Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бауыржан Бабажанұлы: Әділ максималист еді......

23.07.2017 6606

Бауыржан Бабажанұлы: Әділ максималист еді...

Бауыржан Бабажанұлы: Әділ максималист еді... - adebiportal.kz

Бүгін қазақтың талантты қаламгерлерінің бірі, жиырма сегіз жасында із-түссіз жоғалып кеткен Әділ Ботпановтың туған күні. Кейбір достары көркемдеп: «Әділ өз отына өзі өртеніп кетті» - деп жатады. Арынды ақынның арамыздан кеткеніне жиырма жылдай уақыт өтіпті.

«Көгіңнен түс, кел, кел маған Құдайым Сені көріп, өзімді аяп жылайын» - деп жырлаған ақынның жаңашыл поэзиясы сол кезеңді елең еткізгені жасырын емес. Әр пікірінен әдебиетке деген адалдық аңқып тұратын қаламгердің терең білімі, ізденісі прозалық шығармаларында да көрініс береді. Поэзия мен прозаны қатар алып жүрген адуынды ақынның жазбасынан еркіндік атаулыға құштарлық сезіліп тұрады.

«Жыланның жасы» деген прозалық шығармасында басты кейіпкер газет оқып отырып бір ақынның:

Жалған бізді тырнақ көзді темір тәннің ішінде

Жанарына жас сорғалар жаратқан соң жан қылып

– деген өлең жолдарын көзі шалып қалады да:

«Тым жақсы жолдар. Жалпы, мен осындай еркін, пәлсапалық жырларды ұнатамын. «Ана тілім», «Егемен елім» деген секілді өлеңдер бір түрлі жанарыма да, жаныма да әсер етпейді. Олар күні кешегі «Партия», «Күн көсем» деген тақырыппен берілетін ұзын-ырғақ одалардың жаңғырығы секілді. Менің түсінігімде өнер ұлтқа да, саясатқа да құл болмау керек. Өнер дегеніміз — өнер. Міне, бары — осы ғана» - деп пікір білдіреді.

Сен ренжіме, мәңгі өлеңнің өрнегі,
Буырқанған алапат күш мендегі.
Тегі бөлек Тәңірекең болмаса,
Менсінбейді пендені –

деп өзінің һәм өлеңнің бағасын жоғары қоятын ақынның жазбаларын жіті зерттеп, бағасын беретін уақыт жетті.

Әділ Ботпановтың шығармашылығын жинақтап, кеңінен насихаттап жүрген ақын досы Бауыржан Бабажанұлына хабарласып, бірлі-жарым сауалымызды жолдаған едік.

— Аға, армысыз! Бүгін талантты ақын Әділ Ботпановтың туған күні екенін өзіңіз таңертеңнен бері әлеуметтік желіде жазып жатырсыз. «Әдебиет порталының» атынан құттықтап, досыңыз туралы бір-екі ауыз пікіріңізді білу үшін хабарласып отырмыз...

— Рахмет. Бүгін — Әділдің туған күні. Із-түзсіз жоғалып кеткеніне биыл 20 жыл толды... Ақтөбеде Данабек деген үлкен ағасы тұрады. Сол кісі хабарласып: «Әділдің туған күнін атап өтейік, бала-шағаңды ертіп келсейші» - деген соң осында жиналып отырмыз.

— Әділдің отбасы туралы айтып берсеңіз?

Келіншегі Гүлсім — Қызылордада мектепте мұғалім. Бір ұл, бір қызы бар. Тұңғышы Меруерт былтыр тұрмысқа шықты. Ұлы Ақназар университет бітіріп, қазір Алматыда жұмыс істеп жатыр

— Ақынның прозалық шығармалары да бар екен ғой?

Иә. Бірақ прозалық шығармаларының ешқайсысы аяқталмаған. Сірә, әлсін-әлсін жазып қойып, кейін қайта айналып соғамын деп ойласа керек. Бірнеше әңгімесі, бір пьесасы бар. Пьесасының аты қойылмаған. 2012 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Өмірзая» деген кітабында бәрін сол күйінде бердік.

Бұл Әділдің тұңғыш кітабы ма?

Солай деуге де болады. Ол — 17 жасында «Қарлығаш» атты ұжымдық жинаққа өлеңдері енген ақын. Одан кейін «Сырдария кітапханасы» сериясымен Ниятолла Раманқұлов екеуінің өлеңдері бір кітап болып шықты.

...Біз оқуға түскен 1990 жылы оның «Өмірзая» атты кітабы «Жалын» баспасында жатты. Кейін жөндеймін деп баспадан алып келді де, жоғалтып алды. Қайта еске түсіріп, баспаға берем деп жүргенде тоқсаныншы жылдардағы аласапыран басталып кетті де, кітабы шықпай қалды.

1996 жылы соңғы рет кездескенімізде 35 өлеңнен тұратын кітабы шығатынын, оның қазақ әдебиетінде жаңалық болатынын айтқан. Ол кітап та шықпады...

Біз Маралтай екеуміз оның барлық дүниесін жинақтап, әзірлегесін кітаптың атын «Өмірзая» деп қоюды ұйғардық. Қалай дегенде де, өзінің қойған аты ғой...

«Қазығұрт» баспасының директоры, қазақтың белгілі ақыны Темірғали Көпбаев оны тегін шығарып берді.

Сіздің есіңізде шығар, ол студент кезінде қандай қаламгерлердің шығармасын жақсы көретін еді?

Әлем әдебиетін көп оқитын. Артюр Рембоны, Велимир Хлебниковты қатты жақсы көрді. Өзімізден Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдерін жиі парақтайтын. Есенғалиды тұшынып оқып жүрді. Байқасаң, өлеңдерінде осы екеуінің ықпалы бар.

Ауыз әдебиетіне жиі үңілетін. Бала кезінде өлеңді батырлар жырына ұқсатып дастан жазудан бастапты. Бірінші курста бір әңгіме үстінде «Азғантай қарақалпақтың жиырма бір томдық фольклоры бар, біз бай мұрамызды әлі жинақтай алмай жүрміз» - деп едім, соған қатты құлады. Қысқы каникулда елге барғанда, әлгі 21 томдықты әкеліп бердім. Оқып шыққасын жоғалтып алудан қорқып, Мәди ағасының (Қайыңбаев — ред.) үйіне апарып тастағаны есімде қалыпты.

— Әділ Ботпановтың «Жыланның жасы» деген прозалық дүниесін оқып отырсам, қазақ әдебиетіне көңілі толмайтындай әсер береді...

— Максималист еді. Біз мақтап жүрген талай ақын-жазушыны ол сілейтіп салатын. «Біздің әдебиетіміз мүлде басқа бағытқа қарай өзгеру керек...» дейтін. Өзі де түрлі эксперименттерге барды. Кітабын әзірлегенде қолжазбасын қарап отырып, оның басқа бір кеңістік іздеп, әбден аласұрғанын көрдім.

— Оның поэзиясын сол кезде аға буын өкілдері мойындады ма?

Иә. «Жалын» журналында жарияланған топтама өлеңіне Ұлықбек Есдәулет алғысөз жазды. Жаңылыспасам, Байбота Серікбайұлы оның өлеңдерінің «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енуіне ықпал еткен. Жарасқан ағаның да ықыласы құлағаны сондай, біздің жатақханаға бірнеше рет іздеп келді. Кеңшілік Мырзабековтің өзіне Бабыр туралы поэма жаз деп кеңес бергенін мақтанышпен айтатын. Мәди Қайыңбаевтың үйіне жиі барып тұрды. Осының бәрі қамқорлық емес пе?

Әңгімеңізге көп рахмет!

Оқырман назарына Әділ Ботпановтың еш жерде жарияланбаған пьесасын ұсынамыз. Пьеса аяқталмаған, атауы да жоқ. Талғампаз қаламгердің не айтқысы келгенін, қорытынды ойын саралауды төреші оқырманның өз еншісіне қалдырдық.

І бөлім

Сапардың шеберханасы. Көкпеңбек түтін. Қабырғада картиналар. Қураған бас (жылқынікі). Ортада мольберт. Бір бұрышта — таныс диван, жанында стол, орындықтар. Оны жағалай 5 адам отыр. Біреуі — ақын, қалғаны — суретшілер.

І суретші: Сапар, мынау — шедевр!

ІІ суретші: Иә, иә, шедевр! Сен енді қорықпай өле беруіңе болады. Сен өзіңнің ең басты дүниеңді жасадың.

І суретші: Біз сенің қасыңда дәп-қауызға жарымай жүрген бейшара құмырсқамыз.

ІІІ суретші: Жә, жә, жігіттер. Сәл төмен түсіңдер.

ІІ суретші: Сен не, бізді өтірік мақтап отыр демексің бе? Бәлкім, сен бізді Сапардың берген арағын ақтау үшін көкіп отырған көкмылжың дерсің.

Ақын: Жігіттер, жігіттер мәселе мақтауда емес, мәселе суреттің кемшілігін айтуда ғой.

І суретші: Ал бұл суреттің ешқандай кемшілігі жоқ. Бұл — шедевр. Ұқтың ба?

ІІІ суретші: Дегенмен, бірдеңе жетісіңкіремей тұрған секілді. Бір ғана нәрсе.

ІІ суретші: Білгіш болсаң айта қойшы.

Сапар: Иә, айтшы. Мен сендерді сол үшін шақырып отырмын ғой.

Ақын: Білесің бе, Сапар. Сенің суретіңде бәрі ойға, ақылға бағынып тұрған секілді. Мұнда азғана ақымақтық, яғни сезім жетіспейді.

ІІ суретші: (масаң дауыспен) Сезімшілін қара мұның. Ақындар неге қатынқұмар болады десем...

Сапар: Тоқтай тұршы, айтып болсын.

Ақын: (ІІ суретшіге қарап) Сен, ренжіме, мен ойымды айтып болайын. (Сапардың тізесіне қолын қойып) Сапар сен ақылыңа тым көп бағынасың. Бәлкім, бұл сенің мықтылығың шығар.

І суретші: Иә, иә, Сапардың мықтылығы — ақылында. Біз оны түсіне алмаймыз. (Саусағын ақынға шошайтып) Ал сен вообще сезбейсің.

Ақын: (І суретшіге көңіл аудармай, Сапарға қарап) Иә, бұл сенің, тіпті, ұлылығың болуы да мүмкін. Бірақ адамдар кез келген ойдан ойсыздықты, ақылдан ақымақтықты күтеді ғой. Сондықтан да сен сәл сезімге берілуің қажет. Өйткені таза ақыл — Тәңірдің ғана үлесі. Ал пенде байғұсқа ақылмен қоса ақымақтық берілген.

ІІ суретші: Пах, пах, сабаздың сөйлеуін-ай. Ожаудай сапырады, ә... Ха-ха-ха, жігіттер (ақынға саусағын шошайтып) мынаның кім екенін білесіңдер ме? Мынау — ожау!

ІІІ суретші: Тоқтаңдаршы, меніңше, ол дұрыс айтып отыр. Тыңдаңдаршы.

Сапар: Иә, дұрысы дұрыс шығар. Бірақ мен ондай бола алмаймын. Мен пенделердің дәрежесіне дейін түскім келмейді. Мен — құдай болам. Сурет құдайы. Ұқтыңдар ма?

І суретші: Міне, еркек! Міне — Сапар. (ІІ суретшіге сыбырлап) Жаманның сасытуын-ай. Мүңкіп кетті ғой.

ІІ суретші: Айтсын, айтсын, ауыз көршісінікі ғой.

І суретші: Басқа жері де ха-ха-ха.

ІІ суретші: Хи-хи-хи.

Сапар: Әй, сендер немене күңкілдеп отырсыңдар? (Телефон шылдырлайды. Сапар орнынан тұрып барып, трубканы алады) Алло, алло.

Ар жағында Күннұрдың даусы.

Күннұр: Сапар, сенбісің?

Сапар: Иә, иә, мен болуым да мүмкін.

Күннұр: Тағы да ішіп отырмысың?

Сапар: Жоқ, жұмыс істеп жатырмын.

Күннұр: Қойшы, арақтың иісі мүңкіп тұр ғой.

Сапар: Ә, иә, иә, аздап ішкенмін бағана. Соның иісі ғой.

?????????(Жол көрінбейді, сканерге түспеген) Бүгін қандай күн екенін ұмыттың ба?

Сапар: Сәрсенбі ғой, тоқта, әлде бейсенбі ме екен? Жігіттер, бүгін қандай күн?

І суретші: Қара сиыр қызыл ешкі туған күн. Хи-хи-хи (Бәрі ду күледі).

Күннұр: Сапар, сен шынымен-ақ ұмытқансың ба? Бұрын осы күні маған ылғи да гүл сыйлаушы едің ғой. Раушан гүлін.

Сапар: Иә, иә, бүгін сенің туған күнің екен ғой. Құтты болсын!

Күннұр: Келесің бе? Қонақтар келгелі жатыр.

Сапар: Кімдер? Әмірхан, Айкүндер ме?

Күннұр: Иә, солар.

Сапар: Кешір, мен кештеу барамын. Картинамды талқылатып отыр едім, бітіруім керек, түкіруім керек қалған тірлікке.

Күннұр: Маған да ма?

Сапар: Кешір, Күннұр, мен әзір бара алмаймын (Трубканы қоя салады. Қауқылдасып отырған достарына келіп) Құйыңдаршы бір, ішейік!

І суретші: (стакандарға арақ құйып жатып ІІ суретшіге сыбырлайды) Ішсін, ішсін, иттің баласы.

Сапар: Сендер немене қайта-қайта сыбырласып. Бәйбішені ғайбаттаған тоқалдай сумаңдап кеттіңдер ғой, а?!

ІІ суретші: Айтсақ — өз әңгімеміз. Сенің шаруаң болмасын.

І суретші: Тоқта, тоқта! Сонда бәйбіше кім болды? (Сапарға саусағын шошайтып). Сен бе? Сен бе біздің бәйбіше?

Сапар: Әлбетте, мен. Немене көздеріңе шел бітіп, мені көрмеуге айналғансыңдар ма, өңкей дарынсыз дармоедтер.

ІІІ суретші: Жігіттер, қойсаңдаршы қатынтірлікке бармай.

Ақын: Иә, иә, сабыр сақтайық. Керіспей ішейік керемізді.

І суретші: Сен, сен кім екеніңді ұмыта бастапсың, Сапар. Мольбертке айғыздап әлеміш жақтым деп, жарты құдай сезіне бастапсың өзіңді.

Сапар: Иә, иә, мен кім екенмін, айта қойшы!

І суретші: Сайқымазақсың! Сілімтіксің сен!

Сапар: (қолындағы арағын І суретшінің бетіне шашады) Ит! Көрсетейін мен саған!

І суретші: Келе қой (столдан былай, ортаға шығады, ұрыс-керіс басталады. ІІІ суретші мен ақын араша түседі).

ІІ суретші: (залға қарап) қай жеңгенің менікі. Хи-хи-хи.

Қара киім киген екі жігіт сахнадан пакет алып өтеді.

Кез келген өнер пайдасыз. Оскар Уайльд.

Шымылдық. Ешқандай дауыс естілмейді. Жарық тек төбелесушілерге түсіп тұр. Бірте-бірте көмескіленеді.

ІІ көрініс.

Сапардың үйі. Үш бөлме. Үйде Күннұр жалғыз. Ортаңғы бөлмеде — жасаулы стол. Қабырғада — Күннұрдың үлкен портреті. Диван. Күннұрдың көңілі құлазыңқы. Стол жанындағы орындыққа отырып күбірлеп сөйлейді.

Күннұр: Сапар, Са-а-а-па-ар, Сапар. Сен кім болып барасың? Осыдан жеті жыл бұрын қандай едің. Ал қазір қандайсың. Рас, сен ол кезде менен гөрі суретіңді, өнеріңді артықтау көруші едің. Мен ойлаушы едім, жылдар өтер, өмірге нәресте келіп, жұрт секілді өмір кешерміз, Сапар мен үшін болмаса да, балалары үшін қиялындағы өмірден жердегі тірлікке көшер деп. Бірақ олай болмады, Сапар, олай болмады. (қоңырау шылдырлайды). Күннұр барып есікті ашады. Ар жағынан «Күннұр! Күннұр! Туған күніңмен!» деген дауыстар естіледі. Үйге Айкүн, Шекер, Әмірхан, Керім кіреді. Қолдарында — гүл, торттар!

Айкүн: Ту-у, жаным-ау, қалай жүдеп кеткенсің? Тіпті де туған күні болатын сұлу келіншекке ұқсамайсың ғой өзің?

Әмірхан: Қой, Айкүн, олай деме. Біздің Күннұрдың сүйек пен терісінің өзі қалған күнде де тектілігі, ханшаға лайық хас сұлулығы сыртқа теуіп тұрады ғой.

Күннұр: Ту-у-у, Әмірхан-ай, әйел көңілін дәл сендей тауып, сендей алдайтын, адам өмірге енді келе қоймайтын шығар.

Шынар: Иә, бұндай еркекті Алла тағала біреу-ақ етіп жаратқан екен, біз ай қарап жүргенде Айкүн бай қарап жүрсе керек, қағып түсті ғой әйтеуір.

Керім: (Қолындағы гүлді Күннұрға беріп) Туған күніңізбен, Күннұр.

Күннұр: (төмен қарап) Рахмет, мен сізді танымадым ғой.

??????(+1 жол жоқ) айтатын ертегілерде, сіз үнемі періште болып ұшып жүретінсіз.

Күннұр: Қойыңызшы.

Айкүн: Ояба-а-й! Мына екеуіне қараңдар, бала мысықтар құсап мауығып қалыпты ғой.

Шекер: (әндетіп) Мия-я-у-у, ми-я-я-у-у.

Күннұр: Қойыңдаршы, қыздар, ұят емес пе? (Барлығына төргі бөлмені нұсқап) Жүріңдер одан да, төрлетейік.

Шекер: (Керімді шынтағымен түртіп) Молодец, Кереке, так держать. Ол — Сезімнің адамы, Сезімнің, Кереке-е-е.

(Барлығы келіп ортада тұрған столдың жан-жағына жайғасады. Стол үсті жұтаңдау).

Айкүн: (Қуланып, даусында кішкене зәр тұр) Қыз-ау, отағасы қайда? Ол немене, сені ұмытқан ба? Байқаймын-ау, тірліктерің мәз емес секілді ғой. Немене жан дегенде жалғыз сүйіктісінің туған күнін адам құсап атауды өзіне ар санай бастаған ба Сапар?!

Күннұр: (зілмен) Айкүн! (Жымиып Керімге қарайды) Назар аудармаңыз. Туған күнім екенін өзім де ұмытып...

Әмірхан: (Күннұрға қарап жәймен) Сапардай күйеуің болса туған күн емес, одан да зорын ұмытарсың. Мен сені түсінемін, Күннұр. Түсінемін және қашан болса да сенің сөзіңді сөйлеуге әзірмін (отырғандарға). Ал, қыздар, өз араларыңдағы пыш-пыш әңгімені кейін айта жатарсыңдар. Құдайдың күні көп қой. Ал, қазір Айкөша, Керекеңнің біздің дастарқанға әкелген базарлықтарын шығар.

Айкүн: Туһ, ұмытып кетіппін ғой Кереке, сіз де әлдекімдер құсап әкелгеніңізді еске салып дегендей былай, салмақтап қоюды білмейсіз-ау. (Дорбадан коньяк, шарап, шампан тағы да басқа тағамдар шығарады) Сіздің орныңызда басқа еркек болса күні бойы бағасын өсіріп, базарлығын бұлдап біраз жерге барып та қалар ме еді?

Керім: Қойшы, Айкүн, соны да әңгіме қылып (Күннұрға қарап) кешіріңіз, бәлкім бұлай, қимылдайтын да ретім емес пе еді. Мен кішкене базарлық болсын деп...

Күннұр: Рақмет сізге (+2 жол )

??????????????????????????????????????????????????????????????????????

Айкүн: Керімге. Біздің курстың, жоқ біздің факультеттің ең сұлу, ең сезімтал, ең асқақ қызы суретшіге тидім екен деп, тірлік азабын кешуге тиіс емес.

Шекер: Иә, тиіс емес.

Әмірхан: Ал, қыздар мен шампан ашамын.

Айкүн: УРА (фужерлерді жұртқа таратады, Шекер өз фужерін қолына алып орнынан тұрады).

Шекер: Алғашқы сөзді қашан да жомарт, қашан да қалталы, қашан да бақытты, қашан да ғашық күй кешетін аса қадірлі Керекең ашсын!

Керім қолына фужер алып, Күннұрдың қасына келеді. Оған бір тал раушан гүлін ұсынады. Аппақ. Сосын:

— Күннұр! Бүгін — сіздің күніңіз. Мен сізге осы сұлулық пен пәктіктің символындай гүлді ұсына отырып осындай отыз алты жыл бұрын сізді өмірге әкелген анаңыздың рухы алдында бас ием. (Бір тізерлеп отырып, басын иеді). Егер дәл осы күні өмірге Сіз келмегенде менің өміріме күн сәулесі түспес пе еді. Менің өмірімнің өзегіне айналған сіздің сұлулығыңыздың сәулесі менің жанымды жарық етпес пе еді!

Шекер: Ах, қандай сөздер!

Айкүн: Ах, қандай сезім!

Керім: Иә, әр адамның тірлігіне өмір нәрін, сезім нәрін төгетін бір жарық сәуле бары — ақиқат. Мен осы тосты өз өмірімнің нұры, жарығы, жалыны болған Сіз үшін аламын, Күннұр!

Әмірхан: Бәріміз де тұрып ішейік.

Фужерлер сыңғыр-сыңғыр соғысады. Керім қалтасынан қорапша алып, одан алтын сақина шығарады.

Керім: Ал, мына бір кішкене дүние менің сізге арнаған алғашқы сыйлығым болсын, Күннұр. (Сақинаны Күннұрдың саусағына салады)

Күннұр: (төменшіктеп, қызарақтап) Рахмет сізге, мен... ???(1 жол жоқ)

Керім: Сіз Сапарды соншалықты сүюші едіңіз. Сондықтан сіздердің махаббаттарыңызға кедергі жасағым келмеді...

Әмірхан: (Коньяк құйып) Қыздар, Керекеңнің керемет сыйлығының құрметіне коньяк ішпесе болмайтын шығар, ә?

Айкүн: Әрине! Біз мектеп бітірген бойжеткендерміз ғой.

Шекер: Объязательно коньяк ішу керек. Ал шампанды закуска қылайық, ә! Тойды той секілді өткізейік те, қыздар!

Әмірхан: (Бәріне рюмка үлестіріп) Ал, кеттік!

(Бәрі алып қояды. Осы кезде қоңырау шылдырлап ар жақтан Арман келеді. 16-17 жастар шамасындағы келбетті жігіт)

Әмірхан: О, шаңырақ егесі келді ғой.

Айкүн: Құйыңдар! Шаңырақ егесіне штрафной құйыңдар!

Шекер: Қыздар, менің Арманмен ішкім келіп тұр.

Әмірхан: (Фужерге шампан толтырып Арманға береді де, Күннұрға қарап) Мамасы бүгін Арманға рұқсат беретін шығар.

Күннұр: Иә, иә, тек шампан ғой. Аздап!

Арман: Мама, туған күн құтты болсын, біріміз де бақытты болайық. Сол үшін! (Қасына барған Шекермен соғыстырады да ішіп қояды). Сіз бақытты болыңыз, мама!

Айкүн: Музыка! Музыка қосайық, билейікші бір!

Музыка қосылады. Керім Күннұрмен, Әмірхан Айкүнмен вальс билейді. Стол басында Шекер мен Арман ғана қалады. Шекер Арманға жақындап отырады да рюмкаларға коньяк құяды.

Шекер: Ой, Арманчик, қандай мықты жігіт болып кеткенсің.

Қыздарға қырғидай тиіп жүрген шығарсың, ә!

Арман: Қойыңызшы!

Шекер: Ту-у, сыпайы бола қалуын. Ондай сыпайылығынды мектептегі қыздарға көрсет. Ал бізге (Арманды мойынынан құшақтап, құлағына сыбырлайды) бәрін де ашық айта беруіңе болады. Бәрі де конкретно болсын. (Арманның бетінен шөп еткізіп сүйіп алады). Ұқтың ба, жі-і-гі-іт.

Арман: Қойыңызшы, Шекер апа, мамам көріп қалады ғой.

Шекер: Мамаң көрмесе анау-мынауға кет әрі емессің, ә, қу бала!

(Арман үнсіз. Иығындағы Шекердің қолын аларын иә алмасын білмей әуре. Шекер фужерге шампан құяды).

Кел, сенің денсаулығың үшін алайық!

Арман: Сіздің де!

Екеуі ішіп қояды. Шекер Арманды қолынан тартып тұрғызады да билей бастайды. Зал қараңғыланады. Ендігі әңгіме — енді жұп-жұп арасында. Жарық Күннұр мен Керімге түседі.

Керім: Күннұр, сіз бақыттысыз ба?

Күннұр: Білмеймін. Соны кім анық біліп жатыр.

Керім: Онда несіне өмір сүріп жүрсіз?

Күннұр: (Үнсіз ғана Керімнің кеудесіне сүйейді) Қинамашы мені, Керім, онсыз да жағдайым мәз емес.

Керім залға қарап сойған түлкідей ыржалақтайды да, көзін қысады. Екеуі би ырғағымен дөңгелене жөнеледі. Жарық екеуінен ауып Айкүн мен Әмірханға түседі.

Әмірхан: (Қуланып). Енді былай кәдімгідей, ә!

Айкүн: Пішту десеңші.

Әмірхан: Құдай сәтін салса бәрі де ойдағыдай болғалы тұрған сияқты. Құдай сәтін салсын де!

Айкүн: (Күннұр мен Керімге қарап) Жабысуларын шіркіндердің. Әлі ойынымыз осылып, осы екеуі бақытты болып кетеді де, боқ сасып, біз далада қаламыз.

Әмірхан: Мейлі, маған Сапар күйзелсе, Сапардың өнері күйресе болды. Сонда менің бетімнен алатын ең талантты, бастысы, ең менмен суретші сахнадан кетеді. Құдай сәтін салсын де...

Айкүн: Абайла, батыр, абайла...

Екеуі вальс ырғағымен айнала жөнеледі. Жарық Шекер мен Арманға ауады. Шекер Арманның мойнына қолдарын орап, оның жүзіне бетін тақап алған.

Шекер: Арман, айтшы, мен сұлумын ба?

Арман: Сальвадор Далидың Галасына ұқсайсыз.

Шекер: Онда менің белімді неге қаттырақ қыспайсың, неге құшпайсың, қу бала?

Арман: Қойыңызшы, мамам көрсе ренжиді. Ол мені әлі бала көреді ғой.

Шекер: (Қуланып) Олай болса, үйге келсеңші. Оңашада сөйлесейік былай. (Арманның бетінен құшырланып сүйеді. Арман да оның белінен қаттырақ қысады).

Арман: Барамын, ертең барам.

Екеуі шыр айнала жөнеледі. Жарық Керім мен Күннұрға түседі. Керім Күннұрды қауырсындай шыр көбелек айналдырырды. ????????????????? (+1 жол жоқ)

Күннұр: Керім, қойшы, қойшы, Керімжан. Арманнан ұят қой.

Керім: Мен сені, мен осы сәтті сонша күттім, Күннұр.

Күннұр: Сәл шыдашы, мен бір тоқтамға келіп алайын.

Керім аш кенедей жабысып, Күннұрды құша түседі. Күннұр еріксіз басын шалқайтып оған тамағын ұсынады. Жарық Күннұрдың мойнына түседі.

Осы сәтте бөлмеге Сапар кіреді. Есікті өз кілтімен ашқандықтан оның келгенін ешкім байқамайды. Ол аз-кем уақыт бөлмедегілерге қарап, бәрін бажайлайды да, жарықты жағады.

Сапар: Күннұр, бұл не?

Күннұр Керімнің құшағынан сытылып шығады да, көйлегін жауып, сасқалақтап қалады. Төменшіктей береді.

Айкүн алғашқы болып ес жияды. Сапарға таман келеді ол.

Айкүн: Бұл — Күннұрдың туған күні. Бұл — той, Сапар.

Сапар: (Айкүнді қолымен ысырып) Меніңше, бұл туған күн тойы емес, азғындықтың исі мүңкіген мекерлік мерекесі сияқты.

Шекер: Сапар, сен массың! (бетін жұртқа қаратып Сапарға саусағын шошайтады) Қыздар-ау, мынау мас.

Айкүн: Иә, аузынан арзан шараптың исі мүңкіп тұр.

Сапар: (Айкүнге тыжырына қарап) Кетші әрі, салдақы!

Әмірхан: Әй, әй, Сапар, есіңді жи. Әйелімді саған талатып қойып тұра алмаспын, қорқау! (Сапарға төніп келеді. Екеуі де бір-бірін ала көздерімен атып, қалш-қалш етеді).

Сапар: Мен бе қорқау? Бәлкім біреудің шаңырағын шайқалтып, үйін жын-ойнаққа айналдырып жүрген сен, мына сен қорқау шығарсың, а!

Әмірханды жағадан алады. Ол мұны жұдырықпен иек астынан қойып қалады. Сапар тәнтіректей барып аяғында әрең тұрып қалады. Әмірхан тағы да ұмтыла бергенде Керім келіп артынан қаусыра ұстап қалады.

Әмірхан: Кереке, жіберші мені (жұлқынады). Жіберші, көрсетейін мен оған!

Керім: Қойыңдар, жігіттер! Немене бала болдыңдар ма?

Әмірхан: Кереке, жібер деймін, жібер!

Күннұр: Тоқтат, Әмірхан!

Сапар: (Керімге қарап) Жіберші кәне, көрейік!

Күннұр: Сапар!

Әмірхан: (Жұлқынады) Жібер дедім ғой.

Керім: (Әмірханның жүзін өзіне бұрып) Тоқтат, жетер!

Әмірхан: (жуасып) Жарайды, Кереке.

Айкүн: Жә, тынышталсаңдар тойды жалғастырайық.

Сапар: Той? Қандай той, Әмірханның пасықтық тойы ма? (Тағы да Әмірханды көзбен атады. Оның бұған ұмтылғысы келеді де Керімнің жақтырмағанын көріп, жуасып, өтірік ыржалақтайды. Күннұр бетін басып, креслоға отыра кетеді. Айкүн мен Шекер соның қасында)

Айкүн: Қой, қоя қойшы, Күннұржан. Әй, сұмырай-ай (Сапарға қарап), ең болмаса әйеліңнің туған күнін де адам құсатып тойлатпадың-ау, ә!

Шекер: Оған әйел не керек, әлеміш жақса болады да.

Сапар: Сендер ме адам! Ха-ха-ха (столға келіп үлкен фужерге толтырып коньяк құяды да, тартып салады. Сосын екіншісін толтырып қолына ұстайды да Әмірханға тақап құлағына сыбырлайды) Қайқайыңдар, кәне!

Шымылдық.

2-көрініс.

Шекердің үйі. Кешкілік мезгіл. Бөлмеде Шекер жалғыз. Жұмсақ диванда отыр. Стол үстінде шампан, жеміс, арақ. Түнгі шамның қызғылт жарығы бөлмеге жеңіл төгіледі.

Шекер: Сапар. Сен білмейсің ғой, Сапар, мен бір кезде қалай сүйгенімді. Сенің жүрісің, сәл ерте ағарған толқынды қара шашың, пендені менсіне, сөйлесе бермес тұйық мінезің бәрі мені есімнен айыратын. Сені көргенде бойым дірілдеп, күн көшкендей толқушы едім. Ал аузыңнан сөз емес, раушан гүлдер шашылатын. Сені көргенде бойымды билеген сезім жанардан жақұт боп төгілгенін сен байқамадың, Сапар. Сол... сенің есіңде ме сол түн, Сапар? Сен біздің жатақханаға мас болып келдің. Ол кезде Күннұр екеуміз бір бөлмеде тұратынбыз. Ал сен мастығыңа қарама қарамай қойныңа қыса келген арағыңды ішіп, ұлылық туралы әңгіме айттың, столды қайта-қайта ұрдың, Сапар. Шыдамаған Күннұр бетін басып бөлмеден шығып кетіп қалды. Көпке дейін оралған жоқ. Сонда сені аялап, ерніңнен сүйгенімді, аймалағанымды, ойымдағыны айтып көйлегіңді көз жасыммен малмандай еткенімді сен білмейсің ғой, Сапар. Енді міне, өзіңнің тырнағыңа татымайтын қуыршақ Күннұрмен бірге тұрып жатырсың. Ол саған жарытып бала да таппады. Жалғыз ұлдарың әлпеті саған келгені болмаса, Күннұр секілді көрсеқызар, көңілі алданшақ жасық. Мейлі, сонда да болса алтынның сынығы ғой деп оны өзіме тарттым. Оны бірер түн болса да өзім, өзім егеленем, Сапар.

Арақты ашып стаканға құяды да тартып салады. Сосын шылым тұтатып бір-екі сораптайды да, тағы да стакан толтырады.

— Сенің ұлылығың үшін, менің махаббатым үшін, Сапар!

Енді іше бергенде қоңырау шырылдайды. Қақалыңқырап қалған Шекер, аузын басып барып есікті ашады.

— Арма-а-ан!

Арман: Сәлеметсіз бе?

Шекер: Қу бала, сызылуыңды-ай, ә! Ар жағың басқа нәрсені тілеп тұрған шығар.

Арман: Ту-у, қойыңызшы... Сіз де әйтеуір...

Шекер: Әйтеуір, келсең болар. Кемпірсініп жоламай қояр деп қорқып ем сені... Ал, төрлет, бүгіннен бастап бұл үйдің төрі де, төсегі де сенікі.

Арман: Түсінбей тұрмын.

Шекер: Онда отыр, бәлкім миыңа ми қосылар.

Арман отырады да, екі қолын қайда жіберерін білмей, аз-кем абыржып, ақырында оларды қалтасына салады.

Шекер: Ах, Арманчик! Несін телміресің маған. Көрмей қалам деп қорқасың ба?

Арман: Иә...

Шекер: Бекер, бекер қорқасың. Көресің, әлі талай көресің. Барымды көресің. Арымды көрмейсің бірақ. Құйшы одан да, құйшы, Арман! (Арманға жақынырақ отырады да, бірдеңені ұмытқандай орнынан тұрып, магнитофон қосады. Вальс). Кел, алып қояйық!

Екеуі тартып жібереді.

Арман: Шекер апа сіз мені неге шақырдыңыз?

Шекер: Жігіттігіңді байқағым келген шығар, ә...

Арман: Сіз менен...

Шекер: Иә, мен сенен үлкенмін. Бірақ бұл екеумізге арақ ішіп, би билеуге болмайды деген сөз емес. Есі дұрыс еркектер өзінен үлкен әйелге қызығатынын білмеуші ме едің сен?

Арман стаканға арақ құяды да өзі ішпекші болады.

Шекер: (Өзіне де арақ құйып) Жалғыз ішкен жігітке мін болады, жаным. Кел, бурдершафт ішейік. Сонан соң Сіз деп сызылғаныңды қой. Түсіндің бе?

(Екеуі қол айқастырып ішеді) Ал енді билейік, кез келген сияқты. (Арман орнынан тұрады да Шекерді биге шақырады).

Арман: Шекер, Шекер!

Шекер: Арман, Арман!

Бір-біріне би ырғағымен тақалып, үнсіз аймаласа бастады. Жарық Шекердің беліне түседі. Оны жұмсақ жерінен аймалаған Арманның қолдары халаттың белбеуін шешеді де, халат сыпырылып жерге түседі. Екеуі халат үстіне отырады.

Шекер: Сені бала ма десем, бәле екенсің ғой?

Арман: Сені періште-тәтей ме десем, пері-жеңешем екенсің ғой.

Еріндері бір-біріне жабысады. Үздіккен дауыстар. Арман орнынан тұрып фужерлерге шампан құйып әкеледі.

Арман: О, ханша! Құлыңыз ұсынған құдайлар сусынына ерін тигізуіңізді сұраймын.

Шекер: Ханша алдында қалай тұру керек екенін ұмытқансың ба?

Арман қалшиып тұра қалады. Шекер фужердегі шампанды тартып салып, оның көйлек түймелерін ағытып көкірегін сүйеді. Сосын шалбарының түймелерін ағыта бастайды. Жарық оның қолдарына түсіп барып сөнеді.

Шымылдық.

Дайындаған Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар