Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кітаптың көз жасы

31.07.2017 5769

Кітаптың көз жасы

Бізді кешіріңдерші...

Кеше жұмыстан шаршап шығып, поезға (Мәскеу метросы) міндім. Келесі станциядан түсетін болғасын есікке жақындадым. Есіктің әйнегінен шашының желке тұсын тықырлап алып тастаған, жирен сақалды, ұзын бойлы орыс жігіттің кітап оқып тұрған бейнесін көрдім. Қазір поездың тоқтайтынын біліп, түсуге дайындалып тұрмын әрі «қандай кітап оқып тұр екен?» деген қызығушылық та жоқ емес. «Кескін-келбеті програмистке ұқсайды» деп ойладым. Артыма бұрылып, кітаптың мұқабасына қарадым. Тесіліп қарасам керек, «Кобо Абэ» деп жымиды жігіт. Ойымды жинақтай алмай «Меніңше, сіз әдебиетші емессіз» дедім. «Әрине, әдебиетші емеспін. Компьютер саласының маманымын» деді ол. Онымен асығыс қоштасып, поездан түсіп қалдым.

Мәскеу метросында кітап оқып отырған адамға ешкім таңғалып қарамайды. Дәрігер де, математик те, студент те, қарапайым жұмысшы да кітап оқып отырады. Олардың көбіне классикалық шығармаларды оқитынын байқадым. Үйге жеткенше өзіме «Біз қашан кітап оқуға ораламыз? Кітап оқу мәдениетін қайтсек қалыптастырамыз?» деген сұрақтарды қоюмен болдым.

Үйге келгенде қабырғадағы сөреде жетімсіреп тұрған кітаптарға көзім түсті. Джек Лондон, Пушкин, Байрон, Некрасов, Аврамов, Золяның көп томдығы ... Бұл кітаптардың иесі Сергей осыдан он жыл бұрын дүние салған. Қысқасы, біз тұрып жатқан пәтердің өз тарихы бар. Сергей соғысқа қатысып, бір аяғынан айырылып келіпті. Сергей мен әйелі Надежданың баласы жоқ. Надя мүгедек шалын баласы секілді аялап күтіпті. Надежда өлерінен бір жыл бұрын аула сыпырып жүрген орыс әйелмен танысып, екеуі жақын араласып кетеді. Ксенияны күнде үйіне шақырып, Сергей атай екеуіне шай береді. Надя Ксенияға «Мен өлсем, Сергейге қамқор болшы, оны жалғыз тастамашы» деп өтінеді. Надежда дүние салғасын Сергей Ксениямен бас қосады. Сергей екі бөлмелі пәтерінің бір бөлмесін досының ұлына, бір бөлмесін Ксенияға қалдырады. Бүгінде мына жалған фәниде Сергей де жоқ, Надежда да жоқ, бірақ олардың үйіне талас әлі біткен жоқ.

Қабырғада жетімсіреп тұрған кітаптар ғана ешкімге керек емес. Оларға ешкім таласпайды. «Бұл кітаптар енді менікі болады, мен алам» деп ешкім оларға сұқтанып қарамайды. Кітаптарға көзім түскен сайын олар адамдардың ашкөздігіне, тойымсыздығына мүсіркей қарайтындай бойым тітіркеніп кетеді... «Бізді кешіріңдерші, біз осындай тойымсыз жаратылыспыз» деп олардан кешірім сұрағым келеді...

Уақыттың көз жасы

Әлі есімде, Алматыда тұратын кезім, Сейфуллин көшесінің бойымен жаяулатып келе жаттым. Көше бойында отырған атайға көзім түсті. Ақша ұсынып, қасынан өте беріп едім, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқи жөнелді. Кілт тоқтадым. Жо-жоқ, ол қайыршы емес! Ол мына қатігез әлем мен өзінің жандүниесінің арасынан ешқандай үйлесімділік таба алмады. Ол мына қоғамның кітаптан алыстап бара жатқанын түсінді. Өзін іздеп аласұрды.

«Мен қайыршы емеспін, мен қайыршы емеспін» деп күбірледі. Өткен-кеткенге алақан жайып отырған күйінен намыстанатынын, өмір сүрудің басқа «формасын» таппай жаны аласұратынын түсіндім. Оның жанарында терең мұң бар еді. Оның жанарындағы мұң – жоқшылық пен кедейшіліктің «таңбасы» ғана емес, мына әлеммен үйлесімділікте өмір сүре алмай, мына қоғамның қағидаларымен «ойнай» алмай, шаршаған адамның мұңы еді.

Қария Мұқағалидың өлеңдерінен басқа, Қадырдың, Тұманбайдың өлеңдерін де жатқа оқыды. Оның жанын ауыртудан қорқып, онымен әңгімелескім келмеді. Аяғымды тез-тез басып, қасынан өте шықтым. Ол жолмен жиі жүрсем де, қарияны ешқашан кездестіре алмадым...

Кітапқұмар, романтик әрбір адамды аямаймын. Олар кітаптың, уақыттың көз жасын сезінеді...

...Алдыңғы жылы елге бардым. Алматының көшелерінде ұзақ жүрдім. Жетпістерді алғымдаған қарт аяқ киімінің сыртынан пакет «киіп» алыпты. Қарт тым жұпыны киінген, одан кедейліктің исі шығады. «Аяқ киімді қайткенде ұзақ киемін» деген ниеттен туса керек.

– Ата, байқаңызшы, құлап қаласыз, – дедім.

– Құласақ, құлайық, етігім жыртылса, жалаңаяқ қалам ғой, – деді кейісті үнмен.

Өзім де қариядан басқа жауап күтпеп едім. Қария – Шекспирді, Абайды, Пушкинді жатқа оқыған буынның өкілі ғой. Өзі де жата-жастана кітап оқыған шығар... Қазір ешкіммен оқыған кітабын талқыламайды, етігі жыртылып, жалаңаяқ қалудан қорқады. Күнкөріс еңсені басқанда кітап кімге керек?..

Қош келдің, кітап!

Өткенде метрода екі жағымда отырған қыз бен жігіт электронды кітап оқып отырды. Менің бір әдетім: метрода қасымда отырған адамның кітабына көз жүгіртіп отырам. Жігіт Драйзердің «Қаржыгерін» оқып отыр екен, ал қыз Акунинді оқып отыр. РУДН-де, біздің топта Акунинмен «ауыратын» бір орыс қыз бар еді. Магистрлік диссертациясын да Акуниннің шығармашылығынан қорғады. «Акунинді қайталап оқи берем, еш жалықпаймын» дейтін. «Егер үйленем десе, екінші әйелі болуға да қарсы емеспін» деп күлетін. Ал мені Акунин «еш тартпайды». «Қаржыгерді» бұрын оқып тастасам да, жігітпен бірге кітаптың бетін «бірге парақтадым». Жігіт өзімен бірге менің де кітап оқып отырғанымды, әрине, сезді. Мені оқып үлгерсін дей ме, басқа бетке өтерде көз қияғымен маған бір қарайды.

– Бас кейіпкердің бала кезінде көтерме бағаға сабын сатып алып, оны таныс сатушысының дүңгіршегіне апарып, үстіне ақша қосып, сататыны есімде қалыпты, – дедім орыс жігітке «алаңсыз кітапты оқи бер, мен бұрын оқып тастағам» дегенді меңзеп. (Бір қызығы, есімде «Қаржыгердің» басты кейіпкерінің алғашқы табысы ұмытылмастай қалып қойған)

– Ақылды бала, – деп жымиды орыс жігіт. – Болашақ үлкен қаржыгер алғашқы ақшасын солай тапты. Кәсіби саудагердің өзін алдап кетті, – деп күлді.

...Есіме осыдан біраз жыл бұрынғы оқиға түсті. Елбасы отандық телеарнаға берген бір сұхбатында «Драйзердың «Қаржыгерін» оқып жатырмын» деген еді. Сол кезде Алматы дүкендерінде оқырмандар «Қаржыгерді» көп сұрапты, тіпті кітап қалмай, Ресейден қайта-қайта алдырып, кітап саудасын жақсы жүргізген екен. Сол уақытта Алматыдағы бір автобустың кондукторының қолынан да «Қаржыгерді» көріп едім. Сонда кондуктор жігітті әңгіме тартқым келіп, бас кейіпкердің алғашқы табысы туралы айтып едім.

Кондуктор бетіме тесіле қарап: – Оның дүниеқоңыздығы дәл сол жерден басталады, – деп дүңк етіп еді.

Екі оқырман, екі түрлі көзқарас...

...Мәскеудегі орыс таныстарым: «Біраз жыл бұрын халық күнкөрістің қамымен кетіп, кітап оқымайтын. Сол кезде әдебиетшілерде «қоғамға әдебиет керек емес пе?» деген қатты алаңдаушылық болатын. Қазір біздің танымал жазушылар «қайтсем кітабымды өткізем деп емес, қайтсем кітабымнан пайда табам» деп ойлайды» дейді.

Бәлкім, бүгінгі қазақтың дүниетанымын, ойлау жүйесін, психологиясын танытатын кітап жазылмай жатқан шығар?

Қазақ – кітап оқитын халық па?

«Әмірхан Балқыбектің бір өзі әдебиет институтының жұмысын атқарды» деген сөзді жиі айтамын. Десе де, Әмірхан Балқыбектің көп оқитынына, білімділігіне ешқашан таңғалмағанымды жасырмаймын, мұны өзі де біледі. Ақын-жазушы боламын деген амбициясы бар жастар мен ақын-жазушы, әдебиетші деген «статусқа» ие әрбір тұлға кітапты өзге мамандық иелерінен әлдеқайда көп оқуға тиіс екенін бәріміз білеміз. Өкінішке орай, бізде көп оқу – «мода». Әмірхан аға «Біздің көптеген танымал ақын-жазушылар кітап оқымайды. Біздің әдебиетіміздің трагедиясы да – осы» деп ренжитін. «Әлеуметтік зерттеу бойынша, орыстар – кітап көп оқитын халықтың көшін бастап тұр. Біздің халық қашан кітап оқитын халыққа айналады. Сол күнді көргім келеді» дейтін.

Рас, орыстар – кітап оқитын халық. Бірде метрода Агата Кристидің кітабын оқып тұрған жас орыс қызын көріп, «Әлі де Агатаны оқитын жастар бар екен» деп ойладым. 1970 жылдары Агата Кристидің кітаптарының екі миллиард данасы сатылғаны жыр болған еді.

Есіме бұрын бір жерден оқыған мына оқиға түсіп отыр. Оқырман кітапты таласып оқитын уақытта бір адам мейрамханаға келіп, тамақтанып болғасын даяшыны шақырып, қолына «Досым! Менің ағама әке мен баланы берші» деген тілдей қағаз ұсынып, мейрамханаға келушілерге көрсетуін өтінеді. Даяшы да, басқа мейрамхана қызметкерлері де таңғалмайды. Себебі, олар бұл адамның Дюмалардың (әкесі мен баласының) кітабын сұрап жатқанын бірден түсінеді.

Қазір Дюмалардың ең таңдаулы романдары кітапханада тізіліп тұр. Оларды оқырман кезекке тұрып оқымақ түгілі, соңғы рет оқырман осыдан екі-үш жыл бұрын оқыған.

2015 жылы әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, АҚШ кітап көп оқитын мемлекет көшін бастаса, ең соңғы тізімде Сауд Арабиясы тұр. Әрине, әлеуметтік зерттеу жүргізгенде халық санын да есепке алады. Мысалы, бес миллионнан асатын халқы бар Финляндия – кітап оқитын мемлекет. Халқы он миллионға жетпейтін Венгриядан бірнеше Нобель сыйлығының иегері шықса, соның бірі – Имре Кертес, ол 2002 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Нобель алды. Ал мен «Қазақ жазушысы қашан Нобель алады» деген сұрақты қойғым келмейді.

Қазақ кітап оқитын халық па? Ойландырады...

Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар