Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Түркі әлемі ақындары Түркістанда бас қосты...

29.08.2017 6602

Түркі әлемі ақындары Түркістанда бас қосты

Түркі әлемі ақындары Түркістанда бас қосты - adebiportal.kz

Биыл Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланған, барша түркінің рухани орталығы болып саналған Түркістан қаласында тағы да айтулы шара өтті. Бұған дейін түркі халықтарының сан салалы өнерпаздарының, әншілер мен бишілерінің, театр тарландарының, айтыс ақындарының, фотосуретшілер мен суретшілерінің басын қосқан қасиетті мекенде бұл жолы түркі әлемінің ақындары кездесті. Әзірбайжан ақыны Молла Пенах Вагифтің 300 жылдық мерейтойына арнап Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Халықаралық Жазушылар және зиялылар қоғамы (Түркия), Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен «Түркі әлемі ақындарының кездесуіне» Түркістан қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшіліктері қолдау көрсетті.

Басқосуға Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұрстан, Саха-Якутия, Дағыстан және Гагауыз жерінен 30-ға жуық ақындар қатысты. Соңғы мыңжылдықта түрлі тарихи оқиғалардың себебінен жеке-жеке мемлекет болып, тілдік тұтастығын қорғау қиындығын бастан кешірсе де түркі тілдес халықтардың поэзиясындағы, өлең өрімдеріндегі, эстетикалық ойлау жүйесіндегі ұқсастықты өлең тілінен анық байқауға болады. Өмірлері өзгерсе де өлеңдері өзгере қоймаған, ауылдары алыстаса да көңілдері қашықтамаған туыстас елдердің ақындары өз ана тілдерінде өлең оқып, жырдан шашу шашты.

Басқосуға жиылған өлеңсүйер қауым, әлем әдебиетінде махаббат жыршысы деп танылған Вагифтің сыршыл лиризмі мен өршіл азаматтық поэзиясының көркемдік көкжиегіне қанықты. Бұл кештің өзектілігі сонда – түркі ақындары шығармаларын бір-бірінің тіліне тәржімалап түркішілдік рухты поэзия биігіне көтеру. Адам жанының нотасын дөп басып, ішкі дүниесіне үңілуге тек поэзияның құдіреті жетеді. Өлеңді күн сайын оқитын, сүйіп оқитын оқырман бауырлас ел ақындардың жалындаған жырларымен сусындап қайтты.

Гүлжаз ҚАРЫБЕК


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар