Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Елбасы жайында тағы бір құнды кітап жарық көрді...

04.07.2017 6407

Елбасы жайында тағы бір құнды кітап жарық көрді

Елбасы жайында тағы бір құнды кітап жарық көрді - adebiportal.kz

Тәуелсіз Қазақстанның тарихы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Сонау қиын-қыстау заманда, яғни, экономикалық және саяси тұрақсыздық орын алып жатқан әлемде Елбасы еліміздің ішінде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің, экономикалық гүлдену мен әлеуметтік дамудың бастауында тұрды. Содан ба екен, Мемлекет басшысы туралы жазылып жатқан шығармалар, кітаптар аз емес. Жазылған жанрына, көздеген мақсатына қарай Елбасының қайраткерлік, көшбасшылық тұлғасын түрлі қырынан ашатын туындылардың әрқайсысының арқалаған жүгі, оқырманға айтар өзіндік ойы бар. Елбасының ел өміріндегі мән-маңызын қаз-қалпында айшықтаған, шынайы мысалдармен әдемі өрнектеген, қалың көпшілікке арналған кітаптар қатарын күні кеше тағы бр құнды кітаппен толықтырды.

Ресейлік белгілі жазушы-деректанушы және тарихшы Николай Зенькович жоғары сыныпта оқитын балалар үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы бірегей кітап жазды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «О великой жизни» - «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» атты туындының тұсаукесері Астанадағы Оқушылар сарайында өтті.

Кітаптың ерекшелігі – оқырмандардың жас буыны саналатын орта мектеп оқушыларына арналғандығында. Кітап екі бөлімнен тұрады. "Үшқоңырдан шыққан ұлан" атты бірінші бөлімі Президенттің балалық жылдарын, үлкен өмірлік жолын сөз етсе, "Мәртебелі Президент" аталатын екінші бөлімі оның әлемді өзгерткен, жақсы және ізгі еткен жер жүзіндегі айтулы тұлғалардың қатарына қалай қосылғаны жайында.

Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, тарихшы, жазушы, публицист Николай Зенькович көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерi, саяси көшбасшылар және тарихтың жолын өзгерткен басқа да белгiлi бiрегей тарихи тұлғалар туралы 30-дан астам кiтап жазған екен. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы кiтапты 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейiн жаза бастапты. Публицист Қазақстанға жиi келiп, зерттеу жұмыстарын жүргiзген, баспасөзде шыққан ақпарат пен түрлi әдебиеттi пайдаланған.

Тұсаукесер барысында автор кітапты шығарудағы басты идея, Мемлекет басшысының өміріндегі сюжеттік желіге енген негізгі оқиғалар туралы баяндады.

«Осы уақытқа дейін Нұрсұлтан Назарбаев туралы ешкімнің теріс пікір айтқанын естіген емеспін. Қоғамдық пікір деген осы. Ол халқының, халқы Мемлекет басшысының қадірін біледі. Бұндай көшбасшы өте аз. Нұрсұлтан Әбiшұлы туралы бүкiл әлемде көптеген кiтап жарық көрген. Бұл кiтап балаларға арналған, өзiн ғана емес, бүкiл әлемдi өзгертiп жатқан ұлы тұлға туралы алғашқы кiтап. Әлемдi өзгерткеннен, өзiңдi өзгерту аса қиын. Бұл туындының басты ойларының бiрi – қол қусырып отырсаң, ұлы тұлға бола алмайсың.

Қазақстан Президенті елінің өсіп өркендеуі жолында барын салып келеді. Мен шетелдік президенттердің Нұрсұлтан Әбішұлы туралы бұрыннан бері айтып келе жатқан пікірлерін жинақтадым. Ұлы адамға деген құрметіммен кітапты жазып шықтым», - дейді Николай Зенькович.

Ресейлік жазушының кітабын қазақ тіліне белгілі журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай аударып шыққан. Қайнар Олжай да кітаптың аударуы кезінде ешқандай қиындық туындамағанын айтады. Себебі, Елбасымыздың кейбір іссапарларында аудармашының да сапарлас болған кездері кітапта баяндалыпты. Сонымен қатар, аудармашы кітапты қазақы жатық тілмен, мақал-мәтелдер қолданып, қазақ оқырмандарына барыншы түсінікті болуы үшін аз тер төкпепті. Оны тұсаукесер барысында кітапты оқыған оқырмандардың жылы лебіздерінен байқадық. Туынды қазақ және орыс тілінде де екі мың тиражбен жарыққа шыққан. Автордың айтуынша, егер халық тарапынан сұраныс болып жатса, бұл тираж көбейтілмек екен.

«Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» - Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Мемлекет басшысы туралы жасы 12-ден асқан жас жеткіншектерден жоғары аудиторияға арналған алғашқы туынды екен. Сондай-ақ, ол жоғары сынып оқушылары мен КТУ оқушылары үшін дайын оқу құралы болып табылады.

Бүгінгі Қазақстан мен оның бет-бейнесін қалыптастырған Елбасымыздың еңбегін қанша айтсақ та, жазсақ та артықтық етпес, сірә.

Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар