Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Әңгіменің шебері ...

01.08.2017 8713

Әңгіменің шебері

Әңгіменің шебері     - adebiportal.kz

(Думан Рамазанның қос әңгімесі қақында)

Қазіргі қазақ әңгімесі бұрынғы ресейлік-кеңестік мәнерде жазушылардың, қазақша ойлап, орысша ой толғайтындардың сөз қолданысынан еректеніп, тәуелсіздік дәуірі соны серпін, тың серпіліс берген метатілден тұрады. Қолына қалам ұстап, сөз киесінің құдіретті мөрі маңдайына басылып, жүрегіне жазылған жазушы талант талайының деңгейіне қарамай екі ережеге бағынады: оның бірі – өнер (бодандықтан ада қазақ мәдениетінің эстетикалық гүлденуіне өз үлесін қал-қадірінше қосу), ал, екіншісі – шығармашылық азабы (кез келген алаш авторының жеке шығармашылық тұлға ретінде өмірге әкелген туындысын өңдеуі, жаңа тың ізденістермен толықтыруы, бұрынғы аға әдебиет (батыс және орыстық мәдени кеңістікке жалтақтамай) өзіндік кемелдену жолына түсуі).

Бүгіндері кемеліне келіп, ұлттық прозаның жоғын түгендеп, барының бағын асырып жүрген орта буын өкілдері оқырман назарына шығармашылық жобалары мен шешімдерінің жиынтығын соңғы 10-15 бес жылда жаңаша мәнермен ұлттық әңгімелерінің жаңа тұрпатын ұсынып үлгерді. Заманалық қазақ прозасындағы көзге шалынатын авторлық ұсынымдағы жобалар мен шешімдер бұрынғы әңгіме бойында атойлап тұратын: тәлімгерлік пен куәгеріліктің қатарына мұрнынан сүйреп әкеліп, мәтіндегі автор елесінің сүлделі үнін қосты. Бұрынғы бір жақты ақылмандық автор үні жаңаша исламдық және экзистенциялық ой түйіндеуді қосыла өрбіткен сәтте, қаламгер – абызға, ғалым – шырақшыға айналып шыға келеді. Осы шырақшы (ғалым-оқырман) өзі оқыған әңгімесіне бір мәнді ой білдірсе, автор өз кезегінде қайсысына жабысарыңды білмей дал қылатын – көп ойлы болып келетін түйіндеулер жасайды.

Абай Еуропа ағартушылық прозасының белді өкілі Ричардсонды оқыды ма, оқымады ма, оны біз білмейміз. Бірақ ұлтпен өлеңмен емес, қара сөзбен сұхбаттасуды бірінші рет төл әдебиетімізде өмірге әкелді. Оның қара сөздері мұқыммұсылмандық концепциялар ұлттық дүниетаныммен біте қайнасқан философия-дидактикалық новеллалар тізбегі. Бірінен-бірін бөле алмайсың, ал, қазіргі танымал қаламгерлер, қазақ қара сөзінің зергерлері осы үрдісті басты шығармашылық ұстаным етіп өз жинақтарын жоспарлы түрде оқырман қауымға ұсынуда. Думан Рамазанның «Көш» жинағы осы үрдісті ұстанып, қазақ кейігмодернінің соңғы он бес жылдағы қол жеткен жетістігі ретінде ұлт оқырманына жол тартты.

Қаламгер – қоғам емшісі. Сондықтан автор тұлғасын кейбірде ұлт ұстазы ұғымынан жоғары қоюға тура келеді. Бұрынғы ата буын кеңестік дәуірді ұлықтап, «Талақ тану» секілді классикалық туындыны өмірге әкелді, бүгінгі қазақ әңгімесінде бодандықтан мәңгірген, бостандықтың парқын ұғынбаған қоғамды мансұқтау басты орынға шығып, ұлт жанының түкпірінде қорқақтай қонақтаған ұлттық рухты түртпектей оятуға барын салу орын алып отыр. Әрі алдының 4-5 дипломы бар милеттің зиялы оқырманына дәлмірсіп, ақыл айту қазақ әңгімесіне опа әпермейді. Сондықтан қазақ әңгімесі өзінің жаңа фазасы – емшілік және мәмілегерлік сатысына аяқ басты. Оны орта буынның қаламгерлері әдеби процеске енгізді. Әдебиеттану бұнымен санасып, өзінің құптауы мен қабылдамауын ашып мәлімдеуге тиіс.

Милеттік образ бен ұлт келбеті бойына байыздаған қазіргі қазақ прозасындағы автор дегеніміз – сөз саптаушының санаға сезіліп, ойға еленбейтін беймаза тұлғасы. Оны бірде – мистикалық, енді бірде – абыздық келбетте кезіктіреміз. Енді бірде тіптен қара үзіп, тек шығармадан алған жеке бастық әсеріміздің жетегінде ғана қаламыз. Асқар Алтай, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы сынды қаламгерлердің кесек туындыларын айтпағанның өзінде шағын әңгімелерін оқыған жеріңді жөніне қалдырып, қайыра басынан бастап оқуға мәжбүр боласың. Бұл не өзі?! Оқырман ойын арбаған қандай сиқыр?! Бар мәселе – орта буын қаламгерлерінің әуелі өзінің шығармашылық ғұмырындағы оқырманға ойын жеткізудің амалын тапқаны, осыдан шығарып, өз талантына тәу ететін оқырманымен сұхбаттастыққа түсе алудың кілтіне қол жеткізгені.

Бір қуаныштысы қазіргі қазақ әдебиеттануында сөз саптаушының тұлғасын жайына қалдырған ғалымдарымыз мәтін және беймәтіндік шығарма тіні мен кейіпкер әлемін жеке қарастырып, өз ойын алға шығаруға көше бастады. Соның нәтижесінде автор бейнесі көмескіленіп, айтылмай қалған ойлар оқырман қауымға ұсыныла бастады. Бұның жақсы жағы да бар, қаламгер қауым қарсы шығып өре түрегелетін жағы да бар. Жақсы жағы – автордың айтқан ойын құлпыртып жұртқа жеткізу, сөз иесінің қарсы шығатын жағы – шығарма авторының ойға алмаған дүниесінің ғалымдар тарапынан жария етілуі. Осы айтылмаған ойдың, бірақ, «мені танып ал» деп мәтін бойында жасырынған пікірдің автор деспоттығынан арылуы. Автор ендігі жерде өз шығармасының жеке дара иесі болудан қалды. Ғалымдар қазіргі қазақ әдебиеттануында сөз саптаушының тұлғасымен «мысық пен тышқан» ойнауға көшті. Солай десек те, рөлдер ауысып отырады. Осы рөлдің ауысуы арзан ойдың емес, парасатты пікірдің жетегінде кетуі керек-ақ?!

Гуманитарлық парасат алаңында пікірлер алуандығы туындап, батысшыл және ұлттық ділдегілер арасында мылтықсыз майдан орын алып жатыр. Осы ыңғайда кейігсонылықпен (постмодернмен) ілесе келген «Автор өлімі» концепциясы Орта Азиялық ғалымдардың төбе шашын тік тұрғызса, түрік ғалымдарының бұған еті үйренген. Батыс ақыл-ойы мың түрлендіретін «автор өлімі», қазақ үшін бар болғаны – байы тұрып әйелі сөйлейтін тірлік. Ендігі жерде қазақ гуманитарлық ғылымында автор бұрынғы әрі сөз, әрі ой иесі болу құқығынан айрылып, тек сөз егесі дәрегейінде қала бастады. Бұған кей қаламгерлеріміздің көнгісі келмесе де, әсіресе, жас ғалымдар тарапынан «бөгде сөзге» (авторлық туындыға) «ой егелік» ету (өз ойын таңу) процесі орын ала бастады. Қазақ әдебиеттануындағы «автор өлімі» ұғымы дегеніміз – автордың сөзі мен ойының қаққа жарылуы. Ендігі жерде сөз – автордікі болғанымен, ой – автордікі емес. Бірақ, осы «автор өліміне» қазақ ақыл-ойы дайын ба?! Ал, осы сөзге де, ойға да шығармашылық процесс кезінде басы бүтін иелік ететін автордың өзі – әрі саналы, әрі санасыз хат туындыгерлігін бастан кешеді. Саналылықпен туған рух түкпірінен шыққан сөзіне – қожайын болып қала берсе, санасыздықпен жүрек түкпірінен туған сөзінің тізгінін – ғалымға жетектетіп жібереді. Осы ғалымдар үйірден бөлектеп жетекке алатын жетім тай – «автор өлімі» парасат алаңындағы дау-дамайдың бастау көзіне айналайын деп тұр. Осы қоңырсыған шаладан зиялы қауымды (өрт салушы мен өртке оранушыға айналдырып) қақққа жаратын жалындаған өрт шығаратын ой айтуға қайсымыз дайынбыз!?

Қазіргі қазақ прозасындағы кез келген туынды – әдеби феноменге айналып отыр. Жаңаша көзқараспен шығармашылық иесінің өз туындысында не айтпақ болғанын зерделеуде классикалық оқырманнан алшақтау, неоклассикалық оқырманға жуықтау процесі орын алып жатыр. Ұлттық гуманитарлық ғылымдар тоғысында бұрынғы бірыңғай филологиялық, не болмаса бірыңғай лингвистикалық ой-толғаудан арылған жаңаша аңыстағы зерттеулер бой көрсете бастады. 1970 жылдарға дейінгі туындылар – классикалық, яғни, үлгілі-дидактикалық үрдісте жазылса, 1970 жылдардан кейінгі туындылар бірден болмаса да, мәтіндік-авангардтық, авторлық туындыгерлік мәнерде жазыла бастады. Бұрынғы проза өмірді алақанға салып айқындап берсе, бүгінгі проза белгілі бір сөз саптам аясында ғана қаламгер қолданған дәйексөздерге толы мәдени кодтар арқылы өз құпиясын ашады. Сонымен бірге, қазақ прозалық туындыларының жанрын тап басып айтудың мүмкін еместігі, қаламгердің жазу мәнеріндегі синкреттілік жазушыны эссеистке, философқа, мистикке, тіпті, ұлттық идеологқа да айналдырып жібереді. Қаламгерлеріміз тек өнердегі эстетиканың ығына жығылудан арылып, өздерінің мәдени кодтары арқылы қоғамдық өмірдің саяси болмысына да араласып отыр.

Белгілі бір ұлттық дүниетанымызға тән милет жадысындағы символдарға арқа сүйеген қазақ прозасындағы метатіл кейбірде өзін-өзі жоққа шығарушы да. Думан әңгімелерінде қазақи ұғым-түсінік таңбаланып өзінің көпқырлылығымен оқырманын дал қылады да, жазушының әңгімелеріне кімнің ықпалы, ненің дереккөз болып отырғаны біреуді сендірсе, келесі бір оқырманды күмәнмен қарауға жетелейді. Бұның себебі 1970 жылға дейін ұлттық әдеби процесте автор өз әңгімесінің әкесі мен қожайыны саналса, енді авторды шығармадан шететтіп, әдеби үрдісімізге дендеп енген «автоматты хат» ырқымен ғалымдар тарапынан «жетпеген жерін жеткізу» принципі орныға бастады. Бұл автордың туындымен шығармашылық байланысын үзіп, ендігі жерде «автоматты хат» түріндегі туынды және оқырман арасындағы парасатты қарым-қатынастың орнауына мүмкіндік береді. Өйткені, біз сөз иесі авторды емес, оның ақыл-ойының мұрагері болып табылатын бел баласы туындыны талдап отырмыз. Сондықтан бізге керегі – «Автор өлімі». Әрі оның «авторлық елесі». Туынды дегеніміз – рухани өнім, парасат азығы. Оны өз бетімен санасына қалай сіңіруді оқырман өзі біледі. Бір нәрсе айқын не автордың жетегіне ілесеміз, не авторды естен тарс шығарып, туындының жетегіне ілесеміз. Осы тарс естен шығару кезінде «авторды босағадан сығалатып», өз жанымыздан жаңа туынды тарихын жазып шығаруға қол жеткіземіз. Туындыға бір ғана көзқарас тұрғысынан диктатуралық билік орнатуға болмайды. Тек авторлық диктатураны құлатып, оның орнына әр қилы, әр түрлі сипаттағы оқырман билігін орнықтыру жолға қойылады.

Кез келген жазушы үшін рухани құндылық танылатын туынды, оқырман үшін ақыл-ой қазынасының кезекті асыл өнімі ғана. Ақыл-ойдың қазынасы – «хат» жазылып болған соң, түрлі қырынан оқылып, түрлі қырынан тәпсірленіп ұлтқа түсіндірілуі керек. Бар мәселе оның ғалымдар мен зерттеушілер тарапынан қалай түсіндіріле оқылуында. Бұрынғыдай жазушының ұлтты тәрбиелейтін «парасат алаңы», ендігі жерде оқырман тарапынан «интеллектуалды майдан» алаңына ұласты. Әркім осы алаңда атойлап, бірде дұрысты, бірде бұрысты өз пікірін қазаққа жеткізгісі келеді. Сонымен, оқырман автор туындысының желкесін қиятын – не жендетке, не оның бағын асыратын періштедей жебеушісіне айналады. Оның мәтіндемесіндегі нарративтік тарих әр оқырман тарапынан тәпсірленетін дербес тарихқа айналады. Оқырман рухани азықтан ләззат ала отырып, өз талғам-түсінігіне сай ой түйеді.

Біздің мақсат Думан әңгімесінің құрылымдық және мағаналық сөз өрбітуін бірлікте ала отырып, ондағы мәтін алуандығынан адаспай жол тауып, өз пікірімізді жария ету.

Туындыны талдау кезінде бұрынғыдай құр сипаттап шығудың орнын, енді міне бірте-бірте шығарма мән-мәнісіне бойлай отырып, оның бойындағы әлдебір тұрақты құрылымды тауып, оның таңбалық қасиетін ұғындырып берушілік баса бастады. Думандай ірі прозаиктердің бар әңгімесі түгіл бір әңгімесінің мәтінінің мәні шексіз, өйткені, ол ақыл-ойдың үдіре қозғалыс үстіндегі парасат алаңы. Бізге қалғаны – ондағы туындаған мазмұн түзілімін ұғыну. Егер біз бір ғана мәнді табуға ден қойсақ, дағдылы марксистік немесе модаға айналып отырған психоанализдік герменевтиканың жетегінде кетер едік. Өз кезегімізде мәтіннің көп мәнді екенін қаперде ұстай отырып, солардың ішіндегі өз қолайымызға жаққан ойлардың бірін ғана оқырман назарына ұсыну.

Бұл орайда бізге керегі мәтіндік сөз қолданысының емес, авторлық ой саптам. Мәтін бойындағы ұлттық мәдени кодтарды жолықтыру арқылы оның бас-жағын айырамыз. Автор ұстанған нарративтік акция ұлттық жұмбақтың шешуін оқырманның өз қолына береді. Не дұрыс, не бұрыс шешу оқырманның еншісінде қалады. Шығарманың хронологиялық коды акционалды тізбек арқылы адрестатпен қарым-қатынасқа түседі. Осы кезде туынды бойындағы жасырын үннің символдық алаңының кеңеюіне куә боламыз. Өйткені, қаламгердің метатілінің кодтары: хабарлау мен түйіндеулерден тұрады.

Біз әңгіме мәтінін филологиялық белгілі бірі шалажансар бағдарды (әдебиеттанушылық немесе лингвистикалық) түсіндіріп шығуға емес, оның бойындағы ұлттық дүниетанымның қалайша көрініс тапқанын авторлық және оқырмандық идеялардың қозғалысымен түсіндіруге ден қойдық. Әңгімені оның гуманитарлық аясынан алшақтатып, неомарксистік әдебиеттанушылық немесе этнолингвистикалық тұрғыдан түсіндіріп шығу 2000 жылға дейінгі зерттеулерге жарасқанымен, бүгінгі қазақ ғылымына опа әпермейді. Экстроәдебиеттанушылық түп негіздер тасада қалып, бетермәтіндік құрылым алаңы – кодты елеусіз қалдыру орын алады. Автор өмірге әкелген хатты ұлттық мәдениетпен бірлікте алмай еш ұғына алмаймыз. «Мәдени Код» – қазақ жанын ұғынудың гуманитарлық ғылымдардағы кілті. Одан басқа кілті әл-әзір ешкім ойлап тапқан жоқ. Әрі қазақтың қолына ұстатқан жоқ.

Автор үні мәдени қарым-қатынас аясында тарих және мифологиялық уақытты идеологиялық уақыт аясында ұйыстырады.

«Көкжал» мен «Арғымақ» әңгімелерінің символикалық аясы – алаши табу (бөрі//пері) – біздің оқиға бастауына араласуымызды бейсимволдандырып, автор үнінің жаңғыруы символданады. Хаттағы символ біз үшін ұшқан көбелек, не оны ұстай аламыз, не алақанымызға қондыра алмай ұшырып аламыз.

Әңгімеден оқырман екі түрлі ләззат алады: утопиялық және реалды. Әлемге әйгілі эпопеялардағы кез келген оқиғалық бөлікті ақыры не болар екен деп кей оқырман (қарапайым оқырман) аттап өтіп оқиды. Ең соңғы бөліктен өзіне керегін тапқан қарапайым оқырман жаны жайланып шығарманың бетін жабады.

Бұрынғы ақсүйек оқырманның орнын ақылман оқырман басса, реалист қаламгердің орнын неореалист қаламгер басып отыр. Қазір неореалист қаламгер ғана өз оқырманына мәтіндік ләззат сыйлай алады. Осыны Р. Барт «мәтін достарының қоғамы» деп атады. Осы қоғам қазаққа да келіп жетіп, өзіне мүшелікке оқырман қабылдап жатыр. Қазір өзінің «мәтін достарының қоғамын» құра алған қаламгер әдеби баққа ие бола алады. Рухани ләззат сыйлаған туындыны өмірге әкелу оңай емес, «dох» (ой) мен paradoxa (ой кереғарлығын) тізгіндей білуге қазақ әңгімесінде екінің бірінің қолы жете бермейді. Кей әңгімелерде «dох» ұшыраспаса, кей әңгімелерде paradoxa атымен жоқ. Ал осы екеуінің бірлігі жарасқан туындылар өте сирек.

Тән мен рухты бірлікте алу бар да, екеуін жалаңаштай қаққа жару бар. Қазіргі Батыс ақыл-ойында оларды бірлікте алатын «мәтін рахаты», тәнді рухтан бөліп алатын эротизм ырқындағы «мәтін ләззаты» бар. Қазақ бұндайды: «екі қатын алыпсың, бір пәлеге қалыпсың» дейді. Біз осы бір пәлеге қалуды бұрынғы және қазіргі қазақ прозасында ұшыратамыз. Бұрынғы қазақ әңгімелері тәнді жайына қалдырып, рухқа ләззат сыйласа, қазіргі қазақ әңгімелері тән мен рухқа қатар салмақ түсіреді. Сондықтан, фрейдизмнің жетегінде кетпейтін қазақ әңгімелері бар, фрейдизмнің басы-байлы құлына айналған қазақ әңгімелері бар.

Тыйымның бұзылуы басты лейтмотив. Ұлттық дүниетанымызда «қасқырдың апанына» тиіспеу санамызға мықтап шегеленген. Осы тыйымды «Көкжалдың» кейіпкер жігіттері бұзады. «Қасқырдың апанына тиісу» М. Әуезовке «Көксерек» хикаятын жазғызды. Ондағы ілкі бастау көз адам мен табиғат арасындағы мәңгілік күрес. Осы күресті Думан әңгіме тілімен сөйлетіп отыр. Автор адамды зұлым күш – періге, түз тағысын бейкүнә пенденің кейіпіндегі – періштеге айналдырады.

Адамның жасампаздығы – оның тілсіз табиғатпен күресте жеңіске жетуі. Оны көркем сөзбен өрнектеу қиынның-қиыны. Табиғаттың саналы және жабайы тіршілік иелерінің ниеттері мен мүдделері бір жерден ешқашан шыққан емес. Фольклордан тамыр тартқан бір ақиқат жабайы табиғаттың адамға достығы мен қастығы «Көкжал» мен «Арғымақтың» безбенінің басын тең ұстайды.

Енді соңғы әңгімеден үзінді берейік:

– Иә, арғымақ мінуді Құдай маған жазбаған. Құдайдың бермегенін қалай тартып аласың. Мен осы есегіммен-ақ талай жерге барып келдім, барып жүрмін. Ел кейбір арғымақ мініп арқырап жүргендерден жақсы қарсы алады. Қоғадай жапырылып, асты-үстіме түседі.

– Олар сенің түп тегіңнің хайуан екенін білмейді ғой.

– Иә... Менің хайуан кейпімді көріп қойған жалғыз сен ғана. Сен.. Сен енді менен тірі құтылмайсың!..

– Мен бе, жоқ әлде, сен бе? – деймін өзімше қыр көрсетіп.

– Әне, аналарды көрдің бе? – деді ол арт жағында қара көбейтіп тұрған өзі сияқты құбыжықтарды көрсетіп. – Қазір-ақ талап тастайды. Қолымды бір сілтесем жетіп жатыр. Быт-шытыңды шығарады.

– Мен Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаймын. Қорықсам, өзім-ақ сенің қанатыңның астына тығылып, сілімтіктеріңнің қатарын толықтыра түсер едім ғой. Бірақ мені ешкім де сатып ала алмайды, ешкім де құлақкесті құлына айналдыра алмайды. Тәңір маған ерекше қуат берген, Құдайдың қамқорлығында жүрген ерекше жанмын. Іздегенім үнемі алдымнан табылады. Еш уақытта жылаған емеспін, өз жарамды өзім жалап жазып аламын.

– Білем... білем... Сен көк бөрінің ұрпағысың! Өзің де нағыз көкжалсың! Біз арыстанды да, жолбарысты да, аюды да, барысты да қолға үйреттік. Үйретіп қана қойған жоқпыз, қолымызда ойнаттық. Бәрі де құйрықтарын бұлғаңдатып қатарымызға қосылды. Біз не айтсақ, соны істейді, не десек, соны сөйлейді. Міне, біз қандай күштіміз. Ал сен қасқыр сияқты қолға үйренбейді екенсің. Жалпы сен маған ұнайсың. Қайсарлығың, тәкаппарлығың, тектілігің ұнайды. Топқа қосылмайсың, саяқ жүресің. Жеке жортасың. Сенің бар кемшілігің – осы. Мәселен, сен бізге қызмет етсең, біз де сені жерге тастамайтын едік қой!..

– Өзіне сенімділер ғана жеке жортады. Жалғыз жортқанды жақсы көремін. Табиғатым соны қалайды.

– Қанша мықты болсаң да жалғыз-жарым жүріп көпке топырақ шаша аласың ба? Шаша алмайсың!..

– Көпке топырақ шашу ойымда жоқ. Болған да емес.

– Біліп қой, бала. «Көп қорқытады, терең батырады», «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген. Одан да бізге қосыл!.. Аузыңнан ақ май ағызамыз!..

– Жоқ, атама, адам кейпіндегі хайуанға айналғаннан жалғыздығым мың артық. Өйтіп аузымнан ақ май ақпай-ақ қойсын! Жалғыздығымнан осы уақытқа дейін өлгенім жоқ, бұдан кейін де өмірем қатпаспын. Ешкімнің де үрер иті болғым келмейді. Мені қайтесің, өз күшіктерің де жетіп артылады ғой!..»

Авторлық кесік «арғымақ аяғының» сынуымен аяқталып, кейіпкерді ұлттық бағзылық фанатизмінен арылтады. «Жалғыздықтан құтылудың» амалын кейіпкерін рухани өлтіру арқылы (ат жалынан қол үздіру, яғни, астына ендігі жерде тек темір тұлпар мінгізу арқылы) жазушы осылай табады. Жадысызданған Тобырдың үйіріне қосылған ерек персонажды “Ешкімнің де үрер иті болғысы келмеген” Батыс пен Шығыс қасиетсіздендірген дейдейтүркі рухы алмастырады. Думан мистицизмі рөлдерді алмастырып: «қасиетіні – кесірлі, кесірліні – қастерліге» айналдырады.

Мұсылман қазақ үшін – Тәңірлік діндегі бабалық рух «Зұлым». Осыны бек ұғынған қаламгер «рөлдерді алмастыру» стилистикалық тәсілін сәтімен қолданған. Алғашқы әңгімеде алаш қоғамын адами қасқырға айналдырса, соңғы әңгімеде – жадысызданған ұрпақты – аяғы сынған тұлпарға балайды. Ұлттық дүниетанымды пернелей алыс тарихпен байланыстырып суреттеу – қазіргі қазақ прозасының бағын ашатын қаламгелік шешім.

«Көңілде алаң көп. Өзіме сенімді болсам да, қайта-қайта атыма қарайлаймын. Шұңқырды қойшы, ор қазып қоймаса деңіз. Алдыңғы жақтан көз ала алар емеспін...

Әлі-ақ алаңнан арылар күн туар. Арғымағымның да аяғы жазылар...

Үкілі үміт алға қарай жетелеп келеді...»

Думан – әңгіменің шебері. Әрі осы жанрда қалам тербеп жүргендер арасында дарабозданып, өзінің туындыларында әдеби әдісті алмастырудың қас зергері. Өйткені, әңгіме көлемді жанр хикаят пен романға қарағанда персонаж сомдау болсын, ситуация құру болсын шұбалаңқылықты еш сүймейді. Қысқа да нұсқа нарративтік жосық керек. Осы жосық – Думанның басты шығармашылық ұстанымы.

Кеңестік дәуірден қалған гуманитарлық мұра – КСРО тарихынан қорғаған тарихшылардың көптігі мен марксизм мен ленинизмнен қорғаған философтардың молдығы. Осы көптік пен молдықтың арасындағы саусақпен санарлық ұлттық тарихшылар мен милеттік философтардың ақтаңдағын, яғни лаканын толықтырып жүрген прозаиктердің альтернативті тарихы мен алаштық дүниетанымдағы философиялық толғаныстары: көбіне постмодерндік эстетика аңысында эссе мен әңгіме жанрында кейбір тарихшылар мен философтардың көкейінде жүрген толғақты ойды олардан бұрынырақ айтатын мәдени феномені өзімен санасуды керек етеді.

Жақында ғана арамыздан кеткен ағамыз Дидахмет Әшімханұлының «Жынды желі» мен «Тасқаласы» – прозаиктердің альтернативті тарихты проза тілімен қалай сөйлетіп жүргенінен хабар береді. Ал, бұнымен қатар альтернативті тарихтың көлеңкесінен алаштық дүниетанымдағы философиялық толғаныстардың елесі сезілетін әңгімелер де өмірге келе бастады. Біз осындай әңгімелердің қатарына Думанның қос әңгімесі «Көкжал» мен «Арғымақты» қосар едік. Алғашқы әңгімеде алаштық дүниетанымдағы философиялық толғаныстардың елесі басым түссе, соңғы әңгімеде альтернативті тарихтың көлеңкесі қылаң береді. Бұның бәрі жазушы қаламының ұлттық тарих пен милеттік философияны өз туындысына лейтмотив қылып ала білуінен деп ұққанымыз жөн сияқты. Бұла күн мен қасіретті күннің кеңістіктік-уақыттық мезетін шағын жанр бойына сыйдыру қиынның-қиыны. Думан осы қазақи кеңістіктік-уақыттық ландшафтыны өзіндік ой-пайымдауымен көркем шығармашылықпен игере білген.

Мысалға, қаламгерде оқырманын мезі қылатын ұзынсонар портреттік мінездеу жоққа тән. «Көкжал» әңгімесіндегі мына қысқа түйіндеу «Қорбаңдай басып, үн-түнсiз iлесiп келе жатқан ұзын бойлы, қапсағай денелi сары жiгiт ұйқыдан жаңа оянған жандай марғау ғана:

– Сәлеметсiз бе? – дедi аузы жыбыр етіп» деген қысқа қайырым оқырманға көп нәрсені аңғартып тұр. Кейіпкердің жан-дүниесі мен өмірдегі алып жүрген орнының қандай екендігін айырып білуге жол нұсқайды.

Думан қала тұрмысын да, дала тірлігін де өз әңгімелерінде қосылта өрілтіп, ондағы қазақ болмысын реалистік аңыста бастап, мистикалық реңктегі суреттеуге ұластыруы жас қаламгерлерге үлгі боларлық өз әдеби жосығын ұсынады. Бұған дәлел жазушының «Көкжал» және «Арғымақ» шығармаларындағы сюжеттік түзілім. Бір әңгіме бойына бірнеше конфликті сыйдыру оңай дүние емес, әрі өз туындыгерінен асқан шеберлікті талап етеді. Әрі осы конфликті туынды қанша жерден авторлық жасанды шындықпен өмірге келсе де, ұлттық дүниетанымнан қара үзіп кетпеуі керек.

«Көкжал» әңгімесінде бір емес, төрт конфликті бар болса, тап осындай конфликтінің көптігі «Арғымақ» әңгімесіне де тән. «Жалғыздың жары – Тәңірі» дейтін «Бірдің мыңмен алысу» мотиві осылардың басын қосады. Автор осы конфликтілерді бірде реалды, енді бірде мистикалық аңыста тамылжытып суреттеп отырады. Осы әңгімелерде көтерілетін тақырып: «Бабасынан қалған ұлығ та, әйдік қылышты көтере алмаған кішкентай ұлттың» зарынан келіп шығатын «кішкентай адамның трагедиясы». Автор осы тақырыптың аясын қос әңгімесінде аша алған. Тағы бір атап өтері аталған әңгімелерде автор Батыстың әдеби мәнерінің соңында кетпей қазақ мәнерімен аңды – адамға, адамды – хайуанға рухани айналдырудың өзіндік концепциясын түзеді. Аян беру, аруақпен жолығысу ұлттық мистикалық сюжет өрімін: «Көкжал» және «Арғымақ» әңгімелерінде жаңаша қалыпта әңгіме тініне шеберлікпен кірістіреді. Мұхтар Әуезовтің «Көксерегінде» бала Құрмаштың өлімі реалистік аңыста болса, Думандағы Елубай өлімі мистикалық реализммен беріледі: «Арланның аялдайтын түрi жоқ. Сұсы басым. Жанарын тез тайдырып әкеттi.

– Ажалымның жеткен... Жоқ, мен... Гүлғайша... Балалар... Жо... жоқ... атама, – дедi күбiрлеп. Жанарына жас iркiлдi, иегi кемсеңдедi. Көзi қарауытты, басы айналды. Жүрегi алып-ұшып аузына тығылды. Сол мезет:

– Әке, есiңдi жи! – деген дауыс естiлдi. Шошына селк ете түстi. Осыдан он жыл бұрын құдыққа құлап өлген тұңғыш ұлының жан дауысы.

– Әке, есiңдi жи!.. – Тау-тасты жаңғырықтыра дауыс тағы қайталанды. Жан-жағына жалтақтай қарады. Ентелеп келе жатқан қасқырдан басқа көзiне ештеңе түсе қоймады.

– Әке... Әке...

Арт жағына жалт бұрылған Елубай биiк таудың ұшар басында тұрған баласын көрдi. Шашы жалбырап кеткен, көйлегi көлбең-көлбең етедi. Қол бұлғап шақырып тұрған сияқты:

– Мұрат... Мұратым менiң... Сен тiрi екенсiң ғой!.. – Ол ұмтыла берiп, етпеттей құлады. Бойын жиып тұра бергенi сол едi, ырылдап келiп сол жақ иықтан ала түскен ашулы арлан ақсиған азу тiстерiн батырып жiберiп күтiр-күтiр еткiздi де, жұлқылай тартып қалды. Үстi-басын қан жуып кеткен Елубай есi шыға есеңгiреген күйi тiзерлеп отыра қалды. Көзiнiң алды тұманданып, дүние төңкерiлiп бара жатқандай көрiндi. Мұрат... Мұратым менiң... – Ернiн ғана жыбырлатуға шамасы келді. Иiле берiп, етпетінен құлап түстi. – Мұр...ат...» Финалдағы бас кейіпкер Елубай өлімі оның атынан танылады. Әкесінің елу жасында өмірге келген шақалақ мүшел жасында 50 жетпей қыршынан қиылады. Адамның аты – оның көлеңкесі. «Есімің сені не төрге шығарады, не алтын басыңды қор қылады» деген ұлттық дүниетаным бұғып жатады жазушы мәтінінің бойында.

Қос әңгіменің басын ұлттық «Жапандағы жалғыздық» этномотиві қосып отыр. Елубай – «Жапандағы жалғыз үйді» хош көрсе, екінші кейіпкер – сейілден жанына пана іздейді. Батыс жазушылары осы мотивті әлеуметтендіріп, саясаттандырып жіберсе, Думан аталған әңгілерінде оны философияландырады.

Қазіргі қазақ прозасы демаркстеніп, яғни, қазақ санасына коммунистік идеология таңған барша жапсырмадан арылып үлгерді. Ешкімге «аға әдебиет» деп жалтақтайтын әдеби процеске даңғыл жол ашылды. Қазақ үшін бір күнгі өмір қызығы алдап-арбайтын алтын тор. Одан өліп қана құтыласың. Ұлт тірлігін неофилософияға айналдыру шығармашылық иелері үшін басты орында тұрады. Бостандық біз қол үзіп қалған қазақ еркіндігінің, милет санасының қиялдай шарықтауын проза саласында кеңінен сипаттап жазуға мүмкіндік берді. “Бұл өмір абақты ғой саналыға!” дейтін Мағжан концепциясы түрлі аңыста суреттеліп, ұлт оқырмандары назарына қазақ әңгімелері мен хикаят-романдарында ұсынылып жатыр.

Жол-сапар мотиві қазақтың барша прозалық туындыларында кезігетін тұрақты желі. Ол – романда бір бөлек аңыста, шағын прозалық туындыларда өзіндік жосықта беріледі. Асқар Алтайдың ұлт әдебиетіндегі тұңғыш мифологиялық романы мен Думан Рамазанның «Арғымақ» әңгімесінің кейіпкерлері үйден аттап шығулары мен астарына мінген көліктері де бірдей. Бірақ. Қос қаламгердің шығармашылық жоспарлары мен авторлық шешімдері ғана әр түрлі. Асқар ағамыз үшін қыздың үйден аттап шығуы – оған аң мен адамның ғашық болуы үшін керек. Ал, Думан құрдасымыздың ойға алғаны одан бөлек. Суреткер мен нышанат тәні мен жаны қосылған ғашықтардай шығармашылықпен бір-біріне сіңісіп, кірігіп кетеді де, туынды қазақ мистикалық реализмінің өзгеге ұқсамайтын өзіндік қас ерекшелігін танытып, оқырманын жыландай арбап, әңгіменің көзге көрінбес торында шыбындай аласұртады.

Қос ұлттық тотемнің мистикалық аңыста суреттелуі сәтімен шыққан. Екі әңгіме де зерттеушілерден әлі талай қайыра соғып ден қоюына сұранып тұр. Біз осы туындылардың екі мифтік символикасын ғана қарастыра алдық. Сөз соңында Думанның әңгімелеріне қатысты ой айтуда соңғы нүкте қойдым деп санау әбестік. Біз тек қаламгер талантын бағалаушы оқырман ретінде өз ойымызды айттық.

Тұлпар рухының «Аяғы сынған» алаш баласы өз мәдени үстемдігін бұрын құл болғандарға (Батыс пен Шығысқа) қайыра таңа ала ма, алмай ма деген ауыр оймен әлекке түсесің...

Думанның «ұрпақ пен ілкібаба» сұхбаттастығына құрылған мәдени диалогынан мистикалық өрбіп шыққан: Бабасын керек қылмаған түркі трагедиясы күрсінтеді...

Әбіл-Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,

әдебиеттанушы

Оқи отырыңыз: Жазушы Дулат Исабековтың бір күні


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар