Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұржан Сәлімов: Кеудені жарып гүлдеген өлең...

16.09.2017 2126

Нұржан Сәлімов: Кеудені жарып гүлдеген өлең...

Біздің ауылда Орынбек деген ерекше жан өтті. Біраз жыл туған өңірде ауыл шаруашылығы саласында шопыр болып еңбек етті. Алыс-алыс ауылдардың арасын қысы-жазы бір тынбай көлігімен шарлап жүретін. Орекеңнің талай жылғы еңбегінің өтеміндей қара жердің бетіне салған қасқа жолы әлі күнге дейін сайрап жатыр. Орекең «біртүрлі» адам еді. Бір қызығы ол кісі кәдімгі салынған, бұрын біреулер шиырлаған сүрлеумен емес сол жолдың жанынан өз жолын бәдіздегісі келіп тырбанып бағатын. Достары оның біржосын тірлігіне таңырқап, «әй, дайын тұрған жолмен жүрмей өзіңе бейнет тауып алатының не?» деп қыжыртып алушы еді... Бірақ, оған көнетін адамың ол емес. «Әй, өңшең білместер» дейтін шиыршық ата сөйлеп: «Мен біреудің салған жолымен жүре алмаймын, жүргім де келмейді. Менің өз жолым болуы тиіс» деп тоқтайтын.

... Нұржан бауырымның өлеңдерін оқып отырып санамда көмескі тарта бастаған Орынбек ақсақалдың бейнесі есіме түсе берді. Нұржанның қаламынан туған осы бір шағын ғана өлеңдерден өзін шарқ ұрып іздеген, өмірге басқаша көзбен қарайтын тынымсыз жүрек лүпілін аңғарасыз. Жас талаптың жырларынан Қадыр Мырза Әлі мен Жұмекен Нәжімеденовті көп оқығаны байқалады. Тапқыр да ойлы өлеңдерімен ел жүрегінен орын алған ақындардай болсам деген арманның ұшқынын көргендей күйдеміз. Талапты өреннің өлеңдері алғаш рет жарық көріп отыр. Өлеңдерінде әдемі тіркестер, қиюын тапқан жолдар кездескенімен әлі де қарап, жонып-қырнайтын тұстары бар екен. Бастысы, поэзияға деген іңкәрлігі, шынайы сезіміне қылау түспесін. Ары қарайғы шығармашылық жолы өзінің ізденісіне байланысты. Нұржанға сәт-сапар тілейміз!

Олжас Қасым

Нұржан Сәлімов

БҚО, Ақжайық ауданы,

Базаршолан ауылында 1993 жылы,

22 қаңтарда дүниеге келген.

Қазіргі таңда Астана қаласы,

Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің студенті.

Салқындық лебі

Сағынышымның түсі көмілген,

Күз көңілімнің ішіне бірден.

Қысқы киіммен түсіме кірген,

Сұлуды қалай түсінемін мен?!

Сарғайған бақты гүлдетер менің,

Жылуым жетпей жүр ме екен дедім.

Шешімін таппай осылай ғана,

Сенімсіз ойды бір мекендедім.

Сөгіле кетіп кестесі нұрдың,

Кешегі мұңды еске түсірдім.

Түндегі түстің құпияларын,

Келесі күні кеште түсіндім.

Сөйлетпей тілді желімдеп менің,

Сезін деп серім сезім кеткенін.

Сездірген екен ыстық жүрекке,

Салқындық лебі келіп жеткенін.

Көзқарас

Көз алдыңда өткенді жүрегіңде,
Сақтай беру жөн емес есте де көп.
Мен ойлаймын шынымен бұл өмірде,
Өзгермейді дейтіндей ештеңе жоқ.

Арам - жақсы ойымен сан соқтығып,
Қайтер едің адалдар талап жатса.
Жақсы деген кездерің сан соқтырып,
Жаман деген мезгілің бақ орнатса.

Қуанышың өкінтіп,
Сірә жыққан
Қайғы кетсе бір мезет тойға айналып.
Тәтті уылтып тіліңнен шығарып қан,
Ащы жатса ішіңе майдай жағып.

Құлай сүйген адамың аттап ардан,
Басқаға арнап сезімін түн ұрласа.
Бағынбаған көкірек,тәкаппар жан,
Сенен басқа адамға жымимаса.

Қайтер едің кеш деген тым ерте боп,
Ерте бардым дегенде бөгелсеңіз.
Салмақты деп жүргенің бір еркелеп
Ерке адамнан салмақты өң көрсеңіз.

Жығылмағын төбеңнен мың сан рет,
Табанымен тепкілеп тұрса да өмір.
Қыс болса да өлмейді жусан - жүрек
Күз келсе де сарғаймас шырша көңіл.

Біз деген...

Біз деген іздеген жандармыз,

Өмірден

Көңілден

Төгілген жылуды...

Сезбеген, білмеген жандармыз

Бақытты болуды

Бақытты қылуды...

Жараңа жақпаймыз, науқасың батты ма?

Улауға сақтаймыз, таптырмас затты да

Емге біз.

Тойынып тасынса жарлыға қол созған,

Өзінен асырса жарыла қызғанған

Пендеміз...

Сәнінен шамалы өмірім керім деп,

Бәрінен жоғары орыным менің деп

Ойлармыз.

Жылтырын жалауда таңдайы кеппеген

Жыртығын жамауға жағдайы жетпеген

Байлармыз...

Еттерге жібімей, тастарға жаққаның,

Ақылың шегінен асқанда тапқаның

Су милық.

Жаураса жуынды, өйткені батыр деп,

От жағып жылынса, өртеніп жатыр деп

Су құйдық...

Уақыты өтпеген сезімге қуанбай.

Бақыты көктеген кезінде суармай

Оратын.

Көңілдің тарлығы шығынға әкеліп.

Осының барлығы шынында қателік

Болатын...

Жандармыз біз деген...

Өмірден.

Бір сәуле іздеген.

Мүмкін

Келмейтінді келер дейтін

Сенбейтінді сенер дейтін

Тұр ойлар.

Іркіліп, іркілмейтін

Өмірде «Мүмкін» дейтін

Бір ой бар.

Сенімсіз бас иетін

Бұл ойдың қасиетін

Біліп қал

Мүмкіннің құрамында:

қорқыныш, сұрақ, ынта,

үміт бар.

Жақтайды, жақтамайды ол,

Сақтайды, сақтамайды ол

Кеселден.

Жағымсыз үні көркем

Ол тірі бүгін, ертең.

Кеше өлген.

Мүмкін емес – мүмкін елес,

Мүмкін де мүмкін емес

Біртүрлі ой

Ойымның дұрыс болуы да

Немесе бұрыс болуы да

Мүмкін ғой...

***

Ұмытамыз, ұмытыламыз,

Түсеміз еске кейде тек.

Өмір талабы керек кездер мен,

Көрген сәттерде сөйлетеді.

Алыстап кетсе жерлерге жырақ,

Құлақ естімес, көз көрмес.

Хабарсыз жанның тынысы бірақ,

Кінәлағаннан өзгермес.

Көңілден жойып тастамасаң да,

Өкпеңнің өзің тый күшін.

Патша болсаң да, басқа болсаң да,

Қасында ғана сыйлысың.

Суменен күйіп, отпенен еріп,

Өкпені талай жастандық.

Біреуге ренжіп, өкпелегенің -

Өзіңе қылған қастандық.

Сондықтан солай көп елемеймін,

Жағдай сұрауды жалаңдап.

Өкпелетсем де өкпелемеймін,

Өзіме қатты алаңдап...

***

Жас едім ғой мен, жалын да едім,

Тіршілік етсем жалындар едім.

Құлшылық етіп үлгермей жатып,

Қалмады жылу жанымда менің.

Кеудені жарып гүлдеген өлең.

Кезер ем ғалам жыр кемеменен.

Көбірек ғұмыр кешетін болсам,

Шығар еді ғой бірдеңе менен.

Тұлға болар ем ту ұстар. Бірақ,

Ұстаған бағым уыстан құлап.

Еңіреп қана еске алады енді,

Достарым қимай, туыстар жылап.

Ыстық екенмін, керек екенмін,

Бақытты сезбей керемет тегін.

Өзім де бірақ кінәлімін ғой,

Өмірден ерте неге кеткенмін?

Осылай екен жалығып мүлдем,

Жібек қиялды жамылып көркем.

Өзімді ойша өлтіріп тастап,

Басқа жүрекпен сағынып көрсем...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар