Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Амангелді Кеңшілікұлы. Жүрек сөзі-3 (Жалғасы)...

18.07.2017 6440

Амангелді Кеңшілікұлы. Жүрек сөзі-3 (Жалғасы)

Амангелді Кеңшілікұлы. Жүрек сөзі-3 (Жалғасы) - adebiportal.kz

(Күнделік)

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

2011 жылдың 30 қарашасы

Таяуда бірнеше қазақ басылымдарының бетінен қазақ жазушылары Әкім Тарази, Асқар Алтай мен Роза Мұқановаға әлем әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығының берілгені туралы ақпаратты оқып қайран қалдым. Бұл – нағыз өтірік. Ақиқатында есімдері аталған үш жазушыға да, бұдан бұрын да оны алған Төлен Әбдікұлы, Шөмішбай Сариев пен Немат Келімбетовке берілгені Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық емес, әйгілі жазушының атындағы алтын медаль. Даңғойқұмарлыққа салынып, халықты дүрліктіріп өтірік алдап, оқырманды адастырудың қажеті қанша?

Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық 2001 жылдан бастап әлемдегі танымал жазушыларға беріліп келеді. Оның иегерлері мыналар - 2001 жылы бұл сыйлықты Нобель сыйлығына бірден-бір үміткер болып жүрген – Филип Рот алды. 2002 жылы Кафка сыйлығы Иван Клима, 2003 жылы Петер Надашқа бұйырды. 2004 жылы – Эльфриде Елинек, 2005 жылы Гарольд Пинтер оған қол жеткізді. Кейін осы екі жазушы Нобель сыйлығын иеленді. 2006 жылы – атақты жапон жазушысы Харуки Мураками, 2007 жылы - Иф Бонфуа, 2008 жылы – Арношт Лустиг, 2009 жылы – Петер Хандке, 2010 жылы – Вацлав Гавел, 2011 жылы – Джон Бэнвилл Франц Кафка атындағы әдеби сыйлықпен марапатталды. Қазақ жазушыларының бірде-біреуі Кафка сыйлығын алған емес.

Жазушылар Әкім Тарази, Асқар Алтай мен Роза Мұқановалар қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосса да аз жұмыс емес. Бетіміз шіміркпестен оларды әлем әдебиетінің төріне шығарып тастап, оны дамытуға зор үлес қосты деп дабырлатуымыз көрер көз, естір құлаққа ұят емес пе?

Батысты айтпағанда, мына тұрған Ресейдің өзі қазақ әдебиетін менсінбей, мұрнын шүйіріп қарайды. Және Пушкин, Лермонтов, Тютчев, Гоголь, Толстой, Достоевский, Чехов, Бунин секілді ақын-жазушыларды дүниеге әкелген орыстардың бізді менсінбеуге қақысы да бар.

Қазекең - жомарт халық қой. Танымал жазушыларына халықаралык Кафка сыйлығын қалтасынан алып бере салады. Халықаралық сыйлықты қалпақпен ұрып алады. Сендер бізбен ойнамаңдар. Керек сыйлығымызды бермесеңдер, осындай жолмен-ақ тартып әпереміз жазушыларымызға. Әлемді қайтеміз, алған «сыйлығымыздың» күші қазақты қорқытуға жетсе болды емес пе? Егер ертең бір жазушымызға Нобель медалі берілсе, Нобель сыйлығын алды деп те жарнамалай саламыз. Бәрібір оның анық-қанығын тексеріп жатқан қазақ жоқ қой.

Нобель демекші. Тағы да қазақтың жынды ауруы қозып, баспасөз беттерінде «Нобель сыйлығы қазақтарға қашан бұйырады?» деп әлемге өкпелеп, қара аспанды жаудырған сұхбаттар жарық көре бастады. Өңешімізді жыртып қанша айғайласақ та Нобель сыйлығының қазақтарға бұйырмайтынын қаперімізге де алғымыз келмейді. Нобельге телміріп, көзіміздің жасын көлдетіп жылай береміз, жылай береміз.

Жалпы мен осы бір өнбейтін дауға бола өлермендікке салынып, қызылкеңірдек болып айтысып-тартысып жатқан қазекеңдерді түсінбеймін, ой-өресінің таяздығына қайран қаламын. Әлемде Нобель сыйлығынан басқа да беделі зор халықаралық сыйлықтар аз емес. Өкінішке қарай сол беделі зор халықаралық сыйлықтардың бірде –біреуін алған қазақ ақыны мен жазушысы жоқ. Әуелі Дублин, Сервантес, Пультцер, Букер, Гете, Кафка т.с.с халықаралық сыйлықтың біреуін қазақ жазушысы алса да тақиямызға тарлық етпес еді. Жоқ, біз бірден Нобельге қол созамыз. Нобель сыйлығына үміткер ең құрығанда осы халықаралық сыйлықтардың бірнешеуін алып әлемге танылуы керек екенін ойлағымыз да келмейді. Әлемде мен білетін беделі зор болып саналатын мынандай халықаралық сыйлықтар бар.

Халықаралық Дублин әдеби сыйлығы:

Әлемдегі беделі зор халықаралық әдеби сыйлықтардың бірі болып саналады. 1996 жылы Дублин қалалық кеңесі мен американдық инвестициялық қордың қолдауымен құрылды. Жыл сайын ағылшын тілінде жарық көрген прозалық шығармаларға беріледі. Сыйлықтың көлемі – 100 000 еуро. Бұл сыйлықты ұлтына қарамастан кез-келген халықтың өкілі ала алады. Жалғыз шарты үміткердің туындысы міндетті түрде ағылшын тілінде болуы тиіс. Үміткерлердің шығармаларын Дублин сыйлығына оқырмандардың арасында сауалнама жүргізу арқылы қоғамдық кітапханалар ұсынады. Халықаралық сарапшылардан тұратын жюри мүшелері жалпы тізімнің ішінен іріктеп, бірнеше үміткердің шығармасын таңдайды. 2008 жылы Дублин сыйлығына 161 кітапхана ұсынған 137 автордың туындысы ұсынылды.

Таңдаулы лауреаттары:

1996 — Дэвид Малуф, «Вавилонды еске алу»

1997 — Хавьер Мариас, «Ақ жүрек»

1998 — Герта Миллер, «The Land of Green Plums»

1999 — Эндрю Миллер, «Құбылмалы дерт» (Орыс аудармасында — «Аурудың шөлі»)

2000 — Никол(я) Баркер, «Кеңінен ашылу»

2001 — Элистер Маклауд, «Аса зиянсыз»

2002 — Мишель Уэльбек, «Кәдуілгі бөліктер»

2003 — Орхан Памук, «Менің атым Қызыл»

2004 — Тахар Бен Джеллун, «Сәулесіз қараңғылық»

2005 — Эдвард П. Джонс, «Байқалған әлем»

2006 — Колм Тойбин, «Шебер»

2007 — Пер Петерсон, «Барымтасыз»

Букер сыйлығы:

Ағылшын әдебиетіндегі беделі зор сыйлық. Ұлттық бірлестіктегі елде немесе Ирландия мен Зимбабведе тұратын жазушы ағылшын тілінде жазылған үздік романы үшін марапатталады. Жеңімпазға 50 000 фунт стерлинг табыс етіледі. 2002 жылға дейін сыйлықтың көлемі 21 000 фунт стерлинг болып келген. 2002 жылдан бастап сыйлықты беруге Man компаниясы демеушілік ете бастады. Сондықтан оның қазіргі толық атауы - The Man Booker Prize. Букер сыйлығының төрт иегері - Уильям Голдинг, Надин Гордимер, В. С. Найпол және Дж. М. Кутзее — кейіннен Нобель сыйлығына ие болды. 1999 жылы Дж. М. Кутзее бұл сыйлықты екінші рет алды.

Лауреттары:

1969 — Перси Ховард Ньюби, «Бұл үшін жауап бересіз»

1970 — Бернис Рубенс, «Таңдаулы тұлға»

1971 — В. С. Найпол, «Белгісіз жағдай» (Кейін Нобель сыйлығын алды)

1972 — Джон Бергер, «G.»

1973 — Дж. Г. Фаррел, «Кришнапураны қоршау»

1974 — Надин Гордимер, «Сақтаушы» (Кейін Нобель сыйлығын алды)

1975 — Рут Джабвала, «Ыстық пен шаң»

1976 — Дэвид Стори, «Сэвилл»

1977 — Пол Скотт, «Қалу»

1978 — Айрис Мёрдок, «Теңіз, теңіз»

1979 — Пенелопа Фицджеральд, «Офшор»

1980 — Уильям Голдинг, «Жүзудің тәсілі»

1981 — Салман Рушди, «Қараңғылықтың балалары»

1982 — Томас Кенилли, «Шиндлердің кемесі»

1983 — Дж. М. Кутзее, «Михаэла К –ның өмірі мен уақыты.» (Кейін Нобель сыйлығын иеленді)

1984 — Анита Брукнер, «Мейрамхана, «Көл».

1985 — Кери Хьюм, «Қаңқа-адамдар»

1986 — Кингсли Эмис, «Кәрі шайтандар»

1987 — Пенелопа Лайвли, «Айлы жолбарыс»

1988 — Питер Кэри, «Оскар мен Люсинда»

1989 — Кадзуо Исигуро, «Күннің қалдығы»

1990 — Антония Байетт, «Қожалық»

1991 — Бен Окри, «Аштық жолы»

1992 — Майкл Ондатже, «Ағылшын пациенті», Барри Ансуорт, «Қасиетті аштық»

1993 — Родди Дойл, «Пэдди Кларк ха-ха-ха»

1994 — Джеймс Келман, «Ол соншама кешікті»

1995 — Пэт Баркер, «Елестердің жолы»

1996 — Грэм Свифт, «Соңғы тапсырмалар»

1997 — Арундати Рой, «Ұсақтықтың құдайы»

1998 — Иэн Макьюэн, «Амстердам»

1999 — Дж. М. Кутзее, «Ұятсыздық» (Кейін Нобель сыйлығын алды)

2000 — Маргарет Этвуд, «Соқыр қанішер»

2001 — Питер Кэри, «Келли тобының шынайы тарихы»

2002 — Янн Мартел, «Пидің өмірі»

2003 — Ди Би Си Пьер, «Вернон Господи Литтл»

2004 — Алан Холлингхёрст, «Сұлулық желісі»

2005 — Джон Бэнвилл, «Теңіз»

2006 — Киран Десаи, «Тоналғандардың мұрасы»

2007 — Энн Энрайт, «Жинақ»

2008 — Аравинд Адига, «Ақ жолбарыс»

2009 — Хилари Мэнтл, «Вулф Холл»

2010 — Говард Джейкобсон, «Финклердің сауалы»

2011 — Джулиан Барнс, «Ақыретті сезіну»

Халықаралық Букер сыйлығы:

2005 жылы тағайындалып екі жылда бір рет беріліп тұрады. Бұл сыйлықты шығармасы ағылшын тіліне аударылған кез-кез келген халықтың ойы озық жазушысының алуға мүмкіндігі бар. Көлемі – 60 000 фунт стерлинг (Шамамен – 118 000 доллар).

Лауреаттары:

Исмаил Кадаре, Албания (2005)

Чинуа Ачебе, Нигерия (2007)

Элис Манро, Канада (2009)

Филип Рот, АҚШ (2011)

Гете сыйлығы:

Немістің, кейінгі жылдары халықаралық әдеби сыйлық. Ганзей одағының Гете сыйлығымен шатастырмайық. 1927 жылдан бастап Гетенің туған күніне орай 28 тамызда әлемдегі танымал тұлғалар, оның ішінде жазушылар да марапатталады. 1949 жылға дейін жыл сайын, содан кейін үш жылда бір рет берілетін болды. Сыйлықтың көлемі – 50 000 еуро.

Алғашқы лауреттарының қатарында мынандай белгілі тұлғалар болды:

1927 — Стефан Георге

1928 — Альберт Швейцер (Кейін Нобель сыйлығын алды)

1930 — Зигмунд Фрейд

1932 — Герхардт Гауптман (1912 жылы Нобель сыйлығын алған неміс жазушысы)

Соңғы он жылдың ішінде Гете сыйлығымен марапатталғандар:

1991 — Вислава Шимборская (1996 жылы Нобель сыйлығын алды)

1994 — Эрнст Гомбрих

2002 — Марсель Райх-Раницкий

2005 — Амос Оз

Неміс кітап саудагерлерінің Бейбітшілік сыйлығы:

Халықтар арасындағы өзара түсінушілікті орнатуға ықпал еткен әдебиет, ғылым және өнер қайраткерлері жыл сайын марапатталады. 1949 жылы тағайындалған. Көлемі 25 000 еуро тұратын бұл сыйлықты неміс кітап саудагерлерінің одағы Франкфурттағы кітап жәрмеңкесі кезінде табыс етеді.

Алғашқы лауреаттарының қатарындағы белгілі тұлғалар:

1951 — Альберт Швейцер

1952 — Романо Гвардини

1953 — Мартин Бубер

1955 — Герман Гессе (1946 жылы Нобель сыйлығын иеленген жазушы)

1958 — Карл Ясперс

Соңғы он жылдың ішінде сыйлықты алғандар:

1992 — Амос Оз

1994 — Хорхе Семпрун

1996 — Марио Варгас Льоса (2010 жылы Нобель сыйлығын алды)

1997 — Яшар Кемаль

1998 — Мартин Вальзер

2000 — Ассия Джебар

2001 — Юрген Хабермас

2002 — Чинуа Ачебе

2003 — Сьюзен Зонтаг

2004 — Петер Эстерхази

2005 — Орхан Памук (Кейін Нобель сыйлығын иеленді)

2006 — Вольф Лепенис,

2007 — Саул Фридлендер

Нейштад әдеби сыйлығы:

Әдебиет саласындағы қол жеткізген жетістігі үшін берілетін халықаралық сыйлық. 1969 жылдан бастап екі жылда бір рет беріліп тұрады. Демеушісі – Оклохома универсиететі. Сыйлықпен марапатталғандар:

1970 – Джузеппе Унгаретти

1972 – Габриэль Гарсиа Маркес (Нобель сыйлығын алды)

1974 – Франсис Понж

1976 – Элизабет Бишоп

1978 – Чеслав Милош (Екі жылдан соң 1980 жылы Нобель сыйлығын алды)

1980 – Йозеф Шкворецкий

1982 – Октавио Пас (Нобель сыйлығын алды)

1984 –Пааво Хаавикко

1986 – Макс Фриш

1988 – Раджа Рао

1990 – Томас Транстрёмер (Нобель сыйлығын алды)

1992 - Жоан Кабрал ди Мелу Нету

1994 – Эдвард Камау Брейтуэйт

1996 – Ассия Джебар

1998 – Нуруддин Фарах

2000 – Дейвид Малуф

2002 – Альваро Мутис

2004 – Адам Загаевский

2006 – Кларибель Алегрия

Астурийс ханзадасының сыйлығы:

1981 жылдан бері жыл сайын беріліп тұрады. Демеушісі Астурийс ханзадасының қоры. Сыйлықпен марапатталғандар:

1981 — Хосе Йерро

1982 — Мигель Делибес

1983 — Хуан Рульфо

1986 — Марио Варгас Льоса (Нобель сыйлығын алды)

1987 — Камило Хосе Села

1988 — Хосе Анхель Валенте

1992 — Франсиско Ньева

1994 — Карлос Фуэнтес

1999 — Гюнтер Грасс (Нобель сыйлығын алды)

2000 — Аугусто Монтерросо

2001 — Дорис Лессинг (Нобель сыйлығын алды)

2002 — Артур Миллер

2003 — Сьюзен Зонтаг

2004 — Клаудио Магрис

2005 — Нелида Пиньон

2006 — Пол Остер

2007 — Амос Оз

«Мигель де Сервантес» атындағы сыйлық

Испан тілінде жазатын қаламгерлерге беріледі. Үміткерлердің тізімін испан тілді елдердің академиясы ұсынады. Сыйлықтың көлемі – 90 000 еуро. Бұл сыйлықты алғандардың кейіреуіне кейін Нобель сыйлығы бұйырды.

Сыйлыққа ие болғандар:

1976 Хорхе Гильен (Испания)

1977 Алехо Карпентьер (Куба)

1978 Дамасо Алонсо (Испания)

1979 Хорхе Луис Борхес (Аргентина)

1980 Хуан Карлос Онетти (Уругвай)

1981 Октавио Пас (Мексика) (Нобель сыйлығын алды)

1983 Рафаэль Альберти (Испания)

1984 Эрнесто Сабато (Аргентина)

1986 Антонио Буэро Вальехо (Испания)

1987 Карлос Фуэнтес (Мексика)

1988 Мария Самбрано (Испания)

1989 Аугусто Роа Бастос (Парагвай)

1990 Адольфо Бьой Касарес (Аргентина)

1993 Мигель Делибес (Испания)

1994 Марио Варгас Льоса (Перу) (Нобель сыйлығын алды)

1995 Камило Хосе Села (Испания)

1997 Гильермо Кабрера Инфанте (Куба)

1999 Хорхе Эдвардс (Чили)

2000 Франсиско Умбраль (Испания)

2003 Гонсало Рохас (Чили)

2005 Серхио Питоль (Мексика)

2006 Антонио Гамонеда (Испания)

«Оранж» әдеби сыйлығы:

Бұл сыйлық тек әйелдерге ағылшын тілінде жазылған шығармасы үшін беріледі. Шығарма сыйлыққа ұсынылардан бір жыл бұрын Ангияда басылып шығуы тиіс. Сыйлық 1996 жылы тағайындалған. Демеушісі аты-жөнін жарнамаламауды жөн көрді. Жеңімпазға 50 000 фунт стерлинг пен Гриэль Найванның қолынан шыққан «Bessie» қола мүсіні табыс етіледі.

Сыйлықтың иегерлері:

1996 - Хелен Дунморе

1997 - Анна Мишелс

1998 - Карл Шелдс

1999 - Сюзанна Берн

2000 - Линда Грант

2001 - Кейт Гренвил

2002 - Aнн Патшет

2003 - Валериа Мартин

2004 - Андреа Леви

2005 - Лионел Шифер

2006 - Зэйди Смит

Иерусалим сыйлығы:

Жеке адамдардың бостандығын қорғаған шығармаларға берілетін әдеби сыйлық. 1963 жылдан бастап Иерусалимдегі халықаралық кітап жәрмеңкесінде екі жылда бір рет беріліп тұрады. Бұл сыйлықты алған кейбір жазушылар кейін Нобель сыйлығына қол жеткізді.

Сыйлықтың лауреаттары:

1963 — Бертран Рассел

1965 — Макс Фриш

1967 — Андре Шварц-Барт

1969 — Игнацио Силоне

1971 — Хорхе Луис Борхес

1973 — Эжен Ионеско

1975 — Симона де Бовуар

1977 — Октавио Пас (Нобель сыйлығын алды)

1979 — Исайя Берлин

1981 — Грэм Грин

1983 — В. С.Найпол (Нобель сыйлығын алды)

1985 — Милан Кундера

1987 — Дж. М.Кутзее (Нобель сыйлығын алды)

1989 — Эрнесто Сабато

1991 — Збигнев Херберт

1993 — Cтефан Гейм

1995 — Марио Варгас Льоса (Нобель сыйлығын алды)

1997 — Хорхе Семпрун

1999 — Дон Делилло

2001 — Сьюзен Зонтаг

2003 — Артур Миллер

2005 — Антонио Лобо Антунеш

2007 — Лешек Колаковский

Алтын тәж:

Жыл сайынғы «Струждағы поэзия кеші» фестивалінің сыйлығы. 1966 жылдан беріліп келе жатқан бұл сыйлықты алған да қазақ ақыны жоқ. Сыйлықты алған ақындардың кейбіреуі кейін Нобель сыйлығына ие болды. Сыйлықтың лауреаттары:

1966 — Роберт Рождественский (КСРО)

1967 — Булат Окуджава (КСРО)

1968 — Ласло Надь (Венгрия)

1969 — Мак Диздар (Югославия)

1970 — Миодраг Павлович (Югославия)

1971 — Уистан Хью Оден (АҚШ)

1972 — Пабло Неруда (Чили)

1973 — Эудженио Монтале (Италия)

1974 — Фазыл Хюсню Дагларджа (Турция)

1975 — Леопольд Седар Сенгор (Сенегал)

1976 — Эжен Гийвик (Франция)

1977 — Артур Лундквист (Швеция)

1978 — Рафаэль Альберти (Испания)

1979 — Мирослав Крлежа (Югославия)

1980 — Ханс Магнус Энценсбергер (ФРГ)

1981 — Блаже Конески (Югославия)

1982 — Никита Станеску (Румыния)

1983 — Агьея (Индия)

1984 — Андрей Вознесенский (КСРО)

1985 — Янис Рицос (Греция)

1986 — Аллен Гинзберг (АҚШ)

1987 — Тадеуш Ружевич (Польша)

1988 — Десанка Максимович (Югославия)

1989 — Томас Шапкотт (Австралия)

1990 — Хусто Хорхе Падрон (Испания)

1991 — Иосиф Бродский (АҚШ) (Нобель сыйлығын алды)

1992 — Ференц Юхас (Венгрия)

1993 — Геннадий Айги (Ресей)

1994 — Тед Хьюз (Ұлыбритания)

1995 — Иегуда Амихай (Израиль)

1996 — Макото Оока (Жапония)

1997 — Адонис (Сирия)

1998 — Лу Хуан (Қытай)

1999 — Ив Бонфуа (Франция)

2000 — Эдоардо Сангвинетти (Италия)

2001 — Шимус Хини (Ирландия)

2002 — Славко Михалич (Хорватия)

2003 — Томас Транстрёмер (Швеция) (Нобель сыйлығын алды)

2004 — Васко Граса Моура (Португалия)

2005 — Уильям С. Мервин (АҚШ)

2006 — Нэнси Морехон (Куба)

Виленицы әдеби сыйлығы:

Триестаның маңында, батыс Словенияда Халықаралық әдеби фестивальде Шығыс және Батыс Еуропаның озық ойлы қаламгерлеріне жыл сайын табыс етілетін сыйлық. Құрылтайшысы Словения Жазушылар одағы. 1986 жылы тағайындалған бұл сыйлықты төмендегі жазушылар иеленді.

1986 – Фульвио Томицца (Италия)

1987 – Петер Хандке (Австрия)

1988 – Петер Эстерхази (Венгрия)

1989 – Ян Скацел (Чехия)

1990 – Томас Венцлова (Литва, АҚШ)

1991 – Збигнев Херберт (Польша)

1992 – Милан Кундера (Чехия, Франция)

1993 – Либуше Моникова (Чехия, ФРГ)

1995 – Адольф Мушг (Швейцария)

1996 – Адам Загаевский (Польша)

1998 – Петер Надаш (Венгрия)

1999 – Эрика Педретти (Швейцария)

2001 – Ян Каплинский (Эстония)

2002 – Ана Бландиана (Румыния)

2005 – Ильма Ракуза (Швейцария)

2007 – Горан Стефановский (Македония)

Петрарка сыйлығы:

Үздік жазушылар мен аудармашыларға арналған халықаралық әдеби сыйлық. 1975 жылдан бастап 1995 жылға дейін беріліп келді.

Лауреаттары:

1975 — Рольф Дитер Бринкман, 1976 — Сара Кирш пен Эрнст Майстер, 1977 — Херберт Ахтернбуш, 1978 — Альфред Коллерич, 1979 — Збигнев Херберт, 1980 — Людвиг Холь, 1981 — Тумас Транстремер, (Кейін Нобель сыйлығын иеленді) 1982 — Ильзе Айхингер, 1983 — Герхард Майер, 1984 — Густа Янус, 1987 — Герман Ленц, 1988 — Филипп Жакоте, 1989 — Ян Скацел, 1990 — Пуль Вюр, 1991 — Джон Бергер, 1992 — Майкл Хамбургер, 1993 — Геннадий Айги, 1994 — Хельмут Фербер, 1995 — Лес Маррей.

Бұл сыйлықты — Феликс Филипп Ингольд, Ильма Ракуза сияқты аудармашылар да алды.

Кафка сыйлығы:

Халықаралық әдеби сыйлық. 2001 жылдан бастап беріліп келеді. Демеушісі Франц Кафка қоры мен Прага қаласы.

Лауреаттары:

2001 — Филип Рот, 2002 — Иван Клима, 2003 — Петер Надаш, 2004 — Эльфрида Елинек, (Кейін Нобель сыйлығын алды) 2005 — Гарольд Пинтер, (Кейін Нобель сыйлығын алды) 2006 — Харуки Мураками, 2007 — Ив Бонфуа

Чино дель Дука сыйлығы:

1969 жылы француз кәсіпкері Чино дель Дуканың құрметіне орай оның жесірі Симона дель Дуканың тағайындаған халықаралық әдеби сыйлығы. Әлемдегі гумманизмді насихаттаған шығармаларға беріледі. Сыйлықтың көлемі – 250 000 еуро.

Лауреаттары:

1969 — Конрад Лоренц, 1970 — Жан Ануй, 1971 — Игнацио Силоне, 1973 — Жан Геенно, 1974 — Андрей Сахаров, 1975 — Алехо Карпентьер, 1976 — Льюис Мэмфорд, 1978 — Леопольд Седар Сенгор, 1980 — Хорхе Луис Борхес, 1981 — Эрнст Юнгер, 1982 — Яшар Кемаль, 1984 — Жорж Дюмезиль, 1985 — Уильям Стайрон, 1990 — Жоржи Амаду, 1992 — Исмаил Кадаре, 1995 — Ив Бонфуа, 1997 — Вацлав Гавел, 2002 — Франсуа Нурисье, 2005 — Жан Клер; Паскаль Дюсапен.

2011 жылдың 20 желтоқсаны:

Шұғыл шаруалармен Алматыға барып қайттым. Қайтар жолда поезда суық тиіп ауырып қалдым. Жазыла алмай жүрмін. Бүгін жұмысқа шықтым. Тұмауратып, мереке күндері сыртқа шыға алмадым.

Үйде жатып Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романының бірінші томын бас алмай оқып шықтым. Баяғыда студент кезімде, ұлы қаламгердің «Собор Парижской Богоматери» деп аталатын романын сүйсініп оқып, бір сиқырлы сезімді басымнан кешкенмін. Ақындық шабытпен жазылған әйгілі шығармадағы құбыжық Квазимоданың бейнесі әлі күнге көз алдымда. Есімнен кетпейді.

Француздар үшін Гюго ең әуелі - ұлтының ұлы ақыны. Міне сондықтан олар Гюгоның прозалық туындыларынан гөрі поэзиясын жоғары қояды. Ерекше бағалайды. Дегенмен Гюгоның прозасы да осал емес. Сезіміңді баурап алады, ақындық шабытпен жазылған ұлы дастандардай делебеңді қоздырады. Ондағы қоңыр әуенмен жырланған адамға деген махаббаттың құдіреті қандай күшті еді, езілген жұрттың жүрегін елжірететін аяушылық сезімнің сәулесі қандай жылы еді, бауырмалдық пен мейірімділік ағысының тасқыны қандай алапат еді... Өз дәуіріндегі қорғансыз халықтың қамқоршысы бола білген Гюгоның есімі адамгершілік мұратты жырлаған ұлы жазушылар Диккенс, Толстой және Достоевскийдің қатарында тұруға әбден лайық. Шығармашылық өмірін қорытындылай келіп, өлерінің алдында Виктор Гюго былай деп жазған болатын: «Мен өзімнің кітаптарымда, драмаларымда, қара сөз бен өлеңдерімде езілгендер мен қорланғандарды қорғадым. Сайқымазақтың, қызметшінің, айдаудағы адамның, жезөкшенің құқын қалпына келтірдім».

Гюгоның «Аласталғандар» романы маған ерекше әсер етті. Жан-Валжан мен Фантинаның асқан шеберлікпен сомдалған көркемдік бейнесі – жүрегімді адамгершілік шуағының жарығымен жылытқандай болды. Гюго шығармаларының орыстың ұлы жазушылары Достоевский мен Толстойға қатты ықпал еткенін әдебиет тарихынан білемін. Екеуі де күнделіктерінде Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романын адамгершілікті жырлаған ұлы туынды ретінде атап өтіп, жоғары баға берген. Кейін Достоевский («Қылмыс пен зауалдағы» Соня Мармеладова) мен Толстой («Арылудағы «Катерина Маслова) өз романдарында жезөкше Фантинаның бейнесін асқан шеберлікпен дамытты. Қызын құтқару үшін амалсыздан тәнін сатуға мәжбүр болған Фантинаның жан дүниесі қандай сұлу еді. Он тоғыз жыл түрмеде отырып шықса да адамгершілік қасиетін жоғалтпаған Жан-Валжанның жүрегінің кіршіксіз тазалығына еріксіз сүйсінесің. «Аласталғандар» туралы ойымды романды соңына дейін, яғни әлі екі кітабын оқып шыққан соң толықтырармын...

Тәуелсіздік мерекесі күнгі көңіл-күйімді Жаңаөзен қаласында болған көтеріліс бұзып жіберді. Жантүршігерлік оқиға қатты қобалжытып, жүрегімді ауыртты. Қаланың мерекелік алаңында көтеріліс болып, жаппай тәртіпсіздік орын алып, 14 адам қаза тауыпты. Бейресми деректерге сүйенсек, қаза тапқандардың саны одан әлдеқайда көп. Қазақстандағы ақпарат құралдары Республиканың бас прокуроры мәліметіне сүйеніп оннан астам адамның қаза тапқанын хабарласа, кейбір Ресей ақпарат көздері 70 адам опат болып, 500 адам жараланды деген деректер таратты. Қайсысының ақпарына сенеріңді білмейсің. Кейбір дерек көздерінде Ақтау қаласына ондаған самолетпен 1500-ге жуық ішкі әскери күштердің жеткізілгені айтылыпты.

Демалыс күндерім Жаңаөзендегі ахуалға алаңдап, қайта-қайта интернетті қараумен өтті. Ресми ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге өз басым аса сенбеймін. Олар біржақты ақпарат беріп, бәрін бұзақыларға жауып, халықты жазғырып жатыр. Теледидардан сөйлеген зиялыларымыздың бірде-біреуі халықты қорғамады. Бәрі шетінен биліктің тапсырмасын орындап, үлкен кісіге құлдық ұрып жатты. Ең құрығында үндемей қалуға болатын еді ғой оларға. Мұндай жағдайда шындықты айта алмасаң, үндемей қалудың өзі –сенің азаматтық позицияң болып табылады емес пе. Зиялысымақтарымыздың теледидардан сөйлеген сөздері жүрегімді айнытты. Осымен қазақ зиялылары екінші рет өз ұлтына опасыздық жасап, сатып кетті. Ұлтқа болыса алмау да – сатқындық. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай бәрінің айтатыны бір-ақ әңгіме: «Масқара болдық. Тәуелсіздік күні мұндай оқиғаның орын алғаны ұят болды т.с.с». Зиялысымақтарымыздан жиіркеніп кеттім.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы есіме түсті. Сол уақыттағы жағдай қаз-қалпында қайталанды. Сатқындар, ар-ұяттан жұрдай опасыздар биліктің жағына шықты. Қолшоқпарына айналды.

Амал нешік, тағы да көздері жәудіреп қазақ байғұстар сорлады. Қаза тапқандардың басым көпшілігі жастар. Арасында 1995 жылы туған Көшеров Рахат есімді он екіде бір гүлі ашылмаған уыздай жас жігіт те бар екен.

Обал-ай! Жүрегім ауырып, екі күн бойы жөндеп ұйықтай алмадым. Сорлап қалған қазақтарға қалай көмектесуге болады. Опасыз билік, енді оларды аямайды-ау, аямайды! Биліктің халықты қаралап жатқан түрі жаман. Қазақты сорлатқан жамандықтың ақыры отыз жетінші жылғыдай қанды репрессияға ұласып кетпесе екен. Енді билік бәрін «бұзақыларға» жауып, көтеріліске қатысқан жастарды аяусыз жазалайтын шығар. Сосын ол байғұстардың өмірі не болады? Сорлап қалған жастарды ойласам, қабырғам қайысып, жүрегім қан жылайды. Көңілім көрдей суыйды. Шошимын.

Биліктің көтерісшілерге оқ атқаны сорақылық, тіпті халыққа жасалған қастандық болды.

Тәуелсіз ақпарат тарататын интернет-сайттар ашылмай қалды. Азаттық сайтын аша алмай қойдым. Шамасы ондай ақпарат көздерінің жолы бөгеліп тасталған шығар. Бүгін-ертеңдері Жаңаөзен қаласында опат болған қазақтың өрімдей жігіттерін жерлейді.

Аянышты көрініс. Қаншама ана ботадай боздап қалды. Қаншама шаңырақ қара жамылды. Қаншама отбасы баласын, інісін, ағасын, азаматын жоқтап, зар илеп жатыр. Дүниенің бүкіл байлығы адамның орнын толтыра алмайды ғой. Бәрінен бұрын ең жаныңа бататыны, қаншама адамның жүрегі қан жоса болып жараланды. Енді ол сыздаған жараның орны таяу жылдары жазыла қоймас. Жаңаөзен қаласындағыдай әділетсіздіктер жалғаса берсе, қантөгіске алып келген мұндай көтерілістер басқа аймақтарда да қайталануы ықтимал. Ондай қанды қырғын оқиғаға жол бермеу үшін – ендігі уақытта ресми билік халықтың мұңы мен зарына құлақ асуы тиіс. Халықты емес, билікті жауапқа тарту қажет. Билікті! Алаңға шыққан жастарды емес, осы оқиғаға жол берген лауазымы жоғары шенеуніктерді жазалау керек. Шенеуніктерді!

Ең алдымен бірнеше айлар бойы наразылық білдірген мұнайшылардың зарына құлақ аспаған, оларды адам санамаған үкімет отставкаға кетуі тиіс. Әйтпесе Жаңаөзен оқиғасынан да асып түсетін көтерілістер бұрқ ете қалуы әбден ықтимал.

Болар, іс болды. Егер биліктің басында тауықтың миындай ми қалса, енді оның себебін анықтағаннан гөрі, салдарымен күресуі керек. Ол үшін мемлекеттік комиссия құрып, өндіріс орнындағы жұмысшылардың талабын қанағаттандырудың жолын ойластыруы ләзім.

Жаңаөзен оқиғасы – ұлттық трагедия. Келешекте қазақ халқы 16 желтоқсанды тәуелсіздік мерекесі емес, ұлтымыздың қаралы күні ретінде атап өтетін болады, әлі.

2011 жылдың 21 желтоқсаны

Жаңаөзендегі қаны төгілген жастардың аруағы – маған маза берер емес. Түні бойы көз ілмей шықтым. Қорғансыз халыққа араша түскен Хасен Қожа Ахмет нағыз батыр екен. Азаттық радиосының сайтынан оның батыл-батыл сөйлеген сөздерін естіп, риза болдым.

Қазақстан Жазушылар одағында осыған байланысты бір жиынның өткенін де Азаттықтың сайтынан оқыдым. Масқара! Жиынға келген ақын-жазушылардың ешқайсысы да «халыққа неге оқ атылды?» деген сауалды қоймапты. Халқымыздың алдында тағы да қара бет болдық. Табаламаймын, жаным ашиды ол байғұстарға.

Тәуекел! Мына сұмдыққа төзе алатын емеспін. Жаңаөзен туралы шындықты айтып, жанайқайымды білдіріп, мақала жазуға бел будым. Әйтпесе ұлттың алдында ұятқа қалатын түріміз бар.

Менің батыр інілерім мен қайсар қарындастарымның қаны төгіліп жатқанда үндемей қалуым – азаматтығыма сын емес пе? Көп болса халықты сатып кеткен ағаларым тулап, маған өкпелер. Бірақ менің ойымша сатқындықты жасырып, үндемей қалудың өзі –сатқындық. Бауырларым қырылып жатқанда әділдікке араша түсе алмасам, жер басып жүрмей-ақ қойғаным артық, мына жалғанда.

2011 жылдың 23 желтоқсаны

Азаттық радиосының сайтынан Мұхтар Мағауиннің мақаласын жүрегім елжіреп, көңілім толқып бірнеше мәрте оқып шықтым. Құдайға шүкір, рухымыз тірі екен. Әйтеуір, бір ақсақал жазушымыз халқына араша түсті. Әйтпесе, мүлде ұятқа қалар едік.

«Жаңаөзен факторы» деген мақаламды жазып бітірдім. Үстінен бір қарап шығып «Жас алашқа» бермекшімін. Өкінішке қарай «Жас Алаш» енді тек 27 желтоқсан күні шығады. Менің мақаламды баса алатын басқа газет болмай тұр. Интернетке жарияласам, қарапайым халық оны оқи алмайды.

2011 жылдың 27 желтоқсаны

Мақалам «Жас Алашта» жарық көрді. Жұрттың бәрі хабарласып ризашылығын білдіріп жатыр. Сағат 12 кезінде Әмірхан Меңдеке телефон шалып маған алғысын жаудырып, таң атпастан редакцияға хабарласып жатқан адамдардың сәлемін жеткізді. Адайдың жасы сексеннен асқан шалы редакцияға арнайы келіп, менің мақаламды мақтап, рахметін айтып, көзінің жасын көлдетіп еңіреп жылапты. Көңілім толқып кетті. Жазушыға халықтың махаббатына бөленгеннен артық қандай құрмет керек.

2011 жылдың 30 желтоқсаны

Тағы да бір жылдың парағы жабылғалы тұр. Өткен жылға назар салсам жақсылықтар көп болыпты, жанымды ауыртқан жаманаттар да бар екен. Әдебиет үшін аз тер төкпеппін. Мұқағалидың шығармашылығы туралы тұтас бір кітап жаздым. Еңбегім еленіп, биыл Мұқағали сыйлығын алдым.

Францияның әйгілі қаламгері, Нобель сыйлығының иегері Ромен Ролланның «Толстойдың өмірі» деп аталатын еңбегін қазақ тіліне аудардым.

Жылдың соңындағы Жаңаөзендегі халыққа атылған оқ менің жанымды да жаралап кеткендей болды. Полицейлер халықты жауды қырғандай, қуып жүріп атып өлтіріпті. Жүрегің ауырады. Не деген сұмдық?

«Жаңаөзен факторы» деген мақаланы жазғаным үшін еш өкінбеймін. Ұлтыма оқ атылғанда, оған қарсы шығып, жүрегімді тосып, халқыма қорған бола білдім. Ұлтын сатқан қара тобырдың соңынан ілесіп кеткен жоқпын.

О, мейірімі мол Алла-тағала! Енді мұндай қанды қырғынның бетін аулақ қыл Отанымнан. Елімізде тек тыныштық болсын! Онсыз да саны аз қазақтар қырылмасын, өз елінде, өз жерінде.

Алдағы жылда тек жақсылықтар болсын! Құдіреті күшті Алла, қорғансыз қазағымды сақтай гөр! Жылап тұрып, сенен сұрайтын жалғыз өтінішім – осы ғана. Аумин!

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар