Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тамырым менің тереңде (Эссе)...

06.09.2017 9193

Тамырым менің тереңде (Эссе)

Тамырым менің тереңде (Эссе) - adebiportal.kz

Мақаланың басы

(Ғұмырнамалық эссе. Жалғасы)

Енді ұлы ақынның шешелері туралы да қысқаша айта кетейік. Жұмекеннің үлкен шешесі, яғни, әжесі Бақытжамал өте қайратты, үй шаруасына келгенде де, ер адамға қатысты қара жұмысты да істеп тастайтын пысық, алғыр адам болыпты. Ол кісі кесте тігу, алаша тоқу, киіз басуды ісмерлік дәрежеде меңгерген екен. Әжесінің қара жұмыста көрсететін қайраттылығы жөнінде: «Бақытжамалдың бір өзінде үш еркектің күші бар» дейді екен жұрт. Қайратын сынауға келген үш қайнысын алып ұрып «түйебас» жасапты деген аңыз әңгіме ел ішінде әлі күнге айтылады. Екі беті нарттай Бақытжамал әжесі 1976 жылғы қарашаның бесі күні 90 жасында өмірден өтті.

Жұмекеннің анасы – Мүслима Айдынқызы, Гурьев облысының (қазіргі Атырау) Теніз ауданындағы 13-ші объезд деген жерде 1915 жылы туған. Анасынан үш жасында жетім қалып, өгей шешенің тәрбиесінде өскен. Жұмекеннің әкесіне тұрмысқа шыққанда 15 жаста екен. Екеуі құрдас. Атасы жалғыз ұлын ерте үйлендіріпті. Жұмекенді – тұңғышын 4 жылдан кейін босаныпты. Апасы ылғи да: «Жұмекенді кимешектің ішінен мойныма қара ала тұсау салып жүріп құдайдан тілеп алдым ғой» деп айтып отырады екен. Жұмекен өз анасын Мүсеке деп өткен. Өте байсалды, көрікті, үлкеннің алдынан өтпейтін, шыдамды адам болған. Мінезі жайлы, көп сөйлемеген. Ол кісінің қандай адам болғанын ұлы ақынның жұбайы Нәсіп апамыз былай есіне алады: «Сол кездің адамдарына тән ескіше сауат ашқан, өз бойына біткен парасаттылығымен, пайымдылығымен аналық қамқорлығын аяған жоқ, қайда барсақ та сырласып, бірге жүретінбіз. Апам басынан кешкен қиыншылықтарын айтқанда апамды аяп, егіліп жылап отыратын едім. Апам өзі жыламай, жәйлап отырып, ұзақ әңгімелесетінбіз. Соған қарағанда жылай-жылай көз жасы кеуіп қалған адамдай бетіңе қарап отырғанда, жан-дүниесі егіліп отырғанын көру қиын емес болатын. Он бес жасында менің қайын атама тұрмысқа шығып, он-ақ жыл бірге өмір сүрген. Төрт жыл бала көтермей жүргенде көрген қиыншылығын айтып егілетін. Ол кезде қандай текті адам болса да бала таппаған келінге деген қазақи көзқарас белгілі ғой.

Апамның өмірі қиындыққа толы. Қазақ ауылындағы қазақ келінінің өмірі. Ата-енесі елге сыйлы адамдар болған. Қалай болғанда да келін үлкеннің алдынан қия өтпейді. Оның үстіне үш қайын сіңлісі болған. Өз бауырынан туған үш баланы бауырына алып емізгені болмаса, оларды еміреніп сүюге де бата алмаған. Ол кездің тәрбиесі солай еді. Немерелерін ата-ене өз бауырына салып өсіретін.

Апамның барлық өмірі кеңес дәуірінде Қазақстанның сынақ алаңына айналған өлкелерінің бірі Капустин яр полигоны маңында өтті. Соғыс кезіндегі ел тұрмысының ауыртпалығы, жастайынан жесір қалып, тылдағы қиындықты ер-азаматтармен қатар көтерген жылдардың тауқыметі де бар, апам кейін қан ауруына шалдықты. Жылына екі рет қалалық аурухананың қан ауруы бөлімінде емін алады.

Жұмекеннің шығармасында анасына қатысты өлеңдері баршылық, соның ішінде «Қан» деген өлеңі анасына арнап жазған туындысы.

«Жылдан жылға сөніп барад, түрі, үні –

Шешем сорлы сауықпайды-ау ғұмыры?

Кеңсе жақтан кеміп келсең кешқұрым,

Қанайды да отырады мұрыны.

Келін баптап ақ көрпесін жапқанға

«Мені ерекше күтеді» деп мақтанба:

Жерде – маған,

Аспанда анау Айға анық –

Байғұс қартым, бара жатыр айналып,

Қызыл қаның – ақ қанға...» деп, ақын өзі осы өлеңінде:

«... Қаны тыйыл-майтын неткен кесел бұл,

қан төккені аз болып па ед осы елдің?!

Ұялсам да жарығынан Күн, Айдың

мен де кейде солқылдап кеп жылаймын.

Жас ақпайды, сонда көзден,

бұ да аса,

арзандықтан болмайтыны рас, ә?

Жаспен емес, қанмен ғана жылайды

көзің емес,

көкірегің жыласа...» дейді.

Иә, анасының дауа табылмайтын дертіне қатты қайғырғанын көзіммен көріп, шарасыздық күйін басымнан кешірдім ғой. Амал қанша! Анасының дертіне де, Жұмекеннің осы өлеңінде өзі:

«Адал жұмсап ғұмырымды бүтін бір

ақтайтұғын кезім, ана сүтіңді –

амалым не, амалым не, амалым:

қаның теуіп қызбайды енді – жоқ әлің,

жиі-жиі мұздайды енді табаның.

Менің ыстық алақаным, қолдарым

сен тоқыған байпақ құрлы болмады:

қаның қақсып, қажыған бір тұсыңда

жылытпады башпайыңның ұшын да...» деп суреттеген жан қайғысына да ортақтаса жүріп, ара түсе алмадым. Алланың жазған тағдырына адам қолынан не келеді?»

Нәсіп апамыздың айтуынша, Жұмекеннің бойындағы төзімділігі де, адалдығы, жүрегінің жұмсақтығы, кешірімділігі анасының ақ сүтінен дарыған қасиет. Қазақ әйеліне тән жақсы қасиеттердің барлығын да оның бойынан табуға болатын. Өңі де әдемі. Жұмекеннен 5 немересін, 2 шөбересін көріп кетті. 1986 жылы баласы қайтыс болғаннан кейін 3 жылдан соң дүние салды.

Жұмекеннің тұлға болып қалыптасуына бала күнінде алған тәлім-тәрбиесінің әсері зор болғаны сөзсіз. Атасы немересін қасынан бір елі тастамай, түнде жатарда жыр-қиссаларды, ертегілерді оқып берді. Тағылымы мен тәрбиелік мәні зор ертегі-аңыздарды тыңдап, сәби күнінен бастап халықтың ауыз әдебиетінен сусындаған болашақ ақын есейе келе сол уақытта оқуға тиым салынған Сәкеннің, Ілиястың шығармаларымен танысып, дүниетанымын байытады. Әсіресе, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтың «Құлагері» бала Жұмекеннің қиял бесігін тербеп, қолтығына қанат бітіргендей болды. Орал қаласында оқып жүрген ауылдың бір баласынан «Біржан-Сара», Сүгірдің ұлы Насихаттың жырларын алдыртып оқыды. Алайда бәрінен де қатты әсер етіп, жүрегіне мәңгі өшпестей ізін салып кеткен туындысы – ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздері болды. Тұңғыш рет Абай туындыларымен танысқанда ол бұрынғы оқыған ақындарының жазғандарына ұқсамайтын жаңа әлемді ашқандай күйді басынан кешті. Шығыстың да, Батыстың да даналығымен суарылған не деген мағынасы терең ой! Әр оқыған сайын кемеңгердің өлеңдерінен парасаттың кенішін тапқан Жұмекен уақыт өте келе жалғыздықтан жаны қиналып, көңілі құлазығанда Абайдың жырларымен жүрегін жұбатты. Күндестері сыртынан өсекті боратып, талай қолдан қиянат жасалғанда не істерін білмей қамыққан Жұмекен өзін іздеп, Абай ескерткішінің алдына келіп мұңын шағып, шерін тарқатты.

Көтермейді көлкуді көбеңсуді

қайратты ойдан өрілген өлең сырлы;

қатал заманнан шыққан қайрымды жан,

қара тасқа көктеген емен сын-ды.

Дара туған тұлғалар, ең кемінде

қалады екен ешкімге теңгерілмей.

Осал ортадан шыққан мықты кісі,

мықынсыздың буынған белбеуіндей.

Қазыналы жан алтынын төккен күлге,

күл боп жанып кетіпті көппен бірге.

Қараңғы елде жарқырап туған өлең,

қара түнде маздаған отпен бірдей.

Емен-дағы құласа – бетеге екен,

дара туған тұлғаң да өтеді екен.

Тек қана қараңғыда жанған оттың,

жарығы тым алысқа жетеді екен.

Бұл жас Жұмекеннің жалғыздық жанын жабырқатқан шақта Абай ескерткішінің алдына келіп айтқан - жан сыры. Ол жарық дүниеден өткенше ұлы ақынға деген махаббатын жоғалтқан жоқ. Жоғалтпақ түгіл жылдар өткен сайын Жұмекеннің кемеңгер Абайға деген махаббаты күшейіп, тереңдей түсті. Кейде өмірден түңілген шақтарында Абайдың бір томдығын қайталап оқып, «Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне» дегенді айтып, ұлы ақынның әулиелігіне бас ұрды.

Бір сенімі бар еді маған да елдің,

«Ұлғайды арман»,

мен-дағы алаң болдым,

Ымыртта ымырт құсап қоңырайып,

өзімді іздеп шығып-ем – саған келдім.

Кетті дейді жыр оңбай...құрсын бәрі,

Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып..

Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,

түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?!

Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып:

жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып.

Басқа барар жерім жоқ, саған келем

қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып.

Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,

бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:

туатығын сықылды бүгін-ертең

мраморға жазылар бір өлеңім.

Қажып келдім қасыңа қалғиыншы,

не қарғыс, не бата айтшы.. ал құйылшы.

Сен маған туған жерім сияқтысың,

аңсағанда келетін шалдың исін...

Орнықты мінезімен, кітапты көп оқитын зеректігімен ғана емес, домбыраны керемет орындап, күй тарта білетін шеберлігімен де Жұмекен бала кезінен жұрттың көзіне түсті. Әжесінің әкесі – үлкен нағашысы Қайып атасы күйшілік өнерімен халықты тамсандырып, ел аузына іліккен өнерпаз адам. Ол кісі жайында күй тартып беріп қалыңмалсыз қыз алған деген де әңгіме бар.

Немересінің домбыраға әуес екенін байқап қалған атасы Қошалаққа аты шыққан Тесік тамақ Сабыр деген домбырашыны үйіне шақыртып, Жұмекен 4-5 жасында сол кісіден домбыра тартуды үйрене бастайды.

Жұмекеннің замандастары, атақты шебер Романенко жасап берген күрең домбырасы ақынның көңілі толқып, тебіренген кезде, қолына алып, шерін тарқатқан жалғыз жан серігі болғанын айтады. Ол қайда жүрсе де сол домбыраны жанынан тастамай бірге алып жүрді. Екі жыл Мәскеуде оқығанда да күрең домбырасын ала кетті. Жалғыз ұлындай жақсы көрген домбырасын қалай кие тұтып, оны қалай қастерлеп ұстағанын Жұмекеннің мына бір өлеңінен анық көруге болады:

Үйден алыс шыққанда екі аманат қалдырам,

бірі-ұлым, өзіңсің,

екіншісі – домбырам.

Екі асылым – екеуің,

жүдеп жүрмін ішімнен,

мен ауылдан шыққалы, сендер шықпай түсімнен.

Иіскеп жүрем түн бойы маңдайыңнан жалғызым,

шертіп жүрем түн бойы домбырамды алғызып.

Әлдекімдер сені ұрып жүреді ылғи жылатып,

домбырамды жүр біреу дың еткізіп құлатып.

Сен, әрине,

оянсам, жоқ боласың, шырағым,

үні бірақ қос ішектің құлағымда тұрады.

Асығамын содан соң үйге, бітіп шыдамым,

поезбен кеп,

қайтуым – самолет боп шығады.

Есік қағам мен ылғи асыққаннан кешігіп,

қағам сонда күй менен махаббаттың есігін.

Кекіліңнен сипамас бұрын сонда мен сенің

сипап көрем қос ішегін домбырамның,

кеш, ұлым.

Қазақстандағы домбыра жасаудың шебері, бармағынан бал тамған атақты М.И.Романенконың қолынан шыққан күрең домбыраның да адамның қайғысын тарқатып, көңілін сергітіп, рухтандыратын киесі бар-тын. Дыбысы таза шыққан домбыраны қолына ұстап, сынап көрген әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев пен ұлы ақынның ұстазы Құбыш Мұхитов та оның мінсіздігіне таң қалып, жоғары бағалады. Дүние саларынан екі жыл бұрын ақын шаңырағында қонақта болған Қаршыға Ахмедияров та күрең домбыраны қолына алып, үш-төрт күй орындағаннан кейін «мұндай домбыра менде де жоқ» деген екен, басын шайқап.

О, ғажап! Адал серігіңе айналдырсаң жансыз дүние де жалғыздық сынағын салғанда жүрегіңді жұбататын ең жақын досыңа айналады екен-ау! Домбыраға деген шексіз махаббаты ұлы ақынның жан серігіне айналған домбырасына да сіңіп қалғандай ма, қалай? Біраз уақыт қолына ұстамай қойса, күрең домбыраның да иесін іздегендей болып томсырайып қалатынын ақын өмірінің соңында сезіп жүрді.

Құдайдың құдіретіне қалай таң қалмайсың. 1983 жылы Жұмекен қайтыс болғаннан кейін ақынның жұбайы Нәсіп күрең домбыраның да иесін үш-ішімен бірге жоқтайтын мінез шығарғанын байқайды. Сыртында футляры бар домбыра есігі кілттеулі киім шкафында тұратын. Нәсіп апамыз оны күйеуі қайтыс болғаннан бері біреудің қолына ұстатпақ түгілі, ешкімді жолатпай қойған-тұғын.

Жалғыз ұлы Мағжанға туған күнінде Бақыт Қарабалина апасы сыйға тартқан әдемі домбырасы бар. Ол соны тартады. Әкесінің көзі тірі кезінде Мағжан еш уақытта да қолына домбыра ұстап көрген емес. Ес білгелі баласының ермегі кітап оқу болды. Мектептен келе салысымен, бас салып әкесі жинаған әлем әдебиетінің классиктерінің шығармаларын оқуға құныға кіріседі.

Бұл не құдірет екенін Нәсіп түсінбей-ақ қояды. Әр жұма сайын сары майға шелпегін пісіріп, қайтыс болған күйеуінің артынан дұға қылып, Құран оқытқызып жатса да қай бөлмеге кірсе де домбыраның шегін тартқан дауыс құлағынан кетпей қойды. Үш-ішіндегілердің ешқайсысы естімесе де, күрең домбырадан шыққан бір дыбыс еміс-еміс шалына береді, құлағына. Енесі «өзің Жұмекенді қатты сағынған шығарсың, содан болар» деп екі дүниенің ортасында әбігерге түскен келінінің жанын жұбатқандай болады. Мүмкін, енесінің айтқан сөздерінің жаны бар шығар. Сағынғаны рас. Көзіне жас алып Нәсіп көрген түстей болып жалт ете қалған күйеуінің тірі кезіндегі бақытты күндерін есіне алды. Түні бойы әр нәрсені бір ойлап, ұйқысы қашып, көз шырымын ала алмай қиналды. Үйде ешкім жоқта, балаларының бөлмелерін жинастырып жатып, санасын шырмап алған ауыр ойлардан арыла алмай, жан адамға білдірмей, егіліп жылады. Міне, мына бөлмеде Қарлығаш пен Тоғжан жатады. Әкесін сағынған Тоғжанның күнде ұйықтар алдында көзінің жасы құрғамайды. Жұмекен ылғи да үйге келгенде Тоғжанын «ақ тоқам» деп басынан сипап, еркелететін. Әсіресе, қылығы тәтті кенжесі Саиданы ерекше жақсы көрді. Түнде ұйықтар алдында Саиданың маңдайынан иіскеп барып төсегіне жататын әдеті бар еді. Кенжесі де әке алақанын сағынып, оңашада жылап алатын. Ең үлкен қызы Әйкенді қалай қатты жақсы көргені ол тұрмысқа шыққанда шығарған өлеңінде жақсы айтылған. Осы бір өлеңнен Жұмекеннің балаларын ұл мен қызға бөлмей, олардың бәрін ерекше жақсы көргені тайға таңба басқандай көрініп тұрған жоқ па?

Бұтақтардың кірпіктеріне ілініп,

дір-дір қағып тамшылар тұр тама алмай.

Жетіп келіп кетті қызым бұрылып,

біздің үйге өкпесі бар адамдай.

  • Қызық, - дедім, - бұл үйді де бір үй де..
  • Папа, -деді, - уақыт жоқ кіруге,

нан-дүкенге соғар шаруам бар әлі,

әрі Болат ұзақ күтіп қалады.

  • Қарағым-ай! – жүдеп қалдым бір түрлі,

кірпігіне бұтаның

мөлдір, мөлдір, мөлдір шықтар іркілді.

Мөлт етіп бір қарады да

кетті қызым асығып.

Бір әдемі кинодан

көргендей боп әсерлі бір үзінді,

үйге кірдім –

көргенімді қызымды

шешесінен жасырып.

-«Қыз – жат-жұрттық»,

түсінем ғой мұны мен,

бірақ кірпік іле алмадым түнімен.

Менің балам еді ол кеше,

Балапан

ұясынан ұшқан екен шынымен!

кіп-кішкентай балапаным, бөпем-ау,

Сенің де енді өз үйің бар екен-ау?!

Қам көңілдің қайратында жеңсе мұң:

айналайын, дей жаздадым, мен сенің

әкең ем ғой,

сөз қайтарар кісің бе ем!...

Өстіп ойлап жабықтым мен ішімнен,

ал, сыртымнан кісі болдым түсінген.

Әлдене дерт асқынғандай бір түрлі,

тамағыма тас тұрғандай бір түрлі,

ішім удай ашып қалды бір түрлі,

жанған отым жасып қалды бір түрлі.

«Титтей ғана балапаным, бөпем-ау,

біздікі екен – біздің үй.

Сенің енді өз үйің бар екен-ау» -

қайталадым осы ойларды ішімнен,

ал, сыртымнан кісі болдым түсінген.

Айналама қарап алдым сақтана:

жігіт деген жыламайды,

тек қана

бұталардың кірпігінен – жылтыраған көлгірсіп

тамып-тамып кетті кенет мөлдір шық.

Бала көңілі жараланғыш. Есейіп, тұрмысқа шығып кеткен Әйкеннен басқаларының бәрі де жараланған жандарын жұбата алмай, елезігіп, көздері сенсе де, көңілдері сенбей кешке таман әкелері жұмыстан келетіндей оны сағына күтеді. Мінезі әкесіне тартқан жалғыз ұлы Мағжан ғана тірі адамға жан қайғысын білдірмей, күні бойы кітап оқумен болады. Шын мәнісінде қандай күйде жүргені бір Аллаға ғана аян. Міне, осындай тиген ауыр соққыдай болған қиын шақта құлағына келген домбыраның дыбысы Нәсіптің жаралы жанына қайғы үстіне қайғы жамап бергендей күйге түсірді. Содан бір күні ол мүмкін бұл домбыраны біреу тарту керек шығар деген ойға келеді. Енді бұл жайындағы әңгімені Нәсіп Мұстахқызының өз аузынан ести отырайық: «Сөйтіп жүргенде арада он жыл өтті. Он жылдығында үйден құран оқытып, ас беруге дос-жолдастарын, ағайын-тума, құда-жекжаттарды жинадым. Келгендердің ішінде Әзидолла Есқалиев бар еді.

Осы жерде мынадай бір естелік әңгімені айта кетудің жөні келіп отыр. Әзағаның әкесі мен Жұмекеннің атасы көп араласқан достар екен. 1962 жылы Әзағаңның әкесі мен анасы Алматыға келген сапарында үйімізде болғанда Жұмекеннің атасы туралы көп әңгіме айтып беріп еді. Ол жылдары Әуезов көшесінің бойында «Дом баптистов» деген болды. Біз сол жерде бір бөлме жалдап тұратын едік. Қолымызда апам бар, екі қызымыз бар. Біздің үйден қысы-жасы қойдың құйрығы мен түйенің өркеші үзілмейтін. Әйтеуір апам жаз болсын, қыс болсын тұзға көміп сақтап, қонақ келгенде көп етіп етке қосып асады. Сонда Есқали атамыздың айтқан сөзі әлі есімде. «Мұндай қызыл өркеш пен қызыл құйрық тек қана Нәжекең дастарханында болады» деп бәрімізге қолынан ет асатқан. Ол кісі келген сайын талай мықты-мықты үйлерде қонақ болып жүрсе де Нәжекең шаңырағында отырып жеген дәм ерекше болып көрінген болса керек. Әлде, сонау өткен қимас жылдары есіне түсті ме екен...

Жоғарыда атап өткен дастархан арасындағы үзілісте молда құран оқығаннан кейін домбыраның зарын қонақтарға айтып бердім. Олардың біразы тірі ғой, естерінде болар.

Айсәуле апай «Домбыра иесін жоқтап жүр ғой. Домбырасын жалғыз ұлы тартуы керек болар. Домбыра киелі екен. Домбыраның иесі де, ағашы да киелі болуы керек. Кілтте ұстама, жалғыз ұлына бер, тартсын» деді. Содан соң домбыраны футлярынан шығарып, Әзақаңның қолына ұстаттым. «Әзаға, Жұмекенде аға жоқ, Сіз өз ағасындай едіңіз, өз қолыңызбен Мағжанға табыс етіңіз» дедім. Жиырма-шақты адам кабинетте жағалай отыр еді. Дастархан арасындағы үзіліс кезі болатын. Бөлменің төрінен домбыраны Әзағаң қолына ұстап, бөлмеге кірген Мағжанға қарай жүрді. Үн-түнсіз ағаның екі көзінен тамған жас кілемге үзіліп түсіп жатты. «Қарағым, әкеңнің домбырасына енді сен ие бол» деп, Мағжанға табыс еткенінде даусы дірілдеп, әрең сөйледі. Отырғандар түгел жылады. Осы отырыстан кейін Мағжан әкесінің домбырасын тартатын болды. Құлағыма естіліп жүрген иесіз домбыраның зарлы үні де тыйылды. Дүниеде мұндай тылсым құбылыстың болатынына өзім көз жеткіздім.

Қасиетті домбыра аспабының киесіне қатысты Жұмекеннің мынадай бір қылығы есіме оралды. Ол кезде Жұмекен студент болатын. Консерваторияда бірге оқитын Бағашар деген курстас досы үйге жиі келетін. Есіктен кірген бойда домбырасын босағаға сүйей салатын әдеті бар екен. Мұнысына Жұмекен қатты ренжіп, «домбыраны ешқашан босағада телміртіп қалдырушы болма. Киесі шамданады» дейтін. Бағашар мінезі тұйық, көп сөйлемейтін жігіт еді. Өнер адамдарына тән ой үстінде жүретіндігінен ба екен, әлгі ескертуді ұмытып қалып, Жұмекеннен бұдан кейін де сөз естігені ойыма оралып отыр. Бағашар келгенде Жұмекен өзі алдынан шығып, алдымен қолынан домбырасын алып, төрге шығарады. Домбыраның киесі шамданады деген сөзі көкейімнен кетпейді!»

Жұмекеннің ақындығын айтпағанда, оның күйшілігінің өзі бір төбе. Ол төкпе күйлерді ғана емес, шертпе күйлерді де шебер орындады. Қазақ радиосының алтын қорынан анда-санда оның орындауында «Қайғылы қарасы» мен «Ақшолпаны» әуе толқынан беріліп тұрады. 1967 жылы жарық көрген «Күй кітабында» ол күйді жыр тіліне көшірді. Бұдан асқан қандай тапқырлық пен шеберлік болуы мүмкін поэзияда.

Өнер атаулының ішіндегі оған тым жас кезінде дарығаны – домбыраға әуестігі. Балалық шағында тай-құлындай тебісіп бірге өскен Идаят Қонысовтың оның күйшілік өнерге жастайынан бейімділігін растайтын естелігінде айтылған мынандай әңгімесі бар: «Мен жылқышының баласы едім. Жастайымнан тай үйрету, асау үйрету дегенді көзіміз көріп өстік. Буынымыз қатар-қатпастан тай үйретуге дағдыланғанбыз. Жұмекеннің атасы Қошалақ өңіріне танымал ақсақал еді. Немересінің домбыраға құштарлығын байқаған атасы осы өнерді меңгеруіне ден қойды. Балалық шақтың бір қызығы – Жұмекен екеуміз біздің үйдегі патефонды үлкендер ұйықтап қалғанда Шағылға алып барамыз. Шағылда отырып күйтабақтардан күй тыңдаймыз. Жұмекеннің зеректігіне қайран қалатын едім. Бір тыңдаған күйін айнытпай домбыраға сала беретін. Кейде үлкендер сезіп қалса, патефонды бұзып тастайсындар деп, рұқсат етпей қояды, біз әйтеуір амалын тауып, Қошалаққа келген жаңа күйтабақты ойнатып, тыңдайтынбыз. Жұмекен зердесіне тоқып, дереу домбырамен орындап шығатын... Күйтабақ демекші, маған көкем Астраханьнан әкеліп берген ашық көгілдір түсті патефоным болды. Біз Алматыға жол жүрер алдында Жұмекен біздің үйге келгенде патефонды көріп, күйтабақтары қайда деп сұрады. Мен оған әдемі тысталған күйтабақ салынған альбомды әкеліп көрсеттім. Чайковскийдің «Аққу көлдері», әлем классиктерінің туындылары, Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауындағы Мұхиттың әндері, татардың әні «Тілеуқабақ» т.б. болатын. Оларды көрген Жұмекен қатты қуанды, күйтабақтарды түгелдей өзімізбен бірге Алматыға ала кеткенбіз....»

Көп жағдайда біз Жұмекен Нәжімеденовтың ақындық қырына ғана мән беріп, оның күй өнеріндегі салып кеткен дара қолтаңбасы өз деңгейінде зерттелмей келеді. Ақынның өмір тарихына үңілетін болсақ, Жұмекеннің күйшілік өнерде де зор табысқа жетіп айшықты ізін салып кеткені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Олай болуы заңдылық та, себебі, Жұмекен туған Қошалақ құмында талай-талай құдіретті күйшілер өмірге келген. Ақын бала кезінен бастап солардың өнерінен тағылым алған. Мысалы, осы өңірден шыққан Сейтектің күйшілік өнері туралы Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабында келтірілген мынандай дерек бар: «Сейтек туралы көптеген мәліметтерді Фазыл Сұлтанов бізге жеткізді. Фазыл Сұлтанов Сейтектің қызынан туған жиені. Фазыл заңгерлік орта білім алумен қатар Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. Ол Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы он жылдық музыка мектебінде домбыра класына сабақ берді.

Сейтек тартқан күйлердің бірнешеуін біледі. Орындаушылық шеберлігін және ұстаздық шеберлігін былай қойғанда, Сұлтанов қазақ халық сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығының қатысты материалдар жинап жүрген адам.

Ол бізге Құрманғазы, Бапас, Соқыр Есжан және тағы басқалар жөнінде өте құнды деректер берді. Сейтектің «Шәрипа», «Айдау», «Балқаймақ», «Бұлбұл Айша», «Он жетінші жыл», «Еркіндік» күйлерін бізге жеткізген Фазыл Сұлтанов Сейтек жайлы мол дерек жинаған адам» (Ахмет Жұбанов, «Ғасырлар пернесі» кітабынан).

Бұл деректі тілге тиек еткен себебіміз, Ахаң (Жұбанов) айтып кеткен Фазыл Сұлтанов біз шығармашылық талантының сан қырлылығын әңгіме етіп жатқан Жұмекен Нәжімеденовтың күйшілік өнеріне тікелей ықпалын тигізген адам. Енді ол жайындағы әңгімені ұлы ақынның жұбайы Нәсіп Мұстахқызының аузынан тыңдай отырайық: «1998 жылы шыққан «Құрманғазы» деген кітапты қарап отырсам, біз бала кезімізде тыңдап, құлағымыздан әлі үні кетпеген құдіретті күйшілер – Тесік тамақ Сабыр, Баһу, Фазыл Сұлтанов, Әсима Қалиқызы Ізмұхамбеткеліні сияқты күйшілер кітапқа енгізілмеген. Олардың шәкірттері кітапта жүр...

Біз Фазылдың туған немере ағасы Өтеш ағамызбен көрші тұрдық. Фазыл ата-анасынан ерте жетім қалып Өтеш ағасының қамқорлығында өсті.

Фазыл аға ауылдан Алматыға оқуға кетті. Мен 1957 жылы Алматыға келгенде Жұмекеннен Фазыл ағаны сұрадым. «Біздің ауылдан Фазыл Сұлтанов деген керемет күйші кетіп еді, ол жайында не білесің» – деп сұрағам. «Білемін – ол біздің консерваторияда және Күләш Байсейітова атындағы музыка мектбінде сабақ береді» деді. «Сол кісіні тауып алып, сәлем берейік, өйткені кішкентайымнан өнеріне құлағымыз қанып өстік, елдің балаларын көріп, қуанып қалатын болар» дедім. Жұмекен Фазыл ағаның атын естігенімен, ауылда күй тартқанын естіген жоқ. Жұмекендер қырдан келді, атын естімеуі де мүмкін. Өйткені Фазыл ағаның мінезі ауыр еді, көпшілік жерде суырылып өнер көрсете қоймайтын. Үлкендер өтініп сұрағанның өзінде тартыншақтап барып домбыраны қолына алатын.

Бір күні Жұмекен сабақтан келіп: «Фазыл ағайды көрдім, таныстым. Күй тартқыздық, керемет, техникасы өте мықты. Көп жария болмаған күйлерді біледі екен. Өзі ешкіммен көп араласпайтын адам екені көрініп тұр. Жақын сөйлесуге ыңғайы келмей жүр» деді. Кейінірек телевизор қарап отырсақ – ағамыз күй тартып отыр.

Біздің бала кезімізде ес білгеннен бастап Фазыл ағамыз бен Әсима апайдың орындауындағы күйлерді тыңдап өстік. Фазыл ағамен бір ауылда тұрдым, ауылдың үлкен кісілері жиналған жерде, жиын-тойларда Фазыл ағаға күй тартқызатын...Өзім бала кезімнен көздерін көріп, өнерлерін тамашалап өскен күйшілер, бір ауылда өскен Фазыл Сұлтанов ағамыздың аты, өнерлері елеусіз қалып бара жатыр. Аттары аталмайды. Ол кісінің тартқан күйлерін 6-7 жасымнан тыңдап өстім. Соғыстың соңғы жылдарында елдің еңсесін көтеру үшін елде жиын-той, келін түсіру, қыз ұзату тойларында керемет күй тартатын.

Мына мәліметтерді айтып отырған Марияш Өтеш қызы Әйіп келіні – Фазыл Сұлтановтың немере қарындасы, казір Алматы облысында Қаскелең қаласында тұрады: «Фазыл ағам атақты Сейтектің Нұрғаным деген қызынан туған жиені. Фазыл аға Ресей жерінен, Құрманғазының, Сейтектің бейітін анықтаған. Ағамыз 1962 жылы Сейтектің басына барып, мал шалып құран оқытқан, содан қайтуда біздің үйге келді. Ағам өте көңілді жүрді, қасындағы бір топ қонақтарымен біздің үйде қонақ болды. Күй тартқызып, құлақ құрышымызды бір қандырды. Фазыл ағам менің туған ағам Шамақтың баласы Дүйсенбайға күй тартқызды, біраз тыңдап отырып «Дүйсекжан, сенен күйші шықпайды» – депті. Фазыл ағамның әйелінің аты Кебирова Жаннат. Фазыл аға 1922 жылы туған, 1967 жылы қараша айында Алматыда қайтыс болды. Шамақ ағам екеуіміз келіп жерледік.

Әсима апайдың әкесі Кенжалиев Қали Қошалаққа белгілі мінезі жәйлі адам еді. Қыр шаруашылығының «Еңбекші», «Жасталап» колхоздарында басқарма болды. Үйлері Жұмекеннің атасымен көрші тұрды. Әсима апай өте сұлу әрі еңбекқор адам болды. Жұмекеннің әкесінің туған қарындасы Күлмәш апай Әсима апаймен құрдас еді. Әсима апай әңгіме арасында «Жұмекенжанды Күлмаш екеуміз кезек-кезек арқалап жүріп өсіріп едік» деп отыратын.Әсима апайымыз бала кезінен домбыраны меңгерген. Қали ағамыздың үйі өнер ордасы секілді болып көрінетін, өйткені Әсима апайдан бастап ұл-қыздары түгел өнерлі еді. Әсима апайдың Ақылима, Әлия деген сіңлілері де домбыраны шебер тартатын. Ақылима апайдың әншілігі басым болатын. Сирек орындалатын «Гәкку-гай», «Тілеуқабақ» тағы басқа халық әндерін домбыраға қосып орындайтын. Қошалақтың ескі тұрғындарын көре қалсаңыз, бұрынғы көзкөргендер Әсима апайдың күйшілік өнерін аңыз етіп айтып отырады. Мен бала кезімде өз көзіммен көріп, өз құлағыммен апамның орындауындағы тыңдаған күйлер – Төремұрат, Балбырауын, Байжұма күйлері. Апайдың інілері Ғатау, Мұхит, Ғаділхан да домбыра тартатын. Бүкіл Теңіз көлемінде, Қошалақ құмына осы шаңырақтан тараған ұрпақ өнерімен танымал болған әулет.

Мен өскен ортаның әрбір бұтасы, әрбір қияғы мен жыңғылы, қоғасы түзгінімен күмбірлеген күйдің әуені естіліп турады.

Жел тұрғанда қырдың қияғының сызылтып салған әні, құмның сусыған даусы өте жағымды естіліп, тыңдап тұрушы едім. Қасиетті даламның салған әнін, таза табиғаттың ауасына қосып жұтып өстік қой. Қәзір сол қияқтың, аппақ құмның даусы құлағыма келеді. Рахаттана тыңдап отырып, ақырында тамағыма тас тығылғандай болып көңілім бұзылады. Үлкейгеннің белгісі болуы керек.

Жел көтерілгенде құм көшеді, сонда бір керемет құлаққа жайлы өте жіңішке әуен естіледі, өте сүйкімді, скрипканың дауысындай.

Өйткені ол жерлерде Сейтектің, Құрманғазының, Динаның, Әсима апамыздың, Фазыл ағамыздың, Тесік тамақ Сабырдың, Баһудың, Бақыттың, Жұмекеннің рухының іздері қалған».

Жұмекен бала күнінен екі өнер – әдебиет пен күйді тел еміп өсті. Жарық дүниеге келген ақынның бойындағы ізгілікті сезімдерін оятып, арманның асқар биігіне жетелеген екі ұлы құдірет те – әдебиет пен күй болды. Қошалақ құмында домбыра тартуды үйреткен ұстазы Тесік тамақ Сабырдың күйлерін құлағының құрышы қанғанша тыңдап, қиялымен шартарапты кезіп, арманның биік аспанында жаны құс болып қалықтады.

Төкші, төкші, домбыра қоңыр үнді

бір тазартып алайын көңілімді,

Жалаңаштап, жанымды көрейінші,

Жетпей жатқан жерімді, не мінімді:

төкші, төкші, домбыра қоңыр үнді....

Күйдің құдіретімен Жұмекен бір сәтке сағынышын басып, соғысқа аттанып бара жатып, ат үстінде тұрып оны аспанға көтеріп, мейірлене қараған әкесінің күлімдеген дидарын есіне алды. Жарық дүниенің қызығын татқызған Қошалағына көзі тоймай қараған сайын жүрегінен жырдың бұлағы төгіліп, тұла бойын күй кернеп бара жатты....

(Жалғасы бар)

Амангелді Кеңшілікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар