Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Харуки Мураками: Мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын...

18.09.2017 1961

Харуки Мураками: Мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын...

Харуки Мураками Жапонның белгілі жазушысы. Бұл оның 1963 жылдан бері Иерусалимдегі халықаралық кітап жәрмеңкесінде екі жыл сайын беріліп тұратын Иерусалим әдебиет сыйлығын алған кезде сөйлеген сөзі. Аударма Қытайдағы қандастарымыз шығаратын «Оқырман өресі» журналынан алынды. Аударған Қастер Бауыржанұлы. Төте жазудан кирилл қарпіне түсіріп, әзірлеген Ербол Алшынбай.

Мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын...

Мен бүгін жазушы ретінде Иерусалимге ат басын тіредім. Біз, жазушылар, кәніккен өтірікшіміз. Әрине бұл жазушы ғана өтірік айтады дегенді білдірмейді. Саясаткерлер де, сыртқы істер минстрі де, мүйізі қарағайдай генералдар да, тіпті, қасапшылар мен құрылысшылар да бұдан қағыс қалмайды. Алайда, жазушыны ешкім жазғырып жатпайды, керісінше, өтірікті қаншалық шеберлікпен нәшіне келтірсе, жұрт аңысы соншалықты жақсы болады. Неге дейсіз ғой? Мұның себебі, жазушы болған адам тігісі жатық, шебер тілмен өтірікті қиюластырып, шын болғандай туынды жаратады. Міне, осылай шын болмысты қазып алып, оны мәнге бөлейді. Шындықты қаз-қалпында жазу шығарманың шығар жолы емес. Біз шындықты болмыстан алып шығып, қиял көгімізде самғатамыз. Дей тұрғанмен, жазушы пақырдың жүрек түкпірінде ащы ақиқат қайнап жатады. Мұның өзі жазушы шығармашылығына ауадай қажет алғышарт.

Бірақ, мен бүгін өтірікке ерік бергім келмейді. Шынымды айтуға бекініп отырмын. Жыл бойы бірнеше мәрте шын сөйлеймін. Міне, бүгін сол күннің кезегі келіп тұр. Елдегі азаматтардың талайы менің Иерусалим әдебиет сыйлығын алуыма қарсы болды. Тіпті, ескерту жасап, егер айтқанын істемесем, кітаптарымның жарқ көруіне тыйым салмақ та болды. Мұның басты себебі – Газа мәселесі. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сенсек, осындағы атыс салдарынан мыңнан артық адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі, қолында көк темірі жоқ бейкүнә қарттар мен балалар екен.

Марапаттау шақыруын алған соң, осындай ерекше кезеңде Иерусалимге баруым дұрыс па, әлде қате ме? «Барсам қақтығыстың бір жағын қолдау немесе құрал көтерген күшті елдің шашбауын көтергендік болмай ма?» - деп көп ойландым. Әрине кітабымның басылмай, шектеуге ұшырауын да қаламаймын. Сан толғана келе, ақыры келуді таңдадым.

Ең әуелі, осында өздеріңізге жеке құпиялығым, шығарма жазудағы басты ұстанымымды айтқым келді. Мылқау дуалға соғылған нәзік жұмыртқа мен дуал арасында, мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын. Иә, Мейлі мызғымас қабырғаның қылшықтай қателігі болмаса да, жұмыртқанікі қаншалықты жөнсіз болса да, мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын. Басқалар ақ пен қараны айырамыз деп дал болар. Бәлкім, таразы уақыт пен тарих өз тезіне сала жатар. Бірақ, әлде бір жазушы қабырға дуалдың қалқасына өтіп, оның сойылын соқса, шығарманың не құны болмақ...

Аталмыш мысалымызда нені меңзеп отырмыз? Бомбалаушы ұшақ, танк, зымырандар – әне сол биік дуалдың символы. Ал, жұмыртқа ше? Ол қолында темірдің сынығы да жоқ, сол қарудан қырғын көрген қара халық. Бұл мысалымыздың астарына үңілсек, біз барлығымыз нәзік жұмыртқамыз. Қағаздай қабыршаққа бөленген уыз рухтың иесіміз. Өмір сапарымызда биік қорғанмен бетпе-бет келетін кездеріміз бар. Менің шығарма жазудағы табан тірер тиянағым – әр тіршілікке деген өскелең құрметім және бар тіршілікті рухтың шүлен шұғыласына шомылдыру. Туындыларымның айтары да – сол рухты тонатпай, жұртты жүйенің құрсауынан құтқару. Мен білгенде, жазушының діттегені пенделік ғұмырдағы өлім мен өмір, махаббат пен үрей, толықсыған сезім мен кіршіксіз күлкіні әңгімелеп, жан иесінің сыршыл жүрегін қытықтап, ғажап өмірдің аяулы екенін сездіру. Міне, бұл менің қызықты өмірге қырғидай тиіп, тоқтаусыз туынды жаратуымның себебі.

Былтыр әкем тоқсан жасында қайтыс болды. Мұғалімдіктен демалысқа шыққасын, пұтханада мінәжатын жалғастырды. Жас кезінде Токиода оқып жүргенде, мәжбүрлі түрде әскерге алынып, Қытайға соғысқа жіберілген еді. Соғыс көрмеген мен, оның әркүні таңғы астан бұрын үйдегі пұттың алдында ыждағатпен мінәжат етіп отырғанын көріп, таңдана қарайтынмын. Бір ыңғайы келгенде әкемнен себебін сұрадым. Ол «мінәжаттың бәрін соғыста құрбан болғандардың рухына арнаймын. Мейлі ол саптасым, әлде, жауым болсын» деп жауап берді. Сонда мінажат еткен әкемнің ту сыртынан қарап отырып, айналаны өлімнің елесі қаптағандай сезінуші едім. Әкем өмірден озды. Ол өзінің мен мәңгі сезіне алмайтын естемелерін өзімен бірге ала кетіп, маған өлім қаптаған елесті қалдырып кетті. Мен үшін бұл ол кісіден қалған мардымсыз дүниелердің ішіндегі ең маңыздысы еді.

Ал, бүгін көпшілікке айтайын дегенім, біз ең әуелі шекарасы, сенімі, ұлты айырылмаған дара тұлға ретінде жұмыртқамыз. Ал, бетпе-бет келіп тұрған «жүйе» деп аталатын мылқау дуал қанша зәулім, құрыш болғанымен, оған қарсы келу үшін біздің бойымызда мүлде қайталанбас рух бар екенін, осы рухтардың тоғысуынан туған ғаламат күштің оны жеңетініне сенуіміз керек.

Бір сәт болса да уақыт шығарып, мынаны ойлауымыз керек. Барлығымыз асқақ тірі рухтың иесіміз. Мұндай қасиет жүйеде мүлде болмақ емес. Біз жүйенің қанауына көнбей, қайта еркімен кеткен жүйені тектеуіміз керек. Өйткені, жүйе бізді емес, біз жүйені жаратқан едік қой. Міне, бұл менің бүгінгі сіздерге айтайын дегенім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар