Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Думан Рамазан: Құса ...

22.06.2017 8419

Думан Рамазан: Құса

Думан Рамазан: Құса                                                - adebiportal.kz

Ішім толған у мен дерт.

Абай

Атағы шығып, абыройы асқақтай бастаған Мағауияны ұзақ уақыт айналдырған ауруы әбден меңдетіп, ақыры төсекке таңып тынды. Күн өткен сайын әл-қуаты кеміп, хал-жағдайы нашарлап барады.

Ұлының дауасыз дерті жанына қатты батқан Абай өлім сағатының қашан соғатынын күтіп, қол қусырып қарап отыруға дәті шыдамай, соқыр үмітпен Семейден білгір емгер алдырған. Сырқаттың аужайын тамырын ұстап білетін тәжірибелі дәрігер Мағауияның жанында көп аялдай қойған жоқ. Етінен тақа арылып, қудай қуарған кескін-кейпіне қарап-ақ, аурудың беті бері қарамасын бірден байқады. Бірақ бар шындықты жайып салуға батылы жетпей, «қатты қиналса ғана ішкізіңіздер» деп, қағазға оралған бір уыстай ақ ұнтақ дәрі қалдырды да, қоштасып кете барды. Кесіп-пішіп ештеңе демесе де, Абай оның кіржиген қас-қабағынан-ақ бәрін айтқызбай түсінді.

Мағауияның қасына барып, тағы біраз отырғысы келген. Бір-екі аттап барып тоқтады. Қайта-қайта мазасын алып, тынышын қашыра бергісі келмеді. Оның үстіне барған сайын аурудың азабын тартып жатқан баласының қиналысын көзімен көріп, жаны күйзеліп, жүрегі сыздайды.

Дала тымық. Күн шоқтай қызарып, ұясына батып барады. Төңірек күреңіте бастаған. Аяңдап үйіне келді де, үстіне желбегей жамылған жеңіл шапаны мен басындағы сырып тіккен тақиясын шешіп қойып, сүйекті кереуеттің алдыңғы жағына төселген құс жастыққа жантая кетті. Іле-шала Еркежан да кіріп, ортада тұрған дөңгелек үстелге дастархан жая бастады. Абай оған жаймен көзін аударып:

  • Тамаққа тәбетім жоқ... – деді бәсең үнмен.
  • Таң атқаннан бері нәр сызбадыңыз ғой!..

Қайыра тіл қатпады. Үй ішін үнсіздік жайлады. Еркежан не айтарын білмей тосылып тұрып қалды да, кері бұрылып кетті.

Абай түні бойы көз ілмей шықты. Санасы санға жүгіріп, ойы онға бөлініп, мазасыздана берді. Көз алдынан аяулы ұлының солыңқы жүзі кетпей қойды. Жаны тынши алар емес. Қайта-қайта Жаратқанға жалбарынады: «Мағашым – көзімнің нұры, өмірімнің гүлі ғой, қыршынынан қия көрме! Зар етсе пендесі, бермей ме Алласы, қабыл ғып көз жасты, деніне шипа бер!»

Таң сібірлеп атып келеді. Түрулі тұрған түндіктен себезгілеп жарық сәуле шашырады. Жанында жатқан Еркежан да көзін ашып алды.

Абай үнсіз. Қабағына кірбің, жүзіне мұң үйірілген. Кіреукеленген жанарын тас төбеге қадай, қыбыр етпестен жатыр. Тіпті тыныстағаны да білінер емес. Тек тірімін дегендей, кірпігін қағып-қағып қояды.

Бірте-бірте қараңғылық сейіліп, үйдің іші жарықтана бастады. Екеуі жаймен көтеріліп, орындарынан тұрды. Еркежан таңғы ас қамына кірісті. Абай асықпай жуынып-шайынып, дастархан басына малдас құрып отырғанымен, тамақ ішіп жарытпады. Кейінгі кездері сөзді де мүлде азайтып, күлкіні тас тыйды. Қас-қабағы да бір ашылмай, түндей түнеріп, тұнжырайды да отырады.

Абай үйден аттап шыққысы келмеді. Күндегідей бір уақ Мағауияның қасына барып отыруға да жүрегі дауаламады. Бауыр еті – баласының хал үстінде жатқаны жанын жабырқатып, еңсесін езеді де тұрады. «Құлыным-ай, әбден қиналдың-ау! – деді іштей күбірлеп. – Көрейін дегенім осы ма еді?! Құдайым-ау, қайғының уын қанып ішсін дедің бе?! Әбішімді алып бір сорлатып едің, енді Мағашымнан айырып, тағы да жүрегіме зіл-батпан жүк артайын деп жатырсың-ау!.. О, Тәңірім, неге сонша қырыңа алдың, неге осынша кәріңді төктің?!. Жазығым не?!. Жазығым!..»

Еркежан тысқа шығып кеткен, көп ұзамай қайта кірді.

  • Хат келді! – деді табалдырықтан аттай бере.
  • Кімнен?

– Шаймерден Қосшығұлдан.

  • Не боп қалды екен тағы?!.

Абай хатты ашып, оқи бастады. Бір жамандықты сезгендей жүрегі дүрсілдеп қоя берді. «Ибраһим мырза, мал-жаныңыз аман ба? Жайбарақат хал сұрасар жағдай жоқ, басымызға қара бұлт үйіріліп келеді. Орыстар бар қазына-байлығымен жерімізді басы бүтін иемденіп алды, енді тіліміз бен дінімізді құрдымға жібермек. Қазақтың қаншама қарасирақ баласы шоқындыға айналды. Осыны көріп-біле отырып қалайша тып-тыныш жата береміз?!. Бас қосып бір әрекет жасайық! Бүкіл қазақ құрылтайына жиналып, кең отырып ақылдасайық! Әйтпесе мына улы тілін жалаңдатқан екі басты самұрықтың жұмырына жұтылып кетер түріміз бар. Патшаның мына жарлығын оқысаңыз, оған өзіңіздің де көзіңіз анық жетеді. Сізге әдейі салып отырмын!..»

Сары қағаздағы жазуларға шұқшия түседі. Бір сәт Шаймерденнің хатын қоя салып, асығыс-үсігіс патшаның мөрі басылып, қолы қойылған жарлығына көз жүгіртті: «Қазақтарды тез арада орыстандырып, шоқындыру керек. Көнбесе, жер бетінен жойып жіберіңдер!» Жазық маңдайы қырыстанып, қабағы түйіліп кетті. Бас алмай оқып шықты да, ой қармап отырып қалды. Терең тыныстап, ауыр күрсініп қояды.

Осы күйде Абай ұзақ отырды. Еркежан имене басып келіп, қасына тізе бүкті:

– Не болды? – деді сұраулы жүзбен.

Абай бірден жауап қата қойған жоқ, тек сәлден соң мойнын бұрып:

– Елдің жай-күйі белгілі ғой, шаңырағымыз шайқалып, іргеміз сөгіле бастады. Осыған алаңдап, болашағымыз үшін күш біріктіріп күресуге шақырады. Шырмаудан шығар жол іздемек, ақыл-кеңес сұрайды. Менде қайбір ес қалды дейсің?! Ниет-пейіл жақсы-ақ, әй, бірақ, ырық қолдан кетіп қалды ғой, түзелер дей алмаймын!.. – деді де, үн-түнсіз отырып қалды.

Еркежан отағасының күйінішін жақсы түсінеді. Онсыз да жаны жабырқап, көңілі құлазып отырғанда мазасын ала бергісі келмей, орнынан сылбыр көтеріліп, сыртқа шығып кетті.

Абай өзіне-өзі сенбей тұрғандай, қайта-қайта жарлыққа көз қадайды. «Патшаның боданындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшуі керек, бірақ та оларды бағындыру және шоқындыру Ережеге байланысты құпия, ың-шыңсыз, бірте-бірте, асқан ептілікпен, айламен жүргізілуі тиіс» – деген жазуларды іштей бір қайталады да, кеудесін кере ауыр күрсінді. Жүрегі шаншып-шаншып өтті.

Патшаның отарлау саясатын беске біледі. Жүрегін сыздатып, жанына жай таптырмайтын да сол. Халқының тағдыр-талайы қыл үстінде тұрғанын да жақсы түсінеді. Бірақ үміт оты мүлде сөне қоймаған. Мына хат-хабар сол сығырая бастаған сенім шырағын үрлеп өшіргендей болды. Жарлыққа тағы бір мәрте көз салды. «Православие дініне өз еріктерімен кіреді, өздері өтуге өтініш білдірді» деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау керек!»

Шошына селк ете түсті. Тұла бойы түршігіп кетті. Ыстық қаны ойнап басына шапты. Бұл хатқа не деп жауап қатарын да, ұлтының күре тамырын қиып тастауға құлшына кіріскен алып империяға қалай қарсы тұрарын да біле алар емес. Жас күндегідей жалындап тұрған жоқ, қайраты қайтқан, жігері жасыған, жүрегі шайлыққан. «Енді өмір сүрудің ешқандай мәні қалған жоқ! Ғұмырым осылай тұйыққа тіреледі деп ойлаппын ба?! Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды... Бәрінен де бұрын... – Көңілі бұзылды, көзіне жас іркілді. – Мағашым... Мағашым... Сен отырған пырақтан мен де қала қоймаспын!..» Алып денесі ауыр қозғалып, еріндері жыбыр-жыбыр етті.

Болашағынан үлкен үміт күткен Әбіші бұл фәниден бақи дүниеге көшкенде Абай алғаш рет дәл осылай тіршілікті тәрк етіп, жарық жалғанмен қош айтысқысы келген. Сүйікті ұлының қазасы жанын жазылмастай жаралап, жүрегіне ауыр салмақ артып кеткен. «Әбіштей баламнан айырылып, жер басып тірі жүргенім құрысын!» – деп теріс қарап жатып алған. Сонда бір қауым елі жиылып келіп жанынан табылып, қайғысын бөліскен. Көп ішінен көпті көрген Көптілеу ақсақал суырылып шығып: «Абайжан, мына еліңе неге көңіл айтпайсың? Әбіш деген баласы қайтыс боп, қайғыдан қанжылап, есеңгіреп тұр ғой» – дегенде Абай: «А, солай ма еді?!. Әбіш жалғыз менің ғана ұлым екен деп жүрсем, елдің баласы екен ғой. Мұным ағаттық болған екен, барайын, барайын...» – деп басын көтеріп алған. «Өмірін берген Құдайым, ажалын да беріпті. Тірлік арты өлмек-ті, сабырлық қылсақ керек-ті», – деп тағдырдың ісіне амалсыз мойынсұнып, қайғысын ақылына жеңдіріп, жанына уақыттық жұбаныш тапқан.

Абай терең ойға батқан. Көзін тас жұмып алып, қимыл-қозғалыссыз отыр. Үйге кіріп-шығып жүрген Еркежан қайта-қайта көз қырын салып қояды. Аяқ дыбысын білдірмеуге тырысып, еппен басады.

Түс әлетінде «Ас ішіңіз!» деп еді, Абай оған қараған да жоқ, үнсіз ғана басын шайқады да қойды.

Кешқұрым тысқа шығып, азырақ таза ауа жұтты да, көп аялдамастан қайтадан ішке кірді. Еркежан кешкі асты дайындап қойған екен. Сары самаурын екі иінінен дем алып тұр. Ортаға марқа қозының етінен жасалған бір табақ қуырдақ қойылды. Буы бұрқырап, иісі сілекей шұбыртады. Амалсыздан, өзін-өзі зорлағандай болып, дастархан басына келіп малдас құрды. Бірақ тамақ жеп жарытпады. Жаңа піскен үлкен бауырсақтың біреуін алып бір тістеді де, қою күрең шайдан ұрттап қойды.

  • Астан алсаңызшы, – деді Еркежан жанашырлық танытып, – әлсіреп қаласыз ғой.
  • Ендігінің бәрі артық! – Қатты күрсінді.

Еркежан тілін тістей алды. Дүниенің ыстық-суығын бірдей көрген кемеңгерге жұбаныш айтып, ділмарсуды артық санады. Құдай қосқан қосағы Оспан дүние салып, жалғыз қалғанда да Абайды ес тұтып, ақыл-парасатына бола таңдап тиген өзі емес пе?! Айтқанын жүрегіне жақын қабылдаса да, босаңсуға бой алдырмай, етек-жеңін тез жиып алды.

Абай да басқаша тіс жарып, тіл қатпады. Үн-түнсіз төсегіне қисайды. Түні бойы анталаған ауыр ойлармен алысып, әрлі-берлі аунақшып шықты. «Қазақтарды тез арада орыстандырып, шоқындыру керек. Көнбесе, жер бетінен жойып жіберіңдер!» – деп іштей күбірлеп жатты. Қайталаған сайын бойын ашу буып, кеудесін ыза кернейді.

Таңға жақын талмаусырап жатып көзі ілініп кетіпті. Ауыздығымен алысқан ақбоз арғымақпен әкесі Құнанбай келді. Әбішті мінгестіріп алған. Қабағы қатыңқы, сұсы басым. Ұлы атасын көріп, жүрегі жарыла қуанған Мағауия жүгіріп келіп, әй-шәй жоқ, артына қарғып мінді. Жер тарпыған сәйгүлігінің тізгінін тартыңқыраған қажы:

  • Неғып тұрсың? – деді жуан дауысымен. – Отыр!

Абай үзеңгіге аяғын сала беріп еді, әкесі қолынан тартып отырғызды. Көптен көрмеген Әбішке қарай береді. Сағынып қалыпты. Әбіш атасынан қысылды ма, әкесіне көз қырын да салған жоқ. Дәл осы кезде «мен қалып қойдым ғой» – дегендей Ақылбай да үйден жүгіре шығып, әкесінің артына мінгесіп алды. «Есебім енді түгенделді» дегендей, Құнанбай қажы қолындағы дырау қамшысын көтере берді, сол-ақ екен, өзі де тыпыршып тұрған арғымақ шаба жөнелді. Бірте-бірте шабысын күшейтіп, құйындай құйғытты дерсің. Кенет сәйгүлікке қанат бітіп, жоғары қарай көтеріле берді. Көк жүзінде қалықтап, құстай самғап барады. Барған сайын омыраулап, зымырандай зымырады. Қас пен көздің арасында ақ бұйра бұлттардың арасына сіңіп, көзден ғайып болды.

Шошып оянды. Бастырылып қалыпты. Үсті-басы қара терге малшынған. Дабыр-дүбір көбейіп кетті. Таң атпай шуылдатып жүрген кім болды екен дегенше болған жоқ, ентелей басып Еркежан кірді. Көзі бақырайып, сұры қашып кеткен:

  • Семейден тергеушілер келіпті. Үйге тінту жүргіземіз дейді. Ештеңеге құлақ асар түрлері жоқ, – деді жөпелдете.

Аздап ашуға бой алдырса да, ештеңе сездірмеуге тырысып:

– Оған несіне шошынасың?! – деді сабырмен сөз сабақтап. – Көріп жүрген құқайымыз бір бұл емес қой!

Соның арасынша бес-алты жандарм үйге баса-көктеп кіріп келді. Қабақтары қатулы, жүздері суық.

  • Сәлеметсіз, Ибраһим мырза?! – деді табалдырықтан алғашқы болып аттаған мұртты офицер көзі ақшиып. – Үйіңізге тінту жүргіземіз, рұқсат етерсіз!
  • Тінте беріңдер! – деді Абай оның сәлемін де алмастан сүлесоқ күйде.

Сол-ақ екен, жандармдар ұры итше тіміскіленіп, тінте бастады. Қарамаған жерлері жоқ, үйдің астан-кестенін шығарды. Киім-кешек салынған қос сандық пен әбдірені де ақтарып-төңкерді. Төсек орын мен жиюлы тұрған жүкті де тегіс қопарып шықты.

Еркежан шыж-быж болып шырылдап жүр. Абай шапанын желбегей жамылған күйі тіл қатпастан үн-түнсіз отыра берді. Полицейлер көздеріне көрінген кітаптарды, газет-журналдар мен қолжазбаларды ортаға үйіп тастады. Офицер оларды өзі қарап, бір-бірлеп тізімдеп, үлкен сандыққа сала бастады.

– Ибраһим мырза, біз бұларды Семейге алып кетеміз! Мұқият тексеріп, өзіңізге қайтарып береміз! – деді мұртын шиырып.

Қабағы салбыраңқы тартқан Абай:

  • Не істеймін десеңдер де қолдарыңнан ешкім қақпайтынын біліп тұрсыңдар ғой! Тек ананың ішінде өлеңдерім бар. Тым болмаса соларды тастап кетіңдер! – деді қатқылдау тіл қатып.

Офицердің мұрты тікірейіп кетті:

– Ибраһим мырза, бұйрық солай! – деді нығарлап. – Еш алаң болмаңыз, жарым бет қағазыңыз жоғалмайды!

– Болдыңдар ма өзі? – Абай олардан тезірек құтылғысы келді.

  • Болдық!

Офицер кітап, газет-журнал, қолжазбалардың бәрін тізімдеп, бірін қалдырмай сандыққа салып алды да, жан-жағына жалтақтай, алақ-жұлақ етті.

  • Ибраһим мырза, хат қайда? – деді жымысқылана.
  • Қайдағы хат?

– Ибраһим мырза, адамды ақымақ қылмаңыз! Өзіңіз беріңіз, әйтпесе, үсті-басыңызды тінтуге тура келеді! – Үнінде өктемдік бар.

  • Тапсаңыз сіздікі!..

Офицер көзін тіке қадады. Сыр аңдағаны көрініп тұр. Соны сезген Абай да сес көрсете ызбарлана қарады.

Үсті-басын тінтуге батылы бармады ма, іздегенін таба алмай масқара боламын деді ме, әйтеуір офицер жақындай қойған жоқ. Көзін ойнақшытып біраз тұрды да, жанындағы жендеттеріне қарап:

  • Кеттік! – деді бұйырып. Дауысы сондай зілді шықты.

Олар үлкен сандықты ала кетті. Абай өзінің дәрменсіздігіне күйініп, қатты қапаланды. «Бұл патшалықтың бізді аяйтын түрі жоқ екен!.. Түбімізге жетпей тынбас!.. Алға қарай жетелеген бір үміт бар еді, үзілді. Сенім бар еді, сөнді. Енді не қалды? Ештеңе де қалған жоқ!» Кеудесін кере ауыр күрсінді.

Еркежан патша жендеттерінің қалай қарай бет түзегендерін бақылап қайту үшін сыртқа шығып кетті де, кешікпей қайта кірді.

  • Ақылбайдың үйіне қарай кетті, – деді үрейлене.

– Қорқатын дәнеңе жоқ. Тек Мағашымды мазаламаса екен! – Кенет бағанағы көрген түсі ойына оралып, жүрегі су ете түсті. – Тәтем тегін келген жоқ қой!.. – деді жаманшылыққа жорып. – Әйтеуір, Құдай ақырын берсін!..

***

Семейден келген тергеушілер құпия хатты қолдарына түсіре алмай, келген іздерімен кері қайтты. Бірақ Абайдың әр қадамын аңдып, тергеу орындарына күн құрғатпай хабарлап тұру үшін екі жансызды арнайы қалдырып кетті.

Сол күні кешқұрым Абай күндегі әдетінше әрнені бір ойлап, қою мұңның құшағында отырған. Мағауияның үйіндегі күтуші әйел жүгіріп келіп:

  • Мағаш нашарлады, – деді ентігін әрең басып, – сізді шақырып жатыр!

Төбесінен жай түскендей болды. Жүрегі атша тулап, дүрсілдеп қоя берді. Орнынан ширақ көтеріліп, емпеңдеп жүгіре жөнелді. Сол бетімен екпіндеп келіп кіре бергенде есіктің маңдайшасына басын соғып, керегенің көгіне шекесін жырып алды. Қан сау етіп, бетін жуып кетті. Іштегілер жалт қарасты.

Мағауияның қасында көзіне жас, көмейіне өксік тығылған Ділда отыр. Қолындағы ақ орамал қызылала қан. Абай тура солай қарай беттеді. «Келдіңіз бе?» – дегендей, ұлы да ақырын көзін аударды. Күрк-күрк жөтеледі. Жанына тақап келіп, сылқ етіп отыра кетті. Дәл осы мезетті күтіп жатқандай Мағауия қан құсып жіберді. Ауа жетпей жатқандай ішегін соза қиқылдап-шиқылдап, қақалып-шашалды да қалды. Қып-қызыл боп булығып, жанарынан жас та шығып кетті. «Мына азаптан құтқарсаңдаршы» – дегендей жалынышты кейіппен жан-жағына жәутеңдей қарайды. Енді бір сәт талықсып барып, көзі жұмыла берді. Танауы пыс-пыс етеді.

  • Қалғып кетті-ау деймін! – деді Ділда ұлының аузындағы қанды сүртіп жатып. – Жаным-ау, әбден қиналдың-ау!..

Бір сәт тыныштық орнады. Бәрі де демдерін іштеріне тартып, тына қалған. Мағауия сәлден соң қайтадан көзін ашып алып, кінәлі адамдай әкесіне мөлие қарады.

  • Аға, – деді Мағауия әкесіне қайыра көз салып, – әуре... ле... дім бе? Әб... ден шар... шат... тым-ау!..
  • Жоқ, қарағым. Сен орныңнан тұрған күні бүгінгіміз бір күнгідей болмай ұмытылып кетеді.
  • Аға, мен енді тұр... май... мын ғой! – Көкжөтел тағы қысты.
  • Тұрасың! – деді Абай қанша сездіргісі келмесе де, дауысы дірілдеп. – Әлі-ақ сақайып кетесің, қарғам!

Ділда көзінен сорғалай аққан жасты көрсеткісі келмеді ме, жүзін теріс бұра берді. Абай не істерін білмей, шарасыздықтың шырмауына шырмалып, қабағы салбыраған күйі отырып қалды. «Әбден қиналдың-ау, жарығым!» дегеннен басқа қолынан ештеңе келер емес. Дегбірі қашып, демігіп-ақ тұр.

Мағауияның көзі тағы ілініп кетті. Мұрны пыс-пыс етеді. Көп өтпей қайтадан көзін ашып алды. Бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, жөтел қысып, аузын аштырмай қойды. Тоқтаусыз күркілдеп, жаны қысылып, жанталасып жатыр. Көзі шарасынан шығардай алайып кетті, қолымен жан-жағын тырналап, көрпесін умаждай берді.

Абай қарап отыра алмай, ұлының үстіне төне түсті. Ділданың жандауысы шықты:

  • Қысылып жатыр ғой, дем салсаңшы!

Ұлының жан тапсырғалы жатқанын сезіп-біліп тұр. Бойына бар күшін жиып, дем салмаққа оқтала берді де:

  • Құдай-ай!.. – Дауысы қаттырақ шықты. Көңілі сеңдей бұзылып, теріс бұрылып кетті. – Құлыным-ай, сол!..
  • Ой, сен де, өзі қиналып жатқанда... – Ділданың дауысы зілді шықты.

Мағауия қысылып жатыр. Абай қайырылып келді, бірақ тағы да дем салуға ерік-жігері жетпеді. Төніп келіп, состиып тұрып қалды. Осы сәтті күтіп жатқандай Мағауия әкесіне соңғы рет жанарын тіктеп, қимастықпен бір қарады да, «Кетіп барамын, қош болыңыз!» – деп иек қаққандай болды. Содан соң «Уһ» деп соңғы демін шығарып, басы сол жағына қарай жайлап қисая берді де, сұлық қалды.

Абай ұлының кеудесінен жан шығып кеткенін бірден сезді. Буын-буыны босап, өлі денені құшақтап отыра кетті. Көзінің алды тұманданып, ыстық жас ыршып түссе де, үн шығарған жоқ. Абай дауыс сала жыламаған соң, тұрғандардың бәрі де еріндерін тістелеп, үнсіз егілді.

Жаманат хабар жерде жатсын ба, Мағауияның қазасы елге лезде тарады. Сүт пісірімдей уақыт өтер-өтпесте Тәңірберді жетті «Бауырымдап». Қайғы құшып, қан жұтып қалған ет жақындарымен көрісіп, басу айтып, сабырға шақырды.

Абай олардың айтқанына құлақ қоя қойған жоқ. Көз алдында о дүниеге аттанған ұлының жанында жанарын жасқа шылап, қайғының қара шекпенін жамылып отырып қалған. Ләм-мим деп тіл қатпады, ештеңеге назар салмады. Тек ағасы Тәңірберді жанына жақындап:

– Абайжан, тұр, мәйітті оң жаққа алсын! – дегенде ғана есін жиғандай, орнынан жаймен көтерілді. Сол кезде қыстығып тұрған Ділда бірер аттап барып, дауыс сала бас салды. Жүрегі қатты қысып, бойын билей алмаған Абай сылқ етіп отыра кетті.

Зарлы дауыстар жамырай шықты. Үй іші азан-қазан, у да шу болды да кетті.

***

Адалдығымен аты жайылып, халықтың сүйіктісіне айналған Мағауияның қазасына қалың елдің қабырғасы қайысып, қатты қайғырды. Көңілдері қарайып, жүздері жабырқау тартқан ағайын-жекжат, тума-туыс, тамыр-таныстың үлкен-кішісі қалмай Кіші Ақшоқыға қарай ағылып, Құнанбай қажы әулетіне көңіл айтып, қайғыларына ортақтасып жатты.

Үшінші күні өліктің жаназасы шығарылып, мәңгілік мекеніне аттандырып салудың жора-жоралғылары жасалды. Жиналған қауым мәйітті тірәшмөңке арбаға салып, Үлкен Ақшоқыдағы Құнанбай қажы мен Әбіш қойылған қабірстанға қарай жол тартты.

Абай жас баладай томпаң қағып арбаның алдына түсті. «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп жол бойын ірілі-ұсақты тастардан тазалап отырды. Ал бейіт басына жетіп, ел жас қабірге жақындай берген кезде кілт тоқтап:

– Айналайын, халқым! Мағашымның бетін аш, қоштасамын. Айтатын сөзім бар! – деді.

Жиналған қауым іркіле берді. Айтқаны орындалған Абай табытқа тақап келді де:

– Мағаштың өлімі ерлік пен ездіктің сынағы ғой!.. Ез болмаса, ер екі сөйлемейді. Кешікпей артыңнан мен де барам, Мағаш, қош, қош! – деді дауысы дірілдеп.

Содан кейін ғана барып Мағауияның мәйіті суық жердің қойнына тапсырылып, жүзі жасырылды. Құран оқылып, ел тарап кетсе де, Абай бейіт басында көзінің жасын тия алмай, қайғыланып ұзақ отырды.

***

Ел-жұртқа бас ие болар деген сүйікті ұлынан айырылу Абайдың қабырғасын қайыстырып-ақ кетті. Ортасынан оза шапқан Әбішінің мезгілсіз қазасынан соң дүние қызығын тәрк ете бастаған Абай Мағауияның өлімінен кейін жарық жалғаннан мүлде суынып, өмірден түңіліп кетті. Жығылғанның үстіне жұдырық болып, патшаның құпия жарлығы да іштегі дертті үрлеген шоқтай қоздатып, ауруын асқындырып жіберді.

Қайғының қара суығы қос өкпеден қатар қысып, күндіз-түні мұңға батып, іштей мүжіле берді. Ешкіммен шешіліп сөйлеспейді. Көңіл айтып, сабырға шақырған жанашыр ағайын-туыстарының сөздерін де құлағына қыстыра қоймады. Тек Жігітек Байдалының баласы Тастанбек келіп:

– Әй, Абай, Мағауия – Мағауия-ақ еді; бірақ сен Абай едің ғой! – деп қайғысын ақылға жеңдіруге шақырғанда сәл де болса жеңілдегендей күй кешіп:

– Япырмай, жұрт «артының қайырын берсін» деуші еді. Мынау бір көңілге қонарлық сөз болды-ау! – деген де қойған.

Өкінішке орай сырттағы дерттің күйігі ішке түсіп, қайғының уыты бойына дендей жайылып кеткен Абайға Тастанбектің сөзі де тоқтау бола алмады. Қасірет бұлтын сілкіп тастайтындай күш-қуаты бола тұра, соған өзі мойынсалдық таныта қоймады. Сергіп, серпілуді артық санады. Санасын сансыратқан сансыз ой мен кермек мұң жанын жегідей жеп, кеудесін кеміре берді.

Жеке басының зарына ұлтының тағдыр-тауқыметі қосылған Абай тіршіліктен баз кешіп, бетін тәркі дүниеге бұрып әкетті. Жан мен тән күйігі қатар қысып, өзегін өрт шалғандай күйдіріп-жандырып жатты. Еңсесін езген осындай ауыр азаптан тезірек құтылғысы келді. Жарық жалғаннан таппаған жан тыныштығын о дүниеден іздеп, Алланың алдына баруға асықты. Жай-күйін шамалағандықтан да өмірінің аяқталып келе жатқанын іштей сезді. Сол себепті де жақын-жұрағатын шақырып алып:

– Дертім меңдеп барады. Мағауияның қырқын мерзімінен үш күн бұрын беріңдер. Ұзамаспын!.. – деді де, жанына жағалай жайғасқандарға кезегімен көз жүгіртті. – Бүгіннен бастап қам жасаңдар. Енді менен ақыл сұрамаңдар, ештеңеге араласа алмаймын, өздерің өткізіңдер!..

Абайдың сөзі жерде қалмай, Мағауияның қырқы уақытынан үш күн бұрын берілді. Халық көп жиналды. Қатым түсірілді, құран оқылды.

Сол түні Абай қатты қысылып, ауырып шықты. Таң атса да, орнынан тұруға асықпады. Сәске кезінде басын көтерсе де, көңілі жайлана алмады. Ас-судан мүлде тыйылды. Ешкімге тіс жарып, жақ ашпады. Хал-жағдайын сұрағандарға үн-түнсіз басын шайқай берді. Бұл жай құлағына тиісімен ағасы Тәңірберді жетті алып-ұшып. Табалдырықтан аттай бере бауырының жүдеу жүзін көріп, шошып кетті.

  • Иә, Абайжан, бәрін түсінемін, әрине оңай емес! Өтер іс өтті, болар іс болды! Өз жаныңды өзің қинап, күндіз-түні қайғырып-құсаланғанмен енді бәрібір ештеңені қайтара алмайсың! Жазғанның жазмышына не шара?! Өзіңді аясаңшы! Тілден қалып, тамақтан тартынғаның қалай?! Бір анадан төртеу едік, екі ініден айырылып, қос қанатым қайырылып қалып еді, содан да жатпай-тұрмай сенің тілеуіңді тілеуші едім! – деді көзі жасаурап. – Абайжан, мықты едің ғой, мен жер басып тірі жүрсін десең, өзіңді-өзің қолыңа ал! Қайғыңды ақылға жеңдір, сабырға кел!..

Абай сүлесоқ күйде:

  • Ез күнде, ал ер бір-ақ рет өледі. Әбішім мен Мағауиямнан жаным артық емес. Екі өлмек жоқ, екі аһирет жоқ, екі жұбаныш жоқ. Ішім толған у мен дерт. Айтшы, Тәкежан, мен ішпеген у бар ма? Егер менің ішімді жарып көрсең, жылауыңды ұмытып, шошыр едің! Көңілдің күні өшкен соң, жалғанда жұбаныш болмайды екен, – деді қабағы қырыстанып. – Итшілеген тірліктен, көсіліп жатар көр артық!

– Абайжан-ау, бұның қалай? Мына елің мен жұртыңды қалай қиып кетпексің?

  • Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы: «Әттең-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдағы тілеу болмаса – артқа алаң болмай өлуге. Бірақ, үмітті сәуле етіп көзді көп қадасаң да, алдыңдағы келер заман көк тұманға айналып барады ғой! Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір-ай!..

Осыны айтты да, қайыра тіл қатпастан бедірейіп отырып қалды. Сөзін өткізе алмай, пұшайман күй кешкен ағасы қалың қабағы жазылмаған күйі шығып кетті.

Абайдың ауыр дертке ұшырағанын естіп, жан-жақтан көңілін сұрап келушілер көбейді. Бірақ олардың бәрімен кездесуге құлқы бола қоймады. Көзі жасаурап, жападан-жалғыз ойға шомып отыратын әдет тапты.

Алысып-жұлысып өмір өткізген Оразбай бай да көңілін сұрай келді. Екеуара әңгіме ұзаққа созылмады. Өйткені Абай шешіліп сөйлесуге ыңғай таныта қоймады. Оразбай соны сезе қойды да, ашу қысып орнынан атып тұрды:

  • Абай, сен өледі екенсің! – деді қамшымен бастан салып жібергендей. – Кел, кешу айтысайық!

Абай сабырлы қалпын сақтап:

  • Дұрыс айтасың, Оразбай. Мен өлемін. Кештік, қиямет-қайымда жолығысайық! – деді жаймен көтеріле беріп.

Сыралғы достардай құшақтасып қоштасты. Үйден шығып, аттарына қона бере Оразбайдың қасына еріп келген серіктерінің бірі Қыстаубай мырза:

  • Ойпырмай, Ореке, тірідей өлтірдің ғой! Осындай қастық бола ма?! Өзі қан жұтып отырған қамкөңіл адамға «өледі екенсің» дегенің қалай?! Мұның адамшылыққа жатпады, тілеуің неткен жаман! Халықтың қадір тұтар Абайы емес пе?! Жер қылдың-ау, байеке! – деп қатты қынжылыс білдірді.

Оразбай қысылып-қымсынбастан:

  • Әй, Қыстаубай, көрмедіңдер ме, сезбедіңдер ме, Абайдың денесіне ажал еніп алыпты. Бір сөзін екі қайталағанын қашан көріп едіңдер?! «Ел қайғысы – ер қайғысы еді. Ер қайғысы – ел қайғысы неге болмасын?! Еліме рахмет!» деген сөзді екі қайталады емес пе, аңғармадыңдар ма?! Онымен де қоймай, селк етіп шошып, маңайына жалтақтап қарай берді. Көзі қыдырыстайды. Бәріміз жабылып үстінен арыз айдап жүргенде шыбын шаққан құрлы көрмеген Абай еді ғой! Ет жүрегі езіліп, селт етіп пе еді?! Енді бүгін балаша шошынып, селкілдеп отыр. Абай жоқ енді бізге... Жоқ... жоқ... – деді ызбарлана.

Ең алғаш Абайды дүниеден түңілдірген де осы Оразбай сілтеткен қамшының ұшы болатын. Басы жарылып, көзі шыға қоймаса да, өз ағайындарының тәніне салған жарасын қорлық санап, елінен безіп кеткісі келген. Ол жолы ақынды найман Серікбай мен керей Бегеш: «Ей, Абай, сен тобықтының ғана емес, мұқым қазақтың Абайысың! Тобықтыға сыймасаң да, алашқа сиясың! Еліңді тастап, ер атанбассың!» – деген жүйелі сөзбен райынан қайтарып, жолынан тоқтатқан.

Ер кезегі үшке дейін. Бұл жолы Абай ешкімнің сөзіне құлақ аса қоймады. Тіпті арнайы ат арытып келген таныс дәрігері Бөжей Мыңғатұлына:

  • Өтті өмірім, қайтты көңілім, бұл дүниенің ісіне. Ішім дертке толды, ажал уақыты жетті. Менікі тәннің емес, жанның дерті. Ем қонбас, – деп емделуден үзілді-кесілді бас тартты.

Бөжей мырза қанша тырысқанымен сөзін өткізіп, айтқанына көндіре алмады. Десе де дәрігерлік парызын өтеп, қажетті дәрісін беріп кетті. Бірақ өз таңдауын әлдеқашан жасап қойған Абай дәріні ішпеді.

Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған Тәңірберді ел ішіндегі атақты Шоқбатыр бақсыны алдырды. Оған да Абай ыстық ықылас таныта қоймады. Аурудың беталысын бірден байқаған бақсы Тәңірбердіні оңаша шақырып алып:

  • Менің жындарымның әмірі жүрмейтін өзгеше дерт екен! Көп ұзамас. Дайындалғаннан басқа шара жоқ! – деп шындықты жасырмай бетіне айтып салды.

Тәкежан «уһ» деп ауыр күрсінді де, не дерін білмей, ернін тістелеп тұрып қалды.

***

Мағауияның қырқын бергеннен кейін жұрт жайлауға көшуге қамдана бастады. Аз күндік қана өмірі қалғанын қапысыз сезген Абай елді асықтырып, жедел көшуге бұйырған. Жайлы жайлауына тезірек жетіп, ажалды сол қасиетті қонысында қарсы алуға бекінген. Сөйтіп, ақбоз үйлер жығылып, ел бір-ақ күнде дүрк көтерілді.

Ат пен арбаға мінген халық жүктерін түйелерге артып алып, жайлап жылжи берді. Қос ат парлай жегілген жеңіл пәуескесіне келіп отырған Абай қасына Мағауияның балаларын алып, жүріп кетті. Ат айдаушысы Баймағамбетке:

  • Алдымен Қажы аталарының басына тарт! – деді ауылдан шыға бере.

– Мақұл!

Абай ой теңізінің тұңғиығына батып, тереңіне шомып келеді. Немерелеріне көзінің қиығын салып қояды, олардың да жүздері тұнжыраңқы. Бала болса да бастарына түскен ауыртпалықты сезінетін сияқты. Оң қапталында отырған үлкен немересі Құтайба мен сол жағына жайғасқан Бабырды қапсыра құшақтап, қысып-қысып қояды. Бірақ тіс жарып, тіл қатқан жоқ. «Болашақ тағдырларың қалай қалыптасар екен?! Тумай жатып, қайғының кермек дәмін таттыңдар-ау, құлыншақтарым!» – деді іштей күбірлеп.

Қатарласа желген екі жирен ескі жолмен шағын пәуескені бұйым құрлы көрмей, зырылдатып келеді. Шоқалақ жерлерде тарсылдатып-селкілдетіп, ішінде отырғандардың іш-бауырын солқылдатып жібереді.

Абай сыртқа көз тастады. Дала күңгірт. Аспанда қазбауыр бұлттар жөңкіле көшіп барады. Сол жағында ши-селеулі сайын дала, жасыл жазық. Оң жағында тау-төбелер ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. «Мына үн-түнсіз мүлгіген қарт таулардың тілдері болса осынау жұмбағы мол шежірелі өлкенің ішіне бүккен талай сырын ақтарар еді-ау, шіркін!.. Талай тарихқа куә болды ғой, мына қарт таулар!.. Сөйлетер ме еді, шіркін!..»

Ойлағандікі ме, кім білсін, жақпар-жақпар жартастар көшіп бара жатқан елді көз алдына елестетті. Жартастарды сыналай өскен аршалар қатар-қатар сап түзеп, тау басына өрмелеп бара жатқан сарбаздарға ұқсайды. Етекте қалың қараған мен тобылғы қарауытады.

  • Тоқташы! – Абайдың дауысы қатты шықты.

Баймағамбет аттардың басын тарта берді. Ақын пәуескеден түсіп, тауға қарай жүрді. Аяғын еппен басып, жоғары қарай өрлеп барады.

Бурыл төбеге шыққан кезде ентігін басып, сәл аялдады. Жан-жағына бағдарлай көз тастады. Терістіктен соққан салқын самал сан алуан шөптердің хош иісін мұрынға әкеліп, ерекше бір күйге бөлейді. Еңкейіп, бір түп жусанды жұлып алды да, құшырлана иіскеді. Құшыры қанбай тұрғандай, қайта-қайта иіскейді. «Шіркін, жарықтықтың иісі-ай! – деді іштей күбірлеп. – Туған жердің табиғатына ештеңе жетпейді-ау!..»

Осындай ойлардың жетегінде аяңдап төбеден төмен түсіп, қайтадан пәуескеге келіп отырды. Сырттан көз айырар емес.

Абай жан-жағына жалтақтап ұзақ қарады. Қыстауына қайта айналып келмейтінін сорлы жүрек сезіп келеді. Кеудесін тесіп шығардай атша тулайды. «Қош, қош, туған өлке, ата қонысым! Саяңда өстім, жетілдім. Сенде тудым, сенде өлемін! Жалғыз жұбаныш та сол». Қимастықтан көзіне жас іркілді.

Бірі кіріп, бірі шыққан сансыз ойлармен арпалыса отырып, әкесі мен балалары қатар жатқан бейіт басына қалай жылдам жетіп келгендерін өзі де байқамай қалды. Тек Баймағамбет аттың божысын тартып, пәуескені тоқтатқанда ғана барып есін жиғандай болды.

Абай ат айдаушысының сүйемелдеуімен пәуескеден түсті. Немерелерін де қоса алып шығып, тізерлей отырып, құран оқыды. Көңілі бұзылып, иегі кемсеңдеп, дауысы дірілдеп шықты. «Топырақтарың торқа, жатқан жерлерің жайлы, жандарың жәннатта болсын!» – деп бетін сипады да, Баймағамбетке:

  • Балаларға ие бол! – деді бұйыра сөйлеп.
  • Жақсы!

Абай ақырын басып келіп, зираттың есігін ашып, ішіне кірді. Алдымен топырағы қата қоймаған Мағауияның жас қабірінің жанына келіп, тізе бүкті. Төменгі жағынан үш мәрте топырақ алып, жоғары қарай тастады. Осы кезде барып еңкілдеп жылап жіберді. Дауысы қатты шықты. Көптен бері күйінішін сыртқа шығара алмай, іштей булығып келіп еді, оңашалықты пайдаланып көз жасына ерік берді.

Әбдірахманның қабіріне тақай бере буын-буыны босап, қолын жерге тірей сылқ етіп отыра кетті. Көз алдына аяулы ұлының сүйкімді бейнесі елес берді. Екі иығы селк-селк етіп, еңкілдеген күйі төмпешікке маңдайын тигізіп, топырағын емірене иіскеді. «Қайран, Әбішім-ай! Бері қарашы, бір уақ көз салшы маған, құлағыңды тосшы, жарығым. Әкең келіп тұр саған, сар сүйегін саудыратып. Қарағым-ай, сенен кейін де жер басып жүрдім ғой! Кеудемнен жаным шықпаған соң, қауқиып тірі жүргенім болмаса, өмір сүргенім жоқ! Иә, өмір сүргенім жоқ!.. Құр күн өткіздім!.. Сыртым тірі болғанмен, ішім сенімен бірге өлген. Енді көп кешікпей барамын қасыңа, жатамын жаныңа!»

Сабырға шақырып, басу айтатын ешкім жоқ. Жан-жүрегі осындай оңашалықты қалаған. Ересек адам ертпегені де сол. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген сүйікті балаларымен жападан-жалғыз кездесіп, шерін тарқатып, мауқын баспақ болған.

Кенет ойына әлдене түскендей жаймен орнынан көтеріліп, әкесі Құнанбайдың қабіріне қарай жүрді. Тірі кезінде ел билеп, басынан сөз асыра қоймаса да, ажал құрығынан құтыла алмаған айбатты әке суық жердің қойнынан мәңгілік тұрақ тауып, кішкене ғана төмпешіктің астында жатыр.

Абайдың ойына ата-анасымен бірге өткізген қимас күндері оралды. Терең дем алып, ауыр күрсінді. Көз алдына әкесінің кескін-кейпі елес берді.

– Тәте... – деп сәл-пәл кідірді де, сөзін одан әрі жалғастырып әкетті, – өзіңіз де бәрін біліп-сезіп жатқан шығарсыз. Өмірдің алды – ыстық, арты суық екен. Мына өзіңіз сүйген, сенген еліңізден құт-береке қашып барады. Сіздің қауіпіңіз шындыққа айналды, өзім имандай сенген орыс елі тұқымымызды тұздай құртпақ!..

Ей, тәте, аруақты ер едің ғой, мені Мағашымның артына қойма, ұлтымның қасіретін көрсете көрме, ал қасыңа! Тыныштық әпер жаныма! Шырқырай бермей, жай тапсын!

Осылай әке рухымен сырласып ұзақ тұрды. Тарамданып аққан ыстық жас бетін айғыздап, сақалын жуып кетті.

Басы айналып, көзі қарауытты. Ауыр ой еңсесін езіп, бойы ауырлай берді. Бір кезде ойына көштің жайы оралып, сыртқа қарай беттеді.

Абай бейіттен құр сүлдерін сүйретіп әрең шықты. Сақал-мұрты тұтастай ағарып, өңі қап-қара боп қабарып кеткен. Баймағамбеттің көзі атыздай болып кетті. Танымай тұрған адамдай тесірейе қарады. «Сізге не болған?» – деп сұрағысы келді, бірақ батылы жетпеді. Қожайыны пәуескеге келіп отырысымен, божыны қағып-қағып қалды да, жайлап қозғала берді. Артына жалтақтап қарап қояды: «Астафыралла! Не болған? Қас қағым сәтте қалай өзгеріп шыға келген? Ой, Алла-ай, өзің жар бола гөр!..»

Абай қаумалаған қалың ойдан арыла алмады. Немерелерінің улап-шулағандарына да көңіл бөле қойған жоқ. Жапанда жалғыз қалғандай, өзімен-өзі болды.

Бұлар келгенде көш те жетіп, алдыңғылар түйелерін шөгере бастаған екен. Баймағамбет жылдағы әдетімен үлкен үй тігілетін жерге жақындап келіп, аттың басын тартты. Ойсоқты боп отырған Абай:

  • Көш бұл жерге неге тоқтады? – деп сұрады. Ат айдаушы түкке түсінбесе де, шын көңілімен:
  • Абай аға, келдік қой! – деді.
  • Қайда?
  • Көкүйірімге.

– Әй, сен не тантып тұрсың өзі, қайдағы Көкүйірім?! – деді дауысын көтеріп. – Көкүйірімге жетіп бір-ақ тоқта!

Осы кезде пәуеске маңына адамдар да жиналып қалды. Абай еріксіз жерге түсті. Бәрі де оның бөздей бозарған түрінен шошынып, іштерін тартыса қалған.

  • Әй, неменеге топырлап тұрсыңдар?! Көкүйірімге жетіп бір-ақ жығылмаймыз ба? – деді алдыңғы сөзін қайталап. Сол кезде үлкен ұлы Ақылбай жетіп келіп:

– Аға, Көкүйірім осы ғой! Әне, анау жылқы су ішкенде өзіңіз қарап отыратын тұғыр тас емес пе? – деп көл жағасындағы сандықтасты көрсетті. Сонда ғана барып өзінің шатасқанын білген Абай амалсыздан бас бармаған тістелей берді.

***

Сол күні Абай өзін тым жайсыз сезінді. Қайта-қайта тілі күрмеліп қала берді. Асты-үстіне түсе бәйек болған Еркежан қанша өтінсе де, тамаққа да мойнын бұра қоймады. Қас-қабағын мұң торлап, ойға құрсалып отырып алды. Ешкіммен жолыққысы келмеді. Жаны оңашалықты қалай берді. Көңілін сұрауға келген ағайын-туыстардың барлығы дерлік есік алдынан қайтып жатты. Бір тілге келгенде Еркежанды өзіне шақырып:

  • Енді мен бұл дүниенің адамы емеспін! – деді дауысы қырылдап. – Дайындала беріңдер!

Ең соңғы сөз осы болды. Тағы да бірдеңелер айтпақ болып еді, қайтадан тілі байланып қалды. Содан қайтып сөзге келмеді. Ақырғы арыз-арманын айта алмады.

Жайлаудағы екінші күні кешке жақын, яғни Мағауияның қайғылы қазасына тұп-тура қырық күн толғанда бақиға аттанды. Еш қиналған жоқ. «Уһ» деп соңғы демін шығарды да, Алланың аманатқа берген жанын өзіне тапсырды.

Абайдың ажалына асыққаны да тегін емес еді. Қырқын берген күннің ертеңінде тұла бойы тұңғышы Ақылбай да мына жарық жалғанмен қош айтысты.

Көрген түсі дәл келді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар