Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
20 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ.

20.07.2017 1157

20 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ.

Дүниеге келгендер

Ақындар:

1304 жылы итальян ақыны, қайта өркендеу дәуірінің гуманистік мәдениетінің негізін салушы ПЕТРАРКА Франческо дүниеге келді. Франческоның лирикалық туындылары еуропалық поэзияның дамуына зор әсер етті. Латын тілінде жазылған «Дүниенің келеңсіздігі туралы» философиялық трактатында, «Ұрпаққа хат» атты өмірбаяндық шығармасында ізгілікті жақтап, әйелдер теңдігін мадақтады. Оның есімімен Меркурийдегі кратер аталады.

1864 — Эрик Карлфельдт, Швеция ақыны, 1931 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты.

1886 — Михаил Леонидович Лозинский, орыс ақыны, аудармашы

1945 — Александр Мирзаян, орыс ақыны, сазгер.

1927 жылы 20 шілдеде ақын, драматург Аманжол Шамкенов Павлодар облысы, Ертіс ауданында дүниеге келді. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң 1950-1954 жылдары «Әдебиет және искусство» (қ. Жұлдыз») журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды.

1954-1956 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет министірінің репертуар жөніндегі бас редакторы болды, ал 1956-1961 жылдары Қазақ радиокомитетінде бас редактордың қызметін атқарды. 1961-1963 жылдары «Жазушы» баспасында бөлім меңгерушісі, 1963-1970 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет, кейіннен «Жазушы» баспасының орынбасары, 1970-1979 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында сын секциясының меңгерушісі, хаттау бюросының директорлық міндет атқарды.

Ақын, драматург Аманжол Шамкенов қазақ әдебиетін дамытуға зор үлес қосты. Оның қаламынан қырық жеті жыр, дастан, әңгімелер, отыздан аса пьесалар кітабы шықты. Аманжол Шамкенов «Ана туралы баллада», жас буын ауысқан сайын талмай шырқалып, мектеп әнұранына арналған «Ұстазым, менің ұстазым» атты атақты әндердің өлеңін жазған.

А.Шамкеновтың тұңғыш жинағы «Студент сыры» деген атпен 1951 жылы шықты. 40 шақты кітабы жарық көрген. «Табамын сені», «Сен жалғыз емессің», «Уәкілдер», «Майор Майданов» атты актілі пьесалары сахнада қойылған. Пушкиннің, Лермонтовтың, Хикметтің, Есениннің, Исаковскийдің, Бажанның, Құлиевтің бірқатар өлеңдерін, Г.Тушканның «Жора» романын, Н.Хикметтің «Әпенде», М.Шатровтың «Большевиктер», В.Розовтың «Өмір жолдары» атты пьесасын қазақ тіліне аударды. Оның аудармасында немістің ұлы ақыны Г.Гейненің лирикасы жеке кітап болып шықты.

Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

1934 жылы 20 шілдеде филология ғылымдарының докторы, профессор Махмұд Абдрахманов Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ташкенсаз ауылында дүниеге келген. 1958 жылы қазақ мемлекеттік университетінің филологя факултетін бітірген. ұйғыр тіліндегі «Коммунизм туғи» газетінде әдеби қызметкер, Қазақ КСР ғылым академясының ұйғыртану бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. 1983 жылдан бастап Абай атындағы қазақ ұлттық педогогикалық университетінде ұстаздық етіп, абырой биігінен көріне білді.

Ол қазақстан ұйғыр әдебиеті-тарихы және орта мектепке арналған әдебиет бағдарламаларының және оқулықтарының авторы. Оның ұйғыр, қазақ және орыс тілдерінде әр түрлі басылымдарда жаряланған 200-ден астам мақалаларында ұйғыр ақын-жазушыларының шығармашылық жолы, ұлт әдебиетінің даму ерекшеліктері, әдеби байланыстар зерделенген.

Бірнеше өлеңдер жинағының авторы. Ол Абай, Пушкин, Р.Ғамзатов, Х.Ерғалиев, Қ.Мырза-әлі, Т.Молдағлиев, тағы да басқа ақындардың өлеңдерін ұйғыр тіліне сәтті аударған. Өз өлеңдері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұйғыр әдебиеті тарихы авторларының бірі 79 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Сонымен қатар, бүгін қазіргі қазақ поэзиясын тың арнаға бұрып, өлең техникасы мен методикасына, көркемдік әлеміне ерекше жаңалық әкеліп жүрген, құбылысқа айналған ақындарымыздың бірі - Тыныштықбек Әбдікәкімұлының туған күні. Ақын Абай туған топырақта 1953 жылы 20 шілдеде дүниеге келген.

1994 жылы Семей педагогика институтының филология факультетін бітірген. «Абай ауылы» газетінде, Абай мұражайында жұмыс істеген. «Ақшам хаттары», «Рауан», «Қас Сақ Аңқымасы» атты кітаптарының авторы. 1993-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Семей бөлімшесінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жазушылар Одағы ұйымдастырған ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. «Ақшам хаттар» (1990), «Рауан» (2000) жыр жинақтарының авторы. 2001 жылы «Елорда» баспасынан «Қас Сақ Аңқымасы» атты философиялық еңбегі шықты.

Жүкел ХАМАЙ, ақын, аудармашы:

(Тыныштықбек поэзиясына толғау)

«Бір сөзбен Тыныштықбекті XX ғасырдың соңындағы қазақтың лирикалық поэзиясының шыңы деп, түп сөзге түйін қоя салуға болады. Ақындар, қолына қалам ұстаған азаматтар бұл сөзімізді түсінеді!..»

Әуезхан ҚОДАР, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы:

(Қазақ болмысының тынысы)

«Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэзиясы жөніндегі ойларымызды қорытатын болсақ, бұл шынымен барлық қатынастарға ашық, барлық дүниеге пара пар, тең келетін поэзия. Және, ең ғажабы, онда түк пафос жоқ, қазақ жырларында жыраулар поэзиясының пафосы әлі сезіліп тұрады ғой. Ал Тыныштықбектікі күнбе күнгі тіршілікті басқа қырынан көрсете білетін ақындық. Қазіргі Батыс Еуропада метафизикаға негізделген кейбір дүниетаным сыртқары әлемнен бас тартып, күнбе күнгі өмірге тіреліп отыр ғой. Ал бірақ күнбе күнгі нәрсені мифке айналдыра алатын поэзия ол - Тыныштықбектің поэзиясы. Бірден домбыраны даңғыра қылады, оның шайтан тиегін табады, ата тегін тура Бәйтеректен таратады, сөйтіп кете береді. Соңғы кездегі қазақ поэзиясының үлкен табысы Тыныштықбектің поэзиясы деп ойлаймын. Өйткені ол - арифметикалық есепке көнбейтін, ауыз екі деңгейде айта салуға жарамайтын, әрқашанда тек түбегейлі терең зерттеуге тұратын поэзияның үлгісі»

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, жазушы.

(Күн тұтылған бір әлем жүрер іште)

«...бұл – өлеңдер, балладалар, толғаулар арқылы айшықталған замана панорамасы. Қазақ болмысының әлі бастан кешіріп үлгеріп болмаған рухани одиссеяларының кең қарымды эпопеясы. Екі мыңжылдық тоғысында тағдырын тағы сынап көрмек ұлтының әрі трагедиялық, әрі қаһармандық сағасы. Шерлі баяны. Шерменде Баяны. Өлімшілесе де, өлтіре алмаған өркеуде Баяны. Үшінші мыңжылдыққа да үміт пен күдіктің арпалысы үстінде адым салып отырған қазақ рухының кескекті тағдыры мен кесек кескіні. Барша қазақ баласының рухани драмасы. Бұған дейін қазақ поэзиясында кеңінен таралмаған тосын үлгі мен тосын сарында жазылған, үздіге оқылар үздік туынды. Бір кезде Сұлтанмахмұттың ғұмыры жетпей, Мағжанға мүмкіндік бермей, айтылмай, аршылмай қалған, көмейімізде көп тұрып, көмескі тартты ма деп күмілжіп жүрген көкейкесті сырымыздың ойда жоқта өзінен өзі ақтарыла төгілген сел нөсері. Тосын құбылыс. Төтен құбылыс.

Иә, бұл – өзек өртеген наланың жыры. Тек кешегіге ғана емес, бүгінгіге де бағышталған нала мен наз. Әлі күнге орнығып болмаған қоғамға, оңғарылып болмаған заманға нала. Ең бастысы, әлі күнге адам болып кете алмай жүрген адамға нала. Бәрімізге айтылған наз. Бәрімізді теңселете күйзелтіп, тебіренте ойландыратын шығарма.

Иә, бұл біртүрлі кітап... Тынышбек Әбдікәкімов те біртүрлі ақын. Тек талантты ғана емес... Жә, ар жағын айтпай-ақ қоя тұралық. Әлі жас қой... Әлі жазар... Әлі жарқырар... Айтарымызды айтып үлгерерміз әлі...».

Жазушылар:

1880 — Герман Кайзерлинг, неміс философы, жазушы және саяхатшы

1938 — Леонид Александрович Латынин, орыс ақыны, жазушы

​1939 жылы жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, биология ғылымының кандидаты Борис ЩЕРБАКОВ Васильевич дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен педагогикалық институтының биология факультетін бітірген. Б.Щербаков 20 жылға жуық жас натуралистердің облыстық стансысының зоологиялық үйірмесін басқарды. Сол кездері ол жас натуралистермен бірге туған өлкеге саяхат жасап жүрді. Ол жол дәптеріне жорықта көргендері мен кездескен қызықты оқиғаларды жазып отырды. Осы жазбаларынан туған табиғат жайлы суреттемелері мен әңгімелері «Жас натуралист», «Природа», «Охота и охотничье хозяйство», «Казахстанская правда», «Ленинская смена», «Рудный Алтай» газет-журналдары мен «Лик земли» жинағында жарық көрді. 1976 жылы «Жалын» баспасынан «Айлы мекеннің тұрғыны» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа табиғаттың таңғажайып көріністерін суреттейтін 20-ға жуық әңгімесі топтастырылған. Қаламгердің «Қоңыраулы өзеннің жағасында», «Күздің алтын соқпақтары», «Жасыл үй», «Таусылмас соқпақтар» атты прозалық кітаптары жарық көрген.

Дүниеден озғандар

1794 — Владимир Игнатьевич Лукин, орыс драматургы.

1816 — Гавриил Державин, орыс ақыны.

1945 — Поль Валери (р. 1871), француз ақыны.

1973 — Михаил Васильевич Исаковский, орыс ақыны.

Айтулы оқиға:

1534 — Кембриджде әлемдегі ең бірінші баспахана тiркелді.

1862 — Ойшыл, жазушы Н. Г. Чернышевский мен публицист Н. А. Серно-Соловьевич тұтқынға алынды.

Дайындаған: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар