Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Теодор Моммзен – Нобель сыйлығын алған жалғыз тари...

15.11.2017 7103

Теодор Моммзен – Нобель сыйлығын алған жалғыз тарихшы

Теодор Моммзен – Нобель сыйлығын алған жалғыз тарихшы - adebiportal.kz

Атақты неміс тарихшысы Христиан Матиас Теодор Моммзен 1817 жылдың 30 қарашасында сол кездері Данияға қарайтын Шлезвиг герцогтігіндегі Гардинг атты шағын ғана ауылда дүниеге келген. Бірақ кейін әкесінің қызметіне орай көшіп барған Бад-Ольдесло қаласында өседі. Әкесі Йенс Моммзен (1783-1851) протестанттық бағыттағы шіркеу қызметшісі болатын. Кішкентай Теодордың тілге, әдебиетке қызығушылығын арттырып, неміс поэзиясына деген сүйіспеншілігін оятқан да осы әкесі.

Кішкентай Теодор сауатын алғаш үйде ашса, кейіннен төрт жыл Алтондағы христиан гимназиясында оқиды. Онда грек, латын тілдерін үйренумен қатар шешендік өнер, философия, неміс әдебиетін жетік меңгеріп шыққан ол 1837 жылы диплом алады. 1838 жылы Киль университетінің заң факультетіне түскен жас талапкер онда Г.Зибель, Ф.Шлоссер, И.Г.Дройзен секілді атақты ғалымдардың алдын көреді. Университеттегі оқу Моммзеннің дүниетанымының қалыптасуына ерекше әсер етті. Ол осында жүріп, Гегель философиясымен танысты, Л. Фон Ранктың тарихи тұжырымдарын оқу арқылы деректер мен тарихи зерттеулерге, антикалық жазбаларға қызығушылығын арттырды.

Жас ғалым университет қабырғасында жүріп-ақ, жетістіктерімен көзге түсті. Ағасы Техо, ортақ достары Теодор Шторммен бірге өлеңдер жинағын шығарды, ғылыми ортаны елең еткізген трактаттарын жазды. Университет басшылығы оны жиі стипендияға да ұсынып отырды. Мұндағы оқу Рим заң жүйесіне қатысты докторлық диссертациясын жоғары деңгейде қорғаумен аяқталды. Рим тарихына университет қабырғасынан қызығушылық танытқан Моммзен оқуын тәмамдай сала Италияға саяхатқа аттанады.

Италияда өткізген төрт жылда жас тарихшы б.з.д. І мыңжылдыққа қатысты тарихи деректерді зерттеді, көшірмесін жасады, өзін ғылыми ортаға танытқан мақалалар сериясын жазып шықты. Нәтижесінде кейін Corpus Inscriptionum Latinarum (латыншадан аударғанда «Латын жазбалар жинағы») атты 16 томдық көлемді еңбегі дүниеге келді. Өзге де авторлардың қатысуымен жазылған бұл томдықтарға біздің заманымызға жеткен барлық эпиграфиялық ескерткіштер көлеміне, мазмұнына қарамастан енуі тиіс болатын. Солай болды да. Кітапқа Ежелгі Римнің тарихына қатысты 100 мыңнан астам жазба кірді. Кітап 1863 жылы жарық көрді.

1847 жылы Киль қаласына қайтып келген ғалым түрлі демократиялық қозғалыстарға қатыса бастайды. Солардың бірі Эльбаның солтүстінде орналасқан немістілді халықты Данияның ықпалынан босату болды. Ол уақытта Шлезвиг-Гольштейн түгелдей Данияға қарайтын. Революция күннен-күнге қызып жатқан 1848 жылы жас тарихшы «Schleswig-Holsteinische Zeitung» атты жеке либералды газет шығара бастайды. Алайда Кильде қалу күннен-күнге қауіпті бола бастағаннан кейін әрі көшедегі қақтығыстардың бірінде жараланған Моммзен Лейпциг университетінің шақыртуын қабыл алып, жыл соңында сонда кетеді. Мұнда келгеннен кейін де азаматтық құқық бойынша дәріс оқып жүрген профессор 1851 жылы саяси істерге қайта араласқаны үшін кафедрадан шығарылып, сабақ беруіне тыйым салынады. Келесі екі жылдағы оның қызметтік орны Швейцариядағы Цюрих университеті болды. Мұнда лекция оқумен қатар баяғы өзі зерттеген Рим тарихына қайта оралып, кейін атағын шығарған кітабын жаза бастайды. Кітап нақты ғылыми деректерге негізделгенімен жалпы оқырман қауымға арналған еді.

1854 жылы Германияға қайтып келген тарихшы Пруссиядағы Бреслау университетінің профессоры ретінде жұмысқа кіріседі. Дәл осы жылы Нобель сыйлығын алуына себепші болған «Рим тарихының» І томы да оқырманға жол тартады. Тарихшы үшін бұл жыл берекелі болды.Өйткені кейін Моммзенге 16 бала туып берген кітап саудагерінің қызы Мария Реймерге де осы жылы үйленген еді.

«Рим тарихының» алғашқы үш томы (II-III томдары 1855-1856 жылдары жарық көрді) Рим империясының құрылған кезінен бастап б.з.б. 46 жылға дейінгі оқиғаларды қамтыды. Ежелгі Римнің тарихы мен мәдениетін жан-жақты талдай жазған энциклопедиялық мәліметтерге толы, тілі жатық бұл кітап Моммзенге әлемдік атақ-даңқ әкелді. Ежелгі Рим басшыларын ХІХ ғасыр саясаткерлерімен салыстыра отырып жазылған осы туынды арқылы тарихшының ой-өрісінің кеңдігі, ғылым саласындағы білімінің тереңдігі байқалды. Бүгінгі заман тұрғысынан қарағанда «Рим тарихындағы» кей деректер ескірсе де, бұл кітап адамзат тарихы мен әдебиетіне қосылған ең құнды еңбек саналады. Бұл ғана емес, бүгінгі зерттеушілер «Рим тарихының» неміс әдебиеті мен тілінің дамуына қосқан үлесін зор санайды.

Моммзен 1858 жылы Берлинге келіп, сонда тұрақтап қалды. Фридрих Вильгельм атындағы университеттің ежелгі тарих кафедрасын басқарды. Ұстаздық қызметімен қатар, саясаттан да қол үзген жоқ. 1861-1866, 1873-1879 және 1881-1884 жылдары алғашында өз аймағының (Пруссия), кейін бүкілхалықтық (Рейхстаг) депутат болды. Көптеген жылдар бойы Берлин ғылым академиясында да жұмыс жасады.

Тарихшы өмірін зерттеушілердің бір бөлігі оның «Рим тарихының» IV томын жазғанын айтса, тағы бір топ мұны жоққа шығарады. Олардың пікірінше, 1880 жылдың 7 шілдесінде Моммзеннің үйінен өрт шығып, кітапханасы түгелдей отқа оранған. Кітабының IV томы да сол кезде бүлінген деседі. Десек те, Моммзеннің төртінші томды жазбай, бірден бесінші томға көшкені әлі де қызық.

Теодор Моммзеннің «Рим аймақтары. Цезарьдан Диоклетианға дейін» атты зерттеуі «Рим тарихының» V томы ретінде 1885 жылы жарық көрді. Мұнда Рим империясы тарихының алғашқы үш ғасыры баяндалады. Ал 1871-1888 жылдар аралығында тарихшының «Римнің конституциялық құқығы» деген үш томдық зерттеуі шықты. Онда Моммзен Рим империясының негізінде жатқан заң жүйесін егжей-тегжейлі талдап, сараптайды. Артынан 1899 жылы «Римнің қылмыстық құқығы» атты еңбегін жазады.

Моммзен – Римнің сонау құрылу тарихынан бастап, басқару жүйесі, заңдық нормативтері туралы, императорынан соңғы басшысына дейін жазған, оны халыққа жеткізген алғашқы тарихшы. Моммзенге дейін де, кейін де Рим тарихына қатысты мұндай іргелі еңбек жазылған емес.

1902 жылы Нобель сыйлығына үміткерлердің қатарында орыстың атақты жазушысы Лев Толстой да бар еді. Алайда, атаулы сыйлық тек көркем туындыларға ғана емес, тарихи шығармаларға да берілуі керек деген желеумен заманының ең даңқты тарихшысы Теодор Моммзенге «Рим тарихы» кітабы үшін Нобель сыйлығы берілді. Бұл кезде жасы 85-ке келген тарихшы Нобель лекциясын оқыған жоқ. Моммзен – Нобель тарихында деректі проза саласы бойынша сыйлық алған санаулы қаламгердің бірі, бұл сыйлықты иеленген жалғыз тарихшы.

1903 жылдың қарашасында қанжығасына Нобельді байлаған тарихшы Берлин түбіндегі Шарлоттенбургте дүниеден өтті. Көзкөргендер Моммзеннің бойы сұңғақ, жанары өткір әрі сөзге шешен жан болғанын айтады. Д.Томпсон, Б.Хольм секілді тарихшылар оған «неміс ғылымының феномені» деп баға берсе, өмірін зерттеушілер оның бойынан ақындық, заңгерлік, сыншылық, суреткерлік секілді қасиеттердің бәрі де табылғанын жазады.

Моммзеннің ұрпақтары арасында да атақты тарихшылар баршылық. Америкаға қоныс аударған немересі Теодор Эрнст Моммзен профессор-медиевист болса, Германияда қалған тағы бір немересі Вильгельм де атасының жолын таңдап, тарихшы болды. Өзге ұрпақтары Ганс пен Вольфганг Моммзендер де немістің айтулы тарихшылары атанды.

Марфуға ШАПИЯН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар