

Тоқсан тарау таралғанда қасқа жол,

Кей жолаушы тіреледі жарға кеп.

Аз емес қой іздегендер жол басқа,

Жаяулардың көлігі жоқ, қол қысқа.

Жол бойында кедергі көп, бөгет көп,

Жолға шықсаң – сенімді бол жолдасқа!

Өмір жолы кейде қисық, бұралаң,

Қисық жол да кейбіреуге ұнаған.

Аман-есен өтіп шығар сол жолдан

Көздері ашық, жаны таза шын адам.

* * *

Кең далада қалқиған

Кейде ұқсаймын бағанға.

Жолбарыстай жұлқынған

Кейде ұқсаймын тағы аңға.

Көрген көзім жаман ба,

Айтқан тілім жаман ба?!

Азып-тозған қоғамда

Жақпай жүрмін наданға.

Жүректегі сырымды

Ашсам деп ем адамға.

Оқып көрші жырымды,

Шын сезімім бар онда.

* * *

Жер бетінде тіріден де өлі көп...

Өлмей қалған бірі жоқ.

Сайыпқыран ақындарды еске алам,

Өлмейтұғын жырын оқып мың рет.

Кемталанттар жыры жасық, күні боқ,

Ішіп-жеуден басқа мүлде мұңы жоқ,

Тоты құстай айтқан сөзді қай талап,

Тырысады көрінуге ірі боп.

Өрекпиді, кеуделерін кереді,

Жүргенге мәз жерді басып, тірі боп.

Сен оларға пысқырма,

Ар ұялар іс қылма,

Маңайынан күліп өт!

Көнермейді шын асыл,

Береді әділ бағасын

Уақыт деген қазы мен Жаратушы Құдірет.

Өмір

Кетіп тұр ғой мазам,

Жанып жатыр көмір...

Қайнап жатыр қазан...

Өмір...

* * *

Құбылмалы заманның қатуланып қабағы,

Дүниеқоңыз сараңның ашылғанда араны,

Бай, шонжарлар өздерін ұстағанда жоғары,

Жұмысы жоқ байғұстың таусылғанда амалы,

Көздің жауын алатын,

Бірақ, қымбат болатын дүние-мүлік секілді,

Кемісе де салмағы азаймаған бағасы азық-түлік секілді,

Көз алдымда көп кісі құны кеміп барады.

Қу тақырға айналса айдын көлдер қоғалы,

Жасқа толса еріксіз аналардың жанары,

Шалып жатса аяқтан өзі болған баланы,

Біреу келіп тырнаса бітіп кеткен жараны,

Енді оларға не дейік?!

Алаяқтар көбейіп, жүрген жолы кеңейіп,

Өт жарылып, бүйректен сирақ шықса серейіп,

Көргенімнен, әрине, көретінім көп әлі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар