Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Адамдық борышың, халқына еңбек қыл...

01.08.2017 42276

Адамдық борышың, халқына еңбек қыл

Адамдық борышың, халқына еңбек қыл - adebiportal.kz

Адамдық борышың,-

Халқыңа еңбек қыл.

Ар жолдан айнымай

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз,

Өнерсіз,

Болады ақыл тұл.

Мақтанба салынба,

Мансаптың тағы үшін.

Нәпсіңе билетпе,

Басыңның бағы үшін

Ұлтының адал перзенті Шәкәрім қажы сөзін болашаққа осылай арнады. Дала ойшылы атанған философ ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығымен танысқанда, ақынның ұлтын ерекше сүйетіндігіне танданасың. Ол ең алдымен адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді жырлай отырып, үлкен философиялық жырлар жазды. Әрбір қазақ қауымына адал еңбек етіп, бойына білім нұрын сіңіріп, сол арқылы адам деген биік жетістікке жетсін деген ой тастайды.

Қазақ қоғамдық ойының философиялық тұрғыдан көрініс беруіне үлкен үлес қосқан ғұлама ойшылымыз Абай болып табылады десек. Абайдың философиялық дүниетанының «таза» материалистік немесе идеалистік деген түсінік сыңаржақтылыққа әкеліп соқтырады. Ол Шығыс мәдениетінің қазақ жеріндегі данышпандық тұрғыдан сарапталуына, қазақты іштей жеп жатқан ала ауыздық тамырына балта шабу керектігіне шақырған ұлы тұлға. Оның ойларын әрі қарай дамытып, тарихқа өзіндік дүниетанымын қалыптастырған ойшылардың қатарына Шәкәрім де жатады. Қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл прогрессивті мәдениеті тарихында үлкен орын алған ойшыл-демократ, ұлы ақын, философ Шәкәрім қазақ даласында философия көшімен бірге келіп, сол кемеңгерлік жолда талмай еңбек етті. Қазақ философиясын арғысынан зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізу үшін, мол философиялы, терең ойлы сөздермен жазылған, шығармаларын бізге жеткізді.

Ал Шәкәрім қажының философиялық өлмес мұраларына жататын прозалық трактат үлгісіндегі «Мұсымандық шарты» , «Үш анық» тәрізді туындылары жатады. Осы көркем туындылардың мазмұны жайлы белгілі Шәкәрімтанушы ғалым Балтабай Әбдіғазиұлы былай дейді: «Оларда автор оқырмандарына ғылым тілі, дің, халықтық философия мәселелері жөнінде алуан түрлі ой тастайды. Бұл еңбектің әдеби көркемдік мазмұнынан гөрі ғылыми, философиялық мәні әлдеқайда жоғары болғандықтан, біз оларға нақты тоқталып жатпаймыз. Әйтсе де олардың қаламгердің өзге туындыларымен сабақтасып жататын, жалпы Шәкәрімнің прозадағы қолтаңбасын танытатын кейбір сипаттарын да атап кетпеске болмайды»,- деп ғалым ағамыз өз ойын айтады. Шыныменде бұл екі көркем прозалық туындылардан таза адам, таза иман іздеу концепциясын жалғастырып, толықтыра түсетін философиялық эсселер десе де болатын сияқты. Бұл көркем прозалық туындыларында ақыл ой мәселесі, ақыл ұғымы, сондай ақ жақсы мен жаман, ақ пен қара, ардың тазалығы мен моральдық-эстетикалық категориялар төңірегінде кемеңгер ақын философиялық ой қорытады. Қандай мәселе төңірегінде ой айтса да Шәкәрім оны қазақ өмірінің шындығына мейлінше жақындата түсіндіруге ұмтылады. Мәселен «Үш анық» еңбегінің негізгі идеясы: Сенім ақиқаты, жаратушы болмысын мойындау, жан мәңгілігі туралы идея. Ғылым ақиқаты, сезімдік қабылдау нәтижелері және рациональды-логикалық ойлаумен негізделген тұжырымдар. Жан ақиқаты, субстанциональдық негізі болып ар-ождан табылады. Тіпті жоғары айтылған идеяларды ол бәрінен де жоғары қояды. Поэзиялық шығармаларында да ол ойлар басты нысанаға көзделеді.

Номадтың дәстүрлі мәдениеті болмыстың тұлғалық, тылсымдық ырғақтарына мән береді. Адам өмірі өткінші жағдайдан «бақи дүниеге» өтпелі кезең ретінде қарастырылады. Бұл өмірде адамға мәңгілікпен жақындасу мүмкіндігі беріледі. Ең басты шарт – «адам болу»,- деп Шәкәрім адам болудың ең басты шарты таза еңбек, адал еңбек дегендерді айтады.

Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,

Адамды сонда адам деген мақұл.

«Таза еңбек деген не? Еңбек әрекет еңбек болуы мүмкін. Еңбек қарекет еңбек болуы , ол адал еңбек. Шайтандық әрекет зұлымдыққа бастайды. Шәкәрім адал еңбек дейді, мен ізгілікті еңбек дер едім. Еңбегіңнін ізгілікті іс шықса, ол қаракет. Шәкәрім айтуынша, осындай адал еңбек ізгілікті еңбек. Ізгілікті еңбектен таза ақыл шықпақ. Мейірім деген ізгіліктің формасы. Ақыл бар, бірақ ол таза ақыл емес. Ол қандай ақыл? Зұлымдыққа жұмыс істейтін ақыл. Мәселе дәл осылай Шәкәрімге дейін біздің отандық философияда қарастырылмаған. Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса, адамды сонда адам деген мақұл. Олай болмаған кездеадам залым. Ол әлемнің жауы, адамның дұшпаны»,- деген пікірді философ ғалым, Ғарифолла Есім Шәкәрім жайлы мақаласында зерттеп көрсетеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің аса дарындылығы, ой өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Шәкәрімнің философияға, дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Оны біржақты бағалауға, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Оның шығармашылығындағы халықтың фольклордағы шешендік өнердің ықпалы мол. Шәкәрімге осынау фольклорлық мұраның терең ойлы философиясымен сөзді ойната, өрнектеу, сұлу кестелеу өнері дарыған секілді. Шәкәрімтанушы ғалым Балтабай ағамыз: оның мұраларын зерттеу барысында халықтық фольклордағы шешендік өнердің Шәкәрім жетік меңгеріп, аз сөзге мұхиттай терең мағына сыйғызуға шебер екендігін айтады. «Шешендік сөздердің дәстүрлі сипаттарының бірі – өмір түйіндеріне жауап іздеу. Автор айналасына, өзіне риторикалық сұрақ береді де, соның шешімін табуға ұмтылады немесе оны табу міндетін тыңдаушысының міндетіне қалдырады. Шәкәрімнің өлеңдерінде осындай риторикалық сұрақтар көп. Ақын әсіресе өмір мен өлім, таза адам, әділдік пен адалдық туралы ойланады»,- дей келе біраз өлеңдерінен мысал келтіреді. «Бір күні дәурен солмай ма?», «Бірдей адам қайда бар іші тысы», «Абай марқұм өткен сон, өзіме айтқан жырларым» деп аталын жырларында бастан аяқ риторикалық, философиялық сұрақтардан тұрады. Шәкәрім қажының философиялық сұрақтарға үңіле терең ойлануы, оның қырықтан асқан шағында ерекше болған.

“Қырықтан соңғы сөзімді, сынап таны өзімді”, “Жас қырыққа кірген соң, бір ой түсті жаңадан”, “Қырықтан аса бергенде, ақылым қылды шерменде”. Қырық жас — ақынның жаңа сапасы. Көп мәселеге тың көзқарас туған. Реті келгенде айта кетелік, қырық жасында Мұхаммедке пайғамбарлық келген. Грек жұртында қырыққа толған адамды акмэге келді дейтін ұғым бар. Қазақша айтқанда қырықтағы адам нағыз ақыл-санасы толып жетілген жан. Өркениетті көптеген елдерде ел басшысына жасы қырықтан асқан адамдарды сайлайтын дәстүр қалыптасқан. Осы дәстүрде мән бар. Шәкәрім:

Қырықтан соңғы қырымды,

Сынамақ болсаң түрімді,

Көрейін десең нұрымды,

Жидағы оқы жырымды, –деуі тегін емес. Қырық жастан асқан ақын дүние болмысына өзгеше қарай бастаған. Көрген-түйгені, оқығаны-естігені, бәрі-бәрі әлемді түсіндіруге дәлел болмай, керісінше философиялық сұрақтарға негіз болды. Қазақ философиясында ойып тұрып орның алған, философ ғалым Ғарифолла Есім «Мұтылған» философиясы атты ғылыми мақаласында: «Бұл өмірдің мәні туралы экзистенциалистік ой-толғаныстар. Шәкәрім өмір философиясы хақында тек өлең жазумен шектелмей, санасындағы сансыз сұрақтарға жауап іздеп, Меккеге барып қайтқан. Ол бұл сапарын тек қажылыққа ғана бағыштамаған, өзіне-өзі қойған сұрақтарына жауап іздеген. Сұрақтарына толық жауап таппай қапа болады. Сөйтіп Шәкәрім ой қайғысына, ой дертіне ұшырайды. Елден безіп, оңаша жер іздейді. “Қауымнан қаштым қағылып, оңаша өмір сағынып” — дей келе “ойға оңаша жер керек, ойыңды ұғар ел керек” — деп тағы қапаланады»,-деп көрсетеді. Шәкәрім қажы философиясының аясында өзіне қояр өмірлік сауалдар мен сұрақтары жауапсыз болып қала алмады. Адамның адамгершілік қасиетін ұстазы Абай хакім екеуі жоғары мағынада түсіндіріп айтып берді. Адамға қандай қасиеттер, қандай қылықтар тән екенін ашып бергенде осы Шәкәрім философиясы болатын. Бұл жайында белгілі Шәкәрім филлософиясына ерекше тоқталған ғалым ағамыз Ғарифолла Есім «Қазақ философиясы тарихы» атты еңбегінде: «Адамшылықты тек ізгілік деп түсіну. Көпшілік адамшылықты осы мәнде қабылдайды. Ал, Шәкәрім адамшылықты қай мәнде айтып отыр. Дөп басып айту қиын, ойлаймын, ол сірә адамшылықтың көпшілікке түсінікті мәнінде айтқан». Тіпті өз шығармашылығында да адамшылық туралы жырларын арқау етеді:

Кісіге адамшылық неге керек?

Адамдық – өзге айуаннан артық, демек!

Ит талаған төбеттен қалай дейсің,

Аямай әл келгенін жұлып жемек, - деп келген бұл өлеңде адамға қатысты біршама қасиеттер, қылықтар жиынтығы суреттеледі. Адамды адамшылықтан айыратын қасиеттерді де суреттей келе екеуі де адамшылық бірлігі деген тоқтамға келгенде Шәкәрім қажы болатын. Философияда «жақсы адамның пиғылы да адамшылық, залымның да қылық-пиғылы адамшылық» деген тұжырым бар. Көптеген өлеңдерінен диалектикалық тұжырымдардың бейнесін көруге болады. Шығармашылығын зер сала оқысақ, көптеген философиялық құндылықтарға бай деседе болады. Өзінің «Арман» атты өлеңінде :

Жасты көксеп кемпір мен шал арманда,

Өсіп үлкен бола алмай бала алманда.

Еркектей еркін өмір сүрмедік деп,

Әйелдер де болады және арманда.

Кербезге киімінің сәні арманда,

Науқасқа жалғыз шыбын жаны арманда.

Кек қуған кер, ызақор, күншілдерге,

Жұтатын дүспанның қаны арманда.

Осы өлең арқылы бәрі де арманшыл жан екендерін түсінеміз. Ал осы қарапайым өмір философиясын ақын

Бағаласам, адамның бәрі арманда

Санай берсем, табылар сан арман да.

Өзі білмес, білгеннің тілін алмас,

Анық ойлап қарасам, әне, арманда, деп түйіндейді.

Сен ғылымға болсаң ынтық,

Бұл сөзімді әбден ұқ:

Білгеніңнің жақсысын қыл,

Білмегенді біле бер.

Білген ердің бол шәкірті;

Білмегенді қыл шәкірт.

Үйренуге қылма намыс,

Үйретуге болма кер.

Пайда қылмай бір адамға

Пайда қылма сен одан.

Неге десең «босқа аламан»

Ол білгеннің ісі емес.

Жел сықылды желпі жұрттың

Шаршағанын, талғанын.

Міне, осындай өлеңі арқылы ол, өз халқын өмір бойы ғылым білім үйренуге шақырып өтті. Әсіресе жастардың оқу оқып, еңбек етіп, халқына пайдасын тигізуін көкседі. Өзінің философиялық ойлары, тұжырымдары арқылы халқының ертеңіне мол үмітпен қарады. Ғұлама ақынның өзінің де бар өнері халықтың игілігіне жұмсалған еді. Кешегі Асан қайғы бабасындай жер - жерді шарлап, шұрайлы жерін таппаса да, өз дәуіріндегі, заман тынысына «қайғы философиясы» құшағына түскен сол заманның Асан қайғысы. Заманыңда ақ деген қараға, қара деген аққа айнала бастады. Кешегі сөз ұқпайтын миғұла, енді өзіне ақыл айта бастады. Адам бойындағы мәдени шаралар рухсызданды, қоғамдық билеген әділетсіздік тарих сахнасына зорлық жасады. Міне адамның адамшылығы өз жайында қала берді. Ендеше Асан қайғыдай ұлттық идеяның негізін іздеген Шәкәрім қазақ философиясы мен әдебиетінде ұмытылмас ұлы есім.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығынан:

Бостандық таңы атты

Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,

Арға ие басшының соңынан еріңдер.

Таң артынан хақиқат күн шығады,

Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер.

Арамдық, аразды түбімен жойыңдар

Өтірік, өсекті біржола қойыңдар.

Намыс, жігер, бойыңа жиып қайрат,

Қажымай адалдық жағында болыңдар.

Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,

Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.

Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,

Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар.

Ар түзер адамның адамдық санасын,

Ақ жеңіп шығады арамның қарасын.

Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп,

Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын.

Адамның бәрі бір, болмайды аласы,

Оларды бұзатын нәпсінің таласы.

Ар билейтін заманда нәпсі өліп,

Бірігер еңбекте барша адам баласы.

Адалдың жері жоқ ақырда жеңбейтін,

Тарихта әрқашан адал жан өлмейтін.

«Ақ иіліп сынбақ жоқ» деген рас,

Нәпсі өлсе өзімшіл, бұған кім сенбейтін?

Таласпай бөліссе табиғат байлығын,

Қара жер тойғызар адамның барлығын.

Махаббатпен бірлесіп еңбек қылған

Өмірдің көреді бақытты сайлығын.

Бұл өмір таусылмас, жаңарар адамзат,

Арам ой мұтылып, зорлықшыл болар мат.

Адал етсең, енбектің жемісін жеп,

Шалқыған ел-жұртым, боларсың көңілің шат.

Мен өлсем, ұрпағым, артымда қаларсың,

Тілеген мақсұтты өмірден аларсың.

Есіңе алып келгенде қабіріме,

Шаттықпен шалқытып, әніме саларсың!

Ақындарға

Өлең айт дарын өрге өрлегендей,

Сезімді қозғап, тәтті ой кернегендей.

Жанды сөз бойды ерітіп, маужыратып,

Әлдилеп жыр бесігі тербегендей.

Қауымның қалауына тап келгендей,

Болғанын, болашағын айт көргендей.

Кірістен тартып жырды жебелі оқтай,

Дәл тигіз қалағанға қас мергендей.

Сүйсініп ақынға елі мән бергендей,

Өлеңмен өміріне сән бергендей.

Қадалып жүрегіне ақ қанжардай,

Оятсын бойкүйезді жан бергендей.

Ерікті билеп алсын айтылған жыр,

Сырты – гүл, жарасымды, ішінде сыр.

Жаныңның ләззат алар жарығындай,

Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр.

Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,

Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.

Қаңсыған шөл даланы қанықтырып,

Жыр тасып, дариядай құйып жатсын.

Арыңның болсын өлең айнасындай,

Көрікті, көптің ортақ пайдасындай.

Жосылып жатсын артта жортқан жолы,

Арынды асқақ өзеннің арнасындай.



Әйгерім Наурызбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар