Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
31 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ

31.07.2017 1494

31 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ

ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕР

1906 - Иван Петрович Шухов жазушы, аудармашы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген Иван Шухов Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтын бітірген. Ол қазақтар мен орыстар достығына, тарихи оқиғаларына көптеген шығармаларын арнайды.

Жазушының шығармашылығына әйгілі Максим Горькийдің өзі үлкен баға берген.

Жазушы сонымен қатар, көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, қазақ қаламгерлерінің бірнеше туындыларын орыс тіліне аударған. Оның ішінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев сынды жазушылар бар.

«Халықтар достығы» орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

1965 — Джоан Кэтлин Роулинг, ағылшын жазушысы, әйгілі Гарри Поттер жайлы кітаптың авторы.

Йейт атты шағын қалашықта дүниеге келген жазушының анасы қыздарын қатты жақсы көретін. Барплық уақытын соларға бөліп, түрлі кітаптар оықп беретін. Содан ба екен, кішкентай бес жасар Джоанна балаларға арналған кітаптардың түгелге жуығын жатқа білетін. Ал алты жасында ол анасына қояндар жайлы өзінің алғашқы әңгімесін көрсетеді.

1990 жылы оның анасы 45 жасқа қараған шағындап қайтыс болады. Бұдан соң жазушы Англиядан Португалияға кетіп тынады. Португалияда ол түс уақытынан кешке дейін сабақ беріп, ал таңертең жазуға отыратын. Екі жылдан соң Джоан Хорхе Арантеса атты журналистке тұрмысқа шығады. Бір жылдан соң олардың қызы дүниеге келеді. Бірақ, жазушының бақыты ұзаққа бармайды. Сол жылы ол күйеуімен ажырасады. Бұдан кейін жазушы Шотландиядағы Эдинбург қаласына көшіп келеді. Ол қалада өзінің кіші сіңлісі тұратын.

Эдинбург қаласында Джоанна сіңлісінің күйеуінің иелігіндегі «Николсонс» кафесіне барып, өзінің әйгілі «Гарри Поттер» жайлы кітабын жазуға кіріседі. «Гарри Поттер және философиялық тас» атты алғашқы шығармасы 1997 жылы маусымда жарық көреді. Кітап жарық көре салысымен ешкім танымайтын жазушының атағы дүрілдеп, сенсациялық жаңалыққа айналады. Оның кітабы Ұлыбританияда жылдың үздік балалар кітабы деп қабылданады. Жазушы артынша «Гарри Поттер және құпия бөлме» (2000), «Гарри Поттер және Феникс Ордені» (2003), «Гарри Поттер және жартылай патша» (2005) кітаптарын бірінен соң бірін жариялай береді. Жетінші соңғы романын, яғни, «Гарри Поттер және өлім сыйы» туындысы Ұлыбритания мен АҚШ-та және өзге де үлкен мемлекеттерде 2007 жылы сатылымға шығарылады

1998 жылы Warner Bros киностудиясы Джоаннаның екі романын экранға шығару үшін сатып алады. Гарри Поттер жайлы романдары 60-тан астам тілге аударылып, әлем бойынша 250 миллионмен таралған.

2004 жылы Джоан Роулинг Ұлыбританиядағы ең бай әйелге айналады. Ол көптеген әдеби сыйлықтардың, марапаттардың иегері болады. Соның ішінде Nestle Smarties Gold Award (үш рет), British Book Awards, Children's Book Award (екі рет), The Booksellers Association/The Bookseller Author of the Year Award (екі рет), Scottish Arts Council Children's Book Award (екі рет) иемденеді.

2000 жылы Роулинг Британс Империясының орденімен марапатталады.

ДҮНИЕДЕН ОЗҒАНДАР:

1784 — Дени Дидро, француз жазушысы, философ, драматург.

1713 жылы 5 қазанда Лангр қаласында қолөнершілер отбасында дүниеге келген Дени Дидро біраз жыл бойы француз және бүкіл Еуропа мәдениетінің дамуында үлкен рөл атқарған «Энциклопедияны» басқарады. Оның ''Ғылымдар, өнер және қолөнер энциклопедиясы'' атты еңбегі француз елінде көптеген дауғап қалады.

Дени тұжырымы бойынша адам өзін жақсы көруі тиіс. Ол адамның өзін сүюі жақсы қасиет деп санайды. Оның «Философиялық ойлар, Аллеядағы Скептиктің серуені», «Соқырлар туралы хат» секілді ірі шығармалары әлемге танымал.

1849 — Шандор Петефи (шын есімі Александр Петрович), Венгрия ақыны.

Ақынның «Маскүнем», “Дунайда” атты тырнақалды туындылары 1842 жылы тамыз айында жазылса, «Сұмырай заманда» атты соңғы шығармаларының бірі 1849 жылы шілдеде жазылған болатын. Осы уақыт ішінде ол 85 дастан-жыр, 3 әңгіме, 2 драма, 1 роман жазып қалдырады. Оның «Өлеңдер» aтты тұңғыш жинағы 1844 жылы жарық көреді. Бұл жинағында ақынның қоғамға көзқарасы айқын көрініс тауып, қоғамдық-саяси ахуалдарға да бей-жай қарамай, өзекті мәселелерге арналған өткір мақалалары, хаттары, күнделіктері, аудармалары да ел назарын аудартып, көпшіліктің талқысын тудырады. Петёфидің шығармашылығының арқауы ретінде азаттық пен сүйіспеншілік, қатыгездікке қарсылық, махаббат болды.

Оның азаттық үшін күреске үндеген өлеңдері сол заманда жалынды жорық жырларына айналып, халқын тәуелсіз венгр мемлекетін құруға шақырды.

Ақынның махаббат тақырыбында көптеген жырлар жазып, оның лиризмге толы шығармашылығын қалыптастырды. Сондай-ақ, ақын ірі рухты романтизмнің өкілі болды.

Әрі философ, әрі ақын болған қаламгердің жырлары әлемнің көптеген елдеріне аударылып, қазақ тілінде М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, сынды ақындар сөйлеткен болатын.

Айтулы оқиға

Бүгін Джоан Роулингтің ғана емес, оның әйгілі кейіпкері Гарри Поттердің де туған күні. Әр жыл сайын жазушының жанкүйерлері шілденің соңғы күнінде бүкіл әлем бойынша Гарри Поттердің туған күнін атап өтеді.

Егер Джоан Роулинг ойлап тапқан ресми хронологиясына сенсек, Гарри Поттер 1980 жылы 31 шілдеде дүниеге келген.

Дайындаған: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар