Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Заман Төлеуов: Ой тамшылар

10.07.2017 4707

Заман Төлеуов: Ой тамшылар

Айтайын деп айтпаймын...

Сірә, бұл жалғанда бір сәт: «Япырау, мен кім, мына төңірек не?» деп іш пен сыртқа үңілмеген, сол ұғыныстан көңіліне ой түйіп, пікір жинамағанды әсте адам деу бекершілік...

Мал мен пенденің ұқсастығы - қалауларының қарапайымдылығында: қарын тоқтығы, жайлы жатын мен тұқым тарату инстинктері сияқты.

Құрметті оқырман! Көз алдымыздағы дүниенің өзін тек ой арқылы ғана қабылдап отырғанымызды ескеріп, Ой дегенді - жалпы Баршалық және Барлығымыз бен Болғанымыздың айғағы деп түсінейік. Ой барда - біз бармыз...

НАНЫМ ТУРАЛЫ

Жаратушы біреу.

Әркімнің өз құдайы бар.

Тәңір – құдіреттің төркіні.

Бұлардың барлығы аспанда.

Жерде - дін және тағы басқа сенім-нанымдарды басқыш қып көтеріп, соған ұмтылған адамдар. Бір өкініштісі басқыштарды жеке-жеке сүйейтін тірек жоқ, ал бір-біріне сүйеп өрлеуге олардың өрелері жетпейді.

Аспандағылар осы күйкі де нәтижесіз тірлікке мәз болып күліседі. Ол күлкіні жердегілер аспан күркіреп жатыр деп қорқынышқа қалады. Кейде жоғарыдағылар да шарасыздықтан жылайды, адамдардың қылығына. Сонда адамдар қуанады: «Жауын, жауын!» деп, ал негізінде ол көктің құйылған көз жасы. Өмір сол көз жастан жаралған сынды. Көздің жасы тамған жер – таптауға болмайтын Обал. Бірақ, бәріміз де бір күні тапталатын Обалмыз. Тек, аспанда ғана Обал болмас...

* * * * *

Жан - Жаратушының иелігіндегі меншік. Оның мекені шексіз кеңістік. Жанда жастық өлшем мен мерзім деген жоқ. Жаратушы Жанды Санаға орап, Тәнге салады да өмірге жібереді. Жан Санаға рух беріп оны дамытады. Тән де дамиды. Дамудың бір айырмасы - Сана өзін жаратқан Жаратушыны тануға талпынып дамуын өрістетсе, жастық өлшеммен шектелген Тән мерзімді немесе мерзімсіз жойылады. Сонымен әр жолы Жаратушыны тануға талпынған қадам тірсектен қиылады. Ал Жан тағы құрсаудан босап шығып, келесі айналым келгенше шексіздікте шырқай береді...

* * * * *

Алла сараң емес, бірақ сұрамасаң бермеуі де мүмкін

* * * * *

Тағдырға Үкім шығару Тәңірдің құзырында ғана, адамның алдын болжау - пенденің сандырағы.

* * * * *

Жалпы көпшілік арасында, соның ішінде жауапкершілігі аздау яғни жалтаң мен жалқауларға тән бір психология қалыптасқан. Не нәрсе болса да Алланың қалауымен дегендей...

Жақсылық немесе қиянатты сен жасайсың да одан біреу ұтып, екіншісі жапа шексе, бұл - Алланың қалауы дейсің ұялмастан, көзің бақырайып...

Алла өзіне керек міндеттер мен мүмкіндіктерді шектеп, сені де өз жүріс-тұрысыңды реттей алатын әлеуетке ие еткен.

Пенде мен Адам арасындағы бір айырмашылық - біріншісінің жауапкершіліктен қашуы болса, екіншісінің анау үшін сол жүкті арқалауы.

Сондықтан Жер Соты мен Аспан Сотының әділдігі де әр басқа...

* * * * *

"Мезгілсіз шақырған тауықты жұлмақ болар" деген бар, сол сияқты уақыты келмеген уақиғаға сұрақ салып, жауабын күту де ерсілік сынды... Тіпті, кейбір сәуегейлер "Құдіретке" ие болып, Жаратуышының Жазуын ұрлап оқығандай қылық та танытады... Бұның бәрі - әр пенденің өзі естігісі келгенін естуге тырысқанынан туындайтын әрекет қана...

* * * * *

Жаратушы сондай кең пейілді, қылмағанды қылып, артынан өкінсең Ол кеше салады-мыс деген түсінік талайларды "жігерлендіріп" жүрген сыңайлы.
Ол егер: "Күнәңді да жуасың, жазаңды да тартасың!!!" деп ойын өзгертсе, Адамзат қалай қабылдар еді...

* * * * *

Адамды Алла топырақтан жаратыпты-мыс, негізінде барар мәңгі бесігімізде сол ғой, қазіргі мекеніміз де сол топырақ беті, өткен заманымыз да сол топырақ астында... топыраққа араласпайтын тек Рух қана, ол Білім, Өнер, Ғылым, Мәдениет тағы тағысын соның ішінде жұдырықтай жұмыр Жердің еркесі Адамды ажалдан арашалаушы Шипагерлікті қасиетті кәсібі еткен Жандардың еңбегі ерекше. Өйткені, Жаратушы өзінен қалған шаруаны соларға жүктеген...

* * * * *

Кісінің жаны шыбынға айналып, әлдеқайда ұшып кететін сыңайлы... Тән ағып, жерге сіңгенмен жанды мәңгілік санау ежелден қалыптасқан пікір. Расында, бұл фәниде ең құрмаса шыбынға ұқсас бір тал нәрсе мәңгілік болмаса, мән қалмас еді... Бұл жолы адам, келесі жолы мал, ары шыбын-шіркей... кете берер. Дегенмен, ол айналымдардың да өз заңдылығы болуы тиіс, осы өміріңде есек болып адал термен күн көрсең, келесі жолы да сол тосып тұр десе қайтер едік?..

* * * * *

Алланың жаратқанда берген жан болмысын талай жерге сүйреп, ласқа да құлатып, одан да тазарып, бірақ ешқашан да сол Сыйды сатпай, Аманаттай Алланың өзіне қайта алып жете алған адам ғана Бақытты. Ал оны көріп, таныған Адам да Бақыттың шарпуына бөленер...

* * * * *

Бір оралғыдан құтылу үшін, күш алуға екінші біріне жармасу - мәңгілік шырмалумен бірдей. Ешқандай ілімнің өз ақырын ашқан соңғы беті жоқ. Бәрі сол құдық түбіндегі тұңғиықтан өзін көруге дәмеленген қаракет. Сыры ашылған сайын, сұрағы екі есе ұлғая түскен шексіздік.
Бүгінгі дәлелің ертең кері дәлел... Сенімге үміт артсаң - төңірегіңе тастан қамал салғаның. Бір ғана амал ол - егер Құдірет көкірегіңе ұя қаласа, өзіңдікіндей көрінетін ішкі түйсікке құлақ салу.

* * * * *

Ей, адамның баласы, МЕН саған таңның атуы мен күннің батуын ғана қадағала деп ғұмыр берген жоқпын. Жеткен кешің ертеңіңе жоспар болсын, сен тоспаған «Қызыр сыйларға» әзірлік болсын деп таңыңды атырдым. Сен өзің айтпақшы «Дайын асқа тік қасық» деп МЕНЕН ғана сілтеу тосасың. Сенің маңдайыңа МЕН ештеңе жазған жоқпын, керісінше сен жазып, оны МЕН оқығанды жөн көріп едім. Қанша ғалам тудырдым, бірақ соның бір де бірі өз ойымен жүріп кете алмады. Бәрі әлденеге жалтақтап, МЕНІҢ құптағанымды тосты. Сендер өз күнәлеріңді МЕНЕН көрдіңдер. Иә, рас, тек - МЕН күнәлі емес кінәлімін, себебі сендердей ұмтылыссыз туындыны туғаныма...

* * * * *

Алақан жайып Алладан тілек тілеуші адамның әруақытта өз себебі болар. Әсте, адам тек өзінде жоқты ғана тілер. Адамға соншалықты көп нәрсе керек пе, өзі? «Денсаулық, он саулық және ақ жаулық» деген ата байлығы енді азшылық ете ме, қазір? Әрине, әркімнің өз ойы мен бойына шақ өз қалауы да болар, сірә...

Тілеу мен тілемсектіктің ара-жігін ажырата аламыз ба деген сұрақ та туындар. Мүмкін біздің басымызда бір пендеге жетерлік рахаттың ертеден тұнып тұрмасына кім кепіл? Мүмкін соны өзіміздің тойымсыз, тоғышар әрекетімізден байқап, бағалай алмай жүрген де шығармыз. Осыдан барып: үсті-үстіне төпелей үйіп, берекесін көре алмайтын артық тілектерді тілгенше – сол барымызды сақтай гөр, қанағатымнан қайыр көрсет деп неге жалбарынбасқа?!

Алладан тілеу тілеп, алақан жайғанда – сол алақанымызға осы жарықтың шуақты нұрын ұялатып, жан кемтарлығынан сақтай гөр десек, дүниелік бұғаттан ада болып, мейірім мен береке сәулесіне бөленеріміз хақ деп ойлаймын, ағайын.

ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ

Бәз біреулер: "Дос жоқ қазір!" немесе "Достардан айырылдық" деп жатады. Ең алдымен сол Дос деген атаудың мән-мағынасына үңілген абзал болар. "Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі." делінген екен бір түсініктемеде. Осындай қадамға өзің әзір болмай тұрып, оны өзгеден қалау мүмкін бе! Біздің санамыздан бозбала шақтағы үлпек сезімның қылаңы еш кетпейтін тәрізді. Шынайы Достық дегеніміз сол ерте көктемдегі ғұмыры қысқа әдемі қанатты көбелектерге ұқсайды. Рас, ол кезде бір-біріміз үшін жан беруге де дайын едік. Бірде біліп, бірде білмей талай қиянаттар жасалып жатса, енді бір кезекте жаныңдағы жақын дегеннің өзі әдейілеп асты арамдағандай, сезім тұнығын алалап кетеді... Жалпы "Дос жоқ" деп айтар кездің де өз межесі бар сияқты, есейдің, төселдің, тітіркендің... Сен іздеген Достық сезім ол да өзің сияқты сол өткелдерден өтті, өзгерді, өлі тері жамылды... Ендігі сенің қайраның бұйыртса Жолдас, не Замандас, қала берді Көзкөрген ғана...

* * * * *

Бір таныстың қарасы - мың тобырдан көзге ыстық...
Мың ауыз сөздің ақтауын - ақылды айтар қабақпен...

АЗАМАТТЫҚ ТУРАЛЫ

Дүниеге келген әр адам баласы: Жаратушының қиған нәсібіне өзгелерден еш кемдігі жоқ құқыққа ие. Солай бола тұрып: арамыздағы біреуді артық туғызып, енді біріміз кемшіліктен көз ашпай жатады. Артық туу: білімнен сусындаған асқан ақыл, өзегі адамгершілік пен парасат болса – талас жоқ. Бүгінгінің артық туғандары осы биіктен көрініп жүр ме және сол тұғырға лайық па? Адамның сырт қауашағы ғана бағалау тәсіліне айналған сыңайлы. Бай-бақуаттылықты дүниемен өлшеу өріс алған заманда, сенің ішкі жан-дүниеңнің байлығы: таза ойың мен пиғылың, ар-намысың, мөлдір махаббатың, сағыныш-үмітің таразы басына салуға келе ме?

Жұпыны киім киіп, жұтаң тамақ ішіп, жүдеу тұрмыс кешіп жүрген адамға ұқсағың келіп, қызығуға болама: «Шіркін, керемет намысшыл, махаббаты мен пиғылы шыныдай таза, ары үшін жанын беруге әзір!!!» деп...

* * * * *

Ең азаптысы Ар соты болғаны да. Ес біліп, етек жинағаннан бергі істеген іс-қылығыңды түгелімен тізіп берсе, қандайлық пәкпін деген пендеңнің көз алдына көк шыбын үймелері даусыз. Жан "шыбын" болып кеудеден Нұр қуып ұшып кетсе, көрге түскен боқ денеде қандай қасиет қалды? Оны сасымасын деп терең қазып көметініміз де содан шығар.
Ар сотының бірі - сені көлденең тастап, жаназаңды шығарғандағы үстіңнен төнген жамағат көздерінің бағасы да болар. Өлгеннің соңынан жаман айтпас деген көңілжықпастықпен "Жақсы адам!" дегенді сығымдарсың кейде...

* * * * *

Соноу жаугершілік заманда суыт аттанып бара жатқан аға: «Қатын жолда, бала белде, бауыр табылмас!» деген көрінеді. Бүгінгі көңіл орныққан бейбіт заманда солардың барлығынан қымбат - боқ дүние болып бара жатқаны жанды аздырады. Тегі, жоғалту дегеніміз – күнде тосу дер едім. Өмірдің ең бір ащы шындығы – бүгінгі бардың аяқ-асты қайта көре алмас өкінішке айналуы. Адамның қолынан талай іс келер, тіпті кейбір шаруаларыңды Жаратуышының өзі де қиыстырып ыңғайын табар. Жоғалған, өлген малдың көзі қажет емес, саны қажет болса, өткен адамның көзін ғана іздейсің. Үй ішінен мола қазып, топырағын құшақтап аңыраған ана, қымбатынан қапыда айырылып, дала кезіп кеткен қияли соның куәсі болар.

Қандай тілек тілеп, дұға оқысақ та қадірлі жандар бір-бірінен еріксіз ажырап жата берер. Тек бар қолдан келері: артынан жеңілдігін бергей деген жалынышты тілеу, қайта оянбайтын үміт, еш амал құра алмас шарасыздық, өзіңнің түкке тұрғысыздығыңды аңғартатын топырақтығыңды ашына түйсіну ғана.

* * * * *

Принцип - бірде ұстап, бірде тастай салатын көсеу емес... Егер отың маздап жансын десең, қажет болса жалаң қолыңмен де шоқ көсерсің... Сонда көресің, көсеу ұстамағанның қандай екенін...

* * * * *

Мәселе біреудің ақылын тыңдау да емес, оны өз ақылыңмен салыстыра білуің де...

* * * * *

Соғыстың да өз мәдениеті бар, сол сияқты төбелестің де... тек көшеде шаш жұлысқан қар әйелдерде ғана мәдениет жұрдай...

Кейде: "Мен бетке айтқышпын!" деп әлдекім даурығады. Бірақ мәселе бет-жүз демей, жұлысқа ұқсаған пікір айтуда емес, оны көрінген есуас та айта алады. Айтты, сол жерде қалды... Бастысы - жанына жеткізіп, көзінен жас шықса селдей ағызып, әлі де үміт бар болса үйірге оралардай ниетпен жөнге шақыра білу... Егер ештеңе өнбесі аңғарылса көңілден де "өмірден" де аластап, Ота жасау ғана қисынды амал болар...

* * * * *

Тегі адамның сену-сенбеуі өз еркінде дейміз. Десек те кейбіреу көзі көріп, қолымен ұстап тұрғанға да: "Бәрібір сенбеймін!!!" деп кері кетеді. Бұларға ем жоқ. Ал енді біреу бәрінен секем алып, өз көлеңкесін біреудікі екен деп осқырынып жүреді. Оған ем табылуы мүмкін...

Енді біреу елдің әр сөзіне имандай ұйып, бас шұлғыумен өтеді. Бейбақ ай..

Келесі біреу өз пікірі болмаған соң, беделдінің сөзін өсиеттеп, елді үйретіп, талай биікке де көтеріледі. Бедел ауысса, ол да ауысады...

* * * * *

Ақыл айтқан Үлкен адамға жарасады... Және Жастар да Үлкен адамдарды сол үшін жаратылған деп ойлайды... Тек, бір әттегенайы: ақыл айтқан үлкен адамның Үлкендік таныта алмай жататындығы

* * * * *

Сүйкімділік пен Сүйкімсіздік туралы не дер едік... Олар қабаттасып жүретін қылықтар ма, әлде біреу өмірбақи сүйкімді немесе сүйкімсіз бола ма?.. Әсіресе қайсысынан абай болу керек?.. Бүгін сүйкімді, ертең сүйкімсіз болуға бола ма... Жалпы әркім өзінің қандай адам екенін аңғара ала ма?.. Әлде, әдеттегідей сыңаржақты пікір жеңіп кете бере ме... Сүйкімді болу деген - әдемі шырайға еніп , екі езуді күніге бойы елжірету ғана ма... Сүйкімсіздік - ұры иттің қылығындай сұғанақтық па?..

Неде болса, бәрінен де абыройлысы жасандылықтан ада болу сияқты. Өмірді үлкен сахна дегенімізбен, ел саған көрермен емес, сондықтан өнерпаздың рөлін ойнаймын деп өзіңді жоғалтуға жолықпайық...

* * * * *

Егер сенің сілтегеніңнің барлығы нысанаға дөп тигіш болып, оған көпшілік разылықтан мақтап, мадақтай бастаса, оларға қосылып лепірме, онан да ойлан: "Неге бұлай?" деп...

* * * * *

Адамдар әлдекімдердің атақ-мансаптарын, барлық-байлықтарын дәріптеп, ауыздарының суы құрып жатады. Талай нәрсе, мысалы: сұлулық, сұрықсыздық, кемтарлық сияқты қасиеттер де ешкімнің қалауына сай қалыптаспас. Сондықтан "Мен неге мықтының яки сұлудың орнында емеспін?!" деп тарыққанның орнына "Жаңа ғана апаттан жан тәсілім еткеннің немесе ғаріптіктен азап шеккен бір жанның орнында болмағаныма шүкір!" деп осы күніңе тәуба салғаның - өз болашағыңа астамшылығы жоқ жол ашқанмен бірдей-ау, сірә...

* * * * *

Тегі, бетке ұстары жоқ кейбіреулер жасын көлденең тартып, кісіні де кішіні де силатқысы келеді... Жүзге жетсең де ол сенің жетістігің емес... Ол - Алланың рахымы немесе сені қаперден шығарып алған салғырттығы...

* * * * *

"Сенікі сандырақ, менікін айтсаңшы!" немесе "Жоқ, олай емес, былай..." деген сияқты көңіл қалдыратын дүңк етпені уәж деп айтуға болмас. Тегі пікір сайыстың мақсаты әр түрлі жолмен келіп, бір ортақ мүддеге түйісу емес пе. Ал біздің пікір алмасуымыз "ережесіз жекпе-жекке" айналып кететін тәрізді. Қолы жетсе мониторды тесіп, тұмсықтан бір ұруға тайынбайды. Мәдениеті төмен сөзден тоқтамға келтірер ой тумас. Керісінше өшігуге апарады. Жоқ жерден Ата жауыңды табасың.

Адамның қабаған иттен айырмашылығы шынжырға байланбағаны ғана ма?!

* * * * *

Біз, яғни пенде баласы білмейтін небір тылсым бар екені мәлім. Соның бірі ара қашықтық. Егер екі адам арасында бір қатынас туындаса ол ешқандай межені шек көрмей, өзіндік ниетімен алға ұмтылып, табысуды қалайды. Ол табысуды тек дене жақындыққа сайыуға болмайды. Себебі, бастапқыда айтып кеткен тылсым деген құпия – әрқашан да ара қашықтықты үзіп, өзің қалаған жанды қасыңнан табылдырады. Егер оны өзіңе айналдырады десе де артық емес. Осыдан барып өзіңнен сол жанды танып, қайран қаласың!

* * * * *

Адам - түбін қазса пенде. Ол кемшілікті Жаратушы одан күткен жоқ. Адам азды. Егер біз Жаратушыға тіке ұқсасақ - бір-бір әлемнің билеушісі болар ма едік. Асқан тазалықты Атамыз қаламады. Сондықтан біз осындаймыз... Тіпті кінә тағуға да болмайды, бізге. Себебі, біз мәңгілікті қаламадық...

* * * * *

Батыр мен батыр тірессе - сауыт-сайман сайлығы, адам мен адам жүздессе - рухының байлығы, біреудің асып тасқаны - біреудің болар шайлығы...

* * * * *

Бұл дүниені Жалған деп бекер айтпаған. Түбінде бір түгесілер дәм мен күннен тұратын алдамшы жарық. Сол жарықтың төңірегінде «жындыкөбелекше» шыр айналған пенде. Иә, пенде деп тегін айтып отырған жоқпыз. Себебі пенде ғана дүниенің заттық құндылығын бағалайды. Ол нәпсі сынды аз да болса ләззат шектірер жарқыл-жұрқыл сәттің құрбаны. Фортуна деген бір мықты бар. Ол еш дайындығы жоқ, тіпті құдайдың өзі қаламайтын кейбір жанға мүмкіндік береді. Мүмкіндік деген болдым-біттім емес, мүмкіндік – төбесіне көтергеннің сенімін ақтау. Сенің әр ісің ел көзінде, өзгені арзан санау - өзіңді арзан қылықтарға итермелейді. Егер сен жұртыңа қымбат жан болсаң сенің ізің қалған топырақты халқың сүюге бар. Сондықтан жүрген жеріңе теріс ниет қалдырмай, өсиет етерлік көрініс тастай біл, қарағым!

ӘР ТҮРЛІ ОЙЛАР ТУРАЛЫ

Бір асыл әжеміздің әдемі мәтелін - көкейі ояуларға ұлағат болсын деп

айтайын: "Сөз емес сөзді - кісі емес кісі айтады!"
"Ауыз өзіңдікі болғанымен, оны бұзатын басқа біреу" – ( бұл менікі)

* * * * *

- Немереме бір желкең қиылғырлар зәмөк жалатып, тілінің бір қабат

терісі сыдырылып түсіп қап, бір ай болды бейнет көргеніне! - деп бір әже қатты налып отыр.
- Не деген жаны ашымайтын иттің балалары! - деп қояды екінші әже.
Мен: - Ештеңе етпейді, ер азаматтың күні сол, кезінде бізге де ағаларымыз жалатқан. Одан өзіміз інілерімізге жалаттық. Дәстүр ғой...- деп көңілдерін аулаған болдым.
Олар маған "Осының есі дұрыс па?" дегендей осқырына бір қарады.

* * * * *

Ұятты жердің көркемдігі жұмбақтығымен ынтықтырмаса - сұлулықтан қадір кете ме деп қорқам...

* * * * *

Иістің түр-түрі болады... Кейбіреу әтір иісін сезбейді де қоқыр иісіне жетік келеді. Сондықтан оған аңқитын да мүңкиді...

* * * * *

Қазақта Жұғысты деген бір әдемі сөз бар. Мысалы: данышпандардың аттарын неше қайталап, солардың ұлағатты сөздерін талмай айта берсең, бірте бірте өзің де "Данышпан" болып кеткеніңді аңғармай қаласың...

* * * * *

Жас кезіңде басар белім, асар асуларым әлі алда деп, ұзын арқан, кең тұсау кеңшілікте жүрерсің, естір мақтауың мен көрер мадағың да әлем де әйдік тұрар... ал, жасың ұлғайып, соңыңда ирек-ирек іздер тасталып, маңдайың қыртыс-қыртыс "ақылдың кеніне" айналған шақта: "Япырау, менің өмірімнің өзгеге өнегелік мәндеріне неғып үңілмейді?" деп күйінетін кейбір сартістілер де болады. "Тасаттық" беріп жауғызған жаңбырдан - дер кезінде өзі төккен нөсердің көгі биік те бітік болары сөзсіз ау...

* * * * *

Соғысты бастан өткергендер ол туралы айтқанды қаламайды, тіпті, кешегі "шектеулі соғыстарға" қатысқан жауынгерлердің де басты тілегі: "Соғыс болмасын!".
Соғыс - өлім, азап, баршадан баз кештіретін бір күндік тәрізді қиямет тірлік, барың мен жоғыңды бағалатар да бағасын жоғалтар да қас-қағым сәт... өз тағдырың өзіңнен кеткен мұрындықталған күй... аш бөрідей торыған ажал ұлыған сайын өзіңді де ажалға айналдыра түсетін алапат...
Жеңіс - соның бәрін ақтап алатын жалғыз ақиқат!

* * * * *

Дүниені әркім өзіне бұйырған көзімен көреді... Біреуі жақынды, біреуі алысты анықтар. Нақтылы көзқарас жаның алқымға тірелгенде ғана анықталар... Бірақ, ол тым кеш екені белгілі, сондықтан өзіңдей көрмеген өзгені сөге көрме...

* * * * *

Хайуанның қарны тойса, сірә бар арманы орындалды деген шығар... Пенде де сол ғой, күнделікті бітпес күйбеңнің ақыры жылы жерде жату, тоя тамақ ішу т.т... Ал саған не жетіспейді деп сұрарсың өзіңнен, егер әлгілердің барлығы бола тұра тағы бір нәрсені аңсасаң... Бұл қайдан жұққан сезім екен?! Әлде қара түнді кеулете ұлыған қасқыр да аңсаудан ұли ма? Иә, кейде ұлығың келіп кетеді-ау...

* * * * *

Кейбірдің маңына кісі жоламас, енді бірдің төңірегі думан той көрінер. Екеуінде де есеп болуы мүмкін. Жалпы пенде арасындағы қарым-қатынаста қайырымды есеп болмаса қазақтың "Құрғақ қасығы" аузыңды дал-дұл етер күндердің бір күні...

* * * * *

Сараңдықтың екі түрін айтып көрейік. Бірінші - жалпыға ұғынықты дүниеқоңыздың сараңдығы, ал екіншісі - тоғышарлықтан ада жанның өзіне қажет еместі, өзге үшін де маңызды емес деген бейқарасынан туындаған пікірді қате түсіну.

* * * * *

Адам өзінің бойының биік әлде аласа екенін тек салыстырмалы түрде ғана анықтар... сол сияқты ойдың да аласа биігі болады екен. Ондай ғажапты көкірегі керемет жандармен сұбхаттасып немесе оның хаттарын оқығанда танырсың. Сенен де терең, тұнық және жүректі ойлары таң қалдырар...
Әрине, тек әрқашан да таң қалуға өзің дайын болсаң ғана...

* * * * *

Өмір түгілі өзін жатырқаумен келе жатқан адамды әманда жатбауыр деп атар. Ол өзінің барлығына да күмәнді. Ол кімге керек екендігіне де күмәнді. Әрине, ол жауапкершілік дегенге өз көзқарасымен қарар, бірақ осыған дейінгі өзіне деген зейіннің ауқымымен ғана. Басты қателік осында. Оны өзін бағаламау немесе өз жанашырын қадірлемеу деп те айтуға болар...

* * * * *

Жалғыздық дегенге кейде үстірт қарап, оны бір кереметтей көреміз... Ешкім жетіскеннен жалғызсырамас. Әр адам яки пенде жалқы жаратылыс. Оны өзгемен қанша қосақтасаң да жеме-жемге келгенде өзегі өзге шығар. Сондықтан Жалғыздық деген баршаға ортақ күй. Ал жалғыз болмаудың жалғыз жолы Өзіңді тану дер едім. Егер сен Өзіңді танымай, Өзіңнің бар екеніңді аңғармасаң Жалғыздық деген сол.

* * * * *

Көк жиектің шегіне жету мүмкін болмаса – топастықтың да шегін анықтау неғайбыл-ау!.. Дұрыс сөйлегеннің барлығы ақылды емес дегендей, кей мақтаулар сенің бетіңе қарап айтылса да - оның бір зымы іштей бүгілмесіне кім кепіл? Ақылды адам: өзінің аңғарымпаз зейінінен өткізіп барып қана жағдайды не қабылдар, не қабылдамас. Себебі, алпыс екі тамырыңды тез иіткен «ғажап» - сондай жылдамдықпен суыта салады да...

* * * * *

Өзіңді тек, алу үшін бағыштау – өзіңді арзанға сатқанмен бірдей. Әсіресе әйел заты әсіреқызылдық танытса, ол – әудемжердік жолдас қана.
Ал ермін деген өз ғажайыбын мінезбен емес кебу сөзбен танытса, ол - көл жиегінен құрақ көрмеген шөл.

* * * * *

Артыңда ел ескерер іс қалдырсаң: оны таңертең, түсте яки қас қарая жасасаң да еш маңызы жоқ. Себебі, Игілік кісі жатырқауы мүмкін, тек мезгіл жатырқамайды.

* * * * *

Өткен іс ақталу үшін... келер іс те сол ақталу үшін... тек бүгініңе ғана айып тағылуы мүмкін.
Немесе:
Бүгініңе тағылған айыпты өткен ісің мен келер ісің ғана ақтай алар...

* * * * *

Кейде біз сырт әсердің ықпалынан ба, әлде, соған ұйыған өзіміздің менменшілдігімізден бе әйтеуір, қисыны келмеске қырсыға қызығып, тек өзіміздің ғана емес, өзге жанашырдың да берекесін кетіретініміз бар. Түлкіқұйрық дүние кіммен ауыз жаласпады, кімді сатпады... Қайта келместей есігін серпе жауып кеткендер де бар... Дәм-тұзын түгесіп, бұл дүниеден алты аласы қалмаса да тағы бір ертеңді тілегендер де бар...
Егер мен жоқ болсам, бұл дүние де ешқашан болмағандай көрінер ме еді. Бұл дүниенің барлығы менің барлығымның куәсі ма, әлде... Дүниені көрдім, өзімді де көрдім. Солай болса, Мен - олардан бөлек болмыс болғанымда... Менің мекенім, тегім қайда?.. Басқалар да сол... Келдік, кеттік... Біз кеттік, дүние қалды дейміз. Иә, әркім өз дүниесінің ғана шамын өшірер, сірә...

* * * * *

Өмірдегі бар тәттілердің ішіндегі ең бір ерекшесі - Ашу. Оның тәттілігін тек өзіңнің жансүйер адамыңа күйінгенде ғана білесің. Оны майдалап үгітіп, қырық қайта тағы үгіткің келеді. Оны жан-тәніңмен сүйе тұра азапқа салғың келеді. Сол азапты өзің де шегесің. Сөйте тұра жалғай бересің... бірақ ешкім ешқайда кетпесіне кәмілсің. Егер өмір кілең бал татып тұрса онда екі күннің бірінде жүрек айныр...

* * * * *

Арба сүйреп жүрген өгіз мертіксе немесе қартайса мойынағаштан шешілер... Адам да солай - егер сұрап жатса ақылын айтар... Бұл заңдылық бұзылса - көш тоқтайды!!!

ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ

Шебердің ісі - оймақтай ойды тарының қауызына сидырып, оған шексіз әлем дарыту...

* * * * *

Ақынның жыры көргенін жырламай, көрмегенін жырласа аса аруақты болар ма еді... Тегі, көргенің керемет емес - кермек болған соң ғана жақсы Жыршы шығарсың...

* * * * *

Мәселені Ақын шешпес: Ақын - айтар жеткізіп Арызыңды... Ақын - кетсең салғырт, еске салар Парызыңды... Ақын - арағайын боп, қайтарысар Қарызыңды... Ақын - бірге жоқтар таяқ ұстап, Қазақ деген шер маңдай Жалғызыңды...

* * * * *

Соноу бір ертеде қалам ұстауға құмартып жүрген кезімде бір ағамыз айтып еді: "Егер жазбай-ақ күнелте алсаң, жазбай-ақ қой. Ал, жазбасаң өмірің тұл көрінсе жаза ғой" деп. Егер: "Сенің жазғандарың бұдан былай кемінде елу жылдан соң ғана бағасын алады. Бұл жалғанда жүріп жарылқанамын деме" десе, талай қалам ұстағыштар құмарларын өзгертер ме еді. Оқырманды бездіріп, руханиятты аздырып бара жатқан бір кесепат бар. Мұқабасы жарқ-жұрқ кітаптардың сыңсығанынан не пайда, ішінде дәм-тұз болмаса.
Бетіне ешкімді қаратпайтын палуан да шынығады, сұрайды,"Мен қалаймын?" деп жаттықтырушысынан. Ал қаламға үйір кей туысқандардың ондай ғадеті жоқ. Түрткенінің барлығы ғаламат! Әсіресе шығармашыл жұрт өзіне еш күдіксіз болса ол - не аса талантты немесе әумесір! Әр сөзіңе сауысқаннан асқан сақтықпен қарамасаң - қас масқараңды шығарар...

* * * * *

Шеберліктің ең шырқауы - не жасасаң да әркімнің қолынан келетін сияқты оп-оңайлығы... Ал, оны неге шеберлік дер болсақ - оны әркімнің жасай алмауы...

* * * * *

Егер кісі шығарған өнімінен қандайда пайда көруді көздесе ол - тауар деп есептелінеді. Киім-кешек өндіресің бе әлде шығарма жазасың ба түпкі мақсатың осыдан атақ алсаң да, үлде мен бүлдеге бөленсең де әйтеу бір парқадар табу. Әрине тек, тауарың өтімді болып, сұранысқа ие болып жатса ғана...

Мүмкін бұндай теңеу біреуге тұрпайы да көрінер. Бүгінгі сатып

алушысы жоқ "тауар" уақытынан оза шығарылған өнімге сайылып, келешектен ғана орын табар ма... Рухани қазына - Ұлт болмысы.

Осыдан барып: "Сенің шығарған Рухани азығың өзіңді асырай алмаса, кімді жарылқар?!" деген де ой келеді...

* * * * *

Пікірдің де сынның да басты міндеті немесе көздегені намысқа тию емес - намысты ояту болса ғана: арба да аман, өгіз де сау...

Жеке басымыздағы уайым-қайғы аз болғандай, бізге жалпымызды сарсытар Жұт қажет сияқты. Жамандық - жаман кісі секілді есік қақпай кіре берер, ал жақсыны шақырып келтіре алмассың...

Несібең де ниетіңе сай, сондықтан әр таңды "мен тірімін" деп қуана қарсы алайық. Себебі, бұл жалғанды бар кезіңде өзің қадірлемесең, төңірегін түгел сөккіш пенде - о дүниеден де сүйкім таппас...

* * * * *

Осындағы бір Достың: "Ойымды аяқтайын десем, бірінен соң бірі шығып, түгесілетін түрі жоқ" деп ағынан жарылғанын оқып өзім де ойға қалдым. Баяғыда Қожакең қонағына: "Ботқаны тауыссаң астында палау бар" дегеніндей, қазіргінің оқырманына әдемі тостаққа салған палауды дереу ұсынбасаң, торғай сияқты пыр ете түсері хақ.

Келе-келе әңгіме бір парақ, хикаят екі парақ, ал роман үш парақтан аспас... Бұл оқырманның талғамынан гөрі - уақытының сығымдалған қаттығынан туындар. Сөйтіп, осылай кете берсек: бір-бірімізбен көз қысысып, ыммен ғана ұғынысар кез де алыс емес-ау...

* * * * *

Әдебиет туралы соноу ықылым заманнан - талай тұжырымдар айтылып келе жатқанымен, әлі күнге тағы бір қыры ашылып, соны соқпақтар жөңкілуде. Әрине, бұл - зерттеушілер мен сыншылардың үлесіндегі іс.

Мені ойландыратын нәрсе – өткен ғасырдың жылымық тұсындағы қанат жайған қазақ әдебиетінен гөрі ғасырдың бастауындағы әдебиетке деген ынтызарлық. Оның себебін уақыт ұқсастығына балағым келеді. Өткен ғасыр бастауында да жаңа өмірге қадам басқан арманшыл сәт тұрды емес пе? Бұл ғасырдың басы да сол арманды үкілейтін тәрізді.

Елшілдік, жершілдік деген мешел ұғымдардан ада ұлт азаматтары осындай кезеңде қалыптасар. Тек солар ғана халықты жұмылған жұдырыққа айналдырар. Санасы саяси уытпен уланбаған ұлттық идеология да осыдан осылай етек алар.

Шөре-шөре күй кешкен кезеңнің сарқытын ішпеген, тың ойлы, өжет пікірлі, аталы сөз айтар азаматтарды көзім көрген соң ғана - осы пікір ойға келді.

* * * * *

Терезесі теңнің Сыны - теңдесі жоқ Сыбаға, терезесіз Түннің "сыны" - апарар сені Жыраға...

* * * * *

Жеке шығармашылық мектебі дегенімізді бір тұлғаның рухани кеңістігі ретінде қабылдау келтелік тәрізді. Ол да осы дәрежеге жеткенше талай тағлым алды. Соның арқасында өзіндік пәлсапасы, сөзбен ой түзу техникасы қалыптасты. Бұны мектеп дегеннен гөрі - шығармашылық ерекшелігі деген орынды ма? Ақын яки жазушы деген атақты да тек, өзінің ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы мен ерек ойына ғана қарап таңған абзал болар. Ал, мен соның мектебіненмін дегенді - біреудің жүріс-тұрысын салған балаға балау керектей. Бұндай пікірді өз мектептері қалыптасқан он үздік ақынды таңдау деген жобаға байланысты айтып жатырмын. Ерте ме кеш пе мойындалған ақындармен қатар өз үнімен түңдікті түрген жастарды да ескерген жөн.

* * * * *

Қазақта "Ымды түсінбеген дымды түсінбейді" деген әдемі нақыл бар. Әмісе бәрін шәйнап беріп, жұтуға ғана үйренген сана Астар дегенді аңғармауы мүмкін. Жаман орыс әңгіме айтса ішкен жегенін, ..генін ...қанын тәптіштеп айтар. Хат таныған соң, оқи да білу керек. Ал басыңа торғайдыкінен көбірек мый берсе, сәл пәл ойлан... ары қарай тарат, мүмкін ақиқатын сен айтарсың. Өйткені оп-оңай сияқты жазылған дүние оп-оңай жетеге жете бермейді...

* * * * *

Сөз туралы қанша сөз айтылды десеңізші. Десек те сол Сөздің байыбына әлі күнге жете алмай келеміз... Сөзді құрал деп есептеудің кесірінен оның бойындағы Жанды сезбей жататын сияқтымыз. Бізше: күрек пен аша не, Сөз не - бір тектес болып кетті ме...

Сөз жеке тұрғандағы өзінің өңі мен ішкі мағынасын екінші бір Сөзбен жанасқанда қалай өзгертетін сиқырды меңгеру - шын шебердің ісі деп білемін. Сөзден заңдылықтарын сақтап, сөйлем құрай алу білімдінің шаруасы. Ал Сөзден Ой түзу ол, ол...

* * * * *

Көркем дүние: сурет пе өлең бе, ол қолдан ұрықтандырғандай жасанды әдіспен жаратылмас сірә, ол - соноу бір тылсымнан туған асыл сынды емес пе...Ондай дүниенің мүшелейтін қаңқасы да болмас, өйткені ол жұмыр тастай бітік жаратылар, егер жаратылса...

* * * * *

Өз ісінің шебері қателік жібермеуі тиіс. Шеберді сынаған кінәлі емес, сынға ұшыраған шебер кінәлі.

* * * * *

Исі Қазақ сөз зергерін Ақын деп ардақтады емес пе?! Осы қасиетін әркім әрқалай ұғатын асыл атаудың Отауы - күллі жазу дарыған Азаматтарға ортақ деп санаймын...

* * * * *

Сүрген өміріңді айта алған да бір өнер, адам айта алмайтын өмірді өткерген де бір өнер...

* * * * *

Ақын болар бала - о бастан сотақар келер, оның күндігіне шығаратын он айқасына "сау" адам төзе бермес, сондықтан оларды өз бетімен жіберген жөн. Себебі: олар сеңді бұзған "Мұзжарғыш кемедей" жамандықты тарқатып, жақсылықтың жолын төсейтін Жанкештілер іспетті...

* * * * *

Бір "ақылсыз" қыздың газетке жазған хатында: "Я хочу прожить жизнь, как Сергей Есенин..." деген тілек бар еді. Шынайы ақынның шығармасы болмаса - өмірі адам қызығарлықтай бола бермес. Сондықтан оның өмірін сүруге ұмытылғанша - өлеңін оқып танысай...

* * * * *

Бір талантты да танымал ақынға жазылған алғысөзді оқып ойға қалдым. Анаған ана жері ұқсайды, мына жерінен мынауды шырамытамын деген сияқты теңеулерден аяқ алып жүре алмадым. Баласы - не нағашысына, не өз жұртына ұқсамаса көршісінен көретін қазақтың харакеті сияқтанды маған, бұл... Ал көршісіне де ұқсамаса бұны Тәңірдің өзі берген деп ерекше есіркер...
Сол сияқты ешкімді елестетпейтін көркем дүниені Құбылыс деп атау орынды болар... Құбылыс дегенімізді - тыңнан жаралған тылсымдық оралым десек, ол жұққан ақынның шығармасы қатардағы талдауға жатпас...

* * * * *

Аударма дегеніміз - бір нәрсені теріс қаратпа деген ұғым сияқты...

* * * * *

Аударма жасау дегеніміз - сірә, өсіп тұрған терек пе, қайың ба соны түбірімен қазып алып, өз бақшаңа қондырумен тең сияқты ма... әлде оны иіп, бұрап өзің қалаған ағаштың ұсқынын жасауға далбас па... тегі, байқағаным: кей шығарма аударылды дегеннің өзінде ішкі діңі туыстықпен майыспай, екі жаққа да жат тілмен сөйлейді...

* * * * *

Қазақта "қоспа" деген сөз - мал қосқанды айтады: біреуге мал қоссаң, одан кейде өз малыңды қайта ала алмайтын жағдай да болады... Сол сияқты "аударма" дегенді қалай десек екен... сынын бұзбай аудара жатсаң - Аудардым деп марқаясың... ал кейде кейбір аудармаларды оқып отырып, түсіну үшін оның түпнұсқасын іздеуге тура келеді. Сондықтан: Аудара алсаң Аудар, аудара алмасаң Аударма дейміз бе...

* * * * *

Шығарманың құндылығы мен оқырманның алғырлығы қабаттасып жатса - таң шапағымен ояна сала сүйіктісіне күнде ғашық болатындай ғажап күйді кешер ме едің. Әр бетін қайта аударған сайын, жаңа сыр мен нұрды танып, мағынадан мағына тудыра берер ме едің... Ой мен Сұлулықтың шексіздігіне қайран қалар ма едің...

Баршаңызға тілерім, осы ләззатты түйсіну...

* * * * *

Біреудің сөз саптауы мен ой түзу сарыны ескіліктің нышанындай тереңнен қозғалып, кеше мен бүгінді ұштастырар... Ал енді біреу - бүгіннен алабөтен тартып, өзінің оқырманын келешектен көрер... Сосынғы бірдің тағдыры бүгінмен ғана астасып, иі қанбаған, жайдақ баянның ауылынан аспас...
Осы үшеуін де зерделеп, жігін ажырата түсінуге ұмтылған оқырман ғана Заманына сай келер... Себебі, жікке бөлінгенмен бәрі бір тұтас - Руханият...

* * * * *

Көзінің тірісінде өз өнерінің қызығын көріп, дүниеге белшесінен батқан Эмиль Золяның дәулетіне тамсана тұрып, оның әрекідік киім-кешегін кепілдікке өткізіп, үстіне ақ кебін сияқты дәке жамылып, прован майын жаққан қара нан мен қара суды қорек етіп, өзінің атақты шығармаларын шатырдың қуысында отырып жазғанын еске ала бермейміз... Сосын өзіміз бірдеңе жаза қалсақ, алдымен атақ пен дәулетті ғана мансұқ етіп, ал оның бейнетін өзгенің маңдайынан оқығанды тәуір көреміз...

* * * * *

"Классик" (танымал, белгілі, көрнекті т.т) болу деген жаңғырық қабылдамайтын жартасқа айналып қатып қалу емес шығар, әсте. Шынайы ғаламат шығарма әр оқыған, тыңдаған не көрген сайын жаңа қырдан танылып, ашылары хақ... Сондықтан жорта қолпашпен жасанды классик атанғандар жаңашылдықтан жұрдай келеді де өзгелердің ізденістерін түсіне бермейді... Баяғыдағы бетон бағыт соцреализм әлі бардай көретін сияқты ма, қалай?..

ӨМІР ТУРАЛЫ

Өмір деген алғаш аттаған жанға бастапқыда романтика болып көрінер. Алдыңда тосып тұрған қандай қиындықтар болса да олардың саған шектірер зияны жоқтай көрінер. Сен оның барлығынан сүрінбей өтерсің, сенің сыртыңнан әмісе ата-анаң, дос жарандарың қызыға бақылап, сенің жетістіктеріңе қуанып, тамашалайтындай ғана көрінер. Әрине жауапкершіліктің боларын іштей сезесің, бірақ сен бәрінен мүдірмей өтетін ғажап қанат иесі сияқты сезінерсің өзіңді. Өмір үлкен сенімнен тұрады, тек кейде көзсіз сенім ғана ешқайда жалтақтатпай алға жетелейді. Өмірді сүйген адамды өмір де ұнатады, қолдайды. Өмір - ол Өзіңсің

* * * * *

Кешегі Абайын сабаған қазақтың ұрпағы екенімізді кімнен жасырайық... Қырқ ру боп бөлінген, әлі де сол бөлшектенуден арылмаған, бер жағымыз сырбаз, ар түкпіріміз көр қараңғы көреалмастық... Қай құдай бізді өстіп қарғады екен?! «Басың бірікпе, біріге қалсаң іріп кет!» Жаңа ұрпақ өсіп, Абайдан да арғы болған тектілік қанымызға қайта оралама десек, небір жетесіз жолдарға әуестеніп, жетекке еріп құрдымға бет алғандаймыз...

Бұның барлығына біреу ғана кінәлі, тек өзім емес деген ұстанымды қазықтай айналып, шырмалған үстіне шырмалудамыз. Қоғам болу үшін ортақ мүдде қажет болса, қоғамды ыдырататын мүдденің жекеленуі. Жалпыны бірдей етіп қырқуды аңсап отырған жоқпын, одан да өткенбіз... Тек қайран қалдыратыны сол өткеннен сабақ алмауымыз. Қазақ халқының «Біреудің алды, біреудің соңы...» деген нақыл сөзі бар, соны неге қаперде ұстамаймыз. Кедей бай болсам дейді де Құдайдан да рұхсат сұрамастан «Құдай» болып шыға келеді. Осындай астамшылық тексіздіктен болар. Тарих қайта қайталанады, әрқашан... Тек, қайта теңестіріп қырқу ешкімге жақсылық әкелмес. Түк көрмегендер елі атанып, күллі әлемге мазағымыз шықпаса болды. Кімді кім асырап отыр. Бір тал жусанды әркім тауып жер. Бірақ мынадай обырлықтан тұла-бойың түршігеді. Бүгін «арыстан» боп айбат шеккенің, құдай сақтасын, ертең бұралқы ит боп қалмасына кім кепіл... Оны да мүсіркейтін халықпыз – біз, қанша ашынсаң да...

* * * * *

Әсер деген бір ғаламат сөз бар. Оның жағымды жағын былай қойып: «Өлім әсері, бейнет әсері» дегендерін салмақтап көрелік. Тегі, әсерге ұрынар алдында адамға расында бір нәрсенің әсері ықпал болар. Мысалы: барлық пен мансап та сол әсердің қатарында. Артық дүние мен менсінер тең қалтырмайтын мансап – адам санасын апиындай мұнартып, ет пен сүйектен жаралған пенделігіңді ұмыттырып, өзге әлемге әкетеді. Бұндай күйге душар болған адам өзінің жасаған ісіне ешқашан да басымен жауап бере алмайды. Себебі, бұның бәрі бассыз кетудің кесірінен. Ал жауапқа тартылған сол – кешегі пысынан жұрдай болып, жер бетіндегі ең аянышты жәндікке айналғанын көргенде оны жазғырар, жазғырмасыңды білмей дал боласың. Осындайда: «Япырай... » деп ана міскінді жәй ғана мүсіркеп, табалауға дәтің жетпей саныңды соғасың. Қазақта: «Асқанға - тосқан» деген қатал мәтел бар. Бұл жалғанда әсер көп-ақ, соның бәрі тесік өңешті пендеге күнделікті сын. Жаратушының құдіреті мен шеберлігіне шек жоқ. Бүкірдің белін қабыр топырағы ғана түзетер деп налысақ, Алла қаласа - көз алдыңда-ақ бақырайтып, қайқайта салады. Жазасыз кеткен қылмыс болғанымен, Алла жазасын бермес пенде болмас.

* * * * *

«Ең басты, баға жетпес құндылық – адам өмірі». Ешқандай бағалауға келмейтін құндылық болса, ол – адам өмірі деп түсіндік делік. Бірақ, бағасы жоқ затта құн да болмауы мүмкін. Егер бағалы дүниеңді жоғалтып яки бүлдіріп алсаң – оны қайта табу мен жөндеу мүмкіндігі бар екенін іштей сезесің. Ал адам өмірі соның біріне де көнбейтін – құндылық. Өзгенің жанын өзіңдікіндей тәтті көре алу мүмкін бе? Осы бес күн жалғанға келген әркімнің өзінше бір-бір әлем және төбесінде өз күні бар екені ойымызға келе ме? Табиғи немесе әлдебір апат кесірінен өткен адамның ажалын Құдайдан көрсек, қарадай жүрген әлдекімнің қандықолдан қаза табуы адам баласының соншалықты қорғансыздығын білдіретін тәрізді. Және өзінің баға жетпес құндылығын өзі қорғай алмайтын бейшара болғаны ма? «Бауырым-ай!» деп боздаған жоқтаушының азалы дауысына кім елең етуі тиіс, ағайын???!!!

* * * * *

Арайлап таң атса, соған жеткен тірі жанның барлығы жарыққа кенеліп, қуанар. Күн өрлеп, қайта еңіске бет алар. Қараңғылық жамылып тынығар. Тек, осы екі арада адамдар тағдырында неше рет таң атып, неше қабат күн батады-ау... Маңдайға жазылғаны бар, қасқана жасандысы бар... өзіміздің қырсық мінезбен күнді көлегейлеп, жоқ көлеңкені түсіруге әуестік те кем қалмайды, бұндайда...

* * * * *

Адам да бір жолаушы... өмірі оның иә ұзақ, иә қысқа жол... иә даңғыл, иә тастақ танабы... тағдыр жазуын салған маңдайы да иә тайқы, иә тар келер... ақылы да кен, иә кем... әр адам Өмір туралы өз пікірін қалаған болады, бірақ, Жалғанды ешкім ұстап қалған да емес, ұстаған да емес, бәрі көз жұмса ғайып болар тұрлаусыз елес... сондықтан, әр тірі сәтің ғана сенің шындығың, ал басқасы ойдан шығарылған көңіл жұбату ғана...

* * * * *

Өзіңе біреу сүйсінсе – күн түскен күресін қардай көл-көсір жайыла бастайсың... Жан рахатына бөленгендей боласың... Бірақ, бұл да сол - қысқа күннің шолақ жылуы тәрізді қас-қағым күй... Адамның күллі Өмірі - Көңілдің көңіл-күйінен жиынтықталатын сынды. Сірә, бұл жалғаннан армансыз боп - еш пенде баласы аттанбас та... Сүйсініс деген - сырт көздің саған тамсануы десек, ал негізінде сусыны қанып, өксіместей, өміріне түшіркенген кім бар екен?!. Өмір - күндердің күні шешіп тастайтын сырт киім ғана болар...

* * * * *

Бір нәрсені ертеректеу бастау керек еді дейді, кейде... адамның жасына қарап, әдетте... Бірақ, сен жастау кезіңде де білген жоқсың ғой алдыңда қанша уақытың бар екенін... Дәл қазір де солай, алдыңда сүрілмеген қанша ғұмырың бар екенін айта аласың ба? Әрине, жоқ.

Сондықтан, орайы келген істі жалтақтамай, оралған тұстан бастай берген абзал...

* * * * *

Өтер де кетер дүние, көз саттырған боқ дүние... Көзді ашсаң бар дүние, көзді жұмсаң жоқ дүние...

* * * * *

Кезінде әлдебір аса жанашырлықтың себебінен айырылып қала жаздаған адамды тағы да солай төпелей берсең, ол оң нәтиже бермеуі де мүмкін. Сондықтан: о жаққа барып қайта келген жанға сенің қорғап-қоршауың "тосақуыл" іспетті көрінуі де ықтимал. Тірі жан-жәндіктің бір қасиеті қандай да тосқауылдан өту емес пе... Өмір - өмір сүрген адамның өзінікі ғана. Ой мен іс азаттығы өзінде болса ғана, парқадарлы қадам тосуға болар ма...

* * * * *

Өмірде екі нәрседен ғажап ләззат пен азап та алған сияқтымын... Тәуірінен бастасақ ол құштарлық, яки ғашықтық па, мүмкін махаббат та болар... бұл жарықтықты бастан кешкендер осы қазір: не "сүйіншілеп" не "жабыла көріссе" таңырқамаймын... ал екінші төбелестен кейінгі күй: басында азап, одан соң ауырсынған мамыражай тәтті күй... бас, қабырға, бел, жұдырық бәрі мен мұндалайды... олардың әрқайсысын туысыңдай ішің елжіреп, жаның аши сипайсың... егер айшықты жара түссе, ол ертең төсіңе таққан марапаттай көрінеді, мақтанышыңа айналады... Нағыз ер азамат - осы екеуін кәдеуілгідей бастан кеше алмаса "Мен" деген сөзді айтуға құқығы шамалы...

* * * * *

"Өмір деген - күрес" деп айтқалы қашан. Бірақ сол күресті әркім әрқалай түсінер... Тосулы бір маңызды кезеңді япырай қалай өтер екен, сонан кейінгі менің күйім қандай болар екен деп қобалжитын да талай сәттер болады... Аман болсаң оған да төселіп, олардың да бастан өтіп кеткенін аңғармай қаласың... Тек, күрес қана өзгеше... Малтығып жүріп бір ордан шығып үх дейсің де қайта тырбанам деп, тағы бір орды әдейісіз қазасың... одан да шығасың...

* * * * *

Атам қазақ: "Бұйыртпаған бұттан кетеді" дейді, сондай-ақ, ерттеп мінбей жатып, үйірдегі биені де менікі деуге болмас... Таң ата көрген түс те әмісе дәл келе бермейді, келмейтіндей көрінген қимасың да күтпеген кезде қақпаңды қағуы мүмкін, бірақ сен ол кезде дастарханыңды басқаға жайып отырарсың...

* * * * *

Пендеге: "Тек менің айтқаныммен ғана жүр" деп алдына, бұйрыққа сәйкес бір-бірін қудалайтын қамшы тасталған, ал Адамға: "Сенің алдыңда ақ парақ, басы мен аяғы толтырылған, тек ортасын толтыру сенің міндетің" делінгендей...

* * * * *

Алла өз қалтасынан ештеңе бермейді, өзге біреудікін аударып береді дейді. Соған қарағанда тілене берсек, біреудің обалына қалатын сияқтымыз... Сондықтан, кейде қолда барды місе тұтып, береке етіп ұйыта алсақ, әлдеқайда баянды болмай ма...

* * * * *

Әркімнің өз көкірек көзі бар: бірі ақ, бірі қара, қайсысымен қарасаң - соны көресің...

* * * * *

Жалпы, тіршілік дарыған жан иесі, соның ішіндегі адамның да күнделікті басты харакеті - тірі қалу...

* * * * *

Бала кезімде әкемнен: "Өмірдің мәні неде?" деп сұрағанымда ол кісі: "Адал еңбек етіп, бала-шағаңды асырау... " деген сияқты әңгіме айтты. Мен қоймадым: "Тағы не?" деп, сонда әкем: "Өзің өскенде көресің оның мәнін, енді оттай берме!" деп зекіп тастаған-ды. Сол өмірдің Мәнін әркім, әрқалай түсінетінін ойлағанда "Ә жарайды!" деп бүгініңе тәуба еткендей болады екенсің...

* * * * *

Адам жаратылғанда: мимырт өмірге ыңғайлы, алапат соғыс, нәубетпен жағаласуға ыңғайлы, тағы тағысына арналатын тәрізді... Сондықтан да бір кезеңнің батыры, келесі кезеңге сай келмей жататындығы да осыдан болар, әсте...

* * * * *

Белің көтермейтін ауырға жолама; басыңды айналтар биікке шықпа; сырың кеткенде самайыңа бояу жақпа; өз сырыңды білмей, ешкіммен сырлас болма; өзге жүрек көтергенді өз жүрегің көтере бермес; сүю деген құлаққа сөз боп естілгенмен, жаныңа жайдың оғындай тиуі мүмкін; оқыс оянған шынайы сезім таудан аққан аяусыз селдей: көкірегіңді дал-дұл етіп бірақ тынар... сел өткен соң қалған қаңқаларды жинап бір ғаріп жан жапан түзде жазғырынса, ол кім деме?..

* * * * *

Ертеректе «Жалғыздық» дегенді ғажап санап, кезінде соған құштар болған едім. Әртүрлі әдебиеттегі кейіпкерлердің тағдыр тәлейіне түсіп, құсаланғаны тым тартымды көрініп, соның күйін бастан кешуді арман еттім де, қара нөсер астында қалғандай соның бәрі іс жүзінде төбемде ойнады... Денемдегі жырым-жырым жара іздері өз майданы туралы сыр шерте алса, іштегі жарада үн жоқ. Шыбын жан өзімен-өзі құса болуға әбден кәніккен тәрізді, оның мұңдасы да сырласы да бір ғана өзі...

Баяғыда менің жасымдағыларды сайға лақтырыпты-мыс: көнелігі жетіп, көзге күйік болған соң...Ол да жөн бе екен дейсің кейде... «асарыңды асадың, жасарыңды жасадың». Енді, ел сені көрсе өмірден түңілетін түрге тарттың, «Ішіңдегі не жегі, сені осынша өңнен айырған?» деп сұраса айтарға уәжің де жоқ. Күлсең де қарыз сұрағандай қиналасың, отырған орның опырылып құрдымға ала қашса да селт етпейтін халге жеттің... Қатты дауыл алдындағы тыншым сәттей - Өлім мен Өмірдің ең бір тату кезеңі сені баурағандай... Бір ғажабы, сен мығымсың. Қорқу, уайым, кінәліні іздеу, төңірекке сұқтану сияқты күйлерден адасың... Мүмкін, «Кемел жас» деген осы ма, сірә? Әйтеуір, кейпің - айтары мол кемеңгерден кем емес... Және болмысыңда бір тартыныс бар, «бәрі жалған, бәрі бекер» дегендей, бекем тыжырынысты... Басыңа пәле тілеп, жалғыздықты аңсаған қу арман ақыры жетіп жүйкелетті ме, әлде?..

Е, бауырым! Жалғыздықты мұрат ете көрме, ертеме-кеш өзіңе тартқан егізіңдей жаныңның сыңары да табылар... Оттай ыстық қуанышты ішің сезіп тұрса да жадыраудан жаңылған жаның қара жартас сынды иій алмай мелшиген де қансырарсың... Сонда барып өкінерсің, япырай, ақымақ жасымда жалғыздықты неғып арман еттім екен деп, өзгенің қайғы-зарына несіне көз салдым деп... Онсыз да, өткеннің бәрі аузы сыздаған өкініштер ғана екен... Енді, жантәсіліммен тең сүйіспеншілікті түйсіне алмай өкініп отырған ұсқының мынау...

* * * * *

Бұл жалғандағы марапат пен атақ, мансап пен байлық сол бес күн жалғанның

азығы ғана. Және ол жақтан үміт күтпегеннің біліп істер амалы да сияқты.

Осындай әрекетпен өз қалауынша - бұ жалғанға шындық орнатуға бола ма?

Әркімнің өз шындығы бар деген сөз не? Шындық пен Ақиқат бір атаның

баласы болмағаны ма? Адалдың іздегені - Ақиқат та, арамның - тіміскілегені

өз шындығы іспетті... Сондықтан болар Ақиқаттың бұл жалғанға тән еместігі...

* * * * *

Тілеп алған тірлігің – күнде оятар бір ғажап...

* * * * *

Егер итке үш рет кет дегенде кетпесе ол - өз итің, үш қайтара берген сәлеміңді біреу алмаса ол - керең болғаны да... Егер үш мәрте бір төбенің басына отырған адамды көрсең ол - сол төбенің иесі деп біл. Атам қазақ үштен артық ескерту жасамаған, үштен кем мүмкіндік те бермеген. Сол Үштің қадірін білмей, өз қадырын кетіріп жүргендер қаншама?!.

* * * * *

Адамға дегбір бермейтін оның қол-аяғы емес, басы екені мәлім... Дейтұрғанмен, "қазақы жалқаулық" басқалардан ерекше... Оған мыйдың да қарынның да қатысы жоқ... Оған мақал-мәтелдеріміз кінәлі сияқты: "Аса қайрат - жанға қас", "Бұйырмаған бұттан кетеді", "Көппен көрген ұлы той", "Бас аман болса мал табылар", "Бірдің алды, бірдің арты"... осы секілді жалғаса береді. Сіздер де көріңіздерші...

ҚОҒАМ ТУРАЛЫ

Қоғам болған соң оның өзіндік кем-кетігі мен артықшылығы болатыны сөзсіз. Саясаткер, бақсы-балгер мен көріпкелдер, қала берді дана мен данышпандар сол қоғамға көзқарас тудырып, оны дамытып немесе құртатын тетіктері десек болар ма екен? Тағы бір айта кететін нәрсе: осыларға аса тән болуға тиісті – қарапайымдылық деген қасиет тәрізді. Осы қарапайым ғана қасиеттің төңірегінде мың сан толғау жасауға болатындай. Ол – шебер жетілген ішкі түйсіктің арқасында ШЕК деген шектеуді анық түсіне алуы. Шектеу – шығармашы жұрт үшін ғана шектеусіз. Ал жоғарыда аталған иелер сол шектеуді әрқашан жіті сезініп отыруы тиіс.

Бір ғажабы: шығармашы жұрт – өзінің шектен шығып және қайта орала білуі арқылы халықты Жаратушы ұсынған тепе-теңдікте өмір сүруге баулыса, ал халық - әлдеқандай ғып басына көтеруі арқылы: саясаткерді – антұрған, бақсы-балгер мен көріпкелдерді – қума, дана мен данышпандарды – еселаң етеді.

* * * * *

Адам екі жағдайда ғана толық еркіндікке ие болатын тәрізді. Бірі - тумаса немесе тумай тұрғанында, келесі реті, әрине - соңғы өткелден өткен соң. Ал осы екеуінің ортасында адам өзі қолдан құрған қоғамының тұтқыны. Ол қоғамда қанша мүше бар, соншалықты шындық туады. Әркімнің өз сенген әділеті пайда болады. Ортақ шындық пен әділет адамнан шыққан емес, ол - Жаратушының хақтығы немесе Ақиқат.

* * * * *

Ұзақ уақыт қалыптасқан өмір тәртібін өзгерте қою оңайға түспес... Есік-терезесін өзің ғана ашып, өзің жауып жүрген әлеміңе бөгде жанды кіргізу – үйіңе құйын кіріп кеткенмен пара-пар.

* * * * *

Кері сөйлегеннің арбасы да кері жүрер, көптеп сүйрегеннің арбасы асу таңдамас. Бүлдіруге емес, гүлденуге қарай шешуші қадам жасар кез нақтылы таяған сыңайлы. Келешек бір адамның қолында сияқтанғанмен, біреу соған үміт артып, келесісі кері тартып кегжигенмен қандайда бір Келешек келеді. Ол сенің үміт артқаның ба басқасы ма бір құдайым білсін...

ҰЛТ ПЕН ХАЛЫҚ ТУРАЛЫ

Осыдан жүз жылды қойып, елу жыл бұрын өткен аталарымыз бүгінгі бізге қазақы көрінері хақ. Өзіміздің кәзіргі тірлігімізге солардың алдында ұятты сезініп, таязданып бара жатқанымызға қынжылармыз рас. Соған қарағанда қай-қайсымыз да пендешілігіміз бен кесірлігімізді уақыт пердесі бүркеп, тұтастырған сайын келер ұрпақтың өнегесі болуға лайықтанайық. Қазақ қандай болды десе, бізді көрсетуге жазсын...

* * * * *

Түрі қазақ - исі қазаққа жатпайды! Ұлт шашпауын өз тұлымынан көрген ғана - ұлт баласы болар.

* * * * *

Ұлт пен Халықтың ара-жігі қандай? "Ұлты бөлектің - заты бөлек" деген не мағына да айтылған? Ұлты басқа сенің халқыңа жата ма? Менің Ұлтым, менің Халқым деп неге екі бөліп айтамыз? Біздің санамызда Ұлттық өктемдіктен гөрі өзгеге деген жалпақшешейлік қашаннан бері орын алды? Бұндай құрбаншылдық қасиет кімге ұтымды және оның соңы қай ұшпаққа жеткізеді?..
Эволюциялық даму - бір тектестің екінші тектестен оза өркендеуі болса, яғни соның біреуі қалайда кемшілік көреді... Сондықтан мемлекет құраушы Ұлттың мәртебесі көтерілгені өзгені жаншу емес – қолдаушысы болу деп түсінген абзал.

* * * * *

Халықтың Арман-Мұңы - атамзаманнан ақырзаманға дейінгі Аңсар... Оның әр кезеңіндегі өмір сүрген ұрпақтары сол Арман-Мұңды өз көкірегінен шыққандай түсінеді. Осындай іштен шыққан, туыс сабақтастық болмаса, бәлкім бүгінгі жүрген біз де болмас па едік...

* * * * *

Ұлтыңнан жерігенмен, түріңнен қашып құтыла алмайсың...

АДАМГЕРШІЛІК ТУРАЛЫ

Кеше ғана сенің көлеңкеңдей - еңкейсең қоса еңкейіп, қисайсаң қоса қисайып жүрген біреу, бүгін жотасы күжірейіп, көзі ежірейіп елді қорқытып отырса - оған таң қалма... Өйткені, ол тағы біреудің көлеңкесін бейнелеп отыр да...

* * * * *

Бөтен итті есіркеп басынан сипағың келсе - қолыңды созбай ойша ғана ишарат ет... Иттің естілігі ымыраңды көзіңнен аңғарады... Ал бөтен адамды есіркегің келсе - бар қазынаңды мұқият жасырып барып, алақаныңды аш...

* * * * *

Қолыңдағы шырақпен өз жоғыңды ғана іздемей, жұрт алдына шам болу - әр Азаматтың абыройлы ісі болар...

* * * * *

Адам дамимын деп талай қасиеттерін жоғалтып алды емес пе... Жақсы мен жаманның өзіндік иістері де болар, тек оны сезуден қалғандықтан - көргеніміз бен сезігімізді ғана айтуға мәжбүрміз...

* * * * *

Күнде ертесін тұрған кезде өміріміздің жаңа парағын аудардық яки аштық деп жатамыз... Өмір парақтан тұрса, біз сірә, әлдеқашан дайын кітапты қайта парақтап отырғанымыз да...

* * * * *

Шындық дегеніміз - қиянатты әшкерелеу ме?..

* * * * *

Әу баста тұстың көркі боларсың, одан төрге жайыларсың жамбасқа жай, сырғи-сырғи есіктің көзіне жетіп, аяқ сүртерге айналарсың...

Сол дәрежеге жетпей тозып кеткен де абырой сияқты ма....

* * * * *

Неге үйір болсаң, сол үйірге тап боласың...

* * * * *

Бір танысым қабырғасы қайысардай болып айтып еді: "Өзің білетін қайынағам, кезінде әбден қанымды ішті ғой! Қосқан малымды қайтармай, алған ақысын мойындамай... Сақалын силап, Алладан қорыққан соң да талай жұмылған жұдырығымды жазуға тура келген-ді. Қиянаттың көкесін жасады ғой ол маған! Кейде, сол кезде-ақ жағын ұсатуым керек еді, орынсыз ғайбат пен жалаға жығынды қылғаны үшін деп те өкінемін. Бойында күш-қуаты барда адамды менсінбеді. Енді кемпірі өліп, өзінен мал түгілі денсаулық та қашқан уақытта бізді келіп сағалады. Баяғы кісімсігені ғайып болған. Мүсәпірдің кейпін киген есалаң біреуге айналған. Айып тағып, ренішіңді айтайын десең есінде түк жоқ. "Білмеймін, ештеңе білмеймін..." осы жауабы. Адам қарадай күйініп, не әдейі, не шыны белгісіз оның осы мыштай хәліне қайран қалудан басқа амал қалмады."

Пенде - әл-ауқаты бар тұста жасаған қиянаты мен шарапатына дер кезінде ғана жауапты.

* * * * *

Жотамыз күдірейіп, "Мен сондаймын!" деп жүргенде, әлдебір істің басында абыройымыз иә асқақтап, иә айрандай төгілуі де ғажап емес. "Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе" деген атам қазаққа тағы қосарман: "Өзге түгілі өзіңе де сенбе" дегім келеді. Бұның басты себебі: адам өзін-өзі ешқашан толық тани алмас деген күмілжіс. Жеме-жемге келгенде жалтаң атша ерден сыпырып кетпесе деген қамқорлық. Қаншалықты "Мен батырмын!" деп кіжінгеніңмен жан шіркін тым тәтті ғой, айқасар сәтте құйрығын қысып зыта жөнелсе, өзіңді өзің қуып жете алмассың!

* * * * *

Атқа мінер дәрежеге жеткенде біреудің артына мінгесіп, не жылқысын сұрап міну уақытшалықты аңғартады. Бүгін болмаса келесі күні жаяу қаласың. Сол сияқты ақыл кіретін уақытта өз ақылың болмай - әркімнің нұсқауына жүгіне берсең, күндердің күні бір адасасың. Сондықтан өзгенің дуалы сөзін қаншалықты силағаныңмен, өзіңнен шықпағандықтан - оның түпкі тегін терең тануың мүмкін емес.

Ақылды адамның үрлеп ішкенін көрген ақылсыз да үрлер, бірақ, бәр айырмасы - нені үрлеу керектігіне мән бермеуі...

* * * * *

Өзін-өзі сүю, өзімшіл болу сияқты т.б. үстем сезімдер адам болмысын көркейтетін қасиеттер емес сынды. Болмыс ділін божыраудан сақтап, талмай қуаттайтын жалғыз күш ол - жауапкершілік. Ол - әр сәтің үшін Ар алдындағы есеп беру болар... Ол - өзі кеткеннен соң да соңындағылар үшін арымас қамқорлық...
Егер саналы ғұмырыңда: ең құрмаса бір адамның ертеңі үшін жауапты бола алмасаң, ең құрғанда бір қабат өзге үшін жүрегің бүлк етпесе - несіне Мен деп барыңды бұлдайсың...

* * * * *

Біреуді тіл алдыру үшін оны жеңу шарт емес... Баланы, келінді т.б жеңдім деу өзіңе ор қазғанмен бірдей, ал сол жеңіліске ұшырған - кезі жеткенде кек қайтаруға бел буса - онда ол екі есе терең ор қазғаны да...

* * * * *

Тасты тамшы тоздырса, жүйкені ұғылмаған сөз тоздырар... Қиян-кескі болып жарқылдасып жатқан қылыш пен найза немесе күркілдеген зеңбірек атысы сияқты соғысқа әйтеу бір тоқтар деген үмітпен қарасаң, ал Сөз соғысы ешқашан бітпейтін, бітімгерлікке көнбейтін сорақы "соғыс па" деймін... Қантөгіс соғыста Жеңімпаз болса, бұл "соғыста" тек жеңілгендер ғана, өздерінің Мен дегенін жеңе алмай...

* * * * *

Жақсы көріну - мәртебе үшін керек болса, жақсы адам болу ауыр жүк арқалағанмен тең... Тек, өз жүгің ғана болса тәйірі, ештеңе етпес еді... Ел Сені Жақсы деп таныған соң, бар жүктерін саған артады да өздері соңыңнан ілеседі... Сосын: "Қай жерге дейін шамасы жетер екен?" деп өзара күңкілдескенін естігенде "Шын Жақсы адам осындайда қайтер еді?" деп амалсыз аспанға қарайсың...

* * * * *

Тым берекеге шақырғыштың о бастағы сужүрекойы - өзінің берекесін өзге біреу қашырып жүрмесе игі деген алдын-ала қам...

* * * * *

«Кейінгі кезде қызмет бабымен ел ішін аралап жүргенде алыс-жақыннан әңгіме шертетін аузы дуалы ақсақалдарды кездестіру қиынға түсіп барады...» деп бір тележурналист қызым налып еді. Расында, ертеректегі үлкендер әңгімесінен қалған еміс-еміс естеліктерді ойға түсірсек, аталарымыз ел аралап, бәлен ауылдағы бәлен деген тақуа кісіге жолығып әңгімелестім деп айызы қанып отырушы еді... Әр ауылдың өз төбесі, өз төресі болды. Тоқсан ауыз сөзге тобықтай түйін тасталды. Жаға жыртыс жасамай үлкен айтқан сөзге ұйыды.

Енді не?! Ауыл жоқ па? Әлде қария жоқ па? Бәрі бар. Сайтаннан туғандай сапси сақал да бар, сымпылдаған «күнби» көсе де жеткілікті... Бірақ соларың түйіні тобықтай, тұшымды пікір айта ала ма? Әгәрәкім айтылып жатса, оны тыңдар құлақты халық қалды ма? Және Ақсақал деп ардақтар аталарымыздың жасы жеткеннен басқа қадір-қасиеті соған сай келе ме? Әлде олар да қуыс өңеш пенделіктің жетегінен арыла алмай, жасы аспанға тартып тұрса да жердегі білектіні көлеңке еткісі келіп жүр ме?

Менің ойымша өскелең жастар соңғы бір-екі аға, ата буынның қалыптасқан насихатына сыни қарап, аларыңды жеті атаңнан, тіпті соноу «Көкбөріден» іздей бер дегім келеді. Мүмкін сонда ғана Тектілік тіріліп, қанымызда қайта ойнар...

ІЛІМ МЕН БІЛІМ ТУРАЛЫ

Әсте, қандайда Ілімнің екі беті, төрт жағы болуы мүмкін, сондықтан кейбіріміз қай тұстан жолықсақ сол тұсын ғана аңғарып жатамыз да... Әр Ілімнің өз шегі мен шектеуі бар десек, Сана - шексіздігімен шексіз Құдіреттің иесі... Оған теңдесті әркім әрқалай айтуы мүмкін де... Бірақ нақты жауабын пенде білмес, ол түгілі қай сатыда жүргенінен хабарсыздан не сұрай аларсың...

* * * * *

Соноу жылдары бір ғылыми конференцияға қатыса қалғаным. Атағы мен аты дардай бір аға баяндама жасап, бірдеңені талдап жатыр. Бастапқыда құлақ салып отырдым. Менің есімде қалғаны: " Жақшаны аштым, жақшаны жаптым... тырнақшаға алдым, тырнақшадан шығардым... сызықша үлкені, кішісі... қос нүкте, нүктелі үтір" ... т. т сияқты сөйлемге киіндіріп қойған кілең тыныс белгілері тізбегі. Қасымда отырған танымал ақыннан: "Әреке, мына ағаны түсінем деген әрекетім нәтиже берер емес, ол неліктен?" деп сұрауға мәжбүр болдым. Ол: "Ғалымдар осылай қияли келеді, қайтесің..." деді, мырс етіп.

* * * * *

Нені білмейтініңді білу - орны толар кемшілік, ал бәрін білемшілдік - Құдаймен жағаласқанның ісі, сірә...

* * * * *

Дүниеде ноқай адамның хат танығаны қауіпті, ол оқыған нәрсесінен тек - ашық жатқан ақиқат іздейді. Асыл ой - асыл зат тәрізді сан қаттың бүркемесінде жатады деп күдіктенбейді. Адамға зерде не үшін берілді. Тордан теріліп түзілген маржан сынды - ойдың тұнығын ұғу үшін болар, сірә... Түйсік не үшін берілді. Ешқашан шала қылық жасамай, түсінбегеніңді түсінуге тырысу үшін болар, әсте...
Егер адамда не түйсік, не зерде болмаса хат танығанынан не қайыр...

АҚЫЛ МЕН ДАНАЛЫҚ ТУРАЛЫ

Кейде өзіңді - өзің емес, өзге анық түсінетін жағдай болады. Елді күлдіретін сөз айттым деп ойласаң, керісінше кісі жылатуың мүмкін. Ақылдымын-ау деген үмітпен әдемі пікір тастасаң, ақымақ екеніңді ел көш жерден танып жатады. Сондықтан мен сондаймын деген қатып қалған Сенімділіктен ада болғанымыз абзал. Себебі, бұл - сыртқа белгісіз, ішкі Дамуымызды тұншықтыратын кертартпалықтың бір түрі.

* * * * *

Ақылдының ісі - оза шаппау, қалыс қалмау, ыстық пен суықты да үрлеп ішу яғни тұнған Сақтық.
Дана - оның сырт пішінінде көзге көрнекті, іліп алар дәнеңе жоқтай көрінер, бірақ оның бойындағы ерегессіз түсіну мен мойындауды ғана талап еткен Құдіреттен пысың амалсыз басылады...

* * * * *

"Ақыл жастан, қына тастан" деп дана қазақ тегін айтпаған да. Ежелгі қазақтың қариясы саналы болғандықтан жастарға үміт артты. Ал қазіргі қазақтың қариясы "Алпыстан асқаннан ақыл сұрама" деген мәтелді өздеріне әдіптеп өзгертіп алған "Алпыстан асқаннан ақыл сұра" деп. Япырау, алпысқа дейін ақыл қонбағанға енді қайдан жұқпақ?!
Жастарға айтарым: "Не бір ғажаптардың ұя салатын тұсы сендердің албырт кездерің, жастығыңда жанылмаған кездігің алпысқа келгенде ет турап жарытпас". Алпыс деген жас - жиған-тергенді жинақтап, әрине, ол бар болса, басқа сапардың қамына кірісетін алдын ала шақ.
Сондықтан ақылды тосу деген - бұл жерден ешқашан да өтпейтін көлікті тосқанмен бірдей...

* * * * *

Кісіні кемеңгер, дана деп көзі барда бұл жалғанның еш тірісіне тең келтірмей алдарқату - күллі халықты адастырып, жалған жолға салумен бірдей...
Кемеңгерді танып, тілін емізіп кемеңгерсігендер - Халық жауы емей немене, егер көксегендері тек, өз құлқыны боп тұрса!!!

* * * * *

Адамнан өзге тіршілік иелері өздерінің не үшін жаралғанын және кім екендерін анық білетін тәрізді. Жаратушы өзіне ғана аян әлдебір себеппен адамға артық сана беріп, жер бетінде жоқ - мәңгілік елесті мәңгі іздеттіріп қойған сынды... Мәңгілік - шарықтау ма әлде түпсіз құрдым ба? Сарқылмайын сұрақ тізбегі... Қалай қарай ұшсақ та сол Жаратуышымен қауышатынымызға сенімдіміз. Егер қалт кетсек - қара құрдымға өтіп кетіп, еш мағынасы жоқ, бас айналдырар мәңгілік сергелдеңге тап болармыз. Сананы шошытатын да сол - беймәлімсіздік. Жалпы Сана үшін ақыр аяғында мәңгілік тыншу деген бар ма екен...

ӘЙЕЛ МЕН ЕРКЕК ТУРАЛЫ

Жер бетін мекендейтін тек еркектер ғана секілді ме деп қаласың кейде. Себебі, барлық проблема солардан туындап жатады. Ол көкелер аспанға ұшып, жер шарын шарлап бармаған жері қалмаса да ақыр аяғы сол бір "қазыққа" келіп қайта оралады. Нәпсі - Жаратуышының тұқым шашуға арнаған қызметі. Ал адам оны культке айналдырып, тіпті тұқымын құртатындай Өнерге апарды. Тән қанша сұлу болғанымен ол рухсыз болса - еш жылуы да болмас.Тас мүсін тәрізді. Ал махаббат дегенді дененің бір-жар мүшесін аңсаумен шектесек, онда жетер жерімізге жеткен екенбіз!!! Еркектік эгоизм керек-ақ, ол болмаса асылдықтан да ада боламыз. Қалғанына қолды бір сілтесек те тек, осы - бір тал жапырақпен бүркеген ұяттан айырылып қалмайықшы, ағайын... Басқа-басқа: қазақтың қадірін сақтап келген де осы еді, енді ол да саудаға түсіп, жарнамаға айналды!!!

* * * * *

Әйел сағынышын тыңдамаған еркек - тізесімен сырласар...

* * * * *

Ер азаматтың қанатын қиып, қайырылды деген құлашын қайта жайдыратын да, тұз татыған өміріне бал жағып, алаулы шырағын желпіп сөндіретін де, тегі таяздың тегіне қасиет дарытып, арымастай көңілді арытатын да... пай-пай, төркіні Қыздан тараған Әйел заты - Дүниенің төсек-орнын құлпырта жинаған Өздерің болмаса күніміз нешік болар еді?!.

* * * * *

Біраз уақыт жұмыс жайымен сыртта болып оралған Қырмызының елге келгендегі алғашқы ойы – өзінің ернеуінен асқан сағынышымен, алған әсерлерімен қымбатты адамымен құмардан шыққанша бөлісу еді. Бірақ оның реті келе бермеді. Омар бұдан қашқақтағандай әлдебір сылтауларды келтіріп, үстірт сөйлескендей көрінді. Қырмызының оған қатты ашуы келіп, біраз ренішті айыптауларды айтып та тастады. Екеуара түсініспестік тәрізді перде тартылып, олар неғұрлым жақындасуға талпынса перде соншалықты қалыңдады. Осының бәрі неден басталғанын, кім не дегенін айыру мүмкін емес болып кетті. Екеуі де өкпелі. Бірін-бірі айыптауға дәті бармағанмен, ортақ келсімді мәмлеге өз беттерінше келетін түрлері жоқ. Әр айтылған сөздің соңы тағы да шұбалаңдаған бос сөздерді ерте жөнеледі.
Шіркін-ай, жүректен шыққан сағыныш аралас шынайы өкпені таратуға алыстан жазған хат, дауысыңды құлағыңа төсеген телефон да дәрменсіз-ау!.. Қырмызы мен Омар қазір бетпе-бет тұрса, араға перде болған осы айтопыр сезімдерді сол сәтінде ұмытып та кетер ме еді... Сүйіктілеріңнен аса ұзай көрмеңдер, олардың сағынышын сөздей естімей, көзбен көрсең ғана иланарсың, илантарсың...

* * * * *

- Кім, есікті қағып тұрған?

Үн жоқ. Бірақ іштегі адам оның кім екенін мана білген. Оның аяқ басысы, есік сыртындағы пыс-пыс демалысы... Бірақ іштегі адам еркелік танытып, тағы қайталаған тықылға: "Кім екен?" деп қояды жорта. Оның ойы сырттағы кім екенін өзі мойындасын деген еді. Ал сырттағы болса біліп тұрып неге мені мойындамайды дейді. Сонымен осылай ойнай-ойнай таң атыпты. Күннің көзі қыраудағы кез екен. Іштегі адам есік қағылмай қалғанына таң қалып: "Неге қақпай тұрсың?" деп сұрайды, әлі ойнақылық танытып. Сырттағы да осыған дейін ойынды құптап келіп, қатты суықтан қол-аяғы үсіп, қағуға жарамай қалғанда ғана: "Менмін!" деген екен өлеусіреген дауыспен...
Біріңді-бірің шын танысаң, есік сыртынан ойнай көрмеңдер...

БОЛМЫС ТУРАЛЫ

Өзін мүлтіксіз сезіне бастаған адам - төңірегімен ерегеске түсер...

* * * * *

Адам өзін-өзі таныған кезде - елге өзін басқа нұсқада ұсынады...

* * * * *

Ешкім ешқашан, еш уақытта айтпаған Сөз - айтыла қалса қалай естілер еді?!.

* * * * *

Қусырлыған заттан көлем шықпас, күнде күткен өліммен тең...

* * * * *

Пенденің тойымсыздығына шек жоқ! Жұмақтың төріне түскен бір аса қадрілі мен тозақтың отына қарылып жатқан бір қар ойда-жоқта ұшыраса кетеді-мыс.

- Жұмақ деген ғажап шығар?
- Басында рас, ғажап көрінген... ет үйреніп кетті, одан да жалығады екенсің... сенің тозағың қалай?
- Бізді жалықтырмайды... күндігіне бір "қызық"...
- Япырай а?!

* * * * *

Тән ыдыраса - топырақтың құрамына еніп, қореккке айналатынын анық білеміз, ал жан - қуат. Ол - өзге форманың өзегіне айналса дейміз. Соны іштей қалаймыз. Себебі, жанды мәңгілік деп танығымыз келеді.
Сосынғы бір нәрсе: "Қай жерің ауырса, жаның сол жерде" деген бар. Тозақ бейнетінің көздегені осы "жан" болар. Тірі кезінде қинауға түскен арлы азаматтар сол тән азабын жеңе білгені жәйлі талай мысал бар. Сондықтан тәннің тәттілігінен туған "жан" Жаратуышының "тәрбие сабағы" - тірі кезіңде азаптың дәмін біле жүр дегендей. Тәніңе шөңге қадалса, жаныңды көзіңе көрсетті. Барлық ғажап пен қасіретті тәніңнің қабылдауымен шектеді. Тегі пенде баласы о бастан күнәден жаралғанын ойласақ, әлдекімнен рахым күтерліктей құқымыз бар ма өзі. Тек жалбарыну, қорқумен өтетін қорлық тірлікке ғана теңбіз бе? Анау айтқандай ойы шектелген айуан-хайуанның әлемі әлдеқайда кеңшілікті ме екен?!
Менің ұққаным: барша тіршілік иелеріне тән жан мен тәнді адамға беріп қана қоймай, оған мәңгілікті іздеген сананы беруі - Ұлы Рухтың бар екендігінің айғағы. Ұлы Рухты тану әліппесі бар болса, оның шексіз ғылымы да бар. Тек, әліппені дұрыс таңдай алу басты міндет дер едім...

* * * * *

Екі күннің бірінде Сен кереметсің деп дәріптей берсе, етің өліп, оған да иланасың, ал тағы сөйтіп қара шегедей еңсеңді жерге қаға берсе оған да көнесің... Адам өз ырқына өзі ие болуы керек дерміз... бірақ қоғамдағы шарттылықтар сенің дегеніңді жасата бермес... Көнгісі келмегендер сол шеңберден шығып кеткісі келеді де... саяқ кетіп, саңсыған ойларымен жалғыз қалар да... апан қазып жер астын паналар да... бірақ одан да тыныштық таппас. Сосын өліп құтылсам қайтсе дер ме екен... Әй қайдам, тынымсыз адам о дүниеде де опа көрдім дей қоймас...

* * * * *

Рухани азаттыққа қол жеткізу үшін - оның не нәрсе екенін біліп алған дұрыс сияқты... Ештеңеден хабары жоқ, ешнәрсеге мойынұсынбайтын пенде баласы болмас... Мал секілді әлдекімнің таяғынан қорықса да оның бойында бір сескеніс болар. Рухани азаттықты тек - қорқудан ғана арылу десек, онда шолақ қайырғанымыз да... Дейтұрғанмен түп-тамыры соған саяды. Қандай ілімге сүйенсең де бас ұрсаң да аяғында қарайып қорқыныш тұрады. Сананы иландыратын күш сірә - қорқыту ғана ма... Тірі жанның бұл жалғандағы соңғы тірелері - Өлім... Өлімнен кейінгі бейнеттен гөрі Пендені сол келер

қорқынышы ара-тұра естен айырады...
Рухани азаттық - екі дүниенің азабына да тек тәнін тастап, Санасына арқан салдырмау болар, сірә...

* * * * *

Барлығымыз да әлдекімнен бір уыс топырақ дәм еткен бейшара пендеміз ғой. Тегі, қызметің мен кісілігіңе берілген сәлемдерді ажырата жүргенің өзіңе жақсы, ара жігін анық білсең, кейін бекерге опық жемесіңе медет. Бүгін кекірейткен құдіретті күшті Құдай ертең бүкірейте салуы да мүмкін...

* * * * *

Адамның түпкі тегін хайуанға теліген пікірді оқып ойға қалдым. Иә, егер Адам да хайуанның бір түрі болса, онда ештеңеге сиынудың қажеті шамалы сияқты. Сосын Кемелдену деген үдерістің - бойына Жан дарыған әр тіршілік иесіне тән екеніне де еш күмәнім қалмады.
Сондықтан Сананы меншіктеуге еш құқымыз жоқ болғаны да... Күні ертең бір осырақ қоңыз "Әлем билеушісі Менмін!" деуі де ғажап емес...

* * * * *

Өмірдің белесі мен белдерін, таулары мен тастарын бастым дерсің... Егер соңыңа қарасаң сол күрделі ізіңнің бедері өшіп, артың теп-тегіс сияқтанғанын байқайсың... Әр биік аттап өткенше ғана зор көрінер... Көзің тіріде алдың кілең асу тұнар... Ұрттамаған тұнығың да сірә тосып алдыңда тұрар... Адамның әр күні оның өмірін қысқартқанмен, ол күн сайын ешқашан көрмеген сәттермен қауыштырады...

* * * * *

Адамнан басқа жандылардың өз тағдырына соншалықты мойынұсынғаны - өзін жаратқан ғажап құдіретті мойындағаны ма екен... Ақыл астамшылығы - айуандыққа апарса, ақылы кем хайуан зор қылғанда бір сүзер...

* * * * *

Адамның анатомиясы мен психологиясын жіліктеу сияқты - оның жанына, рухани дүниесіне сол құралмен бару Жаратушыға қарсы жорықпен тең! Рух пен Жан - Алланың берген нәсібі...

* * * * *

Адам - әлдебір маңызды яки орташа маңызды дейтін қасиеттер мен қасиетсіздіктердің жиынтығы емес. Адам атын құнсызға артпайды, сосын құндылық деп тең-теңге бөлу де ретсіздеу тәрізді... "И-й, мынау Адам екен!" деген бір ауыз сүйсініс - талдауға келмейтін ғажап теңеу емес пе...

* * * * *

Қулықтың ата тегі - Өтірік. Шындық тіке жүгірсе, Қулық айнала жүгіреді... Содан барып бір шатылары тұр айғақ.

* * * * *

Ертеңгілік көзді ашып, түрегелгендегі көретініміз тағы сол кешегі, онан арғы күнгі көрініс іспетті... Етіміздің соншалықты үйренгендігі - бір шеңберді шыр айналып, бидай малалаған ат не, біз не... Осылай жалғасып, күллі ғұмырың өте беретіндей секілді... Өткен күндерің тұтасып бір елеске айналар... Келер күндерің де айнадан үңілген сол елестің сыңары сияқтанар... Тек осының барлығын қас-қағымда быт-шыт ететін Қатердің күнде сені торуылдап, ту сыртыңда жүретінін ғана аңғармайсың... Адам өмірі де - қасқырдың маңайында алаңсыз жайылған қойдың күні тәрізді-ау..
Әркімнің уақыты келгенде шабатын өз "қасқыры" бар...

* * * * *

Әр адам өзі тілеп, тірнектенсе ғана береке мен бірлік соған ұйыр, біреудің "ұйытқан берекесі" – ілесе кетер бөтеннің көлеңкесіндей ғана.

* * * * *

Жалпы, адамдар өзін біртұтаспын деп ойлауы мүмкін, бірақ тереңірек үңілсең, әрине егер үңілетін кеңістік болып жатса, ар жағында қаптаған Өзіңсің. Олардың бірін танып, бірін танымайсың, бірі саған жанашыр, енді бірі кесір... Бәрінің ортасында жұдырықтай жүрек қана ортақ, оны әрқайсысы иемденгісі келеді. Бірі сылап-сипаса, енді бірі жырым-жырым тілгілейді. Байқасаң, тек сырт әлемде ғана емес, адамның ішкі дүниесінде де қарама-қайшылық пен тынбайтын күрес. Бәрінің іздегені өз Ақиқаты...

* * * * *

Кейінгі кезде ме... әлде, әмісе осылай ма, әйтеуір бір терісқақпай бір пікір бар... Ол - не десеңіз? Ол - Діндарлар немесе Зиялылар деген сияқты өкілеттілігі көктен келетін ерекше қауым өкілдеріне қатысты пайымдар... Сөзі мен ісі елді ұйытып, мойынұсындыратындар көп пе арамызда? Тегі, ол дәрежеге көтерілу үшін тек Тұлға болып қана қоймай - рухани дамудың ең жоғарғы сатысына жетуің тиіс шығар, сірә?!! Онда - халықты жалпылай сүйе салмай, әрқайсысын маңдайынан сипауға асығарсың. Ал, оқыған-тоқығаныңды бұлдап, жекеленіп тыжырынсаң - онда кім екенің бір Құдайға ғана мәлім...

* * * * *

Мұхамед Әли (әйгілі боксер) дұрыс айтты. Адам жаны ешуақытта қартаймайды, қартаятын қауашақ сыртымыз. Кейде, бір жағдайды бұдан бұрын да бастан кешкендей күйге таң қалатынымыз бар. Мүмкін, расында бұл дүниеде өзге қауашақта болып қайтқан шығармыз. Сондықтан адамның дене күшіне байланысты істерге ғана жасына қарай шектеу қойып, рухани қуатына қол сұқпаған абзал сияқты. Өйткені Ол бұл қауашақтан кетсе, өзгесін жамылып қайта оралмасына кім кепіл?..

* * * * *

Тірісінде кісі күнде өзгеретін құбылыс тәрізді ме, бетіне дәл қарауға мүмкін еместей... ал адам өткен соң, оған қай тұстан қарасаң - соншалықты тани қарайсың...

* * * * *

«Адамның басы – Алланың добы, қайда тепсе сонда ұшады» деген тәмсілге орай, бір ой келді де... Тебіліп-тебіліп желің босап, ұшудан қала бастаған шағыңда да Алла саңлауы барға тағы бір мүмкіндік беретін сияқты. «Ал, қарағым, мен теуіп болдым, енді өз бойыңнан далбас тауып көр...» дегендей. Ешкімге аса қажетің жоқ, өзіңе ғана тиесілі бір бейтарап кезеңді пайдаланып қалған абзал-ақ... Өйткені, ғұмыр бойы өзгенің ырқымен келіп, өз дегеніңді істей алмауың да мүмкін... Сондықтан, соңғы мүмкіндік – соңғы демді алыстататын бір де бір қисынды амал...

* * * * *

Адам баласы шыр етіп жарық дүниеге келгеннен бастап мойнына - Алла тағаланың ертең өзі сұрайтын басты бір тапсырмасы артылатын сияқты. Сонымен қатар адамды Сенім, Үміт, Бақыт, Махаббат сияқты басқадай әрқилы сезімдермен қаруландыратын тәрізді. Соның арасында Жігер мен Төзімділікті шыңдауды өзіне ғана тапсыратындай. Осы екеуінің бар-жоғы әркімнің Кісілік Келбетін ашатын құлып па дерсің.

* * * * *

Ешкім өзін әдейі апарып Қараң Құдыққа тастамайды, сосын сол құдықты әрдайым аттап өтем деу де күпірлік... Адам ішіндегі бір тіреу тәрізді сүйеніші күрт сынғанда жер аспанға, аспан жерге айналар... Мүсәпір деп жүдеуді мүсіркеме, мүмкін одан да зор нәубет сені аңдып тұрған шығар... Сондықтан жасар жақсылығыңды іштей осының күйін бере көрме Аллам деп жаса. Ал мүсәпір деген пендеге "біткен адам" деп үкім шығарма, өйткені ол бір күні алдыңнан жарқылдап, кесе көлденең өткенде ұятты болып қалуың да мүмкін....

* * * * *

Күллі тірішілік иесінде жаны бары ақиқат. Тек оның мәңгілік немесе айнымас ақиқатқа айналуы екіталай... Рухпен суғарылған Жан ғана мың сан тарамға тамыр тартып, сара көкейлерде шырақтай жанар... Адам өзін әрқашан өзіммен бірге жүреді деп қателеседі, кейде... Біздің бір-бір сұлбамыз әр кездескенмен ілесіп, өзінше сапар шегіп кетіп жатар... Біраздан соң олар бір-бірі түгілі, сені де танымас та... Өйткені сенің әр қырыңды жеке тұлғадай сурет етті...
Иә, адам көзі тірісінде де, өтсе де Жаны рухпен суғарылса мәңгілік тарай беретін сан мың тұлға бола бермек...

ҚИЯНАТ ТУРАЛЫ

Дүниедегі ең зор қылмыс жалпыға ортақ қазынаға қол сұғу!!! Оны жасағандар қоғамнан қуылатын, тіпті екі дүниеде сүйкімі жоқ, ең жеркенішті пенде болуы тиіс! Ел арасында осындай пікір қалыптаспай, арамтамақтардан арылу мүмкін емес!

* * * * *

Өзін жаратқан Алланы бірде бар, бірде жоқ деп құбылатын Пенде - өзі сияқты ет пен сүйек, іші-қарны боқтан жаралған әлдекімнің сөзін қай жеріне қашанғы қыстырар дейсің!!!

* * * * *

Біреуге жақсылық жасағанда іштей қарымтасын күтесің, ал қиянат жасағанда да неге солай дәметпейсің...

* * * * *

Әсте, екі нәрсені кешірімсіз, қатаң сөгуге болмайды... Біріншісі баланың білмей істеген "қиянатын", сосын елдің ерсі көрерін біліп тұрып, бір асыл жан үшін - басын бәйгеге байлаған азаматтың мәрттігін...

КЕМШІЛІК ТУРАЛЫ

Кім бол, ол бол. Тіпті, патша болсаң да түбің пенде, яғни ел алдында тұрғанда сенің де ішің дүрілдеуі мүмкін...

* * * * *

Кемшілік деген - балағыңа жолай жабысқан шоғайна іспетті ме... Бастапқыда оны жақтырмай, қылтанағын қалтырмастан тазаларсың... Жаман тікеннің өспейтін, әлденеге ілесіп тарамайтын жері жоқ- ау, таза деген тұстан да іліп кетіп жатарсың... Тағы да тазаларсың. Бірақ сенде пенде баласы болғандықтан кейбірін аңғармай немесе оның қышуына етің үйреніп, солайланып кете берер де...

Бірақ, туыстасып кеткен кемшілік - туа біткен кемтарлықтан да жаман екенін аңғара бермейміз... Оны бетіңе басқан адам ата жауыңдай көрінер... Жалпы, мүлтіксіз үйлесімнің мүмкін еместігіндей - кемшіліксіз адамның болмауы да заңдылық...

Кемшілік - сенің мінез-құлқың, тәрбиең... жалпы болмысыңның жалған еместігін айқындайтын бірде-бір бұлжытпас дәлел...

* * * * *

Кемшілік дегенді қысқаша айтсақ: бар болуы керек заттың - орнында жоқ болуы шығар да...

* * * * *

Бір көрші балам көлігін сатпақ болып, саудаласатынын айтты

- Қанша берсе де бере салам! Ескі көлік, көзіме күйік болып бітті!

- Е балам, олай бомайды! Саудалас. Өйтпесе өз қадіріңді кетіресің...

Бала оңайлықпен көнер түрі болмаған соң, бір әңгіме айтып бердім. Баяғыда бір ауқатты адамның қолында жас жігіт қызмет етіпті.

Оның ептілігін байқап: - Балам, осы сен менің қызыма үйленсең етті. Менің жиған-тергенім екеуіңе қалады. Дәулетті отбасы болып, тарықпай өмір кешесіңдер - дейді.

Жігіт: - Үйленер едім, бірақ қызыңыз керең екен.

Ақсақал: - Ол жақсы емес пе! Сен не деп жатсаң да бір сөзіңді естімейді!

Жігіт: - Ол аздай мылқау!

Ақсақал: - О тәйірі! Бұл бір тамаша ғой. Ешқашан қаңқу сөз естімейсің!

Жігіт: - Беті безеу-безеу екен!..

Ақсақал: - Ии жарқыным-ай, адамда әйтеу бір кемшілік болуы тиіс қой!...

СЫЙ-ҚҰРМЕТ ТУРАЛЫ

... Сый - деген өзге көңілді өзіңдікінен жоғары қойып, төгіп-шашуға болмайтын ырыздық сияқты қадірлеу болар... Кейде ештеңе дәметпей-ақ, бір адамды силай алғаныңа дүр сезінесің... Өзіңнің бойыңда өзгеге деген жақсы тілектердің барлығына қуанасың...

Сый бар жерде кісі жүдемес

* * * * *

Өз төңірегімізге өзіміз шуақ шашпасақ, айналамыз қайтіп қараңғы тартпасын...

* * * * *

Сый дәметсең сыйлатарлық қылық қыл...

ЕЛ – ЖҰРТ ТУРАЛЫ

"Ауылым - алтын бесігім", "Ел іші - өнер кеніші" және т.б. қасиетті теңеулерге теңелген Халық - Құдайдан соңғы тұрған ірі емес пе...
Құдай да Халық та терісі кең, мейрімді, бірақ әр нәрсенің өз шегі болуы тиіс.
Аттауға келмес Жарды жағалауға ғана тура келер...

* * * * *

Қайран қазакеме "Ел іргесі тиыш, Ел Жұрт аман болсын! Көппен бірге көрген Ұлы той!" дегеннен басқа қастерлі тілек жоқ... Соны біліп алған қулар халықтың "осал" жерінде ойнап жатыр. Тегі, бұл Осалдық емес - Сабырдан балқыған Сары Алтын.

* * * * *

Жауы жоқ ел - ортақ жемтік...
Жауы жоқ адам - тірі өлік...

* * * * *

Әкемнің өмірден өтер күнгі кештегі соңғы сөзі "Е Аллам, ертеңіңді бере гөр!?" деген тілек еді. Күндердің күні әр пенденің ертеңі де түгесілер, тек ел-жұртымыздың ертеңін тілерсектен ешкім қия көрмесе екен...
Бүгінгі барлар өткен ата-бабаны ардақ тұтып, мыңдаған жылдар қалыптастырған солардың өсиетімен жүруді қаласа, әсіре жаңашылдық пен жасандылықтан аулақ болып, кейбірдің қанында соңғы түйір боп қалған қазақылықтың оты қайта үрленіп, ұлттық божырау басымызға келмесе деп тілейік!

* * * * *

Кімде-кім болмасын, өзін Сыйлы Адамдар қатарынан танығысы келеді. Сыйдың өзі медальдің екі беті сияқты емес пе...Мал-жан, бұрқыраған пұл, мансап сияқты нәрселер жоқ қасиетті таңып, тиесілі емес мәртебені иелентеді. Оның бәрін - күннің өткірлігіндей уақыт деген жарықтық орын-орнына қояр...

Тек, ең өкініштісі: араңда жүрген Адамның көз тірісінде кім екенін білмей, бағасын бермей, Иесі кеткен соң соңында қалған Сыйды сипалау...

САҒЫНЫШ ПЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК ТУРАЛЫ

Сүйіспеншілік деген әлдекімді жек көріп, екінші біреуге мейірім төгу емес... Және ол жалпыға бірдей жақсы көрінудің де далбасы емес... Оны сөзбен немесе ыммен түсіндіру де мүмкін емес... Оны білген адамның өзі де тілі күрмеліп, айта алмайды... Оны тек бастан ғана кешіру керек....

* * * * *

Кім айтса да қай тілде айтса да, адами болмыстың бағалы құндылықтары: Үміт, Сенім және Махаббат өте қастерлі қасиеттердің бірі екені даусыз. Үшеуі де бір ананың төлі... бірінсіз-бірі мағынасыз. Үшеуінің басын қосу да қолдан келе бермейтін әрекет... Олар да бірін-бірі іздеген жандардай мәңгі аңсаудың шырмауында. Осы үшеуіне күш-қуат беретін Сағыныш деген тағы бір ортақ ендері бар тәрізді. Егер, алда-жалда жалғызсырасаң қарағым, сол Сағынышты жолықтыруды тіле - Ол саған қалған үшеуінің қайда екенін айтып береді...

* * * * *

Елу жыл бұрын ойнақ салған көшеме бардым... Ақ шаңдақ боп жататын қайран көшем асфальтталған, мен оны, ол мені танымады.

Мен сұрадым: - Табаныма мамықтай тиетін, майда шаңың қайда кеткен?

Ол жауап берді: - Талай елдің ұлтанымен көшкен шығар, үгітіліп, тозаң болып өшкен шығар...

Мен: - Шаң өшсе де ізімнің табы қалмады ма?

Ол: - Кім мені таптамады... Жиі келіп тұрғаныңда ұмытпас едім... Менен емес ізіңді елден сұра... Мүмкін солар көрген шығар... Мүмкін табаныңның жылы табы бір жерде сірә, қалған шығар...

Аңтарылып көп тұрдым. Ары өткен мен бері өткенге сұрамақ боп, жалтақтаймын. Бәрі бөтен, тек олардың жүзінен әлдекімдерді ғана шырамытамын. Мен іздегендердің көбісі - сол көшкен шаң сияқты тозаңға айналып кеткен тәрізденді. Келген ізім суымай тұрғанда қайтайын деп кері айналдым. "Ізі жоқ адам, ізі жоқ адам.." деп күбірлеп келем.

Өз ізіңді өзің емес - өзге іздесін...

* * * * *

Шынайы ғашық жандар меңдуана жеп алғанмен бірдей, кей қылықтарына есеп те бере бермейді. Кінәларын жорта қоюлатып, бір-бірінің жанына неғұрлым қатты батырса, соғұрлым жеңіске жеткендей әсер алуы да мүмкін... Керісінше жер дүниеде өздерінен өзге ешкім қалмағандай сезініп, көрсе тек өздерін ғана көре алатын күйге тап болады. Бұндай кезде олардың көзіне ешқандай мін елестемейді, тек бәрі ғажап, теңкеліссіз тамылжыған дүние...
Өз ойым: ол олай ойлады, бүл бұлай ойлады дегендей пәлсапа соққанша, өміріңде бір рет ғашық болып көр, сосын сайрағаныңды көрейін...

* * * * *

Сүйген адамдардың өкпелескендері де қызық... Олар бір-бірінің кінәсін одан арман қоюлатып, кейде өмірі шешілместей тығырыққа дейін апарады... Бірақ осындай алыстаудан соң қайта табысудың ләззаты да шын сүйгендерге ғана бұйырған... Тек, тым еліктеушілікті көтермейтін нәзік сымдай сезімді үзіп алмаса болды...

АРМАН МЕН ОЙ ЖӘНЕ ҚИЯЛ ТУРАЛЫ

Ой - өзінің материалдық нұсқасы бар құбылыс (субстанция) десек, оның өлшемдік, сипаттылық және басқадай қырларының болуы заңдылық... Көркем бейнелеуге келсек оны бұлтпен теңеуге келетін тәрізді... Бұл жағдайда оның салмағынан гөрі оның сырт сипаты басым. Адамды "ауыр ой басты" дегеннен гөрі "Қара бұлттай ой басты" келісіңкірей ме... Ой желкені езді дегеннен гөрі, ішті кеуледі жөнді ме...

Себебі, жүзеге асырылмаған ойдың материалдық нұсқасы жоқ та, қолға сезілімсіз... Ал іске аспаған ой - бос уайымға айналады. Одан сенімсіздік туындайды. Оның аяғы ақыл-еске зиян шектіруі мүмкін... Сондықтан Оймен ойнама... Тегі, адамды сақтаушы періштесі шыбын қаққандай желпіп, көп жағдайда ерсі ойды маңайлатпайтын сыңайлы...

* * * * *

Көз жұмып бұл пәниден өткеннің барлығы Жаратушының алдына барды деп ойлай алмаймын. Себебі, қайшалысқан қалың халықтың түгелдейі Жер патшасының алдын көріп жатқан жоқ, оны көруге бірдің зауқы болса, екінші құлықсыз... Оның да себебі бар. Жоғалту, табу; жылау, күлу... бас көтертпейтін тірліктің тізбектері... Ақыр аяғы керексіздік... Бардан айырылу... Қол созсаң жақын көрінген кеңістіктің ұлғая түсуі. Қалың көрінген топ мұнардай сейіліп, қарақан жалғыздыққа ұшырау... Сірә, серігі Ой болмаса, ең жетім - жан иесі Адам болар...

* * * * *

Арманды көз ұшында қалықтаған құспен теңеуге де болады, тіпті одан да биік көк аспанның ар жағына да апаруға болады... Адамның басты қателігі сол... Арман біз ойлағандай әлдеқайда емес... Оны соноу шырқаудан жерге үңілген құстан сұрау керек пе деймін... неге аспанға қарамай, төменге көз саласың деп... Япырай, сол Арманды биіктен іздеймін деп, байқаусыз да таптап жүрген жоқпыз ба деп жүрегім дір етеді, кейде...

* * * * *

Саналы жан иесі Ойсыз жүре алмайды. Ойдың жүйесі мен жүлгесі болмаса ол бейберекет сандалуға апарар ма... Бір тірекке сүйенбей Ой түзу де мүмкін емес. Ойды аласа яки биік деп бөлу келіспейтін секілді. Себебі, Ой тек Биіктікте ғана туады, сол Биікті ғана мекен етеді.

* * * * *

Ойды өрбіту яки тарқату деген - шерік жіпті алдыңа ақ айран ғып көпірту емес, оның ұштығын тауып ширата, ширықтырып шерікке айналдыру. Орала бергеннің бәрі Ой емес, егер оның бас-аяғын білмесең, не көрмесең... Дер кезінде бітпеген Ой - жақсылықпен тарамаған той іспетті...

* * * * *

Адамды екі нәрсе билейді. Бірі - Ой, екіншісі - Зым. Ойдың жаманы - Зым. Ойы жақсы адам - әрнәрсені жақсылыққа бұрады. Ал Зымы басым - Жақсыдан жамандық табады.

* * * * *

Ымды түсінбеу, бәлкім - көздің кемістігінен, Астарлы сөзді түсінбеу - ойдың кемістігінен десек, ал жай сөзді түсінбеу ақылдың кемістігі екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас...

* * * * *

Осы жасқа келгендегі бір аңғарғаным: адамға Ой тосынан-тосын келе бермейді екен... ол үшін күдер үзілердей өмірден торығу және қайта аяулыңды аңсағандай зарығу... меселің мың қайтып өшу, тапталған тамырыңа сөл жүгіріп қайта өсу сияқты қияметтерді өткеру керекті-мыс...
Жалпы Ой түбіне кім жеткен, түбіңе Ой жетпесе...

* * * * *

Қазір айтарымды ертеңге қалтыра алмаймын деп асықтыратын болсаң, жөушенді де тұтыға беретін ойларың өзінен-өзі суыртпақтала беретін көрінеді...

ӨКІНІШ ТУРАЛЫ

Туыс Адамың өмірден оқыс өтіп жатса оған "Неге ерте кеттің?!" деп наза айтамыз. Оны біреу ертіп кеткендей әлдекімнен көреміз. Қазаға сенбей, оның жарқ етіп қайта шыға келетініне кәміл сенеміз. Оның бұлай кетуі еш үйлесімге сәйкес емес деп шешеміз де өз наразылығымызды білдіреміз.

Иә, бұл Өмірде көп нәрсенің түйіні дұрыс шешіле бермейді, әділдігіне сенбейін десең, бұдан да сорақы шешімдер шығарама деп арттағыларың үшін амалсыз тынасың. Сосын маңдайға жазған осы-ау деп бір жола мойынұсынасың. Көнгің-ақ келмейді...

Көкірегі өле-өлгенше қарс айырылатын тірінің қайғысымен - Кеткеннің жарасын жеңілдету мүмкін емес...

* * * * *

Аяушылық немесе жаны ашу деген не? «Құдайдың жаны ашымағанға - адамның жаны ашымас», «Құдай аямағанды, адам қайтып аясын» дегендей «қағидалар» нені меңзейді. Аяу, мүсіркеу, жаны ашу сияқты біреудің кеміс-кетігіне рай таныту қаншалықты орынды. Егер біреуге: «Маңдайыңның соры бес елі екен!» деп шын пейіліңмен қабырғаң қайыса айтсаң, күні ертең өзінің одан да терең қайғы орына құлап кетпесіне кім кепіл? Кей кезде жаны ашығандық табалағанмен бірдей. Ал таба дегеніміз – өзіңе қайғы-сорды шақырғанмен тең. Осыдан барып: ол ғаріп, зағип болсын бірақ адам екенін қаперде ұстап, маңдайға жазылған қатып қалған тағдыр жоқ екенін де есте ұстап, әр қалт еткен сәтіңнен яки қатер, яки сый тосқаның абзал. Бұл – жалғандығы басым бір кем, бір тең дүние...

АР – ҰЯТ ТУРАЛЫ

Ұнамды сөзді естігенде: ұят бетін басып, құлақ қызарады...

* * * * *

Бір адам бар - жаралғаннан жаны шуақ, енді біреу бар - өзге түгілі өзінің жаратылғанына жаны қас...

* * * * *

Ылғи дұрыс айтатын тек - ақылгөй адам, ал сөздің дұрыстығын аңғару - ол оқырманның еңбегі...

* * * * *

Егер мен тек бетке айтам деп төтелеп ұра берсең, бастапқыда қызықты боларсың. Сосын оған ет үйренеді де қызығы тарап, беталды сөйлейтін адамға айналасың. Бет-жүз демейтін тіктігің келе-келе Бетпақтыққа айналады. Әрине сенің бұл "қасиетіңе" ел де төселеді. Және тыңнан сүрлем салғандай Бейшаралықтың небір тылсымдарына өзің де жол саласың... Оны кереметтей көресің... Бұл бақ па, сор ма?!

* * * * *

Егер бетіңе былш еткізіп, бір оғаш нәрсені бала айтып тастаса, азар болса күлерсің "Өнегеңді ұрайын!" деп, ал естияр адам сөйтсе деміңді ішіңе тартарсың "Аллам өзі сақтасын!" деп.

Бала есі кіре өзге де жақсыны қабылдап, ұмытар оны, ал естияр адамның ұлғайған сайын тілі айырлана берер ме екен...

Сөз салмағын қызбалық арытады...

* * * * *

Кешкісін жатарда әркім өзінің өткерген ісін електен өткізіп, оңы мен солын бажайлап, баға беруі тиіс. Ал, біз көбіне: "Біссімілла, ирахмани рахим, е, Аллам өзің жар боп, тыныштығыңды бере гөр!" деп, тапсырыс жасаймыз да сылқ ете түсеміз. Арасы ашылмаған, зерделенбеген проблемалар жазуы тарқатылмайтын сым темірше күнделікті илектене-илектене - көтеруге күш жетпес зіл батпанға айналады.

Асқазанды құсық тазаласа, көңілді көздің жасы тұндырады. Ал жүрекке салмақ түсірмеу - проблеманы дер кезінде шешу немесе мүлдем өшіру...

УАҚЫТ ТУРАЛЫ

Уақытты ағып жатқан өзенге теңейміз. Уақыт ешқайда кетіп жатқан жоқ - ол тірі адамның санасында. Ескіріп, қартайып сол уақыттан өзіміз ғана сыпырылып жатырмыз. Атыңды тасқа қашап, мүсініңді алтыннан құйғызсаң да бір күн тозады. Атын уақыттың қақ маңдайына жазып кеткендер ғана - тірілер тұрғанда мәңгілік. Ол - қанішер ме, әлде көсем бе оны да сол тірілер талдай жатар..

* * * * *

Кінәліні іздеу ең оңай жол, кінәліні тауып жазалауға да болады. Бірақ, сол кінәлі - сондай жазаға лайық па, жоқ па оны уақыт қана айта алады. Ал Уақыт деген - Өкініш.

* * * * *

Адамзат санасы бар уақытта түңілу мен күйіну, сүйсіну мен серпілу сияқты құбылыстар болуы табиғилық. Бүгіннен гөрі ертең әдемі болсай дерсің,,, Амал нешік, Атаңның қайғысы мәңгі артыңа таңылғандай... Заман деген осы... Шамаң келсе бұны да көр де өт... Жолың болса келесі ретте кенелерсің...

* * * * *

Ұзақ тосқан таңның ағаруы да ұзақ, тосқан таңның шапағы шуақ, самалы ерек, оған жетер ештеңе жоқ, тосқанның олжасы - қарсы алдынан шығар күтпеген сәтте

САЛТ – ДӘСТҮР ТУРАЛЫ

Дәстүр - жоралғы, салт, үйреншікті ғадет сияқты өзіңе ұнайтын тұрмыстық ереже емес. Дәстүр - Ұлттық мінез!

* * * * *

Сан ғасырлық тәрбие негізінен ажырап бара жатқан қазіргі жұртқа: сүйенер діңі бар, сіңер нәрі бар, себілер дәні бар Дәстүр керек!Начало формы

* * * *

Қазаққа қандай дәстүр керек деген ұлы сұрақ бар. Тұрмыстық салт - дәстүр емес. Дәстүр - ата жолын көзсіз қайталау да емес. Дәстүр - бүгінгі шындықпен астасқан қазақ болмысының ерекшелігі болуы тиіс. Оны бойға билік сіңдіре алмайды. Ол - әр отбасының ұрпақ тәрбиесі жолында негізге алатын қағидаты, тереңдете айтсақ - қазақтың өз иісі! Дәстүрді ұстаудың кереметтігін кей халықтар дәлелдеді де. Рас божырап, өз ұсқыны жоқ қойыртпақ жұртқа айналып барып, тізерлей тоқтаған секілдіміз. Ендігі мақсат барша азаматтар: баласы, немересі, шөбересі үшін - ұйыса бастаған Ұлтымыздың нышанын қалыптастыратын; ішкі, сыртқы әсерлерге бой бермейтін, тірі қалуға ұмтылған өзімшіл, бауыр еті езілген қаншыл мінез қажет-ақ.

* * * * *

Қос Мықырдан Мықыр туады, Мықырдан Тықыр туады, Тықырдан Қытымыр туады одан Қымқуыр туады. Қымқуырдан Есті туады, ешкі баққан Естіден Сесті, теке көз Сестіден әпербақан Кесек туады. Кесектен өз боғын өзі жеген Есек туады... тууу қалай қисындатсаңда түбінде тектілік болмаған соң, болмайтын нәрсе болмайды екен ау!...

ТАЛАНТ ПЕН ТАЛАП ТУРАЛЫ

Біздің заманда талант туралы біле бермейтінбіз, сосын солақайды Бәлшебек, оңқайды Меншебек дейтін... қазіргінің балаларының екі қолы да солақай сияқты ма, қалай?!.

* * * * *

Талант деген аса қиын шаруа сияқты емес сырт көзге... Ойың ешкімді қайталамаса, әр сөзің баламасы табылмайтын ерек туса, бір қарағанда ешқандай күрделі емес көрінсе, әр туындың тоғыз ай, он күнін өткеріп, толғағы жетіп келсе... деген тәрізді шарттарды сақтасаң болғаны-мыс... деуші еді бір көкеміз...

* * * * *

Біз кейде анау өз мамандығын тастап, басқа бір нәрсемен айналысып кетіпті. Мынау өзін енді тапты, шатасып жүріп дегендей әңгімелер айтып қаламыз.

Мына заманда мамандықты қойып, жынысқа ауыз салғасын қай бетіңді жыртпақсың?! Жаман-жақсы игерген мамандығымен елге танымал болған кей азаматтар аяқ асты кәсіптерін орта жолда айырбастап, өзін басқа қырынан көрсетуге жан салып жатқаны белгілі. Осындайда ол шырақтарға қарап отырып, жынысын ауыстырған әлдекімдерге еріксіз ұқсатамын. Мен оны әдемі «қыз» ретінде танушы едім, енді ол – еркек қылығы жоқ «ұлға» айналыпты.

Талант – қолдан ұрықтандыруға келмейтін аспани қасиет! «Отпен ойнама!!!»

БАҚЫТ ПЕН БАҚ ЖӘНЕ СОР ТУРАЛЫ

Жалпы қандайда адам өзін Бақыттымын деуі үшін аса көптің қажеті де жоқ тәрізді. Бақытты әйтеу бір қонатын құсқа теңейміз... сөйтеміз де ол қонатын тұғырды тікенек сым сияқты шарттылықтармен қоршап тастаймыз...Бір адам өзін бақытты етуі үшін екінші біреуді сорлатуы керек деп ұғатындаймыз. Сосын оны эгоизм деп бағалап, қоғамдық көзқарас тұрғысынан сөгеміз. Үйірден безген қашақ жылқыға балаймыз да іштей: "Апырай, мынадан мұндайды күтпек едік, жарады!" деп жасырын ғана сүйсінеміз.
Бақыт деген - екі адамның ортасындағы құйтақандай ғана береке емес пе? Неге соны көре алмаймыз, қызғанамыз, даттаймыз, сырттай төрелік айтып, іштей қызығамыз...

* * * * *

Бақ келсе құр қол келмес... Ол көбіне екі қолын қалтасына сала келер... Сондықтан оның уысында не бар екенін біле де бермессің...
Біреуге Бақ, біреуге Сор деген осыдан болар...

* * * * *

Әркімнің құлар тереңі мен басын сүйер Обалы болады... Бақыт бұйырмаса - Обалынан көрсін...

* * * * *

Өз ойымызша Бақытты біз іздейтіндейміз, ал негізінде Бақыт бізді іздейді... Бақытты болудың басты талабы - Бақытқа лайықты деңгейге жете алуымыз да болар...

* * * * *

Тәңірдің үш қайтара ескертуіндей, Бақыт та кемінде үш мәрте әр адамға айналып соғатын көрінеді... Егер бақытың жанбай жатса өзгені емес, Оны танымаған өзіңді кінәла... Жақын да жат та байқасаң саған Бақыт тілегіш... Бір әттегенайы, Бақытты әркім өзінше таниды да сонысын саған телиді... Бақыт теліп емізетін төл емес... Ол сенікі немесе сенікі емес... Сондықтан сенің жүрегің шаншығанда - "жанашырдың" танауы қышуы мүмкін...

* * * * *

Өз малын өзі баққан бай емес - өзінің жалшысы, өзгенің малын баққан жалшының құйрығын қамшы көтертер...

* * * * *

Қасіретті білу мүмкін емес, сезу де... Тек оны бастан ғана кешіру керек... Бірақ оған кешірем деп құмарту ақымақтық...

* * * * *

Бақыт Құсы деген қандай болады және ол дүниеде бар ма, жоқ па деген сауал туындауы орынды.

Біреулер бар дейді. Тіпті көргендер де табылып жатады. Солардың аман қалған бірегейі былай деп шертеді: - Бақыт құсы адамның қолына кеп қонады. Алғашында ол өз қадір-қасиетімен таң қалдырып, адамды есінен айырып, ғажап бір сезімге бөлейді. Ол ғажап күйдің ұзақ-қысқалығы әрқалай. Содан әлгі құс иыққа көтеріліп, тіл білетін тоты құсқа айналады. Таранып-сыланып, тілі балдай тәтті көрініп сөйлей бастайды. Бірақ бір айтқанын неше қайталай бастағанда сен сескенесің, өкінішке орай бәрі кеш. Енді оған сенің тыңдағаның қажет емес, ол өзі сөйлесе болды.

Сонымен құс төбеңе өрлейді де тоқылдаққа айналады. Баяғыда сүйектеніп кеткен еңбегіңді жұмыртқаның қабығындай оп-оңай бүлдіріп, миыңды шоқуға кіріседі...

* * * * *

Адам кейде өзін-өзі әдейі түсінгісі келмейтін тәрізді. Бір адамды кілең туыс, өз ұрпағы қоршап, өбектеп отырса да өзін бақытсыз сезінеді... Ал бір адамның төңірегі туыс, ұрпақтан тұл болып, кілең бөтенді туысқа айналдырып, өзін бақытты сезінеді... Біріншісін - бақытты басқа тепкен десек, екіншісі - бақытсыздықты мойындамау болар...

* * * * *

Әр адам күндігіне бір қабат күйзелмесе көкірегін өрмекшінің торы іспетті Шер деген ыс тұтатын көрінеді. Бала жыласа көзі қара болады деуші еді... Күндігіне бір емес, сан мәрте қапа шеккізетін бұ Жалғанды Адамдардың көз жасы мөлдір шыныдай жарқырататын уақыт әлдеқашан болған сияқты- ау...

* * * * *

Дүниедегі екі түрлі бейнетті атап өтер болсақ, бірі - Пенделік бейнет, екінішісі - Адамдық бейнет дер едім... Біріншісіне тоқталсақ: басы аман, қарны тоқ, көйлегі бүтін, басындағы шаңырағынан тамшы ақпаса, мал-жаны болса оның жем-шөбі,,, әйтеуір бір қыстан аман шығып, келесі қысқа жетсе ол да Алланың асырағаны деп пенде жарықтық мәңгі жүре берер...
Адамдық бейнет: оны ой құртады, оқу-тоқу, қарны аш, тоқ болса да ол не тоқырап, не бұқырап жүргені... Өз бейнетін пенденің бейнетінен әлдеқайда биік санауы да мүмкін,... Ол биік ой іздейді, шарықтайды, шаршайды...Ал Пенде күнкөріс үшін ғана санаулы қадамдар жасайды...

СЕНУ МЕН СЕНБЕУ ТУРАЛЫ

Жалпы адам баласының ең бір озық тұсы – оның келешекті болжай алуы болар. Дейтұрғанмен болжауды киім пішумен салыстыруға келмес. Оған себеп ертеңгі күннің басыңа келер-келмесі, дәл сол келер мезгілдегі жағдайдың қазіргі сен ойлағандай суреттеуде болар-болмасы, алдын-ала шығарған қорытындының негізі толыққанды мәліметтермен қамтылу-қамтылмасы және тағы басқа да ескерілуі тиіс нәрселердің дер кезінде қаперге келмеуінен де болжау дегеннің өзіне күдікпен қараған дұрыс. Сенім бар жерде – үміт, арман сияқты алға жылжуды қалайтын күштерге орын қалмайды. Сенім – адамды байлап-матаумен бірдей. Адам өмірі қашан ұшып кетері беймәлім үлпілдеген гүл тәрізді десек, өзіңді қазыққа байлап, төңірегіңді, көкейіңді шектеу тірідей өлгенмен бірдей секілді.

Сырт көзге адам баласы қайнаған өмір арасында қайнап жүрген тұлға сынды. Ал іс жүзінде ол жеке, өз уайымы мен жанға батқан жарасы да өзінікі ғана. Әсіресе бұндай күй – бұл жалғанда ешкіммен тіл табыса алмаған адамға тән. Адамның бір-бір әлем екенін талай айттық. «Адамдар әлемі» бір-бірінің төңірегінде айналып жүруі мүмкін. Тек өзге әлемге ену сирек. Екінші бір әлемге кіру екінің-бірінің қолынан келмес - бақыт. Осындай күйге тап болғаныңды сезе тұрып, бұл жалғанның ешқашан да бітпейтін шарттылықтарын алдыңа көлденең тарту, оны өте алмастай кедергіге балауды - түсіну де түсіндіру де қиын.

Менің сезетінім жарық күн басымызда әзірше сөнген жоқ. Сондықтан оның шуағы мен сәулесін көру қылмыс емес. Ешкім ешқашан да ешкімнің Күнін сөндіруге қақысы жоқ!!!

* * * * *

Сенгіштің бірі қасиетіңнен айналайын Қожакең ғой, ол жарықтықты біреуден кем деп айтуға аузың бармас... сенейік, көрейік, алдап кетсе төлейік,,, намыстан өлейік... осы ғой өмір деген...

Ешқашан сендім деуге болмайды, ол өзіңді үзіп бір бұтаққа ілгендей. Ол бұтақ қанша мықты, берік болсын, бір сынатын күні келеді. Адам да мәңгі емес, оның артқан Аманаты ғана мәңгі, сондықтан сенсең бір Алла деп сен, қорғап-қоршау оның қолында, сенің ісің - шамаң келгенше Аманатты арқалау...

* * * * *

Сену деген - өз жүгіңді өзгенің арқасына арту да...

* * * * *

Сенім мен сенімділік деген сөздердің мән-мағынасын түсінуге тырысып көрелік. Сенім – келешекке деген үміт болар. Бұндай сезім көбіне бүгінгісі бұлдыр, әлі де болса ертеңнен күдері бар бозөкпелеудің арманы десек те болатын сияқты. Сонымен қатар, сенім – әлдебір ұғымға иек арту, ол да таяққа сүйенген зағипты елестетеді. «Аллаға сенген қудай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады» деген сынды. Сенім деген сөздің өзі көңілге күдік ұялатады. Адам өз бойында жоқты сырттан іздеген қарману тәрізді. Жалпы тарата берсе тамыры шексіз түсініктің бірі...

Ал сенімділікке келсек, оның сірә, иесі бар секілді. Бірақ ол да күдікті. Себебі, еш нәрсенің мәңгілік еместігін ойлағанда бұл да әншейін көңіл жұбатардың бірі ғана. Сенімділік ақша мен биліктің арқасында орнайды деп топшыласақ, ол да қате ме деймін. Ақша мен билік те тұрлаусыз. Бәрі «қолдың кірі» ғана. Тым сенімді болу ақыл-есі ауысқанға ғана тән. Төңіректі болжап, өзіндік баға бере алмайтын, тұман іспетті ойдан құраған әлемдегі адам - қалай бет алса да дұрыс бағыттамын дейтін шығар. Сенімділік - ешқандай талас тудырмайтын, дара таңдау. Оны табу тек ерекшенің ғана маңдайына жазылған бұйрық. Сондықтан: осы тәрізді күмәнді дүниеде біржақты тұжырым айту, соған өзгені де мойындату пенденің ісі емес тәрізді. Бір ғана асыл сөз бар, ол – АҚИҚАТ. Ал оны тарқату жердегінің шаруасы емес. Ол үшін өте биікке көтерілу қажет. Әрине, Тәңірмен теңес деп отырған ешкім жоқ. Десек те...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар