Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұғыр мен ғұмыр арбасуы немесе Т.Әбдік хикаяты туралы

04.09.2017 3821

Тұғыр мен ғұмыр арбасуы немесе Т.Әбдік хикаяты туралы

«Тұғыр мен ғұмыр» – көлемді романға бергісіз жүк арқалаған хикаят. Батыр-Борис – Сталиндік зұлматтың, қандықасап соғыстың ащы зардабын тартудай-ақ тартып, «жоғалған ұрпаққа» айналған жазықсыз жандар тағдырының жиынтық образы. Елге танымал ғалым, биік лауазымды мемлекеттік қызметкер Шәйкеннің отбасында дүниеге келіп, қайғысыз-қамсыз өсіп келе жатқан Батыр ұланның отбасы ойрандалғаннан кейінгі теңіз толқыны айдаған ескексіз қайықтай қалтылдаған баянсыз ғұмыры хикаятқа желі болып тартылады.

Тағдырына бұйырған отбасылық бақытқа мелдектеген қонақжай отбасының мамыражай тірлігі жалғыз түнде ойран болды. Оған кінәлі – қылышынан қан тамған сталиндік қызыл террор еді. Алдымен әкесі, одан соң анасы «халық жауы» ретінде ұсталған Батыр мен төрт жасар қарындасы құтты мешін үйінен де қуылып, панасыз қалуға мәжбүр болады: «Шын қасiреттi Батыр ендi түсiндi. Үрей дауылы аяқ-қолын жерге тигiзбей, беймәлiм бiр жаққа ұшырып ала жөнелгендей болды. Қарсыласарға дәрмен жоқ. Қолынан келгенi қорқу ғана. Төрт жасар қарындасымен екеуi сәби санасы түсiнiп болмайтын қатыгез уақытпен, күнмен, түнмен, мейiрiмсiз билiкпен, беймәлiм тiрлiкпен бетпе-бет қалды».

Үрей дауылы ұйтқыған қатыгез уақыт, мейірімсіз билік, ертеңгісі беймәлім, дәрменсіз тірлік қаршадай балалардың басындағы ғана хал ме еді? Бұл – түгелдей бір ұлттың, режимнің уысындағы халықтардың басындағы күй ғой.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, ерке қарындасы Раушан да Семейдегі балалар үйіне апара жатқанда суық тиіп қайтыс болады. Батыр қорлық пен зорлыққа, өгейлік пен қатыгездікке толы, өзге әлеммен бетпе-бет келеді. Қайғысыз-қамсыз Батыр бетпе-бет келген әлемнің өз заңы, өз түсінігі бар еді: «...Олар бiреудi қорлағаннан, зорлағаннан, жылатқаннан айрықша ләззат алатын секiлдi. Кiм көбiрек қатыгез болса, соның беделi үстем».

Адам баласының бойындағы ізгілік сезімдерге жаны қас, жаныштап-таптауға құмар дөрекі-дөкір әлемге амалсыз бой үйретуге тура келеді:

...Осының бәрi зиялы қауым отбасында тәртiп пен тәрбиенiң қорғауында өскен Батырға өте ауыр тидi. Өзiнiң түсiнiгi бөлек, ғұрпы бөлек басқа бiр әлемде жүргенiн сездi. Бұл ортаның ережесiн қабылдап, оның өз адамына айналу қандай ауыр болса, ол ортада бөтен адам болып жүру де сондай ауыр едi». Қаршадай Батырдың басына түскен бұл алмағайып тозақы хал – тұқымының тұқымына дейін бекзаттық пен дегдарлықтан ажырамаған, босағадан төріне дейін құт ұялаған талай әндігердің сол бір зұлмат жылдары әбден лайланған тұнығы, қашқан қадір-қасиеті, тексіздердің орынсыз аяқасты қылған абырой-бағы ғой.

Бұл дүние тек жан жылуынан, мейірім мен қамқорлықтан ғана тұратындай сезінетін жас Батырдың өгейлік пен қаталдық әлеміндегі ендігі тірі қалу үшінгі күресте шыңдалу барысында түйгені мынау еді. «Осы бiр жан дүниесiн тұмшалаған түнек ойдан кейiн ашқан жаңалығы – дүниенiң жалғандығы едi. Бұл байлам адамзат үшiн жаңалық болмағанмен, Батырдың өзiне жаңалық болғаны шындық. Бәрi де бекер секiлдi. Оқу, бiлiм алу, ел қатарына қосылу т.с.с. жалған арман, жалған мақсаттарға ғұмырыңды сарп ету неге керек? Баяғыда үйiне қонаққа келiп жүретiн үлкендердiң бәрi атақты адамдар болатын – бiрi ғалым, бiрi жазушы, бiрi бастық. Бәрi де бiр өлiммен кете барды.

Әйтеуiр бiр атылатын адамға профессор болып атылдың не, сауатсыз шаруа болып атылдың не? Бәрiбiр емес пе?».

Міне, осы бір шарасыздықтан туындаған бөтен ойға келіп бекінгеннен кейін Батырдың кіршіксіз санасында айналаға, өзін өгейсіткен қоғамына деген еріксіз агрессиялық мінез пайда болады: «Кездескен қиындықтарды белден басу, тентектiкпен жеңу өзiне ұнайтын».

Өлгеннен басқаның бәрін көріп, алысып-жұлыса жүріп ержете бергенде, соғыс басталды. Батырға бәрі бір еді. Бейбіт заманда әдетке айналдырған белден басу мен тентектік, айлакерлік – соғыс уақытында кәдеге асты.

Туған жеріндегілер үшін ТҰҒЫРЛЫҚ сипаттағы мәңгілік мақтаныш ғұмыры, ал өзі үшін өзгенің кейпіндегі жасанды тірлігіне апарар жолға негіз болған жалған ғұмыры да осы майдан өтінде қаланды. Бас көтертпей себелеген жау оғынан сескенбестен, батальонды шабуылға көтеріп, көзсіз ерлік жасады, Батыр Шәйкенов. Осыдан кейін ұзамай немістердің қолына тұтқынға түсті. Жат жердегі көрген құқайы да аз болмады. Соғыс аяқталған соң, тұтқын кеңес жауынгерлері елге қайтарылғанда, Батыр қаза тапқан саха жауынгердің атындағы жалған құжатпен оралады. Саха жігіті де азғана ғұмырында қарақшылықпен аты шыққан біреу болса керек. Қазақ жауынгері Батыр Шәйкеновтің ендігі өмірі атышулы баскесер, саха Борис Николаевич Иванов кейпінде Сібірдің ну орманында өтуге мәжбүр: «Осындай тiрлiкпен жылдар жылжып өтiп жатты. Батыр қылмыстық ортада «Якут» деген атқа ие болды.

Батыр өз бойында әлдебiр өзгерiстiң болғанын сезетiн. Қатыгездiк, батылдық, айлакерлiк, ең қиын сәттерде үрейдi жеңе алатын ұстамдылық – осының бәрi қылмыс әлемiнен тапқан олжасы. Бастан кешкен қанды оқиғалар тұсында аман қалуына себепшi болған құтқарушысы да – осы қасиеттер екенiн бiлетiн.

Ең қиыны – қанша мейiрiмсiз болса да, өзiңдiкi болған соң, қия алмайтын өткен өмiрiңмен байланыстырып тұрған бiр есiктi қайтып ашылмастай етiп қатты жапқаның. Батыр мұндай ойларға берiлмеуге тырысатын.

...Рас, шешесiне деген сағыныштың жүрегiнен әлi өшпегенiн сезедi. Бiрақ ол да жаңағы ашылмайтын есiктiң ар жағында қалды».

Осылайше бір қылмысқа екінші қылмысты жамаумен, Сібірдің түрмесінен түрмесіне көшіп жүріп қырық жылын өткізген атышулы «пахан» Батыр-Бористің қанша қаражүректеніп кетті дегенмен, үнемі санасына сәуле түсіретін бір түсі барлығын көреміз хикаяттан. Соңғы кезде мұны тіпті жиі көретін болады:

«– Не болды? Не болды? – дей бердi әйелi үрейленiп.

– Түсiме анам кiрдi, – дедi Батыр балаша өксiп. Әйелi бұған қосыла жылады.

Батыр жасын тыйып, сабырға келгеннен кейiн, әлдебiр шаң-тозаңнан арылғандай, баяғы бала кездегi пәк сезiмдерiне қайтып оралғандай бiр күйге түстi. Бойы жеңiлдегендей, жүйкесiн тоңдырған бiр мұз ерiгендей сезiндi».

Қылмыс әлемнің қатыгез тірлігіне әбден мойынұсынып, жүрегіндегі адами сезімдерден ада болып кеткендей күйдегі Борис-Батырдың сана-сезіміндегі сілкіністің өзі әрбір пендеге тән, әр кез жүректің түкпірінде бұғып жатып, сәті келгенде тамырыңдағы ыстық қаныңды лүпілдете соқтыратын – анаға, туған жерге деген сағыныштан туындаған еді. Батырдың басындағы хал – осы еді:

«Батыр өзiнiң санаулы күндерi қалғанын сезгендей болды. Жүрегiн сыздатқан сартап сағыныш барған сайын күшейiп, күшейген сайын көкiрегiнiң қараңғы түкпiрiне сәуле тарап, ұмытылған өмiр елестерi айқындалып, қайта тiрiлiп, жанына жақындай түскендей әсер бередi.

Ақыры санасына бiр ғажап ой келдi. Ол – елге жету, барлық күнә мен қылмысын мойындап, ағынан жарылу, сөйтiп ең соңғы мауқын басып, туған жердiң топырағын жастанып, мәңгi ұйқыға кету. Осылай iстесе, өлiмнiң қорқынышы да жеңiлдеп, әлдебiр мағынаға ие болатындай көрiндi. Бұл ойының өзiне ұнағаны сонша, осыны баяғыдан берi неге ойламағам деп өкiндi».

Хикаятта Батырдың айқын сомдалған портреті мен тәптіштелген мінездеулер жоқ. Мұның себебі, хикаятты құрылымдауда олай жасауды автордың аса қажет деп таппауынан және оқиғаның түгелге жуық бірінші жақтан баяндалатыныдығынан да болса керек. «Автобустан, үстiнде сұр плащ, басында сұр қалпақ, қолына таяқ ұстаған қарасұр егде кiсi түстi. Әжiм айғыздаған көңiлсiздеу жүзiнен кәрiлiктен бұрын сырқаттың азабын көбiрек тартып жүргенi байқалады». Батыр бейнесінің бар болғаны осы.

Міне, арып-ашып жүдеген, ауру әбден меңдеген Батыр жүрегінің түбіндегі титімдей сәулені алғау етіп, туған топырағына келіп тұр. Атақонысындағы «ескіден қалған көз-ау» деп іздегені – кешегі жас мұғалім Сәлімгерей еді. Шүкір, бақытына қарай тірі екен, қазір алдында отырған шүйкедей қағылез шал – Сәлімгерей.

Сәлімгерей шалға өзінің соңғы жылдары жанын жегідей жеген мазалы ойын, арылу сөзінің түгін қалдырмай айтқан Борис-Болаттың ішкі жанайқайы, жан сыры мынау:

«– Мен де өзгелер секiлдi сәби болып жарық дүниеге келдiм, жақсылыққа сендiм. Сол сенiммен, сол көңiлмен өмiр сүрсем дедiм. Алайда маған мүмкiндiк бермедi. Оттан – отқа, боқтан боққа салды. ... Өзiмдi қорғайын деп отырғам жоқ. Мен өз үкiмiмдi баяғыда алған адаммын. Бiрақ қуғын-сүргiннiң бар азабын бастан кешiп, одан кейiн өтiрiк пен қиянатқа құрылған мына қатыгез қоғамға қайтып келiп, баяғыша жалған атақ, жалған даңқпен өмiр сүрiп жүрген зиялы құлдардың менен несi артық деп те ойлаймын кей-кейде. Ендеше мен де солар секiлдi осы елдiң бiр бөлшегiмiн, Сәке.

Қанша қателiгiм болса да, мен де бiр құдайдың құлымын ғой, ағымнан жарылып, жарық дүниеде бар екенiмдi бiлдiрiп, кешiрiм сұрап, адам құсап өлгiм келедi».

Шындығында қырық жыл бойы жалған есіммен, жалған өмір сүріп келіп, шынайылық деп танылған тағдырмен бетпе-бет келгенде шарасыз күйге түскен Батыр-Бористің басындағы тағдыр тәлейі – жетпіс жыл бойы жалған утопияға елітіп өмір сүріп, әп-сәтте күйреп тынған алып империяның тағдырымен де ұқсас қой. Екеуінде де алданып, иллюзиямен күн көріп жүрген – қарапайым халықтың идеалдық жадысы екен ғой. Мұны Сәлімгерей шалдың мына сөзінен көреміз:

– Әй, шырағым, сен өзiң не айтып тұрғаныңды бiлесiң бе? Сенiң атың осы елдiң тарихына алтын әрiппен баяғыда жазылып қойған. Поселкенiң қақ ортасында саған қойылған ескерткiш тұр. Мектеп сенiң атыңда. Ертең мереке күнi балалар сенiң ескерткiшiңнiң түбiне гүл қойып, елiмiздiң саған ұқсаған азаматы боламыз деп ант бередi. Қырық жыл бойы осылай өмiр сүрiп келемiз. Қанша ұрпақ сенiң атыңды мақтаныш тұтып ер жеттi. Жалған атаққа табынған жоқпыз, сенiң жасаған ерлiгiң тарихи шындық. Сенi көкке көтерiп, орталық газеттерге мақала шыққанда соғыста қаза болған боздақтарымыз тiрiлiп келгендей қуанғанбыз. Жастарға үлгi болар ма екен деп, ел болып жабылып, ескерткiшiңдi орнаттық. Жылдар бойы арызданып, атыңды мектепке бергiздiк. Ендi соның бәрiн тас-талқан етпексiң бе? Масқара болдық қой! Сенiң атағыңды қорек етiп отырған мына жұртты өлтiретiн болдың ғой. Елдi аямайсың ба?

Былай қарағанда, Батырдың жасаған ерлігі де рас, халықтың ықылас-құрметі де жөнімен болған дүние. Бірақ қаһарман ұлды осы күйге, яғни ғұмырының соңында туған жеріне жетіп, өз ажалымен алаңсыз өле алмаудың қасіретіне дейін жеткізген нендей күй? Автор бұл сұрақты оқырманның зерделеуіне қалдырады. «Бiрi жанды, бiрi жансыз екi бейне жыға тани алмай тұрғандай бiр-бiрiне үңiле қарап қалған. Батыр осы тұста өзiне беймәлiм екiншi өмiрiнiң бар екенiн амалсыз мойындағандай болды. Екi өмiрдiң қайсысының жалған екенiне зердесi жетпедi. Бәлкiм, екеуi де – шындық».

Расымен де, кешегі ғарасат соғыс заманында мұндай оқиғалардың біреуі емес, әлденешеуі болғандығына, еңселі ескерткіштер орнатып, ондаған жылдар бойы ардақтап келген талай-талай адамдарға қатысты деректердің бәрі мүлде жалған болып шыққан жағдайлар қаншама? Шындығында, бұл шындық дегеннің өзі – әр дәуірдің өзі қалауымен қалыптастырған, өзі көргісі келген шындық қалпы ма екен? Ал бұл жасалған шындыққа келесі ұрпақ қалай қарайды? Ол басқа әңгіме. Коммунистік қоғамның «шындық» деп қабылдаған шындық сеніміне селкеу түсіруге Батыр-Бористің қақысы да жоқ еді, сол мезетте.

«– Я, Алла, – дедi бiр кезде даусы жарықшақтанып, – бұл дүниеде маған орын қалмаған секiлдi. Ендi өзiң шеш мына түйiндi. Жұрт көзiне түсiре көрме. Өзiңе ал менi, жаратқан ием...».

Осылайша, өмірден өз орнын таппаған бір ғұмыр елеусіз ғана мынау жарық дүниеден баз кешіп, бақиға аттанып кете барады. Бірақ өмірге адам болып келіп, адам болып өмір сүрген кезінде жасаған ерлік даңқы өзі туған елдің рухани қайрағы болып, мәңгілікке соңында қалып барады.

«Өзектi жанға – бiр өлiм емес, мың өлiм» деген түйінді эпиграф етіп алған автор Батыр бастан кешкен «мың өлім» шытырман халін Сәлімгерей қарттың аузынан шыққан сөзбен былайша түйіндейді:

«– Алланың бұйрығынсыз өлiм де жоқ, өкiнiшке орай». Иә, Құдайсыз қурай да сынбайтыны – ақиқат қой.

Кешкен шытырманды, шырғалаңы мол баянсыз ғұмырдың сүйретіліп жеткен құр сүлдесі мен кеңестік пропаганданың стандартына сипатталғған сай баянды ғұмырдың иесі биік тұғырда асқақтаған мүсіні бетпе-бет келеді. Ел қорғау жолында «қаза тапқан», ел жүрегінің төрінен орын алған ержүрек жауынгер Батырдың биік тұғырлы ескерткіші мен бандит Борис болып тәлкекті тірлік кешкен шынай есіл ғұмыр иесінің кездесуі мен «сұхбаттасуының» ақырында жан иесі өзінің Борис қалпымен осы ел үшін түкке қажеті жоғын түсінді. «Жоғалған ұрпақ» күйі дегеннің өзі де осы болар. Ғұмыр бойы бар ынты-шынтысымен идеал тұтып келген идол тұғыры таңертең мәнсіз, мағынасыз тас сұлбаға айналып, ондаған жыл қаншама күш-жігер сарп етілген ерлік ғұмыр туралы селкеусіз шындық әп сәтте быт-шыт болып күйресе, мынау туған топырағындағы қандас жұрты қайтпек? Ғұмырдың өзі дилемма...

Асылбек Байтанұлы

Теги: #Төлен

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар