Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Рымғали НҰРҒАЛИ зерттеулеріндегі тарихи тұлғалар м...

04.08.2017 10903

Рымғали НҰРҒАЛИ зерттеулеріндегі тарихи тұлғалар мәселесі

Рымғали НҰРҒАЛИ зерттеулеріндегі тарихи тұлғалар мәселесі  - adebiportal.kz

Рымғали Нұрғалидың әдеби сын еңбектері туралы сөз еткенде драма жанрларын және оған үндес, сабақтас, ұлт әдебиетінің үлгілерінің зерттеу арналарын кездестіреміз. Бұл - Рымғали Нұрғалидың «Драма өнері» атты жеті томдық шығармалар жинағының алғашқы томының негізгі зерттеу бөлімдері. Олардың мән-мағынасын зерделей отыра түсінбей, Рымғали Нұрғали туралы бірдеңе деп айтудың өзі әбестік болар еді. Ендеше Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік және ғылым саласындағы Ш.Уәлиханов сыйлықтарының лауреаты, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, ғалым, Рымкеңнің қазақ драматургиясының жанрларын жүйелі түрде зерттеуі, идеялық - эстетикалық ерекшеліктерін айқындауы, оның типологиялық тұрғыдан өрнектелуі, драматургия тарихы мен бүгіні мен ертеңі, кешегі қазақ драматургиясының бай поэтикалық мұрасын толыққанды зерттеп, бүгінгі біздің драматургияның табыстары мен олқылықтарын танытып кеткені бәрімізге мәлім.

Кез келген халықтың әдебиеті өзіндік жанрлық ерекшеліктеріне қарай топтастырылатыны анық. Әрбір ұлттың төл паспортына айналған рухани құжаты әдебиеті болып табылады. Ендеше кешегі қазақ әдебиетінің бүгінде шапшаң уақыт арнасымен телағыс даму кезеңдерін, кемелденген шағын бүгінгі уақыт арнасымен айтсақ бекер емес шығар. Бүгінгі қазақ әдебиеті өрлеу, жетілген шағынан әлде қайда ілгері жылжып, даңғыл жолға түсті десете болатын шығар. Ұлт әдебиет үлгілерінің өзара әсері мен бірін - бірі құнарландыруы, жанрлық формаларының дамуы мен баюы, толағай жетістіктер мен құнды зерттеу мақалалардың жарық көруі бүгінгі қазақ әдебиетінің нағыз толысқан шағы. Қазіргі қазақ әдебиеті жанрында енді ғана жетіліп, зерттеліп келе жатқан - Драматургия. Ол - өнер мен әдебиеттің, күллі мәдени қазынаның бастау арналарының бірі. Ендеше осы бағытта талай жыл ерінбей еңбек етіп, біршама драмалық шығармаларды талдап, сыни тұрғыдан бағасын беріп, оқырман назарына бүгінгі қазақ драматургиясының жанр жүйесін саралауды, эстетикалық - көркемдік ізденістерін ашып, типологиялық жинақтаулар жасауды мақсат еткен әдебиет жанашыры, ғалым, профессор – Рымғали Нұрғали. Өзінің жеті томдық шығармалар жинағының алғашқы томыда – «Драма өнері» деп аталады. Осы кітаптың кіріспе бөлімінде, өзі айтқандай: «Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың әлеуметтік экономикалық тарихи мәдени қауыр өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін дрматургия мен театырды өмірге әкелді» - деп қорыта келе біздің қазақ өнері мен мәдениетінде тұтас жүйелі, жан - жақты әдеби - мәдени процесс пайда болды дейді. «Драма өнері» атты кітабының алғашқы бөлімі - «Трагедия».

«Трагедия – драматургияның қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы, қат-қабат өмірдің объективті қайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі тұлғаның қайғы-шері, мұң-ызасы эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен оқырманға (көрерменге) берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сұрапыл шындықтарын айқара ашып, қопара бейнелейтін іргелі жанры» деп қорытады академик Рымғали Нұрғали «Трагедия табиғаты» атты оқулығында. Әрине қалыпты өмірдің өзіндік тілек, талап, шарттары мен тарихи, трагедиялық тұлғаның мақсаты арасындағы күрес, конфликт, тартыс атаулының әр қоғамда, әр дәуірде, әр әлеуметтік, ұлттық ортада сан алуан форма, көрінісін тудыруы – объективті заңдылық. Осы анықтамалар негізінде ұлы суреткер М.Әуезовтің пьесаларындағы трагедиялық кейіпкерлерін көбіне тани аламыз. Жалпы әдебиетміздегі трагедиялық образдарды жасауда Мұқтардың өте бір сондай шеберлігі мен идеялық ашық көзқарастарын байқаймыз. Рымғали Нұрғали «Қазақ трагедиясын» үш салаға бөліп қарастырып: «эпикалық таргедия», «тарихи трагедия», «адамгершілік - тұрмыстық трагедия», - деп бұларды идеялық нысандарын ескере отырып осылай жүйелейді. Ал ұлы суреткер Мұқтар осы үш саланың барлығынада пьесалар жазды. Соның ішінде ең алғашқы қазақ тарихи трагедиясы деген де М.Әуезовтің «Хан Кенесі» ойға келетіне анық. Оның драмалық туындылары: «Еңлік-Кебек»(1917), «Қаракөз» трагедиялары. Оларда махаббат бостандығы мен әйел теңдігі мәселесінің көтерілуі. Трагедиялық образдар жүйесі.

«Түнгі сарын»(1934) пьесасында 1916 жылғы көтерілістің көркем бейнеленуі. Драмалық шиеленіске толы тартыс таңбасы. Жантас, Тәнеке образдары. «Шекарада» пьесасы (1938). Шығармада ел қорғау,қырағылық, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімінің өркендеуі. Пьесадағы Мұрат , Сәрсен, Қанай мен Ажардың образдары. Әйтсе де драмалық шиеленістің жалған тартысқа құрылуы.

Мұқтардың Соболевпен бірге жазған «Абай» трагедиясы (1940). ОндағыАбай бейнесі.Ақынның әділетті өмір мен адам баласының бақыты үшін жауыздықпен бетпе-бет арпалысуы. Бірін бірі сүйген Айдар мен Ажардың бас бостандығын қорғау арқылы феодалдық ескі салт- санаға қарсы шығу. Халықтық эпостық жырлар негізінде «Айман-Шолпан»(1934), «Қарақыпшақ Қобыланды» (1941) пьесаларын жазуы. Ел қорғау, ерлік пен ездік мәселесін көтеруі.

Әдебиеттанушы ғалым З.Қабдолов: «М.Әуезовтің күрделі де, іргелі туындылары негізінен тарихи тақырыпқа арнала тұрса да, түптің түбінде өз дәуірінің шындығын жазуды мұрат тұтқан» – деген пікірін бұған дәлел ретінде алуымызға болады. Әуезов туған халқының басынан өткен сан қилы өмір өткелдерінің ақиқатын сезіне жүріп, қатерге толы қилы заманда батыл әрекетпен тарихи тақырыптағы «Хан Кене», «Қилы заман» шығармаларымен бірге «Әдебиет тарихы» зерттеу еңбегін жазады. Бұл «Әлемге танылған «Абай жолы» эпопеясына дейінгі отыз жасар Мұхтар қаламынан туған Алаш ұранды әдебиеттің азаттық идеясын көтерген туындылары болатын» деген де Рымғали Нұрғали болатын.

Тарихи тақырыптағы «Хан Кене» драмасын жазуы. Туындыдағы Кенесары мен оның інісі Науан батырдың бейнесі. Әлеуметтік және жеке бастық ішкі тартыстар. Әйелдер образдарының кейбір ерекшеліктері. Көркемдік қасиеті тұрғысынан келгенде көп сарындылығы, трагедиялық үлкен шығарма үшін бас аяғы жиырма екі кейіпкердің алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын көрсетеді. Пьесаның негізгі басты кейіпкерлері – ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалуға бағытталған ұлт-азаттық қозғалысы, оның кемеңгер қолбасшысы, халқымыздың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы мен жанын шүберекке түйіп, отаршылдық жүйеге қарсы күрескен Наурызбай, Ағыбай сияқты батырлардың ерлігі баяндалады. Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген нойанының қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.

Қаншама тарихи шыңдықтағы детальдарды, сюжеттік байланыстарды пьесаға толық әкелгенімен біраз оқиғалар драмаға сыймағаны анық. Ол туралы әдебиетші ғалым, академик Р.Нұрғали еңбегінде былай дейді: «Трагедия Кенесарының хан сайлануы салтанатын былай қойғанда, негізінен, ұлт азаттық қозғалысының соңғы кезеңі, оқиғаның оңтүстік өлкеде өрбуі бйнеленеді. Сондықтан орыс әскерлерімен арадағы шайқас, қазақ ішіндегі соғыстар, Қоқанмен қақтығыс оқиғалары жоқ Мұның бәрі бір дарамалық шығармаға сыймайды да» - дейді. Оның есесіне қазақ - қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз ащы шыңдықпен айқара ашылады. Тіпті қырғыз елшісі Жамаңқараны ерегіс үстінде Наурызбай батыр өлтіріп жібереді. Ал драматург М.Әуезов пьесаны жазуда тарихи шыңдықты бетке ала отыра екі жақты қазақ - қырғыздың ешқайсысына бүйрегі бұрмайды. «Тарихи қанды оқиғаны, хан Кененің соңғы сәттерін зор трагедиялық қуатпен реалистік тұрғыда көрсетіп береді», - деп көрсетті Рымғали Нұрғали өзінің зерттеулеріде. Тіпті бұл пьеса туралы қаншама қарама - қайшы пікірлерде туды. «Хан Кене» трагедиясы туралы қарама-қайшы пікірлердің тууы оның нысаны мен тақырыбына, тарихи тұлғаны драматургтің қалай көрсеткеніне тікелей байланысты. Кенесары есімімен байланысты өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарындағы оқиғалар – қазақ тарихында ұзақ уақыт бойы пікірталас тудырып келген мәселелер. Кенесары туралы пікірлер екіге бөлінді. Бір тобы Кенесары хан тағы үшін күрескен, сол ойлаған мақсатына жету үшін ешкімді де аямаған, халықты азапқа салған қатыгез деп кінә тақса, ал екінші топтағылар оны қазақ халқының еркіндігі үшін жан аямай күрескен халық қаһарманы, ұлт батыры деп мадақтады. Мұхтар Әуезов «Хан Кене» трагедиясында өмірі де, өлімі де шырғалаңға толы ірі тарихи тұлғаны терең зерттеп, бейнелеуге батыл қадам жасады. Тұлға мен заманның, дәуір мен тағдырдың, тұлға мен халықтың қарым-қатынасын әдеби бейнелер арқылы көрсетіп, қазақ ұлтының тарихи болашағына толғанып ой жібереді. Жазушы шығармашылығында көркем сомдалған тарихи бейнелер терең философиялық мән табады. «Хан Кене» трагедиясының сюжеті «терең филисофиялық сарындарға толы. Бірақ бұл жайлар әдебиеттану ғылымында жете зерттелмей келеді. Кенесары тағдыры біздің санамызда жалпы адам баласындық мәселені қозғайтын сауалдарды тудырады. Адам өмірінің мәні неде? Тұлға тағдырын, ұлт тағдырын қандай сапалар айқындамақ? Кенесары ханды дүние қызығынан, қазына байлықтан бездіріп, азаттық күресінің жолына жетелеген қандай күш? Ол бұл майданға не мұратты көздеп шықты? Бұл сұраулардың жауаптары жеңіл емес». «Хан Кене» пьесасы жазылғанына елу үш жыл болса да жарық көрмей, М.Әуезов мұражайының қызметкерлерінің ерлігі арқасында 1983 жылы жиырма томдық шығармалар жинағының он төртінші томына енгізілген. Бұл туындының көркемдігі, академик Рымғали Нұрғалидың сөзімен айтқанда, «драмалық жанрдың барлық талап-тілегіне толық жауап береді». Шығармадағы жиырма екі кейіпкердің барлығы да тарихи тұлғалар, қозғалыстың басы-қасында болған жандар. Пролог пен қырық жеті көріністен тұратын бес перделі тарихи пьеса жылдың қыркүйек айындағы Кенесарының хан сайланған кезеңінен бастап, өмірінің соңына дейінгі, яғни 1847 жылдың жазына дейінгі аралықты қамтиды. Шыныменде «Хан Кенені» кезінде коммунистік идеология, таптық көзқарас бар деп сол кездегі кеңестік саясат тұрғысынан жазаға ұшырады. Елінің еркіндік жолындағы қаһармандық күресін жырлаған шығармасы үшін жазушының көп қуғын көріп, ауыр жапа шеккенін баян ететін бір мысал – «Хан Кене» трагедиясының тарихы.

Халық жүрегінде сақталатын мәңгілік шындықты келешек ұрпаққа жеткізетін де, жаңғыртатын да уақыт және қаламгер. Тарихтың бүтіндігі мен кемшілігінің санада дұрыс қалыптасуы көп жағдайда қалам иесіне байланысты болып жататыны рас. М.Әуезов «Хан Кене» трагедиясы арқылы тарихты, тарихи ақиқатты жаңғыртты. Оқиға шындығымен қоса, ел есінде мәңгілік сақталған Кенесары, Наурызбай, Ағыбай секілді қаһарман есімдері де тарих қойнауынан үн қатқандай болады. Соның салдарынан ұлт-азаттық көсемі Кенесары ханға би-болыстар, аға сұлтандар толық тіреніш бола алмады. Кейбір болыстар, керісінше, патша саясатының қолдаушысы болды. Осындай қиын шақта Ағыбай, Иман, Бұқарбай, Наурызбай сияқты ер жүрек батырлар хан Кененің тірегі болды. Кенесары ханның басты мақсаты ел мен жердің тұтастығын, ұлтымыздың тәуелсіздігін сақтап қалу еді. М.Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясы осы тарихи шындықты көркем тілмен жеткізген алғашқы пьеса.

М.Әуезовтің тағы бір трагедиялық пьесаларына тоқталып өтсек. «Еңлік Кебек» - Мұқтардың жиырма жасар шағында жазған, қиялын қозғап, қалам алдырған Еңлік пен Кебек жайлы халық аңызы негізінде жазған эпикалық трагедия. «Еңлік - Кебек» аңызының нұсқаларына тоқталғанда, аңыз бен көркем әдебиеттің байланысы, және де жазушының аңызды өз шығармашылығына арқау етуі. Бұл шығарманың бірнеше нұсқаларын көруімізге болады. Тіпті алғаш жазылған пьесаның сан мәрте өзгертіліп, жаңа образдардың бейнеленуі де болып отырды. «Еңлік - Кебектің» сюжеті негізінен халық аңызынан бұрыңғы әңгіме, поэма түрінде келген нұсқаларынан жинақталады. Екі ел арасындағы болған нақты таритыс оқиғасы драманың негізгі арқауы. Негізгі конфликтар, трагизмдар Тобықты билерінің арасында, рулық тартыс арасында жылдар бойы бітпей келе жатқан Кеңгірбай, Қараменде бір - бірін тырналап өтеді. Оларға тіпті қыл үстінде Еңлік пен Кебектің тағдыры былай тұрсын, бірін - бірі бас салады. Кәрі арландар ескі кекті ұмытпаған. Оның үстіне Еңлік, Кебек, Есен араларындағы негізгі конфликтар. Кебек Есеннен Еңлікті тартып алса, Есен Кебектен өмірді тартып алмақ. Тіпті жас батырды арашалап, қорғап қалу орнына аз Тобықты өзара қырқысады. Кеңгірбай тіпті Кебекті қорғамайды. Пьесаның соңғы сәттерінде Еңлік Кебектің романтикалық махаббатары бейнеленеді. Олардың бостандық үшін құрбан еткен жүрек жарды сырлары ашылады. Осы тұста Р.Нұрғали зерттеуінде айтылғандай: «Тобықты билері табан тірерге жарамай, опасыздықпен ит жемге тастағанын Кебек те, Еңлік те сезбейді. Конфликтінің трагедиялық шешімімен олардың хабарсыздығы бұл көріністің сахналық эффектісін, психологиялық әсері ұлғайып, екеуіне деген симпатияны тереңдете түседі.». Негізгі басты кейіпкерлер Нысан Абыз даналықтың, ойшылдықтың бейнесіндей болса, Кебек халық ұғымындағы шын батыр, Еңлік махаббат жолында жанын шүберекке түйген асқақ сұлу. Ендеше бұл пьесаның кейіпкерлеріде тарихи тұрғыда өз заманың тарихи тұлғалары. Кешегі бірнеше ғасыр бұрыңғы екі ру арасындағы негізгі тарихи кейіпкерлер. Ендеше М.Әуезовтің бұл шығарманы ойдан құрап, көркемдік тұрғыдан өңдеп әкеліп, бір арнаға сала салған шығарма емес. Мұқтардың өзі өскен ортасында болған оқиғаның желісін бала кезінен тыңдап, өсе отыра, «Еңлік -Кебек» пьесасы жазылды. «Сөйтіп, әуел баста халықтық аңыз негізінде туған Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы талант құдіретімен әлденеше рет редакцияланып, жаңғыртылып, байытылу арқасында образдары кесек-кесек, конфликтісі шыңыраудай терең, тілі ғажап шұрайлы классикалық пьесаға айналды», - дейді осы саланың майталман зерттеушісі һәм шебері Рымғали Нұрғали.

Қазақ драматургиясындағы үздік шығармаларындағы қаһармандар өмірдің қат - қабат шытырманында, тағдыр тауқыметі түскен ортасында, сол кездегі әлеуметтік саяси ортада қалай шынайы бағасын алса, пьесада да солай өз бағасын алды. Әсіресе М.Әуезовтің пьесаларындағы негізгі басты кейіпкерлер, олардың трагедиялық образдары, көркемдік бейнелері түп тура бағасын тарихтан да, әдебиеттен де алды. Кешегі Тобықтының батыр, жаужүрек ұлдары мен Кенесарыдай батыр қазақтың тарихының жадында мәңгі сақталады. Ендеше осы салада көз майын тауысып, қаламымен талай сын зерттеулерді ақ параққа түрткен ғалым, академик Рымғали Нұрғалидың қазақ драматургиясын зерттеуде жасаған ерен еңбегі әдебиет сүйер қауым, қалың қазақ жұрты ұмытпасымыз анық. Кешегі қазақ театырының дамуынан бастап, бүгінгі пьесалардың сахна да қойылуына дейін түбегейлі зерттеген Рымғали Нұрғали қазақ драматургиясының ұлы қаһараманы десек артық емес.

Әйгерім Наурызбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар