Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлттық кейіпкерлеріміз брэндке айнала ма?!

30.06.2017 6785

Ұлттық кейіпкерлеріміз брэндке айнала ма?!

Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақтың жарқын көрінісі. Ал бүгінгі ұрпақ нені көреді? Қандай батырымен мақтанады? Кімге еліктейді, кімге қызығады? Осы сұрақтарға жауап іздесек, жауаптың жетегінде желініп кететін сияқтымыз. Көк жәшіктің көбіне бармай-ақ, азынан алдаусырап көрейік. «Балапан» телеарнасы кішкентай балапандармен бірге барынша қазақтың тілін сақтауға, тәрбиені беріп баптауға атсалысып жатыр. Дегенмен бұл күнде көпшіліктің сұранысында шетелдік мультфильмдер мен басты рөлдерді сомдайтын құбыжықтар. Әрбір отбасыдағы екінші бала «Nickelodeon», «Cartoon Network» арнасын көреді десек, шатаспайтын шығармыз. Ал бұл арналар қандай мультфильм көрсетіп, қандай үлгі бермек?!

Көк жәшіктен көзін алмай, арнаны ауыстыруға қолы бармай көретін бүлдіршіндердің «Волшебные родители» мультсериалы ата-атаның әрекетін мазаққа айналдырып, мұғалімді құрметтемек түгілі артына шанышқы тығып, балық ілгендей қармаққа «қарық» қылып, ұстазды іліп қояды. Тақтаға қосу амалын жазып тұрып, әлгі мұғалімсымақ құбыжыққа айналып кетеді. Қолындағы борын аузына толтырып, темекі тарту үлгісін таныстырып өтеді.

«Турбопес» мультфильмін көріп, жаға ұстайсыз. Қоғамдағы жағымсыз қылықтардың көрінісін, орындалу тактикасын, қайтарымды нәтижесімен қосып, дайындап береді. Бұл мультфильмде арнайы құрылғы орнатылып, әлемдегі тышқандардың барлығын жиып, ұрлық-қарлық пен сұмдық жасауға үйрету көрсетіледі. Онсыз да ұрлыққа ұрынып бара жатқан қоғамға бұл бір таптырмас әдіс болатыны анық. Бұл көріністер сананы сандырақтармен улап жатқан тәсілдердің тек шеті ғана. Төріне жету үшін, төзіміміз таусылар. Сонда да сорақыларын санап өтейік.

Турбопес» мультфильмі

Өмірге келіп, талпынып, оны тану қандай қиын болса, ал өле салу – бүгінде оп-оңай. Ата-анаңа ашулансаң, ілмекке ілініп, өле саласың. Сүйгеніңмен ажырасып кетсең, қолыңды кесіп, көре саласың. Тесттен өтпей қалсаң, дәрі ішіп, мүгедектікке төзе саласың. Сол сияқты «Обычный шоу» мултьфильмінде өлтіру деген нәрсе әп-сәтте орын алады. Адамды көлікпенен қағып кету, бір адамды өлтіріп, оны шелекке салып кету сынды іс-әрекеттер көптеп кездеседі. Санаға сыйымсыз әрекеттерді санамалап көрсетіп, өлгендердің мүрдесін оңай жоғалтуға да жол ашып қойған. Не басы жоқ, не аяғы жоқ атыс-шабыстың куәгері болып, қуғын-сүргіннің ортасында масаттана күлген құбыжықтарға тәнті боласыз.

Мінекей, осындай адам төзгісіз дүниелерді бесіктен белі шықпаған балғындарымыз көріп отыр, санасына ит тірлікті түйіп отыр. Бұдан ұрпақ кім болады? Үлкенді құрметтемек түгілі, арамдықты бойына міндеттемек болмай ма?!..

Тақырыпқа бойламас бұрын ұлттық, фольклорлық кейіпкерлерге сипаттама жазып, олардың бейнесін біріздендіруге атсалысып жүрген филология ғылымдарының кандидаты Сая Ағанасқызын әңгімеге тартқан едік.

«Фольклор – халық өмірінің айнасы» деп тегін айтылмаған. Фольклорлық шығармаларды зерделеу арқылы халқымыздың салт-дәстүрімен етене танысып, діни наным-сенімін аңғарамыз.

Фольклорлық кейіпкерлердің көпшілігі бұл күнде ұмытылып бара жатыр. Оларды қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа таныстыру арқылы бір жағы ұлттық тәрбиемізді насихаттасақ, екінші жағы көне мұраларымыздың жаңа қырын ашар едік.

Балаларымыздың басым көпшілігін электронды ақпарат құралдары тәрбиелеп жатқаны баршаға аян. Онда қазақша өнімдердің үлесі өте аз екені де белгілі. Шет елдік мультфильмдер мен хабарларды көріп өскен қазақ баласы төл фольклорлық кейіпкерлеріміздің барынан да бейхабар десек артық айтқандық болмас. Шет ел фольклорының бас қаһармандары немесе батыстық аниматорлардың қиялынан туған құбыжық кейіпкерлерді кез келген қазақ баласы қайдан көрсе де тап басып, түсін түстеп айтып береді. Бұған жас ұрпақты кінәлай алмаймыз. Өйткені бүгінгі бүлдіршіндерді ғаламтор бетінен де, көгілдір экраннан да, баспа өнімдерінен де, ең аяғы күнделікті жарнамалардан да халық ауыз әдебиетіндегі желаяқ, көлтауысар, таусоғар тәрізді халықтық қаһармандар емес, шет елдік аниматорлардың өнімдері қаумалап жатыр.

Баланың санасына мультфильмдер арқылы сіңіп жатқан жат образдар ойыншық түрінде қолына ұсынылып, қиял әлемін жаулап алады. Балаларға арналған баспа өнімдеріндегі түрлі-түсті суреттер арқылы сәбидің дүниетанымына араласып, сүйікті кейіпкеріне, еліктейтін піріне айналады. Хат таныған жеткіншек, әрине, тәрбиелік мәні зор қазақ фольклорының нұсқаларын емес, сәби күнінен санасына таныс болған кейіпкерлер туралы ақпараттарды іздеп оқиды. Сөйтіп, түрі қазақ болғанмен, танымы жат ұрпақтар легі қалыптасады.

Қазақтың ұлттық болмысы, тілі, мәдениеті, тарихы атадан-балаға мирас болып келе жатқан аңыз-әңгімелерінде, батырлық жырларында, ертегілері мен шешендік сөздерінде, жұмбақтары мен жаңылтпаштарында сақталған. Фольклорлық кейіпкерлердің портреттерін жасау жастардың ғана емес, ұлттың рухани мұрасын танып-білсем деген кез келген адамның қиял әлемін қанаттандырады.

Енді «Фольклор кейіпкерлерін қалай брендке айналдырамыз?» деген сұраққа көшейік. Ол үшін ең алдымен кейіпкерлерді біріздендіру керек.

Қай кейіпкер болмасын кез келген өнімде бір түрмен, бір сипатта берілу керек. Мәселен, осы күнде экранымыздан жиі көрініп жүрген Алдар көсенің түрлі мультфильмдерде, кітаптарда т.б. баспа өнімдерінде 24 түрлі нұсқадағы суреті берілген. Тіпті, сол нұсқалардың ішінде Алдар көсені сақал, мұртымен салып қойғаны да бар. Яғни мұнымен біз қазақ балаларының санасын шатастырып отырмыз. Біз көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп Алдардың бір ғана бейнесін беруіміз керек. Осы бейнеге қарағанда бала Спанч бобты жаңылмай танығандай, Алдар көсені де жазбай тану керек.

Инновациялық технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, қолда бар мұраларымызды жастар арасында насихаттау бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Фольклорлық кейіпкерлердің суретшілер сомдаған, бірізге түскен бейнесінің негізінде түрлі мультфильмдер түсірілсе, әртүрлі материалдардан жасалған қуыршақтар сомдалса, түрлі-түсті көз тартарлық кітаптар шығарылса, бүгінгі бүлдіршін хат таныған уақытында фольклорлық мұраларды қызығып оқыр еді деген ойдамыз.

Бұл жерде балалардың жас ерекшеліктері ескерілу керек. Әртүрлі жастағы балаларға арналған түрлі-түсті суреттермен иллюстрацияланған кітаптар, монитордан бейнесін көру мүмкіндігі бар аудиокітаптар, мультфильмдер жасап шығару, ұлттық кейіпкерлердің қатысуымен компьютерлік ойындар, бояма кітаптар, дыбысталатын қуыршақтар басқа да мүсінді ойыншықтар шығару ісін қолға алған жөн. Және осы істердің барлығы кешенді түрде жүргізілуі керек. Барлығында кейіпкердің сипаты, үстіндегі киімі, қолындағы атрибуттары бірдей болу керек.

Фольклорлық көне сюжеттік желіні пайдалана отырып, бүгінгінің танымына лайықтап қызықты сценарийлер жазылса жастардың өткенге деген қызығушылығы оянады. Сол арқылы жас ұрпақты ұлттық рухпен сусындатуға болады деген ойдамын...».

Қазіргі капиталистік әрі жаһандану тамыры терең жайылған әлемді не билейді? Қоғамға әсер ететін ең қуатты фактор не? Әрине, ақпарат. Әсіресе, оның бұрын-соңды болмаған бүгінгі тасқыны мен әралуандығы. Егер 21 ғасырға дейін ақпарат іріктеліп, сұрыпталып, әлеуметті билік пен қоғамдық қатынас тәрбиелесе, бүгінгі ұрпақтың дамуы мен тұлға болып қалыптасуы ғаламтор, музыка, фильм, т.б. арқылы берілген ақпаратқа тікелей тәуелді. Расында да, ата-аналарымызға болашақ технологиясы болып көрінген ғылым жетістіктері қазіргі ұрпаққа қарапайым ғана өмір қажеттіліктері болып есептеледі. Ал планшет, айфон, ноутбуктен көз алмайтын цифрлы балалар (әлеуметтануда 2000 ж-дан. кейін туылғандарды солай атайды) нені көреді? Кімге еліктейді? Шабытты қайдан алады?

Міне, жаға ұстататын жағдай - тәуелсіз Қазақстан балаларының шетел мультфильмдерінен көз алмауы. Егер осыдан 3-4 жыл бұрын әрбір екінші бала «Nickelodeon», «Cartoon Network» арналарын үйден шықпай, тынбай жатып қараса, бүгін ғаламтордың қыр-сырына қанық бүлдіршіндер соған ұқсас сайттар іздеп, әр алуан анимациялардың шексіз ресурсына ие бола алады. Бұл нені білдіреді? Балаларды қызықтыратындай заманауи мультфильмдердің, анимациялардың, т.б. цифрлық өнімдердің болмауы. «Балапан», «Тәтті алма», Балалар әлемі» алаңдары отандық бағдарламалар мен мультфильмдерді көрсеткенмен, заманның талаптарына толық сәйкес келеді деп айта алмаймыз.

Өлім, қатігездік, ата-анаға қарсы шығу, өзгенің өмірін қадірлемеу т.б. Батыс әлемі үшін қалыпты, бізге азғындырушы болып көрінетін шетел көрсетілімдері элементтерінің мол болуы баланың санасына кері әсерін тигізеді. Ұлттық танымға деген қызығушылығын төмендетіп, қазақы тұрмыс пен ділден бесіктен белі шықпай жатып бездіреді. Демек, өзгенің ұлттық дағдысы мен өміріне әуес, жат жұрттың сөзін сөйлейтін, өз Отанына үрке қарайтын ұрпақ қалыптасуына әсер етеді. Әрине, біз өзге халықтың өмір философиясын, олардың қоғамға үйреншікті болып көрінетін әлеуметтік құбылыстарын сынамаймыз. Бірақ ұрпақ тәрбиелеуде толеранттылыққа тоқтамаймыз. Өйткені Еуропаға аңсары ауған жастарға күмәнмен қараймыз. Ал Жапония, Америка, Канада, т.б. секілді мемлекеттер әлемді немен жаулады? Әрине, өздерінің тарихы мен ділі негізінде қалыптасқан брэндтерімен. Сондықтан да ұлттық брэндті қалыптастыру бүгінгі күнде ауадай қажет.

Алғашқы қадам жасау үшін, біз жұртшылықтың «Қазақстан» дегенде, көз алдына туындайтын ассоциацияларға мән берейік. Міне, ең танымал жауаптар: «мұнай», «Астана», «Назарбаев», «кең дала», «үлкен мемлекет», «киіз үй», «Ресей», «Байқоңыр», «ою-өрнек», т.б. Мұнда ұлттық кейіпкерлер де, тарихи тұлғаларымыз жоқ. Экономикасы өрлеген, тарихы күңгірт сурет туындайды. Ащы шындық. Енді балалардың сүйікті кейіпкерлерін сұрасақ, «человек паук», «Спанч боб», «Наруто», т.б. жүздеген шетелдік кейіпкерлерді жатқа айтып береді. Демек, өзіміздің ұлттық кейіпкерлеріміз бен тарихи тұлғаларға ерекше мән берілу тиіс. Ал оларды ұлттық брэндке қалай айналдырамыз?!

Әлбетте, цифрлық кезең анимация, мультфильмдер мен ойындар бірінші кезекте тұрады. Отандық түсірілімдерден «Алдар көсе», «Қошқар мен Теке», «Тимур мен Жаник», анимациялық ертегілер қалың көрерменді баурағанымен, мультипликациялық нарықты толтыра алмайды. Біз кешегі КСРО боданы емеспіз, азаттық таңы атқаннан бері әлемнің озық технологияларын меңгердік, әлемнің үздік үлгілері көз алдымызда. Ресейдің «Союзмультфильмі» секілді өткен ғасырдағы идея мен ресурстардың тапшылығында емеспіз. Бірақ сонда да бұл салада кемелденуіміз баяу. Не себепті? Ұлттық брэнд пен әдебиеттің өзара байланысын, даму заңдылықтарын зерттеген филология, философия, мәдениеттану, кинотану т.б. салаларындағы ғалымдардың еңбектерін қарастырғаннан кейін, көптеген шындықтарға көзің ашылады.

Жарқын мысал ретінде анимэ өнерін талдайық. Әлемді «манга» өнерімен жаулаған Жапонияның ұлттық кейіпкерлерін күллі әлем жастары жатқа біліп қана қоймай, олардың тарихы мен ерекшеліктерін ары қарай қызығушылықпен қазбалайды. Біріншіден, арал тұрғындарының мұндай жетістігі олардың дизайнға ерекше көңіл бөлгендігінен. Дүние жүзі мойындаған «Marvell», «DC Comics» империяларының өзі олардың жетістіктеріне жете алмаған. Сыншылар арасында мұнда жапондықтар мангасының жетістігі барлық жанрларды қамтуынан деген үстірт пікір қалыптасқан. Мәселе онда емес. Жапондар Батыс авторларына қарағанда адам кескінінің шынайы әрі сымбатты кейіпте болуына мән береді. Кейіпкер мінезі мен антропологиялық сипатын, әрекеті мен кескінін, мифтік, фольклорлық кейіпкерлердің жаңа заманның шындығымен тепе-теңдігін шебер сақтайды. Сол себепті де «Наруто», «Шаман Кинг», «Атака титанов» т.б. Қазақстанда және әлемнің барлық елдерінде танымал. Сондықтан да «манга» мен «анимэ» әлемнің мультипликация нарығының 60%-ын қамтиды. Енді біздің өнімдерінің алғашқы кемшілігін таптық. Дизайн мен эстетикалық қырларында бірізділік жоқ. Не анимация, не комьютерлік 3D, не мультфильм екендігін білмейсің. Екіншіден, қазақтар антропологиясы шығыс және батыс халықтарынан өзгеше келеді, соны да ескеріп тыңнан жаңа сипат табу үшін ұлттық таным мен әлемдік тәжірибе бар креатив керек. Жоғарыдағы ассоциациялардың бірінде «ою-өрнек», «кең дала» айтылды. Біз осындай детальдарды ерекше идеялармен ұштастырып қолдана білсек қана ілгерілейміз. Мұнда ою-өрнектердің мыңдаған түрін экранға шығаруға болады. Бірақ заманауи талаптарды ұмытпағанымыз жөн. Сонда ғана біздің кейіпкерлер өзге өнімдердің көшірмесі не креативтің нәтижесі болмайды. Демек, динамика, креатив, дизайн...

Екінші қадам – қоғамнның қажеттіліктерін білу. Біліп қана қоймай, жаңа заман талабына сай олармен келісу, сапалы туынды түсіріп, әдебиетімізбен байланыстыру. Шыны керек, қазіргі коммуникация және тіршілік қайнаған дәуірде балаларды атыс-шабыс, экшн қызықтырады. Үрдіс басталып кетті. Жұртшылық (көбінесе миллениалдар мен х ұрпағы) мультфильмдердегі қатігездік, т.б. факторларға сынды төгеді. Бірақ онсыз бірнәрсе түсіру мүмкін болса, дамыған елдер әлдеқайда оның шешімін табатын еді. Сол үшін өзіміздің ұлттық кейіпкерлерімізді қызық сюжетті анимацияға шебер салып, қиыннан қиыстыру керек. Немесе қарапайым адамдардың (Алдар Көсе, Тазша бала, Қаңбақ шал) өмірін суреттеу арқылы ғибрат беруге болады. Мұнда баланы құрғақ ақыл мен боямалы-утопиямен мезі қылмау керек. Тамаша мысал ретінде Ресейдің «Смешарики» мультхикаясын алуға болады.

Ұлттық кейіпкерлеріміздің қайнар көзі фольклорда. Жапония өнімдерінің кереметі де миф және аңыз кейіпкерлерін ұтымды қолдануы. Қазақ ұлттық кейіпкерлері біріздендіріліп, ақпараты мол берілген еңбектер жоқ емес, бар. Мұнда бірінші және екінші шартты толық сақтауымыз тиіс. Өйткені оларды балалар қызықтау үшін, ерекше эстетикалық талғам мен дизайнның шеберлігі қажет. Ал сюжеттер оқулықтар мен кітаптарда көп болғанмен, тың оқиғалы. Біз кешегі КСРО боданы емеспіз, азаттық таңы атқаннан бері әлемнің озық технологияларын меңгердік, әлемнің үздік үлгілері көз алдымызда. Бірақ нәтижесі көңілден шықпайды. Тың тақырып пен идеялар қажет. Жапония, Қытай, Кельттердің кейіпкерлерінің саны бізден 100-150 есе көп болғанымен, олар мифтік және аңыздық кейіпкерлердің жалғасы ретінде жаңа образдармен толықтырылып отырды. Егер біз тек ұлттық кейіпкерлерімізді халық онсыз-ақ білетін оқиғалар шеңберінде экранға шығарсақ, істің басы тәтті, аяғы ащы болады.

Ерекше көңіл бөлетін нәрсе – кейіпкерлердің сөздері мен образы. Бүгінгі күні балалардың көретіні екі тілде (соның өзінде орыс тілі басым) болғандықтан, олар біздің медиада артық, шұбалаңқы сөздер мен нақыл сөздер, орынсыз мақал-мәтелдерге көңілдері толмайды. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, Whatsapp, Facebook заманында жастар қысқа да нұсқа коммуникацияға бейімделген. Түсірілімдердегі кейіпкерлердің қалыптасқан сөзуарлығы көрермендерді мезі қылады. Психолингвистер мен кинотанушылардың пікірінше, түсірілім тарихи жанрда болғанның өзінде көрермен заманының сөз қолданыстары мен әзілдері болуы тиіс. Сонда ғана балалар кейіпкерлерге еліктейді. Сөздерін қайталап, әрекеттерінен үлгі алады. Мұндай тепе-теңдікті ұмытуға болмайды.

Брэндке айналдырудың жолдары көп. Анимациядан басқа балалар ойындарын да қолға алуға болады. Олардың брэндке айналуы, әлемге танымал болып, мемлекетке импорттан қаржы түсіруіне ойындардың рөлі үлкен. Мысал ретінде «Angry birds» ойынының экранға шығуын айтуға болады.

Брэнд - маркетинг пен бизнестің ұғымы. Батыс елдеріне саяхаттағанда көптеген ұлттық нақышта қалыптасқан кейіпкерлердің аттракциондар паркілерінде, көшелердегі суреттер мен тұрғын үйлердің қабырғаларында салынғанын байқайсыз. Алысқа бармай, өзіміздің дүкендеріміздегі «Angry birds», «спанч боб» т.б.танымал кейіпкерлер суреттерінің оқушылар заттарында, тамақ қағаздарында тұратынына көз жеткіздік. Демек, брэнд – рухани және материалдық қажеттіліктердің танымалдығы, олардың өзара синтезі деуге болады. Қорытындыласақ, ұлттық кейіпкерлеріміздің ерекше қыр-сырларын тек заманауи талаптарымен байланыстыра білсек қана ілгерілейміз. Сонда ғана сапалы отандық ресурстарды шығарамыз.

Мөлдір Бақытқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар