Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кітап жәрмеңкесінде қандай әдеби кітаптар сатылып ...

16.06.2017 15189

Кітап жәрмеңкесінде қандай әдеби кітаптар сатылып жатыр?

Кітап жәрмеңкесінде қандай әдеби кітаптар сатылып жатыр? - adebiportal.kz

Күні кеше Астанадағы «Көрме» орталығында ІІ Еуразиялық «Eurasian Book Fair-2017» халықаралық кітап-көрме жәрмеңкесі басталды. Шараға қатысуға әлемнің 20 елінен 80 компания мен ұйым өтініш білдіріп, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркия, Қытай, Үндістан секілді көптеген мемлекеттерден баспа өкілдері келді.

Көрме-жәрмеңкенің шымылдығын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова түрді. Ол айтулы шараның «ЭКСПО-2017» көрмесімен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталды.

Кітап-көрме аясында баспалар түрлі бағдарламалар ұсынып отыр. Жазушылармен кездесу, кітап тұсаукесерлері, өзге де мәдени іс-шаралар болмақ.

Жәрмеңкенің бірінші күнінен «Көрме» іші кітапсүйер қауымға толды. Біз де баспаларды аралап көріп, «Әдебиет» порталының оқырмандары үшін көркем шығармалардың қай баспаларда сатылымда екенін әрі олардың бағаларын ұсынып отырмыз.

"ФОЛИАНТ" БАСПАСЫ

Гүлзат АҚЖОЛОВА, «Фолиант» баспасының қызметкері:

- Баспамыздың жұмыс істеп келе жатқанына былтыр 20 жыл толды. Көпшілік-ғылыми, балалар жəне көркем əдебиеттер, сондай-ақ ЖОО мен колледждерге арналған оқулықтар шығарамыз.

Жыл сайын шет тілдерінен аударып, қазақ жəне орыс тілдерінде ертегілер, көпшілік көңілінен шығатындай көркем əдебиеттер жарық көреді.

Атап айтар болсақ, "Черчилль. Ерекше тағдыр... жарқын белестер", Орхан Памуктың "Сезім музейі", "Менің атым Қырмызы" романдары, "Ежелгі өркениет қазыналары" (Мысыр, Ассирия мен Вавилон, Қытай жəне т.б) топтамасы, "Егде жастағы денсаулық" секілді кітаптар аударылды. Оқырмандар арасында бұлар үлкен сұранысқа ие.

"АЛМАТЫКІТАП" БАСПАСЫ

Бүбіхан ШАКИЕВА, «Алматыкітап» баспасы маркетинг бөлімінің жетекшісі:

«Алматыкітап» баспасы кітап нарығында 18 жылдан бері істеп келе жатыр. Біздің негізгі бағытымыз – балалар әдебиеті, мектеп оқулықтары, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына байланысты 65-ке жуық кітабымыз бар. Елімізде де баспа полиграфиясы дамып келе жатыр. Шетелден ғана көретін кітаптар бізде де толып тұр.

Кітаптарымыз үлкен сұранысқа ие. Ең төменгі тиражымыз – 3000, жоғарғы тиражымыз 15-20 мыңға дейін жетеді. 18 жылдың ішінде 4 мыңға жуық аталым, 44 миллионға жуық тираж шығардық. Әдебиет дейтін болсаңыз, балаларға әдебиетті тезірек меңгерту мақсатында тұлғалар туралы шығарған кітатарымыз, танымдық кітаптар бар. Қазақстан ақын-жазушыларының кітаптары да аталымдармен жарық көрген. Түрлі энциклопедияларымыз бар. Кітаптарымыз – сапалы, бағасы – арзан, халықтың қалтасына ыңғайланған.

"АСТАНА КІТАП" ДҮКЕНІ

Жадыра Ілиясова, "Астанакітап" дүкенінің қызметкері:

Бізде әдебиетке қатысты кітаптар көп. Сұранысқа ие кітаптардың барлығы дүкенімізден табылады. Міне, өзіңіз де көріп тұрсыз, Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда», «Көшпенділер» атты туындылары, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасы» тұр.

Оңайгүл Тұржанның «Димаш» деген кітабы да жақсы өтіп жатыр. Бағасы - 1600 теңге.

"ҚАЗАҚПАРАТ" БАСПАСЫ

Әділхан Кулимбетов, «Қазақпарат» баспасы орынбасары:

- Жәрмеңкеге Алматыдан арнайы келдік. Әдеби кітаптарымыз өте көп. Биыл мемлекеттік тапсырыспен «Қазақпарат» баспасынан 90 баспа табақтық екі кітап жарық көрді. Бірі – Сайын Мұратбеков, екіншісі – Ақселеу Сейдімбек. Бағасы - 5000 теңге.

Сайын Мұратбековтың кітабы «Әдебиет әлемі» деген сериямен шықты.

Одан бұрын дәл осы сериямен классиктеріміз Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей, Тәкен Әлімқұлов, Мұқағали Мақатаевтың кітаптары оқырманға жол тартқан болатын.

Есенқұл Жақыпбектің «Өмір өтті», Серік Томанов «Соғады сен деп жүрегім», Әбдіраштың Жарасқаны «Құлпытас», Ибрагим Иса «Сағым дүние» секілді ақындарымыз бір сериямен жарық көрді. Таңдамалы кітаптар. Бағасы - 2000 теңге.

Бердібек Соқпақбаевтың әр кітабы - 1100 теңге.

"АТАМҰРА" КОРПОРАЦИЯСЫ

Гүлдана Әлибекова, «Атамұра» корпорациясы қызметкері:

Бізде қазақ тіліндегі әдеби кітаптар өте көп. Олар серия-сериямен жарық көрген. Мысалы, «Мектеп кітапханасы» деген сериямызбен негізінен балаларға арналған кітаптар жарық көреді. Мысалға, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Толымбек Әбдірайым, Мұзафар Әлімбаев, Ыбырай Алтынсариндердің өлеңдері топтастырылып берілді.

Ал «Атамұра кітапханасы» деген сериямыз 120 кітапты қамтиды. Мұнда еліміздегі ең үздік жазушылары мен романдары енген. «Махаббат қызық мол жылдар», «Аманат», «Қалың елім қазағым» секілді кітаптар бар.

Сонымен қатар, тарихи кітаптар, энциклопедиялар бар. Мақал, мәтел, ән, сурет, салт-дәстүр. Неміс жазушысы Аня Түккерманның «Маған әже керек» деген кітабын аударттық. Бағасы - 700 теңге.

Марфуға ШАПИЯН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар