Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың жазушылығы бір төбе болса, драматургиясы бір төбе. Болмысы бөлек жазушының драматургиясы елімізден бөлек шет елдерде де зор бағаға ие. Бұған жуырда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен жазушының шығармалары негізінде қойылған спектакльдердің республикалық театр фестивалі толық дәлел бола алады.
Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында өткен театр фестиваліне қарап қазақ-қырғыз бауырлас елдерінің мәдени байланысы жаңа деңгейге көтерілді деуге болар. Фестивальге қырғыз елінің 9 театры қатысып, өнер сайысы барысында олар қазақстандық автордың 12 шығармасын сахналады. Бәйге қоры 12 аталым бойынша 700 мың сомнан асты. Бұның өзі жазушы абыройының асқақ екенін көрсетсе керек. Себебі, мұндай үлкен қаржы тек Қырғызстан театрының ұлттық ‘Эргүү’ сыйлығы кезінде ғана беріледі екен.
«Қырғыз сахнасымен менің байланысым үзілген емес. 22 жыл бойғы еңбектің нәтижесі – осы. Осы бір үлкен шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Қырғыз елінің мәдениет және туризм министріне және осы 9 театр басшыларына, режиссерларына, актерларына алғысымды білдіремін», - дейді автор.
Қырғызстандық «Жастар» театрының «Айна» спектаклін сахналауымен басталған фестивальде жазушының «Моно Лиза», «Тағдыр», «Актриса» сынды танымал спектаклі қырғыздық театр көрермендерінің көңілін бірде шалқытып, бірде толқытты. Айырқалпақты ағайынның «Нарын» театры болса Рақымжан Отарбаев шығармаларын сегіз жылдан бері сахналап келеді екен. Жазушының өткен ғасырдың 90-жылдарындағы алғашқы “Абуталип-апенди” пьесасы Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында белгілі театр режиссері Искендер Рыскулов саханалаған екен. Сондай-ақ, жазушының “Тағдыр” пьесасы Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында 500-ден аса сахналанған екен. Бұл егемен қырғыз тарихында рекордтық көрсеткіш. Бұдан бөлек қырғыз театрларында қазақ драматургтерінің пьесалары бойынша 10-нан аса спектакль қойылған
Фестиваль қорытындысы бойынша театрдын көркемдік жетекшісі, режиссёр Марат Козукеевтің режиссерлығымен қойылған жазушының "Актриса" спектаклі бас жүлдеге ие болды. Осылайша, «қара сөздің тұтқыны» атанып, қазақтың тарихын, қоғамның көкейкесті мәселелерін шығармаларына арқау еткен жазушының айырқалпақты ағайынды рухани серпілтіп алды.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.
Көп талқыланғандар
Ұшқысы келетін тауықтар
Тілек Ырысбек. Мені поэзияға әкелген балалық шағымдағы комплекстерім