Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы мәресіне жетті

16.06.2017 2449

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы мәресіне жетті

Дәстүрлі республикалық «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының биылғы жеңімпаздары анықталды. Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Серікқазыұлының құттықтау сөзімен ашылды.

Мерекелік салтанатты рәсімді Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы бірлесе ұйымдастырды. Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау белсенділігін арттыру мақсатында өткізілген байқауға қазақ және орыс тілдерінде мерзімді басылымдарда, интернет-ресурстарда жарық көрген жарияланымдар, эфирге шыққан телехабар мен бағдарламалар, радиобағдарламалар қабылданды.

Байқауға ел аумағындағы журналистердің мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы мен оның мәртебесін көтеру жайында әзірлеген 100-ден аса материалы келіп түсіпті. Байқау материалдарын елімізге белгілі жазушылар мен журналистерден құралған арнайы қазылар алқасы тексеріп, таразылап, жүлдегерлерді анықтады.

- Байқау әділ өтті деп айта аламын. Қазылар алқасына белгілі журналист, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы төрағалық етсе, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Егемен Қазақстан» газетінің Мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі Талғат Батырхан мүше болып, материалдарды сараптаудан өткізіп, лайықтысын таңдады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген барша БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын. Кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын, - деді қазылар алқасының мүшесі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов.

Қазылар алқасының шешімімен «Үздік мақала» номинациясы бойынша І орынды «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Гүлжан Рахманова жеңіп алды. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Ғалым Омарханов ІІ орынды, Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Нұржайна Шодыр ІІІ орынды иеленді. «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша бірінші орын «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің меңгерушісі Қаншайым Байдәулетке бұйырса, «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесі баспасөз қызметінің жетекші сарапшысы Камал Әлпейісова ІІ орын еншіледі. Жүлделі ІІІ орынды «Үркер.кз» сайтының тілшісі Құмар Нұрлан иемденді. «Үздік радиобағдарлама» бағамы бойынша «Халық» радиосының тілшісі Раушан Сыбанжанованың бағдарламасы үздік деп танылды. Жүлдегерлер қатарын «Қазақ» радиосының тілшісі Жанат Жанұзақов пен «Халық» радиосының тілшісі Гүлсім Қобжанова толықтырды. «Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша жүлделі І орынды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының журналисі Төребек Байтасов иеленсе, ІІ орынды «Қазақстан-Атырау» телеарнасының журналисі Шолпан Сисеналиева алды. Үздіктер үштігін «Хабар» агенттігінің жаңалықтар қызметінің тілшісі Индира Жылқайдарова түйіндеді.

- «Айқын» газеті ашылғалы бері мемлекеттік тіл мәселесі тілшілердің назарынан тыс қалған емес. Биыл біз «Айқын» ақпараттық порталын жеке тіркеп, сайтта тұрақты «Өнер алды қызыл тіл» деген айдар ашып, жұмыс жасап келеміз. Онда мемлекеттік тіл төңірегіндегі қордаланған мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастырып отырамыз. Сондықтан бүгінгі жеңіс тек менің емес, ұжымның жеңісі деп білемін. Байқауды ұйымдастырған Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына алғыс білдіремін,- деді Қаншайым Байдәулет.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының бас жүлдесін «Жетісу» телеарнасының редакторы Меруерт Әбітаева жеңіп алды. Жеңімпазға Мәдениет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы 1 000 000 теңгенің сертификатын табыстады.

- Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасындағы «Тілсақшы» бағдарламасының ұжымы нақты нәтижеге жұмыс істейді. «Тіл туралы» Заңды бұзған кез келген жеке және заңды тұлғамен, мекеме басшыларымен кездесе отырып, қателіктерді ашып көрсетіп, түзетуге ықпал етіп жатамыз. Мәселен, мен бұл байқауға Ұйғыр, Алакөл, Қаратал аудандарындағы мүшкіл мемлекеттік тіл жайы баяндалған сюжеттерді жібердім. Жұмысымыздың жемісті болғанына қуаныштымын. Осы орайда жоба авторы, белгілі журналист Серік Әбікенұлына рахмет айтамын,- деді Меруерт Әбітаева.

Бұқаралық ақпарат құралдары - бұқараның бет бейнесі, ұлттық сананың «пульті». Демек қоғам жүгін арқалаған мамандық иелеріне қандай марапат көрсетсе де жарасымды. Ал соның ішінде ана тіліміздің абыройын асқақтатып, беделін көтеруге күш салып жүрген БАҚ өкілдерінің бүгінгі байқауының беделі биік екендігі даусыз.

tilalemi.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар