Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Шоқанның дүниетанымына орыс ғалымдарының ықпалы...

11.08.2017 31059

Шоқанның дүниетанымына орыс ғалымдарының ықпалы

Шоқанның дүниетанымына орыс ғалымдарының ықпалы - adebiportal.kz

Ғажайып ғалымның өмірі мен қызметі орыс халқының мәдениетімен, әдебиетімен тығыз байланыста өткені мәлім. Олай болуы заңды да еді, өйткені Шоқан өмір сүрген, қызмет еткен кез қандай да бір қиындық, кедергі, күрделіліктер болса да қазақ халқының рухани өріс қалпы мен деңгейі биіктей дамуға бет алған, баска жақын, алыс халықтардың нелер асылдарын танып, қабылдап, қажетіне карай игеріп, өз қарым - қатынасын анықтай алатын сергек дәрежеде болатын.

Шоқанның ғылымға қызығушылығын қалыптастыруда, әкесінің алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауым өкілдерімен байланыста болуы көп әсер етті. Шыңғыстың ауылында академик А.И.Шренк, Сібір қазақтарының облыстық басқармасында қызмет істеген декабристер С.М.Семенов, В.И.Штейнгель, Н.В.Басаргин, Қазан университетінің студенттері С.Сотников, Н.Ф.Костылецкий, Т.Сейфуллин сияқты көптеген жоғары білімді адамдар болды. Шоқан Уәлихановтың ағартушылық идеялары мен демократиялық көзқарастары кадет корпусында оқып жүрген кезінде-ақ қалыптаса бастады. Шоқан корпустан жан-жақты терең білім алып, замандастарынан өресі анағұрлым биік адам болып шықты. «Шоқан нағыз плебейлік ортаға түсті... Плебейлік ортада өмір сүру Шоқанның демократиялық идеяларының қалыптасуына, сірә, әсер етпей тұра алмаған болуы керек», - деп жазады Г.Н.Потанин.

Шоқанның дамуына Қазан университетінің шығыс факультетін аяқтаған және корпуста орыс әдебиетінен сабақ беретін әдебиетші және шығыстанушы Н.Ф.Костылецский (1818-1867 жж.); өркениеттер тарихынан сабақ беретін, жер аударылған ғалым П.В.Гонсевский; жас кезінде Н.Г.Чернышевскиймен дос болған және оның идеяларын жақтаушы әдебиетші П.В.Лободовский көп ықпал етті. В.Г.Белинский мен А.И.Герценнің революция-демократиялық идеяларымен тәрбиеленген демократ орыс зиялылары еді. Н.Ф.Костылецкийден кейін Уәлихановтың ой-өрісінің кеңеюіне ықпал жасаған педагог, тарих пәнінің оқытушысы, ғылыми қызметке дайындалып жүрген аса білімді адам - П.В.Гонсевский еді. Ол корпуста қоғамдық қозғалыстар тарихы жөнінде дәріс оқыды және «оның дәрістері, - дейді Г.Н.Потанин, - біздер үшін өте маңызды болды».

Шоқан Уәлихановтың орыс әдебиетін жүйелі де терең зерттеп игерген кезі — Сібір кадет корпусында оқыған жылдары Сібірдегі таңдаулы оқу орны болып есептелетін бұл корпус, декабрист А.Завалишиннің сөзімен айтқанда, «ағартушылық пен патриотизмнің өркен жайған жері» болатын.

Достоевскиймен кездесіп, достасуы, С.Ф.Дуровпен жолығулары, пікірлесулері, Петербургте қайнаған әдеби өмірге тап болуы, бірсыпыра орыс ақын-жазушыларымен араласуы, жақындасуы, достасуы, кейін хат жазысуы — бәрі-бәрі қазақ ғалымының орыс әдебиетіне деген ықылас-ынтасын қалыптастырған. С.Ф.Дуров, П.П.Семенов Тянь-Шаньский, Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев Ш.Уәлихановтың білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті саласындағы білімпаздығын жоғары бағалады.

Ш.Уәлиханов еңбектерінде орыс әдебиетінің көркемдік бейнелік үлгілері баршылық. Қазақ ғалымы өз туған халқының, көршілес халықтардың тарихына, өміріне, мәдениеті мен әдебиетіне, әдет-ғұрып, салт-сана, мұқтаж-қажеттеріне, толып жатқан басқа да мәселелеріне орыстың ойлы қауымының назарын аудару үшін өз еңбектерін орыс тілінде жазғанда әмәнда орыс әдебиетінің қорынан үзінділер, жолдар,бейнелер, теңеулер,паралельдер, аналогтар келтіріп отырады.

Кейін мол да арналы түрде қалыптасқан қазақ-орыс әдебиеттерінің тығыз байланыста дамуының да алғашқы негіздері Ш.Ш.Уәлиханов өмірі мен қызметінен, еңбектерінен басталады. Қазақ елінде Ш.Ш.Уәлиханов орыс әдебиетін ғылым қажетіне алғашқы қолданушы, ғылым мен әдебиетті ұштастырушы ғана емес, сонымен бірге оны өз халқының рухани өміріне алғашқы енгізуші, кейін екі ел әдебиеті байланысы арнасы кең жайыла даму қажеттігіне мегзеуші, дәстүр қалыптастырушы да болды.

Ш.Ш.Уәлиханов еңбектерінде орыс халық творчествосынан, ежелгі орыс әдебиетінен, жылнамалардан, XVIII ғасырдағы орыс әдебиетінен, XIX ғасырда орыс әдебиетінде үш дәуір — дворяндық, разночиндік және пролетарлық дәуір болса, соның дворяндық дәуіріндегі әдебиетінен үлгілер бар. Орыс және қазақ ертегілерінің кейбірінің сюжет ұқсастығы туралы Ш. Уәлихановтың пікірлері қызғылықты, орыс фольклорынан Добрыня Никитич, Владимир қызыл күн, Кащей Бессмертный бейнелері келтіріледі, орыс ертегілері мен былиналарды жинаушы әрі зерттеуші А.Н.Афанасьев, Ф.И.Буслаев туралы айтады, фольклорист М.М.Снегиревтің «Орыстар өз мақалаларында» жинағынан мысалдар келтіреді.

Ежелгі орыс әдебиеті тарихынан Ш.Уәлиханов жылнамашы Нестор мен орыс мәдениеті мен әдебиетіндегі византиялық дәуір деп аталатын кез туралы, христианды қабылдаудың жағымды және жағымсыз жақтары туралы пікірлер айтқан. Орыс жылнамаларынан бірнеше үзінділер, деректер және легендарлық ежелгі орыс жыршысы Боян аты да қазақ ғалымының еңбектерінде бар.

Петербургте Шоқан достары П.П.Семенов Тянь-Шанский мен Ф.М.Достоевскийді кездестіреді, көрнекті орыс ғалымдары А.И.Бекетовпен, шығыс зерттеушілері: И.И.Захаровпен, Е.Кавалевскиймен, ақындар А. Манасов К.Курачкин, Я.Полонскиймен танысып, араласады. Бұлардың бәрі оның идеялық жағынан көп толып өсуіне бірден-бір себеп болғанын көреміз. Ресейдің әлеуметтік өміріндегі өзгерістер, орыстың революцияшыл демократтарының пікірлері оның демократтық көзқарасын тереңдете түседі. Шоқанның Қашқар сапарына негізінен ұйтқы болғандар орыстың тамаша ғалымдары Е.П.Ковалевский мен П.П.Семенов Тянь- Шанский еді. Бұған Шоқан Уәлихановтың Шығыс Түркістанды зерттеуге деген ыстық ықыласы қосылды.Тянь-Шань экспедициясынан қайтып келе жатып, П.П.Семенов Тянь-Шаньский Қашқарға экспедиция жіберу қажет екендігі жөнінде Г.Х.Гасфортқа ой салып, ол міндетті орындауды Ш.Уәлихановқа тапсыруға кеңес береді.

«Менің бұл дарынды жасқа генерал Гасфорттың ерекше көңіл аударуын өзіме міндет деп санағаным өзінен-өзі түсінікті, - деп ғалым кейіннен еске алады, - сондықтан Тянь-Шань саяхатынан қайтып келгеннен кейін, Уәлихановты қырғызша киіндіріп, сауда керуенімен Қашқарға жіберу жайлы ой салдым және Уәлиханов бұл міндетті зор табыспен орындап қайтты». Ол Г.Х.Гасфортқа: «генерал-губернатордың қарамағындағы қызметкерлердің арасында Қашқарға қырғыздардың ұлттық киімін кигізіп жіберген күнде, өзінің білімі мен дарындылығының арқасында тек Қашқар емес, бүкіл Алтышардың бүгінгі жағдайы жөнінде Ресей үшін аса бағалы мәліметтер жинап және сол кездегі Қытай Түркістанында болып жатқан бүліктердің себептерін анықтай алатын бірден-бір офицер - Уәлиханов» деп атап көрсетеді.[3,49] П.П.Семенов Тянь-Шаньский және К.К.Гутковский Шығыс Түркістанды зерттеу жөнінде материалдар жинаудың бағдарламасын жасады. Ғылым қамқоршысы деген атаққа ұмтылған Г.Х.Гасфорт бұл ұсынысты құптап, П.П.Семенов Тянь-Шаньскийден мұндай экспедицияны ұйымдастыру рұқсатсыз жүзеге аспайтындықтан, үкімет алдында қолдауға көмектесуін сұрады.

Шоқан Шыңғысұлы мен Федор Михайлович Достоевскийдің достығы екеуінің Омбыда, Семей мен Петербургте бірге болған кездерінде бір үзілмейді, кейінгі алты жыл ішінде (1856-1862) бұл достық хат арқылы нығая түскенін көреміз. Мәселен, Семейден кетіп бара жатып, Уәлиханов Достоевскийге былай деп жазады: «...Сізбен бірге Семейде өткізген азғана күн маған сондай тамаша әсер етті. Ендігі менің бір ойым сізбен тағы да бір кездесу. Мен адамның нәзік сезімдері мен ақ ниеті туралы жазуға шебер емеспін. Менің Сізге қандай берілгендігімді және сізді қандай жақсы көретінімді, әрине, өзіңіз де білесіз». Бұл хатқа Д.М.Достоевский өзінің шын жүрегінен шыққан жылы сөздермен былай деп жауап қайырды: «Мейірман достым! Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен сізге қысылмай-ақ тура айтайын. Мен сізге ғашық болып қалдым. Мен еш уақытта да, ешкімге де тіпті туған ініме де, тап сізге көңілім түскендей құштарлықты сезген емеспін. Бұған талай дәлел келтіруге болар еді, бірақ сізді несіне мақтай берем. Ал енді сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін шығарсыз деймін. Достоевский өзінің хаттарында Шоқанға пайдалы кеңес беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндеттер қойғанын көреміз. Енді бір хатында: «Қолға алған ісіңізді тастай көрмеңіз – сіздің материалдарыңыз өте көп. Сахара туралы мақала жазыңыз. Оны Россия халқына түсіндірудің өзі ұлы мақсат, қасиетті іс емес пе. Европаша білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді есіңізге толық алыңыз.Тек осы оқиғаның бір өзі ғана ғажайып нәрсе және оны ұғудың өзі сізге көп міндеттер жүктейді. Оның үстіне тағдыр Сізді таза жанды, адал жүректі, абзал адам ғып жаратқан. Артта қалуға болмайды, жоқ болмайды...» деп жазады. Мұндай жанашырлық жалынды сөздерінде Достоевский Шоқанға шын жүректен ақыл-кеңесін білдіріп, оны белсенді іс, батыл әрекетке рухтандыра түседі.

Ф.М.Достоевский Шоқан Уәлихановты ерекше қадірлей, бағалай білді. Одан алған заттарының бәрін ол ең қымбат естелік ретінде сақтайды. 1866 жылы Шоқан марқұм болғаннан кейін Достоевский өзінің әйелі А.Г.Достоевскаяға «мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл менің Сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы. Сондықтан да ол маған қымбат. Сондықтан мен өз қолжазбаларымды, хаттарым мен аса қымбатты естеліктерімді осында сақтаймын» – деген сөздерінің өзі Шоқанға деген ыстық ықыласын анық байқатады.

Ш.Ш. Уәлиханов орыс ағартушысы, жазушысы Николай Иванович Новиков (1744-1818) есімін, қызметін, әсіресе баспахана ашып, ғылымның барлық саласы бойынша кітаптар басып шығарумен айналысқанын жақсы білген, бастырған кітаптарының кейбірінен үзінділер, сілтемелер келтірген.

Орыс жазушысы, сыншы, тарихшысы Николай Михайлович Карамзин еңбектерін алғашқы рет жоғары бағалап, шығармаларынан үзінділер келтірген де Шоқан Уәлиханов. «Россия мемлекетінің тарихы» атты жинақ 1820 жылдардағы алғашқы басылымнан кейін Петербургте 1842-1843 жылдары қайта шыққан болатын. Міне осы басылымдарды Шоқан Уәлиханов оқыған да, өз еңбектерінде одан үзінділер келтіргенде, тарауларына, бөлімдеріне сілтеме жасап отырған. Мұның өзі жас ғалым отандастарының жерлестерінің ішінде бірінші болып, Н.М.Карамзиннің он екі томдық «Россия мемлекетінің тарихын» оқып біліп, пайымына барып, жоғары бағалағанның бір көрінісі еді.

Ш.Ш.Уәлиханов шығыс халықтарының тарихына зер салып, зерделей бастаған кезеңде О.И.Сенковскийдің еңбектерін де мұқият оқығандығын байқаймыз. Қазақ ғалымының қолында шамасы О.И.Сенковский еңбектерінің 1858-1859 жылдары Санкт-Петербургте басылған нұсқалары болған сияқты. Оның еңбектерінен пікір келтіре отырып, ол орыс ғалымын құрметтейтінін білдіреді.

Шоқан Уәлихановтың орыстың көрнекті жазушыларымен, ғалымдарымен т.б. жазысқан хаттары қазақ әдебиетінің тарихы үшін ерекше маңызды. Оның хаттары мен күнделіктерінен публицистикалық дарыны айқын аңғарылады.

Әйгерім Наурызбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар