Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БҮГІН 18 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ...

18.07.2017 4954

БҮГІН 18 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ

БҮГІН 18 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ - adebiportal.kz

Дүниеге келгендер

Ақындар:

1785 - Фредерик Христиан Зибберн, Дания ақыны, философ

1820 — Гевонд Алишан, армян ақыны

1845 - Тристан Корбьер, Франция ақыны

1864 — Рикарда Хух, неміс ақыны

1926 - Элизабет Дженнингс, Ұлыбритания ақыны

1937 - Роалд Хоффман , АҚШ ақыны

Бүгін Евгений Евтушенко 85 жасқа толатын еді.

1933 жылы кеңестік және ресейлік ақын, прозашы, көсемсөзші, киносценарист, кинорежиссер Евгений ЕВТУШЕНКО дүниеге келді.

Евгений Евтушенко – атақты орыс ақыны, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Испания мен Американың өнер шығармашылық академиясының құрметті мүшесі. Питсбург университеті мен Санта-Доминго университеттерінің профессоры болған. Көптеген өлеңдер мен прозалық жинақтардың, киносценарийлердің авторы. Оның туындылары әлемнің жетпістен аса тіліне аударылған.

Алғашқы өлеңін ол 1949 жылы жариялады. Ал үш жыл өткеннен кейін "Разведчики грядущего" деген атпен алғашқы кітабы шықты.

Ақын, прозашы, сценарист әрі актер ретінде танылған Евгений Евтушенко 150-ден аса кітап жазған, оның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. 1963 жылы Евтушенконы Нобель әдебиет сыйлығына ұсынған.

1991 жылы отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған ақын Оклахома штатындағы Талса қаласында тұрды, сондағы жергілікті университетте дәріс берген.

Орыстың танымал ақыны Евгений Евтушенко 85 жасқа қараған шағында АҚШ-та дүниеден өтті. Ол мерейтойы қарсаңында Ресей, Беларусь және Қазақстанды аралап гастрольдік сапар жасамақ болған.

Жазушылар:

Елімізде:

1924 жылы жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері ФИЛАТОВ Валентин Михайлович дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1947-1963 жылдары «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газеттерінің әдеби қызметкері болған. 1963 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысты. Қаламгердің «На Миусе» атты алғашқы повесі 1961 жылы жарық көрді. 1970 жылы «Ақпан - қысқа ай» атты повестер мен әңгімелер жинағы жарыққа шықты.

1939 жылы жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлек ТІЛЕУХАНОВ дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. 1974-1996 жылдары «Жазушы» баспасының аға редакторы, бөлім меңгерушісі, «Айқап» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1996 жылдан «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болған. Қаламгердің шығармалары 1965 жылдан бастап жарық көре бастады. Оның «Көрші келіншек», «Шарапатты жан», «Өзгенің бақыты үшін», «Өмір арнауы», «Мәуелі бәйтерек» әңгіме-повестері, «Келешек кіріспесі», «Үш ұрпақ мұңы» романдары жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Маршалдың, А.Чеховтың, А.Плавканың, Х.Нәзірдің, А.Беляевтің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

1912 жылы жазушы Әнуар Ипмағамбетов Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданында дүниеге келді. 1956 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты аяқтаған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майдан газеттерінің тілшісі, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің жауапты хатшысы, Қазақ КСР Телевидение және радиохабары жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы, Целиноград (қазіргі Астана) облыстық газетінің редакторы болып қызметтер атқарған.

1973 жылы оның «Жайықтың сол жақ бетінде» атты кітабы жарық көрді. Негізінен, аударма саласында еңбек етті. Н.В.Гогольдің «Старо-свет помещиктері», «Өлі жандар» романын, П.Мерименің «Кармен» новелласын, А.Н.Толстойдың «Севастополь әңгімелерін», Э.Казакевичтің «Одердегі көктем» романын тәржімалаған.

«Қызыл Жұлдыз», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

Шет елдерде:

1874 - Якуб Лоренц-Залеский, неміс жазушысы.

1900 — Натали Саррот (шын есімі Наталия Ивановна Черняк), француз жазушысы

1926 — Маргарет Лоренс, канадалық жазушы.

1938 - Перч Арменакович Зейтунцян, Армения жазушысы

1948 - Хелью Ребане, орыстың фантаст-жазушысы.

1952 - Пер Петтерсон, Норвегия жазушысы

1961 - Элеонора Генриховна Раткевич, орыс жазушысы.

1969 - Элизабет Гилберт, АҚШ жазушысы

1811 — Уильям Теккерей (William Makepeace Thackeray, 1811-1864) ағылшын әдебиетіндегі «Баққұмарлар базары», «Генри Эсмонд», «Ньюком» атты реалистік романдардың авторы.

Кішігірім анықтама:

«Бұл — Лондон,

Жауыздық бар сескенер,

Жақсылық бар ес берер.

Бұл — Лондон

Дикенстер, Теккерейлер өскен ел».

Мұқағали МАҚАТАЕВ

Теккерей – ағылшынның ірі реалист жазушыларының бірі, Диккенстің замандасы. Ол Үндістанның Калькутта қаласында дүниеге келді. Оның әкесі Ост – Үндістан компаниясының қызметкері, нақтырақ айтқанда британдық әкімшілік қызметтің шенеунігі болды. Алты жасында жетім қалғандықтан бала Уильямның тәрбиесіне майор Кармайкл-Смит жауапты болады, ол әрі өгей әкесі болып саналды. Теккерей білім алу үшін Англияға келіп, әуелі Чартерхаустағы мектепте, одан соң екі жыл Кембридж университетінде оқыды. Бірақ Уильям Кембридждегі оқуын аяқтамай шығып кетеді. 1832 жылдың жазында ол сол уақытта филологиялық ғылымдардың дамуымен аты шыққан Германияға келеді. Веймар университетінде, басқа да неміс қалаларында болып, Гетемен, бірқатар неміс жазушыларымен танысады. Әкесінің мұрагері болғандықтан, Теккерейге жастайынан әдебиетпен, живописьпен айналысуына мүмкіндік туды. Бірақ әкесінің бар байлығы сақталып тұрған банк банкротқа ұшырап, аяқасты кедейленіп қалған Теккерейге ақша табу үшін журналист, суретші-карикатурист болуға тура келді. Содан кейін ғана ол әдеби еңбекпен айналысты. Бірақ суретшілік өнерін де тастамады, көптеген шығармаларына өзі иллюстрация салды. Өзінің әдеби қызметін Теккерей 1840 жылдардың І жартысында журналист ретінде бастады. Өгей әкесі майор Кармайкл-Смит «Ұлт ұраны» атты радикалдық газет ашып, оның бар жұмысын Уильямға тапсырады.

Теккерей әртүрлі көптеген пародиялар тудырып, реакциялық романтизм мен эпигон жазушылардың өмір шындығынан мүлде алшақ жатқан шығармаларын сынға алды, буржуазиялық тарихшылардың еңбектерін пародиялады.

1848 жылғы еуропа революциясы кезінде жазылған «Баққұмарлар базарында» да, «Көрсеқызарлар кітабында» да автор қоғамдағы әлеуметтік тәртіпті өткір сынға алады.

Әлем әдебиетінің тарихына Теккерей ең алдымен ағылшын сыншыл реализмінің тамаша туындыларының бірі «Баққұмалрлар базарының» авторы ретінде енді.

Оның қаламынан «Генри Эсмондтың тарихы», «Вергиндіктер» тәрізді тарихи романдар туып, «Барри жазбаларынан» бастап онсегізінші ғасырдың демократизм рухымен суғарылған кең ауқымды өмір көріністерін толықтыра, толыстыра түсті.

Ұлы еңбеккер, үздік қаламгер Уильям 1863 жылы елу екі жасында кенеттен дүние салды.

Жазушының «Баққұмарлар базары» романын «Күйкі тірліктің жәрмеңкесі» деген атпен 1999 жылы зерттеуші журналист, тәржіман жазушы, зерделі тарихшы Байұзақ Қожабекұлы Албани қазақшаға аударып шықты.

Бұл күні дүниеден озғандар:

1876 — Карл Зимрок (1802 жылы туған), немістің романтик ақыны

2000 — Хосе Анхель Валенте (1929 жылы туған), испан ақыны, сыншы, аудармашы

1817 — Джейн Остин, ағылшын жазушысы.

Джейн Остин он тоғызыншы ғасырдағы ең танымал британдық жазушылардың бірі болып табылады. Ол 1775 жылдың 16 желтоқсанында Хэмпшир графтығының Стивентон қалашығында дүниеге келген. Оның әкесі Джордж Остин шіркеу пірәдары болып қызмет жасаған. Ол өте сауатты және білімді адам болған. Джейн Остиннен басқа оның отбасында алты ұл және кішкентай сіңлісі болды.

Джейн Остин бірнеше мектептің табалдырығынан аттағанымен олардың бірін де тәмамдай алмаған. Сол себептен оның әкесі үйдегі екі қызды өзі сауаттандырып, әдебиеттен, өнерден хабардар етіп, олардың бойына биік талғам жасау қасиетін сіңірді.

Джейн Остин ешқашан тұрмысқа шықпаған.

Оның бойжеткен шағы Наполеон соғысының тұсына сәйкес келді. Сондықтан ол соғыста жүрген ағаларымен үнемі хат алысып тұратын. Міне бұл жағдай оның шығармашылығына әсер етіп, хаттар желісі арқылы әңгімелер жазуды бастайды.

Ол ағылшын әдебиетіне реализмді алып келген сатирик ретінде танымал. Оның туындылары адам жанының кейіпкерлер психологиясына енуіне мүмкіндік беретін, нағыз "ағылшын әзілінің" дәмін татқызатын әлемдік шедеврлердің қатарына енгізілген. Джейн Остинді бүгінге дейін ағылшын әдебиетінің "бірінші ледиі" деп атайды. Оның шығармалары Ұлыбританияның университеттері мен колледждерінде міндетті түрде оқытылады.

Ол "Тәкәппарлық және жалған сенім", "Мэнсфилд саябағы", "Эмма", "Нортенгер аббаттығы" секілді кітаптар жазған. Соның ішінде жазушыға үлкен жетістік алып берген "Тәкәппарлық және жалған сенім" романы болды. Бұл роман жайлы 1980 мен 1995 жылдары сериалдар мен кино түсірілген. 2005 жылы Кира Найтлидің сомдауымен толық метражды кино шыққан.

"Тәкәппарлық және жалған сенім" –шығармасын В.Скотт, В.Вулф, С.Моэм, Д.Б.Пристли, Р.Олдингтон есімді атақты лауазым иелері сүйіп оқыған.

Қызық...

Британдық жазушы Джейн Остиннің сақинасы бәссаудада 152,450 фунт стерлингке (236 мың доллар) сатылған. Ал 2011 жылы Sotheby's бәссаудасында Джейн Остиннің жарияланбаған романының қолжазбасы 1,6 миллион АҚШ долларына сатылған.

Жазушы 1817 жылы 18 шілдеде Адиссон ауруынан Винчестерде дүниеден озады. Жазушы өлер алдында соңғы "Сэндитон" романын аяқтап үлгерді.

Атаулы оқиғалар:

1790 жылы II Екатерина «Петербургтан Мәскеуге сапар» (Путешествия из Петербурга в Москву) туындысының авторы, жазушы А.Радищевті Пугачёвтен де қауіпті деп жариялады.

1918 жылы «Мәскеу шындығы» (Московская правда) газетінің алғашқы саны жарық көрді.

1958 жылы осы күні әйгілі ақын Анна Ахматованың ұзақ жылдар бойы басылмай, тыйым салынған жинағын шығаруға рұқсат етілді. Кітап 127 беттік, оның жартысы аудармалар болатын.

Дайындаған: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар