Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Максим Горькийдің әңгімесіндегі біздің бағыт...

27.06.2017 6060

Максим Горькийдің әңгімесіндегі біздің бағыт

Максим Горькийдің әңгімесіндегі біздің бағыт - adebiportal.kz

Бір әңгіме – бір әлем

Қаракөз қыздарымыздың діни ағымдардың құрбанына айналып, шетелде ар-намысы құлдыққа сатылып жатқанын естігенде орыс жазушысы Максим Горькийдің осыдан екі ғасыр бұрын жазылған «Үгітші» атты әңгімесі есіме түсе береді.

Тарихи факторлар мен тиран билеушілердің іс-әрекеті үшін орыс ұлтын қаншалықты айыптасақ та, әдебиеті мен мәдениеті туралы сөз қозғағанда кібіртіктеп қалатынымыз жасырын емес. Себебі, белгілі бір деңгейде әлем халқы орыс әдебиетіне қарыздар. Саяси жүйенің қолшоқпарлары Совет үкіметі тұсында орыс жазушыларын түрлі касталарға, топтарға жіктеп, тізімдеп бір-біріне қарсы қоюға тырысып бақты. Соның әсерінен болар, әлемде орыс жазушыларының фанаттары жік-жаппар болып, бір-бірін әдеби дискуссияға шақырып жатады. Оқырмандар тарапынан үлкен қолдауға ие болса да, билік пен жазушылардан көп қысастық көрген қаламгердің бірі – Алексей Пешков.

Әдеби ортада Максим Горький деген лақап атпен жақсы таныс жазушы Сталиннің тарапынан «бүлікшіл» деп айыпталып, бірнеше мәрте елден қуылған. Кейін «ажалы осы билеушіден болды» деген тұжырымдар да айтылды. Тіпті ұлы суреткер Лев Толстой алғашында онымен кездесіп, танысуға құлықсыз болған екен. Иван Бунин оны мүлде менсінбей, бір кездері жеке басын қорлайтын ауыр сөздер айтқан. Орыстың классик қаламгері Антон Чеховпен жақын араласып, қазақ қаламгерлері Ілияс, Бейімбет, Сәкендермен де жақсы таныс, пікірлес болған.

Максим Горький саяси оқиғаларға байланысты елден шеттетіліп, жеті-сегіз жыл өмірін Италияда өткізеді. Осы жылдары шығармашылықпен еркін айналысып, өнімді еңбек етеді.

Жазушының біздің бүгінгі күнгі діни түсінігімізді, жат идеяға шырмалған догмалық санамызды тас-талқан етіп, әшкерелейтін «Үгітші» деген әңгімесі бар. Өзге елде, өзге уақытта, өзге дінде жүрген адамдардың наным-сенімі, ішкі қайшылығы, санадан тыс үрейі осы әңгіме арқылы біздің бүгінгі қоғамды елестетеді. Әңгіменің кейіпкерлері көз алдымызда жүргендей әсер береді. Тіпті өз ішімізде арпалысып, бір-біріне бағынбай кететін ақыл мен сезімнің қарама-қайшылығы шығармада шебер суреттелген. Дінді алдына салып, дүмшелігін жүзеге асыратын поптар мен насихатшыларды әшкерелейтін бұл әңгіменің қоғамдық маңызы зор. Қайта керісінше, бір ғасыр бір ғасырды артқа тастаған сайын өзектілігі артып жатыр. Классикалық шығармалардың жыл өткен сайын жаңара түсетін қасиетін осы әңгімеден анық байқаймыз.

Әңгіменің ұзын-ырғағында оқымысты жігіт пен діндар қыздың арасындағы махаббат пен наным-сенім қайшылығы туралы бейнеленеді. Көзі ашық, көкірегі ояу екі жас бір-бірін құлай сүйсе де, өздері құрып алған өмірдің формуласын бұза алмай дал болады. Сүйген қызымен отбасын құруға талпынған жігіттің арманы соңына дейін орындалмайды. Оқымысты жігіт діндарлардың айтқанына шырматылып қалған қыздың санасын өзгертуге қанша күш салса да, нәтижесіз аяқталады.

Поптардың айтуымен ғана жүретін жас қыздың психологиясы арқылы әйел атаулының сеніміне оп-оңай кіріп, бүкіл іс-әрекетіне тосқауыл қоюға болатынын жазушы емеурін арқылы білдіреді. Оны бір сөзінде:

Бұл жерде жұрт әйелге Россиядағыдан әлдеқайда жеңіл-желпі әрі ерсілеу қарайды, өйткені бұған соңғы уақытқа дейін итальян әйелдерінің өздері де көп себепші болып келді: есіл-дерті шіркеу ғана болған олар еркектердің мәдени жұмысынан сырттап, оның маңызын да ұғынған жоқ.

Бұл жердің әйелдері дінге былқ етпей, үн-түнсіз ұйитын боп үйренген, олардың бойындағы осы қабілетті поптар қыруар ғасыр дамытып, көңілге алғандарының бәрін де орындаған, католиктік шіркеу әйелдердің көкірегіне орнаған деп біреу тіпті дұп-дұрыс айтқан.

Осы екі сөйлемнің өзінде қоғамның шындығын көрсететін бірнеше фактор жатыр. Әйелдің бойындағы әлсіздікті поптар ұзақ уақыт бойы зерттеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын догмалық кеселді өз пайдаларына қолжаулық қылған. Бір қарағанда жазушы сол қоғамға тәнті болып отырғандай көрінеді. Әйелдердің дінге адалдығын, беріктігін суреттей келіп, соның есебінен «көңілге алғандарының бәрін де орындаған» поптарды келемеждейді.

Өзге қаладан келген үгітші жігіт үйірмеге келген оқушылардың психологиясын әбден зерттеп, еркектер мен әйелдердің ойлау жүйесіндегі бос кеңістікті көріп, көңілі құлазиды. Оқу, білім, теңдік тақырыбында дәріс оқитын жігіттің көңіл хошы сабағына тыңғылықты дайындалатын шәкіртіне ауады. Уақыт өте келе жігіт пен қыз көпшіліктен жырақтап, оңаша пікірлесіп жүреді. Есіл-дерті шіркеу болған қыздың бойындағы жалған сенімді, үрейді жігіт жеңіп, онымен қол ұстасып, азат өмір сүруге талпынады. Тіпті поптар мен діндарлардың ойдан шығарылған өтірігін әшкерелеп, қызға айта бастайды.

Сөйтіп, жігіт сөйлесе білетін әрі сұрау да бере алатын сол қызды көріп оның қойған сұрауларынан өзінің ұстанған мақсаты алдында аңғырт таңырқаумен қатар бір ашықтан-ашық сенбеушілікті, кейде денелей бір үрей мен тіпті жиіркенушілікті де сезіп жүреді. Дін жайынан, папа мен поп жөнінен үгітші итальянның қыруар қатаң әңгіме қозғауына тура келеді, сөйтіп әрдайым осылар жайында сөйлеген кезде ол қыздың көзінен өзіне деген бір өшпенділік пен жеккөрушілікті аңғарып отырады, ал енді алда-жалда қыз сұрай қалатын болса, сөздерінен жаулықтың лебі есіп, сызылған үнін бір зілді кекесін кернеп жүреді.

Әрбір классикалық шығарманың шарықтап, нақты сұранысқа ие тұсы болады. Ол қоғамның жанды жеріне диагноз қойып, көзбен көріп жүрген құбылысты бейнелі түрде оқырманға жеткізеді. Нәзік те сыршыл қыздың мінез-құлқы арқылы бүтін қоғамның, белгілі бір топтың мақсатына құрбан болған тексіздерді көрсететін бұл әңгіме тап бүгінгі біздің хал-ахуалымызға арнап жазылғандай әсер береді.

Саналы қыздың дүмшелікке түскеніне көңілі толмаған үгітші оған әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғайды.

Әйтсе де, осылардың бәрімен қатар өзі қазіргі заман масқаралығы жайында, сол заманның адамы ақылдан әбден адастырып, тәннің де, жанның да сиқын алып бара жатқандағы жөнінде әңгіме қозғап, адам баласы сырттай және іштей азат болатын болашақ өмірдің суреттерін сипаттаған кездерде ол қызды басқаша күйде көретін: жігіттің сөзіне ол өмір бұғауларының қасіретіне қанық қайратты әрі ақылды әйелше кәрленіп, ғажайып-шытырманды көңіл күйіне сай келетін керемет ертегіні есі-дерті кетіп, ұйып тыңдаған сәбише, құлақ салатын.

Бұған қарап жігіт түбінде тамаша жолдас боларлық осы бір жауды жеңермін деп те дәмеленген еді.

Қыздың догмалық ауруын емдеймін деп тырысқан жігіт оны еркін пікірталасқа жиі шақырып тұрады.

Қыз оған қуана-қуана көніп, екеуі ә дегеннен-ақ тартысқа түсе кетті де, қыз титықтаған адамның тынығып, көңілі сергитін әрі мейірімді мадоннаның алдында киген киіміне қарамастан, жұрттың бәрі бірдей тең, бәрі бірдей аянышты болатын орын ретінде шіркеуді жанталаса қорғап, жігіт оған адамға тынығудың керегі жоқ, күрес керек, мүлік-мұқаммал тең болмай тұрып, азаматтық теңдіктің болуы мүмкін емес және мадоннаның сыртында жұрттың бақытсыздығы мен мәңгілігінен пайда көріп, тығылып тұрған адам бар деп қарсы шықты.

Бүгінгі таңда үлкен кеселге айналған діни қайшылықтар, бейбіт күнде қолына қару алып орта ғасырды көксеп кеткен қаракөз ұл мен қыздар осы әңгімеде айтылған «жұрттың бақытсыздығы мен мәңгілігінен пайда көргендердің» құрбанына айналды. Адамдарға алғашында діни дәріс беріп, санасын жаулағаннан кейін, не айтса да көнетін құлын қыруар қаржыға саудалап жіберетін залымдардың бар екенін естіп те біліп жүрміз.

Өмірді жігіт білім үшін күресу, табиғаттың құпия жатқан қуатын адам баласының еркіне бағындыру үшін алысу, бұл күресте жұрттың бәрі бірдей қарулануға тиіс, сол күрестің ақырында бізді қуат атаулының пәрмендісі, дүниедегі саналы қимылдайтын жападан-жалғыз қуат – ақыл салтанаты мен азаттық күтіп тұр деп түсінсе, ал енді, қыз өмірге заңы мен мақсатын тек бір поп қана білетін құдіретке ақылды бағындырып, адамды белгісіз ғайыпқа садақа етіп әурелеу деп қарайтын.

Қызды құлдық санадан қалай құтқарам деп жаны шыққан жігіт ақыр-аяғында ызаланып:

– Олай болса, менің лекцияма несіне келіп жүрсіз, социализмнен сонда не күтесіз өзіңіз? – деп сұрағанда қыз:

– Иә мен өзімнің күнәға батып, өзіме-өзімнің қайшы келіп жүргенімді білемін! – дейтін еді қамыға мойындап. – Әйтсе де, сіздің сөзіңізді тыңдап, жұрттың бәрі бірдей бақытты болуы мүмкін екендігін қиялдау – сонша тамаша да нәрсе бір, – деп кекетеді.

Бірақ, қыз соншалықты ақымақ емес еді. Өмірді өзінше елестетіп, ізгілік атаулығы іңкәр болатын. Керек жерде өз ойын ашық айтудан да жасқанбайды.

Бұл қыздың өмір мен адамды қауіп пен қасіретке лық толы, түпсіз терең махаббатпен сүйетіндігін жігіт сезетін еді; өз сенімінің қыз жүрегін қытықтап, момақан махаббаттың құмарлыққа айналатын кезін ол сарыла күтті; оған қыз барған сайын сөзін көңіл қоя тыңдап, жан сарайында өзімен жарасқандай боп та көрінген еді. Сөйтіп ол тағы көңілді күйедей күйсеп, қарайтып, уландырып бара жатқан ескі бұғаудан адамды, халықты, адамзатты азат ету жолында қажымай күресудің қажет екендігі жайында барған сайын жалындап сөз қозғай берді.

Жігіттің саналы әңгімесін ынта-ықыласымен тыңдайтын қыз өзі табынатын поптардың пікіріне қарсы айтылатын ойды қабылдай алмайды. Сөйтіп қыздың ішінде тұлғаның екіге жарылу процесі орын алады. Бір жағынан құмарлық, жігітке деген ғашықтық ынтызар етсе, екінші жағынан санада сан ғасыр бекіп алған түсінік тырп еткізбейді. Жазушы проблеманың өзін ғана айтып, жалаңдыққа ұрынбайды. Ішінара оның салдары мен себептерін түсіндіреді.

Бір күні ол үйіне ұзатып әкеле жатып, қызға «сені сүйемін, сондықтан маған әйел болуыңды қалаймын» деген еді, осы айтқан сөзінің қызға қандай әсер еткендігін көргенде, өзі тіпті шошып та кетті: жігіт тап бір қойып жібергендей, тәлтіректеп, көзі шарасынан шыққан қыз аппақ шөлмектей болып, екі қолын артына жасырып, қабырғаға арқасын тіреп сүйене қалды да, оның бетіне үрейлене қарап:

– Бұлай боларын өзім де аңғарған едім, мұны ішім сезген еді, өйткені сізді көптен бері өзім де сүйетін едім, бірақ, жасаған-ай, енді не болар екен? – деді.

– Менің де, сенің де қол ұстасып жұмыс істесетін бақытты күндеріміз басталады! – деп еді жігіт саңқ етіп.

– Жоқ, – деді қыз төмен қарап. – Жоқ! Махаббат жайында екеуміздің сөйлеспеуіміз керек.

– Неге?

– Некемізді шіркеуде қидырар ма едің? – деді қыз ақырын ғана.

– Жоқ!

– Ендеше қош бол!

Соны айтып қыз оның қасынан дереу тайып отырды.

Жігіт оны қуып жетіп, ары-бері айтып көріп еді, қыз оның сөзін қақпай үн-түнсіз тыңдап болды да, содан соң:

– Мен өзім, шешем мен әкем – бәріміз де діндар адамдармыз әрі сол күйімізбен өлмекпіз. Қалалық тіркеуде қиылатын неке – мен үшін неке емес: егер ондай некеден бала туа қойса, оның сорлы болатынын білемін. Махаббатты тек шіркеуде қиылған неке ғана нұрландырып, тек сол ғана адамға бақыт пен тыныштық береді, – деді.

Жазушы бұл әңгімеде адамдардың ар-намысына тиетін пікірлерден өзін аулақ ұстайды. Жеке басқа табынушылық пен құлдық сана туралы өткір пікір айтып отырса да, қыздың адалдығына нұқсан келтірмейді. Кей жерде оның ұстанған бағытын ақтап алады. Шешім қабылдауды оқырманның өзіне қалдырып, ақыл мен сенімді бір-бірімен тайталастырады.

Тауы шағылған жігіттің қызды еркіне көндіріп, бас қосудың бір жолы бар болатын. Кей кезде сезімге беріліп кететін қыздың пәктігін құрбан етіп, қалағанын жүзеге асыруды ойлайды. Бірақ, ол да адамды құл етудің бір жолы екенін ескеріп, ондай зұлымдыққа барудан саналы түрде бас тартады. Осындай деталь Оралхан Бөкейдің «Жылымық» деген шығармасында бар. Басты кейіпкер жігіт көзі көрмейтін сұлу қызды еркіне бағындырса да, оның болашағына кесірін тигізбес үшін құмарлықты бұғаулайды. Кейін осы әрекеті үшін оны Жанар есімді кейіпкер хат арқылы сынға алады ғой...

Максим Горькийдің әңгімесінің соңында қыз жаман ауруға шалдығып, өзінің ұстанымына адал күйінде өмірден өтеді. Жігітке айтқан соңғы сөзінде ағынан жарылып, өзінің қателігін мойындағандай болады.

– Кешір мені, сенің алдыңда айыптымын, ағаттық істеп, сені әуреге салдым. Қазірде, өлуге айналған кезімде дінімнің, сенің тілегің мен тырысқаныңа қарамастан, өзімнің түсіне алмаған нәрсемнің алдында тек қана үрей екендігін сезіп жатырмын. Бұл – үрей еді, бірақ қаныма сіңген сол үрейді бірге ала туып едім. Басымдағы өзімнің немесе сенің ақылың болғанмен, жүрегім жат, сенің айтқаның дұрыс, сөзіңе түсінсем де, бірақ жүрегім сенімен келісе алмады... – дейді.

Кейін жігіт осы сөзді үнемі ой елегінен өткізіп жүреді. Мүмкін, өмірден өтіп бара жатқаннан кейін, менің көңілімді қалдырмас үшін әдейі айта салған шығар деп күмәнмен қарайды.

Шығарма үлкен ойларға қорытынды жасауды оқырманның еншісіне қалдырады. Осы әңгімені оқыған сайын менің көз алдыма тұмшаланған, бет-перденің әр жағында ұлты, ұлысы белгісіз адамдар елестейді. Немесе керісінше ауладан сондай адамдарды көргенде орыстың осы бір жазушысы жазған әңгімесі ойға орала береді.

Әңгіменің соңы:

... Күн сәулесі аясында жасана киініп, жайнаңдай ағылған ала-құла адам селінің ағынына думанды бір ду ілесіп, балалар самбырлап, сықылық атады; әрине, жұрттың бәрі бірдей желпініп, қуанып жүрген де жоқ, сірә, қаралы күйік қапсыра құрсаулаған қыруар жүрек те, қайшылық қалжыратқан талай-талай ақыл да болу керек, бірақ бәріміз де бостандыққа, азаттыққа қарай ағылып келеміз! – деп аяқталады.

Біз қай бағытпен жүріп келеміз?

Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар