Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тарихы терең - Абай атындағы әмбебап кітапхана...

08.08.2017 15880

Тарихы терең - Абай атындағы әмбебап кітапхана

Тарихы терең - Абай атындағы әмбебап кітапхана - adebiportal.kz

Алаштың астанасы болған Семей шаһарына бара қалсаңыз, Абай атындағы әмбебап кітапханаға соқпай кеткеніңіз болмас еді. Бұл рухани ордадан Абайдың орыс достарынан бастап, алаш зиялыларының бір топ шоғыры сусындап өткен.

Шежірелі тарихи бар кітап қазына орталығы 130 жылдан астам тарихы бар ең көне кітапханалардың бірі. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылы 8 желтоқсандағы шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны Абай есімі берілді.

Семей тарихы мен мәдениетінің жарқын беттерінен маңызды орын алатын кітапхана тарихы ұлы ақынның есімімен тығыз байланыста. Ұлы ойшыл Абайдың ақындық әлеміне тарихы терең кітапхананың сіңірген еңбегі зор деп айта аламыз. Белгілі абайтанушы ғалым Асан Омаров ағамыз бір естелігінде, «1878 жылдың қысында 12 іспен тергелген отыз үш жастағы қайраткер Абай бірыңғай ой еңбегіне ауысты. Осы жылы Семейде қоғамдық кітапхана ашылды. Орыс зиялыларымен достасты. Сәттілік, қайырлы деген осы емес пе» деп ойға алған.

Жоғарыда сөз еткен кітапхананың ашылуы Абай руханиятының шамшырағы одан әрі жарқыратты. Абайдың әлемдік әдебиет шығармаларымен сусындауына үлкен ықпал еткен де осы Семей облыстық кітапханасының ашылуы. Ендеше бір ғасырдан астам тарихы бар кітапхананың тарихына сәл шегініс жасап қайтсақ. ХIХ ғасырдың екінші жартысында Семей жері патшалық Ресей үшін саяси айыптыларды жазалау орындарының біріне айналғаны тарихтан мәлім. Қалада саяси жер аударылғандардың болуы қаланың мәдени-рухани өміріне тың өзгерістер әкелді.

Саяси жер аударылғандар Е. Михаэлис, П. Лобановский, Н. Долгополов, С. Гросс, А. Леонтьев, А. Блектердің Семей қаласының рухани өміріне сіңірген еңбектері бір төбе. Жоғары да сөз етіп отырған құнды кітапхананың ашылуына бірден-бір себепкер кесек тұлға, – Евгений Михаэлис болатын. 1869 жылы Е. Михаэлис Семей қаласына жер аударылып келеді. Ол жазасын өтей жүріп үлкен әлеуметтік жұмыстармен айналысып, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сол уақытта Михаэлис орыс география қоғамының «Известиясына» зерттеу мақала жазып, 1878 жылы ашылған Семей қаласындағы Облыстық санақ комитетін ұйымдастырды. Бұл комитет қазақ өлкесіндегі экономика, тарих, шаруашылық және табиғат мәселесін зерттейтін ғылыми мекеме болды. Соның қасынан шағын кітапхана қорын ашады. Өзі осы мекеменің тұңғыш төрағасы болды. Санақ комитетіне өзінің досы, қазақтың ойшылы Абай Құнанбайұлын мүшелікке кіргізді.

Абай Құнанбайұлы мен Евгений Михаэлистің таныстығы, достығы сол санақ комитетінің жанынан құрылған кітапханадан басталады. Абайдың қимас досы айдауда жүрген Михаэлиспен кездесуін жазушы Мұхтар Әуезов былайша айтады:

«Михаэлис өзіне керек бір кітапты іздеп кітапханаға келіп тұрғанда, сол жерде Толстойдың кітабын сұрап Абай да тұр екен. Михаэлиске қыр қазағының сол кітапты сұрауы таңсық көрінеді. Сондықтан ол Абайдан «Толстой неге керек?» деп сұрағанда, Абай өзінің кітап қарастырып жүрген жайын айтады. Содан екеуі кітапханадан бірге шығып әңгімелесіп-ақ кетеді. Таяу арада сыйлас, айырылмас дос адамдар халіне жететінін кім білген»,-дейді.

1883 жылы жоғарыдағы сөз етіп отырған Семей облыстық кітапханасына қалалық статус беріліп, тарих қойнына алтын әріппен есімі жазылады. Кітапхананың ең алғашқы кітапханашысы саяси жер аударылған тарихшы, этнограф Н. Коншин болды. Кітапхана ашылған уақытта кітап қорыда біршама көп болған. Кітапхана туралы деректерге көз жүгіртсек, алғаш ашылған уақытында 274 дана кітап болып, оны 130 оқырман пайдаланған көрінеді.

Ал 1885 жылы америкалық саяхатшы Джордж Кеннан мен суретші Форст Семейге келіп, жаңадан ашылған кітапханының қорымен танысып, бай қорына тәнті болған. Ол туралы абайтанушы ғалым Асан Омаров өз зерттеулерінде былай дейді: «Екі жиһангер осыдан екі жыл бұрын, яғни 1883 жылы ашылған қалалық кітапхана қорымен танысып, оның байлығына қайран қалады. Мамандығы журналист Джордж Кеннан өзінің естелігінде былай жазады: «Мен Спенсер, Бокль, Лъюис, Милль, Тән, Леббок, Гексли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Уэллес және сэр Генри Мәнның шығармаларын, Скотт, Диккенс, Мариэт, Жорж Элиот, Жорж Мак-Дональд, Эккерман-Щатриан, Эдгар По және Брет Гарттың романдары мен повестерін көріп қатты таңқалдым. Әсіресе ғылыми шығармалар мол, оның көбісі саяси экономия жөніндегі шығармалар екен»,-деп таңданыс білдірген.

Ендеше Михаэлис ықпал еткен кітапхана қорында шетел мен батыс Еуропаның атақты зерттеушілері мен шығармашыл өкілдерінің кітаптары болуы – бай қазынаның бірі. Жаңадан ашылған қоғамдық кітапхана жайлы саяси жер аударылған А.Л. Блэк былай деп жазды:

«Облыстық статистикалық комитет құрылғаннан бері онда география, этнография, археология, статистика, жаратылыстану ғылымдары бойынша арнайы ғылыми және танымал шығармаларды қамтыған кітапхана жинақталған. Одан басқа 200-ге тарта ай сайын жарық көретін журналдар, түрлі ғылыми қоғамдардың есеп және протокол түріндегі толық дайын емес материалдары да бар. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында статистикалық комитет ұжымы бұл кітапхананы баршаға қолжетімді ету мақсатында қоғамдық кітапхана ашуды шешті».

Сол уақыттан комитет құрастырған кітапхананы пайдалану ережесі бойынша оқырмандардан абоненттік ақы алынды. Семейдің қалалық кітапханасы туралы алаштың соңғы тұяғы, абайтанушы Қайым Мұхамедханов та дерек келтіреді. Ғалымның айтуынша қалалық кітапхана қорында өз уақытында мың томға жуық кітап қоры болған. «Ол замандағы Сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі ең байы деп танылған», – дейді Қ. Мұхамедханов. Аталмыш кітапхана Семей зиялыларының орталығына айналған. Ғалым Қайым Мұхамедхановтың айтуынша, ол замандағы сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі ең байы деп танылған Семей кітапханасы.

«...Тарих, философия, табиғаттану, тағы басқа ғылым салаларына арналып жазылған кітаптарды және сол кезде Ресейде шығып тұратын «Вестник Европы», «Наблюдатель», «Русский вестник», «Русская мысль», «Исторический вестник», «Новое время», тағы басқа журналдарды жаздырып алып тұрды»,-дейді Қ.Мұхамедханов.

Тұрақты оқырмандары қатарында Е. Михаэлис, Н. Долгополов, Абай Құнанбайұлы болды. Американдық журналист, публицист Джордж Кеннан, поляк революционері А. Янушкевич, орыстың әйгілі саяхатшысы П. Семенов Тянь-Шанский сияқты ірі тұлғалар да кітапханаға бас сұққан. Сонау XIX ғасырдан бері ғұламалар мұрасын ғасырдан ғасырға дейін сақтап, талай оқырман үшін білім ордасы болған киелі шаңырақ бүгінде жаңа заман талаптарына сай қызмет көрсетуде. Бүгінгі кітапхананың мақсаты: қала жұртшылығының сұранысын қамтамасыз ету үшін өз ақпараттық әлеуетін нығайту, оқырман қауымның ақпараттарды білуге деген талап-тілектеріне қолдау көрсету, электрондық ресурстарды тиімді қолдануға үйрету. Жалпы оқырман сұранымына жауап беретін ақпараттық орталық ретінде кітапхананың алар орны ерекше.

«Михаэлис бес жыл бойы Абаймен жақын араласып, оның мейлінше мол еңбектенгенін, орыс-батыс әдебиетін еркін меңгергенін көріп-біледі. Бай кітапхана жинағанын һәм қолға түскен кітаптарды қатарынан оқи беретін ғадетін де байқап жүреді. «Сіздей қабілетті кісіге ғылымның сала-саласы бойынша жүйелі білім алған абзал» деп жаңаша оқу тәсілін ұсынады және зерттеушілік іске бет бұруға ақыл-кеңесін береді. Өз бетінше оқып-тоқумен университет бітіргендей білім қорын жинаған Абай енді ғалымдық жолына ауысатын болады» деп жазады Асан Омаров ағамыз «Абай: ашылмай келген қырлары» еңбегінде.

Ендеше Абайдың көп толғаулы тарихи поэмалары мен қара сөздері ұлы ойшылдың ғалымдық жолында жазылған еңбектер. Олардың көбісін жазуда, ойлау да Абай тарихи кітапхананың талай мәрте оқырман залын тоздырғаны анық. Абай есімімен Семейдегі облыстық кітапхананың рухани жақындастығы да осы мәнде жатыр. Бәлкім Семейге сіздің де жолыңыз түсер, сол сәтте осынау қасиетті қара шаңырақты соқпай кетсеңіз болғаны. Өйткені онда ұлы қазақ ойшылы Абайдың рухани қазыналары жатыр.

Қазір кітапхананың кітап қоры 340 мыңнан асып, оны 17 000-ға жуық оқырман пайдаланады. Жыл сайын 400 мыңға жуық кітап өз оқырманын тауып, кітапханаға келушілер саны 176 000 оқырманды құрап отыр. Жылына кітапхана 200 тарта мерзімді басылымдарды жаздырып алады.

Кітапхана шежіресін қысқаша оқырманға таныстырып өтсек:

1883 – 3 қазанда (ескі күнтізбе бойынша 20 қыркүйек) қоғамдық кітапхана ашылды.

1885 – американдық публицист Джордж Кеннан кітапханада болып, кейін Ибрагим Құнанбаев жайлы «Сібір және сүргін» кітабында жазды.

1901 – Семейдің қоғамдық кітапханасының меңгерушісі М.В.Колмакова, кітапханашысы В.Н.Федотов болды.

1902 – ақысыз оқу залы ашылып, дүниеден өткеніне 50 жыл толуына байланысты Н.В.Гоголь есімі берілді.

1902 – 31 наурызда Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі ашылып, кітапхананың дамуына үлесін қосты.

1906 – Гоголь атындағы ақысыз оқу залы Семейдің қоғамдық кітапханасымен біріктіріліп Н.В.Гогольдің аты берілді.

1920 – кітапхана Семей Губерниялық Халыққа Білім беру Бөлімі қамқорлығына көшті.
1921 – кітапхана Семей Географиялық Қоғам бөлімшесі қамқорлығына қайта қайтарылды.
1922 – 17 қыркүйекте жаңа орын – Маловладимир көшесі 45-үйге көшірілді.

1924-1925 – кітапхана қоры ондық жіктеу жүйесіне көшірілді.
1924 – Н.В.Гоголь атындағы кітапхана «Книга и жизнь» атты газет шығарды.

1924 – 27 наурыздағы КАССР ГПП нұсқауымен губерниялық кітапханаға енді.

1941-1945 – кітапханашылар майдан даласындағы жауынгерлерге қызмет көрсетті, жаудан азат етілген аймақтарға барлығы 400 дана кітап жіберді.

1958 – кітапхана ісін үлгілі жолға қойғаны үшін кітапханашылар М.В.Акимова мен М.Ғ.Хасановаларға «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген кітапханашылары» атағы берілді.

1961 – Қазақ CCР Мәдениет министрлігі және Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті «Үлгілі кітапхана» деген атақ берді және дипломмен марапаттады.

1983 – Кітапхананың негізі қаланғанына 100 жылдығына байланысты

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

1993 – «Қазіргі әлеуметтік және экономикалық жағдайдағы Қазақстанның ұлттық библиографиясы» атты республикалық зерделі кеңес өткізілді.

1995 – IFLA – Халықаралық кітапханалық ассоциациясының мүшесі болды.

1995-2008 – Кітапхана Түркия, Қырым, Норвегия, Оңтүстік Корея елдеріндегі IFLA–ның халықаралық кітапханалық конференцияларына қатысты.

1996 – «Сорос-Қазақстан» қорының грантын жеңу арқылы кітапхана Интернет желісіне қосылды.

1997 – Қырымда өткен «Библиотеки и ассоциации в меняющемся мире: новые технологии и новые формы сотрудничества» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты.

2000-2009 – Кітапхана-библиографиялық автоматтандырылған ақпараттық жүйелер іске қосылды. (АБИС. РАБИС. ИРБИС.)

2002 – АЙРЕКС /АҚШ/ ұйымының IATP бағдарламасы бойынша интернет орталығы ашылды.

2004 – Кітапхананың «Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы (www.semeylib.kz) webсайты ашылды.

2004 – АҚШ-да «Менеджмент библиотек в США» халықаралық бағдарламасына қатысып, сынақтан өтті.

2005 – Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапханасының ашылуына қатысты.

2006-2007 – Интернет орталығы жеңіп алған гранттар арқылы кітапханаға жаңа компьютерлік технологиялар бөлінді.

2007 – «Абай атындағы кітапхананың өлкетану қоры» сайты ашылды.

2009 – Астана қаласындағы АҚШ елшілігі қоғаммен байланыс бөлімінің гранты бойынша «Ақпарат орталығы» ашылды.

2009 – Кітапхана директорының кітапхана ісі жөніндегі орынбасары қала әкімінің «Лучщий специалист в области культуры и искусства» дәрежесімен марапатталды.

2010 – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Мұражайында “Ұлытұлғалар бесігі”тақырыбында сирек басылымдар көрмесі қойылды.

2010 – Республикалық “Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорының мәселелері” конференциясына қатысып,“Семейдің қоғамдық кітапханасы: Шығыс Қазақстан, Семей өңірінің зерттелу мәселелері” тақырыбында баяндама жасады.

2010 – Алматы қаласындағы «Қ.Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорыныңұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысып, «Қайым Мұхамедханов мұраларын насихаттаудағы Абай атындағы кітапхананың рөлі» тақырында баяндама жасады.

2011 – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай кітапхана директоры ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының «Кітапхана ісінің шебері» медальімен марапатталды.

2011 – Кітапхана мамандары «XVII-XIX ғасырлардағы шығыс қолжазбалары мен кітаптарын және Батыс Европа кітаптарын қалпына келтіру мен түптеу» және «Ақпараттық-іздеу тілін қолдану арқылы құжаттарды индексациялау» тақырыптары бойынша сертификаттар алды.

2012 – кітапхана мамандары Қырғызстан Республикасында өткізілген «Американдық бұрыштар» семинарының және Ресей Федерациясының «О краткосрочном повышении квалификации» сертификаттарына ие болды.

2013 – Арбалы мүгедектерге үйлерінде кітапханалық қызмет көрсету үшін «Книгоноша» әлеуметтік жобасы жұмысын бастады.

2013 – Мүгедек адамдарды компьютерлік сауаттылыққа үйрететін жоба жұмысын бастады.

2014 – «Алаш арыстары» жобасы жұмысын бастады.

2014 – кітапханада жаңа жобалар қосылды: «Библио-күн» жобасы; Бүкіләлемдік күн: (Халықаралық мерекелер күнтізбесін бойынша); Жазғы мектеп оқуы; Орхон Енисей жазба ескерткіштері күні; Сирек қор: Қазақ елі ғылыми басылымдарда; Туған өлкенің тарихы мен жетістіктері; «Шебер қолдар»: халықтың қолданбалы қолөнер үйірмесі.

Мақала Абай атындағы Семей облыстық кітапханасымен бірлесіп әзірленді.

Әзірлеген Әйгерім Наурызбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар