Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Дағжан Белдеубайұлы: Көз...

22.06.2017 5202

Дағжан Белдеубайұлы: Көз

Дағжан Белдеубайұлы: Көз - adebiportal.kz

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз

Сұлтанмахмұт

«Я весьма уважаю эту организацию и полагаю, что франко-масонство сделало

много доброго для человечества».

Л.Н.Толстой

Көз...

Ту сыртымыздан біреу телміріп тұр...

Иә кірпік қақпай.

Көз бүкіл Жер шарының үстінен үңілгендей...

Қашаннан дейсің бе?

Талай заманнан бері...

Дәл қазір де...

Алайда осылай ойлау пендеге тән. Себеп: Көз Алла-Тағала емес. Көзді адамдар қолдан жасаған. Дәлірегі – ойлап тапқан. Әсілі, екі аяқтыларды тіліне, діліне, нәсіліне қарамай біріктіре білген дүниедегі азғана ұйымның бірі – Көз. Сол ұйымның құрығының ұзындығын, тамырының тереңге, кеңге жайылғанын , көрегендігін көрсететін рәміз де – Көз.

Рәміз-Көз – «Сәулелі дельта» – «Бәрін қалт жібермей бақылаушы». Сонау XII ғасырдан «Ерікті тас қалаушы» атанды .Тас өрген шеберлер бірлестігі (Англияда) от пен судан өтіп, мысықтабандап өрледі.

Дәуір басында тізгін қаққан ұлы жорықтардан жалпақ Еуразия дүрлікті. Ақ бурыл таулар мен байтақ далалардың астаң-кестеңін шығара сілкіледі. Ал орта ғасырларда Еуропаны әлгідей ат дүбірі емес, тас қашаған қашау ,балға, балтаның дүрсілі кернеді. Қолы місекерлі жандар асыл тастарды қалауынша әрледі. Қайталанбас өнер туындылары-мүсіндер, мехрабтар мен сәнді сарайлар, ғибадатханалар, шіркеулер бой көтерді. Тас тілінде сұп-суық сөйлейтін ғимараттар сансыз найза аркаларымен әлі күн көкке шаншылып тұр...

Дүниені шарпыған алапат соғыстарды, айдарынан жел ескен небір патшалықтарды , өрлеу мен құлдыраудың талайын көрген Көз есейді. Ежелгі діндердің туыстығын, қоғамдық ақлақтардың егіз қозыдай ұқсастығын, дүниежүзінің әр түкпіріндегі халықтардың космогониялық түсініктерінің ортақтығын пайдаланған – Көз – ойлы, ақылды Көзге айналды. Ендігі жерде шеберлер санатында ұлы ақындар, жазушылар, композиторлар, суретшілер, ғалымдар, әйгілі патшалар, президенттер, ақсүйектер тіпті төңкерісшілер тағы басқалар сап түзеді. Сөйтіп «Әлемнің Ұлы Құрылысшысы» ілімі жұлдыздардай жұмбақ биікке шығандаған…

****

Екі алақаны ойыла қалды қолдырап. Әбден ақ саусақ болған басы. Қара жұмыстан қол үзіп, күрек, қайла, соқа, сүймен ұстамағалы қашан.

– Қаз, дұрыстап! Шіреніп, ішіп-жеп жататын жер емес, түрме саған!

Ту сыртынан келіп, жамбасын ала теуіп қалды, абақты бастығы. Сол екендігін дауысынан таныған. Тізеден төмен қазып үлгерген, ұзындығы үш, ені екі метрдей ұраның келесі шетіне Тірілген ширыға аттап, дір-дір етті ызадан. Қолындағы зілдей сүйменмен бір ұрып жер жастандырар еді , әттең...

– Қаз, күні кешеге дейін өзің билеп-төстеген облыстың жері қалай екен?! Қатты ма?! Қаз! Мүмкін сенің өзіңе қазған көрің болады бұл... Басыңа ескерткіш орнатып, гүл қоямыз... Кей-еен ақталғаныңда... Хи-хи-хи...

– Балақтағы бит басқа шықса, қазам да. Қолдан келмейтін шаруа емес.

– Тілің мен жағыңа сүйенбе! Теледидардан да, газеттерден де ауыздыға сөз, аттылыға жол бермей сайрағансың тал-а-ай жыл. Сені тыңдай-тыңдай құлағымыз жауыр болған. Өтті дәуренің. Енді сен аса қауіпті қылмыскерсің!

Абақтыны жеке меншік үйіндей көретін қожайын, былқып семіргені шылқып байығанын да әйгілесе керек. Күзгі суырдың табанындай май-жылтыр алақандар мен барбиған саусақтар «түпсіз», қара қалталарға сүңгіп, кертік доңыз танау көкке көтерілді. Іле түйе қарынның десімен, талтаң бұт аю жорғасына салған тақтақ жолда.

Өресіз өгіз-өктемдікке не істей алсын, қазіргі кіріптар халімен. Өлердей өшігу ғана қолынан келері. Осынша құлдыратардай не жаздым, демек еді Құдайға. «Бұған Алла-Тағаланың қатысы бар ма, адамдар ғой...», - деді бір дауыс өз ішінен. Ішкі түйсігін тыңдап үйренген ғадеті. «Аман болсам, дәлелдеймін арымның тазалығын», - деп күбірледі өзіне-өзі.

Теріскейдің майлы қара топырағы да, үгілгіш қызыл құмы да емес, татыр, тастағына кез келіпті. Ұшты, жүзді темір құралдарды сілтеген сайын шақыр-шұқыр тасқа тиіп, жалт-жұлт от ұшты. Қолы, қуаты шаруада болғанымен, ой-санасы тұтқиылдан тап беріп, қапыда қалдырған қара жүрек дұшпандарында. Өкініші өшпенділікке, екі дүниеде жібімес кекке ұласқан. Өз тағдырына деген күңіренген күйініш те бар көкейінде. Күйініші кеудесін кернегенде, қара жерді бар пәрменімен соққылады. Ішіне шемен болып қатар, мәңгілік қайтарылмастай кекті, көз алдындағы тас-құмнан, сұп-сұр керіш топырақтан алар ма?! Билік тұғырына мінгелі қамалып қалған ашы тері ме, саулаған маңдайынан?! Майырылмас сүңгідей сүймен ұшы, кірш-кірш қадалды қара тасқа. Қып-қысқа жаукүрек, қопара қапты қат-қат қабаттарды. Қазды... Алақаны ашыды. Қолының қары қарысты. Белі сырқырады. Тізесі дірілдеді. Қарамады. Қаза берді, қаза берді.... Сілесі қатқанша қимылдады.... Ұра кемері бойынан әлдеқашан асып кетті.

Бір замат сабасына түсіп, бойы балбырап шөгіп бара жатқан...Иә шөгіп.... Кенет төбесінен билік күлді қарқылдап.... Саңғыраған сарайлар... көгілдір күмбездер күлгендей ме күңгірлеп.... Жаңғырыққандай ма, жерді жара....

– Оу, жарайсың! Аюдай апырып-жапырып, қопарып-қопарып үйіпсің ғой, тас-топырақты. Бәлен жыл шөп басын сындырмаған күш-қуатыңды салғасың-ау бәтір.... Мүмкін саған бұл жаза да аз болар. Денешынықтыру ма?! А-а-а. Онда мен қазір сенің алтын басыңа.... Ха- ха-ха....

Үстінен жып-жылы су төгілді. Бұдан өткен қорлық болар ма?! Құсадан еңіреп жіберді, ғұмырында тұңғыш мәрте. Қаншама жыл облыс әкімдігінің басында отырған адамның, төбесіне шаптырту рахат екен, мына қаскүнем малғұнға. Қолына іліге кеткен ұзын сапты күректі лақтырды жоғары. Ұра ернеуіндегі тас-құмды қоса жаудырып, әлгі күрек сол бойда өз басына қайта құлап келе жатты...

Басы айналды. Көзі қарауытты. Маңдайынан аққан тер әлде қан... Жо-жоқ, жаңағы сұмырайдың несі ме.... Жүрегі лоблықты. Құсқысы келді. Құсқысы. Лақылдатып қара су құсты. Арты ащы запыран. Ашырқана дір-дір етті өн-бойы....Тағы да басы зеңіді. Аруақтардың ортасында ма... Ана дүниеге аттанып кеткені ме... Үстінде аппақ кебіні лақаттан шыға алмай жүр... Айналасы түгел қазылған көр... «Құлыным» деп айналып-үйіріле сөйлеп, анасы қолтығынан демеді.... Жан жүрегіне жып-жылы бота көзі, бетіндегі меңіне дейін ап-анық.... Анадайдан әкесі емес-ау, атасының суықтау жымиған жүзі көрінді.... Неге салқын. Ренжулі ме? Бірақ көсем ғой, қалай дегенде де. Ұлт көсемі.

Теріскейде биыл тым жайлы қоңыр күз. Май тоңғысыз. Қыбырлаған жан-жануар атаулыға, жұмырбасты пендесіне Жаратқанның пейілі түскендей. Әншейіндегі қазан айы басталар басталмастағы, адыр-адыр тау-төбе біткеннің ту-талақайын шығарып, ойдым-ойдымда ықтай қоныстанған ауыл-үйді сыпырып-сиырып ұшырып әкетердей, өшіге ұйтқып соғатын ақ боран, дүлей дауыл атымен жоқ. Арқаның қаһарлы алты ай қысы, тап бір келмеске кеткендей мейірлене қалған.

Төбеден ауып, екіндіге қарай еңкейсе де, елжірей нұрланған күннің жылуы бойын балқытып, еріксіз өлі ұйқыға кеткен. Билік құзырындағы алаңсыз түндерде ұйқының мұншама тәттілігін сезінбеді бәлкім. Тұяқ серпер емес.

Түсінде, көгілдір айдында жүзіп барады қайықпен. Қасында жары, балалары. Еркебұлан мен Жансәуле еркелеп ән салады, бірдеңелерін айтып айқайлап қояды. Аспанда қап-қара бұлт. Ол да жып-жылы екен дейді.... Бұлттың ар жағынан біреулер мұны шақыратын секілді ме.... Тірілген ұмтылады. Жете алмайды. Әйтеуір рахат күй кешулі.

Кенет құлағының түбінен қорс-қорс еткен тосын дыбыстан, селк етіп шошып оянды. Төбесінен төнген семіз қара торай, мұның тірі екендігін түйсінгесін, шегініп бара жатты. Талпақ танауының астынан жалаң еткен жиіркенішті тілін де көзі шалып қалды. Бетіндегі қанын жалағанын сезгенде, бойы түршікті. Өзінің он екі мүшесінен жиіркенгендей ышқынды. Жалма-жан киімінің жеңін, өңірін тартқылап, бетін сүрткіледі. Төңкеріліп түсіп ықылық атты.

Екі-үш оқталып, дірілдеген қолдарымен әупірімдеп тіреп, кеудесін әзер көтерді. Денесі сал-сал. Әлдекімдер оңдырмай төмпештегендей, бұлшық еттері, буын-буыны көтертер емес. Сәл қозғалысты ауырсынулы, мұқым ағзасы.

Биліктегі адам – тізгінші. Көшті еңкімге сала ма, қырға шығара ма, яки қаншалықты қара нардай қайыспай өрге бастай алады, тұлғалық білім-көлеміне, қарым-қабілетіне сын. Бағасын халық берер соңыра, Тірілген де хал-қадерінше басқарды. Облысына қатысты ақпардың ұсақ-түйегіне дейін құнттады. Тышқан жорғаласа да біліп отыруға тырысты. Сөйткен туған облысының бір қиырындағы елеусіз, ескі түрмеде, тақтағы басы табытқа түскендей, қорлық, зорлық көрем деп ойламапты. Биік орынтақ, мәртебесіне қол соққан дүйім халық, иілген қызметкерлер, аяғын жерге тигізбей көлденеңдейтін шетелдік жайлы көлік, алдында жаюлы дәйім жылы-жұмсақ. Қысқасы, билік атаулының өткіншілігін естен шығармағанмен, пенде емес пе, жұртшылықтың аялы алақаны жалқы сәтте азапты аранға құлап түсерін болжатпады.

Екі дүниеде де қамқор, қайран анасының, хал үстінде жатса да теледидардан берілетін әзілкештердің «Еуромола» туралы сөздерін, сәл жымиып еске салып, «Қолыңдағы билігіңді пайдаланып, ондай іске барма, өткен адамға моласының сән-салтанатының пайдасынан зияны деседі. Жұма күндері бағыштап бет сипасаң болды қарағым!» - дегені есіне түсті. Шексіз махаббатқа ие ана жүрегі бірдеңені сезді ме, о дүниеге аттанып бара жатып та бекер сақтандырмаған-ау. Қайтсін, атына кір келмесін дегені ғой.

***

Шұңқырдан өзі лақтырған құм-топыраққа көзі түскенде, өзгелер қазған орға қалай құлағаны жадында жаңғырып жүре берді. Қарсыластары тапа-тал түсте оқ атуға дейін барғасын, барынша сақ жүруге, айналасына сергек қарауға тырысатын. Ішкі қауіпсіздікті нығайту мақсатында, әкімдіктегілерді бір-біріне бақылатқан. Күдіктілеу көрінгендерді ауыстырған. Сенімге енген жігіттерді, қасына топтаған. Сонда да жыландай сусып, іші-бауырына еніпті. Тура қылтамақтан қылқындырарын кім білген.

Ертеңгісін күндегі уақытында әкімдік табалдырығын аттаған. Жеделсатының алдынан күтіп алған көмекшісі де еш хабарсыз болғаны анық. Қабылдау бөлмесінің есігін ашқаны сол, хатшы қыздың көздері боталап қоя берді. Жүрегі зырқ еткен. Адам миы шексіз мүмкіндікке ие. Әлде Алла-Тағала пендесіне ескертіп, сездіріп тұра ма, соңғы кезде түсінде ылғи қара адамдарды көретін. «Түс – түлкінің боғы» дейтін қазақы әдетпен жамандыққа жорымайтын. Кабинет есігінің екі босағасында, бетперде киген қарулы жігіттер.

– Не болды? Сендер кімсіңдер? – деген сауалына, біреуісі:

– Ішке кіріңіз, - дегендей ишарат білдірді, қолымен, иегімен. Сөйлеуге құлықсыз, әлде тәртіп солай.

Кабинетіне ене бере шалқасынан түсуге шақ қалды. Даңғарадай кабинеті толған доллар. Теңге де емес. Ұзын, жалпақ мәжіліс стөлі, тіпті еденде де жайылып жатқан жасыл қағаздар. Мұншама байлық қайдан шығуы мүмкін. Құдай біледі, көбі жасанды. Басы бүтін бір банктің қаражаты дерлік. Кілең жүздік. Қапелімде оның бәрін қалай дәлелдерсің. Іштегі үшеу таспаға түсіру үшін, асықпай жаймалағаны – рет-ретімен қойылғанынан көрініп тұр.

– Сендер кімсіңдер?

– Қаржы полициясынанбыз (Бейтаныс полковник керемет іс тындырғандай жігерлі. )

– Облыс әкімінің кабинетіне басып кіріп, ойларыңа келгенді істеуге сендерге кім құқық берді?!

– Біздің қажетті рұқсат қағаздарымыз түгел бар.

– Бұл кабинетте бір тиын ақша болған емес. Өздерің алып келіп, жала жаба бересіңдер ме?!

– Күдікке ілінгенсіз. Сондықтан кабинетіңізді тінтуге бұйрық берілді.

– Қып-қызыл жала!

– Оны сотта дәлелдейсіз.

Қара киімділермен әңгіме осымен біткен. Әлі күн зығырданын қайнатып, есінен кетпейтіні – әкімдік дәлізіндегі «ит көрген ешкі көзденген» бағыныштылары. Әлдекім сол сәтте дәлізге шығуға пәрмен берген сыңайлы. Құлақтандырып үлгерген. Сатқындар дәл қасында жүргенінің дәлелі. Алайған, бақырайған, жіпсиген сансыз көздер.... Кірерге тесік таппады. Қолында кісен. Соншама қорлайтындай не жазып едім, деп шырылдайды жаны. Болмаса соған дейін адал еткен еңбегін сыйламай ма. Қоластындағыларға бұлайша есе қайтарардай иттік жасаған кезі жоқ-ау. Билікқұмарлықтың адам баласын аямайтын қаныпезерлігін көз көрді, жүрек шайлықты. Ұлы ақынның «Мен көрдім дүние деген иттің көтін», - дейтіні осындайдан шығар.

Дағжан Белдеубайұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар