Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қарызға батқан жазушылар

18.07.2017 3487

Қарызға батқан жазушылар

Қайыршыға айналған жазушы

Оның тағдыры оқырман түгілі, ақын-жазушылардың аянышын туғызды. «Зұлымдық гүлдерінің» авторы ол туралы: «Әдебиетте тағдыры қиын адамдар бар: олардың маңдайында, қалың әжімдерінде «сәтсіздік» деген жұмбақ жазу бар. Салмақты, тәртіпті Гете мен Скоттқа қарағанда маған кедей, жанкешті, алқаш Эдгар По көбірек ұнайды» деп жазады. Бодлер өте талантты, бірақ жолы ауыр америкалық жазушының тағдырын, жалғыздығын сезініп жазады. Эдгар Поның сәтсіздікке толы ауыр өмірі – тағдырдың шым-шытырық картинасы еді.

Институт қабырғасында оқып жүрген кезінде Эдгар По карта ойнап, оңбай ұтылды. Әкесінен кешірім сұрап, жылап отырып, көмек сұрайды. (Ата-анасынан ерте айырылған Эдгарды Джон Аллан есімді бақуатты, бай асырап алған). Бірақ Эдгар По әкесінің талантына тұсау, шабытына тежеу қоятын «шартымен» келіспей, бір жола көмегінен бас тартады.

Әріптестері оның Балтиморда тұрған кезін былай суреттейді: «Кедейшілікке ұшыраған Эдгар По шатырда, құжырада тұрды. Есігін есік деуге келмейді, бөлмеде орта бойлы адамның өзі еңкейіп жүретін. Сұп-суық бөлмеде қалай тұрғанын елестетудің өзі қиын».

Жазушының арзан пәтерге де төлейтін ақшасы болмай, далада қаңғып қалған кезі аз емес. Қоғам шындығын, кейіпкерлерінің болмысын жалаңаштап көрсетіп, ақиқатты танытқан жазушының өмір жолы тым-тым күрделі еді. Ал уақыт өте келе Эдгар По жоқшылық пен сәтсіздікке бой үйретті, бұрынғыдай тағдырына ренжуді де қойды.

Құмарпаз жазушы

Достоевский шығармаларын асығыс жазды, тіпті кейде редакциялауға да уақыты болмады. Айдауда болды, жоқшылық, одан қалса, өзі қарыз алған адамдары «ақшамды қайтар» деп алқымынан қысатын. Жазушы көбіне қарыздарынан құтылу үшін пысық, қу баспагердің айтқан қаламақысына келісуге мәжбүр болды. Достоевскийге туған бауыры Михаил көп көмектесті, соның өзінде жазушының қарызы аз емес еді.

...Достоевский құмар ойынына құмартқаны сондай, тіпті екінші әйелі екеуі Еуропаға барғанда жұбайының барлық алтынын ломбардқа өткізіп, оңбай ұтылады. Бірақ екінші әйелі ақылды еді, кешірді және барлық қиыншылықта ерінің қасынан табылды. Жазушыға құмар ойынын қойдырып, шығармашылықпен еркін айналысуына жағдай жасады. Достоевский әйгілі «Игрок» романын өз өмірінен жазды, сол себепті де, кейіпкерлерінің психологиясын сәтті ашады.

Өзі кедейшілік пен жоқшылықтың зардабын тартқан Достоевский кедейшілік пен жоқшылық туралы аз жазбады. «Қылмыс пен жазаның» басты кейіпкері кедей студент Раскольниковты есіңізге түсіріңізші... «Бедные люди» романын өзі жоқшылық көрмесе, жаза алмасы анық еді.

Жоқшылықтан жеңілмеген жазушы

Эмиль Золяның досы Э.Гонкур күнделігіне былай деп жазады: «Бірде бәріміз Эмильдің пәтерінде кофе ішіп отырғанбыз. Эмиль жас кезінде талай рет шалбары мен пальтосын ломбардқа өткізіп, үйінде құр көйлекшең отырғанын, жас кезінде жоқшылықтан қатты қиналғанын айтты». Есіңізге түсіріңізші, Эмильдің кейіпкерлерінің бірі ломбардқа жалғыз жібек көйлегін өткізсе, бірі досының үйіне тамақ іздеп келуші еді ғой.

Нағыз жазушының басты кейіпкері – өзі. Олар қиялдан кейіпкер іздеп әуре болмайды. Олар жоқшылықтан бірде жеңіліп, бірде итжығыс түсіп, шығармашылыққа алып келген тағдырына қарғыс айтты.

Әйгілі жазушылар секілді ол да жас кезінде жоқшылықтан қиналып, азаптанды: қарыз алу, қарызға бату... Бірақ Золя жоқшылықтан жеңілген жоқ. Көзі тірісінде Франциядағы ең бай жазушылардың біріне айналды.

Ерке ақынның еркелігі

Ақшаны үнемдеп жұмсай алмайтын, ереже мен тәртіпке бағынғысы келмейтін Шарльді анасы мен Опик «бір қалыпқа» сала алмай шаршады. Анасы берген ақшаны бір-екі күннің айналасында шашып жіберетін Бодлер кімге қарыз болмады?! Анасы мен өгей әкесінен қорыққан кезінде ағасы Альфонстан қарыз сұрап, «үйдегілерге айтпашы» деп жалынады. Бодлердің қарызын көріп, Альфонстың көзі атыздай болады. Бодлердің қарызы 2370 франк еді. Бұл ол кезде өте көп ақша болатын. Бодлерге мұндай ақшаны ешкім бермесі анық еді. Өгей әкесі Шарльдің бұл еркелігіне де кешіріммен қарады.

Ақшаны үнемдеуді ешқашан үйрене алмаған, өзі шақырған кедейшіліктен қажыған ақын ломбардқа көйлегін, етігін өткізген кездер де аз емес. Анасына «тіпті ауыстырып киетін іш киімім де жоқ» деп жылап хат жазатын Бодлерге анасы бірде әкесіне көрсетіп, бірде көрсетпей көмектесті. Бірақ қанағатсыз (рухани аш) Бодлерге бәрі аз еді. Анасын «маған жаның ашымайды, қатігезсің» деп аз сөкпеді. Бодлерден шаршаған анасы біраз уақыт баласымен араласпай кетті. Еңіреп отырып, сағынғанын, көргісі келетінін айтып, хат жазған кезі аз емес. Әрине, баласының «балалық махаббатына» бөленген ана тағы да ақша беретін, Бодлер сол күні-ақ бар ақшасын шашып тастайтын. Тағы да реніш, өкпе арту, көңіл қалу...

Бірбеткей, қырсық, ерке ақынның «тігіншіге қарызбын, шаштаразға, түгенше мен пәленшеге мынанша сома қарызбын» деген хаттары мен күнделігін оқып отырып, анасын аяйсың. Қысқасы, ол жоқшылықты өзі шақырған ақын еді.

Булгаковтың қолы ашық еді, ақшаны табуын тапса да, шашып жіберетін. Қиналып тұрған адамды көрсе, жаны ашып, қалтасындағы барын беретін, бірақ өзі ақшасыз қалып, қарызға бататын... Жоқшылықтан көз ашпаған жас отбасын әйелінің әкесі салған ақша құтқарып қалса, бірде әйелінің алтындарын ломбардқа өткізіп, жан баққан.

...Ота жасайтын кезде ауруларға беру үшін үкіметтен бөлінген морфийді өзі пайдаланған дәрігер, нашақор жазушы Булгаковтың бірінші әйеліне обал-ақ. Байғұс әйел күйеуі морфий болмай қалшылдағанда қақаған қыстың суығында аптекадан аптеканы аралап, морфий іздеді. Сыған Булгаковқа жас кезінде «Үш рет үйленесің. Бірінші әйелің Құдайдан, екінші әйелің адамдардың саған деген ниетінен, үшінші әйелің шайтаннан» дегенде сенбеп еді. Жазушыны морфийге тәуелділіктен құтқарған сол бірінші ақылды әйелі еді. Кейіннен Булгаков әйгілі «Морфий» («Жас дәрігердің күнделігі») шығармасын жазды. Жазушының достарының бәрі басты кейіпкер Булгаковтың өзі екенін білді.

Өздерін жақсы көріп, аялаған жарлары болса да, ұлы тұлғалар жалғыз және мұңлы еді...

Жанкешті жазушы

Габриэль Маркестің талантына ғана емес, жанкештілігіне де таңғалам. PR-менеджер боп жұмыс істеп жүрген Маркес жұмысын тастап, жазуға отырады. «Егер дәл осылай өмірімді жалғастыра берсем, ешқашан ойымдағы кітапты жаза алмайтынымды түсіндім. Бір күні жұмыстан кету туралы арыз жаздым да, машинамды ломбардқа өткізіп, бар ақшаны жұбайымның қолына ұстаттым. Жұбайым күн сайын маған дүкеннен жазуға қажетті қағаз, темекі, басқа да қажетті заттарды әкеп беретін. Мен алаңсыз кітабымды жаза бердім. Әйеліме берген ақшадан қанша қалды, әлде бітті ме, мен бұл туралы тіпті бас қатырмадым. Кітабымды жазып біткенде тек қана ет сататын сатушыға 5000 песо қарыз екенімізді білдім. 5000 песо – бұл өте көп ақша еді. Ал бұл кезде біздің көшенің тұрғындары Габриэл керемет кітап жазып жатыр» деп шулап жатты. Кітабымды баспаға поштамен жіберер кезде ақшамыз болмады. Әйелім Мерседестің фенін және миксерді ломбардқа өткізіп, поштамен кітабымды салып жібердім» дейді жазушы.

Маркестің өздеріне керек екенін көшесінің тұрғындары ғана емес, әлем сезінді.

Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар