Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әділбек Ыбырайымұлы: Әдебиетімен танылған ел барлы...

25.08.2017 5139

Әділбек Ыбырайымұлы: Әдебиетімен танылған ел барлығынан озатын болады...

Әділбек Ыбырайымұлы: Әдебиетімен танылған ел барлығынан озатын болады... - adebiportal.kz

Шығармашылығын байыптап қарағанда аңғарғанымыз, ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде қалам тербеп келе жатқан жазушының бірі – Әділбек Ыбырайымұлы. Бұл сөзімізге оның «Пір мен пырақ», «Көктемсіз жыл», «Сүмбіле шуағы», «Ақ тамақ қарлығаштар» жыр кітаптары, «Ақкекіл», «Мизам көк» хикаяттар мен әңгімелер топтамасы, «Адам-айуан», «Ұяластар», «Зауқайыр» романдары дәйек болады.

Ол – Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш», «Дарабоз» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық бәйгенің жүлдегері, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық құрметіне өткізілген «Азаттық аясында» атты республикалық мүшәйраның бас жүлдегері атанған.

Ұдайы ізденіс үстінде жүрген ақын, жазушы Әділбек Ыбырайымұлын cөзге тартып едік. Әдебиеттің жай-күйі, жеке шығармашылығы туралы өрбіген осы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оқыңыздар, ой білдіріңіздер.

– Әділбек аға, жақында «Рахымжан Отарбаев қоры» ұйымдастырған байқауда жүлделі болыпсыз, құттықтаймыз! Жүлде алған шығармаңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Ең бірінші «Рахымжан Отарбаев қорына» осындай дербес әдеби бәйгені ұйымдастырғандары үшін рақмет айту керек. Мұны жүлдегер атанғандығыма бола айтып жатқан жоқпын. Олардың ұлттың дүниесіне қамқор көңілмен, үлкен жүрекпен қарағандары іш жылытады.

Байқауға ұсынған шығармам «Баланың ісі» деп аталады. Ол, өзі, 10-11 жастағы балалардың харакетін сипаттайтын қарапайым әңгіме. Айдар, Заңғар деген 3-ші сыныпта оқитын екі достың балалығы мен аңғырттығы баяндалады. Айдардың сабақ басталар алдында үш бұрышты сызғышты мойнына іліп ап, қайта шығара алмай әурелетіні; шағын сурет көрмесін өткізуге жиектеме (багет) жасамақ болып, жіңішке тақтайшалар қажеттігінен шеберханаға баруы; үстілеріне шеберхана иесі Дәуіттің келіп қалып, Айдардың екінші қабаттан секіруі; оны ауыр мертіккендей етіп көрсетіп, төрт баланың үйдің қалқасынан көтеріп шығуы; мұны көрген Дәуіт үрейі қашқаннан үкідей ұшып, учаскелік полицейге өзі баруы; үлгерімі нашар Алмас деген балаға айламен сабақ айтқызуы; құрылысы бітпеген тастанды үйде Заңғардың сурет көрмесін ұйымдастырулары айтылады. Екеуінің осы жасап жүргендерінің бәрі баланың ісі еді.

Шығармада бүгінгі балалардың мінезі мен ұғымын беруге тырыстым. Оның қаншалықты ұтымды шыққанын оқырман бағалай жатар.

– Сіз поэзия мен прозаға қатар сүрлеу салып жүрген қаламгерлердің бірісіз. Бірақ, әлеуметтік желілерден тек өлеңдеріңізді ғана оқимыз. Прозаңызды көп насихаттай бермеуіңіздің себебі шығар?

– Жалпы, мен өзімді ақын ретінде көргім келеді. Сондықтан өлеңді ұдайы жазып жүремін. Кейде бір сөз тіркестері, керемет ұтымды ұйқастар, суретті бейнелер тіліңнің ұшында тұрады да, әп сәтте үшті-күйлі жоғалып, жаңылдырып кетеді.

Алайда прозаның орыны да, михнаты да бөлек. Онымен тұрақты негізде шұғылдану керек. Көркемдіктің шегі жоқ және сюжет құрудың жолдары да мол. Тек соны сезініп, ұстай алсаң, кәнеки... Көкейдегі салған суретің қағазға түскенде божырап, мәнісі келмей тұрады. Қайта жазуға отырасың. Тағы ұнамайды. Қайыра шимайлайсың...

Әлбетте ол бес шумақ өлең сияқты қысқа емес, үзінді түрінде берсең жалпыға түсініксіз болады. Мұның сыртында, 3-4 параққа шұбалып жатқан шығарманы бүгінгі оқырман шыдамы жетіп соңына дейін оқуға уақытын қияр ма екен? Сондықтан әлеуметтік желіде тек өлеңдер жариялаймын. Әйтпесе прозаларымды көрсеткім-ақ келеді. Осыдан бір жыл бұрын «Бейсауат кісі» деген әңгімемді салып едім, ешкім тырс етпеді. Содан кейін әлеуметтік желінің ұшқыр жанрға бейім екенін түсіндім. Содан бері өңкей өлеңдер жариялап келемін.

– Сіздің соңғы кезде оқырманның да, қаламгерлердің де аузына көп ілігіп жүрген шығармаңыз – «Мәңгелия». Бұл шығарманың идеясы ойыңызға қалай келді? Мақсаты қандай?

– Әдебиетті ұлт деп қараған жөн. «Қазақ әдебиеті» «қазақ ұлты» деген ұғымды береді. Осы рухани ұлттық болмыста тәуелсіз, жаңа ұлттық санаға жетелейтін бастамалар көп болса, жеткіншек буынды мемлекетшіл етіп шығаруға неғұрлым жол ашылатындай. Осы ойдың төңірегінде толғанып жүргенде Елбасы «Мәңгілік Ел» деген концептуалды пайымын, ұмытпасам, Атыраудағы бір кездесуде жария етті. Содан кейін Мәңгілік Елдің мұратын жастардың көкейіне сіңдіруге ұмтылдым. 2014 жылдың соңында Бурабайдағы «Оқжетпес» санаторийіне барып, «Мәңгелия» деген жас жеткіншектерге арналған хикаятты жазып шықтым.

Ал оның көркемдік деңгейі, негізгі тұжырымы, сюжетін оқырман бағалар. Бір қызығы, бұл шығарма кітап болып басылып, жарық көрген емес. Интернет жілісінде, нақтысында, «Әдебиет порталында» жарияланды. Жұртшылық онымен электронды түрде танысты. Соған қарағанда әлеуметтік желі мен салалық сайттардың айырмашылығы, әрқайсының өзінің аудиториясы болуында.

Осы ретте «Әдебиет порталының» атқарып отырған қызметіне ризашылығым мол.

– Осы шығармаңыз арқылы сізді балалар әдебиетіне де бет бұрды деуге болады ғой?

– Балалар әдебиеті үлкен әзірлік пен түбегейлі шығармашылықты қажет етеді. Оған өте талғампаздықпен әрі бала көкейінде тұрған тәтті қиялды таба алатын өлшеммен бару керек. Бұл шығармадан кейін «мені балалар әдебиетіне бет бұрды» деп айту, асығыстық болар. Менің жеткіншектер ұғымына арнап жазуым, ол тек – әдебиетті сүйіп өсетін балалардың қатарын молайтудың амалы ғана.

Осы шығармадан кейін бір аңдаған нәрсем, Астана, Алматы қалаларындағы бірнеше мектептер туындыны талқылап, тәрбие сағатында пайдаланыпты. Қайсыбірі, принтерден кітапша етіп шығарып алыпты.

Ал, Тәуелсіздіктің 25-жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапхана өткізген онлайн конкурсында «Мәңгелия» үздіктердің қатарынан көрінді. Сөйтіп, Қазақстанның шығармашылық зиялы қауымының республикалық форумында «Үздік балалар жазушысы» деген дипломмен марапаттады. Бірақ мен балалар әдебиетіне ешқандай үлес қосқан жоқпын деп ойлаймын.

– Қазір ілгерідегі аға толқыннан жастардың шығармашылығы туралы сұрасақ, әлі күнге дейін сіздердің буындарыңызды айтады. Бірақ, сіздерден кейін де әдебиетте қалыптасқан және енді келіп жатқан қаламгерлер легі бар. Ал сіз жастардың шығармашылығын қаншалықты бақылап жүресіз?

– Бізде үлкендер «ағалық» мәртебесінен айырылып қалған. Олардың айыбы – әдебиет өздерімен бірге кететіндей көреді. Сондықтан жастар десе өздерінен он, он бес жас, әрі кетсе жиырма жас кішілерді тілге тиек етеді. Өйткені, одан жастарды әлі ауыздары ысылмаған, ойпыл-тойпыл жазып жүрген жеткіншек топ деп қана біледі. Олардың тілін оқып – сұйық, ойлары – шала дейді. Жақсы болсын, жаман болсын әдебиет деформацияға түсіп жатқанын мойындағылары келмейді. «Көне көздердің» ұғымында әдебиеттің «алтын ғасыры» кемелденген кеңес дәуірінде өтіп кеткендей.

Керісінше мен сол кездің мықты деген ақындарының бәрін оқыдым. Қайсыбірі публицистикалық тәсілмен ойды өлеңге көшіріп, «қоғамдық ой айтып жатыр, азаматтық үні басым» деген бағаға ілінгісі келгендей байқалады. Шынында да соларды «терең» ақын деп айдар тағып, көркемдік санаттағы белгілі пікір қалыптасқан.

Біздің буыннан да ішін-ара жырындылары болмаса үлкендердің аузына ілінгендері шамалы. Әдебиет жақсы, ал әдебиетті жасаушылардың арасында көпе-көрінеу көк аттыны көлкектету басым. Сондықтан, арамызда бір кітаппен бірнеше марапатқа, мақтауға кенеліп жүргендер ұшырасады.

Шамам келгенінше жастарды қадағалап оқып жүруге тырысам. Жазушылар Есболат Айдабосын, Қанат Тілеухан, Алмас Нүсіп, ақындар Хамит Есаман, Мерей Қартов, Мирас Асан, әдебиетшілерден Бағашар Тұрсынбайұлы, Елдос Тоқтарбайұлы, Бағлан Оразалы сияқты және де бірқатар жастарды білемін. Өзгелері атын атамағаныма ренжи қоймас.

Міне, осы асау толқын «Қазақ әдебиетін» өркендететін өрендер. Ал олардың қалам тарту мәнері, әдебиет теориясын меңгеріп барып жазғандар үшін «әлжуаз» болып көрінуі әбден мүмкін. Менің ұғымымда әдебиеттің сүбелі үлесі – болашақтың қойнауында, келешек жастардың қалам қарымында жатқандай.

– Өлеңдеріңізде суреттеуді, теңеуді өтте сәтті қолданасыз. Былайша айтқанда тіліңіз құнарлы. Қазіргі жастардың поэзиясында, жалпы шығармашылығындағы тілдің жұтаңдығы туралы не айтасыз?

– Тіл туралы талас көп. Тіл болмаған жерде әдебиеттің, яғни, ұлттың соры. Тіл білгеніңе кейде қорашсынатының бар. Өйткені, өзге тілді қандастарыңның ортасында тұрып, қызыл тілге құшырды төгіп сөйлей алмай қор боласың. Сөйлейін десең, айтпақ уәжіңді рәсуә етесің. Түсінбейді. Сондықтан қысқа қайыруға тура келеді. Әйткенмен олардың бүгінде қатары азайған.

Ал, тілі жұтаң қаламгерлердің жалпақ елге көкейіндегісін жеткізе алмауы, айтса да орашолақ болып шығуы, қынжылатын мәселе. Олардың дүниелері әуелгіде назарда жүруі мүмкін, біртін-біртін айналымнан шығып қалады. Қара дүрсін сөз орамдары жұртшылықтың талғамына бәрібір астар бола алмайды. Сондықтан тілді білмей тұрып жазуға әрекеттену – өзіңді-өзің әшкерелеу. Қатарда тілі солғындардың жүруі, көркем сөзді иіп, мәйегін тамызғандардың танылуына себеп болады, жол ашады.

Қалам ұстаған жастардың тілінің жұтаңдығы, қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік топтың әртүрлі себептермен кестелі тілдің құнарынан ажырауының салдары ма деп білем.

– Сіздің шығармашылығыңыз туралы бірнеше мақала оқыдым. Түйетін ой біреу ғана: «Әділбекті әдебиетшілер немесе замандастары неге қаперге алмайды?»,-дегенге саяды. Жалпы, сіз ғана емес Тәуелсіздіктің бірінші жартысында әдебиетке келген қаламгерлер туралы көлемді талдау, пікірлер некен-саяқ сияқты?

– Мені замандастарымның немесе әдебиетшілердің қаперге алмайтын себебі, әдеби ортадан оқшау жүріп келемін. Өз әлеміммен өзім боп, шығармаларымды жазғанымды ғана білдім. Бұл олардан алшақ болайын деген қасақана әрекет емес. Ертеден Астанаға көшіп кеттім, жазушылардың дені Алматыда. Су ішкілігім басқа жақта болған соң, қаламгерлердің денімен тонның ішкі бауындай араласа қоймаппын. Сондықтан олар сөз етсе, ең әуелі күнде көзіне көрініп тұрған тұрғыласын сөз етеді. Ал, әдебиет бұрынғыдай жаппай насихатта жоқ. Менің жазған романдарым, өлеңдерім әдебиетшілердің қолына тимейді. Бұл уақыттың келемежі деп білемін.

Жалпы, әдебиет институты, жазушылар одағы, салалық басылымдар болғанымен әдебиетті талдау ісінде бірізділік, жүйелілік жоқ. Науқандық шаралар белең алып кеткен. «Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты, ананы жазу керек» дейді де, бірді-екілі шығармашылық иесін жер-әлемге сыйдырмай әктетеді. Әдебиетті саралау, кезең-кезеңге бөлу, оларға лайықты бағасын беру ісінің мақұрым қалғанын, шаруашылық құлағын ұстап отырған тиісті азаматтардың арына салдық.

– Қалай дегенмен қазақ-кеңес хронологиясын қамтитын әдебиет өз кезінде талданды да, сыналды да. Былайша айтқанда әдеби процесс болған сияқты. Ал қазіргі әдебиет өз қазанында ғана қайнап жатқан сыңайлы. Шөп өлеңі қайсы, шөңге өлеңі қайсы екенін айырып беретін әдебиеттанушылар қайда жүр?

– Бір әріптесімнің «Мен шығармамды тектен-текке жазбаймын, үлкен ақшаға жазамын. Қазір танымал да талантты қаламгерлердің ахуалы нашар болмауы тиіс» дегенін назарым шалып қалып еді. Енді бір қаламгер досым жап-жаңа шетелдік көлігін көрсетіп, «бәлен деген азаматтың анасы туралы кітап жазып бергенім үшін сыйға тартты» дегені жадымда.

Мұны неге айтып отыр дейсіз, шын сынды жазуы үшін әдебиетшілерге, сыншыларға ешкім әлгіндей «шарапатын» тигізбейді. Олар жазса, өз құлқымен, ауанымен жазуы тиіс. Алайда, ондай жанкештілік табылар ма екен? Осы уақытқа дейін жеке өз басым кітаптарыма қаламақы алғаным жоқ, тегін жазып келемін. Бірақ, онымды міндетсініп отырған жайым және жоқ, Алла қуат берсе, әлі де ақысыз жаза беремін.

Сондықтан әдебиетшілер ақы іздеу санасынан ажырағанда, поэзияның шөбі қайсы, шөңгесі қайсы екенін ажырататын боламыз. Әзірше, сыншыларға жаратқан сана мен қажыр берсін дейміз...

– Былтырғы жылы Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Құс жолындағы жыр» атты әдеби кешіңіз өтті. Сол кеште сізді оқырмандарыңыз тағы бір қырынан танығандай болды. Ол сіздің сазгерлігіңіз?..

– Жеке отырғанда ыңылдап ән айтпайтын адам жоқ шығар. Ол ішкі толқыныстың жетегімен болатын нәрсе. Кейде, қара сөздің айтпағанын өлең айтады, өлеңнің қамти алмағанын сөз жеткізеді. Ал, екеуінің дәті бармайтын тұсты ән қозғауы мүмкін немесе әннің ажарын ашатын сөз.

Адам көңілі сан қабаттан тұрады. Оның әр қабаты, менің түйсінуімде, инеліктің қанатындай жарғақ пернелер тәрізді көрінеді. Сол құпия пернелердің бірі ләззатты – сөз ұғымынан тапса, енді бірі – өлең өрнегінен, келесісі – әуезден нәр алады. Осындай ішкі түтікшелер әлеуетіне қарай өлең жаздырады, ән тудырады.

Әнді мектепте жүргенде жазатын едім, бірақ соны құнттамадым. Бүгінде жиырмадан астам ән жиналыпты. Соның ішінен жұртшылық назарына қайсыбірін ұсынғанды жөн көрдім.

Бұл – ерекшелік болмаса керек, керемет сазгер ақын ағаларымыз, шүкір, бар ғой... Әңгіме, жұрттың жүрегіне жол тауып, көңілінен шыға алуында.

Өзіңіз Жетісу өңірінің тумасысыз ғой. Ол жақтың әдеби ахуалы қалай?

– Жетісуда жақсы әдеби орта қалыптасып келеді. Бүгінде Талқалаға бір топ талантты жастар жиналған. Ынтымақтары жақсы, әдеби кештер жиі өтеді. «Өсер мал түстес келеді» деп осындайда айтса керек, өздері бірыңғай сайдың тасындай. Әрі, ұйымшыл. Осы беттерінен танбаса, ол жерде үлкен әдеби орта, мектеп қалыптасуы әбден мүмкін.

Осыдан бір-екі ай бұрын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жас толқын қаламгерлермен дидарласып, мазмұнды кеш өткізді. Пікірлерін тыңдады, мәселелерін ортаға салды. Амандық Баталовтың өзі ұйытқы болып, олардың шығармаларын жыл сайын кітап етіп шығарып беріп отыр. Өткенде ғана сондай кітаптардың дүркіреген тұсаукесері өтті. Әрі, қатарынан бірнешеуі баспаналы болды. Бұл – әдебиетке деген үлкен қамқорлық.

– Әлеуметтік желілерде қазір Талдықорғанда қызмет жасап жүрген жазушы Есболат Айдабосын «Рухани жаңғыру басталды. Жас қаламгер, сен қайдасың?» деп қаламгерлердің жағдайына баланысты біраз ұсыныс тастаған еді. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Тәуелсіздікке сай оған қатысты өлшемдердің бәрі толыққанды болғаны жөн. Ұлттық экономикамен қатар ұлттық мәдениет те жаһандық өркениет көшінен қалыспаса, құба-құп. Мәдениеттің негізгі саласы әдебиетте тәуелсіз мемлекеттің көркемдік көкжиегін халықаралық деңгейде көрсетуі – ұлттың санасы мен болмысын адамзат қауымдастығына танытудың төте жолы. Спортымен емес әдебиетімен танылған ел, түбі, барлық жағынан озатын болады.

Осы ретте Есболат есті ұсыныс айтып, орынды шараның шетін шығарған. «Рухани жаңғыру» аясында әр қаламгер туған жеріне туын тігіп, алаңсыз қалам тербесе, ешкім ұтылмас еді. Біздегі спортқа жасалып жатқан қамқорлықтың әдебиетке бір ұштығы тиетін болса, үлкен серпіліс әкелері сөзсіз. Шығармашыл жастарды топтастыру, қызмет ұсыну, баспана беру шарасының Жетісуда элементтері бар. Осының нәтижесі көзге көрінгеннен кейін Есболат мәселе қозғап отыр ма деймін.

Сондықтан, ұсыныс төңірегінде Үкімет өз деңгейінде ойланса, өзге өңірлер де жақсы бастаманы іліп әкетсе, кәнеки...

– Егер Сізді туған жердегі өңір мәдениетіне, әдебиетіне қызмет етуге шақырса барар ма едіңіз?

– Ұсыныс түсіп, шақырып жатса, неге бармасқа? Бірақ, Отанның қай пұшпағында жүрсең де елге қызмет етудің мүмкіндігі мол. Қазақстанның кез келген түкпірі біз үшін – туған жер. Сондықтан Алла нәсіп еткен өңірде ырыздығыңды теріп жеп, қал-қадіріңше еңбек сіңіруге тырысасың.

– Поэзияңыз туралы айтып жатырмыз ғой. Прозаңыз туралы да сөз қозғайықшы? Сіздің «Зауқайыр» роман-триллеріңіз – детектив, және кей әңгімелеріңізде детектив жанрының ұшқыны бар сияқты? Жалпы, детектив-триллер біздің әдебиетте кенже қалған жанрлардың бірі ғой?

– Детектив дегенді шауып кету, қырып кету деп ұқпау керек. Әлем әдебиетіндегі үрдіс бойынша детективтің мәні өзгерді. Ол интеллектуалды жанрдың деңгейіне көтеріле алды. Мысалы, Америка жазушысы Дэн Браунның «Код да Винчи» сияқты туындысын оқымаған адам аз шығар. Ол тек оқиғалар желісінен тұрмайды, үлкен танымдық ойларға жетелеп барады. Оқырман сюжеттен гөрі ілімдік жаңалықтарға бой ұрғанын аңдамай қалады.

Міне, детектив, өзгеше реңк алып кеткен. Бір кезде Кемел Тоқаевтың жазған детективі басқа да, бүгінгі жанрдың сарыны мүлде бөлек. Ал, триллер біздің ұлттық әдебиетте бола қоймаған шығар. Бұл жерде қисынға келмейтін пайымдарды логика аясына сидыра білу әрі өмірді айна қатесіз көрсету керек.

Осы жанр көпшілік оқырмандардың ықыласын қайта әдебиетке аударуға ықпал етеді деп ойлаймын. Әдебиеті ілгерлеген батыста романдар кино-сценарийге бейім жазылуы тиіс. Олар ізінше экрандалып кетеді. Бұл әдебиетті насихаттаудың керемет үлгісі. Жалпы, әдебиетті дамытудың жолына бастар жанр. Бірақ, қазақ қаламгерлерінің ұғымы, жазу мәнері терең баяндауға ұрынатын, ой айтуға құрылатын арнадан арыла алмай отыр. Сондықтан детектив-триллер жанры кенже қалып келеді.

– Сіздің жаныңызға проза жақын ба, поэзия жақын ба?

– Ақын болғым келетінін жоғарыда айттым. Ал, шынтуайтында жазушы болу, онның біріне ғана бұйыратын шығар. Ағаларымыз ренжімесін, біздің көбіміз жазушы емеспіз...

Мен үшін екеуі де егіз ұғым, екеуі де жақын. Прозаның салмағы ауыр. «Ұяластар» романын жазғанда тек прозамен кеткім келген. Қазір де проза жазғым келеді... Кейде мен әлі әдебиетке келмеген сияқтымын... Өйткені оның сиқырын терең сезінген сайын, түбі шексіздене береді... Құрдымға құлаған дене сияқты қалықтап келемін...

Бұл өзімді-өзім кем сезіну жасықтығынан емес, әдебиет көкжиегіндегі шексіздікті түйсінуден болатын әсер ме деп ойлаймын.

– Осы кезге дейін қаламыңыздан туған дүниелерді ойша сараптай отырып, бір артықшылығы мен бір кемшілігін айтып беріңізші?

– Керемет жазушы Гоголь шығармасын орыс тілінде жазғандықтан, оның украин екенін көпшілік жұрт қаперлемейді. Біздің кейбір ағаларымыз сияқты оның кемшілігі, рухани дүниесі төл ұлтына қызмет ете алмады. Орыс жазушысы ретінде танылды.

Осы тұрғыдан келгенде менің шығармаларымның артықшылығы – ана тілімізде жазылуында. Мысқалдай болса да ұлт руханиятына үн қатып жатыр. Өзге тілді болсам, жат этнос мәдениетіне атсалысқан болар едім.

Ал, кемшілігі жоқ дей алмаймын. Ең басты кемшілігі – көзге көрінбегендігінде...

Алайда, өз шығармаларыма өзім баға бергенім, көңілге қонымсыз. Артықшылығын да, кемшілігін де қалың оқырман айта жатар әлі.

– Ағынан жарылып айтқан әңгімеңізге көп рақмет, аға!

– Сіздерге де алғысым зор. «Әдебиет порталы» әдебиет айдынының айлағына айналып келеді.

Еңбектеріңізге шығырмашылық табыстар тілеймін!

Әңгімелескен Айжан Табарак


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар