Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ерлан ЖҮНІС: ДАЛА МЕН ПАМПА

29.06.2017 2667

Ерлан ЖҮНІС: ДАЛА МЕН ПАМПА

Оңтүстік Американың ұланғайыр даласы пампа деп аталады. Пампа перзенті қыран ғана ұша алатын қазақы қыр баласындай тәкаппар. Түзге қарап ұлитын түздің ұлының жүрегінде бөрінің қылы бар. Ұлы түздің жіміле жалғанды жайқаған түкті жүректі жалғызы жүрек биігінен маңғаз көз салады. Маңғаздығы – сұлыпының марқалығы, болмысының бекзадалығы. Жақсыға үйірсек, жайсаңға бауырсақ дала баласы пампа перзентін жатсынбайды. Тіпті, оны өзіне ұқсатады да. Аргентина пампасы – қазақ даласы секілді – еркін де мәртебелі. Пампадан келген адам – түз адамындай асау да асқақ. Аргентина ақыны үшін еркіндік пен табиғилықтың, тектілік пен адалдықтың, тазалық пен тәкаппарлықтың нұрлы үлгісі, ақ бесігі – пампа, пампадан келген адам.

«Пульперияда үнсіздік. Өзіңмен өзің боп,

Жалқы іштің. Жаныңда жалғыз атың – серігің.

Бурыл тартқан самайда буырқанған кезің жоқ,

Алақанға сызғандай маңдайыңда өмірің.

Бұлттар сенің еркіңде, қарлы асқар шың – жер тәжі,

Түз долысы желменен серт байласар өрлігің.

Кең маңдайың даладай. Терең түскен төрт әжім

Қиылысып, қоршардай, оның еркін кеңдігін» - деп жырлайды модернизмнің экзотикалық поэзиясына өзінің қарапайымдылығымен, өмірді шынайы бейнелеуге деген ұмтылысымен жай түсіргендей болып келген, сондай-ақ, сенсильизм мектебінің негізін қалаушылардың бірі Бальдомеро Фернандес Морено. Ол жалғыз атынан басқа жанында ештеңесі жоқ пампалық адамға – түздің еркін ұлына қасиетсіздік пен қажеттіліктерден ғана тұратын қалалық өмірдің торлы терезесінен қызыға қарайды. Ал, поэтикалық образ пластикасын өте жетік меңгерген сезімтал ақын Рикардо Молинари болса, пампада адасып жүрген өзінің көлеңкесін, яғни шынайы бейнесін іздейді. Ностальгиялық мөлдір де момақан мұңдарға қанаты малынған ақын жүрегі өзін ерте көктемдегі жалғыз да үркек жабайы үйрекке ұқсатады. Самал желден басқа ештеңе туылмайтын тәтті де мұңлы әлди мен әлпештің күрең даласына жүрегімен сүңгіп кеткісі келеді. Иә, Аргентина ақындарының жүрегі жабайы үйрекке ұқсайды. Тегінде, үйректі киелі құс деуге саятындай. Әйтпесе, біздің шалдар өлеңді «көкала үйрек» демесе керек еді ғой. Жүрек – жабайы үйрек өзінің азатсүйгіштік болмысымен, далалық табиғатымен күйбің тірліктің торына – еріксіз кеуденің қапасына сыйғысы келмейді. Ол өзі үшін белгілі бір догмалар мен аксиомалардың, ережелер мен шектеулердің шешім шығарғанын қаламайды. Даланың өзінің жазылмаған һәм жазылмайтын заңдары бар. Ол сонымен жүргісі келеді. Және ол мүлде анархиялық азғын еркіндіктің нұсқасы емес.

«Жол тапсын жүрек ізгі бір,

Құрметке лайық шешімі.

Жүректе – тағдыр тізгіні,

Жүректе – бақыт есігі...»

деп, жаңа сөз жасаудың асқан шебері, өлеңінің көбісі афоризмдік нақтылыққа құрылған Эзекиель Мартинес Эстрада таңдау еркін жүрекке берсе, қоғамының сұп-суық немкеттілігі мен мейірімсіз немқұрайлығының ызғарынан үсіп қалған жанының жапырақтарын жырға айналдырған сәтсіз тағдырлы ақын әйел Альфонсина Сторни:

«Жаңғырықтай, жүректер жауап бере алса,

Ұмыт қалған қайта түлер ме өлілердің дауысы.

Бәлкім, бәлкім ол дауыс құс даусымен ән салып,

Аппақ нұрға бөлер ме, бөлер ме еді бау ішін?!

Ізгілікті бұл жүрек сіңірумен бесіктен,

Машығады өлімге, өмірге де асығар.

Біздің басқа тумастай үйренуге кешіккен,

Жалғыз әртіс ойнайтын драмаға машығар.

Шарықтайды, құлайды, гүлдеді де күйреді,

Тәңір жаққа ұшуды меңгеруде ынтығы.

Бір үмітсіз дүние – шын өлуді үйрену:

Бір әр сәтте өлеміз, өлу үшін бір күні» - деп, жүрекке жүгінбесек те, ақырғы сөз соның аузында дегенді айтады. Жүрек – жабайы үйрек – ұлттық болмыс біздің еркімізден тыс бір сәтте кенеттен күмбірлеп сөйлеп қоя берсе, бірталайымыздың тексіздігіміз ашылып қалар еді. Бірақ жүректің сөйлеуіне барлығы үдере тұрып бір жақтан қарсы дауыс береді. Бізге жабайы үйректен гөрі асырандысы, әсіресе, табаққа салынып дастархан үстіне келгені көбірек ұнайды. Сондықтан да ол қолға үйретіліп, шарбақтың тесігінен ғана еркіндікке мөлие қарап тұрады. Ол шарбақтың тесігінен нені көрді? Көз алдында киесі үріккен қала көшелері...

Міне, Морено бірде-бір гүл өсірілмеген қырық сегіз балконды сұп-сұр үйге қарап өлең оқып тұр:

«... Тышқан түстес балконнан үрікті екен жаз қайда,

Тастар езер жанымды тасбауырлық сертімен.

Қалай сонда, бұл жерде ақын өлең жазбай ма,

Жыламай ма сұлулар сағыныштың дертінен?!»

Жоқ! Өлең де жоқ, сағыныш та жоқ. Тек қана сәл әріректе адасқан үміттерінің батыл қадам басуына сәл де болса мұрсат бергені үшін Буэнос-Айрес көшелеріне ризашылық сезімін білдіріп тұрған Хорхе Луис Борхес қана бар.

«Верленде бір сөз бар еді, есіме түсе бермейді.

Жақын бір маңда жалғыз көше бар,

Кеше жүріп өткенмін – қайта баспасқа.

Бөлмедегі айнадан сәттерім көшеді әр,

Бір күні мені ол да көрмейді.

Әлдебір есікті жаптым мәңгіге ашпасқа.

Кітаптарымның ішінде маған ыстық біріне қарадым,

Ешқашан батылым жетпеген ашуға.

Осы жазда елуге толамын,

Демек, ажалым қасымда».

Борхес те көкала үйректің пампаны бетке алып ұшар күнді сағынып жүргенін іштей сезінетін секілді. Түннің қиратындыларының арасында жоғалып кеткен ұзынтұра мас көшелерде жыр оқып тұрған Рауль Гонсалес Туньон кеметұрақтағы әрбір қағңыбасты өзіне ұқсатады. Түнгі аспанда бал-бұл жанған жұлдыздардан басқа жер бетінде ештеңелері жоқ адамдар үшін тост көтереді. Оларды бұл жалғанда қызыл шараптан өзге ешнәрсе жылыта алмайды. Һәм жылыта алмақ емес. Жас балаша мәз болады олар, өйткені жарық дүние оларға көрден басқа дәнеме де сыйлай алмайды. Ал жұмысшылар мен жастардың, қарапайым шаруалардың арасында өте танымал болған Армандо Техада Гомес бұл көшелерден қаңғырған жас балапан бүлдіршіндерді көреді. Балалықтың аппақ таңында біреудің қап-қара жаны мен арын, уақытты, тарихты, яғни газеттерді сатып жүрген балаларды көреді. Көшеде туып, көшеде өскен силлиондаған балалардың тағдырынан өз тағдырын айырып ала алмайды. Дәл осы балақандардай, көшеде адасып кеткен махаббатқа қалай тұлға боларын білмей ызаланады.

Ол «Алғашқы жалғыздық» атты өлеңінде өзі мен анасының арасындағы мұңды ғана емес, осынау бақытсыз балалар мен қоғам арасындағы сенімсіздік пен сезімсіздікті жырлағандай. Баланы сүймеген қоғамнан, қоғамды сүйетін бала шыға ма?

«Анашым бүгін еміренбеді,

Аймалай қарап, айнала жүрдім.

Бәрі де текке, қабақ бермеді,

Маңдайын сүймеді марқадай ұлдың.

Анашым маған рахым қылмайды,

Иен дала құшам, ызадан өлем.

Сары меңіреуде Күн лапылдайды,

Шаңқайған түсте шытынап әлем.

Қарауыл түгіл, мысық жүрмейді,

Қалған көңілдей құлазыр көше.

Қалай өлемін – соны білмеймін,

Болмаса егер қасымда шешем».

Бала өледі, өлсе – сол қоғамның жүрегінде өледі. Орны – қара дақ.

Мінеки, асыранды жабайы үйрек – үйретілген жүрек шарбақтың тесігінен осыны көреді.

Бұл – жиырмасыншы ғасырдың екінші ширегіндегі Аргентина поэзиясының жүрек лүпілі. Мүмкін, асау жүректің аласұруы. Жалпы, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі тарихи жағдайларға байланысты Аргентина әдебиетінде екі ұдай күш пайда болды. Оның бірі басында Леопольдо Лулонес пен Хорхе Луис Борхес тұрған «Флоридо тобы». Олар «Өнер өнер үшін» деген ұранды өздеріне басты қағида етіп алып, Еуропа мен Құрама Штаттарда сол кезеңде аты шулап тұрған барлық «Заманауи» саналған декаденттік ағымдарды Аргентина әдебиетіне алып келе бастады. Ал, «Өнер өмір үшін» деп ұрандаған «Боэдо» тобының өкілдері реализм мен ұлттық әдебиеттің дәстүрлерін дамытуды мұрат тұтты. Арльт пен Альваро Юнке секілді прозаик-ақындар осы топтың көрнекті өкілдері саналды. Жиырмасыншы жылдары поэзияда «солақай» өнер, яғни, формалистік елігушілік билік құрды. Тек отызыншы жылдар аясында «солақай» өнердің бірқатар өкілдері, нақтырақ айтсақ, К.К.Итурбуру мен Р.Гонсалес Туньон елді экономикалық тығырықтан алып шығу үшін, жұмысшылардың рухын көтеру мақсатында шынайы прогрессшіл поэзияға бет бұрды. Қалай болғанда да, ақиқат біреу – Өнер – жүрек үшін! Оның шыққан жері – жүрек, барар жері – жүрек. Ал басқасы жүрекке жете алмағандардың әуресі. Лугонес қазасына арналған Морено элегиясында мынадай жолдар бар еді:

«... Бәлкім, біз үнсіз қалармыз,

Сен оны естімеген соң».

... адам үнсіз қалғанда, жүрек сөйлей бастайды!

Ерлан Жүніс

(Өлеңдерді аударған автор)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар