Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Батырхан Сәрсенхан: Әдебиеттегі оңашалық...

13.06.2017 6794

Батырхан Сәрсенхан: Әдебиеттегі оңашалық

Батырхан Сәрсенхан: Әдебиеттегі оңашалық - adebiportal.kz

немесе

ЖАН КӨКСЕГЕН ТЫНЫШТЫҚ

Тән ішінен тұрақ тепкен адам жанының сыры алуан. Ол сонысымен жұмбақ. Жұмбағымен құнды. «Жан сыры деп жазылған, психология деген пән» деп Шәкәрімше қайырсақ, қырыққа жуық саласы бар жантану ғылымы адам жанының психикалық құбылыстарын зерделеп келеді. «Жан тәннің өмір сүру формасы» дейді Аристотель. Демокрит болса, «жанды заттың атомдары секілді өсіп, өшіп отыратын үнемі қозғалыс үстіндегі қасиет» деп түсіндіреді. Әріге бармай-ақ Абайымызға үңілсек, «ақыл мен жан – мен өзім,тән - менікі, «мені» мен «менікінің» мағынасы екі, «мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін оған бекі» дейді. Яғни жан – мәңгілік. «Жан – тәңірдікі, тән – құрт-құмырсқанікі». Ендеше, кермедегі құлындай шарқ ұрған осы бір құбылыстың «алақайлап» азаттыққа ұмтылатыны несі? Жалғыздықты тілдей тұра, сүйетіні несі?

Ғұмырын ізгілік терезесіне бұрған сананы өмірдің кір-қоқысы, болмашы мехнаты аса алаңдата алмайтыны анық. Содан да болар олар тәнді көлік ретінде қарайды. Жанға үңіледі. «Нәпсі айтқан іске ермей», парасат шыңына қол созады. Бүгінгі ғылымда тұлға екіге бөлініп қарастырылады. Ішкі келбеті, сыртқы келбеті. Әлбетте, сыртқы келбетіне меймандос мерекелерде, сахнада, көпшілікке көрінер тұстардағы тұлғаның болмысы, іс-әрекеті жатпақ. Сыртқы тұста кез-келген адам өз арын адал, «десін», «демесінге» салынып бойын кірден алшақ ұстауы қалыпты жағдай. Тұлғаның сыналар тұсы ішкі жағы. Ең қиыны, «ешкім жоқ жерде де адам болып қалу». Ғасырлар бойы еңбегі жадымызда жаңғырған тұлғалар тобына үңілсек, «ішкі тұсына» қорған бола білгендер басым.

Азаншысы мен қазаншысы дамайласқан тірліктен шапан тартып, Пайғамбар жасында әулие Яссауи қылуетке түсті. «Махаббаттың дәмін татпай, жар да сүймей үйді ойлап дүние таппай». Ғұмырдан баз кешті. Жалғыздықтан сая іздеді, жанына. Жетпіс екі жасқа ілінген тұсында Шәкәрім қажы Шығыстаудың бөктерін паналады. «Есі ауған», «бандиттермен сыбайлас» деген қауесет-лақаптар қардай борады соңынан. Ақын тіл қатты сонда:

Кейбіреулер безді дейді елден мені,

Есалаң айтады екен сезіп нені.

Хақиқатты танитын баста ми жоқ,

Ондайлардың сау емес анық дені.

Мен жалғыз,сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.

Елу бес жыл жинаған қазынамды,

Оңашада қорытам ойға салып.

Осы бір шумақтан іздеген түйініміздің бір ұшы қылтияды. Шәкәрім қажының оңашанлуды көксегендегі түпкі мақсаты «елу бес жыл жинаған қазынаны қорыту». Бағамдау. Яғни оңашалылық – ойлануға мүмкіндік алу. Есеп беру. Ұршықтай шыр айналған дүниеде жасаған жақсылықтар мен жамандықтарды таразылау болып табылмақ.

Әлем әдебиеті тарихында мысықтабан тірліктен бас тартып, бұйра бұлттай белгісіз қиырға ауған тұлғалар легі қараңдайды. Ағылшын әдебиеті тарихында романтик Колдридж, Саути, Вудсфорд секілді тұлғалар қоғам өмірінен мүлде аулақ, тау, орман өңірлерінде ғұмыр кешіп, «Көл мектебін» ашты. Мәселен, Лев Толстойды алалық. Үйінен безінді. Өзі қоршаған ортадан алыс кетті. Өмірінің соңғы тұсында түсірілген суреті бар. Дорба асынған. Жанарынан жалғанның жасылынан қашқан сипат сезіледі. Қажығандық бар. Неден қажыды? Неден безінді?

XX ғасырдың басында қала мен дала арасындағы тартысты ұғым пайда болды. Зәулім ғимараттары мен сәнді субұрқақтары бой көтерген қала құрылысы дами түсті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «қала ақыны мен дала ақынының айтысы» атты жыры дүниеге келді. «Жоқтық қысып, сармасадай ілбиген» қала ақынын сынға алды сол жырда. Қалада рухани құндылықтардың кемшін тартатынын, жастардың «жаңаны жоғарылатып, рухани түбіртектен алшақтап кеткенін» тілге тиек етті. Расында, кейде қала дегенің «жан тұтқындығына» тоғытатын шеңберге ұқсайды. Әдебиет айдынына беттеген әр жастың аңсары алып шаһарларға ауатыны рас. Әсіресе, Алматыға. Осы бір қалада тек өлең оқылатындай, әр бұрышта ақындар бақырып-шақырып жын шақыратындай сезілетін. «Сәкен бәтеңкесінің» ізі қалған көшелерде дудар шашын сілкіп тастап Төлеген жүргендей, арқырап Мұқағали маң-маң басып келе жатқандай. Сол бір балаң қиялдар өткен шақтың еншісінде қалып, армандаған Алматыға да жеттік. Көрістік. Таныстық. Алайда бүгінгі қала кейпі біз қиялдағандай болмай шықты. Өнер үшін емес, өмір үшін күрескендер басым болып шықты. Көшеден арқыраған ақын үнін емес, тасада тиынын санаған қайыршылардың жалынышты үні құлаққа түрпідей тиді. Алыстан көңілді, жайдары көрінгендер, өмірде тым жүдеу көрінді. Көңіл көкжиегі төмен тартты. Жүздерінен әлдебір нәрсеге алаңдаушылық,тірліктің тас тұтқасынан шаршаған кейіп бар. Ертелеу кезде немкеттілеу оқып өте шыққан Лев Толстойдың «Крейцер сонатасындағы» мына бір жолдар ойға оралады. «Бақытсыз адамға қалада тұру жеңілірек. Адам қалада жүз жасаса да өзінің әлдеқашан өліп, сүйегі шіріп кеткенін де байқамауы мүмкін. Өзіңді өзің сарапқа салуға уақытың жоқ. Қол тимейді...»
Жан бостандығын, ішкі ерік азаттығын аңсаған тұлғаның арманы бөлек, аңсары бөтен-дүр. Қазақтың алып ақыны Қадір Мырза Әлінің көзі тірісінде-ақ өз дәрежесіне лайық құрмет-қошеметін көргенімен, ғұмыр бойы қат-қабат тіршіліктен тыс,тыныш, алақандай ауылда тұрып алаңсыз шығармашылыққа бас қоюды армандап өткені аңғарылады. Ақын өз сөзінде: «Қай қала болса ол қала болсын! Мен оларды ұнатпаймын. Басқа кінәсі жоқ. Тек қала болғаны үшін ғана. Өйткені қала адам табиғатына жат. Оның аспаны алақандай, жері тебінгідей. Шығып келе жатқан күнге қарап сүйсінбеген соң, батып бара жатқан күнге қарап өмір туралы ойға шомбаған соң, қысқасы көкжиекке тесіле қарап көзіңді армансыз суармаған соң – тірлігіңді тірлік деу қиын!» Ақынның арманына тартысқа толы ғұмыр ерік берді ме? Жоқ, бермеді. Өмір бойы осы қалада еңбек етті. Тер төкті.

Адам жанының азаттыққа ұмтылуы – шартты рефлекс. Азаттық жолында сарғайып атып сәскеде сөнген, аппақ боп туып батпаққа құлаған Алаш арыстарының дербес ел болуға ұмтылуы ой еркіндігіне, жан тәуелсіздігіне ұмтылуы еді. Соңындағы жалғыз анасы мен жас қарындастарына қарамастан Шығыс елдеріне тартып кететін Есениннің ерке мінезі де, «әлемде араламаған түкпірі қалмаған» Тургеневтің саяхатшылығы да белгілі бір өлшемді іздеуден, жан тыныштықты көксеуден туындаса керек. Әлемді өзіндік ой жүйесімен «сырқаттаған» мұнаралы тұлғалар легі неге милиондардың арасында жалғыз қалды, неге өзі қоршаған ортадан оңашалана түсті? «Оңашалық» ұғымы бар ма, өзі?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар