Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылзат Арыстанбек, ақын: Өмір - мен үшін өліммен дос болу

13.07.2017 5787

Асылзат Арыстанбек, ақын: Өмір - мен үшін өліммен дос болу

Кезінде белгілі әдебиеттанушы, ақын, аудармашы Әуезхан Қодар ағамыз қазақтың аяулы ақын қызы Асылзат Арыстанбек туралы жылы пікірін білдірген еді. Ағамыз ақынның азаматтық позициясына, қайсар мінезіне сүйсіне келе: «Белгілі бір нәрсеге арналған нақышпен мүлде өзге нәрсені жырлау бұл күрделі постмодерншіл мәтіннің белгісі. Кейін Асылзат Арыстанбектің «Бесінші маусым» деген кітабын оқып көрсем, ол да осындай белгілерге толы екен. Атауының өзі мен мұндалап тұрған жоқ па? Ең қызығы бұл тіркесті қарындасымыз ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтен алыпты. Тынекең бұл атауға қандай мағына бергенін білмеймін, бірақ Асылзаттың берген мағынасы өте терең», - деп пікір білдірген болатын.

Расында да Асылзат Арыстанбек өзінің «Бесінші маусым» кітабымен әдебиетсүйер қауымды елең еткізе келіп, поэзияға «Көз», «Бас», «Қаңғыбас», «Жетімдер», «Сүюді бақыт дейтіннің бәрі» сынды өлеңдерімен қалыптасқан стреотиптерді бұза кірді. Бұла ойлары мен тосын тұжырымдары арқылы оны әдеби оқырман лезде жақын тартты.

Жуырда Асылзат Арыстанбектің Елордамыз Астана төрінде «Сіз ғана..» деп аталатын шығармашылық кеші өтпек. Кеш қарсаңында казақтың қайсар мінезді, нәзік, сырлы жүректі ақын қызымен аз-кем әңгімелескен едік.

«Адамзат баласының ықылым заманнан бері аңсары өзін іздеу, ішкі түйсік көзіне тіке қарау, Менімен сырласу»

- Соңғы уақыттары әлеуметтік желіде жазған жазбаларыңыз бен жырларыңыздан экзистенциализм байқалады. Яғни, өмір мен өлімнің мәні, адамгершілік, әділеттілік, сұлулық пен ақиқат, адамның өзіндік Менін тануы Һәм дүниеге келудегі мақсаты, қоғамдағы орны сияқты философиялық ойлар жиі кездеседі. Бұны ақынның жаңаша дүниетанымы дейміз бе, әлде Мұқағали ақын айтқан «поэзиядағы махаббаттан бастау алар парасат» па?

- Мен сен айтып отырған тілім күрмеліп әзер айтатын терминнің не мағына беретінін білмеймін. Менің өлеңдерім - қазақы қара өлеңнен шідерін де, күдерін де үзген емес.

Бір уақытта былай жазған екем, енді бұл тақырыпты былай жазайын деп, тонын теріс кигізіп, адам ойына келмейтін бірлеңелерді ойлап табуға жоқпын.

Өлең қалай келді - солай жазамын. Адамзат баласының ықылым заманнан аңсары өзін іздеу, ішкі түйсік көзіне тіке қарау, Менімен сырласу шығар бәлкім. Әлі сол аңсар. Заман дамып, технократтық дәуірге адымдап емес, қарыштап бара жатсақ та, адамның аңсары әлі сол. Біздің өлең де сол аңсарды тілге тиек ету. Басқа ештеңе емес.

- Ақынның дүниетанымы, этикалық-эстетикалық таным-түсінігі, көзқарастары жаңарып, кемелденіп отыратыны белгілі. Әлбетте, оған оқыған кітаптары мен өмірдегі жағдаяттардың өзінше әсері бар. Сондай уақытта бұрынғы өлеңдеріне, ондағы айтылған ойларға тағы бір көз сүзіп шығып, қазіргі танымымен салыстырып жатады. Кезіндегі ағат тұжырымдары үшін өкініп жататындар да бар. Сізде де салыстырулар болған шығар? Ондайда қандай айырмашылық сезесіз?

- Кезінде ағат ойлаппын деп сан соғу күллі адамға тән қасиет шығар. Әсілі ол қасиет болса, жаман қасиет емес. Көзқарастың өзгеруі - адамның өсуін білдірер шамасы. Әлде, басқаша. Шығармашылық адамы өз-өзіне көңілі толмайды. Толмаған қалпы өтеді. Артыңа бұрылып қарасаң арса-арсасы шыққан, күн мен жел жеп шұрық-тесік жолдарды көрер едік, ақынның бұрын жазған өлеңдері де сол сияқты. Арса-арсасы шығып, бірі ұйқасып, бірі ұйқасса да үндеспей тұрар-ақ. Бірақ, ол менің жүріп өткен жолым. Сол жолда табаным тайса да, маңдайым тасқа тисе де жүріп өттім. Өмірлік де, өлеңдік те сабақ алдым. Онда неге өкінем.

Айырмашылық болады. Болғасын да өлең жазуды тоқтатпай келесің...

«Махаббат - ол адамның өзі»

- Осы ретте, Сізге қысқа-қысқа филососфиялық сұрақтар қойғым келіп отыр. Өмір дегеніміз сіздіңше?

- Өмір - мен үшін өліммен дос болу. Онымен сырласу. Өлімді мойындау.

- Өлім дегеніміз ше?

- Өлім - мәңгілік өмір сүретіндей ақиқи дүниелерге ұмтылу керек екенін көрсететін сәуегей.

- Махаббат дегеніміз...?

- Махаббат - ол адамның өзі. Адам махаббатын іздеп сандалады. Олар өздерін іздеп жүргенін ұқпай. Өзін тапқан адам ілуде біреу, әмсе - жоқ.

- Өлең?

- Өлең - жоғарыдағы риторикалық сұрақтардың ұйқасқа құрылған жауабы.

«Бұл - лирикалық кейіпкерден асып, өз кейіпкерін тапқан ақын қыздың батыл қадамы деп ұғыңыз»

- Жаңа кітабыңызды дайындап жатқан көрінесіз. «Бесінші маусымнан» кейінгі кітабыңызда қандай ерекшелік болмақ?

- Кітап "Сіз ғана..." деп аталады. Бұл - лирикалық кейіпкерден асып, өз кейіпкерін тапқан ақын қыздың батыл қадамы деп ұғыңыз... Бұған дейін сүйген адамына тұтас кітап арнап, Кейіпкерінің қолына ұстатқан ақын тапсаңыз, онда өзгесінен айырмашылығы жоқ.

- Астана төрінде «Сіз ғана» атты шығармашылық кешіңіз өткелі жатыр. Кешіңіз жайында толығырақ біле отырсақ.

- Кештің де атауын солай қойдым. Әр оқырманым мен тыңларманым менің өлеңдерімнен өзін тапса - мақсатыма жеткені. Астана төрінде тұңғыш рет өтейін деп тұр. Астана әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауы дем берді. Ойламаған жерден орын алған жаңалық. Қарапайым айналамда жүрген достарым білектерін сыбанып, асарлатып дайындалып жатқан шаруа. Қалған ой мен түйгенімді кештен кейін айтайын.

Өлеңсүйер қауым шілденің 21-і Жастар сарайына ағылады ғой деп сенемін.

- Сұхбатымызды соңғы жазылған жырларыңызбен тәмамдасақ.

СІЗ ҒАНА...

Күпір еткім келмей жүрек зарына,

Шүкір еттім Сіздей жанның барына.

Үшіргені дарымайды тәуіптің,

Сіздей шипа бола алмайды жаныма.

Қалса қалсын үш-ақ айым, үш күнім,

Мен несіне жылай берем қыстығып.

Жүрегімді қолыма ұстап барайын,

Беріңізші үшкіріп.

Дәрігердің дәргейіне көнбейтін,

Қайран жүрек, жоғалтпайды өр кейпін.

Таусылмаңдар дәру іздеп жаныма,

Бір адам бар жүрегімді емдейтін,

Сіз ғана...

Сұхбаттасқан: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар