Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ақиқатты танытатын шығарма керек ...

08.08.2017 9305

Ақиқатты танытатын шығарма керек

Ақиқатты танытатын шығарма керек  - adebiportal.kz

Толстой шығармасын оқыған санасында сәуле бар адам өзін-өзі іздесе, ақиқатты тануға талпынса, ал жазушы өз кейіпкерлерін кейіптей отырып, өзі де арылды. Себебі, әр жазушы өзін, өз болмысын жазады. Толстой: «Менің шығармаларымның бәрін оқудың қажеті жоқ. Тек ақиқаттың нұры тамып түскен шығармаларымды ғана оқыңыздар» деді. Жазушының өзі де Құдайдың нұры түскен жазушы екенін, әрине, сезді.

Кешегі «Құдайсыз» заманда жазушылар ақиқатты астарлап болса да, жазды. Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ жазушылары оқырманға ақиқатты танытуды өз миссиясы сезіне ме? Дін мәселесі ушығып тұрған сәтте біздің жазушылар шығармаларында ақиқатты таныта ала ма? Құдай мен оқырманның арасын байланыстырып, оларға тура бағытты көрсете ала ма? Көкейде сұрақ көп...

1.Әлемге әйгілі жазушылардың бәрі шығармаларында ақиқатты іздейді. Оқырманын Құдаймен байланыстырғысы келеді. (Мысалы, Толстой, Гюго...) Бізде осындай шығармалардың аз жазылуының себебін қалай түсінесіз?

2. Қазір әлемде мистикалық әдебиетке, фильмге сұраныс бар. Қазақ әдебиетінде бұл тақырып та тым аз жазылып жатыр. Қазақ жазушыларының бұл тақырыпқа жиі қалам тартпауының себебі неде?

3. Әлемге әйгілі жазушылар шығармаларында алдағы уақытта болатын қауіпті түйсігімен сезіп, ескертеді. (Мысалы, Бальзактың «Үзілген үміттері») Айтыңызшы, бізде болашақтың «тамырын» дөп басып жатқан жазушылар бар ма?

Жазушының ойына келмеген қағидаларды таңады...

Кәкен ҚАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор

1.Әр халықтың өзіндік дәстүрі, мәдени ортасы, орныққан дүниетанымы бар. Қазақ прозасы, романистикасы негізінен кеңестік кезеңде қалыптасты. Сөз жоқ, қазақ жазушыларының сол замандағы шығармаларына идеологиялық талаптар қатты әсер етті. Қазіргі кезеңде бұл мәселені қаламгер де, халық та ой сүзгісінен өткізіп жатыр. Әркім өз жолын, өз сорабын іздегені жөн. Оның үстіне басқа елдің мұрасын, жөн-жобасын әмбебап үлгі-өнеге, стандарт ретінде тықпалауға болмайды.

2.Мистикалық тақырыпты өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қалмұхан Исабаев қозғаған (ұмытпасам, «Жұмбақ үй» әңгімесі), бүгінгі күндері Қойшыбек Мүбарактың әңгімелер жинағын ауызға алуға болады. Әр ұлттың өзіне лайықты «дерті» бар. Бұл тақырыпқа бару үшін бастан өткен жағдай, эмоция, психологиялық тебіреніспен қатар арнайы білім қажет.

3.Әлемге әйгілілік тілдің таралу кеңістігіне, аудармаға байланысты. Қаламгер – өндіріс маманы емес. Ол «жазып отырған шығармамда дәл мынадай мақсатты орындап шығамын» деп жоспар жасамайды. Жазушының шығармасынан әртүрлі концепті іздейтін әдебиет теоретиктері. Жазушының ойына келмеген қағидаларды оларға таңатын да әдебиет зерттеушілері. «Адамзат комедиясы» қазақ фанаттарының саны қанша – ол жағы маған бимәлім. Әдеби орта, шынайы оқырмандар болмаса, «Утраченные иллюзии» сияқты дүниелерді қалың оқырман тап қазір іздеп жүріп оқымайды. Қалың оқырман бар ма өзі? Қазақ жазушысы «Үзілген үміттей» жазсын делік, бірақ жұртшылықтың көкейіндегісі – бүгінгі күннің қамы.

Жырларының сенімсіз, жалаң шығып жататыны содан...

Серікбол ХАСАН, ақын

1.Ақиқатты іздейтін шығармалар бізде де бар. Бірақ мәселе соны сезінуде емес пе? Өзіңіз айтып отырған Толстой «Исповедті» жазу арқылы өзге өмірге деген бетбұрысын анық байқатты. Күнделіктерін алайық, «Много ли земли нужно человеку» әңгімесін алайық. Бәрінде де Толстойдың ақиқатты анық танығаны аңғарылады. Пахомның әрекеті арқылы негізінен ақиқатты айтады. Сол себепті де, Толстойдың осы тақырыптағы шығармалары биік тұр. Толстойдың хаттары – эпостолярлық жанрдың шыңы. «Дүние тезек сияқты: үйілген сайын сасиды, шашылса, жерді тыңайтады» деген сөзінің өзі неге тұрады?! Толстой деңгейіндегі қазақтар ретінде өзім Абай мен Шәкәрімді қояр едім. Шәкәрімнің өзіне Мұтылған деген ат қойып, дүниеден безінуі оны Толстой айтқандай, «тезек» екенін сезінуінен емес пе? «Әлемді түгел мен біліп, Ешкім мені білмесе...» деген Шәкәрімнің ақиқатты тануы, оны шығармасында өрнектеуі Толстойдан кем емес. «Білімділерге бес сауал» деп 5 түрлі сұрақ қойғаны тағы бар. Сондықтан өзіміздегі Абай, Шәкәрім секілді Хақты таныған, насихаттаған ұлыларымызды түсінбей, ұғынбай жүрген өзіміз. «Күндіз-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне ғашық қылған оның әмірі» дейді Абай. Ақиқатты Абайдай таныған қазақта әлі ақын туған жоқ. Қазір де мінәжат жырларын жазып жүрген, Жаратушыны, жараталысты қаламына арқау етіп жүрген ақындар жоқ емес, бар. Өкініштісі, олардың біразының өздерінің ақиқатты тануында, түсінуінде, жеткізуінде кемдік бар. Жырларының сенімсіз, жалаң шығып жататыны содан.

2.Фентези жанры қазір модаға айналғаны рас. Әсіресе, киноиндустрияда. Осы соқпаққа әдебиет те түсіп келеді. Бұдан қорықпау керек. Бұл – заманның талабы, талғамы. Киноөндірушілер көрерменді осы арқылы баурап отыр. Ендеше неге әдебиетте де мұны пайдаланбасқа? Мистикалық оқиғаларды голливудтағыдай ауадан алудың қажеті жоқ. Қазақтың өз тамырынан табуға болады. Қиял-ғажайып ертегілеріміздің өзі тұнып тұрған мистика емес пе еді? Бертіндегі қиссаларымыз қандай еді? Қазақ аңыздарының желісімен Голливуд кино түсірсе, бүкіл әлем «құлап» көрер еді. Шындап келгенде, Гомердің құдайлар туралы мифі біздің қазақ даласынан алынған. Одиссейдегі жалғыз көзді дәу мен Қорқыт ата кітабындағы Төбекөз бір кейіпкер емес пе? Қазақ аңыздарындағы қара күштер туралы неге мистикалық шығармалар жазбасқа?! Оларды неге ашпасқа? Мысалы, Албастыны бәріміз білеміз. Ал оның күйеуі Сөрел жайлы неге айтпаймыз? Албастының өзінің неше түрі бар. Марту, қара албасты, кісікиік деп кете береді. Шоқан айтқан Елті туралы да жеке дүние беруге болады. Суда жүретін Үббе туралы неге жазбасқа? Зарап, Алдашы, Жік... Бәрі бір бір үлкен кейіпкерлер. Бұларды қазіргі қазақ білмейді. Білсе де, дінге кереғар деп жолатпайды. Діннің өзегінен де мистикалық сюжеттерді көптеп кезіктіруге болады. Қазақтың «Дариға», «Нұр батыр», «Үш қыз» деген қиссаларын алайық. Бәрінің өзегінде ислам діні жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Миғражға көтерілуі – тұнып тұрған мистикалық шығарма. Ақиқат! Құранның Кәһф сүресінде айтылатын жігіттердің оқиғасы. Олардың өліп, тірілуі, сол арқылы ақиқатты, ғибратты ескерту. Пайғамбар миғражына сенбеген сахабаның әйелге айналуы, кейін өз қалпына келуі, бәрі де мистикалық шығармаларға сұранып-ақ тұр. Сондықтан қазіргі оқырманның сұранысын ескеріп, сіз айтқандай тақырыптарды қаузауға әбден болады. Ал бұл тақырыпқа қаламгерлердің жиі бармауының себебі: олар өздері жақсы білмейді не қызықпайды, болмаса, басқа себебі бар. Тағы бір ескеретін нәрсе: бұл тақырып өте нәзік мәселе болғандықтан, сақтықты, адасып кетпеуді талап етеді. Қаламгерлеріміздің сақтанатын тұсы да осы болуы керек деп ойлаймын.

3.Арысы Майқы бабамыздан Мұқағалиға дейін болашақтың тамырын тап басқандар болды. Ажалын алдын ала білген ақындар бар. «Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде» деген Мұқаң. Өлең-әңгімелері арқылы заманның қалай бұрылатынын болжап кеткендер жоқ емес. Қазір де шығармалары арқылы болашақтан бір белгі беретін қаламгерлер жоқ емес. Бірақ саусақпен санарлық қана. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Оқырман өзі тауып, түсінетін болар.

Жазушының міндеті – адамды жан азабынан құтқару

Бану ОНДАСЫНОВА, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің аспиранты:

  1. 1. Меніңше, қазақ халқы ертеректе бар болмысымен Құдайға барынша жақын болған. Көне Түркі жазба ескерткіштерінен бастап, ортағасырдағы шайырлар, одан кейінгі жыраулар поэзиясында, ХХ ғасырда Абай мен Шәкәрім туындыларында дидактикалық сарын басым – екі дүние бақытының кілтін табу, яғни Құдайды табу туралы. Адамның болмысы «Мен» мен «Менікіден» тұратынын, бұл фәни жалғаннан ардың жолымен жүруді айтқан. Университетте сабақ берген бір ұстазымыз айтатын еді, «батыстың философтары метафизика, гносеологиялық проблемалармен айналысса, шығыстың, оның ішінде біздің түркі ойшылдарының философиясы антропософиялық сипатта – нәпсі мен рухтың не екенін түсіндіріп, әр адамның мақсаты бойындағы Құдай нұрын нәпсі кісенінен босатып, рухани азаттыққа қол жеткізу екенін көрсеткен». Әрине, дидактикалық сарындағы туындылардың миссиясы, рөлі басқа, ал Толстойдың «Отец Сергий» повесіндегі Сергий, «Дьяволдағы» Евгений Иртеневі, Сергей Есениннің өз бойындағы «черный человек», тіпті Антон Чеховтың «Черный монах» әңгімесіндегі Андрей Коврин деген кейіпкерінің ішкі арпалысын, жанын нәпсінің кісенінен, шайтанның шырмауынан арашалауға талпынған адамның жанталасы... біздің әдебиетімізде аз жазылғанын мойындау керек. Қысқасы, жазушының міндеті – адамды жан азабынан құтқару. Абайдың «Масғұты» cекілді прозалық шығармалар жазылуы керек деп ойлаймын. Ол тақырыптың әлі де жете жазылмай жатқанының себебі: қазақ әдебиетінің прогресі ол өреге әлі жетпеді деп ойлаймын, ол – келешектің еншісінде.

2.Қазақ әдебиетінде де өзге елдердің әдебиеті секілді заманына сай қоғамның қажетін, жүрек лүпілін сезініп, соның шөлін басатын туындылар жазылады. Біздің еліміз халық саны жағынан, басқа даму көрсеткіштері жағынан алдыңғы сапта болмағандықтан, әдеби ортада да бәсекелестік күшті емес. Сәйкесінше, әлемде ілкі шығарма танылып жатқан жанрдағы туындылар бізде біртіндеп жазылады – прогресс баяу жүреді. Қазақ әдебиетінде әлі де «ауыл прозасын», махаббат лирикасын іздеп оқитын оқырман көп, тіпті басым бөлігі сол ауандағы шығармаларды оқиды.

Ал мистика туралы айтсақ, толық мистикалық шығармалар аз, тек қазақ ертегілерінде Жалмауыз кемпір, Перінің қызы секілді мистикалық кейіпкерлер кездеседі және Алпамыстың жыл емес, күн санап ержететіндігі секілді мистикалық элементтер бар. Төлен Әбдіковтың «Оң қол» шығармасы мистикалық шығармаға жақын.

Мистика қазіргі уақытта кинематографияда да, әдебиетте де жай ғана сәнді емес, кәдімгідей қызығып оқитын жанрдың біріне айналды. Сіз Михаил Булгаковтың, Стивен Кингтың шығармаларындай қазақ жазушылары жазуы мүмкін бе, қажет пе деген сұрақ қойсаңыз, қазақ жазушыларының болашақта жазылатын мистикалық шығармалары дәл ондай сипатта болмайды деп ойлаймын. Болуы мүмкін шығар, мен қазақ әдебиетіне мистикалық сюжеттегі шығармалар жазылғанынан гөрі, алдыңғы жауабымда айтқан адам жанының нәпсі құрығынан, шайтан азғыруына қарсы тұрып, иман тазалығы үшін күресі туралы, рухани азаттық туралы шығармалар жазылғанын қалаймын, өйткені, қазақ дүниетанымының темірқазығы – ислам дінінің құндылықтары.

3.Қазақтың XIX ғасырдың соңындағы, XX ғасырдың басындағы ақын-жырауларының жырларында ұлтымыздың болашағын болжап, қандай қатерден сақтану керектігі айтылған тұстар өте көп. Мөңке бидің жырларында, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіп Көпейдің өлеңдерінде болашақты болжау сипаттары бар. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп бабамыз елдің басына түскен аштықтың келерін, соғысты, тіпті өзі өмірден кеткесін 70-80 жылдан кейін ислам дінінің іштей іритінін анық білген, мына өлеңін қараңыз:

Діні бар да, ұлты жоқ,

Сақалы бар, мұрты жоқ.

Теке сақал қырма мұрт,

Ел түбіне сол жетер.

Ал кеңестік репрессияның құрбаны болған Шәкәрім атамыз өз өлеңдерінің заманында ешкімге керегі болмағанымен, араға жарты ғасыр тастап, ұрпақтары үңіле оқып, жаттайтынын сезіп, былай дейді:

Мен кетермін, сөз қалар
Ақ қағазға басылып.
Бозбалалар қолға алар
Әр ауылға шашылып.
Оқырсың да қолға алып.

Қазақ жырауларының поэзиясында, бұл мысалдардан гөрі нақтырақ өлең жолдары жеткілікті. Жастарымыздың әдебі, еліміздің болашағы, неден қауіптеніп, неден сақтану керектігін, тіпті нақты қай жылдары қандай қатер келетінін дөп айтып кеткен ақындар бар. ХХ ғасырға дейінгі қазақ әдебиетінде жыр жазған шайырлардың көбі тақуа, дінін берік ұстанғандықтан, олардың бойында әулиеліктің сипаттары болды деген сенімдемін. Елінің болашағын болжауда сол рухани тазалығынан берілген көрегендігіне сүйеніп айтқан болуы керек.

Дайындаған Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар