Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Тоғызқұмалақтың тағылымын көрсету – басты міндеті...

03.07.2017 11317

«Тоғызқұмалақтың тағылымын көрсету – басты міндетім»

«Тоғызқұмалақтың тағылымын көрсету – басты міндетім» - adebiportal.kz

Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны. Қазақ халқының ұлы ғұламалары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев тоғызқұмалақ ойынын ерекше мадақтаған, әсіресе Абай бұл ойынды сүйсініп ойнаған екен. Ерекше маңызға ие ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі болған бұл ұлттық ойынымыздың тереңге тартқан тарихы бар. Қазіргі таңда республика бойынша қазақтың төл ойыны - тоғызқұмалақпен шұғылданушылардың саны 100 мың адамға жақындапты, әрі тоғызқұмалақпен тек шетелдегі қазақтар ғана емес, сонымен бірге Англия, Франция, Германия, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Қытай мемлекеттерінде де жергілікті халықтардың арасында ойнаушылардың саны артып келеді екен. Осы ретте төл ойынымызды насихаттау мақсатында Астана күніне орай «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталында» ақын-жазушылар арасында тоғызқұмалақтан шеберлік сыныптары өтетінін еске саламыз. Оның уақытын қосымша хабарлаймыз. Сонымен қатар, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федеарциясы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталының» ұйымдастыруымен күзге салым қаламгерлер арасында аталмыш ойыннан турнир өтеді.

Осы орайда біз Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федеарциясының бас хатшысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, филология ғылымының кандидаты, тоғызқұмалақ жайлы бірнеше кітаптың авторы Мақсат Шотаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Мақсат аға, тоғызқұмалақты қайта жандандырып, халыққа қайта қауыштыру ісінің басы-қасында ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге Қ.Қуанышбаев, Ш.Ибраев болған деседі. Жалпы, бұл ұлттық ойынымыз оған дейін қандай күйде еді? Қазір қандай деңгейде?

1948 жылы Алматы қаласында тоғызқұмалақтан республикалық біріншілік өткізілді. Оған Алматы, Семей және Жамбылдың ойыншылары қатысты. Барлығы 4 спортшы болды. Алғашқы жеңімпаз жамбылдық Шорман Өтегенов болды. Жарыс барысында ойын ережелеріне қатысты түсініспеушіліктер орын алды. Өйткені әр өлкеден келген ойыншылардың тоғызқұмалақ ережелеріне қатысты түсініктерінде айырмашалықтар бар болып шықты. Осы олқылықтарды жойып, ойын қағидаларын бір ізге түсіру үшін тоғызқұмалақ жанашырлары М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, Ш.Ибраев секілді қоғам қайраткерлерін жиын талқыға шақырады. Мәжіліс барысында 1936 жылы С.Аманжоловтың «Тоғызқұмалақ» кітабындағы ережелерге өзгерістер енгізіліп, бүгінгі күнге жетіп отырған классикалық ережелер жасалынады. 1949 жылы М.Гуннер мен М.Рахымқұлов осы ережелерді ұлттық ойын туралы кітаптарында жариялайды.

Алғашқы біріншілік 1948 жылы өткізілгенімен, одан кейінгі уақыттарда да, ойын қарқынды түрде дами алмады. Тек 1977 жылы ғана республикалық чемпионатты ұтқан спортшыға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілетін болады. Осы тарихи шешімнен кейін ұлттық ойыннан ел чемпионаттары жүйелі өткізілетін болды. ХХ ғасырдың елуінші жылдарымен сексенінші жылдарды салыстырғанның өзінде үлкен өзгешеліктер болса, бүгінгі күнмен салыстырсақ жер мен көктей болмақ.

Бүгінде елімізде тоғызқұмалақ ойнаушылар саны қанша? Интернет кеңістігінде ойнаудың мүмкіндігі қандай?

Қазақтың төл зияткерлік ойыны тоғызқұмалақ соңғы жылдары жоғарғы қарқынмен дамып келеді. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы және облыс әкімшіліктерінің қолдауы арқасында бұл ойынмен шұғылданушылардың саны 100 мың адамға жақындады. Тоғызқұмалаққа халықаралық деңгейде де қызығушылық өсіп келеді. Ұлттық ойын Англия, Франция, Чехия мемлекеттерінің зияткерлік ойындарының фестивал бағдарламасына енгізілген. Тоғызқұмалақтан 3 рет Әлем чемпионаты, 2 рет Азия және Еуропа чемпионаттары өткізілді.

2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ойын тіркеліп, www.iggamecenter.com - сайтында тоғызқұмалақтың онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынды. Осы сайтқа кіру арқылы электрондық бағдарламада тоғызқұмалақ ойнауға, ойын шеберлерінің партияларын талдауға, сақтауға болады.

Тоғызқұмалақтан чемпионаттар өтіп жатыр дегенді жиі естиміз. Дегенмен, алғашқы өткізіліп жатқан чемпионаттарға қарағанда қандай қарқын, өзгерістер бар?

1990 жылға дейін ел чемпионаттары тек ерлер арасында ғана өткізіліп келді. 1991 жылдан бастап әйелдер арасындағы чемпионаттар арнайы ұйымдастырылып, оның жеңімпазы жамбылдық Гүлнар Өмірзақова болды. 2001 жылы ел чемпионаттарының қатарына 10, 12, 14, 16, 18 және 20 жас арасындағы жасөспірімдер мен жастар чемпионаты қосылды. Сондай-ақ қазіргі кезде ардагерлер арасындағы біріншіліктер 2 жас ерекшелігі бойынша бөлек өткізілуде.

Тоғызқұмалақ ойынының дамуында командалық чемпионаттың орны да ерекше. Бұл чемпионаттың ерекшелігі команда құрамында 3 ер, 3 әйел ойнайды. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар сияқты облыс спортшыларының бетпе-бет ойнап, жарысқа түсуін тамашалаудың өзі де ғанибет. 2015 жылдан бастап, командалық чемпионатты өткізу жүйесі де өзгеріске түсті. Қазір ерлер және әйелдер бөлек-бөлек команда ретінде сайысқа түседі.

Абай атамыз да тоғызқұмалақ ойнаған деп жүрміз. Бұл бір арнайы зерттеуді қажет ететін сынды? Қазақтың ұлы ақыны ұлттық ойынымызды ойнаған соң осыдан-ақ тоғызқұмалақтың ел ішінде кең тарауы қажет сынды. Қауымдастық осы тұрғыда қандай соны жобалар қолға алуда?

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың тоғызқұмалақ ойнауын зерттеу – салиқалы зерттеуді қажетсінеді. Өйткені Абай тек ұлттық ойынды ойнап қана қойған жоқ, оны жүйелі насихаттап, жарыстар өткізген, демеушілік жасаған, өзіндік мектеп қалыптастырған, ұрпақтар үндестігін жалғастырған ойшыл тұлға.

Абайдың тоғызқұмалақ ойнауы ХІХ ғасырдың соңына сәйкес келеді. Ақынның ұлттық ойынға құштарлығы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында жақсы ашып көрсетілген. Тоғызқұмалақтың Семей өңірінде кеңінен таралып, сақталып қалуы, ел өңірлеріне жалпыласуы, ізбасар шәкірттердің саны көбеюнің басында қазақтың дана тұлғасының есімі тұр.

Қауымдастық қазіргі кезде Абайтанушылардың басын қосып, ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта А.Құнанбаевты еске алуға арналған халықаралық жарыс өткізе алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Тоғызқұмалақты Абайдан бөлек, М.Әуезовтың, Ш.Уәлихановтың, Б.Момышұлының ойнағанын білеміз. Бұдан өзге бүгінгі белгілі зиялы қауым өкілдерінен кімдер белсенділік танытып жүр?

Тоғызқұмалақ ойынын дамытуда зиялы қауым өкілдерінің орны ерекше. Ғалымдар Сәрсен Аманжолов (1936), Мәулен Балақаевтар(1943) қиын-қыстау кездері «Тоғызқұмалақ» атты кітап жазып, ұлттық ойынды халық жадында қайта-қайта жаңғыртып отырса, одан кейінгі уақытта бұл үрдісті Талап Сұлтанбеков (1967) пен Әбілда Ақшораевтар(1979) жалғастырды. Зиялы қауымнан Шона Смаханұлының, Рахымжан Кәрімбаев, Сапарғали Бегалиннің тоғызқұмалақ ойнағаны туралы деректер бар. Мәселен, С.Бегалиннің өз тақтасы Астана қаласындағы Отырар кітапханасында сақтаулы тұр.

Бүгінгі күні тоғызқұмалақты күнделікті ойнамаса да оған қолдау көрсетіп жүрген ақын-жазушылардан Нұртөре Жүсіп, Асқар Дүйсенбілерді айтуға болады. Алдағы уақытта ұлттық ойынға қатысы бар, оны ойнай алатын зиялы қауым өкілдерінің қатары толыға түседі деп ойлаймын. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы тек Қазақстандағы ғана емес, басқа шетелдердегі зиялылар арасында да тоғызқұмалақты танытуға күш салады. Мәселен, Түркия Республикасындағы тоғызқұмалақтың бірден-бір жанашыр насихатшысы - ғалым, профессор Абдулуақаб Қара. Сондай-ақ басқа елдерде де тоғызқұмалақтың насихатшылары зиялы қауым өкілдері болып табылады. Алдағы уақытта Федерация Қазақстандағы зиялы қауым, ақын-жазушылар арасында үйрету және шеберлік сабақтарын, жарыстар өткізетін болады.

Сіздің де тоғызқұмалақ жайында бірнеше зерттеу еңбектеріңіз бар екенін білеміз. Соларға қысқаша тоқталсақ. Еңбектеріңіздің жаңалығы неде? Бүгінде қандай еңбек жазып жүрсіз?

Бүгінгі күні 10-нан астам кітаптарым қазақ, ағылшын, орыс, итальян тілдерінде жарияланды. Сондай-ақ 2016 жылы ҚХР-ның Күйтің қаласында «Тоғызқұмалақ әліппесі» кітабым төте жазумен жарық көрді. Бұл кітаптардың әрқайсысының өзіндік тағылымды тарихы бар. Мәселен, 2004 жылы шыққан «Таңғажайып тоғызқұмалақ» кітабында ұлттық ойынның эстетикасын, ереже танымын, әсем комбинацияларын, тактикалық жаңалықтарын көрсетуге назар аударсам, 2014 жылы жарияланған «Тоғызқұмалақ есептері мен этюдтері» кітабымда ойынның өнерге айналу сәттеріне, математикалық, арифметикалық ерекшеліктеріне, шығармашылық қырларына назар аудардым. Бұл кітап тағдырлы туындыға айналып, ағылшын, итальян, француз тілдеріне аударылды. Қазіргі кезде неміс, түрік, қытай тіліне аударылуда. Шетелдіктер еңбекті өте жоғары бағалады. Тоғызқұмалақ есептерінің құрылысына таң қалды. Мәселен, дүниежүзін аралап, көптеген халықаралық зияткерлік фестивалдер мен олимпиадаларға қатысушы Давид Котин, Фрибург университетінің профессоры Ж.Рещитскийлер кітапқа ең биік бағаларын берді. Мен еңбектеріме деген жоғары бағаны елдегі тоғызқұмалақ мамандарынан емес, шетелдегі зиялы қауымнан алдым.

Қазіргі кезде шығармашылық жоспар өте көп. Толымды еңбектер жазу, оқу-әдістемелік құралдар шығару, Юнесконың бірқатар тілдеріне «Тоғызқұмалақ композициясы» кітабын аудару – алдағы басым бағыттарым. Шетелдердегі ұлттық ойынға ұқсас ойындардың тарихы мен теориясын зерттеп, тоғызқұмалақтың тағылымын көрсету – басты міндетім.

Қытайдағы қазақ студенттер тоғызқұмалақтың жаңа электронды нұсқасын жасап шықты, деп естідік. Қазақ, ағылшын және қытай тілінде жасалған сайт компьютер, планшет және ұялы телефонның нұсқасына автоматты ауысып қана қоймай, тұрақты ойыншылар үшін статистикалық және сараптамалық ойын қорытындысын да жасап отырады екен. Осы туралы қандай ақпаратыңыз бар?

Бұл жаңалық туралы айтпас бұрын, осы істің алғышарттарына тоқталғым келіп отыр. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының жүйелі жұмыстарының арқасында тоғызқұмалақ көптеген елдерде дамып келе жатыр және әр мемлекет өз үлестерін де қосуда. 2014 жылдан бастап Федерациямыз Қытайдың Үрімші қаласында халықаралық семинар, мұғалімдер курсын, шеберлік сабақтарын өткізуде. Осы іс-шаралардың барлығы жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып, ақпараттық насихатқа ұласты. 2015 жылы Үрімші қаласында тұратын Шынар Қапан деген азамат тоғызқұмалақ қауымдастығын ашты.

Осы істердің биік шыңы ретінде 2016 жылы Бейжің қаласында Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы мен Қытайдағы Қазақстан елшілігінің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жарыс өтті. Федерация төрағасы Алихан Байменов бұл шараға үлкен маңыз беріп, жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Жарысқа 150-ден астам спортшы қатысты. Ұлттық ойынның Бейжің қаласында дамуына осы шараның үлкен орны болды, осы электрондық жаңалықтардың жасалуына да өз әсерін берді.

Қытайдағы тоғызқұмалақтың жаңа электронды нұсқасын жасаған автор Мамырбек Парақатұлы. Ол - Бейжің пошта-телеграф университетінің 3-курс студенті, электронды ақпарат техникасы мамандығы бойынша білім алып жатыр. Оның онлайн нұсқаны жасауға қолдау көрсеткен достары Айтан Қаметұлы, Айбота Бақытқабылқызы және Жұлдыз Қуанышқызы. Олар алдымен бір жыл уақыт жұмсап 9QUMALAQ.ORG деген арнайы сайтты жасап шығады. Осы сайтта ойынды күніне 200-ден аса адам кіріп ойнайды. Бұдан бөлек ойыннның ережесін қарайтындардың саны да өте көп.

«Сайт ең жаңа техниканы пайдаланып жасалғандықтан компьютер, планшет немесе ұялы телефонның нұсқасына автоматты өзгеріп отырады. Ойын барысында екі жақтың пікір алмасуына және ойынның бастан-ақыр жүрісін естелікке алып отыруға болады. Сондай-ақ, сайт тұрақты ойыншыларға арналған статитикалық және сараптамалық қорытынды жасайды, - дейді Мамырбек Парақатұлы.

Жалпы бүгінгі ақпараттық технологиялық заманда тоғызқұмалақтың электронды нұсқасының маңызы зор. 2009 жылы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының жетекшілігімен iggamecenter.com – сайтында тоғызқұмалақтың онлайн бағдарламасы жасалса, араға 8 жыл салып, Қытайда жасалды. Мұның барлығы ұлттық ойынның интернет кеңістігінде танылуына септігін тигізеді.

2017 жылдың 2-9 қыркүйек күндері Астана қаласында ЭКСПОға арналған тоғызқұмалақтан IV-ші Әлем Чемпионаты өткізіледі екен. Осыған қанша ел қатысады, дайындық жұмыстары қалай?

Тұңғыш Әлем Чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізілген болатын. Араға 7 салып, кезекті Әлем Чемпионаты тағы да Астанада ұйымдастырылатын болды. Алғашқы чемпионатқа 16 ел қатысса, бүгінгі чемпионатқа 30-дан астам елдің спортшылары қатысады деп күтілуде. Қазіргі кезге дейін 3 чемпионат өткізілді, олардағы бәсекелестік деңгейі де жыл сайын көтерілуде. Мәселен, алағшқы чемпионатта тек Қазақстан спортшылары ғана барлық медалды жеңіп алса, 2012 жылы Чехияда медал алған спортшылардың қатарында қырғыз спортшылары көрінді. 2015 жылы Алматыда өткен чемпионатта неміс спортшылары жүлдегерлер қатарынан орын алды. Ал бұл чемпионатта тағы басқа елдердің спортшылары жүлдегер қатарынан орын алса, таң қалмайық.

Чемпионатқа дайындық өте жоғары деңгейде өткізілуде. Бұл бәсеке ЭКСПО көрмесіне арналғандықтан, біз де өз деңгейімізде елімізді танытуға үлес қосамыз деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар