Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дарабоз Дина жайлы кітап жарыққа шықты

13.06.2017 2324

Дарабоз Дина жайлы кітап жарыққа шықты

«Eurasian Book Fair-2017" II Еуразиялық Халықаралық Кітап көрме – жәрмеңкесі аясында 15 маусым күні 16 .00-де (Астана қаласы "Көрме" орталығы, Достық көшесі, 3) ақын-аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың қазақтың тұңғыш әйел күйші-композиторы, Қазақ КСР Халық әртісі Дина Нұрпейісова туралы «ДИНА - DİNA» атты ( қазақша-түрікше) кітап – альбом диск-кітабының тұсаукесері өтеді.

Кітап-альбомның және дискінің мұқабасын суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Камила Жапалова Маржан Ершудың «Дина» поэмасының желісі бойынша салған картинасымен безендірілді. Түрікше тәржімасын жасаған түріктің ақын қызы, әдебиеттанушы Нұрай ГҮНЕШ, Кітаптың кеңесшісі: ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева болса, кітап-альбомды безендірген суретші-дизайнер, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Алмас Сырғабаев.

Дискде М.Ершудың «Дина» поэмасын оқыған ҚР еңбек сіңірген әртісі, диктор Сауық Жақанова.

Поэма Дина Нұрпейісованың өз орындауындағы күйлермен әрленген. Сондай-ақ, дискіде Дина Нұрпейісованың орындауындағы «Домалатпай» күйі мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Айтқали Жайымовтың «Күй - Ана», күйші, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың «Күй Анасы» күйлері жазылған.

Дина Кенжеқызы Нұрпейісова - қазақтың әйгілі күйші композиторы, Қазақстанның халық әртісі. Күй атасы Құрманғазының ең талантты шәкірті Дина Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып, 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі онкүндікте жүлделі орындарды жеңіп алады.

Академик Ахмет Жұбанов: «Бұған дейін Құрманғазының, Дәулеткерейдің, басқа да халық композиторларының күйлерін тартушылардың ішінен Динадай домбыра тілін білетін ешкім кездескен емес. Талантты домбырашы домбыра тартудың өзіндік жолын салып кетті», - десе, өнер зерттеушісі А.Островский былай деген: “Динаның домбыра тартуының шеберлігі – адам сенуге болмайтын ғажайып. Тамаша домбырашы тартудың қандай әдісін қолданбайды, осы ескі аспаптан қандай үн шығармайды десеңізші! Домбыраны ол қатырып құшақтап алмайды, домбыра оның қолына ілесіп ұшып, тамаша саусағының жорғалауына ілесіп дедектеп отырады”.

Дарабоз күйші Дина Нұрпейісованың өнер жолы туралы баяндалатын қазақша-түрікше кітап тұңғыш рет жарық көріп отыр.

Тұсаукесер рәсіміне ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева, Сауық Жақанова , Мажарстандағы «Барыс» тіл дамыту департаментінің басшысы Оңайша Мандоки және басқа зиялы қауым өкілдері қатысады.


Маржан ЕРШУ

(поэмадан үзінді)

  1. ШЫҢДАЛУ

Атырау–Жайық! Ақ топан күйдің Отаны,

Бағзы заманның батиқасын айтар баталы.

Күмбірлі күйім–Тәңірдің күмбірі екен ғой

Тыңдашы Құрман атаны!

Күй–күмбірі аялағанда халықты,

Күй сиқырын Күй–атам елге танытты.

Құрманғазыдай даңққа даңқ қостырған

Танисың сен –

Дина деген жарықты!

Жүрегім–дала, көңілім–аспан, көзім–күн,

Боздалада бозторғай үнін сезіндім.

Кең дүниеде келеді күймен тыныстап

Келеді күймен көз ілгім.

– Деген Динаның үміті қандай әдемі,

Кенже балуанның аяулы қызы, сәні еді.

Домбыра дауыс жер–көкті тербеп жатқандай

Құлағында – сол ғажайып күйдің әуені.

Кішкентай саусақ үлкен домбыраны қомсынбай,

(Қиналған жанға намыс дегенің қамшыңдай.)

“Айжан қыз” күйін үйреніп алып әп–сәтте

Үздіксіз ойнар қол тынбай.

Қадірлеп сыйлар қара шанақты, пернені,

Ол күмбірлегенде дүниенің әсем өрнегі.

Динаның даңқын алыстан естіп Күй ата

Келіпті бір күн көргелі.

Құрманғазының ауылға аты келгесін,

Ел–жұрт жиылды кеткендей бір сең көшіп.

Домбырасы да, күйі де, өзі–ерекше

Жоқ шығар, – дейді теңдесі.

Балапан қыздың жанарын көріп қуанды ол,

Е, шүкір, Алла! – деп тағы іштей жұбанды ол.

Қара шанақтың қадірін білмес біреулер

Күйтартқыштардың көбейген тұсын ұғар–ды ол...

Сынады оны күй тартқан тұста жабырқап,

(Балаң күйшіге қарайды ел әсте таңырқап.)

Күй–Құрман ата көздерін жұмып ойланды.

Әр дыбыс, қағыс тұрғандай бейне арындап.

Майпаң мақамның бір қағысында бұзбаған,

Айыбы осы–ау: Ұл болмай неге қыз болған?

Әуенді ұққан жүрегі неткен терең–ді

Шеберлігі шыңдалса. Сол ғой бізге арман?!

Кенжеге айтты: Балаңның талабы зор қандай,

Қайдан білейін алдында оның жол қандай?

Күйші бақытты жүрегін ашып жырласа

Түсінбесе күйді болады мәңгі сормаңдай!

Тыңдағын, Дина қарағым!

Күйші ме, мынау тартқыштың бәрі.

Қазақтың күйі–мәңгілік. Халықтың жаны

Күйдің сырын, мұңын ұқпасаң Сені

Қайран өнердің жібермес Ары!

Дина қарағым! Дина қарағым!

Күй тартсаң тарт!

Күңірентіп қобыздай тарт!

Тұлпардай тарпаңдатып,

Бұлттай түйдектетіп,

Бұлақтай сыңғырлатып,

Жүректе жыр жырлатып,

Күн ойнатып, түн күлдіріп,

Домбыраның киесін аспандатып,

Жанарларда жас парлатып

Тарт, тарт күйді қашқанда үміт

Жабыларды жасқандырып..,

– деді Құрман көкіректен сыр ақтарып

Жағалауға жеткен жандай құлап, талып.

Күйші болсаң, күй шығар

Күйге ора дүниені –

Жатсыншы мынау әлем

Домбыра – үнмен құлақтанып.

Аманат!

Домбырамды бердім саған, Дина балам!

“Кәрі досты” ешкімге сыйламағам.

Ақ саусағың тамыр боп, жүрек болып

Өз күйің боп ақсыншы жорғалаған.

Уа, халайық!

Жалғасымды таптым бүгін

Құм Нарыннан –

Құрманғазының ақ сөзін тыңда, Далам!..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.