Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Думан Рамазан. Күйік (әңгіме)...

06.07.2017 7659

Думан Рамазан. Күйік (әңгіме)

Думан Рамазан. Күйік (әңгіме) - adebiportal.kz

– Ай... жаным-ай!..

Қатқылдау шыққан дауыстан шошып оянып, орнымнан атып тұрдым. Атам құс төсекте сұлық жатыр. Кеберсiген ерiндерi жыбыр-жыбыр етiп, демiн iшiне тарта жұтына бередi. Жағы суалып, сүйектерi ырсиып шығып кеткен. Өңi боп-боз. Шүңiрек көздерi көлкiген көлшiктей көлегейленiп, болымсыз жылтырайды. Қабарған қабағына мұң ұялап, сөлмiрейген сөлсiз жүзiнен қайғы құшып құсаланып жатқаны сезiледi.

– Бір жерiңiз ауырып жатыр ма? – дедiм жанына жақындап.

Ойға шомып ойсырап жатса керек, алғашында елең ете қойған жоқ, артынша-ақ есiне әлдене түскендей:

– Не... не?.. – дедi мойнын бұрып. – Бiрдеңе дедiң бе?

– Бiр жерiңiз ауырып жатыр ма? – дедiм сөзiмдi қайыра қайталап.

– Е, балам-ау... несiн сұрайсың?! Өлмеген соң жатырмыз ғой, әйтеуiр. Кеудемiзде жан бар, тiлiмiз сайрап жатыр демесең... «Көресiңдi көрмей көрге түспейсiң» деген осы екен-ау!.. – дедi сүлесоқтау тiл қатып. – Қинап жiбердi-ау... қу жанды!.. Әмешiмдi алып бiр зарлатқан Құдайым, жанымды тозақ отына шыжғырып екi қинап жатқанын қарашы! Не жаздым екен жаратқанға?! Қай жерден жаза бастым екен?!

Иегi кемсең қағып, жәутеңдеген жанары жасқа шыланды. Ақжемденген әлсiз саусақтарымен әлсiн-әлсiн iшiн басып қояды.

– Өртенiп жатыр... Күйiп-жанып барады!..

– Ата, бүгiн жақсы түс көрдiм... Жазыласыз. Ертең-ақ сақайып кетесiз.

– Е... балам-ау!.. Мен ендi бұл дүниенің адамы емеспiн. Әмешiм ана бiр тұстан келiп, – сұқ саусағымен бұрыш жақты нұсқады. Қолы қалтырап, саусақтары дiр-дiр етедi. – Әке, жүр!.. Әке, жүр! – деп екi рет айғай салып, дауыстап шақырды... Барамын қасыңа, құлыным сол! Жаным-ау, жатамын жаныңа. – Бетiн жас жуып кеттi. Әлсiн-әлсiн мұрнын тарта бередi. – Қайтейiн... Амалым не... Кезек менiкi едi ғой!.. Ұлымның артында қалып, өмір сүргені құрысын!..

Кеудесiн кере ауыр күрсiндi. Дем алысы жиiлей түскен.

– Думанжан, сен ендi жас емессiң. Ұлдың үлкенiсiң... – Ентiге сөйледi. Кеудесi сыр-сыр етедi. – Азамат болдың! Ендiгi бар ауыртпалық шешең екеуiңе түседi. Бауырларыңа бас-көз бол! Соларды жеткiзу, адам қатарына қосу ендi сенiң мойныңда...

Осы кезде бөлмеге шешем кiрдi. Атам бойын тiктемек болып алға қарай ұмсынып едi, төсекке таңылып қалғандай еңсесiн көтере алмады. Бойынан әл кеткенiне қыстықты ма, әлде ауруы меңдетiп жатқанына күйiндi ме, келiнiне мұң шаққандай:

– Әмешiм-ау, құлыным сол!.. – деді көзі жасаураған күйі иегі кемсеңдеп. Көңiлiм босап, көзiмнен ыстық жас ыршып түстi.

– «Жазмыштан озмыш жоқ». Амалымыз қайсы?! Құдайға тәуба, деңiз! Тоғыз немереңiз бар. «Орнында бар оңалар» деген, – дедi шешем сырттай сыр алдырмай. Iшiнен егiлiп тұрғанын жақсы бiлемiн, бiрақ оны сездiргiсi жоқ. «Көз жасыңды көрсетпе» дегендей, маған алая бiр қарады. Бойымды тез-ақ жинап ала қойдым.

– Иә, тәуба! Әмешiмнiң тiрi кезiнде осыларды қызықтап, оған мүлде көңiл бөлмеппiн ғой! Ендi қарап тұрсам, тоғызы жабылып бiр Әмешiмдей болар емес. Әмешiмдей көрiнер емес... – Аздап тыныстап алды да, сөзiн қыстыға қайта жалғады. – Әмешiм-ай!.. «Әке... Әке...» – деп елпек қағушы едi, құлыным!.. Өлмеген сияқты. Түнде түсiме кiредi, таңертең бiрге оянады, күндiз қасымда жүредi. Бiр сәтке де ойымнан шықпайды, көңiлiмнен кетпейдi, бейнесi, жүрiс-тұрысы, бәрi-бәрi... көз алдымда.

- Көп ойланып, өз жаныңызды өзіңіз қинай бермесеңізші! Енді қанша қайғырсаңыз да, қайтқан адам қайтып келмейді ғой! – деді шешем сабырға шақырып.

– Жұбаныш та, алданыш та, тоқтау да, тосқауыл да жоқ екен бұған. Мен түгiлi, бұндай қайғыны дүниенiң артын көрген ұлы Абай да жеңе алмаған ғой!.. Бұл қасiрет етiме араласып, сүйегiме сiңiп кеттi. Ендi одан арылу мүмкiн емес. Өзiммен бiрге көмiлетiн шер-шемен. Бәрiн бiлемiн... Сезiп те жатырмын. Бiрақ Әмешiмнен кейiн жалмаңдап тірі жүрудің не керегі бар?!

– Аға, ас әкелейін! – дедi шешем сөзiн бөлiп. – Әл болады!

– Ештеңенің де қажеті жоқ! – деді атам қинала тіл қатып, – Мұздай су бар ма?

– Салқын «Сарыағаш» бар.

– Әкешi... Ішiм күйiп-жанып барады. – Қос қолымен ішін баса берді.

- Қазір... аға... қазір!.. – Шешем аяғын асыға басып, асүйге шығып кеттi.

– Ата, – дедiм оңашалықты пайдаланып, – перзентханаға барып, немере келiнiңiздiң жағдайын бiлiп келейiн!.. Күні таяу ғой!

- Бар... бара ғой... Сол iштегi нәрестенiң туғанын көрiп, iңгәлағанын естiп кетсем деп едiм... Бар, балам, бара ғой, айналайын! Бізді қойшы, асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Сендер аман болыңдаршы! Жастар аман болсыншы!

* * *

Жүрегім алып-ұшып перзентханаға келсем, Майра дәлізде елегізіп жүр екен. Өңi сынық, қабағы түсiңкi. Бет-аузы қабарып тұр, аяқ-қолы iсiнiп кеткен.

– Ауырып қалғансың ба? – дедiм салған жерден.

– Жоқ... Жай жайсызданып тұрғаным. Түнi бойы дөңбекшiп көз iле алмадым.

– Неге?

– Бiлмеймiн...

– Баланы не дейдi?

– Бәрi жақсы. Тек өзiңе тартқан, тым тынымсыз. Тыныш жатпайды. Әне... әне... қарашы өзiң… – Қолымды шермиген iшiне тақады. Алақаныммен жайлап басып көрiп едiм, теуiп-теуiп жiбергендей болды. – Жарық дүниеге тезiрек шығар деп тепсiнiп жатқан сияқты.

– Иә, әлден тебiсi қатты екен. Каратист болатын шығар.

– Әйтеуiр аман болса екен. Анаған қарашы, – дедi анадай жерде күйеуiнiң кеудесiне басын сүйеп жылап тұрған жас келiншекке көзiн қадай, – кеше әрең босанып едi. Бүгiн таңға жуық нәрестесi шетiнеп кеттi.

– Ойбу, Құдай-ай!.. Ең бастысы амандық қой!..

– Иә... амандыққа не жетсiн?! – Ауыр күрсінді. – Атам қалай?

- Бірқалыпты... – Жанарыма жас іркілді.

– Атам ауруынан құлантаза жазылатын сияқты. Бүгiн түсiмде көрдiм. Костюм-шалбарын, ақ көйлегiн киiп, шыттай боп алыпты. Басында қара қалпағы. Жүзi нарттай боп ерекше нұрланып тұр...

– Құдайдың құдiретi-ай! – дедiм таң-тамаша қалып. – Мен де бүгiн атамды түсiмде дәл сол кескін-кейiпте көрдiм. Костюм-шалбары... ақ көйлегi... қара қалпағы... Тiптi жүзiнiң нұрланып тұрғанына шейiн... Бұны қалай жоруға болады? Бiреу айтса сенбес ем...

– Мен жақсылыққа жорыдым!

– Менiңше бұл мына жарық жалғанға шығуға талпынып жатқан нәрестенiң тағдырына байланысты сияқты.

– Сен философсың ғой. Кез келген нәрседен пәлсапа iздейсiң.

– Қалай десең де екеумiздiң бiрдей түс көруiмiз тегiн емес. Сәбиiмiздiң бақыты зор, болашағы нұрлы болатын сияқты.

– Лайым солай болғай!.. Шынында да, не нәрсенi болсын жақсылыққа жору керек қой. Атама тартса жаман болмас.

– Атамның тағдыры тым күрделi ғой. Қиыншылықты көп көрсе де мұқалмаған. Тек әкемнің артында қалғанына қатты қайғырып, аз ғана уақыттың ішінде қара нардай шөгiп кетті ғой. Әйтпесе, өзiң бiлесiң, тiп-тiк, тып-тың едi ғой!

– Атамды ой жеп қойды. Кейiнгi кездерi ешкiммен шешіліп сөйлеспей, өзiмен-өзi мұңайып отыратын едi ғой. Iшiне күйiк түсiп кеттi-ау!..

– Кiм бiледi, әжем де түсiме жиi кiрiп жүр... Негiзi әжем атамның Қосай деген ағасының әйелi болыпты. Келiн болып түскенде атам еңбектеп жүрген бала екен. Содан Қосай атамыз ерте қайтыс болып, әжем Домаш, Дәмеш, Жаңылтай есiмдi үш қызымен жастай жесiр қалыпты. Содан ағасының әйелi жесiр, қыздары жетiм қалмасын деп ата дәстүр бойынша ағайын-туыстар атам екеуiн қосқан екен. Әйтпесе, атамның атастырып, қалың малын төлеп қойған сұлу қызы да болыпты. Әжем атамнан жиырма бес жастай үлкен болатын. Содан кейiн екi ұл сүйген. Бiрi менiң әкем де, екiншi Қытайдағы Әмiр ағам. Ана емес пе, әжем марқұм сол шет жұртта қалған үлкен ұлын аңсап «туғаныңды көрдiм, қызығыңды көре алмадым-ау!» деп етегi жасқа толып, бордай езiлiп отырушы едi..

– Қарап тұрсаң, адам бала үшiн өмiр сүредi екен ғой!..

– Иә, оның рас. Бала демекшi, атам алпысында тоқал алам деп... – Езуiме күлкi үйiрiлдi. – Ес бiлiп, етегiмдi жауып қалған кезiм. Бiр күнi үйде абыр-сабыр болды да қалды. Бәрi әлi көз алдымда... Әжем сексеннен асып кеткен, атам алпысты алқымдап қалған. Әкем, шешем, бәрi асүйге жиналды. Мен пештiң түбiнде бүрiсiп отырмын. Әңгiменi атам бастап: «Мен кетемiн. Бiрақ келiп-кетiп тұрамын. Ендi маған рұқсат берiңдер», – дедi мәселенi төтесiнен қойып. Сөйтсек, сөз байласып жүрген таныс келiншегi бар екен... Ендi қайтсiн, атамды түсiнуге болады. Әжем әбден қартайған. Оның үстiне жалғыз тастап бара жатқан жоқ, балаларының ортасында. Сонда да әжем қызғанады, жiбергiсi жоқ. Бұрқылдап сөйлеп жүр... Әкем көп сөйлемейтiн, бiрақ кесiп айтатын шешiмдi адам едi.

– Аға! – деді, әкемнің дауысы зiлдi шықты. Атамды әкем «аға» дейтін, содан болар біз де әкемізді солай атайтынбыз. – Егер кетсеңiз, жолыңызды бөгемеймiн, бара берiңiз. Бiрақ бұдан былай менi балам бар демейсiз, мен әкем бар демеймiн. Бұл үйдiң есiгiн қайыра ашпай-ақ қойыңыз! – дедi де, шығып кеттi.

Әңгiме осымен бiттi. Атам қабақ-басы салбырап, үн-түнсiз отырып қалды... Мiне, осыдан кейiн атамның ондай әңгiмесiн естiген емеспiн. Өмір өз ырғағымен өте берді. Әжем жүзге келіп қайтыс болды. Өмірінің соңғы жылында төсек тартып жатып қалды. Сонда атам күндіз-түні әжемнің жанында болып, қас-қабағына қарап, балаша күтті. Қайтқанда да тапжылмай қасында отырды, о дүниелiк сапарға да өз қолымен арулап шығарып салды.

– Атамның балаға деген махаббаты бәрiнен күштi болғаны ғой. Бiле-бiлсең, бiрден түсiп кеткенi де содан. Папаң жақсы адам ғой. Жақсы адамға жамандық болғанда жаның ауырып қалады ғой. Сондықтан атамды түсiнемiн...

– Иә... Екеуi сондай тату едi. Қатты сыйласты. Кейде атам әкеме бала сияқты ұрсып жататын. Сонда деймiн-ау, бiр ауыз қарсы сөз айтпаушы едi, әкем марқұм. Мiне, әкем осындай қатал болатын жерде қатал болатын, ал жұмсақ болатын жерде жұмсарып сала беретiн. Бәрiн өз орнымен, өз ретiмен iстейтiн...

– Мен папаңды көрген жоқпын ғой, бiрақ көргiм келедi де тұрады. Фотодағы кескін-келбетінен-ақ сондай мейiрiмдi жан екенi бiрден аңғарылады. Шын айтам...

– Иә, өмiр көрген түс сияқты зымырап өте шығады екен ғой. Кеше ғана төрт құбыламыз түгел, екi әкенiң арқасында алаңсыз асыр салып жүрушi едiк... Ендi... – дей берiп, шешемнiң «еркек затысың, ешуақытта еңсеңдi түсiрме!» деген қайрау сөзi түсiп, тiлiмдi тiстей алдым. – Қой, мен қайтайын. Бүгiн әкемнiң өткен күнi ғой, басына барып құран оқиын!

– Иә... дұрыс. Содан соң тезiрек үйге бар. Атамның қасында өзiң бол! Апам қанша айтқанмен келiнi ғой, жанында көп отыра алмас.

– Жақсы, жаным!

* * *

Ой теңiзiне жүзiп отырып, әке қабiрiнiң басына келдiм. Аруақтарға бағыштап құран оқыдым. Құлпытастағы суретiне телмiрiп ұзақ қарадым. Сағыныштың сартап дәмiн жұта тұрып, саусақтарымның ұшымен жайлап сипаладым. Қайратты қара шашын оң жақ шекесіне жыға қайырған қалпы күлiмсiреп тұр.

– Жан әке, – деймiн жансыз бейнеден көз айырмай. – Қайран әкешiм!.. Балаларыңыз дегенде жаныңыз бөлек едi-ау! Қайтейiн... – Күрсінісім күшейе түсті. – Сол өзiңiз мейiрiм шуағына шомылтып өсiрген балапандарыңыздың қызығын көре алмай ерте кеткенiңiз өзегiмiздi өртейдi. Жүрегiмiздi сыздатады... Ендi бар қолдан келетiнi – басыңызға құран оқып тұру мен атыңызға кiр келтiрмей, абыройымызды асқақ ұстау. «Әмештiң балалары-ай!» дегiзетiндей азамат болу! Осындай мақсатпен ғұмыр кешiп, соған сай тiрлiк жасау! Ендiгi сiзге жасар жақсылығымыз осы ғана, жан әке!..

Арт жағымнан сыртылдаған дыбыс естiлдi. Жалт қарасам, Жүнiс ақсақал екен. Қолында ұзын құрығы бар, бүкшең қағып берi қарай беттеп келедi. Басында жәмпiрейген көнетоз қалпақ. Үстiнде түте-түтесi шыққан ескi күпәйке. Өзiнен тердiң иiсi бұрқырап бұрын жеттi.

– Е, шырағым, сен екенсiң ғой. Аман-есен жүрсiңдер ме, қарағым? – дедi қарлығыңқы дауыспен. Күрк-күрк жөтелiп қояды. Ернi жарылып, түрi қатқан қайыстай тарамысталып, қарайып кеткен. Қас-қабағына шейiн шаң қауып, тозаң қонған.

– Шүкiр! – Ойымды бөлiп жiбергенiне қитығып, сөздi келте қайырдым. Ақсақал оны қаперiне iлер емес.

– Атаң қалай, тәуiр ме, шырағым? – деп бәйек болып-ақ жатыр.

– Жақсы! – деймiн тезiрек кеткенiн қалап өзгеше тiл қатпай.

– Сенiң атаң мықты ғой, шырағым! Тегi де, сүйегi де асыл. Ұлының өлiмi ғой, есеңгiретiп кеткен. Әйтпесе, жөпшеңгiге жонын бере қоймас едi! Биыл жаз бойы малын тек осы маңға жайды ғой. Қашан көрсең осы Әмештiң бейiтiн айналсоқтап жүргенi. Қайтсiн ендi, баланың өлiмi қиын болады ғой, ешкімнің басына бермесiн! Жар дегенде жалғызымды жалмап тынған Құдайға не дейiн!? Атаң екеумiздiң қайғымыз бiр ғой, шырағым. Бiрақ маған қарағанда бақыттырақ. Ұлының артында өмiрiн жалғар ұрпағы – сендер барсыңдар, шырағым. Ал менiң кiмiм бар?! Бұл өмiрден тұяқсыз өтiп барамын! Е, шырағым-ай!..

Ауыр күрсiндi. Иегi кемсеңдеп, тiл қата алмай аз-кем тұрып қалды. Қалтасынан умаждалған кiр-кiр орамалын алып, көзiне iркiлген жасты сүрттi де, мұрнына тақап сiңбiрiп қалды. – Не үшiн өмiр сүргенiмдi өзiм де бiлмеймiн... Ой қараң қалғыр. Қайда кетiп барады-ей!.. – Басын төмен салған күйi жайылғансып ұзап бара жатқан семiз қара қошқардың соңынан қалбаң қағып жүгiре жөнелдi. – Ой, ей... қайт... айт...

«Қу тiршiлiк-ай! Сексенге келсе де қой соңында селкiлдеп жүргенiн қарашы. Нағыз мүсәпiр жан осы ғой, – деймiн мүсiркей. – «Не үшiн өмiр сүргенiмдi өзiм де бiлмеймiн» дей ме?! Ғұмыр бойы тауқымет пен тақсiреттiң азабын арқалап, қайғы- қасiреттiң уын iшiп келе жатса, қайтсiн ендi... Бiрақ өзiнiң жаны сiрi екен, соның бәрiне шыдап келе жатқан...»

Қайтадан құлпытастағы суретке көз тiгемiн. Қараған сайын жансыз бейнеге жан бiткендей бiрге жүрген күндердiң шуақты сәттерi көз алдыма елестеп, өткен шаққа саяхат жасаймын. Әкем тiрiлiп кеткендей сыр ашамын, сырласамын:

– Жан әке, сiз ортамызда жүргенде бiз бақытты едік. Иә, шынымен бақытты едiк. Қиындықтың не екенiн бiлмей өстiк. Әкенің орны бөлек қой, сiз өмiрден озғанда ауыр қайғы арқалап қала бердік. Енді міне, сол қайғыны көтере алмай атам да төсек тартып жатып қалды... Орта жолда арқа сүйер азаматынан айырылған шешемiздiң де ыңқыл-сыңқылы көбейiп барады.

Жүрек тұсым шым етiп шаншып-шаншып өттi. «Басыңызға құран оқып, әруағыңызға тағзым етiп тұру – мәңгiлiк мақсаттарымның бiрi болмақ!» деп iштей тағы бiр қайталадым да, сарыала жапырақтар жапқан жалғыз аяқ сүрлеуге түсiп үйге қарай бет алдым.

Күн сұрғылт тартып, сұрланып тұр. Көк аспанда түйдек-түйдек боп алашабыр бұлттар жөңкiле көшiп барады. Сусылдаған суық жел ызғар шашып, ышқына уiлдейдi.

Зират пен ауылдың арасын қақ бөлiп жатқан өзенге жақындай бере жағадағы сын тастың жанында иiрiлiп жатқан жалпақ бас сұр жыланды байқап қалдым. Денем дiр етiп, өне бойым шымырлап қоя бердi. Бұндай үлкен жыланды бұрын-соңды көрген емеспiн. Ыс-ыс етiп жалпақ басын қақшитып алғаны. Зәре-құтым қалмай зытып ала жөнелдiм.

Үйге келсем, шешем ауызғы бөлмеде шелпек пiсiрiп жатыр екен.

– Атам қалай? – дедiм кiрген бойда ентiгiмдi де баса алмай.

– Бағанадан берi сенi iздеп мазасыздана бердi. Жаңа ғана көзi iлiнiп кеттi... Шаршаған шығарсың, шай iшiп, азырақ дем алып ал. Бүгiн әкеңнiң қайтқан күнi ғой. Қоңырсытып жатқаным...

– Басына бардым...

– Кейiнгi кездерi түсiме жиi кiрiп жүр. Кетiп қаламыз ба, кiм бiлсiн?!

– Қойыңызшы, түс түлкiнiң боғы емес пе?!

– Бiздi қойшы, сендер аман болыңдаршы... одан басқа тiлеуiм де жоқ. Өмiрдегi бар көрген қызық-қуанышым сендерсіңдер. Алдарыңда өлсем арманым жоқ. Әке-шешемнен ерте айырылдым... Тiптi түрлерi де есімде жоқ. Бар бiлерiм, әкем Райбай мықты адам болған дейдi... Бiрақ көзi кеткен соң... жетiмдiктiң азабын тартудай-ақ тарттық қой... Жетiмнiң көрген күнi құрысын!

Жатын бөлмеден атамның ышқынған дауысы шықты. Жүгiрiп кiрдiм. Бiр уыс боп бүрiсiп жатыр, қос қолымен iшiн басып алған. Менi көре сала:

– Май... ра... бос...сан... ған... жоқ.. па?.. – дедi тiлi күрмелiңкiреп.

– Жоқ... әлi...

Сөзiмнiң аяғын күтпестен көзiн аударып әкеттi. Түрi тұнжырап, қабағы салбырап, өңi аппақ қудай қуарып кеткен.

– Ата, дауысыңыз қаттырақ шығып кеттi ғой? – дедiм саусақтарын салалай ұстап. Қолымды жаймен сипалап, ақырын қысты.

– Жылан... Сұр жыл...ан... Шақ... қал...төн..iп... – Қиналыңқырап сөйлей алмады.

«Сұр жылан...» дейдi... Көз алдыма өзен жағасындағы сұр жылан елестеп, тұла бойым тiтiркенiп кеттi.

Атам бiр сәт көзiн жұмып, қалғып кеткендей болды. Танауы пыс-пыс етедi. Сәлден соң көзiн ашып:

– Әне... әне... кел...дi... әне... от...ыр, – дедi жоғары жаққа көзiн қадай. – Әне... жан...ым...ды ал...ғалы...кел...дi... қа...зii...i...

Аң-таңмын. Жан-жағыма жалтақтап қанша қарасам да, көзiме ештеңе көрiне қоймады. Атам сандырақтап бiраз жатты да, бiр уақытта «Уһ...» деп жай ғана дем шығарғандай болды. Басы былқ етiп құбылаға қарай қисайып кеттi. Жүрегiм зу ете түстi. Жамандыққа қиғым келмей, жүрелей отыра қалып жүзiне үңiлдiм. Тiршiлiк нышаны байқалар емес. Аузы ашылған күйi кiрпiк қақпастан қимылсыз жатыр. Көзi де толық жұмыла қоймаған. Кәрi жүректiң соғуын тоқтатқанын сездiм.

– Ата... аташым... атажан... – Жанұшыра айғай салып, өлi дененi тiрiлтiп алатындай сiлкiлей бергенiмдi бiлемiн...

Көзiмнiң алды қарауытып, дүние астаң-кестеңi шыға төңкерiлiп бара жатқандай болды. Абыр-сабыр дыбыстар көбейiп кеттi. Айғай-ұйғай арасынан:

– Аға... аға... – деген әкем марқұмның ащы дауысы құлағыма шалынғандай болды. – Аға... аға!..

– Аға... Ата... аға... ата!..

Аңыраған зарлы дауыстар жамырай шықты...

* * *

Атамды жылай-жылай соңғы сапарға арулап шығарып салдық... Әкем қайтыс болғанда жанынан бір кісілік орын қалдырып, «көп ұзамай ұлымның қасына жатамын» деп зиратын екі кісілік қып соқтырып еді. Алла айтқанын қабыл қылды ма, шынында да араға жылдан аса уақыт салып, атамның соңғы арманы орындалып, баласының жанынан мәңгілік тұрақ тапты. Бір бейітте әкелі-балалы қос төмпешік боп қатар жатыр.

Алақандарына салып, аялап өсірген екі әкеден қатар айырылып, қабырғамыз қайысып жүрген күндердің бірінде келіншегім босанып, дүниеге маңдайы торсықтай ұл келдi. Есiмiн аталары сияқты нардың жүгiн көтерер ер болсын деп ырымдап Ернар қойдық.

Оны өсе келе елдiң бәрi екiншi үлкен атасы дейтiн болды. Түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзi, мiнез-құлқы, тiптi күлкiсiне дейiн үлкен атасына ұқсайды. Тап бiр аузынан түсiп қалғандай.

Бес жасқа толар-толмаста өзiммен бiрге аталары жатқан зиратқа ертiп апардым. Құлпытастағы суреттерге қарап:

– Мынау үлкен атам, мынау кiшi атам! – деп тақ-тақ етiп тақылдай жөнелдi.

– Иә, бұл аталарыңның үйi. Аталарың осында тұрады! – дедiм алдаусыратып.

– Қазiр қайда? – дедi ол сұраулы жүзбен мөлие қарап.

– Тауда қой бағып жүр.

– Мұнда қашан келедi?

– Кешке таман... – дей салдым ойыма ештеңе алмастан.

Жүрелей отыра қалып құран оқыдым, томпиған қабiрлерiнен топырақ алып тастадым, ескi әдетiммен iштей күбiрлеп сырласып та алдым. Сөйткенше сүт пiсiрiмдей уақыт өте шықты. Қайтуға бет алып:

– Ернар, жүр кеттiк! – деуiм мұң екен, ол жұлып алғандай:

– Мен қайтпаймын! – дедi жұлқына аузын бұртитып.

– Не боп қалды-ей?

– Аталарымды көргiм келедi. Кешке таман үйге ертiп қайтам. Балалардың аталары үйлерiнде бiрге тұрады ғой! – деп қарап тұр.

Қапелiмде не айтарымды бiлмей аз-кем ойланып тұрып қалдым да, «сасқан үйрек артымен жүзедi» дегендей, шындықтың шырайын кiргiзiп:

– Аталарың өлiп қалған. Бұл бейiтi, соңғы тұрағы, – деп жайлап түсiндiре бастап ем.

– Өтiрiк айтпаңыз. Апам маған ылғи да «аталарың тауда алма терiп жүр» дейдi ғой, – дедi жыламсырап.

...Өткен күндер есiме түсiп, өзiм де қамығып тұр едiм, көңiлiм сеңдей бұзылып, көзiме ыстық жас iркiлдi...

...Осылай өмiр өтiп, ғұмыр жалғасып жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар