Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Зейнолла Серікқалиұлы: Адамның ырысы көбінесе іргесінде жатады

29.06.2017 1886

Зейнолла Серікқалиұлы: Адамның ырысы көбінесе іргесінде жатады

СЫРТ СҰХБАТ

«Сырт сұхбат» айдарында қазақ әдебиетінің маңдайалды сыншыларының бірі Зейнолла Серікқалиұлының «Сын кітабымен» сұхбаттастық. Сыншыға бұл кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық берілген болатын.

Әдеби сын жинағы арқылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған санаулы қаламгердің қатарындасыз. Әдебиетте өз мүмкіндігіңізді толық пайдаланып үлгердіңіз бе, әлде мына жалған аз ғана ғұмыр берсе, мызғыған әдебиетімізді сілкілейтін дүниелер жазар ма едіңіз?

Әдебиет менің тағдырым деп есептейтін біздің қай-қайсымыз да әдетте мықты дүнием әлі жазылмай, өмір өтіп бара жатыр дейтін өкінішті көп айтамыз. Жасарын жасап, тіршілік несібесін барынша татып үлгерген, еңбегінің рахатын көрген кексе тарланның да, армандай асқаралы мұратына жете алмай өзін-өзі қайраған көңілі күпті көкжелке жастың да кей сәт көкірегін қарс айыратын бір жұмбақ ой азабы бұл. Жо-жоқ. Өмір – өмір. Ол өз рыздығы, жарық күнімен, өз ағымымен. Өтіп бара жатқан өмір емес. Өмірге келуін келіп, өз бойына табиғат дарытқан, ана сүтінен бастап туған топырағың, өскен ортаң, бүкіл тағлым-тәрбиең санаңа сіңірген жаратылыс сыйлығың, күш-қайрат, білім-парасат байлығың ел-жұртың игілігіне жарытып жұмсай алмай, жазушы қаламын ұстағанына мәз, кітабыңның сапасымен оқушыңды жарылқаудың орнына санымен ғана жұбатып, күндеріңді, қызуыңды қадірсіз өткізіп алатын көбіне біз өзіміз...

- Кенже дамыған қазақ әдебиетінің осы күнге дейінгі өзекті әрі маңызды тақырыбына не арқау болды? Ақын-жазушылардың ендігі бағыты қандай болу керек?

Адамның ырысы көбінесе іргесінде жатады. Жасыңа жетпей шау тартып, қол созым жердегі түрлі-түсті қазынаны қызықтай алмаудың өзі де қасірет. Біз әдетте әдеби туындының қадір-қасиетін алдымен адамына қарай бағалаймыз. Бұл арада адам тағдыры қалай көрінді деген мағынада. Бәрі адамнан басталады, адамды танудан басталады. Қазақ әдебиеті дәл осы тұрғыдан еш нәрседен кенде емес. Саудагер де бар, сатқын да бар, мансапқор мен майысқақ, маймыл мінездер де жеткілікті. Өнер тілінде осылардың бәрі керек. Өйткені, олар бар өмірде. Әдебиет соларды әділ тануға, әділ тану арқылы жиренуге, түптеп келгенде сол жирендірер жексұрындықпен жағаласып күресуге көмектеседі. Қызмет бабын, арын, бәрін өз мерейінің үстемдігі үшін епті пайдаланып, қоғамдық мүддеден гөрі қарақан бастың қамын көбірек ойлайтын жүгенсіз өзімшілдікті ғана емес, солар көктейтін қолайлы қоныс – жағымпаздар мен жандайшаптарды жазбай тану арқылы да біз өмірлік тұғырымызды айқындай аламыз.

Алайда, үлкен әдебиет үшін қара шаңырақ, күретамыр – Адам дейтін ұланғайыр ұғым қандай көркемдік келісімін таппасын, әйтеуір, қайткенде де қос аяқты бір пенденің көрінісін көксеумен ғана шектеліп қала бермейді. Адам тағдыры қалай көрінді, сауалы қандай адамның тағдыры көрінді деп ерекше мүсінделетін жетекші тақырыпқа еріксіз алып келеді.

Біз өмірде қандай жақсылы-жаманды, ала-құла болсақ, әдебиетімізде де жоғарыдағыдай өзімізге ұқсайтындардың бәрі бейнеленуі керек деп білеміз. Әйтсе де, іргеңдегі ырыс – ең алдымен жанындағы жақсы адамдармен шырайлы.

Талант рухын көтеріп, құрметке бөлейтін де, арзан мүлкін ұсынған авторды жамағат-жұртшылық алдында айыптайтын да – ең алдымен қаламгердің өз туындылары; оның бүкіл жан-сезімін, көңіл-күйін аңғартар өз қаламының ыссылы-суықты іздері.

Ең талантты деген адамның жыр әлемі де, әрине, басынан аяғына дейін қылаңсыз, мөлдіреп тұра қоюы қиын. Әйтсе де, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дегендей, көркемдік сапасы ілгері-кейінді әр деңгейлі шығармалармен қанаттас туып та жақсы дүние – жақсы өмір ешқашан жарқырап көзге түспей қалмайды. Ақын табиғатын түсіну үшін біз ең алдымен оның осы табысын, өсіп-толысу, үйрену, іздену жолдарының бел-белесін ескере отырып қана өнер тірлігіне бойлай аламыз.

- Дегенмен «Осал шығарма ұлы ақындарда да кездеседі» деген желеумен поэзияға тым салғырт қарайтын болдық. Соның есебінен көз көрді, көңіл сендіден әрі аспайтын ақындар көбейген сияқты...

Ақындық деп аялатып, оқушы құрметіне бөлендірген, жұртшылыққа таныстырып, жылы лебіз естірткен санаулы сәтті туындыларымен шектеліп, оқушыға соның қалқасында шалағай, жасық дүниелер ұсынуды әдетке айналдырып алатын авторлар да кездеспей қалмайды.

Күнделікті өмірде біз мұндай көңілсіз күйдің талайына куәміз.

Қазіргі қазақ поэзиясының жай-жапсарын танытады деген жырлардың біразын оқушы қайсыбір кезде жарқылдақ салтанатқа бөленген, өзіне-өзі риза болып, айнала қоршаған дүниенің баршасына бірдей күлімдеп, масаттана қарайтын сауыққой жандардың бұлдыр елесін көреді. Ақындарымыз көзі түскен құбылыстарға орынды-орынсыз тамашалай беруге тым үйір-ақ. Ал нағыз өмір мұндайда өзінің бар тыныс-дүбірі, күрес-қақтығысымен осынау арзан дыр-думанның буында елеусіз қалып қояды.

Бүгінгі лирикалық жырда бақыт пен қуаныш сазы бірінші кезекте тұруы, әрине, заңды. Тек бұл сарындар жалаң берілмей, оның астарында толғанып, байсалды ой туғазарлық үлкен бір өмір жатса ғой. Ал қазақ поэзиясының жаңа шығармалары, әсіресе, жас ақындардың өлеңдері көбіне ойға жұтаң, сезімге жеңілтек...

Біздегі поэзия сынының деңгейі қандай?​

Поэзия сыны бізде әдетте не үздік, сәтті туындыларды дәріптейді, не түкке тұрғысыз шалағай шығармаларды сынап, үкім шығарады. Бұлай болуы, әрине, заңды. Тек бір өкініші, тәуір деген дүниеңіз талданбайды, мақталады. Ешқандай талассыз, кез келген адам мойындайтын сәтті туындының атын атап ардақтау да, көзге бадырайып көрініп тұрған, сауатсыз қолдан шыққандай бос сөздердің сылдыр ұйқасын сынап, кемшілігі жайлы жаттанды пікір айта салу да онша көп еңбек сіңіруді қаламайды.

Қазақ поэзиясында әртүрлі ақындардың мектебі қалыптасып үлгерді. Кейбір ақындар ойға тереңдеп, күрделілікке ұмтылса, енді бірі поэзияны сезімнің тілі ретінде пайдаланып жүр...

Бізде әдетте ақындарды ойлы ақын, сезімтал ақын деп екі топқа бөліп қарайды. Әрине, бір дарынның туындыларында ой, екіншілерінде сезім күйі басымдау жатуы мүмкін. Бірақ, қалай дегенмен, егер өлең негізіне алынған ой әркімнің шын өз жанынан, өз ақыл-парасатынан туса, жан дүниесінің елегінен өтіп, шеберлік бояуымен, ақындық құдіретімен қорытылса, ол ең алдымен, сөз жоқ, әсерлі. Оқушы назарына ұсынылып отырған шығарманың көркемдік құны, сапасы, ондағы сұлулық дәлдігі мен әуезділігі әрдайым терең ой, терең сезімнің қаншалықты үйлесімді, қаншалықты жарасымды шыққандығына тікелей байланысты болмақ.

Біз өлең ойға құрылсын деп жар салғанда, ол барша жағдайда көркем шығарма үшін орынды, қисынды бола бермейтінін ескере отыруымыз керек. Жыр өлшеміне түсірілген философиялық, жалаң ақылдылықтың қажеті шамалы. Ой өлеңде тек қана бейнелі берілуге тиіс. Ақынның маңдай терімен туғанымен, баурай алмайтын, сезімсіз, жалынсыз самарқау берілген ой да оқушыға ешқандай әсер етпейді.

Ой мен сезімнің бұл бірегей қатынасын бұлай тұңғыш дүрілдетіп сөз қылу тек біздің үлесімізге ғана тимес-ті. Орыс әдебиеті мұндай пікір алысудың талайын бастан кешірген.

Өзін толқытып, тебіренткен әрбір құбылыс пен сәтті туған әрбір ойға табынып, жүрегі жарылғанша қуана білу; өз талантының, өз еңбегінің құдіретімен тапқан осынау қымбат, бағалы қазынасын ақыл таразысына салып, жүрегімен қорыта білу – шынайы ақынның бірден-бір қасиеті. Сұлулық ләззатын тани білетін бір адам: поэзия дегеніміз – жас жанның ақылды, ойлы болуға талпынуы деген екен. Белгілі орыс ақыны Василий Феодоров бұл даналық пікірді жасамыс ақындарға қатысты керісінше тұжырымдап, поэзия – ақылды жүректің мәңгі жас күйінде қалу құштарлығы, өмір рахатын табынып, тамашалай сезіне білуі дейді.

Осы ретте балаларға арнап өлең жазатын ақындардың жоқтығын айта кеткен дұрыс сияқты?

Балаларға үлгі етіп ұсынарлықтай шын мәніндегі берекелі туынды бере алмай келе жатқан біраз ақындарымыздың негізгі себебі – олардың махаббатының олқылығынан, жетімсіздігінен, әйтпесе, бір теріс ниетпен жалған сөйлегендігінен емес шығар, керісінше, балалар поэзиясының өзіндік табиғатын жете түсінбегендіктен, жыр өзегіне алынған материалды игере алмағандықтан, ақындық шеберліктің жетімсіздігінен болса керек.

Белгілі бір шығарма жайында әділ сын айтып, әдеби ортамен пікір таластыру үлкен білім мен сезімталдықты қажет ететіні даусыз. Осындай талас-тартыстың бел ортасында ұзақ жүрген Сіздің ой-толғамдарыңыз өз кезегінде көптеген шығармалар төңірегінде пікір қалыптастырды. Сыншыға керек негізгі қасиеттерге тоқталып өтсеңіз?

Әлдебір шығарма жайлы ақтарылып отырып адал, әділ пікір алысу тек қана қаламгердің шығыс-кіріс балансын дұрыс есептеп шығару, мақаланың төрттен үш бөлігін құптама, қолпаштау сөздермен тығындап, қалған бір бөлігінде бірлі-жарым кемшіліктер төңірегінде бей-жай, қалғып отырып ақыл айту, жаназа оқу емес. Әлдебір шығарма жайлы ақтарылып отырып адал, әділ пікір алысу – өнер адамының көркем туындысы арқылы аңғарылған терең де ойлы сырын, өзіндік дара бейнесін тап басу; суреткерге деген жарқырап көрінген сүйіспеншілік, махаббат, оның бар арман-мұраты жүзеге асуына көмектесіп, бүкіл жан-дүниеңмен шығармасының мазмұн-байлығына ену; тамаша өмір жырының нәрін бойға сіңіріп, ой-санаң, ақыл-құдіретіңмен жүрегің жарылғанша қуанып, салтанат құру, рахатқа бөлену; өкінішті, жасық, алдамшы бір дүние ұсынған авторға өз ортаңның наразылығы мен көңіліңнің күйінішін айқара жайп салып, ашу-ызаңды бар болмысыңмен ағыңнан жарыла, ақтарылып айтып отыру.

Сөз жоқ, бізде жазушының әрбір жаңа шығармасы арқылы көрінген жалпы шығыс-кіріс балансын дұрыс есептеп шығаратын сырт бітімі бүтін, біркелкі әділ төреші сындар бар. Оларда сап түзеген пікірлер негізінен дұрыс беріліп отырғанына сіздің көбіне күмәніңіз болмайды. Шығарманың жетістігі жөнінде, кемшілігі жөнінде де айтылған. Пікір ара салмағы сақталған. Сыншы тіпті жақсы бағалап отыр делік. Тек бір ғажабы, бұл мақалалардан кейін бәрібір сіз сол мақталған кітаптарды қайткенде де оқып шығуға құмартпайсыз, қызықпайсыз. Неге?

Байыптап қарасаңыз, бұлар әдетте пікір айтушының бүкіл сезім дүниесі, көңіл-күйі төгіліп берілген отты, қызулы сындар емес екен. Керісінше әлдебір құбылысқа өз көзқарасын аса бір салқынқандылықпен сүйкей салатын қайсыбір болбыр флегматик жазғыштардың түсіндірмелеріне көбірек ұқсаңқырап тұрады екен. Сыншы өзі мақтап отырған жазушы талантының қай қырын аңғарып, қай тұрғыдан, қандай өшеммен табынып отыр. Сезім күйі, көңіл-күйі, алған әсері қандай? Өз әдебиетінің тағдырын ойлап, күйіп-пісіп тынышсыз толғануы, әділ қазылығы мақаласының әуенінен, қуатынан аңғарыла ма? Міне, біз көбіне осындай сұрақтар қойылған кездерде амалсыз күмілжіп қала береміз.

Жасыратыны жоқ, кейде тіпті әлдекімнің бір өнерпаздық сәтті сапарына шын жүрегіңмен қуанып, сол көңіліңді басымырақ білдіріп қойсаң да, жасық, жылымшы бірдеңе ұсынып, сеніміңді алдаған авторға ренішіңді аңғартып алсаң да, бұны саған табан астында күнә ғып тарта салатын, орынсыз жазғыратын, мақтау мен даттау мөлшерінің бірінен бірі асырмай, таразының басын тең ұстауға шақыратын арада көлденең төреші біреулер де табылмай қалмайды.

Кез келген ақынға айтылып жүрген: әр шумақ жырыңнан белгілі бір сәттегі бүкіл болмыс-бітімің, көңіл-күйің аңғарылып, қабақ кірбіңнің, жүзіңдегі нұр, көкірегіңдегі от лаулап, жалындап жатса екен деген орынды талап енді тұп-тура сыншылардың өзіне де арналатын кез жетті. Бұл жерде біз, әрине, ешқандай дәлелсіз бос мадақпен жер-көкке сыйғызбай, біреулердің бөркін қазандай қылып бөстіріп, керісінше, келесі біреулерін тарпа бас салып жерлеп, әдеби орданың ойран-топырын шығарып жүру деген тәрізді сылдыр уағызға беріліп отырмағанымыз белгілі. Дәлелсіз мадақ пен дәлелсіз жазғырудың өрісі тар.

Ақтарылып отырып, жан дүниесін айқара жайып салып пікір айтқан адам – шын сырын бүкпесіз, қалтарыссыз шерткен адам. Адал көңілін, адал пікірін айтса – ол оның әдебиетті сүйгендіктен, айрықша бір жауапкершілікті сезініп айтқаны. Әділ айтса – ол шығарманы танығандығы. Сондықтан да біз оған сенеміз, қалтқысыз сенеміз. Ал оқушысын бұлай сендірген, баурап алып, қызуымен, жалынымен орап алып сендірген сын, әрине, тегін сын болмаса керек. Сыншының айқын, берік бағдары, эстетикалық сезімнің жетіктігі, көкркемдікті тану, түйсіну қабілеті, білім-парасаты, мәдениеті, дүниеге, өмірге, көзқарасы, рухани жан сұлулығы, турашылдығы, оты – бәрі-бәрі қаз қатар тізіліп көрініп, жазушы мен сыншының шын мәніндегі туысқандық-достығы, бауырластық-бірлігі басталатын жер, міне, осы болар.

Сіз жапон әдебиетінің классик қаламгерлерінің еңбектерін жан-жақты зерттеп, талдап оқырманға ұсындыңыз. Соның ішінде Мұхтар Әуезов пен Хокусайдың шығармаларын салыстырып, тең қарастырғаныңыз сәтті шықты деп ойлаймын...

Шын суреткер – бір қалыптан шыққандай өз тегі, өз заманының ортақ ұлы ғана емес, ол – қайталанбас дарынды дара тұлғасымен, шеберлігімен, ерекше қатынас-көзқарасымен өзі жасаған сом суретке өз қолтаңбасын қалдыра алатын адам. Әрбір бірегей, кесек өнер туындысын бағалағанда біз бұл ерекшелікті ескермей кете алмаймыз. Бұл – нақты кұбылыс пен адам бауырластығынан туатын шындық.

Көркемөнердің дүниетанытушылық үлгісінің философиялық мәні дегеніміз – ең алдымен әр пенденің еркінен тыс, жаратылысынан оған мүлдем тәуелсіз ақиқат дүние болмысының адам санасында бейнеленуі. Ал жан иесі табиғатты тек жалаң, самрқау қабылдап қана қоймай, оның жасырын, жұмбақ тылсым-тұңғиығына бойлап, мән-мағынасын ашады, суреткерлік әрекете дарытады. Бұл – құбылыс сырын жете ұғынып, шынайы бейнелеу арқылы көрінетін рухани белсенді қатынас. Өнер мұраларының үздік үлгілері жаратылысты жан-жақты танудың жаңа бір қадамы ретінде қабылданатыны содан.

Әуезов те, Хокусай да шығыс өнерінің зергерлік дәстүрлерін жалғастыра отырып, өз шығармаларында табиғаттың мәңгілік құдіреті мен құбылма қасиетін мейлінше шынайы жеткізген. Әуезов әсіресе жаратылыстың іштей түлеуін, күш-қайрат тынысын біршама дәл береді, тау мен даланың аумақты, нышаналы келбетін мүсіндейді: «Шығыста Шұнайдың қос биігі, одан төменірек, бертін тұста жартасты сұлу тау – Доғалаң тұр. Бір кез, айнала үнсіз дүниені тамашалай қараған Абай көзіне Түйеөркештен, Қарауылдан төмен қарай созылған ақ дала түсті. Осы мол сардаланың жап-жазық бетінде Шұнай, Доғалаң, Орда сияқты таулар бір сәтте Абай көзіне тау емес, әлдебір ғажайып алып кеме тәрізденеді. Сары теңіз шексіз ұзақ жазық, толқынсыз тыныш теңіз тәрізденіп кетеді...»

Мұхтар Әуезов – өткен өнер ізгілігін жай жалғастырушы ғана емес, жазушы адам мен әлем сабақтастығын мүлдем жаңаша шешеді. Оның сүйікті кейіпкері Абай жаратылыстың баянды, мәңгілік мәселесінен бастап, өмір ағымындағы адам орны туралы, өз замандастарының, болашақ ұрпақтың сүйеніш-тірегі, тәрбиешісі ақын әспеті жайлы мәртебелі зор түсінікке жеткен. Әлеуметтік тартыстың шиеленіскен дәуірінде әділет мұратын ту қылып, жарлы-жалқыбайдың мұң-мүддесін қорғайды. Кедейлердің алғашқы қақтығыстарынан көп үміт күтіп, «туар күнге атой беріп жатқан қауым» деп зор сенім артады.

Хокусайдың «Толқын» өрнегінде де ежелгі шығыс пейзажында адам мен табиғат қатынасынан бұрын-соңды байқалмаған жаңалық шапағы көрінген. Жапон суретшісінің бейнелеу тәсілінен тың леп есіп тұр. Ол жаратылыстан от шашқан бір өр әуен іздейді. «Толқында» дүние дүлейі мен адам арпалысының ең қысылтаяң сәті бейнеленген. Іштей шиыршық атқан осы ерлік күресінен қарысқан қарсылықты аңғару қиын емес. Әйтсе де, адам мен табиғат тартысының трагедиясы Хокусай үшін енді бағзы заман қасіретіндей кәніг құбылыс бола алмайды. Бұл – тағдыр сапырылысының бір сәті ғана, нақты өмір шырғалаңының сезіміңді сілкіндірер көрініс күйі ғана.

Әр жанрда қалам тартқан әр дәуір суреткерлері Әуезов пен Хокусай шығармаларын талдау – жаратылыс жанын нақты, көрнекі құбылыс тұрғысында тікелей сезінуге мүмкіндік туғызады, дүние тынысынан байыпты біраз мағлұмат береді.

Өнер дегеніміз сонда адамға тәуелсіз өмір шындығының өз мазмұны, нақтылы ақиқат жайлы жеткілікті білім дарыта алар ма екен? Дау жоқ. Шын мәніндегі сұлулық туындысында идея, яғни адам баласының танымы әрдайым ақиқат сөзін айтуға тиіс. Осы идея, таным шымылдығынан көркемөнердің дүниетанытушылық қасиеті көрінеді. Өнер – өмір өрісін бейнелеп ашу.

Табиғатқа жан бітіріп, тіршілікпен қатар қарастыру қазақ ақындарына да жат емес қой...

Венгр ақыны Шандор Петефидің «Тауда» дейтін өлеңінде де адам қарсы алдындағы кең дүниені сүйсіне тамашалайды. Сұлулық онан оқшау, өз алдына жеке-дара көрінетін қасиет тәрізді. Туған жер көркі жан ләззатына бөлейтін қандай толғаныстар түрін де біз қазақ қаламгерлерінің кез келгенінен қалағанымызша таба алатынымыз хақ.

Табиғат құбылыстарының теңдестік, ырғақтық, ара-қатынастық белгілерінің өзі әдемілік ұғымымен барынша байланысты. «Жыр өнері туралы» дейтін эстетикалық еңбегінде-ақ Аристотель сұлулық сыры заттың көлемі мен орналасу тәртібінде деп көрсеткен. Жаратылыс көркінің құрылымдық белгілеріне Платон – өлшем мен теңдестікті, Леонардо да Винчи – арақатынас жарасымын жатқызады. Зерттеушілердің қай-қайсысын алсаңыз да, сұлулықты қашан да тек осы жарастық қатынасынан, теңдестік сазынан, түр мен ырғақ, бояу құбылысынан тапқан.

Орыс ғалымы Н.А. Дмитриева да «Сұлулық туралы» дейтін кітабында әдемілік негізін түрлі-түсті, сан-сапалық құбылыстар бірегейлігін туғызатын үндестікқатынастардан іздейді. Оның пікірі бойынша, өлшемдестік, әуезділік эстетикалық қасиетке жатады. Бұл – әдемілік түсінігімен тепе-тең.

Әйткенмен, адам сезімінен тыс бейтарап табиғат қалай десеңіз де бәрібір шын мағынасында соншалықты эстетикалық сапаға ие бола алмайды. Сұлулыққа сүйсінгенде Л.Толстой жайдан-жай, беталды бір жаратылыс жасаған ие шеберлігіне тамсанып, табынып отырған жоқ. Бұл арада әсіресе суреткердің табиғатқа өз қатынасын, әсерленген сезім бабын, көңіл-күйін, ақындық, нәзік рухани жан-жылуын, дарын, шабыт, шамасын сезбеу мүмкін емес. Әдемілік әлемін әділ танып, әділ бағалай алатын – тек адам. Асылында, сұлулық бірыңғай табиғат құбылысында ғана тұнып тұрмаған болу керек. Табиғи бастау (натуралистік монизм), әдемілік көркін адам қатынасынан тыс, тек біржақты көрнекі болмыстан іздеуу жеткіліксіз. Нәзік, сыршыл табиғат ақындарының бірі Әбу Сәрсенбаевтың мына бір суретті жолдарына үңіліп көріңізші:

Жерім, неткен әдемі едің!

Жұлдыз тізбек, түн ашық,

Шыңдар күміс өрімдерін

төскейінен күмбірлете құлатып,

Таңғы торғын шұғылаға

тоғытылып, мұнартады түстікте,

Көк майсаға қонып шыққан

мөлтілдейді бұла шық.

Бұл табиғат көрінісін жалаң, жалпылама баяндап түсіндіру емес, бұл – туған өлке тынысын мейлінше бейнелі мүсіндеу. Осы жолдардың өзінен-ақ риясыз ақын жанының дүние көркіне рухани көзқарасын, бағалау пейілін айқын аңғаруға болады. Көңіл-күй құбылысы да қызық: торығу, түңілу қасіретіне қарама-қарсы, кәдімгі ақжарқын аялы сезім – сүйсініс сүйіспеншілігін қаз-қалпында жеткізген. Табиғат бейнесінен біз біте қайнасып, бауырласып кеткен екі бірдей қатынас шамасын байқаймыз: танылу (гносеологиялық) сипаты, бағалау сипаты. Өнер туындысында әдетте жаратылыс шындығы осылай таныла отырып, сұлулық көрінісі ретінде бағаланады, айшықты, өрнекті келісімін табады.

Тәкаппар, мұңлы теректің тал бойындағы бүкіл сән-салтанатты өз игілігіне айналдыруға тырысқан адам құштарлығы Сәкен Сейфуллиннің «Сұлу терек» дейтін өлеңінде тәп-тәуір көрінген:

Сұлуым! Айтшы маған сен сырыңды,

Тәкаппар болсаң-дағы сен бір мұңды.

Көкке бой қанша созсаң жібермейді,

Ұстап тұр қу қара жер тамырыңды.

Сұлуым! Келші маған басыңды иіп,

Енгізші құшағыңа беттен сүйіп.

Оралып мойныма жапырақтарың,

Желбіреп жібектей боп тұрсын тиіп.

Жыр түйіні ақын көзқарасын ап-айқын жеткізіп тұр: «Арқаның еркесіне иілмесең босқа өткен сұлулығың неге керек».

Адам баласының табиғатқа қатынасы қашан да әдемілік негізін қалаған. Бірақ кез келген құбылыс, кез келген қатынастың тоғайласуы барша жағдайда бірдей өнер арқауы бола бермейді. Ең алдымен, жаратылыс шындығы сезімге тікелей әсер етер әр қилы көрікті құбылысымен мейлінше нақты алынуға тиіс. Сәкенде – сұлу терек жасыл жібек жапырағымен көрінеді, тамырымен туған жердің топырағына бойлаған. Тәкаппар да өр, асқақ. Осы жайын табиғат жұрағаты адам әсерімен астасып, ерке ақынның өз құдіретін де әйгілеп тұр.

Болмыс пен суреткер көзқарасының бауырластығы байырғы жаратылыс құбылысы мен ол туралы белгілі бір көрікті ұғымды сабақтастырып тұратын диалектикалық байланыс арқауы ретінде де көріне алады. Ә. Тәжібаевтың «Теңізге тілек» дейтін өлеңінде теңіз ұлы ақын бейнесінде берілген. Буырқанған дүние дүлейімен аңсаған арман, суреткерлік мұрат, өнрепаздық құдірет астасып жатыр.

Теңіз!

Сенен ұлы болған емес бір ақын,

Жырың қандай, жырың қандай сұрапыл!

Арасында бұрқыраған дүлейдің

Түн жамыла, жылап тұрып тілеймін:

Жүрегіңнің бөлшегін бер,

Өлеңіңнің өлшемін бер,

Ол аз десең, өзімді де ал,

Толқыныңа аямай сал,

Я күйрейін, күл болайын,

Я теңізге айналайын!

Теңіз бұл арада белгілі бір жаратылыс құбылысы ретінде нақтылы барша көрінісімен қаз-қалпында танылып отырған жоқ. Ақын оны қарадай сурет айнасына көшіре салмай, ой тасқыны, эстетикалық шынайы сұлулық бейнесіне айналдырып, жыр тілімен өзінше танып отыр. Сапырған сұрапыл бір қасиеті арқылы теңіз тебіренісі өнер мұратының тұп-тура баламасы боп шыққан.

Дүние мұхитының болмашы құбылысынан сұңғыла сыр тартып, қарапайым нәрселердің өзінен адам рухымен тумаластық қадір-қасиеттер таба білу – Қ.Аманжолов жырлары сыйлаған әдемі үлгілердің бірі. Жаратылыс жанын мейлінше нәзік сезінетін сыршыл жүрек «Бұйра жонын күнге төсеп, жылынып» дейтін өлеңінде тас екеш тасқа да тіршілік жылуын дарыта отырып, өмірдегі қайсыбір өкірең пейіл, тарпаң мінездерді де келістіріп шеней білген:

Бұйра жонын күнге төсеп, жылынып,

Тастар жатты көшемде,

Көктем келіп, кеткендей-ақ тіріліп,

Жансыз тас қой десең де.

Ақын деген қызық жан ғой кей кезде,

Жансыз затпен сырласар.

Жансызға жан берейікші дейміз де,

Көп болған соң жансыздар.

Мейірімді басталған табиғат жыры кенет сызданып жүре береді. Көктем келіп, күліп жатқан тастарды басуға именетін ақын жанына жарақат түсірген дарақы, тоғышарлық қасіреттен біз әлі де арыла қойғанымыз жоқ:

«Әттең, шіркін, берер ме еді сезімді?

Тас болғаны - жазғаны».

Деп тұрғанда бір есерсоқ өзімді

Басып кете жаздады.

М. Пришвиннің дүние әсемдігін жырлайтын философиялық туындылары да тіршілік мәнісін табиғатпен тікелей табыстырып жатыр.

Әңгімеміздің соңын кенжелеп қалған ертегі, миф жайында өрбітсек. Хакім Абайдың «ақылдың жетпегені арман емес» деген өлеңі бар. Бізге әдетте ертегі деген сөз өтірік, өмірде болмаған құбылыспен пара-пар қабылданады ғой. Бірақ, көне ертегілерде талай жұмбақтың, шындықтың жасырынып жатқаны белгілі. Сіз қалай ойлайсыз?

Көне заман ұғымдарының өзінше бір қызық, лұғатты саласы – қазақтың байырғы қияли-ғажайып ертегілері. Миф тудырушылар тәрізді ертегішілерді де жаратылыс дүлейін тізгіндеп, тұрпайы күштерді бас идіру арманы шабыттандырған. Ертегілердің бір айырмашылығы, фантастикалық қияли-ғажайып оқиғаларға біржола беріліп, көзсіз сену бұлжымас шарт емес. Құбылыс пен кейіп, тұтас көрініс пен оның жеке бөлігі, ішкі-сыртқы қадір-қасиет түгел астасып бірігіп кететін байырғы мифтік үлгілерге қарағанда мұнда дараланған өзекті ойдың өрісі кең. Ертегілерде жаратылыс жұрағатына жан дарытушылық, ғарыштылық ұғым-түсініктер – тәңірлік, киелілік, сиқырлық, шамандық, ата салтқа бас июшілік көрініп, аналық дәуір мифологиясының сұсты жаңғырығы, ақыл жетпейтін шым-шытырық (иррациональды-стихиялық) хтонизм әсері, дүниені біртұтас жанды тіршілік деп қарстыратын ежелгі көзқарастар жұрнағы керемет сақталған.

Көне дәуір өнерінде әсіресе жарық дүние, жаратылыс бастауын дәріптеу жетекші мән атқарады. Жалмауыз кемпір кейпі арқылы алғашында нәр-сөлін, жемісін жатсынбай сыйлайтын жомарт Жер құдіретімен пара-пар аяулы ана сымбаты бейнеленген. Дәлірек айтқанда, ол бүкіл нәсіл, тұқым таралатын ел басы, тіршілік басы. Адамзат ұрпағының түпкі ұлыс-анасы жануарлар әлемін билеп, оған о бастан ғажайып бір қасиеттер дарыған. Жын пері, қарау пиғыл, дүлей күштерден адамдар мүддесін қорғап, шейіттер мен тірілердің сүйеніш-тірегі боп шығады.

Қазақ қияли-ғажайып ертегілерінің мифологиялық құрылыс жағынан басқа халықтар ертегілерімен тектестігі жалпы адамзаттық бірыңғай даму арнасының ортақ, өзара сабақтас біраз шындығын айқындайтын тәрізді.

Көне дәуір өнерінің күретамыры іспеттес миф-аңыздардың қай-қайсында да дүние дүлейімен, діндарлық әр қилы наным-сенімдермен күрес сарыны өзара астасып, өзектесіп жатыр. Жануарлық негіз, жаратылыс бастауы алғашында адам рухымен бауырлас, пара-пар көрінеді де, кейінірек кіршіксіз тазалық, адалдық, игілік бастауы сипатында қайта туып, қайта түлеу үшін жаманшылық, жауыздық кейпінде қарама-қарсы алынады.

Ертегілерде ерте дәуір адамдарының өзіндік, өзгеше бір дүние таным түсінігі ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының қалыптасуына негіз қалаған, оның түп тегін айқындайтын рулар мен тайпалар, ежелгі ата-бабалар өткен қилы-қилы кезеңдер ерекшелігі де жан-жақты көрініс берген. Ұлан-ғайыр дала, ұшы-қиырсыз құмайт-қырлар ұзақ уақыттар бойы көне іздерді, алғашқы қауымдық құрылыс жұрнақтарын, бағзы заман белгілерін сақтап келген.

Әдеби әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар