Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сәкен - қайталанбас тұлға және мәңгілік солай болып қалады!

31.08.2017 7154

Сәкен - қайталанбас тұлға және мәңгілік солай болып қалады!

«Әдебиет порталында» жарияланған даулы мақалалар саналы оқырманның арасында талас-тартыс тудыратыны заңды. Порталда жарияланған драматург Сая Қасымбектің Сәкен Сейфуллин өмірі мен шығармашылығына қатысты мақаласына байланысты әлеуметтік желілердегі кешелі-бүгінгі алуан пікірлерді есепке ала отырып, осы дау-дамайға нүкте қояр деген үмітпен әдебиетіміздегі көрнекті тұлғаларға бірер сауалымызды жолдаған едік.

1. Біздің елде тұлғалардың шығармашалық қана емес, адами бейнесін ашып көрсету үрдісі қаншалықты қалыптасқан? Сіз қалай ойлайсыз, кейінгі уақытта қазақтың ұлы тұлғаларын әр ру, әр облыс жекешелендіріп алғандай емес пе? Орыс әдебиеттанушылары мен тарихшылары тұлғаларының пендешілігін еш жасырмай, зерттеп, ашық жазады. Мысалы, бір Пушкиннің жеке өмірі турасында қаншама кітап бар. Ондай еңбектер Пушкиннің, өзге де орыс әдебиетінің танымал тұлғаларының атағы мен абыройын бір мысқал да төмендеткен емес. Ал біз неге ұлы тұлғаларымыздан үнемі пұт жасауға құштармыз?

2. Соңғы кезде мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің де болмысы мен табиғаты туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер жиі айтылады. Солардың шыны мен жалғанын айырып бере алатын әдебиетшілеріміз бен тарихшыларымыз неге үнсіз?

Серік ҚИРАБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы:

Сәкен – идеалды пәк адам болған

1. Ондай нәрсе көп қой, ақын-жазушылардың басында. Пушкинде де, Достоевскийде де бар. Ал Сәкенге келер болсақ, ол өзі өте таза жүріп, таза тұратын адам болған. «Идеальный» адам болған, сұлу адам болған. Сондықтан да ол кез келгенге былғана берді дегеннің өзі ешбір логикаға сыймайды. Сәкен туралы өсектердің барлығы Түркістан Республикасы кезінде шыққан. Ол кезде Орынбор мен Түркістанның арасында үлкен қайшылық болды. Өйткені Орынборды олар (түркістандықтар – ӘП) «қызылшылдар, большевиктер» деп атады, соның ішінде Сәкен болды.

Сол оңтүстіктегі ташкенттіктер «Ақжол» газетінің бетінде Сәкенді жамандауға тырысты. Шығармаларын да жамандауға тырысты. Сәкен оңтүстікке атпен барған жолы «әйелді (байдың тоқалын – ӘП) босатып алып кетті», - деп соны да өсек қып жазды. Сәкентанушылардың бәрінің айтуы бойынша, Сәкенді артынан қуып келіп: «Сәкен-ау, мұның не?» дегенде, ол айтыпты: «Ойбай-ау, мен мұны білгем жоқ. Мына жігіттерге «бостандық әперіңдер» деп айтқам. Бірақ олардың қосып алып жүргенін қайдан білейін, нөкерлерім көп», - деп, қолма-қол қайтарып берген.

Біреуді біреу жамандап, бөліну деген – ең бір жаман нәрсе. Тіпті әруақты сыйламайтын болды ғой. Өлген адамның үстінен арыз жазып жатыр. «Бұл қазақ қашан ел болады? Қашан біріктіреміз?», - дейтін Президенттің сөзі қайда?

2. Сәкеннің шығармашылығы туралы жалған нәрсе көп. Оны кейіннен кеңірек отырып айтып беруге болады. Ал әдебиетшілердің үнсіз жатуы – сол әдебиетшілердің рушылдығы, жікшілдігі – бір! Екіншіден, революция кезінде бірінің оңшыл, бірінің солшыл болып бөлінуі. Сәкен солшылдардың қатарында болды. Солшылдар – революционерлер. Бірақ Сәкен революционер болғанымен, орыстардың қарамағында қызмет істегенімен, ол орыстың саясатын қолдаған жоқ. Қазақстанды билеген орыстарға қарсы талай рет Сәкеннің сөйлеген сөздері бар. Сосын қолына билік тиген кезде, совнаркомның председателі болған кезде «Қазақты қырғыз демейік, қазақты – қазақ дейік! Қазақты отырықшы жасайық! Қазақтың мәдениетін көтерейік! Қазақтың тілін мемлекеттік тіл жасайық! Қазақша іс жүргізейік!», - деп қаншама қаулылар шығарды. Сол жолда талай мақала жазды. Мұның бәрі Сәкеннің кезінде орындала бастады да, орнынан түскеннен кейін қалып қойды. Бұл Сәкеннің ұлтшылдығы ғой, былай қараған уақытта. Алашорда Сәкенді жақсы көрген жоқ. Жақсы көрмейтін себебі, Сәкен Колчактың лагерінде, Колчактың түрмесінде жатқан кезде неше түрлі қорлық көрді. Сонда Алашорда Колчакпенен келісімге келіп, Колчактан пана сұрады. Ал Сәкен содан кейін өзінің жауларымен ымыраласып жатқан үкіметті қалай жақсы көреді?

Ал бірақ өзі Үкімет басына келген кезде жаңағы өзі айтқандардың бәрін жасады, ол Алаштың да арманы емес пе? Ахмет Байтұрсынұлының бетіне бәрі түкіріп жатқан уақытта, сол Ахметті мақтап, жақтап: «Ахмет ұлтшыл болғаны рас! Бірақ ол өзінің жеке басының қамын ойлаған ұлтшыл емес, ол халқын сүйген, ұлтын сүйген адам еді. Қазір сол халқымен бірге қалды. Халқын сауаттандыру үшін өмірін арнады. Қазақ тілінде кітаптар жазды», - деп, Ахметтің 50 жылдық юбилейін Сәкен өткізіп берген еді.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

Біздегі тұлғатану – тұлға туралы хрестоматиялық деңгейде жазумен шектеліп келе жатыр

1. Қазақ әдебиетінде тұлғатану ғылым ретінде де, пән ретінде де қалыптаспаған. Біздегі тұлғатану – әрбір автордың, жазушының өмірбаяны мен шығармашылығын хрестоматиялық деңгейде жазумен шектеліп келе жатыр. Тұлғатану – тұлғаның жақсы жағын ғана айту емес, оның бейнесін толық ашу. Орыс әдебиетшілері тұлғаларының бүкіл кемшілігін, қателігін, олқылығын жіпке тізгендей етіп жазады. Ал біз мұны ұят санаймыз. Абай «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп дәл айтқан. Біз «әруақ» деп, «әруаққа тіл тигізбейміз» деп, пікір айтудан өзімізді тыямыз. Тұлғатану тұрғысынан келгенде, біздің тұлғалардың жеке өмірінің кейбір тұстары жұмбақ, құпия боп, тасада қалып келеді.

«Жекешелендіріп алды» демеймін, дегенмен, әр облыс өзінен шыққан жазушыларға ғана музей ашып, көшелердің атын беріп, ескерткіш қояды. Мәселен, неге Қарағанды, Қостанай, Петропавл қалаларында Саттар Ерубаевқа ескерткіш қойылмайды? Өскеменде неге Қасым Аманжоловқа есерткіш қойылмайды? Бәрі қазақтың ортақ ақыны емес пе? Қарап тұрсаң, әр облыс өзінен шыққан тұлғаларды жеке-жеке «бөліп алған». «Әр ақынның шыққан өңірі бар ғой, солар жоғын жоқтайды, тойын тойлайды. Көшенің атын, мектептің атын береді» дейміз де, соған қанағаттанып жүре береміз. Бұл да – біздің әлі қолға алып, түзете алмай келе жатқан рухани олқылықтарымыздың бірі.

2. Біздің әдебиетшілеріміздің әрқайсысының жекелеп, бөліп алған тақырыбы бар. Сәкентану туралы ең соңғы ғалым Тұрсынбек Кәкішев еді. Ол кісі тірі болса, қызғыштай қорып, қорғап, мақала жазған болар еді. Ал Сәкен Сейфуллин туралы алып-қашпа әңгімелердің болуы тиіс және ол сондай тұлға. Көрікті әрі білімді Галина Серебрякова сияқты орыстың жазушысының жүрегін жаулап алған Сәкен қазақ әйелдерінің жүрегін неге жауламасын? Мұны біз кемшілік деп қарауымыз керек пе?! Неге Сәкен мен әйелдердің қарым-қатынасына кемшілік деп қарауымыз керек. Шын мәнінде, тарихта қалған бірде-бір адам періште емес. Чарли Чаплин 1300 әйелмен кездескен екен. Ағылшындар мұны жақсы біледі. Бойы кішкентай бола тұра бойы ұзын әйелдерді өзіне ғашық еткеніне таңдана қарайды. Наполеонды зерттеушілердің сөзіне қарағанда, бойы кішкентай Наполеон өзіне менсінбей қараған әйелдерді мойындату үшін император болуға ұмтылған екен. Пушкин, Есениннің өмірінде қанша әйел болғанын орыс әдебиетшілері зерттеп, ашық жазып жатыр. Жамбыл Жабаевтың өзі Грузияға барғанда, он сегіз жастағы қызға ғашық болған жоқ па? Бұл кемшілік пе екен? Жоқ, бұл сұлулықты сүю! Ғашық болу – көңіл қосу емес, адамның сезімінің қартаймауы емес пе?!

Пушкиннің өмірі өте тыңғылықты зерттелген. Александр Блок Пушкин туралы «О назначении поэта» атты мақаласында «Мы знаем Пушкина – человека, Пушкина – друга монархии, Пушкина – друга декабристов. Все это бледнеет перед одним: Пушкин – поэт» дейді.

Менің танымымда, Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетіне азаматтық, патриоттық, лирикалық сипат әкелген ақын. Ол – ақын ғана емес, композитор, әнші және үлкен мемлекет қайраткері. Өте білімді, өте көрікті, қазақтан шыққан ақсүйек ақындардың бірі. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінде қазақ елі үшін жан аямай күресті. Сәкен Сейфуллиннің азаматтық лирикасының өзі әлі күнге дейін азаматтық лирика жазам деушілер үшін үлгі болып келеді. Біздің оппозициялық газеттердің өзі Сәкен Сейфуллин сөзінен жиі үзінді келтіреді. Сәкен Сейфуллин алғашқы қазақ мемлекетінің социалистік формадағы үлгісін құрушылардың бірі. Астананы Қызылордаға көшіру, одан Алматыға көшіру, осының бәрінде Сәкен Сейфуллиннің атқарған рөлі зор. Қазаққа ұлттық әдебиетті, ұлттық өнерді сүюді, өз еліне қалай қызмет етуді үйретіп кеткен, сол үшін азап шеккен тұлға, сол үшін 58-бап бойынша көзін жойып тынған. Ол партияның ұраншыл ақыны болса, аман жүрген болар еді. Елін сүйген және қолында билік бар тұлға болғасын оның тірі қалуы мүмкін емес еді. Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетіндегі, қазақ мәдениетіндегі қайталанбас тұлғалардың бірі және мәңгілік солай болып қалады.

Ербол Тілешов, әдебиеттанушы:

Тарихи тұлғалардың кемшілігінің өзі дәйекті, нақты деректермен дәлелденіп барып қана айтылғаны жөн

1. Қазіргі кезеңде жалпы тарихымызға, оның ішінде тарихи тұлғалардың қайраткерлік, шығармашылық бейнелерімен қатар олардың адами, тұрмыстық болмысына баға беру үрдісі жүріп жатыр. Батыс, орыс әлемінде белгілі тұлғалардың кәдімгі адамдық бейнесін, кейбір міндерін, қылықтарын жасырмай, ашық айту дәстүрі қалыптасқан. Біздің жалпы ислам өркениетіне жататынымыз, қазақтық болмысымыз бұрынғы өткен адамдар жөнінде тек қана жақсы айту дәстүрін қалыптастырған. Сондықтан бір тарихи тұлға жөнінде бұрын белгісіз болып келген әңгіме немесе оның кейбір мінездік ерекшеліктері туралы шындық айтыла қалса, баршамыз оны айтқан адамға жабыла кетеміз. Әрине, тарихи тұлғалардың ел алдындағы еңбегі ескерілуі тиіс. Бірақ олардың шығармашылығын, жалпы адами тұлғасын толық танытқымыз келсе, олардың жетістіктерімен бірге әрбір адамға тән пенделік қасиеттер де қажет тұсында ретіне қарай айтылғаны жөн. Біз объективті сынды қаралау деп, өре түре келгенді қойғанымыз жөн. Әрбір адамның қателесуге құқығы бар, ол – сонысымен де адам. Егер тарихи тұлғаның баршасы мінсіз, кемшіліксіз болса, онда олар тарихи тұлға да болмас еді. Жалпы адам бойындағы ұлы қайшылық ұлы қабілетті, орташа қайшылық орташа қабілетті жасайды. Бұл бұлжымас аксиома. Мына орыстарда «данышпандық пен жауыздық (гений и злодейство)» деген ұғым бар. Тіпті «Ресей» телеарнасының «Мәдениет» арнасында осы тақырыптағы арнайы телехабар да бар. Бізге «Абай жолы» романы арқылы жеткен Құнанбай айтты деген мынадай сөз бар: «Адамның жақсылығы қайда болса, оның кемшілігін де сол маңайдан іздеу керек» деген. Л. Толстой айтты деген мынадай да сөз бар: «Сыншылар біздің кемшілігімізді жасырып әуре, біздің кемшілігіміз таусылған жерден дарынымыз да түгесіледі». Өмірдің өзі жақсы мен жаманның күресінен, күн мен түннің алмасуынан тұрмай ма?! Ендеше, бар нәрсеге жан-жағынан қарап үйренген жөн. Қазақтың балаңдығы әлі күнге дейін бірнәрсеге берілсе, мінсіз идеал етіп алатынынан, бірнәрседен жерінсе, тіпті іске алғысыз ететінінен де бір байқалады. Біз осы мінезді сарапқа, сынға жеңдіруміз керек-ақ.

2.Тарихи тұлғалар, әсіресе, шығармашылық тұлғалар жөнінде ақиқаты мен аңызы аралас әңгімелер бола береді. С.Сейфуллин сияқты әсемдікке құштар, өзі әрі ақын, әрі композитор болған адам жөнінде де әлі талай өтірік-шыны аралас әңгімелер айтылар. Сәкеннің сұлуды сүйгені, аруға ынтық болғаны, өмірінде талай сүйіспеншілік сезімдер мен құштарлықтарды басынан кешіргені жасырын емес. Ол туралы көрнекті сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев ағамыз арнайы кітап та жазды. Яғни қайраткер Сәкеннің, ақын Сәкеннің махаббат пен құштарлық жөніндегі әңгімелерге кейіпкер бола салуы таңқаларлық жағдай емес. Оның ақиқаты қайсысы, аңызы қайсысы деп, нақты кесіп-пішіп енді айта алмаспыз. Сәкенді сері ақын десек, онда мұндай әңгімелер айтыла да береді. Мұнда мәселе қалай жеткізуде, айту мәдениетінің орайында. Сондықтан бір жағынан туған халық үшін қайраткерлік істеген азаматтың есімін құрметтеу мәселесі тұрса, екінші жағынан дәл бүгінгі сөйлеу мәдениеті аласара бастаған кезеңде әлгіндей сөздер айтылады да. Бірақ бір сөзден, бәлкім, ойланбай айтылған бір пікірден Сәкеннің беделі аласара қоймас. Бұл – бір. Екінші жағынан, Сәкен – бар болмысымен кеңестік диктатура қазақты бақытқа жеткізеді деп сенген нағыз коммунист, қайраткер, Ленинді, Октябрьді асыра жырлаған жалынды ақын. Сондықтан бүгінгі қоғам Сәкеннің шығармашылығындағы осындай идеялық мазмұнға іштарта қоймайтыны да түсінікті. Сол себепті де оны коммунист деп, ақыннан әдейі кемшілік іздеуі де бек мүмкін. Десек те, тарихи тұлғалардың кемшілігінің өзі дәйекті, нақты деректермен дәлелденіп барып қана айтылғаны жөн.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ, ақын:

Ертегішіл, эпосшыл қазақы сананы шынықтыру керек

1. Бізде интеллектуал элита — ұлттың тағдырын белгілеп отыратын есті, ойлы, терең білімі мен адами білігі бар ұлт қаймағы әлі қалыптасқан жоқ. Себеп: патша билігі де, коммунистер билігі де ағылшындардың «ұлтты бодан қылу үшін оны түгел қырып-жою шарт емес, ең таңдаулы жүз адамын жойып жіберсеңіз, қалған қара тобыр алдыңа келіп, өзі-ақ тізе бүгеді» деген тұжырымын қазаққа үздіксіз қолданды. Соңғы репрессиядан соң қазақ қара тобыр боп қалды да, сол тобырдың еті тірілері басқарды қазақты. Қазіргі ел ағалары — солардың ұрпақтары. Олар сол тобырлық деңгейден аса алмайды.

Біздің таным — «саужойдың» деңгейінен аса алмай отырған таным ба деп қорқам. Ал тұлғатану бізде әлі негізін де қалаған жоқ. Сол себепті біз ешкімге жан-жақты, толыққанды баға беріп көрген жоқпыз. Мысал: біз үшін Абылайдан бұрын хан болмаған сияқты. Оны адам күлерлік әфсана деңгейіне дейін көтереміз. Аргументіміз — қазіргі депутаттарға ұқсас мақтампаз ақындар шығарған толғаулар мен «қазақбайский хадистер». Есесіне, қазақ ұлтын барлық тұрғыдан аман алып қалған Әбілқайыр хан мен оның батырлары, қолбасшылары екенін біле тұра, білмеген боламыз, т.с.с.

«Ат шаба алмас мінімнен» дейді Абай. Ұлылық осыдан — осындай көзқарастан басталатын сияқты. Хакім Абай өзінің де көп пенденің бірі екенін ұмытпайды, себебі оның идеалы — толық адам, инсан-и-камил.

Ал біз өте сентименталды халықпыз, тарихта аз-кем белгілі болғанның бәріне шаң жуытпаймыз. Бұл қазір тіпті шектен шығып кетті. Себеп: бізде тұлғалық деңгей-өлшемнің өзі құлдырап кетті. Бұл — аянышты нәрсе.

2. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды». Сәкен біз айтатындай идеал емес, бірақ ұлттың бір аяулы тұлғасы. Жалпы қандай тұлға болмасын, оны идеалдандыру дұрыс емес. Марқұм Ғабиден Құлахметов кезінде маған Сәкеннің Мәскеудің бір адамына үздіксіз жазып тұрған хаттарын көрсетіп еді. Өзі жағасын ұстағандай болған: ревкомның бұрынғы төрағасы қазақтың сол тұстағы тұлғаларының бәрін есепсіз даттайды. Мен мұны дұрыс қабылдадым: ол да пенде, өз дәуірінің адамы, «менен кім артық?» дегендердің бірі. Әлгіге бола мен Сәкенді жек көргенім жоқ, аядым. Атақты С.Мұқанов алашордашыларды қалай жеккөргенін, мұны Сталиннің өзіне айтқанын мақтанышпен жазбай ма?

Демек, бізге өмірдің шындығын бұрмалаусыз айтуға үйрену керек. Біз қазір де өзіне өзі өтірік айта беретін ұлтпыз. Бұл — жасанды идеал тудыратын тенденция. Жасандының бәрі түбі қирайды.

Мәселе Сәкенде емес. Біз күні бүгінге дейін сол дәуірдегі ұлттың шынайы болмысы, мінез-құлық стереотипі, т.т. туралы тұжырым жасауға ұмтылып та көрген жоқпыз. Біздің ақымақтықтың түп-тамыры сонда жатыр.

Менің ойымша, Сәкен аяулы ақын, серіжанды, табиғи эгоизмі мен менмендігі басым, үнемі бірінші болғанды ұнататын, бірақ, өте дарынды, парасатты жігіт. Ол да өз тұстастары сияқты ұлт өнеріне, әдебиетіне үлкен еңбек сіңірді. Бұл жайлы дау жоқ. Бірақ... ол ең алдымен тірі адам, ғапыл, әлсіз пенде. Робот емес ол. Оның шынайы келбетін ашып көрсетіп, ертегішіл, эпосшыл қазақы сананы шынықтыру керек.

Барша бұқаралық ақпарат құралдарындағыдай, «Әдебиет порталының» да сөз бостандығы тұрғысындағы өз ұстанымы бар. Ол қағидаттың автор көзқарасымен сәйкеспейтінін ескертеміз! Біздің қызмет - дат айтушы қалам иелеріне мінбер тауып беру. Сол орайда, белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының пікірін еш өзгеріссіз ұсынып отырмыз:

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын:

Орман жұртының менталитетін қазақ халқымен шатастыруға болмайды!

Біз феодалдық-патриархалдық-социалистік қоғамнан шыққан елміз. Біздің ой-санамыз ғана емес, ұлттық әдебиетіміз де феодалдық-патриахалдық-социалистік әдебиет әлі! Менің Темірхан Медетбек көкеңе арнаған өлеңім бар, сонда бәрі айтылған:

* Қалды сол ауылда, далада көнерген,

Менің асқақ феодалдық-патриархалдық қиялым,

Темірхан Медетбектің қиялы.

Қарсы алдық біз Қара өлеңмен, - Цивлизацияны!

Заманға кеткен көп бізде есе,

Тәңірінің көзінен қағыс қап;

Біреулер есекке мінген шалдарын іздесе,

Біз Мағжанды іздедік шам ұстап!

Қайда екен сол ақын,

Көкке ұшқан - батпақты жалдамай?!.

Қара өлең - атаңның аруағы арқаңа қонатын,

Айхой, жалған-ай!

Құл менен тексіз күң - төңірек,

Жүрек - жоқ, қампайған - қарыны;

Темағам сөйлейді кеудесін керінеп,

- Көк Түріктер сарыны...

Кеудеде кек кетіп;

Рух қап - Қағанда;

Темағам Тоныкөк көкеме кетті өтіп,

Қап қойған - мен мына заманда...

Тұлғалар қахындағы ой-толғамымыз да сол феодалдық-рулық-патриархалдық деңгейде. «Әдебиет порталындағы» өсек-аяң - соның бір түсігі! Сәкен - қайшылықты тұлға. Мен ол туралы «Моцарт пен Сальери» атты поэма жазған адаммын. Жырды 27 жыл бойы жаздым. «Әдебиет порталы» оны қыз зорлаған маняк, кісі өлтірген жендет деп суреттеп отыр! Ар-ұят қайда?! Сонсоң. Орман жұртының менталитетін қазақ халқымен шатастыруға болмайды! Олар да Пушкинді біз ойлағандай жексұрын тип деп, суреттеп жатқан жоқ қой?!.

Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург:

Бұл - ұлт болып ұйымай, әлі күнге халық боп жүргеніміздің бір көрінісі

1. Иә, қазаққа тұлға ортақ. Олар бөлініп-жарылған жоқ. Пайдасыз сөзді күмбірлеп, елге қажетті уәжді міңгірлеп айтатын біздер болмасақ. Бір мысал айтайын. Талдықорған жерінде Жоламан стансасы бар. Теміржол бекеті. Кеңес кезінде кеңшар да болды. Ол кім еді? Кіші жүз Он екі ата Байұлының бір баласы. Баласы емес-ау, жалаугер батыры.

Ақтабан шұбырынды кезінде «жау шапты» деген дабылды есітіп, үлкен қолмен Шығысқа атанған. Жоңғарды тау асырып түре қуысқан. Сол шайқаста жараланып, қаза болған. Ақтық демде: – Мені Жайық бойына жеткізе алмайсыңдар. Сүйегімді осы өңірге қойыңдар. Жауға айбар боп жатайын, - деп аманат айтқан. Міне, бұл Жоламан Тіленшіұлы еді.

Қазақтың қай кезде де қайғысы да, қуанышы да ортақ. Олар сен қай жердің суын іштің, қай жердің топырағын бастың деп сұрамаған. Ата бөліспеген, атақ бөліспеген, ақша бөліспеген тұлғалар!

Ал, Қабанбай мен Бөгенбайды, Исатай мен Махамбетті, Құрманғазы мен Динаны, Сырым мен Малайсарыны, Ағыбай мен Қарасайды неге руға, жүзге, облысқа бөліп алып мәртебелерін төмендетуге тиіспіз?!

Иә, орыстарда ұлы мәдениет бар. Үлкен дәстүр, сынды да, марапатты да қабылдай алатын мінез, ұстам бар. Олар Пушкиннің жүргіштігін, Лермонтовтың сумақайлығын, Некрасовтың алаяқтау карта құмарлығын, Достоевскийдің қояншық ауруын, Маяковскийдің екі адамға ортақ бір әйел ұстағанын, Есениннің сифилиспен ауырғанын, Рубцовтың ішкіш боп, көңілдесі тұншықтырып өлтіргенін жасырып, жаба ма? Жоқ! Ашық айтады. Өйткені, қаншама ұлы тұлға болса да - нәті адам. Ал, адам болған соң тіршілік ортақ.

Сондықтан да, олардың бетіне шіркеу түсіп жатқан жоқ.

Бізде ше? Атай көрмеңіз. Өңшең шыбық тимес шыңқ етпе. Керемет, ғажап, классик, ұлы... Қағыс сөз айтсаң қалпағыңды қағып түсіреді. Үстеріне шыбын тұрмақ шаң қонбауы керек. Бұл – ұлт болып ұйымай, әлі күнге халық боп жүргеніміздің бір көрінісі.

Ұстазға табына берсең мәңгүрт боп қалуың қиын емес. Ұрпақ өспейді. Жаңа тұлғалар шықпайды. Бізді сол осы күнге дейін жасалған пұттар табындырғысы келеді. Олар бар-жоғы ауыл арасының «ұлылары». Әлемдік деңгейге өкше де, еңсе де көтере алмағандар. Мен бір оқыс ой айтып ем, ашулы арадай талап тастаған жоқ па? Бірақ түбі сол менің айтқаным болады. Шындықты бүркемелей алмайсың!

2. Сәкен өмірінің шындығын білгісі келген адам Тұрсынбек Кәкішевтің кітаптарын оқысын. Кереметтей тұлғаның бар өмірі, қызметі, ғашықтығы, трагедиясы сонда. Одан қалса менің Сәкен мен Серебрякова жайлы жазған «Мен сізді сатқан жоқпын» деген спектаклімді көрсін.

Әдемі шапанға жамау жапсырғандар көки береді!

Естеріңізде ме, бір жазушы ағамыз естелік кітабында «Тар жол, тайғақ кешуді» жазған С.Сейфуллинде ми жоқ, ақымақ» – деп жер-жебіріне жеткен. Неге осы дау сол кезде көтерілмеді? Ол кітабын жазғанда Сәкен ағамыз алда 37-жылдардың зобалаңы боларын білді дейсің бе? Құмалақшы емес қой. Ол – шежіре кітап. Ал, Сейфуллиннің қазақ Үкіметін құрудағы орасан зор еңбегі, өршіл поезиясы, өзіндік ұстанымы, сырбаздығы, сымбаты қандай! Ол – қазақ әдебиетінде қайталанбас тұлға. Асу бермес асқар шың! Сырбай Мәуленов ағамыз:

Жан екенсің өлімге қия алмайтын,

Өлеңнің құшағына сия алмайтын.

Қазақты танысаңдар міне, осы деп,

Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын, - деп жырлаған.

Ал, біз өкпеге қиғымыз келеді?

P.S.

Сәкен – дәуірлер мен ғасырлардың шаңы мен таты жұқпайтын асылы. Жасынан сұлулық, сырбаздықтың нышанына айналып, өз дәуірінің буырқанған оқиғаларына ерте араласып, талай «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткере жүріп, қызыл террордың жазықсыз құрбаны болған сұңқар Сәкеннің туған халқының руханияты үшін жасап кеткен еңбегі ұшан-теңіз. Ақындық, жазушылық, сазгерлік т.б. қырларын айтпағанда: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болсын!» - деп ұран көтеріп, іс жүзінде үлгі болған қажырлы мемлекетшілдігінің өзі неге тұрады?!

Ақбоз атты құлатқан – жала-керме,

Магаданға мола іздеп бара берме.

Сәкен деген – халқымның рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге! -

деп белгілі ақынымыз Ғалым Жайлыбай жырлағандай, қазақтың ардагері Сәкен Сейфуллин өміріне қатысты жарияланған дүниеден болып ұлы тұлғаның орны кішіреймейді, мәңгілік халық рухын кір шалмайды деген тұрғыда, аталған материалды портал бетінен алып тастаған болатынбыз. Елдің ынтымақ-бірлігі арта берсін, есті ұлдарымыз мен қыздарымыз көп болсын!

Әзірлеген Мөлдір Бақытқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар