Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Асқар Сүлейменов: Қоқыс тозуға, құрыш бекуге керек...

19.06.2017 7156

Асқар Сүлейменов: Қоқыс тозуға, құрыш бекуге керек

Асқар Сүлейменов: Қоқыс тозуға, құрыш бекуге керек  - adebiportal.kz

СЫРТ СҰХБАТ

Асқар Сүлейменовті қазір жастар жағы жиі оқиды. Оның әр сөзінен мысал келтіріп, айтпақ ойын нақтылап алатын жазарман қауымды баспасөз бетінен көріп жүрміз. Оқырманның сұранысын ескеріп, қаламгердің «Кек» атты кітабымен сырттай сұхбат құрдық.

Сіз айтты деген бір тәмсіл бар: «Таланттың үш түрі бар. Бірі өз уақытынан бұрын туады, енді бірі өзі өмір сүрген уақытынан аса туады, осылардың ішінде ең бақыттысы – өз уақытында туады» - деп. Қалай айтсақ та, қисынға көне салмайтын уақытты бағындыру, кері айналдыру – шын суреткердің басты мақсаты ғой?​

Қоспасыз таза физикалық ұғым санатында алатын болсақ, ұлтқа да, қоғам-қауымға да еншіленген уақыт жоқ. Қоректердің қорегіндей күнде жұтып жүрген ауаны таразылап, жүн тайлағандай порымдап иемденудің мүмкін еместігі қандай болса, уақытқа – ойық па, орма ма, тілік пе бәрібір – өз ен-белгіңді салу да соншалық мүмкін емес. Адам, бірақ әлімсақ аталатын бағзыдан бері ойға сыйғанмен уысқа тұрмайтын уақыт ныспылы ұлы ұғымға бұғалық салудан зәредей бас тартқан емес. Қиын тірліктің талай қырларын, қаттары мен қабаттарын бас белгі ғып отқа, суға жұмсай алған пенденің сары тайға ірілік жасаған Масақбай - Оспан боп қос құлақтың түбінен қос шеңгелдеп баса алмай келе жатқаны да әлі сол уақыт. Ене – уақыт. Ажал – уақыт. Құлынына – бізге дем қосарда Атымтай Жомарттай, құлынынан – бізден дем аларда Шықбермес Шығайбайдай көрінетін түрі де, түс-тұрпаты да беймағлұм уақыт. Адам Атаның, бірақ бастауы қалай белгісіз болса, құрдымы солай белгісіз осынау айқаста – дауыл мен құмның шайқасында, уақытты жеңбегенмен, сол уақытпен жең сыбанып белдесе алар ұғым тудырғанын көрмей қою, үлкен орайда, ақиқат ауылының төлі боп санала алмас еді.

— ​Сіздің пікіріңізше қандай ұғым уақытпен белдесіп, балама бола алады?

Ол ұғым, сөз бар ма, ұлы жүз Үлкен әлемге шырқырап кеп шыңғырып кететiн адамның бауыр тiлдi, жүрек жарды, өз перзентi — суреткер;

«Беу, сәт—сә-ә-т! Мiнсiз едiң, өтпегiң де, кетпегiң»-дi жазды дейтiн Гетенiң тобындағы суреткер.

Ұлы ауылға аттанарда «Кесiр тағдыр, кесапат! Қылғымадан алқымдармын ақыры»-ны айтты дейтiн Бетховеннiң аңғарындағы суреткер; «Адасқан күшiк секiлдi, ұлып жұртқа қайтқан ой»-ды Мүрсейттiң жазуымен жеткiзген Абай — Ертiс арнасындағы суреткер;

Аттай 78 жасында, түсiне, жетпiс бес жыл бұрын баз кешкен шешесi кiргенде кiндiкке түскен сақалын жасқа бұлап «Бұ ғаламда, сенен басқа мен бейбақта қорған да жоқ, қалқан да жоқ, шешетай»-ды жазды дейтiн Толстойдың деңгейiндегi суреткер;

Созақы шабандоздай-ақ ат пен адамды, Созақы күйшiлердей-ақ сарын мен құлақты бөлiп қарай алмаған «Адамды құрту бек мүмкiн, жеңу оны неғайбыл»-ды айтты дейтiн Фолкнердiң тереңiндегi суреткер;

Хәрбiр ықпалдары, шырайлары, септiктерi, есiмше-көсемшелерi, құрмалас сабақтастай-ақ шырмауықтанып келетiн: әрбiр сөзi, әсiресе, бiздер үшiн, жiгерлi тазалық пен ойлы қайтпастықтың үлгi-белгiсiндей бiлiнер тыныс белгiлерiнiң өзiн басқаның, басқалардың сөзiндей қолданатын Әуезовтiң жүйке-жүйкесiндегi суреткер.

Әуезовшiл суреткер.

Осы орайда Рабиндрат Тагордың «Әр ұлт өзінің тағдыр-тауқыметін әлем алдында айта алатын болуы керек. Егер ол халық төрткүл дүние үшін ештеңе бере алмаса, мұны ұлттық қасіретті қылмыс деп бағалау қажет, бұл өлімнен де сорақы және оны адамзат тарихы кешірмейді» - деген пікірі еске түседі. «Әлем үшін өз атымыздан не бердік, төл дауысымыздан не айттық» - деген сұраққа келгенде Ұлы Мұхтар Әуезовті шарқ ұрып іздейтініміз бар. Анығы Әуезовтің қоңыр үні көкірегімізде еріксіз күмбірлей кетеді...

Адамзат тарихын Менделеевтiң химкестесiне балағанда мекенi — белгiсiз, Отаны — беймағлұм жұрт-жұрағат жоқ. Айғаққа жүрiп ашылғанынан бастап, ат мiнiп атақ иемденгенiнiң бәрi-бәрi бар. Түгел. Сол жұрттың iшiнен шыққанмен ақын-жазушы, әншi-күйшi аты бар адам әлгi Отан мен ошақты, мекен орынды, табанын тасқа тiлдiрiп жүрiп, талап жүрiп өзi табуға керек.

Қашанғы жасырасыз: қай елдiң болмасын арзан жазғышының әлжуаз химикке ұқсайтын тұстары көп болады. Мынау мен екенмiн, «аш» екенмiн, «екi» екенмiн, «о» екенмiн, Н2О екенмiнге басып, қиынға түспес төтеге сап, елсүйер азамат боп маңырай қалары болады. Жазушының, планшет картаның көрсетуiмен жорта берер турист емес, салбурынды қызықтап жүрiп, боран болмыспен жүздесе бара, ой Тоғжан, ел Тоғжан, өнер Тоғжанның шырағымен жан шақырған, жан шақырып жаңарып, жаңара тұра өксiгiне өксiк қосқан Абай екенiн ондайдың, оңайдан кiсiнегiштiң бiлмеуi де мол болады.

Өнертыныс пен өмiртынысты туа бiттi бөлiп қарай алмаған Әуезов сирек жазушыға да, қалың жазғышқа да етiкшiнiң өкше бiзiндей кiрш батырып алдымен осыны ұқтырды — ел сүюдiң, идея сүюдiң жаттығулармен, репетициялармен келетiн салдар емес, бар болса бар, жоқ болса жоқ қан екенiн, жан екенiн ұқтырды, суреткердiң кернейшi емес, қобызшы екенiн ұқтырды, суреткердiң атының аһтаққұл емес, Барыпкелдi, Шауыпкелдi, Шалыпкелдi, тiптi Алыпкелдi емес, Семсер, Сарын, Тұз, Асу, Тарпаң, Арна атаулыға керектiгiн ұқтырды. Тiзеге сап төс қағып, мiнбеден түспей мiнеп ұқтырған жоқ. Омбы қарды дымын шығармай, жұқартып барып ойған шуақ боп, жұққан жерiне жан бiтiрер қазысылау боп ұқтырды.

Дарытты десе, сiңдiрдi десе, бәлкiм, дұрысырақ та шығар.

Бір сөзіңізде «Әуезовтiң қасында Ғабеңнен, Ғабит Махмұтұлы Мүсiреповтен басқаның бәрi оқушы. Сол сансыз оқушының Әуезовпен араласқанымен таласу қиын: Әуезовтi танығанымен қаржасу қиынырақ, ал Әуезовтi ұққанымен, қиғаштап-қиялап сөйлесу аты-затымен түгелдей тұнып тұрған қиындық» - деп едіңіз. Сонда Ғабит Мүсірепов арқылы сол заманның ыңғайын, ым-жымын түсінетін буынды Әуезовке бір табан жақындатып, кейінгі қауымның таным-түсінігіне күмәнмен қарауға не түрткі болды?

Мұны айтқандағы, айтпасқа болмастағы тағы бiр себеп: қатпа-қасаң ұғымнан шығатын жазушыға бергiсiз оқушы жетерлiк болса, үлкен ұғымдағы оқушының өтеуi емес, шапан айыбына жүре алмайтын жазушы, сәл ғана әсiрелеуге барсаң, қарақұрым...

Себебi суреткер гауһар болғанда, оқушы зергер. Әр буын, әр ұрпақ жаңа түсiнiк-түйсiкпен Кох-И-Нор (Үндiстандағы айтулы бриллиант). Әуезов аталатын гауһарды өзiнше жонса, өзiнше жонып жетi қат көктiң сүзбе қабынан өтедi дейтiн үзiле алмастықтың өзi боп аққан сәуле нұрын көргендер, танығандар, ұққандардың өзi тосын санар қырлардан қимай қайтарса, қимай жұтса бұл да сол өнер-өмiрдiң көз көрмей, көңiл ғана барлай алар iшқатпар арысынан шығып жатыр.

Әр буын, әр ұрпақ дегенде, мен дүниеге ғасыр тарихының жолына белi кеткен қара нар болып көлденең түскен Ұлы Отан, екiншi дүниежүзiлiк соғыстың сәл әр жақ, сәл бер жағында келген: күйшiсi бар, шопаны бар Қазақстандай қағанат өлкенiң арқасына айналған буынды айтам. Ағасымен — айғайы, iнiсiмен — әй-шәйi жоқ, үлкен екi омыртқаның арасында трансформатордай шемiршек боп түскен буынды айтам. Алғылар, алдыңғылар аямай көрген қиын-қысталаңды аз көрген; алғыларға, алдыңғыларға арман көрiнген қайбiр игiлiктердi атадан қалған мирастай қабылдай салған, қырықтан жаңа асқан, қырыққа ендi кiрер буынды айтам. Басқа емес, басқалар емес Әуезовтiң өзi жортысқа, жыртысқа салмай асықпай жүрiп, жарып өткен үш әлеуметтiк формация-құрылымның — феодализм, капитализм, социализм, — алғы екеуiн, некен-саяқ қайсыбiрi боламаса таулы өңiрдiң жаңғырығындай алып-қашпа сарын көретiн буынды айтам: Iшiнде Ақан мен Мұқағали, Төлеген мен Меңдекеш бар, бергi бетi Дулат Исабеков пен Роллан Сейсенбаевтан қайтатын буынды айтам.

Түрлі саяси жүйе мен жаңа құрылымдардың арасында жүріп, аманат пен қиянаттың ортасында өзін өзгенің бағына қарай аман сақтаған қаламгерлер арғы –бергі тарихымызда қанша болды?

Брехтте шығар дейiм, есiмде қапты: «Бах құдайдың өзiн капельмейстер көрiп сөйлескен».

Шын суреткер, бiр сыңайда, қапыда кетiп, қиын бiр қапыда кетiп қалғанның шаңырақ табалдырығын бағып қалған ана сияқты. Жазмышқа дауа жүрген бе? Бекiнедi ол. Ең қиынға көнедi. Түтiндi шалқайтпасқа, әулет-дәулеттiң барлығының белгiсiндей көкке сiңер түтiндi шаншылтып шығарарына көнедi. Жат көздiң сұғанақтығын, жат қолдың жымысқылығын жер ғып отыруға көнедi. Қанша барлыққанда танаурамасқа көнедi.

Арғысы бар, бергiсi бар: тегi де, тiлi, дiнi, дiлi де басқа тiзгiнүздi суреткерлердi көзiнен тiзе қалсаң уақыт-заманмен, тәңiрi табиғатпен Әуезовше именбай барып, иықтас тұрып, сауалдасып-жауаптасқандар, зайыр, аз болу керек.

Қазақ әдебиетінде Ғабит Мүсүреповтің кезінде қадағалау, баспасөздегі шығарманы електен өткізіп, сын айту жақсы дамыды ғой. Бір ғана «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деген сын мақаласы арқылы әдебиетке деген адалдық пен тегеурінді мінез көрсеткен қаламгер Сіздің де сөз қолданысыңыздағы олқылықтарды сынап өтіпті...

Өнерге мінез керек. Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы. Ондай жылқының түсі келуге мүмкін; оның аяңы алшаң, шабысы жойқын болуға мүмкін. Бірақ, аз малтаны ас етіп түн қатар ұзақ жолдарда, таңды таңға ұратын ұзақ жортуылдарда ондай жылқы кісіге серік емес. Үркерге сылтау, туларға себеп іздейтін тұяқ – сеніп жүрген, сеніп мінген серігін жолсоқты боп, қатты қажып қалғып кеткен бір сәтте топитып түзде қалдырады.

Мүсіреповтің өнері – аса мінезді өнер. Бұл мінездің тегі де белгілі. Аспаннан түскен жоқ, жерден шыққан жоқ. Төсінен небір шаппайберлерді, небір сандалгерлерді ұшырған кер дала ықылым замандар бойы «осы шабады-ау» деген дәмелісінен бастап, тізгінүзді саңлақтарына дейін үлкен елдің үлкен ұлына, өксікті елдің өзекті өнеріне алдымен жарасқан қасиет берген, мінез дарытқан. Ол мінез кепкен қара шанақты игендей идіріп, әз көзден жас ағызар күйшінің, мылқауға – тіл, кереңге – құлақ бітірер әншінің, ойы кескір, сөзі семсер ақын-жыраудың Иесіне, Тәңірісі, Жаратқаны – оның елі, қауымы мен қоғамы. Өмірсерік деген сөзді қазақ қимасына ғана бағыштайтын болса, Ғабит Мүсіреповтің мінезді өнерінің зерделі қоғамға, көргенді қауымға белсерік, бедел дос болғанына, міне, жарты ғасырға тақапты.

Уақыт озып, қоғам түлеген сайын оқушының өнермен ара қатынасы қиындай түседі. Кеше ғана алдында құрақ ұшып, құлдық ұрып жүрген өнер төліне алғашында салғырт, сонсоң тепсініп, сонсоң шекелеп қарауды оқушыдан күтуге керек. Ол аз десең, қарамай қою, жазылғанды ақтармай қою, ол да аз десең, түптелген томды қайқыбел сары сөреден сырғата-сырғата қол сүртерге, ас үйден бірақ шығаратын да сол оқушы. Өнер атасы өмір болса, өмірдің заңы солай. Қоқыс тозуға, құрыш бекуге керек. Оқушы өз тірлігін жөндеп кешкісі келсе, не дейсің оған? Бұл тұстағы айтар дау, асып кеткенде, даукестік қана болмақ. Мұның айтылып отырғаны Ғабит Мүсірепов қаламынан жаралып, оқушы ауылына сапар шеккен көп туынды, бірді-екілі болмаса, әлгіндей қайғылы халге тап болған емес. Басқаға, басқаларға ұқсамайтын басқаға, басқаларға қосақтап, матап қойсаң да алқаракөк түсімен, қырылсыз, демікпесіз тынысымен, тай-тұяқтай құйма кескінімен «а-а-а, бұл қай құқайың?» деп, жайдай қарсылығын иесі боп ыңыранып қана білдіретін повесть пен либретто, драма мен әңгіме, очерк пен роман оқушы сөресінің төрінен емес, төрінің төсінен орын алып жүр.

Қазақ жазушылары сөзді құбылтып, көркемдеуді жақсы көреді. Кем мағынаға кеңінен көсіліп, қалам тербеу жазушының шеберлігіне жата ма?

Аз жазу, қысқа жазу, әрине, міндет емес. Міндет – қалай айдасаң да қыңқ етпес сөз бейбақтың қанжығасына керегінде қағанның қаһарын, керегінде жас құшақтың алауын, керегінде жалғыз ырғақ, жалғыз иірім үшін кер домбырамен ұзақ түнгі ұстасар күйшінің дәрменсіздігін бөктеріп жіберу.

Қайбір ыңғайда аз жазу міндет емес. Ал кейбір ыңғайда аз жазу міндет – егер, қаламнан өрген көп сөз көбік шықса.

Ал, жазу міндет, егер, қаламнан өрген көп сөз қайыру бермесе. Мұндайда жазудың керегі де жоқ қой. Бірақ жылы жұмсақты асап бір алған ауыздың қарымды қолға «ә, болды» деуі, әй қиын-ау. Мүмкін емес пе деп қорқам. Ал, шынтуайтқа келгенде, сөз бар ма, аз жазып, көп сызғаннан, көп-көп жазып, көбірек сызған дауа.

Айтып отырғаным, бүгінгі әдебиетте әбден қабынып алған, пластмассадай өлі, жылтырақ сөйлемдердің ара-арасына қанжылап, қыстырылып жүретін мақалдар мен мәтелдерден қол көтеретін байырғылық – байырғылықтың мазаққа қалғаны емес, қат тереңнен қайнар боп, лекіп, лекіп, лекіп атқитын байырғылық. Содан да шығар, жазушының түзде өскен түз мінез, табиғаты кесек, ойы қалың жігіттері мен қыздарының, кейуаналары мен отағасыларының ой толғағы, төгер запыран-зары, айтар қарғысы, оларды қаумалаған ұлы болмыстың бұлқынысы мен күрсінісі Ғабит Мүсіреповтің даңғаза трубалары, дүңкілдек барабандары жоқ, бояуға да, үнге де бай, ішекті аспаптар оркестрінде құлаққа мейлінше қоңыр естіледі. Содан да болар, пішен орғандай жапырмай, борық суырғандай шыжымдап, обырдың шалап ішкеніндей төңкере салмай, сыпаның қымыз ішкеніндей сыздықтатып, сөздің дәмін алып жазуды, ойдың башайын шағып жазуды қазақтың жаңа әдебиетіне үлгі ғып басқа емес, Ғабит Мүсірепов енгізді.

... Айтары бар да жазары жоқ жазушыға, жазары бар да айтары жоқ жазушыға, айтары да, жазары да жоқ, бірақ қалам мініп, қағазға шаппай отыра алмас жазушыға аялдамай-ақ, өнерге кіндігінен байланып жүрген, қазақ сөзінің жұлынынан саналатын қаламгерлердің сөзге салар салмағын, сөзді салмақтауын ойласақ, Ғабит Мүсірепов төңірегінен төртеу, бесеу, асып кетсе алтау ғана табылуға мүмкін.

Сөз бар да, ой бар. Сылдырмақ сөзді саудыратып тізіп шығу өнер емес. Болғанның өзінде – арзаны. Ондай өнер, бар ақыл-парасаты ұрттан қайтатын көтерем шешендіктің шеміршегін қаужап жүрген сөзуардың тапшылығы. Кейде шығарма аталып, кейде ғылым, ғылыми-көркем монография аталып, қағазға түскенмен, түптеліп шыққанмен, сөзуардың қарекеті – сөзмердің әрекеті емес. Толстойдың айтуында, бас пен тәнді сапы бөлгенде, мойыннан қырмызы болғанмен сұйық, бастан қара болғанмен қою қан ағады; ал қордалы жердің гүлінің бояуы қанық боларын, жапырақ-желегінің ылғалға бөртіп, түріліп тұрарын білеміз. Ойға күпті сезімнен туған, сезімге жүкті ойдан туған сөз бен әуен, бояу мен әуез қарашаның қымыранындай қою келмек – шыныны қабады. Болмыс пен заманның, адам атты әлемнің бұрын ешкім бармаған – бара алмаған, ашпаған – аша алмаған иін-иірімдерінен, Тәттімбеттің, Құрманғазы мен Әуезовтің, Абай мен Мүсіреповтің өнерінен осы қасиет атойлап көрінеді.

Мұны айтып отырғаным, идеялық жат сарын-сырқаттардан құлан таза ада, идеологиялық-әлеуметтік жүктердің қандайын болмасын көтеріп кететін қара нар болып алған біздің әдебиет сүйкейсал жазушыға емес, азаматтығы мен ақындығын тең ұстар, идеясы мен шеберлігі, айтары мен айтқаны бірін-бірі ішінен теппей, қылыш пен қынаптай бірігіп-кірігіп жататын, бүгінгі әлем әдебиетінің үздік өкілдерінің сапынан қорынбай, күйбежектемей көрінетін суреткерге мейлінше зәру. Себебі, олар аз.

Аз болуының себебін кеңестік қатаң цензурадан іздеу керек шығар. Сол заманның тақырып ауқымы мейлінше тарылып, бұйрық райдан аспай қалды ғой?

Ұмыта береміз: тақырыпты жазушы ғана таңдамайды, жазушыны ол да таңдайды. Айырмасы сол-ақ – соңғысының тілі жоқ. Бағы жанбасын білсе де, «әй, сен маған жабылау көрінесің» дей алмай, «тең-теңімен, тезек қабымен» дей алмай, «өрең жетпеске өзеуреме», «бойлай алмас тереңіңе сүңгіме» дей алмай – көңілі нала, көзі жас – жабының жалпақ сауырында кете барады.

Оқушыдай монтаны халық жазушыдай сеңгірдің шығармалық қадамдарын аңдып жүргенде оның тақырып әлетіндегі тың бастау, аяқ тастауларын елемейді емес, әбден-ақ елейді. Бірақ, кітап қойнындағы шындық өзінің қарта тереңімен, толғақ-тебіренісімен ашылмаса, бұл елеудің әшейін салқын сыпайылық қалпында қала беруі мүмкін. Оқушы бүгіндері, ойнаған бұлшықтарының ойнақы қақтығысын, мартеннің жансыз жалынын тамашалаудан қалып қойған; оқушы бүгіндері жағымды-жағымсыз «өмірсүйгіш» өңештерден қоздайтын шиқан-қызыл, шикі өкпе «әлқиссаларға» илана салатын балақан емес. Оған тақырыптан гөрі тағдыр, әйтеуір тағдырдан гөрі осынау үлкен өмірдің уайым-қуанышымен тамырласып жатқан ойдың тағдыры керек. Оған азу тісі кетілмеген өмірдің қат-қабатының, бел-белесінің суреткер ашқан табан ағыны керек.

Қоғамның тәнiнен адамның жанын iздеген суреткер көп. Тапқандары аз. Таба алмаған жетерлiк. Таң қараңғысы айыққанша шоқытып өтер қоянжемдi аңдыған үкiдей боп суреткер аталатын жұлын жұлдызы байқап-бағып қарасаң, кей суреткерге, кептердiң жүрегiндей әлгi жанды табу шарт емес екен. Себеп? Себеп сол — iздеу, «басыңды тауға, тасқа ұрып» iздену тапқанға белгiсiз үлкен өнер екен.

Әрине, iзденудi өмiрге телiгеннiң Бiржанның бiрде биiгi, бiрде шыңырауындай байқалатын «Адасқақпен» қатар сорғуы да жоқ емес. Бiрақ iрi өнердiң бiрi осының iзi емес пе деген тағы жоқ емес қой.

Бірақ, талантты суреткерлер қай заманда болмасын өзінің шеберлігін көрсетіп, саяси жүйенің іргесін сөгетін әдебиет жасай алды. Оны бүгінгі күнге аман-есен жеткен шығармалар дәлелдеді...

Суреткердің баламасы талант емес. Талантсызды, бидайдың ұнынан жүгері көмеш пісіретін кемталантты, жібектей өнерді жүндей түтіп түсіндірер күшеншекті суреткер, сыншы, ғалым деген аяулы ұғымға қосып, тіркеп айту әбестік. Талантты жазушы деп жатады. Талантсыз жазушы – тұяқсыз ат. О заманда бұ заман, тұяқсыз атты көрген кім? Ал, сөз, таланттың тұяқ аталатын қазтабан, құйма тұяқ, тау тұяқ, құлан тұяқ сықылды типтері туралы болса басқа әңгіме.

Цензура қатаң болған Кеңес үкіметі тұсында билік өлеңді жауынгер жанр ретінде алға шығарып, көлемді поэмаларды көкке көтерді. Бірақ солардың көбісі тарих сахнасынан ысырылып, бізге түпнұсқасы жеткен жоқ. Бүгін қысқа-нұсқа өлеңдерді жұрт сүйсініп оқып, поэзия ретінде қарайтын болды. Өлеңнің ұзақтығы, кең құлашы ақынның талантына балама бола ала ма?

«Өлеңге әркiмнiң-ақ бар таласы». Айтарың болса, әрқашан да таласқа жол ашық. Ол үшiн, ең алдымен, бiр-ақ нәрсе керек. Оның аты — дарын, талант, сүйекке сүтпен сiңген, жоқ болса кандидаттық, докторлық дипломдар тауып бере алмайтын табиғи қасиет. Өлеңге, өнерге деген таласты, осы бiз, бейкүнә ақ қағазды тауысып шимайлауға саямыз ба деп қалам. Айналып кеп төпей берсең — қағаз байғұс қайтсiн ендi, тырсиып толады да ол-дағы; екi ай емес, үш ай емес, бiр айдың өзiнде қарны шермиген бiр роман оқыранып шыға келмек. Одан, бiрақ, оқушы көкiрегiне шабыттың шырыны тама ма екен, одан, бiрақ, ол оқушы өмiрдi тағы да танып, сол оқушының өнерге деген құштарлығы асып, өсiп тұщына ма екен.

Ал, жазушы болу үлкен процесті, ішкі дайындықты талап ететін сияқты. Ұзақ жылдар жаттығу, машықтану арқылы сауатты суреткер болып қалыптасу мүмкін бе?

Жаттығусыз жазушы жоқ. Бiрақ, жаттығудың бауыр жазатын кеңiстiгi оқушының қолына тиетiн ресми шығарма емес. Оған дейiнгi сүрлеу мен соқпақтар, қылшатас шатқалдар, сыңсып ататын сарала таңдар.

Беттерiнен ойдың емес, тердiң иiсi шығатын кей роман-поэмаларды, зерттеу-монографияларды оқығанда, менiң есiме Карамзиннiң бiр сөзi түседi. Ол: «осы сiз жүзiк көзiнен өтiп жұтынған повестердi қайдан ала бересiз?» дегенде «Каминнен» деп жауап берiптi.

Талғамсыз оқушыны алдаусыратарлық қана қауқары бар жазушы есiл тақырыпты көшкен жұрттың орнындай таптап кетедi. Жазушының өрем деген ойы, ұсынған тенденция-концепциясы дұрыс-ақ болғанмен шығарманың өнерлiк иi қанбаған соң, белгiлi бiр тарихи адам, белгiлi бiр тарихи кезең құлақ-шекеден қамшы жеген жылқыдай қалтақбас боп қалады. Осыдан барып ол адам, ол кезең туралы оқушы ойына буынқұрт түседi. Даусыз тарихи деректерге, ел құлағына сiңiп қалған аңыз-әңгiмелерге құрылған философиялық емес жай ойының өзi жұтаң, тiлi кебiр сентиментализм мен натурализмнiң үлгiлерiне кейде елiктей отырып, кейде табына отырып жазылған ондай кiтап, жолы болып басқа тiлге аударыла қалса, сөздi алдымен жазушы емес, ел естидi, әдебиет естидi.

«Әдебиетке сын керек» - деп жатамыз. Сол сын арқылы шығармашылыққа енді-енді бейімделіп келе жатқан жастардың жігерін жасытып алмаймыз ба?

Жастар сыналсын. Сыналсын, бiрақ, сойыл жемесiн. Оларға түйенiң боздағаны, иттiң қыңсылағаны сияқты бүгiнгi қат-қабат өмiрдiң бөлекше әрекет-харекетiмен қабыса бермейтiн абстракты ойларды қызықтама деген сөздi дауысты көтере айтқанның өзiнде жер тепсiнбей, нұқымай, нығартпай сөйлеу керек.

Әдеби әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар