Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Амангелді Кеңшілікұлы. Кафканың үйі (Эссе)...

26.07.2017 6131

Амангелді Кеңшілікұлы. Кафканың үйі (Эссе)

Амангелді Кеңшілікұлы. Кафканың үйі (Эссе) - adebiportal.kz

Досым Едіге Мағауинге арнаймын

Кафканың үйіне мені Едіге ертіп әкелді. Ұлы жазушының үйі Праганың қақ ортасындағы ең әсем, әрі көрікті орындарының бірі - Вацлав алаңынан алыс емес екен. «Азаттық» радиосындағы жұмысыма байланысты Чехияның астанасында журналистік тәжірибеден өтіп жатқаныма екі айдан асса да, Кафка тұрған үйді көрудің оңтайлы сәті тек бүгін түсті.

Күн шәйдай ашық, жарқырап тұр. Аспанда теңгедей бұлт та жоқ. Праганың ауа-райы әйел мінезді, құбылмалы. Біресе еркелеп, күлімсіреп тұрады, енді бірде сәл сөзден көңілі бұзылған әйелдей түнеріп шыға келеді. Таңғы ауадан денеңді тоңдыратын дымқыл сыз сезіліп еді, түске таяу оның ізі де қалған жоқ, қайта күн қатты ысып, терлеп-тепши бастадық. Прагадағы үйлердің кербез сұлулығы мен әсемдігі көз құртыңызды жегенімен, көшеде көз сүзісіп қалған жұрттың көбісі сізге жылы жымиғанымен, бәрібір бұл қалада адамды өзіне тартпайтын кәрі қыздың көңіл-күйіндей салқындық бар.

Чехтар Франц Кафканың тұрған үйін жазушының мұражайына айналдырыпты. Кафканың үйін ХVІІІ ғасырда Страхов деген монахтар салған екен. Кейін ол үй қиратылып, ондаған жылдардан соң қайта қалпына келтіріліпті. Қазір бұл ғимаратта ұлы жазушының мемориалдық тақтасы ілініп тұр. Мұражай үлкен емес, шағын ғана. Мұражайдың алдында орта жасқа келіп қалған толық әйел Кафканың суреті салынған киім-кешек пен төсбелгілерді сатып, сауда жасап жүр. Жазушы тұрған үйдің босағасынан аттаған кезімде қатты тебіреніп, жүрегім атша тулап қоя берді. Расымен де әлемдегі ең атақты жазушылардың бірі Франц Кафканың шаңырағына келіп, шынымен де оның ұстаған дүние-мүліктерін өз көзіммен көріп тұрмын ба деген ой сезімімді дірілдетіп, мұражайдағы жәдігерлерге сенімсіздікпен қараймын. Басымнан кешіп тұрған осы бір тәтті толғанысымды Едіге де түсіне қойғандай:

- Ертең Алматыға барғанда естелік болсын. Мүмкін Кафканың үйіне келгенің туралы бір жақсы дүние жазарсың. Сонда менің еңбегімді де ескерерсің - деп, бір күлдіріп алды да, осы көріністердің бәрін, қолындағы кішкентай бейнетаспаға түсіре бастады.

- Жазамын, міндетті түрде жазамын! Кафканың үйіне ертіп әкелгенің үшін ол шығармамды саған арнаймын. Ал, шығармамның атын, атын... Таптым. Кафканың үйі деп қоямын, - дедім, мен қуаныштан басым айналып.

Мұражайда әйгілі қаламгердің бала кезінде түскен суретіне шейін бар екен. Суретке назарым кідірістегенде жазушының жанарынан балаға тән қуанышты емес, қайғы мен қасіреттен арыла алмаған Кафканың жалғыздығын сезінгендей әсердің құшағына бөлендім. - Мүмкін, Құдай бізді көңіл-күйі болмай тұрған кезде жаратқан шығар -деп, ұлы Жаратушыға мұңын шаққан жазушының сөзі есіме түсіп, әлдебір жәйттар санамда қайта оянып, жүрегімді зырқ еткізді.

Әрине, қазір чехтар өздерінің астанасында Франц Кафка сынды әлемге аты әйгілі жазушының тұрғандығын мақтаныш тұтады. Тіпті, оның Милена Есенска есімді чех әйелімен достық қарым-қатынаста болғанына шейін аңыз қылады. Сол хаттарды оқысаңыз Кафканың жанының үлбіреген нәзік болғанын түсінесіз. Ұзақ жылдар өткеннен кейін Кафканың Милена Есенскаға жазған хаттары «Письма к Милене» деген атпен, жеке кітап болып жарыққа шықты. Көзі тірісінде жазушының хаттары түгіл, шығармаларына да ешкім көз қиығын салған жоқ. Жазушы қайтыс болып, атағы әлемге жайылып, оның шығармалары миллиондаған оқырмандардың ыстық ықыласына бөленгеннен кейін ғана чехтар Франц Кафканың есіміне құрметпен қарай бастады. Ал, аттай бір ғасыр бұрын өзі тұрған қаладан мейрімділіктің жылы шуағын сезіне алмаған ол, осы төрт қабырғаның ортасында жаны тұншығып отырып, келешекті болжап, адамзаттың ақыл-ойын суалтатын тоталитаризмді, әлемнің санасын билеп бара жатқан зұлымдықты әшкерелеген шығармаларын жазды-ау! Есіл ердің еңбегі еш болып, оның ғажайып туындыларындағы ақиқатты ақыл таразасына салғысы келмеген ақымақ әлем, кейіннен қайғы мен қасіреттің уын шелектеп ішкен жоқ па еді, шелектеп. Ақиқатын айтсақ, басқаларды сөз қылмағанда Франц Кафканың өзі де ұлы шығарма жаздым деп ойлаған емес. Өмір бойы Франц Кафка жазушы екендігіне күманмен қарады, жазған шығармаларын келешек ұрпақтың кәдеге жарататынына мүлдем сенген жоқ. Өлерінің алдында ол ең жақын досы Макс Бродқа дүние салғаннан кейін жазған дүниелерінің бәрін отқа жағып жіберуін өтінді.

« Қымбатты Макс. Бір айға созылған ауыр науқастан соң менің қайтадан аяғыма тұрып кетуім неғайбіл шығар. Сол себептен де мен, өлгеннен кейін, жазған дүниелеріме байланысты соңғы тілегімді орындауды саған тапсырамын..

Мүмкіндігің болғанша, менің жазған дүниелерімнің бәрін (газетте жарық көргендері, қолжазбалар мен хаттарды) тауып алып.. отқа өртеп жібер» деген, соңғы өтінішін жазып қалдырады. (Франц Кафка «Өсиет» (Завещание) Петербор қаласы, Азбука классика, баспа үйі, 304 ші бет)

Кім біледі? Егер Макс Брод жазушының соңғы тілегін бұлжытпай орындағанда Франц Кафкадай жазушының болғанын бұл әлем білмей де қалар еді. Бірақ Макс Брод досының өтінішін орындаған жоқ. Қайта керісінше, досы өмірден өткеннен кейін, шығармаларының басылып шығуына зор ықпал етіп, оның бірден-бір насихатшысына айналып, шырақшысы болып алды.

Жазушы ретінде Кафканың есімі Еуропада ол дүние салғаннан соң, нақтырақ айтсақ 1928 жылдан кейін ғана там-тұмдап белгілі бола бастады. «Замок», «Процесс» секілді әлемге әйгілі негізгі шығармаларының ешқайсысы да жазушының көзі тірісінде жарық көрмеді. 1913 жылы «Көз көргендер» (Наблюдения), 1919 жылы «Ауыл дәрігері» (Сельский врач) атты шығармалар жинағы басылып шыққанымен әдебиетшілердің назарына ілікпей, елеусіз-ескерусіз қалды. Франц Кафканың «Құбылыс» (Превращение) атты атақты әңгімесі 1915 жылы Лейпцигтегі бір басылымда жарияланғанымен, бұл тамаша туындыға да назар аударғандар болмады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана жазушының шығармаларына әлемнің ықыласы ауып, оның туындылары үлкен сұранысқа ие болып, әдебиетте нағыз кафкалық дүрбелең белең алды. Кафканың әдеби мұрасы, тіпті көзқарастары бір-біріне қарама-қайшы келетін жазушылардың да қызығушылығын туғызды. Неміс әдебиетінің патриархы Томас Маннды айтпағанда, коммунист Франц Вайскопф, Луи Арагон, Пауль Рейман, экзистенциалист Альбер Камю, тіпті, буржуазиялық идеологияның эстеті Андре Мальроның өзі Кафканың шығармашылығын жоғары бағалады. Мұның себебіне біз кейінірек, жазушының шығармаларына талдау жасағанымызда толығырақ тоқталармыз. Бұл тақырыпқа құда түспес бұрын Кафка сынды Еуропа әдебиетіндегі ең жұмбақ құбылыстың қалай дүниеге келгеніне, оның жазушылық дүниетанымының қалыптасуына қандай жағдайлардың әсер еткеніне зер сала кеткеніміз артықтық етпес.

Бар жоғы 41 жыл ғана өмір сүрген Франц Кафка дүниежүзіндегі ең ұлы жазушылардың бірі ғана емес, бірегейі. Жазушы Владимир Набоковтың сөзімен айтсақ, Франц Кафкамен салыстырғанда романист Рильке сынды ақындар мен Томас Манн секілді жазушылар әдебиетте әлі ештеңе тындыра алмаған ергежейлілер ғана. Набоковтың айтқанына өз тарапымыздан алып-қосарымыз, Франц Кафка жазушы ғана емес, Гоголь мен Абай сияқты жалғыздықтың ауыр азабын тартып, өз жүрегінің қайғысына өртеніп өлген –пайғамбар. Әсіресе бұл тұста ұлы қаламгердің мұңы мен қайғысы Абаймен рухтас. Әулиелік пен көріпкелдік тұрғысынан алғанда оның шығармаларының өзегі Достоевскийдің туындыларымен үндес.

Ұлы жазушы 1883 жылы кіші-гірім саудагердің отбасында дүниеге келді. Ұлты еврей Франц Кафка сол уақыттағы Еуропадағы саяси ахуалға байланысты нәсілшілдіктің ауыр тауқыметін басынан өткерді. Ұлты еврей болғанымен шығармаларын неміс тілінде жазды. Сондықтан да Франц Кафка неміс әдебиетінің өкілі. Шығармаларын неміс тілінде жазғанымен, жазушының бүкіл саналы ғұмыры Чехияның астанасы Прага қаласында өтті.

Франц Кафка дүниеге келерден қырық жыл бұрын ғана Прага немістердің қаласы еді. Жазушы туғаннан кейін бірнеше жылдан соң Прага қайтадан чехтардың қаласына айналды. Сол уақыттары Прагада бір-бірімен өшіккен чехтар мен немістердің арасында түрлі қақтығыстар орын алып, қаланың көшелерінде жиі-жиі төбелестер болып тұрды. Осындай төбелестердің бірінде Франц Кафканың досы Оскар Баум жарақаттанып, зағип болып қалады. 1897 жылы әскердің күшімен ғана бұл төбелестер тиылып, қалада қатаң тәртіп орнатылады.

Чехтар тек немістерді ғана емес, еврейлерді де өлердей жек көрді. 1848 жылға шейін Прагада еврей отбасында туған бір баланың үйленуіне ғана рұқсат етілді. Мысалы Кафканың атасы бұл заң алынып тасталынғанша, яғни 1848 жылға шейін үйлене алмай жүрді. Замандастарының айтуынша, Кафканың атасы Яков күш қуаты тасыған, зор денелі адам болған. Ол бір қап ұнды тісімен-ақ көтере алған екен.

Тіл білмегендердің күні қиын болғандықтан, Франц Кафка чехша үйреніп, қосымша сабақтар алып тұрады. Сол кездері Прагадағы еврейлер күн көріс қамы үшін өздерін чехтарға жатқызғанымен, балаларын неміс мектептерінде оқытты. Басқасын сөз қылмағанда Кафканың хаттары мен күнделіктерінде Чехославакия мемлекетінің пайда болғаны, билік басына Масариктің келгені туралы да ештеңе айтылмайды. Соған қарағанда елдегі болып жатқан дүрбелеңдер мен саяси оқиғалар оны аса қатты қызықтырмаған. Қазіргі уақытта чехтар Франц Кафканың шығармашылық шеберлігіне Карел Чапек пен Ярослав Гашек сынды жазушылардың ықпалының зор болғанын мақтанышпен айтады. Алайда біздің ойымызша бұл түбегейлі қате пікір. Өйткені Франц Кафка бұл жазушылардың есімдерін ең құрығанда бір рет те аузына алмайды. Чехтардың әдебиеті оны мүлде қызықтырған жоқ. Маған сенбесеңіз жазушының күнделігін оқып шығыңыз. Франц Кафканың күнделігінде бір күні кешке чехтардың ұлттық театрына барғаны және ондағы қойылымның оған түк ұнамағаны туралы жазылған естелігі бар. Егер біздің бұл дәлелеліміз аз болса, осы жазушылар мен Кафканың шығармаларын салыстырып көріңіз. Сонда сіз Франц Кафканың қаламынан туған шығармаларының табиғаты жағынан да, рухы жағынан да Карел Чапек пен Ярослав Гашектің туындыларына ұқсамайтын, мүлде бөлек дүниелер екеніне көз жеткізесіз.

Сөз жоқ, Прага Еуропадағы ең әсем, әрі сұлу қалалардың бірі. Бірақ Кафка бұл қаланы сүйген жоқ. Сүйгенді айтасыз-ау, тіпті жазушы Праганы өлердей жек көрді. 1902 жылы Оскар Поллак деген досына жазған хатында ол былай деп мұңын шағады: «Прага бізді жібермей отыр. Біз бұл қаланың шеңгелінен босана алмадық. Бұған тек амалсыздан көну керек, әлде... Әлде, Вышеград пен Градчанды екі жағынан өртеп жіберсек мүмкін біз бұл қаладан құтылар ма едік».

Басқа амалы қалмағандықтан, чехтардың арасында неміс болып ғұмыр кешкен ұлты еврей Франц Кафка өмір бойы Прага қаласынан кетіп қалуды армандап, соның жолын іздестірді. Бұл арманы тек өмірінің соңында ғана орындалып, құрт ауруына шалдыққан Франц Кафка 1924 жылы Еуропадағы шипажайлардың бірінде дүние салады.

ХХХ

«Жазушы болғысы келген адам, бақытты балалықтың бал-шекерін татып, жалындаған жастық шағында лапылдаған оттай жанып өтуі тиіс» деп, жатамыз, кейде ділмәрсіп. Егер сізде бақытты балалық болмаса ше? Жалындаған жастық шағыңызда Құдай сізге махаббат пен қуанышты емес, ауыр азап пен қайғы-қасіретті силаса ше? Онда сіздің жазушы болуға қақыңыз жоқ па?

Бақытты балалықтың болуы ер азамат үшін көбіне-көп әкенің тәлім-тәрбиесіне байланысты. Тумауымызға қалай шарамыз жоқ болса, әкелерімізді таңдауға да біздің еш дәрменіміз жоқ. Құдай адам баласын дүниеге әкелгенде кімнің шаңырағында тууы керектігін одан сұрамайды. Сіз де Құдайға қарсылық танытуға қауқарсызсыз.

Әлбетте, бізді жарық дүниемен қауыштырған әкелеріміз санасында сәулесі бар, мейірімі мен шапағаты мол, иманжүзді адамдар болып шықса Құдайға мың да бір рахмет. Ал, керісінше біздің әкелеріміз өз мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайтын зұлым, өсіп келе жатқан баласының талантын көре алмайтын қызғаншақ, берген уәдесінде тұрмайтын алаяқ, құлқынын тойдырудың қамынан басқаны ойламайтын тоғышар, биліктің алдында құрдай жорғалайтын жағымпаз, айтқан сөзі мен ісі бір жерден шықпайтын екіжүзді, дүниенің бәрін тек ақшамен ғана өлшейтін имансыз.., жандар болып шықса ше? Ондай әкелерден туған бала қалай оңбақ? Құдай кешірсін әрине, бірақ, мұндай әкелер ірітіп-шіріткеннен басқа, қоғамға не жақсылық әкеле алады? Айтыңызшы не?

Біз бір арамдық жасасақ, сәби болғандықтан балаларымыз оны білмейді, сезбейді деп ойлап, көңілімізді жұбатамыз. Шындығында пендешілікке салынып, осындай арзан өтірігімізбен өзімізді-өзіміз алдаймыз. Сол арзан алданышымызды көңілімізге медеу тұтамыз. Ақиқатында Құдай жаратқан тіршілік иелерінің ішіндегі ең сезімталы –сәби. Зұлымдық пен арамдықты ар тұтатын әкесінің шынайы болмысын сезіп қалса, сәбилердің жаны жараланып, қатты күйзеліске ұшырайды. Адамның ар-ұятының таза болуы басқалар емес, ең алдымен тәрбиелеп отырған өзінің белінен туған перзенті үшін керек. Кейіннен баласының торығып, қалай өмір сүрерін білмей, жалғыздыққа ұшырамауы үшін қажет.

Жазушының мұражайын аралап жүріп Франц Кафканың бала кезінде әкесінің шын бет-бейнесін танып қойып, қатты күйзеліске ұшырап, ауруға шалдыққаны есіме түсті. Тіпті, ол әкесіне өшіккендіктен шығармашылық жолды таңдады емес пе. Оның ұлы туындыларындағы зұлым кейіпкерлердің бәрі де жазушы қиялының жемісі ғана емес, туған әкесіне деген өшпенділіктің көрінісі еді ғой. Кафка әкесінің бойынан дүниені бақытсыз етіп тұрған зұлымдықты көрді.

Әкесінің берген тәлім-тәрбиесіне наразы болған Франц Кафка кейіннен «Әкеме хат» (Письмо к отцу) атты атақты шығармасын жазды. Жо, жо, жоқ, бұл шығарма немесе баланың жанын шоқтай күйдірген әкесіне деген ашу-ызасы ғана емес, ондаған жылдар бойы Кафканың жүрегіне тыныштық бермеген, тіпті оны ауруға шалдықтырған жазушының жан азасы.

Кафканың үйінде тұрып жазушының әкесіне жазған хатындағы айтылған сөздері мен жанымды тебірентіп жүрген ойларымның арасында рухани үндестіктің немесе бір рухани туыстықтың бар екенін осы сәтте жан-тәніммен сезініп, жүрегімнің нәзік пернесінің бір ішегі үзіліп кеткендей күйге түстім.

Әрине, мені жарық дүниеге әкелген туған әкем Кафканың әкесіндей зұлым адам болған жоқ. Қайта керісінше ол екі сөйлемейтін, айтқан уәдесінде тұратын, аузын ашса ар жағынан ақ жүрегі көрінетін, өте мейірімді, кеңпейіл жан болды. Ол ештеңеден тайсалмайтын, ешкімге жалтақтамайтын, биліктің алдында бүгежектеп, бүкшеңдемейтін нағыз ақын еді. Әкемнің көзі тірісінде мен оның достарының бәрін де өзі сияқты шындықты айтудан сескенбейтін, қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсы шығудан қаймықпайтын, ардың арқанынан аттап кетпейтін, дүниенің бәрін иман таразысымен өлшейтін жүректі азаматтар деп ойлайтынмын. Шынтуайтына келгенде әкемнің достары - олар да менің әкелерім емес пе?

Әкем дүние салғаннан кейін оның көптеген достарын жақынырақ танығанымда қатты қателескенімді түсініп, олардың кейбір іс-әрекетерінен шошынып, көңілім құлазып, өмірден түңіліп кеттім. Әкемнің өмірден неге тым ерте кеткенін сонда барып түсіндім. Олардың туындыларындағы кесек ойларын оқып және сол айтқандарына мүлде сәйкес келмейтін ұсақ тірліктерін көріп, тіршілікте қалай өмір сүру керектігін түсіне алмай, дал болдым.

Әкемнің бір досы бойындағы өнерін сатып, бір байшыкештің басы байлы құлына айналды. Әкемнің бір досы шенеуніктердің алдында құрдай жорғалайтын алаяқ болып кетті. Әкемнің бір досы тек өзінен басқаны ойламайтын қайырымсыз жан болып шықты. Әкемнің бір досы үлкен қызметте қайта-қайта қалу үшін ар-ұятты ұмытты. Әкемнің бір досы зұлымдық жолмен бәйге алып, қазақтың арқалы ақынының өліміне себепкер болды. Әкемнің бір досы билік халықты зар илетіп, қан қақсатқанда, оларды қорғаудың орнына, бір үлкен шенеуніктің сойылын соғып, ақыр соңында соның сөзін сөйлеп, ұлтын сатты. Әкемнің бір досы билікті қайта-қайта мақтап ода жазып, үй алды. Әкемнің бір досы оппозицияны жамандап, биліктің алдында өзіне әжептәуір «бедел» жинап, күйбең қақты. Әкемнің бір досы көзі тірісінде өзіне көше бергізіп, елге барып, думандатып қайтты. Әкемнің бір досы...

Франц Кафка әкесіне жазған хатында одан өлердей қорқатындығын айтады:

«Қымбатты әке.

Таяуда сен «неге менен қорқасың» деп сұрадың. Әрине сенің алдыңа барғанда пайда болатын үрейден және мұның себебін түсіндіру үшін, әңгіме барысында көптеген жайттарға тоқталу керектігінен қойған сұрағыңа жауап бере алмадым. Мен бұл сұраққа хат арқылы жауап бергенімде де қойған сауалыңа толық жауап алмас едің, өйткені осы хатты жазу барысында да сенің алдыңда бәрін ақтарып айтып салуға әлі де үрейленіп, пікірімді толық жеткізуге күш-қуатым мен ой-түйсігімнің жетпейтіндігін сезінемін» деп, жазды жазушы. (Франц Кафка «Өсиет» (Завещание) Петербор қаласы, Азбука классика, баспа үйі, 244 ші бет)

Әкемнің кейбір достары туралы ойланғанымда Кафка секілді менің бойымды да қорқыныш, сана-сезімімді үрей билейді. Бірақ менікі отбасы мәселесіне байланысты емес, басқа себептен туған қорқыныш, басқа жағдайдан туған үрей. Мен әкелерімнің қарнының қамын тойдырудан басқа ештеңені ойламайтын тоғышар, қоғамдағы әділетсіздіктерге еш қарсылық білдірмейтін дәрменсіз, байыған үстіне баюдан басқаға бас қатырғысы келмейтін тойымсыз... болып бара жатқанынан қауіптенемін. Қашан көрсем де әкелерімнің нәйім-нәйім бауырсақ пен мән-мағынасы жоқ бос күлкіге тойып, мына өмірге риза болып ыржалақтап жүргендері. Құдайым-ау, неге олардың бойында жаныңды түршіктіретін, төбе шашыңды тік тұрғызатын қоғамда жасалып жатқан жауыздықтарға деген қарсылық жоқ? Неге олардың жүрегінде өз ұлтына деген кіршіксіз адал махаббат жоқ? .

Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың..

Жақсы менен жаманды айырмадың

Бірі қан, бір май боп енді екі ұртың

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың,

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ.

Бір күн тыртың етеді, бір күн –бұртың,

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сыйқын. (Абай)

деп, ұлтының қамын ойлап, қабырғасы қайысатын, ардың құйындысындай данышпан әкелеріміз қайда кеткен? Бар болса, қайда олар? Құдай үшін айтыңызшы, қайда?

Алтын тақты хандардың

Хандығынан не пайда,

Қаріп пенен қасірге

Туралық ісі болмаса?

Алаштың байлығынан не пайда,

Құланнан басқа ел таппай,

Қонарына жер таппай,

Маңқиған сары даладан

Екіндіде құлаған

Тарығып келген ерлерге

Қайыры оның болмаса?

Ақ жұмыртқа, сары уыз,

Әлпештеп қолда өсірген

Туған ұлдан не пайда,

Қолына найза алмаса,

Атаның жолын қумаса?! (Махамбет)

деп, ешкімнен тайсақтамай, қайрауықтың ашы күйіндей шындықты тура айтатын, алмастай өткір мінезі бар әкелеріміздің бәрін жер жұтқан ба? Әлде шынымен де біздің елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады ма? Әлде шынымен де біздің қоғамда шымбайға батырып айтатын шындық қалмады ма? Әлде Құран-Кәрімде айтылғандай олардың бәрі де көздері жоқ соқыр, құлақтары естімейтін саңырау, тілдері кесілген мылқау, бейшара жандар ма?

Егер олардың санасын сайтан тұмандандырмаса ұлтымыздың жер асты, жер үсті байлығының талан-таражға түсіп жатқанын, шыққыр көздері неге көрмейді? Егер құлақтарын құлық баспаса, баспаналары бульдозермен талқандалып жатқан апа-қарындастарының, әке-шешелерінің зарлы дауыстарын неге естімейді? Егер әкелеріміздің тілдері күрмеліп қалмаса, неге олар айдың күннің аманында Заманбек пен Алтынбек секілді азаматтарымызды ит секілді атып кеткенде бір ауыз сөз айтып, қарсылық білдіруге жарамады? Қайта олар сол екі азаматтың қабірінің басында тұрып, беттері шімірікпестан биліктің сөзін сөйлеген жоқ па. Егер біздің әкелерімізде рух пен жүрек болса, ата-бабаларымыз жанын беріп қорғап, ұрпаққа аманат етіп кеткен қазақтың жері неге сатылып кетті? Әрі-беріден соң сатылып кеткен жердің үстінде отырып махаббат, ізгілік, тазалық, адамгершілік туралы жазған біздің шығармаларымыздың кімге керегі бар? Кімге?

Әділетсіздіктер көбейіп, адамшылықты ұмытсақ, Гоголь, Достоевский, Кафкалалар әулиелікпен айтқан адамзат баласының қанын судай ағызған, көз жасын нөсер қылып төккізген қасіретті заманның қайта орнап, қанды тарихтың қайталануы мүмкін екендігін әкелеріміз шынымен де сезбей ме?

Тіпті, қылышынан қан тамып тұрған уақытта та Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Әлихан, Мағжан, Жүсіпбек.. сынды әкелеріміз ұлт үшін жанын беріп, шындықты айтып кетті емес пе! Солардың ізін жалғастыратын рухани мұрагерлері, ақылман әкелеріміз қайда?! Жиырмасыншы ғасырдың басында ақын Мағжанның:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!

-деп, үміт артқан келешегі мына сіздер едіңіздер ғой. Заманға не болған? Дүние неге азып-тозған? Ұлттың рухы қалай күйреген? Дүниенің кері кетіп бара жатқанына ең алдымен жауапты мына сіздер емессіздер ме? Сіздер. Олай болса сіздер қожалық етіп отырған қоғам ақылынан адасып, қайда барады? Қайда? Неге сіздердің көздеріңізде от, сөздеріңізде жалын жоқ? Құдайшылықтарыңызды айтыңыздаршы, неге?

Әрине, адам-пенде. Бірақ пендешілікті хайуанша жүріп жан бағумен шатастыру –опасыздық. Ұлтқа, ар-ұятыңа жасаған кешірілмейтін күнә. Артта келе жатқан ұрпақтың адамшылық қасиеттен айырылып қалмауы –сіздерге байланысты екенін қалай ұмыттыңыздар? Әрі-беріден соң ақын мен жазушының қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбеуі –қылмыс. Ұлт сенім артқан халықтың рухани «көсемдері» мына сіздер осындай ынжық болсаңыздар, басқалар туралы ауыз ашып, бірдеңе деуіміздің өзі асылық шығар.

Немене, келер ұрпақ сіздердің осы істеріңізге өз бағасын бермейді деп ойлайсыздар ма? Әлде сіздер ұлттың алдында қара бет болып, ұсақ-түйек тірліктеріңіз арқылы келер ұрпақтың жігерін тоздырып, рухын аздырып, оларды да азғыншылық жолға түсіргендеріңізді сезбейсіздер ме? .Жо, жо, жоқ. Әкелеріміздің өкшесін басып келе жатқан мына бізді былай қойғанда, сіздер тіпті өздеріңізді де сыйламайсыздар. Қашан көрсем де көздеріңше бір-біріңді өтірік мақтап, сыртқа шыға салысымен жамандап, күндеп жүргендерің. Атаққа, сыйлыққа тоймайсыздар. Аты шулы үлкен сыйлыққа қол жеткізу үшін кез-келген опасыздыққа барудан тайынбайсыздар, бір-біріңді өлтіріп жіберуге де даярсыздар. Өтірік пе? «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит ұстап жүр ырылдатып» деп, Абай атам айтпақшы сіздер қоғамның алдында иілгісі келмейтін, мінезі бар шын таланттарға емес, сөздеріңізді сөйлеп, сойылдарыңызды соғатын екіжүзді алаяқтарға ғана көмектесесіздер. Соларға сыйлық, үй әпересіздер, жағдай жасайсыздар, қызметін жоғарылатасыздар. Ең ақырында сіздер қолында кішкентай билігі бар түкке тұрғысыз ақындарды жер-көкке сиғызбай мақтап, олардың есімдерін Мұқағали, Жұмекендердің қатарына қойып, әдебиетті де саттыңыздар. Жасырып қайтейін, кей кездері мен «егер әкем марқұм тірі болып, заман ығына бейімделіп ар-ұятын жоғалтса, оны да жек көріп кетер едім» деген, қорқынышты ойға батамын.

Сіздерге ұқсағым келмей, Патша-Құдайға айналған бітім-болмыстарыңыздан жиіркеніп, ақыр соңында мен де Кафка секілді жалғыздыққа ұшырадым. Сіздердің басы байлы құлдарыңызға айналған замандастарыма да қолымды бір-ақ сілтедім. Өмірге, келешекке деген сенімімді жоғалттым. Сіздерге сеніп жүріп, ақыр соңында сүттей әппақ жүрегімді кірлеттім. Қалай өмір сүрем, енді?!

ХХХ

Кафканың үйіне келіп, оның қолжазбалары мен хаттарын, суреттерін көріп, жазушымен сырласқандаймын, әйгілі қаламгердің рухын сезінгендеймін. Егер Прагаға жолым түсіп, жазушының мұражайына бас сұқпағанымда мұндай ойға батпас па едім. Кім біліпті? Бірақ Кафка туралы мақала жазуды біраз уақыттан бері жоспарлап, оның шығармашылығын зерттеп жүрген жағдайым бар-тын.

Кафканың шығармаларымен ең алғаш рет мен сексенінші жылдардың орта шенінде таныстым. Мектепте оқитын бала кезім. Ол кездері бүгінгі уақыттағыдай қалтаңда ақшаң болса қалаған кітабыңды дүкеннен сатып алатын мүмкіндік жоқ. Шет елдің классик жазушыларының шығармаларын көбіне-көп Алматының сыртындағы қара базардан, саудаласып жүріп, удай қымбат бағаға аламыз. Бір күні қара базарды аралап жүріп, Кафканың таңдамалы шығармалар жинағын қолыма түсірдім.

Оқыдым. Шындығымды айтсам, алғашқы уақытта жазушының жеткізгісі келген ойын түсінбей, кітапты сатып алғаныма қатты өкіндім. Тіпті, Кафканың әкесіне жазған хатын оқығанымда, оның сөздерін буржуазиялық тәлім-тәрбиенің жемісі деп ойладым. Өйткені мен үшін ол уақытта әкелерімізден абзал, әкелерімізден ардақты жандар жоқ –тұғын. Мен жарық дүниеге әкелерімнің көзімен қарайтынмын. Олардың айтқандарына имандай сеніп, қалтқысыз орындауға тырысатынмын.

Алайда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң, бізге ақыл үйретіп, имандылыққа баулып жүрген әкелеріміздің шынайы бет-бейнесін танығанымда, жан-дүниемнің астаң-кестеңі шығып, өмірден түңіліп, жүрегімдегі сұлу шырақтарым күрсініп өшкендей болды. Әкелеріміздің зұлымдығы мен қайырымсыздығын көзіммен көргенімде, олардың таным-түсінігі мен орнатып жатқан тәртібінің қоғамға әлі талай қасірет шеккізіп, әлі талай у ішкізетінін түсіндім. Қолдарындағы шексіз биліктің арқасында олар жауқазындай өсіп келе жатқан жастардың ар-намысын аяққа таптады. Он екіде бір гүлі ашылмаған сұлу қыздардың бұрымдарынан сүйреп, иттерге талатты. Өрімдей жастарды аяусыз қырған, билікте мәңгі қалу үшін ештеңеден тайынбайтын әкелеріміздің жауыздығын көргенімде Кафканың «Еңбекпен түзеу мекемесінде» (В исправительной колоний) атты әңгімесіндегі суреттелген қаны сорғалаған зұлымдықтың әлі өлмегендігін түсіндім. Осы уақыттан бастап қайтадан менде Кафканы оқуға деген құлшыныс пайда болды. Кейіннен Кеңес Одағы құлап, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізді. Бірақ биліктің басында бәрібір сол әкелеріміз қалып қойды емес пе.

Кеңестер Одағы ыдырамай тұрған кезде Кафканың шығармалары ең тұңғыш рет 1965 жылы басылып шығыпты. Дей тұрсақ та, шет ел жазушыларының ішінде Кафка, Джойс және Прусттың туындылары алпысыншы жылдардан соңғы жылымықтан кейін де кеңестік цензураның қырағы бақылауында болды. Кеңестер Одағы күйрегенге шейін, біздің елімізде Кафканың шығармашылығы туралы аса көп әңгіме айтыла қойған жоқ. 1962 жылы жарық көрген «Әдеби энциклопедияда» жазушы Франц Кафкаға экспрессионистік ағымның өкілі деген баға беріледі. Дегенмен сол уақыттың өзінде де Кафканың шығармашылығын зерттеп, мақала жазған Дмитрий Затонский деген украиналық әдебиеттанушы болды. Кафканың шығармашылығы туралы жазған Дмитрий Затонскийдің мақаласы тұңғыш рет «Иностранная литература» журналында 1959 жылы басылып шықты. Алпысыншы, жетпісінші жылдары ол Кафканың шығармашылығын зерттеп, кітап та жазады. (Дмитрий Затонскийдің әкесінің өмірі Кафканың «Процесс» романының кейіпкері Иозеф К тағдырына ұқсайды. Украинаның халық комиссары болған Затонскийдің әкесі, репрессияға ұшырап, 1937 жылы қаза тауып, оның отбасындағылардың бәрі жер аударылады)

1962 жылы хрущевтық жылымықтан кейін Мәскеуге Герман Федеративтік Республикасынан Генрих Белль, Рудольф Хагельштанг, Рихард Герлах деген немістің атақты жазушылары келеді. Кітапханаларда, мектептерде, мәдени мекемелерде кездесулер өткізіледі. Әңгіме барысында олар Кеңес Одағындағы оқырмандардың Франц Кафка сынды жазушының шығармашылығымен таныс емес екендіктерін естіп, ауыздарын ашып, таң қалады. 1963 жылы Чехославакияда Кафканың шығармашылығына арналған халықаралық конференция ұйымдастырылады. Арнайы шақыру алғанымен, бұл конференцияға Кеңес Одағынан бірде-бір адам бармайды. Сол жылы Ленинград қаласында қазіргі заманғы роман тақырыбына байланысты әлемнің үлкен жазушыларының басқосуы өтеді. Оған Роже Кайюа, Жан Поль Сартр, Натали Саррот, Ален Роб-Грийе- сынды француз, Ганс Магнус Энценсбергер, Ганс Вернер Рихтер- сынды неміс, Джанкарло Вигорелли секілді италияндық жазушылар қатысады. Олардың бәрі де Джойс, Кафка, Пруст сынды әлемдік әдебиетте үлкен төңкеріс жасаған әйгілі жазушыларға байланысты Кеңес Одағында қалыптасқан біржақты көзқарасты қатты сынға алады. Өз сөзінде әйгілі жазушы Жан Поль Сартр «Бұл жазушыларды декаденттердің қатарына жатқызғандармен әңгімелескенімде, олардың шығармаларын оқымағандығына көз жеткіздім» деген болатын. Алайда Әлем әдебиеті институтының директоры Иван Анисимов: «Кафка мен Джойстың қалыптастырған дәстүрін біз қабылдай алмаймыз» деп, олардың шығармаларының Кеңес Одағында басылып шығуына үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Оның пікірін сол кездегі Жазушылар Одағының хатшысы Константин Федин де қолдайды.

Кеңестік идеология мойындағысы келмегенімен, Батыстың жазушылары Кафканың туындыларынан алтын ойдың кенішін тауып, оның шығармашылығын зерделеу арқылы жаңаша жазудың үлгісін қалыптастырған прозаиктер дүниеге келді.

Солардың бірі, экзистенциалист жазушы Альбер Камюдың айтуынша, Кафка өнерінің басты ерекшелігі шығарманы қайта-қайта оқуға мәжбүр қылатын құдіреттілігінде жатыр. «Кейде бір мәселені екі түрлі қырынан түсінуге болатындықтан, шығарманы қайта оқуға тура келеді. Автордың шығарма жазудағы көздеген мақсаттарының бірі де осы» дейді, ол. (Альбер Камю «Көтерілісшіл адам» (Бунтующий человек) 90 шы бет. Мәскеу, «Республика» баспасы)

Жазушы Хорхе Луис Борхес та Кафканың туындыларында екі түрлі ой ағысының бар екенін атап өтеді. «Олардың біреуі - бағыныштылық, екіншісі-шексіздік. Жазушы шығармаларының бәрінде де иерархия суреттеледі және ылғи да оның билігі шексіз келеді». (Хорхе Луис Борхес, төрт томдық шығармалар жинағы, 3 ші том, 406 шы бет. Петербор, «Амфора» баспасы)

Батыстың жазушылары мен әдебиеттанушылары Кафканың шығармашылық ерекшелігін түсіндіруге бар күшін салса да, Кеңес Одағының идеологтары оның туындыларына әзірейіл көргендей үрке қарады. Кафканың шығармашылығын зерттеу барысында, өз бетімше ізденіп, мұның себебі неліктен деген сауалдың жауабын табуға тырысып көрдім. Расында да Кафканың шығармаларындағы айтқан ойлары кеңестік жүйеге қауіп туғызды ма екен? Туғызғанда қандай!

Біріншіден, социалистік реализм деген жасанды концепцияны ойлап тауып, жалған моральға арқа сүйеген кеңес жазушылары Кафканы қабылдай алмады. Екіншіден Кафканың шығармаларымен танысқан оқырманға бұрын-соңды түсінікті болып келген кеңестік өлшем қалыптастырған дүниелерді жаңаша пайымдап, қайтадан ой елегінен өткізуіне тура келер еді. Үшіншіден, расында да жазушының шығармаларындағы айтқан ойлары Кеңестік идеологияны жоққа шығаратын. Кафка ащы шындық арқылы жалған моральдың сайқал табиғатын әшкереледі. .

Міне сондықтан да, 1982 жылы Кафканың «Әкеме хат» атты шығармасы бойынша Мәскеудің көркем театры әзірлеген қойылымы кеңестік цензураның сүзгісінен өтпей, оның көрсетілуіне тиым салынған-тын.

«Әкеме хатты» қайта-қайта оқығаннан кейін барып қана мен жазушының әңгімелері мен романдарындағы айтылатын ойларының негізгі дәнегінің осы бір хаттың астарында бұғып жатқанын түсінгендей болдым. Егер бұл хатпен таныс болмасаңыз, Кафканың ғажайып туындыларын білемін деп, мақтанбай-ақ қойыңыз. Бәрібір сіз ештеңе түсінген жоқсыз. Ой-түйсігіңіз бірдеңені сезген күннің өзінде де, айсбергтің бергі жағын ғана көріп қайтты.

Кафка сталинизм дәуіріндегі миллиондаған адамдардың тағдырын тәлкек қылған репрессияны да, қоғамның санасын тоқыратқан тоталитаризмді де көрген жоқ. Бірақ Кафка осылардың бәрін де өз шығармаларында көрегендікпен жазды. Жазушы өмірден өткеннен кейін ондаған жылдардан соң Кафканың туындыларындағы суреттелген зұлымдықтар тарихта айна-қатесіз қайталанды. Дегенмен, келешекте әлемнің қанын судай ағызатын осындай сұмдықтардың болатындығын сезінуіне жазушыға қандай жағдайлар әсер етті екен? Қандай?

Келісу немесе келіспеу шарт емес. Бірақ біздің пайымдауымызша, дүниенің санасын сайтан билеп бара жатқанын түсініп, келер ұрпақтың көзқарасымен санасқысы келмейтін әкелердің қолындағы шексіз биліктің қоғамды қасіретке малшындырып, айықпас дертке душар ететінін жан-тәнімен сезінуі Кафкаға осындай шығармалар жазғызды. Әкесіне жазған хатында осы шындық Кафканың кіршіксіз таза жүрегінен ащы запыран болып ақтарылады:

«Сен өзіңнің шектен шыққан билігің туралы ойланған емессің. Әрине менің сөздерім де кейде сенің намысыңа тиетін, алайда мұндай жағдайда мен қатты қайғыратынмын, өзімді-өзім ұстай алмай, қапелімде аузымнан шығып кеткен сөздерім үшін өкінетінмін. Сен болсаң өз сөзіңмен ешкімді аямай ұратынсың, сол кезде де, кейін де сенің алдыңда мен өзімді дәрменсіз сезінетінмін..

Айғаймен ғана шектелмей сен ылғи да мені қорқытуға тырысатынсың. «Мен сенің быт-шытыңды шығарамын» деп, зекіген кезіңде ештеңе болмайтынын біле тұрсам да күндердің-күнінде айтқаныңды істейсің бе деп ойлап, сенен қатты үрейленетінмін. Сен емес, ылғи тек мен ғана бәріне кінәлі болып шығатынмын.» (Франц Кафка «Өсиет» (Завещание) Петербор қаласы, Азбука классика, баспа үйі, 264 ші бет)

Әкелер қалыптастырған жалған мораль салтанат құруы үшін ақиқаттан аттап кетуге болмайтынын Кафка мейлінше терең түсінді. Жұрттың бәрі қаймығып жүрген шындықтың бетіне жазушы тура қарады. Жалған моральдың шексіз үстемдігі зұлымдықты туғызады екен. Ылғи тек әкелереміздің айтқанымен жүріп, солар секілді ғана ойлаудың, әлемнің санасын тоқыратып, қасіретке әкеле жатқанын алғаш сезінген жазушы да Кафка болды.

ХХХ

Кафканың мұражайынан жазушының «Еңбекпен түзеу мекемесінде» атты әңгімесінің қолжазбасын көріп, әлдебір жайттар санамда қайта тірілді. Дәл осы сәтте Кафканың әкесіне жазған хаты мен аталмыш туындысының арасында рухани байланыстың бар екенін түсініп, ойым сан-саққа жүгірді.

...Миллиондаған адамдардың қанын судай ағызған, әлемге қасірет шеккізген зұлымдықтар мен жауыздықтар адамдардың рухани азаттығын сезіне алмағандығынан туындаған. Халықты қан қақсатып, зар илеткен жауыздардың қай-қайсысы да билік басына, тәуелсіздік идеясын ұрандатып, адамдарға бостандық әпереміз деп келген. Әйткенмен, солардың бәрі қайта тіріліп келсе де өздерінің қателіктерін мойындамас еді. Өйткені, шексіз билікке қол жеткізіп, халықты мәңгі-бақи билеп-төстеуді мұрат қылған олар, ешқашан да өздерін жауызбыз деп есептеген емес. Қайта керісінше олар өздерін халықтың құтқарушысымыз деп ойлаған. Елді зар жылатқан тирандардың бәрі де халық тәуелсіздікке менің арқамда қол жеткізді деген идеяны жалаулатып, тарихты өзінен бастамақ болған. Маған сенбесеңіз тарихты қайтадан оқып шығыңыз. Наполеон, Ленин, Сталин, Гитлер.. секілді тирандар, өздерін халықтың рухани әкесіміз деп сезінген. Өкше басар ұрпақтың қалай өмір сүргісі келетіндігімен санаспай, олардың рухани азаттығына кісен салған.

Билікке тоймаған өзімшіл тирандардың шексіз мүмкіндігі, аға буынның азып-тозуына әкеліп, неше түрлі зұлымдықтарды туғызған. Ақыр соңында «жұрттың бәрі мен секілді ойлауы тиіс» дейтін зорлық-зомбылық идеясы үстемдік құрып, қоғамның азғындыққа салынуы етек алған. Жұрттың бәрін бір партияның қатарына топырлатып кіргізіп, саясат бір адамның жұмса жұдырығындағы, ашса алақанындағы ойыншығына айналған.

Франц Кафканың «Еңбекпен түзеу мекемесінде» атты әңгімесінде осы бір шындықтың бояуы қанық, айшығы анық етіп суреттеледі. Аталмыш әңгімеде еңбекпен түзеу мекемесін көруге келген саяхатшының адам өлтіретін машинамен қалай танысқаны жан-жақты баяндалады. Осы мекеменің полицейі, еңбекпен түзеу мекемесін көруге келген саяхатшыға машинаның қалай жұмыс істейтіндігін айызы қанып әңгімелейді. Машинаның жақсы жұмыс істейтінін дәлелдеу үшін ақыр соңында оның астына өзі түсіп өледі.

Әңгімені оқып шыққаннан соң бойыңды үрей билеп, мұндай оқиғаның өмірде болуы мүмкін емес деп, жазушымен келіскің келмей кетеді. Бірақ өткен тарихымызға көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, мұндай ахуалды күні кеше ғана басымыздан кешкеніміз еріксіз есімізге түседі. Жалған моральдың үстемдік құруы үшін, миллиондаған адамдар кеңестік идеология ойлап тапқан машинаның астында азаптап өлтірілді емес пе? Және осылай азап шегіп өлуді ерлік санадық, келер ұрпаққа үлгі еттік.

Бала күнімізде Кеңес Үкіметінің қалай орнағаны туралы әкелеріміздің жазған шығармаларын оқығанымызда, сол уақытта дүниеге келмегенімізге қатты өкінетінбіз. Шіркін-ай, оқыған әңгімелерімізде суреттелген байлар мен молдалардың шыбын жанын шырқыратып, өз қолымызбен атып өлтірсек деп армандайтынбыз. Өтірік пе? Жарық дүниенің есігін аша салысымен әкелеріміз бізді осындай жауыз идеологияның бесігінде тербетіп, тәрбиеледі. Басқаша сөзбен айтқанда, біз Кафканың әңгімесіндегі суреттелген ең биік шыңға көтерілген зұлымдықты көзімізбен көріп, арқамызбен сезініп, тіпті, керек десеңіз сол жауыздық идеологиясын бойымызға сіңіріп өскен ұрпақпыз.

Кафканың «Процесс» романы туралы мақала жазған әдебиеттанушылардың көбісі жазушының сталиндік режимді көрегендікпен суреттегеніне жиі тоқталады. Кафканың бұл туындысында романның басты кейіпкері Иозеф.К жауапқа тартылып жатады, алайда қандай қылмыс жасап қойғанын өзге түгіл, оның өзі де білмейді. Әрине ол жазықты емес екенін дәлелдеп, ақталғысы келеді, бірақ не үшін ақталу керек екенін түсінбейді. Адвокаттар оның жағдайының өте мүшкіл екенін айтады. Бірақ соған қарамастан Иозеф.К газет оқып, әйелдерге барып көңіл-көтеріп, өмір сүріп жүре береді. Бір күні оған жақсы киінген екі адам келіп, олардың соңынан еруін сұрап, қаланың сыртына апарып, мойнына пышақ салып өлтіреді. Иозеф. К ның «Ит секілді» деп, айтып, жан тапсыруға ғана мұршасы келеді.

Терең ойдың тұңғиығына батыратын «Процесс» романын оқығанымызда расында да ең әуелі көз алдымызға сталиндік зұлмат кезеңі елестейді. Сталиндік дәуірде адамдардың бәрі де не үшін жауапқа тартылып жатқанын білмей дүбара күйде өмір сүрді емес пе? Олардың бәрінің де үстінен процес жүріп жатты. Адамдар өздеріне байланысты шығатын үкімнің қашан орындалатынын ғана күтіп, алаңдаумен болды. Сталиндік зұлматтың ауыр зобалаңын басынан кешіріп, тауқыметін тартқан орыстың ғажайып ақыны Анна Ахматова Кафканың шығармаларын оқып шыққаннан кейін, бұл жазушы мен туралы және мен үшін жазған екен дегенді бекерден-бекер айтпаса керек. Бұл туралы Анна Ахматова өзінің бір өлеңінде ағынан ақтарылып, былайша сыр толғаған болатын:

Другие уводят любимых,-

Я с завистью вслед не гляжу.

Одна на скамье подсудимых

Я скоро полвека сижу.

Вокруг пререканья и давка

И приторный запах чернил.

Такое придумывал Кафка

И Чарли изобразил.

И в тех пререканьях важных,

Как в цепких обьятих сна,

Все три поколенья присяжных

Решили: виновна она.

Меняются лица конвоя,

В инфаркте шестой прокурор..

А где-то темнеет от зноя

Огромный небесный простор,

И полное прелести лето

Гуляет на том берегу..

Я это блаженное «где-то»

Представить себе не могу.

Я глохну от зычных проклятий,

Я ватник сносила дотла.

Неужто я всех виноватей

На этой планете была.

Расында да Ахматованың осы бір өлеңі «Процесс» романының рухын дәл беріп тұрған жоқ па.

Кафканың шығармаларында оқиғаға баға беру немесе өзінің көзқарасын білдіру деген атымен кездеспейді. Оның ешкімге ұқсамайтын жазу шеберлігінің басты ерекшелігі де осында жатыр. Жазушы айтқысы келген ойын символдар арқылы жеткізеді. Кім біледі, кезінде әлем Кафканың туындыларындағы символдарға назар аударып, одан тағылым алса, мүмкін тарихтың доңғалағы басқаша жүріп, қазақ халқын зар жылатып, талай боздақтарын жер жастандырған, сталиндік зұлмат болмас па еді.

Алайда соған қарамастан Франц Кафка сталиндік зұлматты суреттедім деп әсте ойлаған емес. Жазушы бір сәтке зұлым әкелер билік басына келсе, қоғамда қандай қасіреттердің болуы мүмкін екенін көз алдына елестетіп, ой елегінен өткізіп көріп, соны қағаз бетіне түсірген болуы керек. Шындығында «Процесс» романының басты кейіпкері, символдық бейне Иозеф.К -жазушының өзі. Ал, оның ісін қарап, процесті жүргізіп жатқан екінші символдық бейне - Кафканың әкесі.

Әке бала менікі, сондықтан да оның тағдырын, қалай өмір сүру керектігін, тіпті, келешекте кім болатынын да шешетін мен болуым керек деп ойлайды. Бұл әкенің баласын жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстағысы келетін шексіз билігін туғызады. Мұның аяғы қоғамның іріп-шіруіне алып келеді. Ақыр соңында маразм басталады. Ұрпақтың ауысуы, биліктің жаңарауы керектігін түсінгісі келмейтін әкелер енді өзінің балаларынан өш алуға кіріседі. Өзіндік ой пікірі барларға күндердің-күнінде біреулер келеді де, Кафканың «Процесс» романындағы Иозеф К. ны өлтіргендей, қаланың сыртына апарып, ойламаған жерден ту сыртынан пышақ салып, немесе оқ атып, жанын жаннаттан бір-ақ шығарады.

Кафканың күнделіктерін оқысаңыз өзін билеп-төстегісі келген әкесінен зардап шеккен жазушының қатты күйзеліске ұшырағанын түсінесіз. Жазушылық Кафкаға ауыр азап пен қайғы-қасіреттің уын ішкізген екен-ау!

«Түрлі себептерге байланысты мен әдебиетке толық беріле алмаймын. Отбасындағы жағдайлардан басқа мұның басқа да себеп-салдарлары бар. Әдеби еңбекпен айналысу арқылы жан бағу маған өте қиын. Өйткені менің шығармаларымның бәрі де ұзақ уақыт ойланып -толғанудың нәтижесінде ғана дүниеге келеді. Кездейсоқ табысқа күн көруді менің денсаулығым көтермейді. Сондықтан да мен әлеуметтік сақтандыру қоғамында қызмет атқарып жүрмін. Бірақ бір-бірінен табиғаты мүлде бөлек бұл екі қызмет, мені бақытсыз қылды. Осы қызметтің біреуінде бақытқа бөленуім, екіншісіне кері әсерін тигізіп, мені ылғи да бақытсыздыққа душар етеді. Егер мен кешке таман бір дүние жазсам, жұмысқа барғанда күйіп-пісіп ештеңе істей алмай жүремін. Осы бір толқуларға шыдау, күн өткен сайын ауыр болып барады». (Франц Кафка, «Күнделіктер» (Дневники) Мәскеу, Хранитель баспасы, 33 ші бет)

Кафка да әлемдегі ұлы жазушылар Бальзак, Достоевский, Эдгар Полар секілді ештеңеге алаңдамай, шығарма жазуды өмір-бақи армандады. Алайда Кафканың әкесі баласының жазушы емес, өзі секілді саудагер болғанын қалады. Өмірдегі күйзелістердің бәрінен жаны әбден шаршаған Кафка ақыр соңында өзін жәндік секілді сезіне бастайды. Осылайша Кафканың ең әйгілі әңгімесі «Құбылыс» (Преврашение) дүниеге келді. Басқаларын білмеймін, Кафканың осы әңгімесін қайта оқығанымда, әкемнің кейбір достарының алдына барып, өзімді жәндік секілді сезінген кездерім есіме түсті. Тіпті, әкемнің өте күшті бір досының бір үлкен қызметтен дәмелендеріп қойып, уәдесін беріп, ермек қылып менімен жәндік секілді ойнаған кезі де болған.

Кейде маған Қазақстандағы жастардың бәрі де жәндікке айналып бара жатқан секілді көрінеді. Құдайшылығын айтыңызшы, өз Отанында өгей баланың күйін кешіп, келешектен күдері үзілген жастардың жәндіктен қай жері артық? Дөкей әкелеріміздің жақсы өмір сүруі үшін, үйлері қиратылып, далада қаңғырып қалған қарапайым халықты көрген сайын, адамдық құқығынан айырылып, жәндіктердің қатарына қосылған қазақтарды көргендей жаным күйзеледі.

Кейде ойлаймын, басқалар емес, құдайым-ау, өзіміздің әкелеріміз сағымызды сындырып, жер асты, жер үсті байлығымызды келімсектерге тонатып, тілімізді сорлатып, жастарды үй сатып ала алмайтын бейшара жағдайға жеткізіп, зиялыларымыз ас ішіп, аяқ босатудан әріге бара алмай, рухымыз күйрей берсе, күндердің-күнінде үйімізде отырып-ақ біздің бәріміз Кафканың жәндігіне айналып кетпейміз бе?!

Білмеймін. Әкелеріміз айтсын!

P.S. Кафканың мұражайынан шыға салысымен Праганың шетіндегі Едігенің үйіне келдік. Едігенің әйелі Алтынның әзірлеп қойған тамағына тойып алғаннан кейін, қыдырыстап қайту үшін үйдің жанындағы саябаққа бардық. Саябақта келе жатып, байқаусызда бірдеңені басып кеткенімді сезіп, аяғымның астына қарадым. Әлі өле қоймаған, қара қоңызға ұқсайтын бір жәндік жерде тырбаң-тырбаң етіп жатты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар