Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Николай Бердяев. Достоевскийдің адамы ...

08.09.2017 7647

Николай Бердяев. Достоевскийдің адамы

Николай Бердяев. Достоевскийдің адамы    - adebiportal.kz

Достоевскийдің бүкіл қайратын жұмсап зерттеп, бар жан-тәнімен қызыққан бір ғана тақырыбы болды. Ол тақырып – адам және оның тағдыры. Достоевскийдің шектен тыс антропологшылығы мен антропоцентризмі (дүниенің тетігі адам деп білетін ілім) таң қалдырмай қоймайды. Жазушының адамтануға құлай берілуінен қиналу мен жалғызсырауды байқайсыз. Адам ол үшін тек жоғары болғандықтан басқалармен бір қатарда тұрған табиғи әлемнің ғана құбылысы емес. Адам ол үшін – кішкентай әлем, дүниенің кіндігі, барша ғалам оны айналатын - күн. Барлығы да адамда және бәрі де адам үшін. Әлемдік өмірдің бүкіл құпиясы адамда жасырынған. Адам мәселесін шешу дегеніміз Құдайдың мәселесін шешу деген сөз. Достоевскийдің бүкіл шығармашылығы Адам-Құдайға – Ғайсаға өмірін тапсырғанда ғана шешілетін Тәңірмен тайталасуға дейін жеткен - адам мен оның тағдыры. Дәл осындай дара антропологиялық сана тек христиандық әлемде, христиандық тарихтың дәуірінде ғана өмір сүре алуы мүмкін. Ежелгі әлемде адамға байланысты мұндай көзқарас болған жоқ. Мұндай христианшылдық бүкіл әлемді адамға қаратып, темірқазығына айналдырды. Және Достоевскийдікі - тамыры тереңде жатқан христиандық антропологизм. Ұлы суреткердің адамтанудағы даралық көзқарасы қаламгерді таза христиан жазушысы етіп тұр. Гуманистердің адамды тануында мұндай көзқарас жоқ, олар үшін пенде баласы таза табиғаттың тіршілігі. Достоевский бізге гуманизмнің ішкі кері кетушілігін, адам тағдырының трагедиясын шеше алмайтын дәрменсіздігін көрсетіп береді.

Достоевскийде адамнан басқа ештеңе таба алмайсың, табиғат та, заттар әлемі де, адамның өзінде, оны табиғи әлеммен, дүниемен, тұрмыспен байланыстарын өмірдің обьективті құрылымы жоқ. Адамдық рух қана бар, сол ғана қызық, сол ғана зерттеледі. Достоевскийді жақын таныған Н.Страхов ол туралы былай дейді: «Оның бүкіл назары адамдарға аударылған болатын, ол адамдардың табиғаты мен мінезін ұстап қалып жатты. Оны адамдар, тек қана адамдар қызықтырды, жан әлемі мен тұрмыс-тіршілігі, сезімі мен ойлары». Шет елге сапарға шыққанда Достоевский табиғатқа да, тарихи ескерткіштерге де, өнер туындыларына да қызыққан жоқ». Әрине жазушы шығармаларында қала, қаланың лашықтары, лас асханалары және жиһазбен жабдықталған сасық бөлмелері де суреттелген. Бірақ жазушы шығармашылығында қала адамның атмосферасы, оның трагедиялық тағдырының сәттері, қала адаммен иістенген, бірақ адам жоқ жерде ол жеке дара тіршілік ете алмайды. Адам табиғаттан бөлініп түсіп, табиғи тамырынан жұлынып, азап шеккізген жексұрын қалаға келді. Қала – адам тағдырының трагедиясы. Достоевский сезімталдықпен керемет сипаттаған Петербор қаласы шын мәнісінде адамның саяқтанған және қаңғырғанының арқасында пайда болған елес. Елес қаланың тұманданған ауасында ессіз ойлар пайда болады, адамдық шекара бұзылатын қылмыстық арам ниеттер пісіп-жетіледі. Бәрі де жазушыда құдайлық негізінен айырылған адамның маңайында қоюланған және шоғырланған. Қала және оның айрықша тынысы, бөлмелер мен олардың құбыжық көрінісі, әрі сасық, әрі лас асханалар – романның сыртқы қалыбы – оның барлығы тек белгілер, адамның ішкі рухани әлемінің символы, тағдырының ішкі сипаты болып табылады. Табиғи және қоғамдық, тұрмыстық сыртқы дүниелердің ешқайсысының да Достоевский үшін жеке даралық қасиеті жоқ. Әлемдік мәселелер туралы «орыс балалары» әңгіме айтатын лас асханалар олардың тағдырмен біте қайнасып кеткен адамдар мен ой диалектикасының символдық сипаты болып табылады. Және сыртқы қалыптың бүкіл күрделілігі, бір-бірін қатты ұнатқызатын және жек көргізетін кейіпкерлер тұрмысының барлық көп қырлылығында, құмардың құйынында бір адам тағдырының ішкі тереңдігінің рухы суреттелген. Бәрі де бір адам құпиясының төңірегінде айналып жатыр, осының барлығы оның тағдырының ішкі сәттерін анықтау үшін қажет.

Достоевский романдарының құрылымында өте күшті орталықтану бар. Бәрінің және барлығының да назары орталықтағы бір адамға, және осы ортадағы бір адамның бүкіл ықыласы да бәріне және барлығына ауған. Ол адам – жұмбақ, барлығы оның құпиясын шешіп жатады. Барлығын да осы жұмбақтың құпиясы өзіне тартады. Мысалы Достоевскийдің ғажайып және әлі өз бағасы берілмеген «Бозбала» туындысы. Бәрі де бұл туындыда ортадағы тұлға, Достоевскийдің ең сүйкімді кейіпкерлерінің бірі Версиловтың маңайында шыркөбелек айналады, барлығы да оны сүйеді және жек көреді. Барлығының басын қатырған бір-ақ ісі бар – Версиловтың құпиясын ашу, оның тұлғасы мен түсініксіз тағдырының жұмбағын шешу. Версилов табиғатының қарама-қайшылығы барлығын да шалқасынан түсіреді. Және Версилов табиғатының құпиясын таппайынша ешкім де тыным таба алатын емес. Барлығы айналысып жатқан нағыз, салмақты, адами терең «іс» - осы. Достоевскийден адам тақырыбынан басқа іспен айналысып жатқандарды таба алмайсың. Қарапайым көзқарас тұрғысынан алсақ Достоевскийдің кейіпкерлері босқа сандалып жүрген адамдардай әсер қалдырады. Алайда адамдардың арасындағы қарым-қатынас қана шын, жалғыз шын «іс» болып табылады. Адам барлық тірліктен жоғары. Және жазушының жалғыз маңызды ісі тек адам. Достоевскийдің сан қырлы адам патшалығынан басқа ешқандай да маңызды істі, өмірлік құрылымды таба алмайсың. Қандай да бір адам тұлғасының орталығы пайда болып, бәрі де сол өзектің төңірегінде шыркөбелек айналады. Адам қарым-қатынасының дертті құйыны пайда болып, ол бәрін де үйіріп әкетеді. Бәрі де буырқанып, осы құйында айналып жатады. Мұндай құйын адам табиғатының тереңдігінен көтеріледі. Адам табиғатының жер қабатының астындағы жанартауынан, пенде баласының тұңғиығынан көтеріледі мұндай құйын. Жасөспірім, Версиловтың заңсыз некеден туған ұлы немен айналысып жүр, таңертеңнен кешке дейін неге тыным таппайды, бір сәтке болса да тыным таппастан және демін де алмастан ылғи да қайда асығады? Күні бойы бір адамнан соң екіншісіне жүгіре жүріп ол, Версилов тұлғасының құпиясын ашқысы келеді. Ең маңызды іс те осы. Барлығы да Версиловтың маңыздылығын сезінеді және оның табиғатының қарама-қайшылығы жұртты таң қалдырады. Мінезіндегі ақылға симайтын әрекеттерді бәрі де байқайды. Версиловтың өмірлік құпиясы туралы мәселе қозғалған. Ол адам мен адамның тағдыры туралы құпия. Өйткені Версиловтың қарама-қайшылықты, ақылға сыймайтын мінезінде, ғажап адамның тағдырында жалпы адам туралы құпия жасырынған. Тіпті, Версиловтан басқа ештеңе жоқтай, барлығы да тек ол үшін, соған байланысты тіршілік етіп, оның ішкі тағдырын айқындау үшін өмір сүреді. Дәл осындай орталақтандырылған құрылым «Албастыларға» да тән. Шығармадағы Ставрогин – барлығы да оның төңірегінде айналатын күн іспеттес. Ставрогиннің маңайында құйын көтеріліп, құтыра бастайды. Құдды күн сияқты барлығы да оған қарай тартылады, бәрі де содан шығып, қайтып оралады және солардың бәрі де оның тағдыры. Шатов, П.Верховенский, Кириллов – Ставрогин тұлғасының үзіліп түскен бір бөлігі, ажыраған соң азғындалып кететін осы ғажайып адамның көрінісі. Ставрогиннің жұмбағы, Ставрогиннің құпиясы – «Албастылардың» ең басты тақырыбы. Барлығын да ынтықтырған бір ақ іс бар – Ставрогиннің мәселесі. Революциялық жындану Ставрогин тағдырының бір сәтін, ішкі шынайылығын, бассыздығын әйгілейді. Достоевскийде адамның тереңдігі еш уақытта да қалыпты тұрмыстың қалыбында суреттелмейді және анықталмайды, ылғи да ол отты құйынның жағдайында айқындалып, барлық қалыпты формалар мен суыған және тұралап қалған тұрмыстық құралымдар онда балқып, жанып кетеді. Жазушы осылайша бізді басқа мағынадағы суреткерлерде тұрмыстың сыртқы қалыбымен көмескіленіп тасталатын адам табиғатындағы қарама-қайшылықтың ең терең тұңғиығына үңілтеді. Адамның тереңдігін ашу, мына тынышталған әлемнің шекарасынан шығып кететін апатқа алып келеді. Міне, осылайша «Албастыларда», таңдауға немесе құрбандыққа бара алмайтын, өзіне қойған талабының шексіздігінен бүкіл күш-қуатын сарқып алған ғажайып адам тұлғасының қалай ыдырайтыны сипатталады.

«Нақұрыстың» концепциясы «Жасөспірім» мен «Албастылардағы» концепцияға мүлде қарама-қайшы. «Нақұрыста» барлығы басты кейіпкер князь Мышкинге қарай емес, сол ортадағы тұлғадан басқаларға қарай жылжиды. Мышкин барлығының құпиясын ашады, ең алдымен көреген және болжағыш екі әйелдің, Настасья Филлиповна мен Аглаяның. Ол барлығына көмекке келеді. Адамдардың арасындағы қарым-қатынас оның бар ынты-шынтымен беріліп атқаратын жалғыз жұмысы. Оның өзі де желігіп алған. Айналасында – құтырған дауылдар. Ставрогин мен Версиловтағы құпия «сайтандық» бастау қалыпты жағдайды қыздыра түседі, жан-жақтарында албастылардың құйынын туғызады. Князь Мышкиннің бойындағы дәл осындай екпінді, бірақ періштелік қасиет жындандырмайды, бірақ оған шипа да бола алмайды. Әйтсе де князь Мышкин бар ынты-шынтымен шипагер болуды көксейді. Мышкин толық адам емес, оның табиғаты сәулелі, бірақ зиянды. Толық адамды Достоевский кейін Алешаның бейнесі арқылы көрсетпек болады. Ең қызығы «қараңғы» - Ставрогин, Версилов, Иван Карамазовтың жұмбағы шешіліп, оқиға желісі оларға қарай өрбиді, «сәулелі» - Мышкин, Алеша өздері басқалардың құпиясын тауып, қозғалыс олардан басқаларға қарай аяңдайды. Алеша – Иванның құпиясын ашады, Мышкин болса Настасья Филиппова мен Агланың жанына үңіледі. Көріпкелдік қасиет дарыған «сәулелі» - Мышкин, Алеша қолын созып, адамдарға көмекке келеді. «Қараңғы» Ставрогин, Версилов, Иван Карамазовтардың жұмбақ табиғаты бәрін қинап, азапқа салады. Достоевскийдің орталықтанған және ортада қозғалған романдарының концепциясы осындай. Дегенмен «Залал мен зауал» романының концепциясы өзгеше мүсінделген. Шығармада адамның тағдыры пенденің көпқырлылығы көрінген сәтте, адамдар арасындағы қарым-қатынастың қызған шағында ашылмайды. Раскольников жалғыз қалғанда адам табиғатының шекарасын ашып, жеке басына тәжірибе жасайды. «Қараңғы» Раскольников Ставрогин мен Иван секілді жұмбақ тұлға болған жоқ. Ол әлі Ставрогин мен Иван Карамазовтың алдындағы тым күрделенбеген, адам тағдырының, оның бассыздығының бір кезеңі. Раскольниковтың жеке басы жұмбақ емес, жасаған қылмысы жұмбақ. Адам өзінің шекарасынан шығып кетті. Бірақ бассыздық еш уақытта да адам тағдырын түбегейлі өзгерте алған жоқ. «Жасырын жазбалардың» кейіпкерлері мен Раскольников жұмбақ пен проблема туғызады. Версилов, Иван Карамазов, Ставрогиндер өздері – жұмбақ пен проблемаға айналады.

***

Достоевский ең әуелі – ұлы антрополог, адам табиғатының тәжірибешісі. Адам туралы жаңа ғылымды ашқан, оған тың, бұрын-соңды болмаған тәсілді қолданған кемеңгер. Достоевскийдің суреткерлік ғылымы немесе ғылыми суреткерлігі адам табиғатын оның тұңғиықтығында және шексіздігінде зерттейді, ең ақырғы, топырақ астындағы қабатына бойлайды. Суреткер адамға рухани тәжірибе жасайды, төтенше жағдайға душар еткізеді, пендені тұрмыстың барлық тірегінен суырып алып, тіршіліктің бүкіл сыртқы қабатын сылып тастайды. Дионистік суреткерлігі арқылы қуанышты, буырқанған құйынымен, адам табиғатының тереңдігінің құпиясына қызықтыра отырып, ол өзінің антропологиялық зерттеулерімен шұғылданады. Достоевский шығармашылығының барлығы да құйын тәріздес антропология. Барлығы да онда жалынды қуаныштың жағдайында танылып жатады, және осы отты құйынға еліккендер ғана Достоевскийді зерделей алады. Кемеңгердің антропологиясында семіп, қатып, тас болып қалған ештеңе жоқ, бәрі де қызу қозғалыста, барлығы да онда – от көшкінінің тасқыны іспеттес. Достоевский сені адамның ішіндегі ақтарылып жатқан, қараңғы тұңғиыққа желіктіреді. Ол сені қара түнек қаптаған жолдармен жүргізеді. Бірақ сол қара түнекте жарық қайта жарқырауға тиіс. Ол қараңғы түнектен жарық тапқысы келеді. Достоевкий адамға азаттықта жүрген, заң шеңберінен шыққан, қалыпты тәртібінен айрылған кезінде үңіліп, пенде баласының тағдырын бостандықта зерттеп, оның бұлтартпас жолдарының нәтижесін табады. Жазушыны бассыздыққа ұласып кететін, адамның бостандықтағы тағдыры қызықтырады. Адамның табиғаты осы кеңістікте ашылады. Қара жердің бетінде өмір сүріп жатқан пенденің заңды тіршілігі адам табиғатын аша алмайды. Әсіресе, кемеңгерді табиғаттан бөлініп, табиғи тамырынан жұлынып, бассыздыққа ұрынып, обьективті тұрмыстың тәртібіне қарсы шыққан мезгілдегі адамның тағдыры көбірек қызықтырады. Табиғаттан, табиғи өмірден аласталған адамды Достоевский қаланың мақшары мен тозағына салып жіберіп, сол жерде ол тар жол тайғақ кешуін өтіп, күнәсын өтейді.

Данте, Шекспир және Достоевскийдің адамға деген қарым-қатынасын салыстырудың өнегелі мағынасы бар. Дантеде адам – обьективті әлем заңдылығының, құдайлық дүниенің табиғи бөлігі. Иерархиялық жүйенің мүшесі. Адамның үстінде аспан, астында тозақ. Құдай мен сайтан – пенде баласына сырттан таңылған әлем заңдылығының шынайылығы. Қорқынышты азаптары бар тозақтың шеңбері тек осындай құдайлық әлем заңдылығының бар екенін нақтылай түседі. Құдай мен сайтан, аспан мен тозақ адам рухының тереңдігінде, рухани тәжірибесінің тұңғиығында ашылмайды, олар заттық материалдық әлемнің ақиқатындай шындықты білу үшін адамға берілген. Ежелгі адамның дүниетанымымен тығыз байланыста болған орта ғасырдағы адамның дүниетанымы осындай еді. Адам өзінің үстіндегі аспанның билігін де, аяғының астындағы тозақты да сезінді. Данте орта ғасырдағы адамның дүниетанымының дана жыршысы болды. Ғарыш иерархиялық организм ретінде әлі шайқала қойған жоқ, адам онда әлі емін-еркін жүріп жатты. Қайта Өрлеу дәуіріне, жаңа уақыттан бастап әлемді тану да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Адамның гуманистік тұрғыдан өзін-өзі тануы басталды. Адам табиғат әлемінде тұйықталып қалды. Аспан мен тамұқтың пердесі жаңа адам үшін жабылып қалды. Әлемнің шексіздігі басталды, бірақ онда біртұтас, иерархиялық, табиғи ғарыш жоқ. Шексіз және астрономиялық бос аспан енді орта ғасырдағы Дантенің аспанына мүлде ұқсамайды. Паскалдың қорқынышын туғызған кеңістік шексіздігінің үрейі түсінікті. Ғарыштық құрылымы жоқ мұндай шексіз кеңістікте адам өзін жоғалтып алған. Алайда ол өзінің ұлан-байтақ адамдық рухани әлеміне бойлап алып, қара жерге бұрынғыдан да қатты жабыса түседі, одан айырылып қалудан қорқады, жат шексіздік оған қорқынышты. Міне, осылайша адамның шығармашылық қайраты сарқылатын жаңа тарихтың гумманистік дәуірі басталады. Қандай да бір нақты күшке, ғарыштық әлем заңдылығына таңылмаған адам өзін азат сезінді. Шекспир қайта Өрлеу дәуірінің ұлы кемеңгері болды. Кемеңгердің шығармашылығы тұңғыш рет адам жанының күрделі және көп бейнелі әлемін, адам құмарының әлемін, күш-қуат пен құдіретке толы адам пәрменін ашты. Шекспирдің шығармашылығында Дантенің аспаны мен тозағы жоқ. Адамның орны Шекспирде гуманистік дүниетаныммен өлшенеді. Мұндай гуманистік дүниетаным адамның рухына, ең ақырғы рухани тереңдігіне емес, адамның жан әлеміне үңіледі. Адам рухани орталықтан босап шығып өмір жанының аймағына көшіп алады. Шекспир гуманистік өнердің ұлы психологы болды.

Мүлде бөлек әлемдік дәуірде, адам кемелденуінің басқа мөлшерінде Достоевский келді өнерге. Кемеңгер шығармашылығында Дантедегідей нақты обьективтік ғарыштық тәртіпке бағынышты адам жоқ. Жаңа тарихтың адамы біржола жердің үстіңгі қабатынан орын тапқысы келіп, өзінің таза адамдық әлемінде тұйықталып қалды. Құдай мен сайтан, аспан мен тозақ ақыр соңында ешқандай да байланыс жоқ мүлде танылмайтын алаңға ысырылып шығарылып, қандай да бір шындықтан айырылды. Адам екі өлшемді, жайдақ тіршілік иесіне айналып, тереңдік өлшемінен айырылды. Кеудесінде жаны ғана қалып, рухы ұшып кетті. Ренессанстық дәуірдегі күш-қуат сарқылды. Ренессанс дәуірінің қуанышы, шығармашылық ермектің тасыған қуаты жоғалды. Адам аяқ астындағы жердің өзі ойлағандай соншалықты тұрақты және баянды емес екенін сезді. Жабық тереңдіктерден жер асты дүмпулері естіліп, жанартаулары байқала бастады. Түпсіз тұңғиық адамның тереңдігінде ашылып, ол жерде тағы Құдай мен сайтан, аспан мен тозақ көрінді. Бірақ тереңдікке апаратын алғашқы қадамдар түнекке қарай жасалатын қозғалыс болуға тиіс еді, пенде баласы қарайлаған адам әлемінің жаны мен материалдық әлемнің күндізгі жарығы ақырындап сөне бастады, жаңа сәуле болса әлі жана қойған жоқ-тын. Жаңа тарихтың барлығы да адам азаттығын сынаудың дәуірі болды, онда пенде баласының күші бостандыққа жіберілді. Бірақ тарихи дәуірдің ақырында адам бостандығын сынау үлкен тереңдікке, басқа өлшемге өтіп кетеді, және сол аймақта енді адамның тағдыры сыналады. Жаңа дәуірдің күндізгі жарығымен арайланған адам бостандығының жолы жан әлемінен рухани мекенге көше бастады. Және осы рухани әлем ең алдымен тамұққа түскендей әсер қалдыруға тиіс еді. Тағы да адамға ол жерде сайтан мен тозақ қана емес, Құдай мен аспан да, сырттан таңылған обьективті өмірдің заңдылығы болып емес, адам рухының ең ақырғы тереңдігі, ішінен танылған шындығы ретінде ашыла түседі. Міне, бұл Достоевскийдің шығармашылығы. Данте мен Шекспирмен салыстырғанда онда адам мүлде басқа орын алады. Оның обьективті тәртіпке қатысы жоқ, жердің үстінде қалып қоймай, ол өз жанының жоғарғы қабатына шығады. Тереңдіктен, ішінен, түнектен, мақшар мен тозақтан адамға оның рухани өмірі қайтарылып беріледі. Міне, сондықтан да Достоевскийдің жолы трансцеденттік (білуге болмайтын, тәжірибенің өресі жетпейтін деген идеалистік философиялық ұғым бұл — болмыста реальды түрде бар заттарды білуге әбден болады деп танитын диалектикалық материализмге қайшы) емес, рухани имманенттік (бір нәрсеге іштей, жаратылысына тән, тиісті) жолы. Алайда бұл Достоевский трансцеденттік жолдың шындығын жоққа шығарды дегенді білдірмейді.

***

Адам баласының бостандықтағы жолы тым қатты саяқтануынан, оқшаулануынан, сыртқы тәртіптің заңдылығына қарсы бүлік шығаруынан басталады. Өзін-өзі ерекше жақсы көруі дамып, құпия әрекетке көшеді. Адам жердің үстіңгі қабатынан жердің астына түседі. Жағымсыз, ұсқынсыз астыртын адам пайда болып - өзінің диалектикасымен таныстыра бастады. Дана диалектикасының идеяларында «Астыртын жазбаларында» тұңғыш рет Достоевский адамның табиғаты жөнінде бірқатар жаңалықтар ашты. Адамның табиғаты қарама-қайшылықты, антиномиялық (дұрыс саналатын екі ереженің ара қайшылығы) және иррационалды (ақыл жетпейтін) болып келеді. Адамның бойында ессіз бостандыққа, қасіретке құмартқан өмірі жойылмайтын ақыл жетпейтін қажеттілік бар. Адам пайда табуға ұмтылмайды. Еркіндікте адам ылғи да және үнемі қасірет шеккісі келеді. Өмірдің оңтайлы құрылымымен ол келіскісі келмейді. Бостандықты аман-саулықтан жоғары қояды. Дегенмен бостандық жан стихиясына қожалық жасаған парасаттың үстемдігі емес, бостандықтың өзі – ақылға қонбайтын, ессіздікке душар болған, ол адамды қойылған шекарадан асып кетуге итермелейді. Мұндай шексіз бостандық адамды азапқа салады, өлімге алып келеді. Әйтсе де адам осындай азабы мен өлімін қадыр тұтады. «Құпия» жағдайдағы Достоевскийдің адам туралы ашқан жаңалығы Раскольниковтың, Ставрогиннің, Иван Карамазовтың және тағы да басқалардың тағдырын әйгілейді. Бетімен кеткен бостандық жолындағы адамның тар жол тайғақ кешуі басталады. Ақыр соңында адам шегіне жеткен күйдегі екіге жарылуға душар болады. Адам мен оның тағдыры туралы идеялық диалектика «Жасырын жазбалардан» басталып Достоевскийдің басқа романдарында ашыла түседі де, «Ұлы Инквизитор туралы аңызбен» қорытындыланады. Иван Карамазов бассыздық пен Құдайға қарсы бүлікке ұласып кеткен бостандық жолының ең ақырғы сатысы. Онан соң Зосима мен Алешаның бейнелері туды. Біз адамның барлық трагедиялық диалектикасының Аңыздағы Ғайсаның бейнесі арқылы шешілетінін көреміз. Ол неден басталушы еді?

Астыртын адам амандық-саулық пен ыңғайлылықтың барлық тиімді үйлесімін жоққа шығарады. «Мен еш таң қалмаймын, - дейді «Жасырын жазбалардың» кейіпкері – егер кенеттен жалпыға ортақ берекелі тіршіліктің ортасынан рақымсыз, дәлірек айтсақ кертартпа, сайқымаз әлпетті бір жігіт шыға келіп, қолын бүйіріне таянып былай десе: ақымақ еркіндігімізде әлі де өмір сүре тұру үшін, мына логорифмалардың күлін көкке ұшырып, берекелі тірліктің барлығын аяғымызбен теуіп, жардан құлатып жіберсек қайтеді.(Астын сызған біз – Н.Б). Әлбетте мұның бәрі де ештеңе емес қой, өкініштісі міндетті түрде оның ізбасары табыла кетеді: адамның жаратылысы осындай. Сөз қылуға да тұрмайтын қисынсыз себептерден, адамның кім болғанына қарамастан ақыл мен парасаттылыққа бағынбай, қалауы бойынша әрекет етуі, (кейде көңіл қалауының бас пайдаңа қарсы да кейде оған сай да туа береді) осыған алып келеді. Жеке басының еркіндігі, бостандыққа құмарлығы, дара, бірақ жабайы кісапарлығы, жындануға дейін жеткен қиялы – мұның бәрі де ешқандай жіліктеуге келмейтін, барша жүйелер мен теориялардың күлін көкке ұшыратын, айтуды ұмытып кеткен тиімді пайдалар. Адамға қалыпты тұрғыдағы ерікті қалау керек дегенді ойшылдар қайдан тапты. Неліктен олар міндетті түрде адамға саналы-пайдалы қалау қажет еді деп пайымдайды. Қайда апарып соқтыруы мүмкін екеніне қарамастан адам бір –ақ нәрсені - дербес қалауды қажет етеді. «Адам баласы ақылды іс-әрекеттің міндетінен құтылуы үшін, қасақана, саналы түрде өзіне зиянды, ақымақ, тіпті нақұрыс нәрсені қажет етуі ықтимал. Мырзалар, шын мәнісінде дәл осы ақымақтық пен оның қыңырлығы біздің бауырымызға кейбір жағдайда жерде бар дүниенің бәрінен де тиімді шығар. Зиянын тигізгеніне және пайданы көздеген біздің санамыздың ең ақылды қорытындысына қарамастан кей кездері ол барлық пайдадан тиімді шығар, өйткені ол біздің ең маңызды және ең қымбат дүниемізді, атап айтқанды біздің тұлғамыз бен даралығымызды сақтап қалады». (Астын сызған мен – Н.Б). Адам арифметика емес, адам – проблемалық және құпия тіршілік иесі. Адамның табиғаты оның тереңдігіне дейін – антиномиялық (антиномия - дұрыс саналатын екі ереженің ара қайшылығы) және полярлық. «Дәл осындай оғаш мінезі бар тіршілік иесі болып саналатын адамнан не күтуге болады? Барлық тұрақты саналылығына өзінің зиянды қиял-ғажайып элементін қосу үшін адам ең қауіпті сандырақтың экономикалық жағынан тиімсіз мағынасыздықтың бесігін тербетеді. Екі аяқты пенделердің адам емес, бар-жоғы фортепианоның клавишасы екенін өз-өзіне дәлелдеу үшін, қиялы армандарынан, жексұрын ақымақшылығынан айырылмауға тырысады». «Егер сіз осының бәрін де кестемен есептеуге болады десеңіз, аласапыранды да, түнекті де, қарғыста да, онда алдын-ала есептеудің мүмкіндігін тоқтатып, ақыл өз дегенін істеп, есін жоғалтып, өзінің айтқанын жасату үшін адам қасқана жынданады. Мен осыған сенемін, және ол үшін жауап бере аламын. өйткені адамдық істің бәрі мүмкіндігінде және шындығында, әр сәт сайын өзінің шеге емес, адам екенін дәлелдеуінен тұрады» (Астын сызған мен – Н.Б.). «Екі жерде екінің төрт екенін дәлелдеп, іс арифметика мен кестеге көше бастағанда қандай дербес еркіндік болуы мүмкін. Менің қалауымсыз-ақ екі жерде екі төрт болады. Адамның еркіндігі осындай болуға тиіс пе екен». «Мүмкін, мақсатына жетуден және салып жатқан ғимаратының аяқталмай қалатынынан қорыққандықтан адам хаос пен қиратуды жақсы көретін болар. Кім біледі, адамзат ұмтылған жердегі бүкіл мақсат, үздіксіз жалғасқан осы үрдісте, басқаша айтқанда, екі жерде екі төрт болып табылатын мақсатта емес, өмірдің өзінде жатқан шығар, ал екі жерде екі төртіміз өмір емес, өлімнің басы мырзалар». (Астын сызған мен – Н.Б.). «Және неліктен адамға пайданың ғана қажеттілігі туралы сендердің сенімдеріңіз нық және үстем? Пайданың не екені туралы ақыл да адаспай ма? Адам мүмкін тек рахатты ғана емес, дәл сондай құмарлықпен қасіретті де сүйетін шығар? Мен адамның нағыз қасіреттен, яғни хаос пен қиратудан да бас тартпайтынына бек сенімдімін. Қасірет шегу дегеніміз – адам санасының өмір сүруінің жалғыз себепкері ғой».

Дәл осы жан тебірентерлік, даналығы жағынан өткір ойларынан Достоевскийдің бүкіл шығармашылық жолындағы адам туралы ашқан жаңалықтарының қайнар көзін іздеу қажет. Адамды зерттеуге арифметика емес, жоғары математика қолданылуға тиіс. Адамның тағдыры еш уақытта да екі жерде екі төрт ақиқатына негізделген емес, Адам табиғаты еш уақытта да ырыққа көнген емес. Барлық уақытта да онда ырыққа көнбейтін бір дүниелер қалып қояды және онда өмірдің қайнар көзі жатыр. Адамзаттық қоғамды да оңтайландыру мүмкін емес. Қоғамда барлық уақытта да оңтайландыруға көнбейтін бастау бар. Адамзаттық қоғам құмырсқаның илеуі емес, «өзінің ессіз еркіндігінде өмір сүргісі келетін» адамның бостандығы қоғамның құмырсқаның илеуіне айналуына жол бермейді.

Кертартпа және күлкілі ұсқыны бар джентельмен даралана бастаған тұлғаның бүлігі, ешқандай да күштеп оңтайландыру мен сырттан таңылған амандық-саулыққа көнбейтін бостандықтың бүлігі болып табылады. Міне, осы жерде Достоевскийдің социализмге, шыныдан жасалған Сарайға, мәңгілік жұмақтың утопиясына деген терең өшпенділігі көрінеді. «Ағайынды Карамазовтар» мен «Албастыларда» кейін ол тереңірек ашылды. Адам қоғамдағы «фортепиананың клавишасы» немесе шегесі болғанға көнбейді. Достоевскийде ызаланған адамның көңіл-күйі бар. Жазушы дүниетанымына кісі табиғаты қатты еніп кеткен. Мәңгілік өмірдің орталығына қатысты мәселелердің барлығы да осымен байланысты. Достоевский әлеуметтік эвдемонизмнің (эвдемонизмді жақтаушылардың ойы бойынша адамның ең ұлы игілігі бақыт болып табылады. Астын сызған біз – А.К) ұлы сыншысы, ол оның бостандық пен тұлғаның құндылығын алмастыра алмайтынын дәлелдейді.

Достоевскийдің өзі жасырын адам болды ма, ондай жанның идеялық диалектикасына аяушылықпен қарады ма? Бұл мәселені статикалық (қозғалмайтын) тұрғыдан қоюға және шешуге болмайды. Ол динамикалық үрдісте шешілуі тиіс. Жасырын адамның дүниетанымы Достоевский дүниетанымының жағымды жағы болып табылмайды. Достоевский өзінің жағымды діни дүниетанымында жасырын адамның бүлігі мен бассыздығының зиянды жолын әшкерелейді. Бүлік пен бассыздық адамның бостандығын құрту мен тұлғаның азғындалуына әкеліп соқтырады. Дегенмен адам бостандығы туралы ақылың жетпейтін таңғажайып идеялық диалектикасы бар жасырын адам бар-жоғы адамзат жолының бір кезеңі, бостандығының құруы мен сыналуының жолы. Бостандық жоғарғы игілік, адам болудан қалмайынша пенде баласы одан бас тартпайды. Жасырын адамның өзінің диалектикасында жоққа шығаратынды Достоевский де өзінің жағымды дүниетанымында жоққа шығарады. Ақырына шейін ол адамзаттық қоғамды оңтайландыруды, бостандықтан жоғары қойғысы келген қандай да бір амандықты, ақылдылықты, рахатты мойындаудан бас тартады, көзді арбаған Шыны Сарайды, адамдық тұлғаның жойылуына әкеліп соқтыратын келешектің үйлесімін терістейді. Бостандықтың соқпағы Адами құдайлық жолға алып келеді де, осы жолда ол ақыры мен өлімін табады, немесе Құдай адам, ол жолда адам аман қалып, өз бейнесінің нақты кейпін табады. Құдай бар кезде ғана ол құдайлық бейне болып, оған ұқсай алады. Егер Құдай жоқ болып, пенденің өзі құдай болса адам да, оның бейнесі де құриды. Тек Ғайса арқылы ғана адамның мәселесі шешіледі. Жасырын адамның идеялық диалектикасы Достоевскийдің өзінің идеялық диалектикасы болып табылады; ол сол жерде басталып, аяқталмай қалады. Жазушының «Ағайынды Карамазовтарында» ол жағымды аяқталады. Әйтсе де бір нәрсенің басы ашық: жасырын адам қарсы шыққан еріксіз, сананы күштеп ыңғайландырған өткенге жол жоқ. Адам бостандықтың жолынан өтуі тиіс. Достоевский қалай адамды зорлап парасаттың шеңберінен өткізіп, оның өмірін кестеге салу үшін «ақылынан айырып, өзінікін жасату үшін осы жағдайға байланысты жындандыратынын» көрсетеді. Ол пенде баласындағы адам табиғаты үшін маңызды «фантастикалық элементті» мойындайды. Ставрогин, Версилов, Иван Карамазов адам табиғаты өзінің антиномиясында (дұрыс саналатын екі ереженің ара қайшылығы), өлшеусіздігінде, қажеттілігі мен азабында жұмбақтығына байланысты құпия болып табылады.

***

Достоевский өзінің антропологиясында адам табиғатының жоғарғы деңгейдегі қозғалыста болатынын дәлелдейді, отты жалыны оның тереңінде жатады. Тыныштық, тұрақтылық адам табиғатының жоғарғы, үстіңгі қабатында ғана тіршілік етеді. Тұрақты тұрмыстың, көңіл келбетінің артында дауыл жасырынып, қараңғы тұңғиықтар кеңінен ашылып жатады. Достоевский адам дауылды қозғалыс жағдайына келгенде оған қызығушылық танытады. Ол осы қараңғы тұңғиыққа түсіп, сол жақтан сәуле табады. Әдемі әлемде ғана емес, нағыз сәуле қараңғы түнекте де жарқырай береді. Пенде баласының бойындағы отты қозғалыс адам табиғатының кереғарлығынан, тығылып жатқан қарама-қайшылықтардың қақтығысынан туындайды. Кереғарлық, антиномиялық адам табиғатының ең тереңіне дейін жеткен. Түпсіз тереңдікте тыныштық пен ынтымақ емес, құмарлықтың қозғалысы бар. Достоевский тереңде жатқан мәңгі тыныштықты танымайды. Платон мен басқа да көптеген мистиктердің танымынан оның танымының өзгешелігі осында. Кереғар қайшылықтардың аласапыран қақтығысы тек қана тәндік және жандық жағдайда ғана емес, рухани жағдайда да болып жатады. Қозғалыс тұрмыстың сыртқы қабатын ғана қозғамайды, тереңіне дейін қопарады. Бұл Достоевский антропологиясы мен онтологиясының басты ерекшелігі. Жазушының эллиндік данышпандардың эстетикалық дүниетанымымен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын айырмашылығы осында. Ол тұрмыстың трагедиялық қозғалысын соңына дейін ашушы христиан әлемінің өкілі. Орыс, славяндық кемеңгер тұрмыстың ақырғы тереңдіктерін ашудағы өз дүниетанымында германдық идеализмде көрінген герман кемеңгерімен де үйлесе алмайды. Германдық тұрмыстың аймағынан Құдай мен сайтанның, жарық пен қараңғылықтың қақтығысын көреді, ал рухани өмірдің тереңіне бойлағанда Құдайды көріп, сәулені танып - кереғарлық жоғалады. Орыс Достоевскийде құдайлық және сайтандық кереғарлық басталып кетті, сәуле мен қараңғылықтың аласапыран қақтығысы тұрмыстың ең терең қатпарында ашыла түседі. Құдай мен сайтан адам рухының тереңдігінде күресіп жатыр. Зұлымдықтың тамырын тереңге жіберген рухани табиғаты бар. Құдай мен сайтанның шайқасатын алаңы адам табиғатына мықтап орналасқан. Достоевскийге трагедиялық қарама-қайшылық жұрттың бәрі айтып жүрген психикалық салада емес, тұрмыстың тұңғиығында ашылды. Кереғарлықтың трагедиясы құдайлық өмірдің ең тереңіне еніп кетті. Достоевскийде «құдайлық» пен «сайтандықтың» айырмашылығы, кәдуілгі «мейірімділік» пен «зұлымдықтың» қарапайым айырмашылығымен сәйкеспейді. Егер де Достоевский Абсолюттік туралы Құдай жөніндегі ілімін соңына дейін жеткізгенде, құдайлық табиғаттың кереғарлығын, қараңғылығын, Құдайдың шексіздігін, Яков Беменің Ungrund’e[1] жөніндегі ілімімен рухани туыстығының бар екенін мойындауына тура келер еді. Адамның жүрегі бастапқы негізінде кереғар болып жаратылған, бірақ адамның жүрегі тұрмыстың терең қабатында жасырынған.

«Әлемді сұлулық құтқарып қалады» деген ғажайып сөздер Достоевскийдің аузынан шықты. Ол үшін сұлулықтан биік ештеңе болған жоқ. Сұлулық – құдайлық құдірет, бірақ онтологиялық кемелдіктің ең жоғарғы үлгісі сұлулық та Достоевскийге керағар, екі түрлі, қайшылықты, қорқынышты, құбыжық болып көрінеді. Ол құдайлық сұлулықтың байсалдылығын, оның желөкпе идеясын танымайды, ол одан отты қозғалысты, трагедиялық қақтығысты байқайды. Сұлулық оған адам арқылы ашылды. Ол космостағы, құдайлық ынтымақтағы сұлулықты танымайды. Сұлулықтың мәңгі мазасыздығы да осыдан туындайды. Адам тыныштығынан айырылған. Сұлулықты Гераклиттің құшағы жаулап алған. Митя Карамазовтың мына сөздерін бәріміз де білеміз: «Сұлулық – қауіпті және қорқынышты құбылыс. Қорқынышты болатын себебі оны анықтай алмайсың, анықталмайтын себебі Құдай ылғи да бір құпияларды ойлап шығарды. Бұл жердегі жағалаулар бір-бірімен сапырылысып, барлық қарама-қайшылықтар бірге өмір сүріп жатыр... Сұлулық. Мен оны түсіндіре алмаймын, өйткені жүрегі де, ақылы да бар бір адам бәрін Мадоннаның идеалынан бастайды да, оны садомдық идеалмен аяқтайды. Ең қорқыныштысы содомдық идеалмен өмір сүріп жатқандар өз жандарында Мадонналық идеалды жоққа шығармайды да, содан да оның жүрегі жастық шағындағы, бейкүнә кездегідей лаулап жанады. Жоқ, адам кең. өте кең, мен оны тарылтар едім». Немесе тағы да: «Сұлулық тек қауіпті ғана емес, құпия құбылыс. Ол жерде сайтан Құдаймен арпалысып жатыр және олардың күрес алаңы – адамдардың жүрегі». Николай Ставрогин де «қос полюстан, ләзаттың біржақтылығын тапты», Мадон мен садом идеалының біркелкі тартымдылығын сезінді. Достоевскийді мадон идеалында ғана емес, садомдық идеалда да сұлулықтың бар екені мазалады. Ол сұлулықта қараңғы сайтандық бастаудың барын байқады. Біз жазушының адамға деген махабаттан да қараңғы, зұлым беталыстың бар болғанын байқағанын көреміз. Кемеңгердің адам табиғатының жан-жақтылығын тануы терең болды.

***

Достоевский шығармаларындағы адам табиғатының жарылуы мен жан-жақтылығы, пенденің рухани тереңдігіне, ең соңғы қабатына апаратын трагедиялық қозғалыстардың құпиясы, қандай да бір жаңа дәуір табалдырығының алдында, бұрын-соңды болмаған, зұлымдық кәдуілгі және қарапайым формада келген заманда, адамдағы құдай адамдық және адам құдайлық, христиандық және антихристиандық бастауларды ашып беру міндетінің жазушыға жүктелгендігінен емес пе екен? Біздің дәуіріміздегі адамның жаны ыбылжып кеткен, бәрі онда қалтырап, екіге бөлініп, елігіп, қауіп-қатерде өмір сүріп жатыр. Зұлымдық мейрімділіктің кейпінде келіп жұртты еліктіріп әкетті. Ғайса мен антихристың, құдайадам мен адамқұдайдың бейнесі көмескіленді. Әсіресе мұндай құбылысты Ғайса мен антихристың қайда екенін таба алмай адасып жүрген Мережковскийдің шығармашылығынан анық көре аламыз. Оның көп тұстары шын мәнісінде жақсы жазылған «Л.Толстой және Достоевский» деген кітабының осындай көмескі тұстары көп. Қазіргі уақытта көптеген «ойы бұлыңғыр», ішкі түйсігі әлсіреген адамдар пайда болды. Табиғаты осындай адамдарды Достоевский ашты. Ескірген ізгілік катахезисімен жаратылысы мұндай адамдарды өзгерте алмайсың, олардың жанын тануға одан гөрі күрделі тәсіл қажет. Достоевский ақырзамандықтың дертіне шалдыққан осындай адамдардың тағдырын зерттейді. Және осы зерттеулерімен таңғажайып сәулені табады. Ол рухани құлдырауға, діни дағдарысқа ұшыраған шағында адамға назар аударады. Достоевский адамның антропологиялық зердесіндегі мүлде жаңа құбылыс. Бұл зерде енді тек дәстүрлі-христиандық, отаншылдық, гуманистік қана емес.

Достоевский адам туралы қандай тың жаңалық ашты? Ол гуманистік қабырғасы сөгіліп және ұмытылғаннан соңғы адам туралы ежелгі және мәңгілік ақиқатқа қайтып оралып қана қоймайды. Гуманистік заманның тәжирибесі, адам азаттығының сыналуы зая кеткен жоқ. Бұл адам тағдырындағы таза шығын мен таза зиян ғана болып қалмады. Міне осындай тәжірибеден кейін ғана жаңа күдігі, жаңа зұлымдықтарды білетін, жаңа көкжиектері мен шеті бар, құдаймен жаңаша сөйлесуге ынтызар жаңа жан өмірге келді. Адам мүлде басқа, рухани кемелденген шағына аяқ басты. Және Достоевскийдің тамырын тереңге жіберген христиандық антропологиясы қасиетті бабалық христиандыққа ұқсамайды. Адам жөніндегі шіркеудің аталары мен ұстаздарының, бізді өмірге үйрететін адамзаттың жолы туралы ілімі мен кемеңгерлердің туындылары адамның бүгінгі рухани шағындағы барлық сұранысына жауап бермейді, барша күдіктері мен әзәзілін білмейді. Адам жақсарған жоқ, құдайға да жақындағаны шамалы, бірақ қайта-қайта оның жаны күрделеніп, ақыл-ойы шиеленісе түсті. Ескі христиандық жан күнаның не екенін біліп, сайтанның уысына түсіп қалатын. Бірақ ол Достоевскийдің жаны ашқан тұлғаның жарылуы туралы білген жоқ. Ескі зұлымдықтың сыры түсінікті, әрі қарапайым еді. Адамқұдайлықтың азғыратын және арбайтын жолдары Раскольников, Ставрогин, Кириллов, Иван Карамазовтың жандары танығандай әлі ашыла қоймады. Және бүгінгі заманның жанын ескі дәрі-дәрмектермен емдеу мүмкін де емес еді. Достоевский осыны түсінді. Жазушының зердесі Ницщеден кем емес, тіпті ол ұлы философтың ақылы жетпеген дүниелерді де біледі. Оның замандасы біздің дәуіріміздің беделді православ-аскет жазушысы Феофан Затворник[2] шын мағынасында Достоевский мен Ницщенің таныған дүниелерін білген жоқ, міне сондықтан да, адамның жаңа тәжірибелері туғызған азаптардың шешімін таппады. Олар адамның тым азат және ауыртпашылық пен азап жүктейтін ол бостандықтың қауіпті екенін таныды. Және адамдық жолдың қаққа айырылып, құдайадамға және адамқұдайға апаратынын көрді. Адамның жаны құдай тастап кеткен шағында көрінді және бұл сынақ қараңғылыққа батқанда жарық жанатын діни тәжірибеге айналды. Міне сондықтан да Достоевскийдің христиандығы Феофан Затворниктің діншілдігіне ұқсамайды. Сол себептен де Оптин Шөлінің шалдары «Ағайынды Карамазовты» оқып шыққан соң оны құптамады. Ғайсаға шексіз бостандық арқылы жол ашылды. Шексіз бостандықтың жолындағы адамқұдайлықтың азғындататын жалғандығы әшкереленеді. Бұл сонымен қатар адам туралы жаңа сөз болды.

Достоевскийдің шығармашылығы дағдарысты ғана әйгілемейді, гуманизмнің қирағанын, оның ішкі әлемінің күйрегенін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда Достоевскийдің есімі Ницшемен қатар тұруға әбден лайық. Достоевский мен Ницшеден соң ескі рационалистік гуманизмге қайтып оралу мүмкін емес, гуманизм аяқталды. Адамның өзін-өзі гуманистік тұрғыда тануы мен тоқмейілсуі Достоевский мен Ницшеден ақырын тапты. Әрі қарай не құдайадамға, не жоғары адамға (сверхчеловек - құқықтық және адамгершіліктік нормадан тыс; өзін қоғамнан жоғары қоятын адам) немесе адамқұдайға қарай ғана жол жатыр. Жалғыз адамшылықпен енді шектелеп қала алмайсың. Кириллов өзі құдай болғысы келеді. Ницше ұят пен абыройсыздық сияқты адамды да жеңіп, өзін қоғамнан жоғары қоятын адамға жақындап келеді. Қоғамнан жоғары тұрған пенде баласында адамдық мінез жоқ, ұят пен абыройсыздық, қауқарсыздық пен бейшаралық сияқты оны да икемдеуге болады. Адам шын мәнісінде қоғамнан жоғары тұрған адамды өмірге әкелудің құралы ғана. Құқықтық және адамгершілік қалыпқа симайтын ондай пенде адамдардың аяғына жығылуға дайын тұрған пірі болып табылады, ол адамды да адамдық құндылықтың бәрін де жалмап тастайды. Ондай ләзаттың дәмін татып көргендерге гуманизмге соншалықты еліге қоймайды. Гумманизм дүние төрінің патшалығы. Еуропалық гумманизмнің рухани жалыны, жаны мен тәні, оның жасаған күнасының құрбандығы болған Ницшемен бірге сөнді. Бірақ Ницшеден бұрын Достоевский өзінің данышпан диалектикасында мұндай қауіпті және міндетті түрде болатын, құдайадамның жолындағы пендені құртатын гуманизмнің ақырын көре білді. Достоевский мен Ницшенің арасында үлкен айырмашылық бар. Достоевский адам құдайлықтың азғырушылығын білді, ол адам бассыздығының жолдарын терең зерттеді. Бірақ ол басқа нәрсені де, адамқұдайлықтың қараңғылығын әшкерелейтін Ғайсаның сәулесін де байқады. Ол рухани-көреген болды. Ницше болса адамқұдайлық билігінің шеңгеліне түсіп қалды; адамқұдайлықтың идеясы оның ішіндегі адамды өлтірді. Достоевскийде соңына дейін адам өзінің адамшылығын жоймайды. Адамқұдайлықта адам өледі, құдайшыл адамда ғана адам сақталып қалады. Тек христиандық қана пенде баласының бейнесіне көлеңке түсірмей, адамдық идеяны сақтап қала алады. Адамның болмысы Құдайдың болмысы болып табылады. Құдайды өлтіру адамды өлтіргенмен бірдей. Екі ұлы – Адам мен Құдай идеясының моласында (христиандық – Құдайшыл адамның және Құдайшыл адамзаттың діні) Құдай мен адамды, құдайшыл адамның бейнесін өлтіріп жатқан адамқұдай, құдайсыз құбыжық пайда болады. Ницшеде Құдай да, адам да жоқ, әлі танылмаған өзін қоғамнан жоғары қоятын адам ғана бар. Достоевскийде Құдай да, адам да бар. Адам онда құдайға жұтылып кетпейді, еш уақытта жоғалмайды, адам соңына дейін, ғасырлар бойы сақталып қалады. Міне осы тұрғыдан алғанда Достоевский айтып отырған сөзіміздің терең мағынасындағы нағыз христианшыл болды.

Ғажабы, Достоевскийдегі дионистік құйынның шабыты адамдық бейненің жоғалып кетуіне, тұлғаның даралық сипатының күйреуіне әкеліп соқтырмайды. Грекияда пұтқа табынушылық дионисизм тұлға даралығының талануына, келбетсіз табиғи стихиядағы адамдық бейненің жоғалуына алып келген еді. Дионистік желігу адамдық болмыс үшін барлық уақытта да қауіпті болды. Бірақ ешқандай желігу мен ешқандай долдану Достоевскийді адамды жоққа шығаруға итермелей алмайды. Бұл Достоевскийдегі өте соны қыры. Достоевскийдің антропологиясы мүлде айырықша және таңғажайып құбылыс. Адамның бейнесі, тұлғалардың шегі апполондық бастаумен, формамен негізсіз емес жағдайда байланысып жатыр. Көп жағдайда дионистік негізді біз даралық принципінің жойылуы, тұлғалық шектің алшақтауы ретінде түсініп жүрміз. Достоевскийде бәрі басқаша. Дионосизмнің құйыны оның ырқын билеп алған, желігу мен долданудың құшағында. Және осындай шамырқанған желігудің стихиясында адамның бейнесі мен келбеті бұрынғыдан да күшті айқындала түседі. Отты шеңбер мен қызу қозғалыстағы адам өзінің тереңдігінде қалып қояды, ол жойылмайды. Осы тұрғыдан алғанда Достоевскийдің танымы гректің дионосизмінен ғана емес, құдайлық сипат қана қалып қойып, адамдық негіз жойылып кететін христиан дәуіріндегі мистиктердікінен мүлде басқаша. Достоевский құдайлық өмірдің тереңіне адаммен бірге барғысы келеді. Адам мәңгіліктің тереңдігіне көгенделген. Жазушының бүкіл шығармашылығы адамдық қайнардың алтын бұлағы. Достоевскийдің бүкіл діни дүниетанымы монофизит ілімінің рухына қарама-қайшы. Соңына дейін ол бір ғана құдайлық немесе адамдық табиғатты ғана емес, екі табиғатты да, құдайлық және адамдық табиғатты мойындайды. Және Достоевскийдің діни антропологиялық зердесімен салыстырғанда, тіпті, православтық және католиктік зерденің өзі монофизиттікке[3] бейімделу, адам табиғатының құдайлық табиғатқа жұтылуы болып көрінетін сияқты. Әлемде басқа ешкімде де дәл Достоевскийдікіндей адамға деген көзқарас болған емес. Ең соңғы, ақырғы құлдырауына жеткен адамда да құдайлық кейіп пен оған ұқсастығы сақталып қалады. Оның адамға деген сүйіспеншілігінде гумманистік махаббат болған жоқ. Ол осы махаббатында қасіреттің шексіздігін беймәлім бір қатыгездікпен үйлестіріп жіберді. Адамға қайғы-қасіреттің жолын уағыздады. Және осының бәрі де оның антропологиялық түйсігінің астарында бостандық идеясы жатқандығымен байланысты болды. Бостандықсыз адам жоқ. Адам мен оның тағдыры туралы барлық диалектикасын Достоевский бостандық тағдырының диалектикасы ретінде қарастырады. Бірақ азаттықтың жолы –қасіреттің жолы. Міне осы қасіреттің жолын адам соңына дейін жүріп өтуі тиіс. Достоевскийдің адам туралы ашқан жаңалығының барлығын білу үшін оның бостандық пен зұлымдық туралы зертеуіне назар аудармақ керек.

(«Достоевскийдің дүниетанымы» атты кітаптан.

Орыс тілінен тәржімалаған Амангелді Кеңшілікұлы)

*Николай Александрович Бердяев орыстың діни және саяси философы, экзистенциализм ағымының беделді өкілі. Төңкерістен кейін елінен кетуге мәжбүр болып, эмиграцияда өмір сүрді. 1942-1948 жылдары жеті мәрте Нобель сыйлығына ұсынылды. «Рух бостандығының философиясы», «Шығармашылықтың мағынасы», «Адамның азаттығы мен құлдығы туралы» т.б. елуге жуық монографиялық еңбектердің авторы. 1948 жылы Францияда дүние салды.


[1] Ungrund (нем) – тұңғиық, негізі жоқ тұрмыстың негізі. Яков Беменің осы терминін Николай Бердяев өз еңбектерінде көп қолданды.

[2] Феофан Затворник (1815-1894) – орыс проваслав шіркеуінің епископы. Өмірінің соңғы 28 жылын Вышенск шөл даласында өткізді.

[3] Монофизитство – негізін констонтинопольдық архимандрит Евтихим салған (451жыл) Ғайсада ғана құдайлық негіз бар, ал адамдық табиғатта оның болуы мүмкін емес екенін дәлелдеуге тырысатын діні-саяси ілім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар