Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
4 ТАМЫЗ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ....

04.08.2017 5759

4 ТАМЫЗ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ.

4 ТАМЫЗ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ. - adebiportal.kz

ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕР

АҚЫНДАР

1792 — Перси Биши Шелли (Percy Bysshe Shelley) (1822 жылы қайтыс болған), ағылшын ақыны.

Перси Биши Шелли ағылшынның ұлы ақыны. Англияның Суссекс шаһарында ауқатты отбасында дүниеге келген. Итондағы ауқаттылардың балалары оқыған мектепте оқиды. Ол сонда Годвинның «Саяси әділеттілік» кітабымен танысады. Содан бері Шеллиге қоғамда орын алып жатқан саяси әділетсіздіктер, қайырымсыз заңдар көңіліне тыныштық бермейді.

Оның алғашқы шығармалары махаббат пен азаттықтың туының астында адамзатты жинауға үндеп, әділеттілік үшін күресуге шақырады. Ақынның соңғы жыраларына дейін осы мақсаттан айнымады.

Оның шығармашылығы Италияда Байронмен жүрген шағында жанданды. Сол жылдары оның драматургияда да жемісті еңбек қалдырған кездері болды. Мысалы, «Прометейдің бостандыққа шығуы» және «Ченчи» сынды драмалары құнды еңбек болып табылады. Өкінішке қарай, ақын дарыны енді пісіліп-жетілген шағында ауыр оқиға орын алды. Шелли өзінің «Ариэль» атты яхтасында үйіне қайтып келе жатқанда кенеттен қалың тұман түсіп көз алдынан ештеңе көрсетпей, дауыл тұрады. Бұл үлкен дауылдың арты «Ариэль» яхтасының із-түссіз жоғалуына әкеп соғады. Бұл 1822 жылдың 8 шілдесінде болған оқиға еді.

Небәрі отыз жасында опат болған ақын шығармашылығында Байронның ықпалы білінеді. Өзінің аз ғана ғұмырында артына мол мұра тастап кеткен ағылшынның ұлы ақыны. Оның лирикалық өлеңдерінен отаншылдық шынайы сезім, мәңгі өшпес махаббат, сүйіспеншілік лебі есіп тұрады.

1990 - Бауыржан Игілік жас ақын

Бауыржан Игілік 4 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы жалпы білім беретін №42 орта мектепті бітіріп, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетінде жоғарғы білім алды. Қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйралары мен айтыстардың жүлдегері, республикалық өнер фестивальдарының лауреаты. «Абай әлемі» фестивалінің Гран-При жеңімпазы, алтын төсбелгі иегері. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай төсбелгісімен марапатталған.

Ақынның сиясы кеппеген бір өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

* * *

Аспан бағып түндерде торғын қара

Ән ыңылдап дауысы тарғылдана

Беймәлім бір жақтарды бетке алатын

Жалғыздық жетегінде сол бір бала

Ғашық еді ол желге, айға, күн, жұлдызға

Үрей бар деп білмейтін үңгір, құзда

Іштей ғашық еді ғой күллі әлемге

Сырттай ғашық еді ғой үлбір қызға.

Ерте көріп өлімді аты мәлім

Ерте сезген өмірдің боқырауын

Шеңгел қапқан балтырын тәуіпше емдеп

Туған жердің себетін топырағын.

Жұпарымен елітіп отты атырап

Бәлкім сол бір баланы етті ақымақ

Сезген жоқ ол. Сезді ме жанның дертін

Түбінде емдейтінін тек топырақ.

Қайда? Қайда дәл қазір сол бір бала

Қайда деймін дауысым тарғылдана

Әкетті ме шақырып орғыл дала

Түн жасырып қалды ма торғын қара?

Пәк еді ғой, арманшыл, тым жаңғалақ

Қалай кешіп өтейін жылдарды абат

Көзім жұмсам сол бала елестейді

Ауыз үйде айнаға тұрған қарап...

Қашып шығып думаннан қылтың-сылтың

Көзіне бір қарасам шіркін...Шіркін...

ЖАЗУШЫЛАР

1859 — Кнут Гамсун (шын аты Кнуд Педерсен) (1952 жылы қайтыс болған), Норвегия жазушысы, 1920 жылдың Нобель сыйлығының лауреаты.

Гамсун тігінші отбасында төртінші ұл болған. Кедейліктің зардабын тартады. Тоғыз жасынан бастап атасының кеңсесінде жұмыс жасаған ол көптеген жұмыс алмастырғаннан кейін 1873 жылдан бастап сапарларға шыға бастайды. Алғашқы шығармашылығын 17 жасынан бастаған. Оның "Жұмбақ адам. Норлэндтік махаббат тарихы" алғашқы кітабы 1877 жылы жарияланған. 1890 жылы Кнут Гамсунның «Аштық» атты жаңашыл психологиялық романы жарық көріп, сол романы оны танымал етеді. Сонымен қатар, Гамсунға 1920 жылы Нобель сыйлығы «Жердің шырыны» атты көлемді еңбегі үшін беріледі.

Соғыс аяқталғаннан соң Гамсун абақтыға қамалады. Түрмеден қашып, мемлекеттік айып та тағылады. Ол жылдарды жазушы ауыр кезеңдер деп еске алады. Соғыстан кейінгі жылдары Гамсун біраз уақыт қарттар үйінде өмір сүреді. 1950 жылы Нёрхольмге оралып, 1952 жылдың 19 ақпанында қайтыс болады.

1918 - Ісләм Жарылғапов, жазушы, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері дүниеге келді.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, сектор меңгерушісі болған. «Жазушы» баспасында, Мәдениет министрлігінде, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде жауапты қызметтер атқарған. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры болып істеген. 1975 жылдан шығармашылық жұмыста болған қаламгер көркем аударма саласында жемісті еңбек еткен. Ол аударған А.Пушкиннің, А.Герценнің, М.Шолоховтың, Д.Собольевтің, М.Лермонтовтың, М.Пришвиннің және көптеген шетел жазушыларының шығармалары көркем аударма жанрының озық үлгісі ретінде танылды.

1949 – Құныпия АЛПЫСБАЕВ жазушы, филология ғылымының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қытай елінің Баяндай ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1974-1975 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1987-1989 Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөлімінің деканының орынбасары. 1993-1994 жылдары Қазақ мемелекеттік университетінің сырттай оқытатын филология факультетінің деканы қызметтерін атқарған. 1996 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. 1995 жылы Түркияның Анкара, Болу, Кония қалаларында өткен «Манас» жырының 1000 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, баяндама жасаған. 100-ден аса ғылыми-зерттеу еңбегі, отандық және шетел баспаларында 15 кітабы мен кітапшалары шыққан.

ДҮНИЕДЕН ОЗҒАНДАР

1941 — Михай Бабич, венгер ақыны.

1875 — Ганс Христиан Андерсен дат жазушысы. Әлемге әйгілі балалар және ересектерге арналған ертегілер авторы.

Ханс Христиан Андерсен жарлы отбасында дүниеге келді. Оның әкесі Ханс Андерсен кедей етікші болса, ал анасы Анна Мари кір жуушы болды. 1816 жылы әкесі дүние салып, Андерсен өз бетінше жұмыс істеуге кіріседі. Тоқымашының, тігіншінің көмекшісі болып қызмет еткен ол кейіннен темекі фабрикасында да жұмыс істейді.

14 жасында Андерсен Копенгаген қаласына аттанады. Отбасынан алысқа сапар шеккен жас Ганстан анасы не үшін кетіп бара жатқандығын сұрағанда, ол еш ойланбастан: «Атақты болу үшін!» деп жауап береді. Ол бұл мақсатына да жетеді. Бірақ, ешқандай жеңістің оңай келмейтіні белгілі емес пе?! Ол әуезді даусының арқасында король театрына жұмысқа қабылданып, тек қана екінші дәрежелі рөлдерді сомдайды. Кейіннен қартайғандығына байланысты жұмыстан шығып қалған Андерсен 5 актілі пьесасын аяқтап, соны кітап етіп шығарып, кітапқа оның өлеңдері де енеді. Бірақ, кітапты ешкім сатып алмайды. Оның қайтпас қайсарлығына тәнті болған ел Дания королі Фредерик УІ-ға Андерсенды оқыту жөнінде өтініш жасайды. Аұырында жазушы алдымен Слагельс қалашығында, одан соң Эльсинордағы мектепте қазына есебінен оқиды.

1829 жылы жарық көрген «Холмен каналынан Амагердің шығысына дейін жаяу саяхат» атты фантастикалық әңгімелер жинағы Андерсенға зор абырой әкеледі. Содан бастап, ол көптеген әдеби туындыларын жаза бастайды. Әсіресе, оның даңқын аспандатқан «Ертегілер» атты жинағы болатын. Андерсеннің «Ертегілерін» халық қызыға оқып, сұраныс көбейгендіктен, 1835, 1845 жылдары қайтадан басылып шығады.

Оның қаламынан «Импровизатор», «Тек скрипкашы», «Қос баронесса» романдары, «Мулат» пьесасы, «Ақын базары» жолжазба очерктер кітабы, «Менің өмірімнің ертегісі» өмірбаяндық кітабы тағы басқа шығармалары туып, әлем оқырмандарына жол тартты. Көптеген әдеби, ергеті-повестері арқылы даңқы аспандаған ол «Балаларға айтылған ертегілер», «Жаңа ертегілер», «Оқиғалар» деген жинақтары жарық көрді. «Қайыспас қалайы солдат», «Шошқа бағушы», «Бұлбұл», «Сүйкімсіз балапан», «Қаршақыз», «Көлеңке», «Ана» секілді танымал ертегі кітаптарында жазушы ар тазалығы мен жан жомарттығын, әділет, жақсылық сезімдерін ашып көрсеткен.

Соңғы ертегісін 1872 жылы жазған Андерсен 1875 жылдың 4 тамызында қайтыс болады.

Айтулы оқиғалар

2007 жылы Павлодар қаласында Иван Қандыбаевтың «Жаңбырдан кейін» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.

Дайындаған: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар