Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясындағы әйелдер тағдыры

09.06.2017 6284

«Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясындағы әйелдер тағдыры

Әдебиет атты тылсым да құдіретті ұғымның қоғам өміріндегі, ұлттық руханиятымыздағы орны ерекше. Қай заманға да, қай ұрпаққа да болмасын әдебиетсіз, тарихсыз кезең жат нәрсе. Кез келген ұлттың өз тарихы мен әдебиеті тәуелсіздігімен бірге мәңгі жасай береді. Дәуірдің өзі көрсетіп келе жатқандай, тек өткенің терең білген, қатпар қыртысынан бүгінгі күн үшін қорытынды жасай білген халық қана ұлы руханият төрінде тиісті орнын алады.

Сондай өткеннің бірі, қатпар қыртысымызда талай жыл ескерусіз қалған, кешегі кеңестік қыл шоқпардың дәуірінде тиісті бағасын ала алмай, халқымыздың тарихында елеулі орын алған тұлғаларымыз қаншама. Олардың көркем әдебиетте тарихи шыңдықтан тыс сомдалған. Әсіресе, кеңестік кезеңде жазылған көптеген шығармалардың тарихи шыңдығы мен көркемдік шешімдері тиісті бағамдарын ала алмай келді. Тарихи тұлғалардың және олардың көркем әдебиеттегі көркем образдары әлі дұрыс берілмей жатыр. Өскелең ұрпақ оны танып білу үшін ол шығармалардың қайсысын оқиды. Сондықтан да қазіргі тұста біздің мақсатымыз шама парқымыз келгенше олардың шынайы шыңдығы мен көркем бейнелерін дұрыс беруге жол сілтеу. Осындай бейнелер мардымсыз берілген шығармалар қатарында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері Ақтоқты» пьесасы көзімізге ұрынып ақ тұрады.

Ғ. Мүсірепов — қазан төңкерісінен кейін қазақ даласында жаңа туған театрдың көрнекті драматургтерінің бірі. Ол қазақ драма жанры жаңа туып, дамып келе жатқан отызыншы жылдардың басынан осы жанрмен белсене айналысқан. Ғ. Мүсіреповтің қаламынан туған «Қыз Жібек» (1934) музыкалық драмасы (кейін осы аттас операның либреттосын жазды), «Қозы Көрпеш—Баян сұлу» (1939), «Ақан сері—Ақтоқты» (1941) пьесалары театр сахналарына койылып, 50-60 жыл бойы театр репертуарынан тұрақты орын алып келеді. Ғ. Мүсіреповтің драма жанрындағы аса көрнекті туындысы —«Ақан сері—Ақтоқты» пьесасы.

Драматург - ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы күреске толы кезеңде ғұмыр кешкен сал серінің өмір шыңдығын негіздей отыра жазып шыққанымен, басқада көркем образдардың бейнелерін дұрыс аша алмаған. Бұл жағынан келгенде Ғабит Мүсіреповті кінәлау орынсыз. Өйткені сол кездегі идеологиялық басты фактор қызметі араша болса, екіншіден өзіміздің ұлттық салт дәстұр, әдет ғұрпымызды, ұлттық ментилитетімізді танытатын құндылықтарды ысырып тастау, үлкен қателік болды. Жазушы ән өлеңдерінің, серілер өмірін, шығармашылығын тереңнен ашса да, туындыдағы ұлттық психология халық жанның пәктігін, өнергет деген құрметін, сал серілік, әншілік өнердің асқақтығын пьеса танытып-ақ тұр. Бұл тұрғыда жазушы шеберлігіне күмән сөз жоқ.

«Ақан сері Ақтоқты» трагедиясындағы әйелдер тағдыры үлкен шиеленісті дау-дамайдын рөлін әкеліп отыр. Пьесадағы Ақтоқты, Мәрзия образдарының тарихи шыңдығы және де көркемдік шешімді драматург қалай қолданды. Кейіпкерлер тарихи тұрғыда өмірде болған адамдар. Бірақ олардың трагедиядағы көркем образдары шығармада мүлдем қате сомдалған. Сонықтан да зерттеу мақаламның басты жетпеген жемісі Әйелдер тағыдырының көркемдік шешімін танытып, тарихи тұлғалардың және көркем образдарын ашу. Пьесадағы Ақтоқты, Мәрзия бейнелері, өмір жолы тарихи деректен алшақ кеткен. Шығарма тарихи тақырыпқа арналған. Жалпы көркем шығарманың кейіпкерлері өмірде шың болған тұлғалар. Бірақ көркем туынды жазу барысында жазушы көптеген кейіпкерлердің образдарын ашуда көркемдік бейнелерін таныта алмады. Кешегі Ақанның кім екенін өскелең ұрпақ танып білсе де, Науан Хазірет, Жалмұқан, Ақтоқты сынды тарихи тұлғалардың бейнелері кешегі солақай саясаттың құрбаны болып кете барды.

Ал енді пьеса барысын бастан аяқ қысқаша шолып щықсақ: негізгі басты көтерілген мәселе әйел теңдігі, махаббат мәселесі сөз болады. Махаббат бостандығына ұмтылыс жасайтын бас кейіпкер — Ақан мен Ақтоқты. Трагедиядағы негізгі тартыс әлеуметтік мәселе төңірегәнде өрбиді. Бір жағы — қаныпезер Науан Хазірет бастаған, ескішіл кертартпа, Жалмұқан сынды жыртқыш топ, екінші жағы — ақын, сері Ақан рухтандырған ілгерішіл қауым, әділдікті пір тұтқан өскелең шоғыр арасында дәуірдің түбірлі қайшылығы көрініс береді. Пьесада Науан қазірет мешітті көз ғып ұстап, өзінің арам істерін жүргізіп жатады деп суреттеледі. Ол өзін шариғат насихатшысы санағанымен, діннен көбінше бейхабар, надан ретінде көрсетеді. Тіпті өз тоқалы Мәрзияны өлімге қиған. Бірақ бұл оқиға қазір бізге оғаш көрінер, ертедегі қазақ салтына бұл сыйымды болған. Шариғат заңымен жүрген қазақ бұл жағдайды тосын көрмеді.

«Дауың болмаса жазығы не еді Мәрзияның, оны да өзің айтарсың?» деп келген Жылкелді, тағы басқа Мәрзияның дауын даулап келген адамдармен де қалай сөйлесудің ебін Науан біледі. Ол төре тұқымынан шыққан Жалмұқанға Қоңқай деген момынның сұлу қызы Ақтоқтыны әперетін болып, жаңа бір қиянат бастайды. Жазықсыз жапа шеккен жеңгесі Мәрзия үшін қазіретпен қатты қақтығысқан Ақан сүйгені Ақтоқтының еріксіз ұзатылуы тұсында ерекше тебіреніске түседі. Осылайша, пьесаның басынан аяғына дейін жауыздық, зорлық иесі Науанмен алысушы, олармен күресуші Ақан болады. Тіпті шығармның дамуында Жамандар сал серілерді, ақындарды ғайбаттайды, өздерінің зорлық зомбылықтарын көрсетуші ретінде, ал Ақан осындай үстем тап өкілдерімен күресуші, тек қана жақсылықты, шығдықты сүйген қауым өкілінің көрінісі секілді бейнеленеді. Ақынға тілектес, ниеттес, халық өкілдері — Балта, Жылкелді, Мәрзиялар тым әлсіз күштер.

Ал Науан қазірет бастаған топ — бүкіл діндар, қожа, төре, бай мен би, атқамінерлер мен пысықайлардың қалың тобыры. Түптеп келгенде пьеса композициясы осылай түгенделер болса, жазушының да алып шықпақ басты кейіпкері Ақан екені көзге ұрынып ақ тұр. Басты трагедияны ақын трагедиясы ретінде ала отыра, әділетсіз қоғам алдында жеңіліске ұшыраған Ақан тарихы бейнеленеді. Әрине бұл құбылыс заңды шығар. Өмір заңы, қоғам заңы дегендей. Ақан сол заңның амалсыз құрбаны болған қаһарман. Дегенмен де Ақан бастаған жаңашыл топтың іс-әрекеті, қараңғылыққа қарсы күресі тарих сахнасында із қалдырды, жаңалықтың, бостандыққа ұмтылудың ұрығын септі.

Ғ. Мүсіреповтің «Ақын трагедиясындағы» Ақан осындай қаһарман. Ал шығарма тартысында жазушы Науанды Ақанға қарсы қояды. Ал шынайы Науанның тарихи бейнесі солай ма еді? Кешегі қазақ даласын діңмен тазартып, қазақ шариғат жолында, ата дәчтүрді сыйлап, салт дәстүрдің руханиятын бұзбаған Науанның не айыптылығы бар. Қазақстанның халық жазушысы, күнi кеше арамыздан кеткен марқұм Сәкен серi Жүнiсовтың: «Ақан сері» романындағы: «Бұхардан оқып келгелі Науанның мазасын алған үлкен мақсаты бар. Ол-қараңғы елдің көзін ашу: “Хадымша ғана шала оқыған дүмше моллалардың бар уағызы құранның жаттанды сүрелері, өздері шала білетін алланың расулы Мұхамбет пайғамбардың хадистері. Есләм діні қазаққа тарағалы не заман, содан бері Бұхарға, Хиуаға барып оқып келмесе, ел ішіндегі оқу бір қырдан асуға жарамайтын деңгейі төмен, арнасыз білім”»,-дей келе Науан Хазіреттің сол қоғамдағы шала-жансар білім алған молаларға күйінішпен қарайды да, сондай молалардан сауат ашқан «Ақан сияқты зерек адамдардың пайдасы аз сабақтан ығыр болып, зерігіп, тастап кететіні де содан», деп тұжырымдайды.

Науан хазіретті тарихи тұрғыда зерттеген, соның өміріне байланысты зерттеулер мен көптеген деректер жинастырған тарихшы ғалым, профессор Қ. Әбуевтың еңбегі ерекше зор. Ғалым ағамыз Науанды тарихи тұлға, қайраткер ретінде таныған. Өз зерттеуінде: «Науан Хазірет – рухы биік, жан-жақты білімдар, ағартушы, халқының қамын жеп, болашағын болжаған, оған мұсылмандықтың шапағатын жоюға бүкіл өмірін арнаған қайраткер». Тіпті пьесада оқиға шиеленісіп, Науан Жалмұқанға:

Төре тұқымы ұсақтап барасың,

Қарабайырмен сүйек жаңғырт...

Қоңқайға күйеу боласың,

Ақ патшаның баласына лайық қызы бар... деп тіптен ақанға қызғаныш өртін тұтандырады. Бұл жайған көркем туынды, оның беретін бағасы өмірден бір ғана үзім көрініс. Ал, шынайы тарихында Ақтоқты Жалмұқанның інісіне атастырылған. Ол ата дәстүрін бұзып, шариғат жолына нұсқан келтіріп, некелі ант су ішкен Ақтоқты Ақанмен махаббатын өртін тұтатуы орынсыз. Ал бұл тұста Науанның іздегені әділдік, шариғаттан аттамау. Біреудің некелі қатыны жат еркекпен әуегей болу қазақтың қай ортасынан көріп еді. Ондайларды бірден шариғат жолымен кінәға тартқан. Тіпті байлаулы Ақтоқтыға келген қолдарына құрым киіз ұстаған, әндетіп бір топ келген кемпірлер жеңілдік жасай ала ма?

Тіпті I-кемпір: «Бала ақ едің ау, Ақтоқты!»,

II-кемпір: «Қайғылы дегені осыма, өлең айтып отыр ғой!» деп, кейбіреуі аяушылық танытқандай жылы сөздер айтып қояды. Бірақ еріксіз салттан асып ешқайда бара алмайды. Мәрзия образы тіптен ойдан алынған бейне. Науан Хазіреттің ондай әйелі болмаған. Ақан екеуі Тінәліқажының қыздарына үйленіп, Сері екеуі біріне бажа болған. Сонда Науанның көркем шығарма желісі бойынша айтар болсақ, Мәрзиядай сауықшыл, шошақай тоқалдың Науандай Хазіретке үлкен сын емес пе? Ол ертен шариғат заңынан аттар болса, қараңғы қазақ қауымы діңнен безініп, салт дәстүрді сыйламай, қалың қауым діңсіз болушы еді. Көркем туындыдағы негізгі тьартыстың кеіпкер әйелдері Ақтоқты да, Мәрзия да Науанға қарсы қойылған кейіпкерлер. Бірақта бұл жерде тағыда мынанаы умытпауымыз жөн Науан, Ақтоқты, Мәрзия, Жалмұқан образдарын, жасауда автор сол кездегі кеңестік идеологияның қаламы тамып тұрған кез, екінші дінге деген көзқарастың өзгешелігінен барған. Жазушы-драматург Ғ.М.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясында ақын өмірінің екінші жағы көрінеді. Дінге, қараңғылыққа қарсы күресу, әйелдердің бас бостандығын аңсау, сан бөгет кездессе де, өзінің ғашықтық арманына жету жолында арпалысу, халқына рухани тәрбие беретін нәрсе дін емес, азат көркемөнер екеніне жұрттың көзін жеткізу жолында қара күштердің тегеурініне төтеп бере алмай, трагедияға кездескені көрсетіледі. Ғ.Мүсіреповтің бұл шығармасы тікелей махаббат жайлы, сүйіспеншілікті бейнелейтін туынды емес. Ондағы негізгі арқау - өткен ғасырдағы қоғамдық - әлеуметтік өмірдің шындықтары екені де дау тудырмаса керек. Сонда да бізге бұл шығарма ең алдымен маздақ махаббат туралы тамаша туынды болып көріне береді. Оның себебі, Ақан мен Ақтоқты арасындағы, дәлірек айтқанда жас ару мен сал сері арасындағы шынайы, шарпысқан сезімдердің көріністері болғандығы аян. Ал пьеса оқиғасында Ақанға тіпті Жалмұқанды да қарсы қояды. Жалмұқан Науанның қолдаушысы, бай төре тұқымынан.

Тарихққа жүгінетін болсақ, Ақан да, Жалмұқанда бір бірімен дімдес, сыйлас адамдар болған. Осы орайда композитор, зерттеуші Ілия Жақановтың эссесінде былай делінген: «Сонда Жалмұқан Көкше еліндегі келелі-келелі жиындарда, ас-тойларда игі-жақсылардың ортасында Ақан Серімен дәмдес боп, терезесі тең жүрген. Ақан Серінің жері — Кеңащы мен Саумалкөл. Жалмұқан жері — осы Қызылағаш. Арасы қырық-елу шықырым ғана. «Ә!» дегені естілетін әудемжер. Аралас-құралас ел. Ақан Серінің Ақтоқтыға елеңдей беретін жөні де бар. Жүрек ісіне айла жоқ. Ақан Сері соның әлегіне бағынған шерменде. Рас, Жалмұқан мен Ақтоқты бас қосқан алғашқы жылдарда Ақан Сері жүрегін тілім-тілім еткен арманын ұмыта алмаған. Ақтоқтыға аңсары ауып, талай рет келіпті де. Ақтоқты болса, өзінің бақытты екендігін айтып: «Ақан, енді тұнығымды лайламасаң болады» десе, Жалмұқан: «О, серім кел… кел! Әніңді сағындық. Жат масайрап осы ауылда. Мауқыңды бас,серім!» — деп Ақан Серіні аттан түсіріп алып, ел-жұртты таңғалдыра құрмет көрсетіп, Қызылағашты әнге бөлеген. Күндіз әнмен дуылдасса, жұлдызы самсаған айлы түндерде төсекті көк саздың үстіне салдырып, Ақтоқты үшеуі қатар жатқан. Ақан Сері Жалмұқанның осы мәрттігіне сенерін-сенбесін білмей басы қатқан». Ел арасында Ақан сері мен Ақтоқты туралы айтылып келген біраз аңыз әңгімелерді оқи отырып, «Ақан, Ақтоқты, Жалмұқан хикаясының шындығы» деген көлемді бір мақалаға тоқталып өтейік.

Онда біршама деректер келтіріліп,айтылған мәселелер нақты фактілермен дәлелденген. Ақтоқтыны алып қашқан Ақан құтылмайтынын білген соң, Ақтоқтыны аттан лақтырып жібергендігін, оның жараланғандығын жазады. Шынтуайтында оқиға басқаша өрбіген. Ақан сері қызды алып қашқанда жаужүрек Жалмұқан мен оның серіктері артынан қуып береді.

Қуғыншылар: «Айырылып қалдық-ау, құтылып кетті-ау?» деген сәтте Ақан мен Ақтоқты Есіл өзеннің алдында жатқан кәдімгі сарымиға келіп тіреледі. Осы кезде қуғыншылар да жетеді. Ақан сері аттан секіріп түсіп «маған бұйырмаған Ақтоқты, Жалмұқан саған да жоқ»,-деп Ақтоқтының қабағының үстін қанжармен орып түсіреді. Қызыл қаны аспанға шапшыған Ақтоқты талып құлайды. Бар адам жапа-тармағай соған ұмтылғанда, Ақан атына мініп кетіп отырады. Бұл оқиғаның шын мәнісінде болғанын Ақан серінің:

«Басыңды сарымида кесіп тастап,

Құныңмен даулассам ед өлгенімше», - деген сөздері дәлелдейді. Мұнан шығатын қорытынды: Ақтоқты аттан құлағанда жараланбаған. Оның айдай аппақ ақ жүзіне қанжардың мәңгілік өшпес таңбасын Ақан өз қолымен салған. Ал қазақ поэзиясының тұран іспеттес, поэзиямыздың алтын қазынасын көтерген Мағжан Жұмабаев «Ақанның өмірі» зерттеуінде былай делінген: «Ұрқия өлгеннен былай Ақанның жаны қасіретке ұрыла бастайды. Ұрқия өлген жетінің ішінде Ақанның жақсы көрген бір інісі өліп, қасірет үстіне қасірет жамылады.Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді. Ақан айналып Ақтоқтыға келеді» деп, келеді.

Енді қайта айналып келгенде, Ақтоқтыны ұзатқалы жатады. Ақтоқты өкпесін айтып, разы еместігін білдіреді. Ақан да Ақтоқтыны алмақ болады. Оның үстіне Ақтоқтының беріліп отырған күйеуі ақсақ екен, Ақан оған да біраз сықақ қылып өлеңдер жазады:

Бәрекелде, Ақтоқты, тап қаңына,

Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа.

Бұдан артық құдайдан не тілейсің,

Шолақ қасықыр түсіпті қақпаныңа... деп мысқыл қылыпты Ақан. Бірақ қайсар, қайратты Ақтоқты қыз бқрылмай, өздегенімен кете барады. Осыдан кейін Ақтоқты Ақан жүрегіне дақ түсіріп, оның ашулы зарлы әндері шығады. Қалың Қарауылға аты шыққан Ақтоқты арумен қөңіл қосқанда, Ақан өзінің алты алашқа мәшһүр Құлагерін кезіктіреді.

Белгілі өнертанушы зерттеуші ғалым, жазушы Ілия Жақанов өзінің «Жалмұқан-Ақтоқты зерттеу-эссе» еңбегінде: «Мен ұзақ жылдар бойы Жалмұқан мен Ақтоқты тағдырын Арқадағы көне көздерден, көбіне ескі әншілерден, қария сөздеріне зерек, қилы-қилы тарихтан ықтияттап дәптер жүргізген кісілерден мысқалдап жүріп жинадым. 1980-жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде Біржан Салдың 150 жылдығы қарсаңында Көкшетауға келіп, қазақтың классикалық әнінің ұлы атасының өмірін зерттей бастадым. Осы жұмыстың үстінде Ақан Сері жайында да қым-қиғаш сырлар қозғалды; әсіресе, оның Ақтоқтымен байланысты беймаза өмірі, бұрын тек «жағымсыз кейіпкер» ретінде датталып келген Жалмұқанның бейкүнә келбеті таң-тамаша ғып ашыла түсті; оның біз білмейтін беймәлім жайлары келе-келе молайып, толыса берді.

«Қарауылдың Жақсылық атасы күні бүгінге дейін Ақан Сері мен Ақтоқты оқиғасын намыс қылады. Бұл елдің адамдарымен бұл жөнінде сөйлесу оңай емес, ол ыңғайға келе бермейді. Ол сырды қозғау қиямет. Ертеде осы Қызылағашта Ғабит Мүсіреповтің «Ақан Сері-Ақтоқты» пьесасы қойылғанда қариялар өре түрегеліп: «Асылымызды қорламай тоқтатыңдар, түге! Жалмұқан мен Ақтоқтының сүттей ұйып өткен өміріне дақ салмаңдар бүйтіп! Өніп-өсіп отырған бұл әулеттің бала-шағаларының көңіліне қаяу түсірмеңдер! Осы келген беттеріңмен қайтыңдар, бұл ауылдан тайып тұрыңдар! Бізге жалған сөз керек емес!» деп артистерді қабылдамай, қуып шығыпты.

Енді бір деректерде Жалмұқан мен Ақтоқты үйірлі шүбірлі болып, көп жыл отасып, бақытты өмір сүрген дейді. Осы жайында тағы жа Ілия Жақанов былай дейді: «Бойы теректей тіп-тік, қараторы, құс мұрынды, қыран көз, сымбатты жігіт: — Ағалар, жол болсын, мен Жалмұқаннан туған Уәлидің баласы Жәменнің ұлы Балташ деген жігіт боламын. Ал, мына шашы тікірейген дәу сарының есімі — Ибрагим. Өзі мұғалім. «Құлагердің өліміне жазықты» делінетін Батыраш — Қотыраштың тұқымы, — деп ащы мысқылмен қымсына езу тартты, — бірақ, Мағжан ақын мен Илья ағамыздың еңбектерінде осы екеуміздің аталарымыз «жағымсыз кейіпкерлер» емес.

Бір тәубамыз сол! Біз Жалмұқан атамыз бен Ақтоқты әжемізге күмбез тұрғызамыз деп мына Ибрагим маған көмектесіп, екеуміз шапқылап жүрген жайда едік. Ал, енді тәңір иіп, үлкен жолдың үстінде кездестік өстіп. Әне, сонау орманды алқаптың кең төріндегі ауыл — біздің Қызылағаш. Ауылға кеп тұрсыздар, жүріңіздер. Жалмұқан мен Ақтоқты әулетімен танысасыздар…» десе тағы осы әңгіменің әрісінен қозғап: «Ақтоқтының келін боп түскен жері — Жақсылық елі. Бұл жалпақ жатқан әнші ел қалың Қарауылдың іргелі атасы. Жалмұқан, Ақтоқтыдан – Тоқмұқамбет (Тоқан), Уәлиахмет (Уәли), Әбусапия, Мұқамбетқали (ел жайлауға шыққанда туған соң Жайлау атанып кеткен), Сұлтанахмет және Майра, Қанипа. Бес ұл, екі қыз. Майра ұзатылайын деп оң жақта отырғанда кенет қайтыс боп кетеді де, оның орнына Қанипа ұзатылады. Сүтемгеннің бар дәулетін Жалмұқан ұстаған. Ол бай баласымын деп шолжыңдап, ағыл-тегіл ырысты рәсуа қылып текке шашпаған.

Қарағайдан әшекейлеп үйлер салдырып, ішін көз жауын алған жиһаздармен безендіріп, орыс қалаларына сауда керуенін жүргізіп, ауылға өрелі мәдениеттің қалпын енгізген. Арғы аталарынан жалғасқан имандылық қасиетті қастерлеп баққан. Медресе салдырып, діни кітаптар жиып, терең білімді молдалар ұстап, балаларды Алланың ақ жолына, ізеттілік пен ізгілікке, ақ адал еңбекке тәрбиелеген. Ақтоқтының Жалмұқанмен баянды өмірі бұл әулетке ерекше көрік берген. Ақтоқты есік аттаған күннен бастап, атасы Сүтемген, енесі Науан ажарына ақылы сай келінінің пейіліне көңілі толып, Жалмұқан екеуіне бар тауқыметтің екі шылбыр, бір тізгінін ұстатқан». Бірақта Ақтоқты мен Ақан сері аясында махаббатынң болғандығы бар сияқты. Өйткені Ақан сері әндерінің көбісі Ақтоқтыға арналған. Ал, айт-айтпа, Ақтоқты есімі әнде аңыз боп қалып қойды. Ол Ақан Серінің: «Ақтоқтының сыйпаты», «Ақтоқты», «Ақтоқтының аужары» әнінде

Манар таудың басында қайың, арша,

Оң жағында әкемнің болам

қанша,

Сүйген жармен кете алмай

арманда боп,

Өмір шіркін өткені осылайша, — деп шер төккен «Ақтоқтының зары» әнінде Ақтоқтымен болған махаббат хикаясы, міне, осы бес әнде осылайша шертіледі. Дегенмен өмірде шынымен де Ақтоқты анамыз, Мәрзия аналарымыздың көркем бейнелері бар. Олардың атқарған тарихи істері де тарихи шыңдық.

Ендігі мақсат Ақтоқты, Мәрзия образадарын дұрыс тани біліп, жалпы сол кездегі кеңестік тұста жазылған әйелдер тағдырын біз жаңашыл көзқараспен бағамдап, бүгінгі ұрпаққа қазақ әйелдерінің қайсар да, қайратты, кешегі Томирис, Тұмар ханшайымдардай өжет, Айғанымдай қайраткер, Зере мен Ұлжан анадай ақылды, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздарымыздың бейнелерін жастарымыз оқып, үйрену. Кезіндегі тоталитарлық жүйедегі, идеологиялық қан тамып тұрған, үстемдіе еткен кезеңде туған Ақтоқты, Мәрзия образдары бүгінгі жаңа әдебиеттің жарқын бейнесіне айналмақ. Енді жоғалтқанымыз табылып, ойсырағанымыз орнығуда. Осындай тұста біз тұлғалар тоғысын умытпауымыз қажет. Тұлғалардың бейнесі, көркемдік образдары әлі әдебиетімізде жасала бермек.

Айгерим Наурызбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар