Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Амангелді Кеңшілікұлы. Мисима өлімінің жұмбағы

27.06.2017 3163

Амангелді Кеңшілікұлы. Мисима өлімінің жұмбағы

Жапон прозасының хас шебері Юкио Мисиманың өмірі мен шығармашылығын тілге тиек ететіндердің бәрі де өз әңгімелерін самурай сертіне берілген қаламгердің қалай қаза тапқанын баяндаудан бастайтыны бар. Біз де қалыптасқан дәстүрді бұзбай жазушы творчествосының қыры мен сырына үңілмес бұрын, ең алдымен 1970 жылдың 25 қарашасындағы қоғамды дүрліктірген Итигая әскери базасында орын алған қайғылы оқиғаға тоқтала кеткенді жөн санадық. Ия, ия, сол күні осыған дейін де түрлі оғаш қылық шығарып келген атақты қаламгер Юкио Мисима жұрттың жағасын ұстататын оқыс әрекетке барды. Ол токиолық Қорғаныс күштерінің бірінде бүлік шығарып, солдаттарды «бейбіт конституцияға» қарсы үгіттеп, ойлаған мақсаты жүзеге аспағанда орта ғасырдағы самурайлық тәсіл – харакири, яғни, өзінің ішін жарып жіберіп, қайғылы жағдайда қаза тапты. Қаламгер мерт болған қаралы оқиғадан кейін әдебиетшілер үшін Мисима творчествосының феноменін осы күннің елегінен өткізіп бағалау қалыпты үрдіске айналды. Әлемге әйгілі суреткерді өрескел әрекетке баруға қандай жағдай итермеледі екен? Сәуегейлік танытып, сан-алуан болжамдар жасалғанымен, күні бүгінге дейін күрмеуі күрделі сауалдың жауабын тапқан ешкім жоқ. Жұрттың көкейін тескен сұрақ менің де қызығушылығымды туғызып, біраз дүниелерді ақтарғанымызбен біз де жазушыны өлімге жетелеген жұмбақтың шын себебін түсіне алмадық. Дегенмен, Мисиманың қаламынан туған көптеген туындыларды оқып шыққанымда, көңіл көзім ашылып, талай әдебиетшілердің басын қатырған құпия сауалдың жауабы оның шығармаларының астарында жасырынғандай болып көрінді, маған.

Қамшының сабындай ғана келте ғұмырында, бар-жоғы 45 жасында мына опасыз жалғанды өз еркімен тастап кеткен Мисима қара сөздің бәсекесінде ешкімге дес бермей, замандастарының бәрін шаң қаптырып, қырық роман, он сегіз пьеса, ондаған әңгімелер мен эсселер жазып, шығармашылықтың шыңын бағындырған суреткер болатын. Жалғыз жазушылық кәсіппен ғана шектеліп қоймай театр мен кино режиссері, тамаша актер да болды, симфониялық оркестрде дирижерлік етті, кэндо («семсер жолы» - ұлттық семсерлесу өнері), каратэ, ауыр атлетикамен де шұғылданды, әскери ұшақпен көк аспанға көтеріліп, жеті мәрте жер жарын айналып шықты. Өмірінің соңында монархизм идеясы мен самурайлық дәстүрге қатты ден қойды; жеке қаражатына «капитан Мисиманың ойыншық әскері» деп аталатын тұтас бір әскери ұйым құрды. Бойына Құдай берген бұдан басқа да талай өнері бар, материалдық жағынан да еш қиындық көрмеген, әдебиетте зор табысқа жетіп, елінде емін-еркін сайран салған суреткердің өзіне-өзі қол салып өлуін осыдан соң қалайша дені сау адамның тірлігіне жатқызасыз.

Өкінішке қарай, ажалына асыққан қаламгердің артына қалдырған мол мұрасымен біз тек тоқсаныншы жылдардың ортасына таман ғана танысу мүмкіндігіне ие болдық. Жапондардың Мисима есімді әлемді таң қалдырған атақты жазушысының бар екенін мен ең алғаш рет әдебиетші Шұға Нүрпейісованың баспасөзде жарық көрген бір мақаласынан оқып біліп, оның шығармаларымен танысуға деген құлшыныс пайда болды. Марқұм болып кеткен жазушы, әрі өнертанушы Таласбек Әсемқұловпен сол кездері жақын танысып, ағалы-інідей жақсы араласып кеткен едік. Тәкең бір күні маған Мисиманың «Алтын ғибадатхана» романы жайында майын тамызып тұрып әңгіме айтып берді. Шығармалары түгіл, аты-жөні де маған беймәлім қаламгерді жапон прозасының жұлдыздары Акутагава мен Кавабаталардан да биік қойып, жоғары бағалады. Бұрынғыдан да бетер қызығушылығым арта түскен мен сол жылы Алматыдағы букинистердің бәрін табанымнан таусылып шарлап оның бірнеше кітабын қолыма түсірдім. Олардың ішінде «Алтын ғибадатхана» романы да бар-тын. Ірі прозаиктердің пікірін де білу үшін мен бұл туындыны әдебиетіміздің классигі Тынымбай Нұрмағамбетовке оқуға бердім. Шығарманы оқып болған соң ол маған хабарласып романнан алған көл-көсір әсерін жеткізуге сөз таба алмай, телефон арқылы ұзақ әңгімелескеніміз есімде. Алайда Мисиманы қазақ оқырмандарына кеңінен таныстырған ақын, әрі сыншы Әмірхан Балқыбек болғанын айта кетуді парыз санаймын. Дүниеден тым ерте кеткен досымның «Жас қазақ» газетінде жарық көрген «Самурай сертіндегі қаламгер» атты эссесінен кейін әдеби қауымның Мисима творчествосын танып-білуге деген құштарлығы пайда болғаны жасырын емес.

Қазақстанда ғана емес, жалпы бүкіл Совет одағының аумағында Юкио Мисима туралы әңгіме ұзақ жылдар бойы айтылмай келді. Тоқсаныншы жылдардан кейін ғана романдары орыс тіліне аударыла бастап, біз «Алтын ғибадатхана» сынды әлем әдебиетіндегі теңдесі жоқ туындымен таныстық. Көпшілікке танымал жазушы Борис Акунин жапон прозасында алдына жан салмаған Мисиманың Совет одағында есімінің аталмай келуінің себебін, оның өлімімен байланыстырады.

Әрине совет идеологтары сол уақыттары бұл қайғылы оқиғаның бояуын мейлінше қалыңдатып, «Правда» газетінде «Самурайлық жындану», «Красная звезда» басылымында «Самурайлардың мұрагерлері» деген мақалалар бірінен соң бірі жарық көрді. 1970 жылғы советтік басылымдар қаламгердің қазасы жайлы «Мисиманың өзін-өзі өлтіруі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл америкалық-жапондық күштердің саяси милитиризация жасауының неге әкеліп соқтыруы мүмкін екенінің айқын көрінісі» деп те дабыралатты. Дегенмен «Император, жасасын!» деп өзінің ішін жүзі ұстарадай лыпып тұрған семсермен жарып жіберген Мисиманың жұмбақ өлімі жапон халқын жігерлендіріп жіберді. 1970 жылдың 25 қарашасындағы қайғылы оқиғадан соң оған күдікпен қараған, тіпті, шығармашылығын аса ұнатпаған жапон ұлтшылдары пікірлерін күрт өзгертіп, оның «нағыз самурайлық рухтың» ізбасары болып табылатынын мәлімдеп, жыл сайын жазушының туған күнін атап өтуді дәстүрге айналдырды. Бұл әрекетті өз қатарына жастарды тартуды мұрат еткен оңшылдар саяси қарсылық ретінде жоғары бағалады. Дей тұрсақ та саяси мақсаттары үшін Мисиманың қазасын сан-саққа жүгірткендердің айтқандарын ақиқат деп қабылдаудың қисыны жоқ. Ұлы жазушының рухының қаншалықты мықты болғанына қарап, оның өлімге мойынсынған сорақы әрекетке саналы түрде баруының себебін түсіндіру қиын. Өте қиын.

Қайғылы оқиға орын алған күні ұлы суреткердің жүйкесі сыр бергендіктен де оның осындай әрекетке баруының ықтималдығын да жоққа шығара алмаймыз. Сол уақыттағы Жапония премьер-министрі Сатодан болған жағдайды қалай бағалайтынын сұрағанда «Ол әншейін ақылынан адасты» деп жауап бергені жұрттың жадында.

Әйткенмен, Мисиманың шығармашылық әлемінің тылсым табиғатын зерделеп, оны қандай мәселелердің толғандырғанын таразылап, ой сүзгісінен өткізсек жазушының жұмбақ өлімінің сырын табуға бір табан жақындауымыз мүмкін деген ойдамын. Қаламгердің туындыларына назар аударған оқырман оның ең ұлы арманы өлім болғанын айқын аңғарады. Ақындық қиялына желімдей жабысып, алыстан қол бұлғап шақырғандай болған ажалдың елесі жатса да, тұрса да оның жанына тыныштық бермей қойды. Өмір бойы оны өлім құдіреті жыландай арбап келді. Тіпті ол өзінің шын аты-жөні Кимитака Хираоканы өлімге деген шексіз құштарлығын білдіру үшін - Мисима деп өзгертті. Жапон тілінен тәржімалағанда Мисима – «Өлімге құштар жан» деген мағынаны білдіреді. Және ол екінің бірінің тәуекелі жете бермейтін ерекше өлімнің жолымен ажалын тапқысы келді. «Кеконың үйі» романында да, «Патриотизм» әңгімесінде де қаламгер өз қиялындағы өлімнің сұлулығын майын тамызып, асқан шеберлікпен суреттейді. Отыз сегіз жасында жазушы «Мен гүлденген жастықтың түкке тұрмайтынын аңғара бастадым. Бірақ бұл менің кәрілікті асыға күткенімді білдірмейді. Сондықтан бір-ақ таңдау қалды менде: ол –қас-қағым сәттік өлім, сені ылғи да еліктіретін, бойыңды билеп алатын ажал сәулесі» деп өлім жайлы тебірене толғанады. Жазушының қиялын жаулаған ауру фантазиясы күн өткен сайын оны өлім әлемінің мекеніне қарай жетелей берді. Өзіне-өзі қол салғысы келіп, өлгісі келген хәлді бір кездері ұлы жазушы Лев Толстойдың да басынан кешкені мәлім. Өмірінің бір шағында кемеңгер Толстой ылғи да атылып өлуден немесе дарға асылып қалудан қатты үрейленіп жүрді. «Өмірден мені жұлып алғысы келген күш жалпы қалауымнан күшті еді. Өзіме қол салу туралы ойды «тезірек жүзеге асырмау үшін» мен түрлі қулықтарға бардым. Міне сол кезде мен бақытты адам, күнде кешке шешінгенде жалғыз қалатын бөлмемде дарға асылып қалмау үшін ылғи да бауды тығып жүрдім және азғыруға беріліп кетпеу үшін мылтық ұстап аңға баруды қойып кеттім....», - деген сыңайдағы жазушы күнделігіндегі сөздерді оқығанда өмір сияқты, өлімнің де адамды өзіне тартатын сиқыры бар ма деген қорқынышты ойға қаласың. Алайда Аллаға қайырылуы арқылы Толстой сана-сезімін тұмандандырып, еріксіз еліктіріп әкетіп бара жатқан әзәзілді жеңудің жолын таба білді. Мисима таба алмады. Мүмкін ажалдың «тәтті» уы жанына жайылып, ақылынан адасқан ол адамды сабасына түсіретін Алланың жолы болатыны жайында ойланбаған да шығар.

Дегенмен әдебиет зерттеушілері жазушының өзіне-өзі қол салуына басқа да жағдайлардың, атап айтсақ қаламгердің қатарынан үш рет Нобель сыйлығына ұсынылып, оны ала алмауы да себеп болуы мүмкін деген сыңайдағы пікір айтады. Жапон еліндегі бірінші жазушы болып, жұлдызы жарқыраған ол бұл сыйлықты алуы да ықтимал еді. Бірақ, Юкио Мисима әлемдік әдебиеттегі ең ұлы марапатқа ұсынылған жылы Совет одағының қатты қысым көрсетуімен Нобель сыйлығы орыс қаламгері Михаил Шолоховқа бұйырды. Ал кейін Швед Академиясы әдебиет саласындағы жоғары марапатты Ясунари Кавабатаға беріп, Мисиманың соңғы үміті де сөнді. Ендеше әдебиеттегі әділетсіздікке қарсылығын білдіруі үшін самурай сертіне адал жазушының осындай қадамға баруы әбден мүмкін. Мисиманың жұмбақ өлімінің себебі бір Аллаға ғана аян дегенімізбен, ол құпияның сыры жазушының өмірінде жасырынып жатқан жоқ па екен? Ендеше ұлы суреткердің тал бесіктен, жер бесікке дейінгі тіршілік сапарына ой қыдыртып, жұрт таба алмай жүрген жұмбақтың жауабын іздеп көрелікші.

***

Юкио Мисима 1925 жылдың 14 қаңтарында мемлекеттік ірі шенеунік Адзусы Хираоки мен оның жұбайы Сидзуэның отбасында дүниеге келді. Әкесі Токио императорлық университетінің заң факультетін тәмәмдап, жоғары деңгейдегі шенеуніктік қызметке тұру үшін керек мемлекеттік емтихандардың бәрін сәтті тапсырғанымен бюрократиялық аппараттағы теке-тірестердің кесірінен көңілі қалаған қызметіне орналаса алмай, амалсыздан Ауыл шаруашылығы министрлігіне жұмысқа тұрады. Ол халыққа сыйлы, беделді, қоғамда өзіне лайық орны бар, кісілігі мол адам болды. Жапонияның премьер-министрі болған Нобусукэ Кисидің өзі оған ыстық ілтипат танытып, зор құрметпен қарады. Кимитакэден басқа Адзусы Хираокидің белінен туған екі перзенті – Мицуко есімді қызы (1928 жылы туған) және Тиюки есімді ұлы болды (1930 жылы туған). 1908-1914 жылдары Оңтүстік Сахалиннің губернаторы қызметін атқарған жазушының атасы Хираока Садатаро да осал тұлға емес-тін.

Болашақ жазушы он екі жасқа дейін әжесі Нацуконың қолында өсті. Кемпірдің қаталдығы соншама, тіпті, ол туған шешесімен де әжесі рұқсат еткен жағдайда ғана көрісе алатын. Аурушаң Кимитакэні ата-анасынан қойнынан тартып алып, сыртқы әлеммен байланысын шектеп, өте қатал, әрі өте нәзік ақсүйектік дәстүрдегі берген әжесінің тәрбиесі болашақ қаламгердің болмыс-бітімінің қалыптасуына зор әсерін тигізді.

Сыртқы әлемнен оқшауланған баланың бойында бірте-бірте әйел затына тән мінез-құлықтар пайда бола бастайды. Жапондардың кабуко және но театрын жақсы көрген және жазушы Кеки Идзумидің туындыларын сүйіп оқыған әжесі немересінің бойындағы шығармашылыққа деген ынтасын арттырып, проза мен театрға деген ықыласын оятты. Мисима өте әлжуаз, үп етіп самал соқса да сырқаттанып қала беретін аурушаң бала болды. Денсаулығы ұдайы сыр беріп, құрдастарымен де жиі ойнай алмайтын, сабақтан да үнемі қалып қоятын жағдайлар жазушының тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай кесапатын тигізді. Соған қарамастан ол өте әсершіл, зерек бала еді. Көп уақытын кітап оқумен өткізді. Мектепті өте жақсы тәмәмдап, жапон императорының қолынан алтын сағат алды.

Жазушы болуды армандағанымен Мисима әкесінің айтқанына амалсыздан көніп, мектепті аяқтай салысымен Токио университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Бала күнінен өнерді сүйіп, сөз өнеріне бар жан-тәнімен берілген болашақ жазушы заң саласында білім алғанымен, неміс романтизмінің әдебиетімен және философиясымен әуестеніп Томас Манның туындылары мен Фридрих Ницщенің еңбектерін құмарта оқыды.

1945 жылдың 15 тамызында Тынық мұхитындағы соғыс Жапонияның капитуляциясымен аяқталды. Айтулы оқиға жапон ұлтшылдарының сана-сезіміне қатты әсер етіп, жандары жараланғандай болған талай жастар мұндай қорлыққа шыдай алмай өздеріне қол салып өлді. Қыршыннан қиылған ұландардың ішінде әдебиет сыншысы, Мисима пір тұтып, рухани тәлімгері санаған Дзэммэй Хасуда да (19 тамызда атылып өлген) бар-тын. Сол жылы қазанда болашақ қаламгердің он жеті жастағы қарындасы Мицуко сүзектен көз жұмды. Көңіл-күйі құлазып, қара жамылып жүргенде қаламгердің алғашқы махаббаты Кунико Митанимен арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіп, ол банк қызметкеріне тұрмысқа шығып кетті. Екі жастың бүршік атқан сезімдері суреттелген махаббат оқиғасы Мисиманың «Масканың шындығы» романында жан-жақты баяндалған.

Жазушының жүрегін жаншыған оқиғалар тізбегінен кейін де сынаптай сырғанап күн артынан күн өтті. Көңіліне қаяу түсірген жағдайларға қарамастан ол шығармашылықтан қол үзбей, қарлығаш туындыларын жазуын тоқтатпады. 1946 жылы Камакурада тұратын жапон әдебиетінің мойындалған классигі, тілі төгіліп, ұлттық бояуы құлпырған туындыларымен талайларды тамсандырған Ясунари Кавабатаны арнайы іздеп барып жолығып, тырнақалды әңгімелерін көрсетеді. Мисиманың туындыларын ол бірден ұнатады. Камакура кітапханасында әкімшілік қызмет атқаратын Кавабатаның ұсынысымен Юкионың «Темекі» деген әңгімесі «Адам» журналында жарық көрді. Арманы орындалып, классиктің қолдауымен Мисима жаңа түскен келіндей болып әдебиеттің киелі босағасынан аттады. Өмірінің соңына дейін ол ұстазына деген махаббатын жүрегінде берік сақтап, есімін де атамай оны соңғы демі таусылғанға дейін Кавабата-сан деп құрметтеп өтті.

Тіршіліктің қазанындағы әдеби өмір бұрқ-сарқ қайнап жатты. Әдебиетке жаңа есімдер келіп, проза жазудың сан-алуан үлгілері пайда болды. Өмірді суреттеудегі өз тәсілін ұсынған түрлі ағымдар көбейді.

Жапониядағы дүрілдеп жатқан әдеби өмірден Мисима да тыс қалған жоқ, 1947 жылдың қаңтарында ол елдегі атақты жазушылар Осама Дадзай мен Кацуитиро Камэилар ұйымдастырған бейресми кездесулерге қатыса бастады. Бір күні осындай кездесулердің бірінде Мисима сөз сөйлеп Осама Дадзайды мойындамайтынын және оның шығармаларын мүлде ұнатпайтынын ашық түрде жұрт алдында жария етті. Төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей сасып қалып, аң-таң қалған Дадзай не дерін білмей «егер осында келіп жүрсең, менің шығармаларыма бейжай қарамағаның ғой» деп жан сауғалағандай болып, жауап қайтарады.

Әкесінің арманы орындалып 1947 жылдың қарашасында Мисима Токия университетінің заң факультетін тәмәмдады. Тиесілі емтихандарды тапсырғанымен ол денсаулығына байланысты «Жапония өндіріс банкіне» жұмысқа орналаса алмады. Содан кейін жоғары дәрежелі шенеуніктік қызмет үшін керек емтихандардың бәрін де жақсы тапсырып шығып, Император сарайының министрлігіне жұмысқа тұрып, кейіннен әкесінің ұсынысымен Қаржы министрлігіне ауысады.

Әрі шенеунік болып, әрі әдеби қызметпен де белсенді айналыса жүріп ол өзінің «Ұры» деп аталатын ең алғашқы ірі шығармасын дүниеге әкелді. 1948 жылы «Бүгінгі әдебиет» деп аталатын әдеби бірлестікке қосылды. «Кавадэсёбосинся» баспасының бас редакторы Кадзуки Сакамотадан тапсырыс алып роман жазуға кірісіп кеткенімен екі жұмысты бірдей атқарып жүрген қаламгердің денсаулығы кенеттен сыр беріп, өлім аузынан аман қалады. Бірақ болған оқиғадан соң ол жақсы табыс әкеліп тұрған Қаржы министрлігіндегі қызметін тастап, толықтай әдеби жұмыспен айналасуға ден қойды.

Уақыт өте келе жазушы жүрегінде көктеген шығармашылықтың гүлдері бүршік атты. Бірнеше жылдың ішінде қаламгер қаламынан «Масканың шындығы», «Махабат шөлі», «Жұлуға болмайтын гүлдер» романдары туып, ол соғыстан соң жапон әдебиетіне келген ең атақты жазушыға айналды. Материалдық жағдайы да жақсара түсіп, 1954 жылдың желтоқсанында әлемді көруге аттанып, одан тек келесі жылдың тамызында ғана оралады. Жер шарын айналып шыққан жазушының саяхаттан алған әсері көл-көсір болатын. Жапонияға келе салысымен ол бірден өзінің тәнін шынықтыруды қолға алып, бодибилдингпен айналыса бастады. Дәстүрлі классикалық жапон әдебиетіне қызығушылық танытып, (әсіресе, Мори Огайдың шығармашылығына) жазу стилін өзгертті. Мисиманың бойындағы екі жақты өзгеріс Мори Огай мен Томас Манн эстетикасының ықпалымен жазылған «Алтын ғибадатхана» романында жан-жақты көрініс тапты. Адамзатқа әйгілі болған романы арқылы Мисима шығармашылықтың шыңын бағындырды, әлі күнге дейін бұл шығарма әлемдегі ең көп оқылатын жапон туындысы болып табылады.

Жұртты елең еткізіп, халықтың назарын өзіне бұрып әкеткен романнан кейін атағы айдай әлемге танылған қаламгердің әр жаңа еңбегін оқырмандар сүйіспеншілікпен қабылдады. Суреткердің шығармашылық таланты туғызған әр туындысы, мейлі ол, «Толқынның шуы», «Кеш келген көктем» немесе «Адамгершіліктің әлсіреуі» романдары болсын, халық іздеп жүріп оқитын бестселлерге айналды. Туындылары әлемге танылып, шығармаларының желісі бойынша кинолар түсірілді. Бір сөзбен айтқанда ол қас-қағым сәттің ішінде жапон әдебиетіндегі ең әйгілі тұлға болып шыға келді. Мисима тек аса көрнекті жазушы ғана емес, сонымен бірге талантты драматург екенін де танытып, бүгінгі заман тақырыбына арналған пьесалар жазды. Жазып қана қоймай «Бунгакудза» театрымен жақcы қарым-қатыныс орнатып, жазған пьесаларын өзі қойып, басты рөлдерді де өзі сомдап, режиссерлік және актерлік қабілетімен де көзге түсіп, елді елең еткізді.

Мисиманың сан қырлы таланты ғана емес, қажымас қайраты, төзімділігі мен еңбекқорлығы да таң қалдырмай қоймайды. Театрда жұмыс істеп жүргеніне қарамастан, 1959 жылы ол екі жыл бойы көз майын тауысып жазған «Кеконың үйі» романын аяқтады. Егер де «Алтын ғибадатханада» жеке адамның ішкі әлеміне терең талдау жасалса, «Кеконың үйінде» тұтастай алғандағы дәуірдің мәні көрініс тапты. Жазушы туындысы әдебиет сыншыларының арасында бір-біріне қарама-қайшы келетін түрлі пікірталас туғызды. Шығармаға баға берушілердің пікірі екіге айырылды. Жазушы Такэо Окуно қаламгердің жаңа романын нағыз шедевр деп санаса, сыншылар Кэн Хирано мен Дзюн Этолар оны сәтсіз шыққан туынды ретінде бағалады. Алайда, екі беделді сыншының айтқандарына бүйректері бұрған оқырмандардың пікірі аса жақсы емес-тін. Ақыр соңында шығармашылықтағы қол жеткен табыстарынан ләззат алып, масаттанып жүрген Мисиманың өмірінде тұңғыш рет әдебиеттен көңілі қалды. Дегенмен «Кеконың үйі» туындысынан кейін жарық көрген «Қонағасыдан кейін», «Әдемі жұлдыз», «Жібек пен сұңғылалық» романы мен повестері, «Он мың иен тұратын Сэмбой», «Патриотизм», «Семсер» новеллалары, «Раушан мен қарақшылар», «Тропиктік ағаштар», «Қуаныштың котосы» пъесалары мен т.б. шығармалары жазушы даңқын бұрынғыдан да асыра түсті.

Мисиманың жеке өмірінде де үлкен өзгеріс болып, 1958 жылы ол жапон классикалық живописінің әйгілі шебері Ясуси Сугиямыдың қызы Ёко Сугиямеге үйленді. Екі жас қосылғаннан кейін викторияндық дәуірді еске салатын, американдық отарлық сәулет стилінде салынған жаңа жекежайға көшіп барады. Алайда, ұзақ уақыт бойы күткен құрылыс жұмысының аяқталуы көптеген ыңғайсыз жағдайларды туғызды. Олардың ішінде Мисиманы «Қонақасыдан кейін» туындысында құпия өміріне қол сұқты деп айыптаған дипломат Хатиро Арито бастамашы болған жанжал мен сот процесі де бар. Бұдан бөлек жазушы өзіне дөңайбат көрсеткен оңшыл радикалдардан өміріне қауіп төндірген қатаң ескертуін де алды. Ақыр соңында қатарынан бірнеше ай бойы жазушы резиденциясын полицейлердің күзетуіне тура келді.

1962 жылы Мисиманың басында «Молшылықтың теңізі» тетралогиясын жазу туралы ой пісіп-жетілгенімен, 1963 жылы, бұл жолы енді қаламгердің «Котоның қуанышы» пьесасының төңірегінде тағы да бір жаңа жанжал өрттей қаулап қоя берді. «Бунгакудза» театрының басшылығы жазушының жаңа пьесасынында шектен тыс саясиланған реңктің бар екенін ескертіп, оны қоюға үзілді-кесілді бас тартты. Оларға наразы болған Мисима мен театрдың 14 жетекші актері қыр көрсетіп «Бунгакудзадан» кетіп қалды.

Болып жатқан оқиғалар Мисиманың жігерін жасыта алған жоқ. Бойында күш-қайраты тасып тұрған ол бодибилдингпен қатар кэндомен де шұғылдана бастады. Ясудзо Масумурының фильміндегі басты рөлді сомдап, бала күнінде әлжауаз болған қаламгер күні-түні тыным таппай бұлшық еттерін шынықтырып, бұқаралық ақпарат құралдарында мақсатты түрде өз денесінің культін жасауға қатты кірісіп кетті. Әрине, әдеби қызметіне түк қатысы жоқ Мисиманың бұл әрекеттерін әріптестері түсіне алмады.

Жұртқа түсініксіз оғаш қылықтар шығарып тұрғанына қарамастан, таланттың аты талант қой, қашанда. Шет тіліне аударылған жазушы туындылары Еуропа мен Америка оқырмандарының қызығушылығын туғызып, Мисиманың даңқы бұрынғыдан да биікке аспандай түсті. Белгілі американдық жапонтанушылар Дональд Кин мен Эдвард Зайденштиккер жазушы творчествосын әлем оқырмандарына жан-жақты танытуға көп еңбек сіңіріп, атағын шығаруға сүбелі үлес қосты. Батыс сыншылары жоғары бағалаған жапон классигінің шығармалары енді адамзаттың ортақ қазынасына айналып, оның есімі әлемді мойындатқан қаламгерлердің қатарында атала бастады.

1965 жылы Мисиманың ең үлкен еңбегі болып табылатын «Молшылықтың теңізі» тетралогиясының (тетралогия – төрт кітаптан тұратын шығарма) алғашқысы «Көктемгі қар» романы баспасөзде жарық көрді. Сол жылы «Маркиз де сад» пьесасы жазылды. Атағы әлемге әйгілі болған қаламгер шығармасы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылғанымен, жолы болмай қойды.

Бойында шығармашылықтың қуаты қайнаған Мисима азғантай уақыттың ішінде талай дүниенің басын қайырды. «Патриотизм», «Қаһармандар рухының дауысы» туындылары мен «Молшылықтың теңізі» тетралогиясының екінші романы т.б. шығармалары жазылды.

1966 жылдың желтоқсанында жазушы «Ронсо» ұлтшылдар журналының бас редакторымен танысады. Басылым белсенділерімен орнаған тығыз-қарым қатынастың арқасында дербес әскери топ құру туралы идея пайда болады. Мисиманың өзі үлгі көрсетіп осы қорғаныс күшінің құрамына кіріп, Локхид Ф-104 әскери ұшағымен аспанға көтеріледі. Жапон қорғаныс күштерінің басшысы Киёкацу Ямамотомен танысады. Саясиланып кеткен «Күн мен құрыш», «Менің Хагакуром», «Мәдениетті қорғау» және тағы да басқа публицистикалық еңбектері де сол жылдары жарық көреді.

1968 жылы өмірлік шығармасы болып табылатын тетралогиясының үшінші томы «Таң алдындағы ғибадатхана» романы баспасөзде жариялана бастады. «Менің досым Гитлер» пьесасының нүктесін қойды. 1969 жылы кабуко театрына арнап бірнеше пьеса жазып, осы жанрдағы бірқатар туындыларын жариялады. Жазушы елдегі саяси өмірден де тыс қалған жоқ. Жастардың толқулары болған кезде ол студенттер басып алған Токио университетіне барып, императордың орны мен мемлекеттік құрылым туралы қызу пікірталасқа қатысты. Өнерден де шет қалмай киноға да түсті. Әскери шығындарды қаржыландыруға байланысты келіспеушілік туып, «Ронсо» журналымен байланысын үзді. Біраз уақыттан кейін Итигая әскери базасына басып кіріп, ойлаған мақсатын жүзеге асыра алмайтынына көзі жеткенде, өзіне-өзі қол салып қаза болды.

Қош, сонымен құрметті оқырман Мисиманың өміріне ойша көз жүгіртіп өткенімізбен, жазушыны өлімге қандай себептер итермеледі деген сауалдың жауабын таппадық. Таяуда, әлем әдебиетіндегі ең сүйікті туындыларымның бірі «Алтын ғибадатхананы» осымен жетінші рет қайталап оқып шыққанымда, жұмбағы әлі шешілмеген күрделі сұрақтың жауабын Мисиманың ең негізгі шығармасы, тіпті, эстетикалық манифесі болып табылатын осы романнан іздегендердің дәлелдерінің шындық екеніне көзім жеткендей болды.

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар