Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Құл-Керім Елемес: АДАМ, ОТАН, ҰЛТ (поэма)...

05.11.2017 5592

Құл-Керім Елемес: АДАМ, ОТАН, ҰЛТ (поэма)

Құл-Керім Елемес: АДАМ, ОТАН, ҰЛТ (поэма) - adebiportal.kz

Бисмилләһир Рахманир Рахим

(13) Оларға елшілер келген қала (Антакия) тұрғындарын мысалға келтір.

(14) Біз бір кезде оларға екі елші жібердік. Бірақ олар екеуін де мойындамады. үшінші елшіні жіберіп (ол екеуіне) медет бердік. Елшілер: «біз сендерге келген нағыз елшілерміз» деді.

(15) Олар: «сендер біз сияқты кәдімгі адамсыңдар. Рахымды Аллаһ еш нәрсе түсірген жоқ. Сендер құйдай өтірік айтасыңдар» деді.

(16) Елшілер: «Раббымыз біледі, біз расында сендерге келген елшілерміз.

(17) Біздің міндетіміз – (айқын дәлелдер арқылы Аллаһтың әмірін) толық жеткізу» деді.

(18) (Кәпірлер:) «сендер бізге жаман ырым әкелдіңдер. Айтқандарыңнан қайтпасаңдар, гап жоқ сендерді таспен атқылаймыз, әрі біздің жан түршігерлік жазамызға тап боласыңдар».

(19) Елшілер: «жаман ырым өздеріңмен кетсін! Нәсихатталуларың жаман ырым болып па? Олай емес, сендер шектен шыққан қауымсыңдар» деді.

(20) Қаланың шалғай бір жерінен біреу (Хабиф Нәжжәр) жүгіріп келіп: «Ей, қауымым! – деді, – елшілерге ілесіңдер!

(21) Тура жол тапқан, сендерден (өздеріңді иманға үндегеніне) ақы сұрамайтындарға ілесіңдер!

(22) (Ол сөзін сабақтап:) мен неліктен өзімді жаратқан һәм сендер даргаһына баратын Аллаһқа ғибадат қылмаймын?

(23) Одан өзге тәңір тұтар болсам, мүбәдә Аллаһ маған бір залалды тағдыр етсе, олардың шапағаты маған еш септігін тигізе алмайды әрі мені құтқара да алмайды.

(24) Олай болғанда мен сөзсіз ашықтан-ашық адасқан боламын.

(25) Мен даусыз Раббылеріңе иман келтірдім (сендім). Маған құлақ салыңдар» деді.

(26) (Солай дегені үшін оны залым ел тас атып өлтірді. Сол кезде оған:) «Ұжмаққа кір» делінді (ғайыптан әмір берілді), сонда бұл адам (Хабип Нәжжәр): «Әттең, қауымым білген болсашы,

(27) Раббымның мені есіркеп, ардақталушы еткенін»! деді.

(28) Біз одан кейін оның қауымына аспаннан қосын (періштелер) түсірдік. (Сондай-ақ әрқандай қауымға қосын) түсірушы де емеспіз (өйтудың керегі жоқ).

(29) Бір ғана дауыспен-ақ олар сеспей қатты.

(30) Өздеріне келген пайғамбарды сайқы-мазақ еткен пенделерге неткен өкінішті десеңізші!

(31) Олар (Мекке тұрғындары) өздерінен бұрын қанша елді (қарсыласқандықтан) ойран еткенімізді, өз қастарына әсте қайта айналып келмейтінін көрмеді ме?

(32) Олардың барлығы (қияметте) алдымызға жиналады.

(33) Өлі Жер олар үшін бір нышан (белгі): Біз оны жандандырып, олар азық қылатын дән шығарамыз.

(34) Ол Жерден құрма, үзім бақшаларын жараттық және арасынан бұлақтар ағыздық.

(35) Олар мұның (Аллаһ жаратқанның) жемістерінен және өздері қол екі істеген нәрселерінен жесін. Олар (бұған) шүкірлік етпей ме?

(36) Жерде өнген нәрселерді, олардың өздерін және олар білмейтін нәрселерді жұп-жұбымен жаратқан Аллаһ (нұқсаннан) пәк.

(37) Оларға түннің өзі бір нышан: онан күндізді ажыратсақ, олар тас қараңғыда қалады.

(38) Күн белгілі шекте әрекеттенеді. Міне бұл – жеңіс пен ғылым Иесі Аллаһтың белгілемесі.

(39) Айға жүріп-тұратын аралық белгіледік, қашан ол (ең ақырғы шекке барып) қураған құрманың бұтағына ұқсап қалғанға дейін.

(40) Күннің айды қуып жетуі (екеуінің қосылуы), түннің де күндізді басып озуы (уақыттан бұрын күндіздің орнын басуы) мүмкін емес. Әр біреуі бір жүлгеде жүзіп жүреді.

(41) Олардың нәсілдерін толтыра кемеге (Нұх пайғамбардың кемесіне) шығаруымыздың өзі олар үшін бір ғаламат.

(42) Әрі оларға сол кеме сияқты мінетін көліктерді жараттық.

(43) Қаласақ оларды суға батырамыз, сонда оларға бірде-бір арашашы шықпайды, олар құтқарылмайды да.

(44) Бірақ, мәлім мезгілге шейін (өмірде) игіліктендіріп, мархамат еткендеріміз мұның сыртында.

(45) Оларға: «Рахыметке қол жеткізулерің үшін, алдарыңдағыдан және арттарыңдағыдан (дүние және ахиреттегі азаптан) сақтаныңдар» делінді.

(46) Раббыларының аяттарынан бір аят келсе, одан бет бұрды.

(47) Оларға: «Аллаһтың сендерге берген ырыздықтарынан (жоқ-жітіктерге) садақа беріңдер» делінсе, кәпірлер мұсылмандарға: «Аллаһ қаласа тамақтандыратын біреулерді біз тамақтандырамыз ба? Сендер анық адасқан екенсіңдер» дейді.

(48) Олар: «егер шыншыл болсаңдар, бұл уағда қашан іске асады?» дейді.

(49) Олар (сауда-саттық және басқа да дүниелік істер жөнінде) керісіп тұрғанда оларды (тұтқиыл) жайрататын бір ашты дауыс күтіп тұрады.

(50) Олардың өсиет айтуға, үйіне қайтуға мұрсалары да келмейді.

(51) Олар Сүр үрленген замат қабірлерінен тұрып, Раббыларына қарай жүгіреді.

(52) Олар: «әттеген-ай, бізді ұйықтап жатқан орнымыздан кім оятты?» дейді. (Ысрапыл періште қиямет болар алдында құдірет Сүрін екі рет тартады. Осы екі реткі Сүрдың арасында қабірде біраз тыныс болады екен. «Кім бізді оятты» деген сөз осыған қаратылған). «Мейірімді Аллаһтың уағдасы міне осы. Пайғамбарлар да шын айтқан» (делінеді періштелер жағынан).

(53) Бір айғай шығысымен-ақ олар тұтас алдымызға жиналып дайын болады.

(54) Ол күні ешкімге әділетсіздік істелмейді. Сендер тек істегендеріңнің ғана бодауын аласыңдар.

(55) Ол Жәннәттықтар көңілді сауықпен шұғылданады.

(56) Олар да, жұбайлары да көлеңкелерде тахтарға сүйеніп отырады.

(57) Олар үшін Жәннәтта түрлі жемістер және тілегендерінің бәрі бар.

(58) Рахымды Аллаһтан оларға «сәлем» сөзі айтылады.

(59) Ей, күнәһарлар, бүгін жіктеріңді айырыңдар.

(60) Ей, Адам балалары, Мен сендерге «шайтанға табынбаңдар, ол расында сендерге әшкере дұшпан» деп серт бермедім бе?

(61) «Маған ғана ғибадат етіңдер! Тура жол осы» демедім бе?

(62) Шайтан сендерден расында көп халықты азғырды. Мұны түсінбейсіңдер ме?

(63) Сендерге уағда етілген жәһәннам (тозақ) осы.

(64) Кәпір болғандарыңның жазасына енді осыған кіріңдер.

(65) Сол күні олардың жағын қарыстырамыз. Бізге олардың қолдары сөйлейді, не істегендеріне аяқтары куә болады.

(66) Егер біз тілесек, олардың көздерін соқыр қылар едік. Сонда олар жол табуға ұмтылады, бірақ қалай көре алсын?

(67) Егер біз қаласақ, тұрған орындарында олардың бейнелерін (маймыл, шошқа, тас сияқтыларға) өзгертер едік, сонда олар не ілгері жүре алмайтын, не кейін қайта алмайтын болар еді.

(68) Біз кімге ұзақ өмір берсек, сонда оның денесін әлсіретеміз (балалық, жастық, жігіттіктен кетіп, кәртейеді, нашарлайды). Олар мұны түсінбей ме?

(69-70) Біз оған (Мұхаммедке) өлең үйретпедік. Оған өлең лайық та емес. Бұл тек тірілерге ескерту, кәпірлерге (азап туралы) сөздің шындығын білдіретін уағыз-нәсихат және айқын Құран.

(71) Құдірет қолымызбен оларға хайуандарды жаратқанымызды, бұларды өздерінің иеленіп басқарып тұратынын олар білмей ме?

(72) Біз хайуандарды оларға бойсынбырдық, олар кейбіреуін мінеді, кейбіреуінің етін жейді.

(73) Олар үшін хайуандарда қыруар пайда және (сүт сияқты) сусындар бар. Олар (осы игіліктерге) шүкірлік етпей ме?

(74) Олар бір көмегі тиер деп үміттеніп, Аллаһтан өзге құдайлар жасап алды.

(75) (Ол құдайлары) оларға көмек беруге иқуатсыз. Бұл бұттар олардың өмірлеріне қарсы дайындалған бір қосын (қияметте олардың қылмыстарына куәші болып, азапқа душарласуына себепкер болады).

(76) (Ей, Мұхаммед!) олардың сөздері сені кейітпесін. Біз олардың құпия және әшкере істегендерінің бәрін білеміз.

(77) Адам баласы біздің өздерін бір тамшы судан (мәниден) жаратқанымызды білмей ме? Енді олар (Аллаһқа) ашық қыңырлық істейтін болды.

(78) Ол өзінің жаратылысын да ұмытып, бізге (адамның тірілуіне қарсы шіріген сүйектерді) мысалдап көрсетті. Ол: «мына шіріген сүйектерді кім тірілте алады?» деді.

(79) (Ей, Мұхамед!) «Ту баста Жаратқан Ие тірілтеді. Ол барша жаратылысты біледі» деп айт.

(80) Аллаһ сендерге жасыл ағаштан от шығарды (марх, ғафар деп аталатын екі жасыл ағаш біріне-бірі үйкелсе от шығады, жанады). Сендер онымен от жағасыңдар.

(81) Көк пен Жерді Жаратушының солар сияқтыны жаратуға құдіреті жетпей ме? Әлбетте жетеді. Ол – ерен Жаратушы, аса Білгір.

(82) Ол бір нәрсені (жаратуды) ниет қылса, Оның бұйрығы оған «бол!» деу ғана. Сонымен ол бола қалады.

(83) Күллі істің билігі Өз қолында болған әрі сендер даргаһына қайтарылатын Аллаһ (нұқсаннан) пәк»! «Ясын» сүресі.

(92) «(Ей, адамдар), сендердің ұлттарың – діндерің, расында, бір дін (яғни, Ислам). Мен болсам (барлықтарыңның) Раббыларыңмын. Ендеше Маған ғана құлшылық етіңдер!

(93) (Адамдар) болса, істерін (яғни, діндерін) өзара бөлшектеп бөліп алды. (Біліп қойсын) Барлығы Бізге қайтушы».

«Әнбия» сүресі. Құран Кәрім. М. М.Ахытұлдары нұсқасынан.

Үлкен Отан – қара Жер,
Ол сыртқы Отан – күшті Отан!
Ал, кіші Отан мемлекет – мемлекет ол ішкі Отан!
Үлкен Отан – қара Жер адамзаттың Отаны,
Ол бақтамай анығы бақтамайды ішкі Отан!

Үлкен Отан – қара Жер, адамзаттың даласы,
Бір-біріне ол ықпалдас кіші Отандар қаласы.
Үлкен ұлтым – күллі адам,
Қазағым ол кіші ұлтым,
Үлкен ұлтсыз кіші ұлттың жазылмайды наласы.

Үлкен Отан, шоң ұлтта бірлік болмай, дін болмай,
Кіші ұлт, кіші отандар дамымайды мін болмай.
Кіші ұлт, кіші отандар үндеспеуден хақ жолда,
Қайран адам азуда көкірегінде дым болмай.

Қайран адам тозуда хақтай алмай Бір Хақты,
Жүру керек бір жолмен жүрмей бұзып ырғақты.
«Осы ғана өмір» деп, мойындамай ақыретті,
Тірі жүріп азаппен тіршілігін құрғатты...

«Бұ дүние-ақ» деген ой таластырып атаққа,
Қарсы адамды айдауда екі әлемдік шатаққа.
Ішкі отандар иесі «ферғауындар» хақсынып,
Сыртқы Отанды жалмауда айналдырып апатқа.

Хаққа шексіз иман жоқ, тіпті нанбай барына,
Шығып алды көп пенде шайтан малғұн жағына.
Хақ Аллаһпен қастасып,
Шайтан менен шайтан боп,
Жағып алды кетпестей «қара күйе» арына...

Тау, Күнге де, Ағашқа, Аруаққа да табынып,
Бөлек, бөлек, бөлек боп барады адам қағынып...
Оранғанды мәнсұқтап, ашық жүрісті әспеттеп,
Зина әкелген пәлекет кетті індеттей қабынып...

Өлшем бұзу,
Өсім жеу,
Кесір жолды кеңіту,
«Қарасың сен, ақсың» деп адамды адам кеміту...
Кіші отандар елінде болып жатқан шындық бұл,
Бір Аллаһқа бір жолмен, бір ниет жоқ тең ұшу...

Біл, ей, адам, бұл сұмдық...
Бір дінге қайт – хақ дінге!
Қасиет бар, жарық бар, мәңгілік бар хақ дінде!..
Аллаһ жалғыз,
Дін біреу білу оны бір міндет,
Ол да жалғыз Жер – Отан, адам біреу, білдің бе?!

Надан болсаң білмейсің,
Адам болсаң білгейсің,
Адамдықпен бұл сөзді ақылыңа ілгейсің!
Сыртқы Отанды аясаң, Хақ дінінде бірігіп,
Ішкі Отанда бақыттап, бұ дүниеде-ақ гүлдейсің!

«Отан сүю иманнан!» – бұл Хақ діні үкімі!
«Осы дінді Ол қалады!»* – бұ да Растың бітімі!
Бұл сөзімен, Хақ Аллаһ, дініне тұр шақырып,
Хақ шақырса қайқаңдау қараңғаудың мүсіні.

«Өзің біл» деу, ей, адам, өзек тепті сөз болар,
Хақтың Сөзі,
Хақ діні сатылмайды бөзге олар!
Хақтың сөзін оқы да, Хақ дініне отырып,
Хаққыңа қайт, әйтпесе қайтар жерің қоз болар...

Үлкен Отан тұрғыны үлкен ұлтым – бар адам,
Бір-ақ ұлтпыз біз деген ата Адамнан тараған.
Бір Аллаһтың құлымыз, дін бір, тек өң, тіл басқа,
Жөн болмақ-ты ақылмен ақиқатқа қараған.

Адам ата баллары ұлтқа ұрудан айналып,
Мекен еткен жерлерін меншіктеуге сайланып,
Кіші Отандар жасады, әмірімен Аллаһтың,
Кіші Отанда ұлт болды бауырынан байланып.

Хақ біледі анығын, қанша ғасыр өткенін,
Қанша ма рет Күн шығып, қанша беттен өпкенін?
Қанша ма рет дін бұзып шайтанға еріп шатақ сап,
Бір-бірінің бұл адам қанын судай төккенін?

Қаласымен жұтылды қанша ма өлке тұрғыны?
Білмейтін бұл ақиқат жер бетінің нұрғыны**.
Тіпті кеше еді ғой қаны кеуіп болмаған,
Біз білетін Шыңғыс пен Гитлердің қырғыны...

Нұх,
Сәлих қауымы,
Сәбә,
Сәмут,
Елі Ғат,
Қарсы келіп Аллаһқа болғаны үшін жолы бәт,
Бірі дауыс, бірі су, тас жаңбырмен ал бірі,
Қор боп өшті дүниеден... тозаққа олар жолығад...

Әй, адам-ай,
Жерде бұл Хаққа қарсы келем деп,
Шалқақтайсың шатасып, ойланбастан «өлем» деп.
Болғанменен көз, ақыл, ашылмаса көкірек,
Сүресің-ау, өмірді құлағы бар керең боп...

Әй, адам-ай,
Шоң Отан Аллаһ берген сыйымыз,
Ал кіші Отан – мемлекет, ол ұлт үйі – үйіміз.
Шоң Отанды қорғамай көркейткенмен кішіні,
Үлкен Отан бүлінсе кері айналар күйіміз...

Ойлайықшы Хақ біреу,
Отан біреу,
Адам бір...
Хақтың діні біреу-ақ, Хаққа жүрер қадам бір.
Бір адамда бір-ақ дін болуы оның заңдылық,
Дін көп,
Құдай көп болу пенде ісі надан, дүр!..

Аллаһ бізді ақыл мен сынап отыр сенімде,
Бір дінде боп,
Бір «Хақ» деу міндетің, біл, сенің де!
Бұзып алған дін менен жасап алған құдайға,
Сенуге түк қақы жоқ құл – адамның тегінде!

Күллі адам Адам мен Хауа ананың баласы,
Сары, қара, ақ, қоңыр, мейлі болсын аласы...
Хаққа қарсы антұрған құдайсызы болмаса,
Құран білген қауымның жоқ бұған еш таласы.

Соңғы Расұл кеп болған,
Ақырзаман жұртымыз...
Болмаған соң бір дінде салтымыз көп, ғұрпымыз...
Дүниеде аз жасаймыз, бойымыз да аласа,
Айшықталған әр тұста тұрқымыз бен ырқымыз.

Соңғы Расұл – Мұхаммед (сәлем болсын Аллаһтан)!
Оны жоққа шығарар қарғыс күткен Аллаһтан.
Ол әкелген хақ Құран – адамдықтың қалыбы,
Оны тұт та, турасы, Аллаһқа ұш,
Алға аттан!..

Құран білмей көп пенде шоң Отанның бетінде,
Қап қоюда қаңғырып хақсыздықтың өтінде.
Хақсыздықтың салынан халал, харамды айырмай,
Жеуде, тіпті, кейде адам бір-бірінің етін де...

Хақсыздықтың кебінен хақиқаттан сыртта қап,
Ойға кегенді істеуде улы судан ұрттан ап...
Ойға кегенді істеуде биліқ, байлық, жер үшін,
Дүниені сүюдей көкірегін құрт талап...

«Қауым өзін өзгертпей Хақ өзгертпейд!»*** – бұл Хақтың
Сөзі!
Ақылды адамға керегі не бұлтақтың?..
Нәпсі, шайтанға арбалып мәңгі бақтын Жәннәттай,
Айырбастап жермек пе жәһәннамға құл тақтын?!

Таурат,
Зәбур,
Інжілді өзгерткесін надандар,
«Құранды оқып хақтансын, – деп, Хаққымыз, – адамдар»,
Хақ сөзімен құптады!
Адамдардың ендеше
Хақсыздықта қасарып қақы қанша табандар?!

Оң жол табу сондықтан қақы емес пе адамның,
Теріс жолда теңселмей настығымен наданның.
Хаққа жету деген сөз – кірсіздікпен кіршіксіз,
Басылуы емес пе әрбір басқан қадамның?!

Әй, адам-ай,
Сондықтан дініңді тап – Хақ діні,
Хақ Өзі адамға арнаған ақиқаттың ақ діні!
Әуел Хаққа шек қойма, сосын дінін «хақ» деп біл,
Жарылқайды Хақ Өзі дінін тапқан жақсыны!

«Дінде зорлық жоқ!»**** – бұл шын хақ Құранның аяты!
Басқа дін жоқ хақ діннен, «дін» дегені жәй аты...
Атаулыда қайбір дін Хақтан түскен не кітап,
Не бір дәлел, не пара, не жоқ бір де аяты...

«Дін» деп сонда да азғын көп ойға кегенді атайды,
Сөйтіп жұртты бей күнә жалған дінмен матайды.
Хабарсыз қап дәл солай достасқан соң шайтанмен,
Көп қауымның жүрегі дінсіздіктен қатайды...

Әй, Адамның баласы, мекені бір, Хаққы бір,
Бойдағы иман шалмасын десең – сенім – ақты кір,
Аллаһ жалғыз, басқа Аллаһ жоқ һәм басқа дін де жоқ,
Хақты танып, сондықтан, Хақ дініне нақты кір!

Отансыз еш өлмек жоқ, Жер – шоң Отан тұрғанда!
Көр неденін білген құл, ел кеденін ұрған ба?!
Үлкен ұлттың,
Шоң Отан мәнін шындап түсінген,
Хақ дінге енбек киелі қапы қалмай нұрдан да!

Жерді Отан деп ұғынған ірге орынсыз бөлгеннен,
Сақтанады Хақты ұққан жат дінге елді телгеннен.
Сондықтан да қайда адам емес өлсе де отансыз,
Адамды онда сақта, Аллаһ, дінсіз сорлап өлгеннен?!..
Әмин!
___________________
*«Бақара» сүресі, 132- аят
**Нұрғын – көп
*** «Рағыд» сүресі, 11- аят
**** «Бақара» сүресі, 256- аят


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар