Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлияның шындығы

12.09.2017 3111

Әлияның шындығы

Әлеуметтік желіде Әлия Дәулетбаеваның өлеңдерін оқып тұратынмын. Бір жыл болды, Әлияның өлеңдерін оқымадым. Себебі, біздің ақындарда соңғы кезде пайда болған бір әдет: өлеңдерін жарияласа, суреттерін қоса салады. Әлеуметтік желі – газет емес, журнал емес, маған ақынның өлеңін алдыңғы планға шығарып, өзінің өлеңнің артында «тығылып» тұрғаны ұнайды. Менің түсінігімде, ақынды «әдемі суреті, әдемілігі» де құтқармайды, өлеңі ғана құтқарады. Өлең – ақынның болмысы, бет-бейнесі, жандүниесі, интеллектісі, сұлулығы. Меніңше, Әлия – білімді, ізденетін, эрудициясы кең ақын. Ол – көп ақынның бірі емес. Сол себепті, ақынның «өзін» емес, өлеңін көргім келетін.

Таяуда әлеуметтік желіде Әлияның «Сұрағым бар» атты Несіпбек Дәуітайұлына арналған өлеңіне көзім түсті. Әдеттегідей оқымай өте алмадым. Оқып, ойға қалдым. Еркін, табиғи, шындықты жалаңаштап көрсеткен. Кейіпкері кім? Ақын кімге ренжулі? Оқырман ретінде кейіпкерін білу шарт па? Меніңше, жоқ! Бұл – Әлияның шындығы. Бәлкім, ақын бір адамға арнап жазған шығар, мен оны «әдебиетті саудаға салатын», әдебиетке кездейсоқ келген адамдардың образы ретінде қабылдадым. Ақын көзі көргенмен – керең, құлағы естігенмен – соқыр қоғамды оятқысы келіп, жанталасады. Рас, публицистикалық сарын бар. Бірақ бұл өлеңде публицистикалық сарын «өзін-өзі ақтап тұр», меніңше.

Ейй, жан көкем, көкірегі көк теңіз,
Осы бала албырттау деп сөкпеңіз.
Жан жарасын жаңғыртты -ау деп сөкпеңіз.

Сізге қояр сұрағым бар, сұрағым,
Қаршығамен неге туыс құладың?
Соны ойласам шытынайды шыдамым.

Іші нәжіс, сырты жылтыр әдемі,
Мынау – менің заманымның жәлебі...
Ол да болса, қара өлеңнен дәмелі.

Шертетіні – шегірткенің ғазалы
Елітетіні – ібілістің ажары...
Селебесін суық сөзбен жанып ап
Делебесі дембіл-дембіл қозады.

Жатыр әне жанарында мыстандық,
Отыр әне қу молада іштарлық,
Сілекейі шұбырады сәт сайын,
Құзғын пиғыл қапы кетер тұсты аңдып.

Қашанғы ол қара түнді мекендеп,
Қайта-қайта қан түкіріп жөтелмек.
Кейде ойлаймын, ең бақытсыз сол пенде
Есі кетіп ғашық болса екен деп.

Мүмкін содан сәулеленер түйсігі,
Ізгілікке, іңкәрлікке исініп.
Күнгей жаққа бұрар сосын керуенін
Кеудесіне күмбір-күмбір күй сіңіп.

Мүмкін сосын қараулықтан қайтар ол,
Мүмкін сосын адам жырын айтар ол,
Махаббаттың иесі мен киесі
Сайтанды да сұмдығынан қайтарар.

Ейй, жан көкем, көкірегі көк теңіз,
Осы бала қызбалау деп сөкпеңіз...
Жүрегі ерте мұздады –ау деп сөкпеңіз...
Әуейі мен әумесердің үстінен,
Шаршай-шаршай қанат қағып өткеміз...
Оған куә жердегі өсек, көктегі із...

Ейй, жан көкем, көкірегі көк теңіз...

Рас, ақынның бір сәттік көңіл-күйін, эмоциясын көрсететін өлең. Бәлкім, ақынның ішкі есебінде өлең арқылы кек алу жатқан болар? Білмеймін... Өмірде ақынды көрген емеспін, әлеуметтік желіде бір-екі рет жұмыс бабымен сөйлескенім болмаса, жақын танымаймын. «Әдебиет» порталының сауалнамасына берген жауабы ұнаған. «Біреуге жақпай қаламын- ау» деп жалтақтамайды, ешкімге жалпақтамайды. Ақынның жандүниесіндегі күрсіністі, мұң мен өкінішті, ең бастысы, поэзияға адалдығын, тазалығын сезем.

«Өлеңді кек алу құралы ретінде пайдалануға бола ма?» дерсіз? Бәлкім, бұл ақынның қорғануының бір формасы шығар? Өлең туды. Оқырман оқыды. Біреу ұнатты, біреу сынады, біреу қабылдады, біреу қабылдамады. Ең бастысы, ақын өзінен өзі арылды, тазарды. Қоғамнан, өз ортасынан психологиялық соққы алып, депрессияға түсіп бара жатқан ақын-жазушыны құтқаратын да – жазу. Біздіңше, Әлия ішіндегі дертті, мұң мен ренішті сыртқа шығарды. Егер ақын бұдан кейін мұндай сарындағы өлең жазуды әдетке айналдырса, (өлеңді жеке басының мүддесіне пайдалана бермеуге Әлияның интеллектісі жетеді) оқырманын жоғалтып алатыны анық. Ақынның шығармашылық лабораториясын ашу үшін өзін аз-кем әңгімеге тартып едік.

Әлияның түсінігіндегі поэзия дегеніміз не?

«Меніңше, нағыз поэзия – дерт. Психикалық деуге де келеді. Ол сұлу сөзден, келісті тіркестен тұрады дегенге келіспеймін. Қазір ғой, «әдемі», «мөлдір», «аспани» деген секілді теңеулермен әспеттелген поэзия озып тұр. Бұл болмайды ғой... Жанның дерті, пенделігің мен арыңның шарпысуы, жек көру мен сүю секілді сезімдерді сол күйінде жеткізу – әрі қарапайым, әрі қиямет болуы тиіс шығар. Ол үшін нағыз ақын Құдайдан келген түйсіктің иесі болуы керек шығар. Ол ақын жазбайды. Ол Құдайдың сыбырын жеткізетін бір дәнекерші шығар...» дейді алабұртқан ақын.

Рас, жазу – дерт, жазудың азабын, жаза алмаудың азабын табиғатынан талантты адам жақсы түсінеді. Жандүниесіндегі азапты ақынның өзінен басқа ешкім түсіне алмайды. Біздіңше, Әлия – Құдайдан келген түйсіктің иесі.

Кім үшін, не үшін жазады?

«Өлеңді не үшін, кім үшін жазатынымды өзім де білмеймін... Адамның ішкі стержені болады... біреулерде тіпті жоқ сол. Негізгі көп нәрсе сол ішіңдегі нәрсеге, сосын ішкі сыныңа байланысты» дейді.

Шын ақынның, шын жазушының ғана ішкі сыны мықты болады, ішкі сынымен келіспей, ымыраға келе алмай, дүрдараз күй кешеді.

Ол өлеңді «пайдалана» ма?

«Рухты поэзия жазасың деп жатады. Ол – рас. Маған адуын, тегеурінді нәрселер жақын. Ол енді топырақтан да болатын шығар... Айтқым келгенді, айқайлап айтуға болмайтынды айту үшін өлеңді пайдаланатынымды жасырмаймын. Иә, мен кейде өлеңді пайдаланам. Құдай кешірсін...

Бірақ материалдық игілікті көздеу үшін емес. Поэзия – жанның ауруы деп айттым ғой. Жазылу үшін жазам» дейді ақын.

Өлеңді пайдаланатынын ақынның өзі де мойындайды. Мойындау, шындыққа тіке қарау, шындықты айту – нағыз ақынға ғана тән қасиет.

Өлең жазбай, мүлдем жазбай өмір сүре ала ма?

«Сегіз жылдай жазбағанмын. Қайта жазып жүргеніме алты-жеті жыл болды. Бірақ осы өлең кімге кеерк деп, кім үшін жазам деп емес... Жаза алмадым... Өлеңді сағынғанған қайтып оралғам жоқ. Өлең өзі тастағысы келмеді мені... Солай түсінем. Ешқашан өлең жазбағандай, ешқандай бейдауа хал кешпегендей күндерді өткергем» деп шынайы жауап берді.

Әлия «өлең өзі тастағысы келмеді мені...» десе, ақынның эмоцияға беріліп айтқаны емес, шынында да, солай секілді.Керісінше бұл ұзақ үзіліс Әлияның шығармашылығына ерекше серпін берген секілді.

Ақын әріптестерінен кімдерді мойындайды? Кімдерді мойындамайды?

«Күлбілтелемей айтар болсам, көзі тірілерден Есенғали, Светқали поэзиясына басымды иемін. Олар – генийлер... Замандастардан Талғат Ешен, Ерлан Жүністі мойындаймын.

Махамбетті өлгенше сүйемін. Бұл – менің екі дүниедегі шындығым».

Өкінішке орай, Әлия Дәулетбаева кімдерді мойындамайтыны туралы айтқысы келмеді.

Фариза да ет пен сүйектен жаралған пенде. Әлия ақынның жеке басына табынып кетпей ме?

«Жоқ. Олай ойламаймын. Фариза апайға менен де жақын көптеген қыз-жігіттер болды. Және олардың бәрі Батыстан емес. Солардың бәрі жақсы көрді апайды. Әлі сағынады.

Фариза апай – тұлға. Сондықтан да, ол жөнінде аңыздың да, ақиқаттың да болуы заңды. Адамдарды байланыстыратын бір тылсым нәрсе болады.

Мен қанша күйкі тірлікке салынып, елеусіз, мұңсыз жүрген күндерімде ол кісі мені бір сәт те көзінен таса қылмады. Оның басқа жұмысы жоқ па еді? Анау Атыраудың Дендерінің бір ауылында бала туып, жаялық жуып отырған адамға Астанадан іздеу салудан жалықпайтын апамның қылығына таңғалатынмын кейде.

Ол маған сенді. Мен оны шексіз жақсы көрдім. Әрбір үнінің иірімі, әжімінің сызығына дейін сондай етене. Мен оның жеке басына емес, артынан ерген жасқа деген сенімі мен мейіріміне табындым.

Атырауда апамның атында клуб құрдық, жеке кабинет ашылды. Пафоссыз шындығым: Оңғарсынованың аты біз үшін – бренд. Тірісінде шуағына бөлеген Фариза апайдың көзі кеткенімен, есімінің өзі біреулердің тірі сұлбасынан артық қуантты.

Тұтас ұлт құрметтейтін тұлғалар болады. Тұлғалық қасиетке жеткен. Оларға ешкім көлеңке түсірмеуі тиіс. Ұлт үшін. Елдің рухы үшін. Оразалиннің бір өлеңінде бар ғой: «Алаштың аспанын әруақтар тіреп тұр» деген. Фариза апай сондай діңгектің бірі ғой» дейді Фариза ақынға деген сағынышы мен шынайы құрметінен ешқашан айнымайтын Әлия.

Бізде тұлғалардан пұт жасау бар. Өз қиялымыздағы тұлғаны биікке шығарып қоямыз да, оны «жекешелендіріп» алып, қызғыштай қорғаймыз. Оның жеке басының кемшілігі туралы бір әңгіме айтуға болмайды. Әсіресе, әруаққа айналған тұлға туралы. Мысалы, Фариза Оңсарсыноваға да көзі тірісінде, «Шабытқа» қатысты ренжіген талантты жастар болды. Бірақ мен бұл туралы Әлияға айта алмадым. Себебі, мен оның Фариза ақын туралы жасап алған әлемін кірлеткім келген жоқ. Әлияның Фариза ақынға деген шынайы құрметіне қызыға қарадым. Бәлкім, Фариза ақын Әлияға жасаған жақсылықты басқа бір қаламгерге де жасаған шығар... Бәлкім, олар Фариза ақынды дәл Әлиядай әспеттемейтін шығар, білмеймін... Әлия маған Фариза ақынның ғана емес, біреудің өзіне жасаған инедей де жақсылығын ұмытпайтын, тым сезімтал, жүрегі тез жараланғыш, бәрін жүрегіне қабылдайтын, жүректі ақындай көрінеді.

Ол шығармашылықта өзіне қандай талап қояды?

«Өлеңге шынымды айтамын. Еңбекқор ақын емеспін... Жанымды қоярға жер таппағанда, әбден «толғақ» безектеткенде жазам... Сосын ешқандай өлең жазбағандай жүрем. Мен шынымды айтсам, әлі күнге жанымның нені қалайтынын білмеймін... 17-18 жасымда солай едім. Қазір жасым 40-та. Әлі солай. Психика тұрақтанбаған дейді ғой. Өлеңді бәрінен қызғанамын... Бір күні өзіме көңілім толмай отырады, бір күні өзімнен асқан ұлы ақын жоқтай отырам. Мұндай жағдайда қандай талап болуы мүмкін.

Менің өлеңім – менің әлемім. Өзімнің... Оған балаларым да бас сұға алмайды. Тірлікке түсіп кеткенде ызалана бастайсың... Ең басты талабым: жүрегімді кірлетпеуге тырысамын».

Ақынның өлеңдерін оқып отырып, оның өлеңге шынын айтатынын, тіліп айтатынын байқаймыз. Өткір, өжет ақын, рас, кейде өлеңде асырып айтатыны да бар. Әлеуметтік желіде сұхбаттасып отырып, оның әлеміне, шынайылығына ғашық бола бастадым.

Оған әдеби орта Авгийдің ат қорасын елестетпей ме?

«Саяқ жүргендіктен әдеби ортаны қажетсініп, бас қатырмаған екенмін. Менің дәл қазіргі қабылдауымда әдеби ортада көріп жүргендерім: атағы атанға жүк боларлық халтурщиктер мен олардың маңына топтасқан соның жарапазанын айтушылар... Және біздің сорымызға олар біреу емес, бірнеше сондай топ. Ол топтар бірімен бірі бітіспейді. Сонда солар не ойлап жүр дейсіз? Әдебиеттің, елдің қамын ойлайды дейсіз бе?.. Жоқ!

Әр өңірде әдебиетке діңгек боларлық қадау-қадау тұлғалар бар. Олар еш топқа қосылмайды. Таразда – Несіпбек Дәутайұлы, Маңғыстауда – Светқали, Ақтөбеде – Мейірхан Ақдәулет секілді... Мен үшін саяқ боп көрінеді осы кісілер...

Мінбердегі мақтау риясыз болса, қанә, лайықты болса, қане? Сыйлық туралы айтар болсам, мен қазір әдебиетте қандай сыйлық барын білмейді екем...» дейді ақын.

Бізге де Нәсіпбек Дәутайұлы, Светқали Нұржан, Мейірхан Ақдәулет – ары мен ұятының тұтқыны секілді көрінеді. Бәлкім, Әлия қазақ әдебиетінде қандай сыйлық барын білетін шығар, бірақ оның шығармашылығына танымал ақындар жоғары баға бергенде де, Атыраудың бір түкпірінде, бір ауылда «тығылып» өмір сүріп жатқанына қарап, оның сыйлық пен мансаптың жолында өзінің ары мен ұятын саудаға салмайтынына күмәніміз жоқ. Ол да маған Жанна Елеусіз секілді шығармашылық жалғыздығын аялайтын ақын секілді көрінеді.

Оны қандай сұрақ мазалайды?

«XXI ғасырдың аяғына таман қазақтың қанша ақын-жазушысын әлем таниды?» деген сұрақ» дейді өзі.

Бұл қазақ әдебиетінің болашағына алаңдайтын қаншама ақын-жазушыны толғандырып жүрген сұрақ екені рас.

Адамның тағдыры секілді әр өлеңнің тағдыры бола ма?

«Болады, егер ол өлең шынымен сенің қаның мен жаныңа суарылып шықса... Егер өлеңге шыныңды айтсаң... Жазмышты өзгерте алмайтынымыз секілді, өлеңді де өзгерте алмаймыз. Әр өлеңнің тағдыры болады дегенге сенбеймін бірақ...

Тағдырлы адам деп біз қиямет-қайымнан өткен жандарды айтып жатамыз. Өлең де сол ғой. Сұрапыл әсерден немесе сәттік жарқылдан туған өлеңдер болады... Менің Махамбетке арнаған бір өлеңім бар. Табыл ақынмен бірге оның «УАЗымен» Дендердің ойқы-шойқы дөңес-қыраттарын басып өтіп, Қаройға бара жатып жол үстінде жазғанмын. Әлі күнге ыстық. Табылдың ұлы Абыл 5 сыныпта оқиды. Менің ұлым 5-те. Екеуін аталарының басына апарғанбыз. Сол өлеңім тағдырлы еді. Немесе, өткен жылы жер дауының кезінде Атыраудағы Исатай-Махамбет даңғылында теңселген жұрттың арасында жүрегім тіксінгенде жазған «Мен бүгін алаңда» деген жырым да сол секілді. Ал графомандықпен «Бүгін бір өлең жазып тастайын» дейтіндерді көріп жүрміз. Өлеңді құрастыратындар бар ғой. Тағдырды қайтып құрастырасың?..».

Рас, Әлияның «Мен бүгін алаңда» атты өлеңі – тағдырлы өлең, терең, ақиқатты жырлаған өлең.

Мен бүгін алаңда
Жанарым боталап,
Өзім де сезбеген бір сырға қаталап.
жүрегім дірдектеп дүбірден,
жалғанның жүзіне үңілгем.
Мың ғасыр көшкендей көзімнің алдынан,
Мыңдаған періште ұрғандай шапалақ.

Мен бүгін алаңда
Елеусіз һәм ессіз пішінде,
Көз салғам анау тас мүсінге.
қоғамның өзгерсін шапаны,
адамның өзгерсін зат, ары,
Бәрібір ұлт үшін майданның,
Ешқашан бітпесін түсінгем.

Мен бүгін алаңда
Көсемсіп шешетін керемет дауыңды,
Көзіммен іздегем «зиялы» қауымды.
Ұл көрдім тотыққан желменен,
Қыз көрдім шындыққа шөлдеген,
Тіпті бір кейуана шер төкті тілінен,
Ал менің жүрегім ғалааамат ауырды.

Мен бүгін алаңда,
Үмітсіз үрейге жұтылдым.
Өзімнен жеңілдім, ұтылдым.
Жып-жылы үйінде отырып,
Сұлу сөз жазғаны өтірік,
Талайдың пердесін сыпырдым.

Мен бүгін алаңда,
Жек көрдім өзімді, өлеңді,
Күнәсіз шап-шағын әлемі,
сөйлей де алмайтын әдемі
біз сезген биіктен даралау,
жандарға кезіктім жаны алау.
Жолында садаға кетейін,
Тобырға теңеп көр сен енді.
Тобырға теңеп көр сен енді!...

Жо-жоқ, бұл ақынның қоғамдық мәселеге «қатардан қалмайын, ақынмын ғой, ештеңе жазбасам жұрт не дейді?» деп үн қосқан, «қатардағы өлең» емес. Бұл – жүрекпен, ақынның қанымен жазылған өлең! Тобыр – халық емес, халық – тобыр емес. Тобырға ұлттық мүдде, ұлттық намыс керек емес. Ал халық ұлттық намысын ешкімнің аяғында таптатып қоймайды. Ақын «Жып-жылы үйінде отырып, Сұлу сөз жазғаны өтірік, Талайдың пердесін сыпырдым» деп әріптестерін сөзімен түйреп өтеді. Ақын қоғамдық мәселеге ешқашан үн қоспайтын, өлеңді жеке басының мүддесі үшін саудаға салатын жазармандардың «бетпердесін» сыпырып тастап, олардың болмысын жалаңаштап көрсетеді.

Әлияның жалғыздығы – шығармашылық адамының жалғыздығы, ол әлеміне ешкімді енгізкісі келмейтін эгоист. Шын талантқа эгоистік тән. Ол өлеңде өзінің жан жарасын жасыра алмай жүріп, өзгелердің көз жасын сүрткісі келеді. Ол өлеңімен оқырманын ғана емес, өзгелерді де жұбатады.

Ол о бастан...

Жалғыздық деп аталатын аралдан

армандарды аспан жаққа жоғалған,

сезімдерді күзгі бақтай тоналған,

сосын мына бақытсыздау қоғамнан,

өңменіне от инелер қадалған

қасіретке мәңгі жолдас боп алған

Мұңлықтардың сүрту үшін көз жасын,

Махаббаттың жыршысы боп жаралған...

Ол о бастан...

Дүниені дүмбілездер жайлаған,

Шешендерді тілі ғана сайраған,

Дарындысын жел өтіне байлаған,

Қарындысы тағдырлармен ойнаған

Көркеудесі құдайлықты аңсаған,

Өркеудесі өксіп-өксіп шаршаған,

Өзектерді у татыған емдеуге,

Ақиқаттың жыршысы боп жаралған...

Ол о бастан...

Өз ойымды өзіме өзім дұшпан ғып,

Өзімді өзім сүрінтетін тұсты аңдып,

Өртенгенде өліп-өшкен сезімнен

Өн бойымды билегенде құштарлық.

Бақытымнан бас тартқанда амалсыз,

Жүргенімде мұңсыз әрі ғазалсыз.

Мың үмітім кеткен кезде шетінеп,

Менің ғазиз жүрегімді жетімек ,

Тербеп қана оятуға ұйқыдан

Жаралған ғой мен білсем...

Ол о бастан...

Әлияның поэзиясы: қара өлең, әрине, рухты өлең, тек қара өлеңнің жаңарған формасы (ақынның ізденісінен туған). Әлияның шығармашылығында ақынға тән «Мен» алдыңғы планда тұрады, бірақ «Мені» мен «менікінің» арасында «қашықтықты» ақын сақтайды. Әлем әдебиетін жақсы білетіні, әлем әдебиетіндегі ағымдардан, әдебиеттің бүгінгі тенденциясынан хабары бары байқалады.

Ақиқаттың шыққан төрі – абақты!..
Тіпті менің өзімнің шындығым да,
Сыртқа бермес сұрапыл сұмдығым да,
Ешкім куә болмаған ұрлығым да
Жан баласы есігін аша алмайтын
жекеменшік түрмемде булығуда.

Жекеменшік түрмем бар, шыным, күнім,
Көлгірсуден жан салмас жырындымын.
Ұран салып қайтемін ондайлардың,
Ұра –жарға талайы ұрынды мың.
Құлағанда қапыда құлын-жырым,
Қарға ғұрлы болмаған құным бүгін.
Сосын...сосын миықтан бір жымиып,
керіп қойдым мен де бір шымылдықты,,
Жезөкшенің арындай жұлым-жұлым...

Отансызды тербеткен Отанды ойлап,
Азап шеккен ана жыл атамды ойлап,
Болашағы белгісіз ботамды ойлап
Бәрі бітіп, содан соң жаһанды ойлап
жүргенімде желге айтып арманымды
Халқым өзі шырмады кермесіне,
Жүйрігі мен жабысын қатар байлап.

Өлеңнің бірінші жолын оқи бастағанда жүрегің шым етеді. «Ақиқаттың шыққан төрі – абақты!..» дейді ақын. Рас! Есіңе Мағжан түседі, алаш арыстары түседі. Шындық үшін күрескен, шындықты айтамын деп абақтыға қамалған бүгінгі күннің кейіпкерлері түседі... «Адам өмірінің мәнін іздеп емес, өзімізді өзіміз қалай құтқарамыз, қалай сақтай аламыз, шындықты айта алмайтын рухани мүгедектіктен қашан арыламыз?» деп шарқ ұрасың. Шын мәнінде, шындықты айта алмаған әрбір адам рухани қылмыскер. Әлия осыны бетімізге басады. Жағымыздан шапалақпен тартып-тартып жібереді. Бізге тек жақсы өлең жазып, көлеңкеде көрінбей отыратын ақын емес, жақсы өлең жазатын, ақиқатты айтатын ақын керек. Әлияның шығармашылықтағы шындығы – қоғамның шындығы.

Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар