Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Марлен Ғилымхан: Ай көзінен сөгіліп құмбылдығым құ...

19.09.2017 7052

Марлен Ғилымхан: Ай көзінен сөгіліп құмбылдығым құшқан ой...

Марлен Ғилымхан: Ай көзінен сөгіліп құмбылдығым құшқан ой... - adebiportal.kz

Марлен Ғилымхан – 1998 жылы 4-наурызда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда 2016 жылғы республикалық «Мен жастарға сенемін!» мүшәйрасының бас жүлдесінің сыйы – 1 жыл тегін оқу грантының негізінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де білім алып жатыр.

Алагеуім

Ауада – жердің иісі…

(Эльза Ульмер)

Сергек көңілмен ояндым... ұйқым да қанды.

Ішіндегісін ішкенмін көктегі ожаудың,

Сондағы әсер ме бөлеген сиқырға маңды?

Парақтан көрдім шұбалған шимайын түннің,

ЖаҺандағы ойлы жалғыздай қол тигіздім бе?!

...Неліктен ғажап кездерді өртейміз Күнге?!

Омақаласа жазуды оқып алдым да,

Сәттерді ақтардым қиялмен қоқыған қырда.

Жабығу дендеп дауысты күйреп ішкенге,

"Тәңір күбірін" тыңдаймын күйзелістен де.

Шаршаған сана тылсымға боялуды айтып,

Шақтардың "шаңына" илігіп пәк сезімдерім,

Тәнін аймалап бағымның қалжырап қалдым,

Түн кешкен ессіздігімді жоямын қайтіп?!

Зор санап әлін тұр біреу күштіге күліп,

Түтін билеп жүр сәуленің үстіне мініп...

Бірге билейік...

болмаған әлемімде ешкім,

Мүмкін, сіміріп алқызыл таңның бейнесін

жанымның бұрын естіген әуенін кештім?!

Салбырап басы арық тал тыңдап тұр оны...

Осылай келіп кете ме Ақынға бақыт,

Бұл үнді тыңдап алдым ба жатырда жатып?!

...Неге өмір төге береді жарығын бойға,

Менің шынайы күрсінген дәуірім қайда?!

***

Түйсігімді алдарқатар жоқ сағым,

Шалшық басты лапылдаған өртімді.

...Мүмкін, мұңның кезіп жүріп соқпағын,

Кеудемдегі Құдайымды өлтірдім?!

Қалтқы сынды қаңғыбас ой қалғыған,

Тән сырадан жиі іздейді сайранды.

...Жүрегіме жүрек еніп алды да,

Сезіміме айналды!

Дымқыл күйік дегдімесе кек күрер,

Көз - тым шамшыл, сөз - дертті.

...Өң-түсіме Өлең кіріп кетті де,

Өмірімді өзгертті!

Алаңғасар аспанымның астынан,

Жұлдыз ақты жамалынан жас тама...

...Қай бағыттың базынасына бас сұғам,

Қайда барып айналамын басқаға?!

Иллюзия

Ол отыр ма жарық көзін жұмғызбай,

Түн біреуді тәтті ұйқыдан тұрғызбай.

Ұстай қалсам сұлу Күннің белінен,

Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай.

Куәгерім - ауа да үнсіз қаңғымақ,

Жұлдыз біткен оянған ба қалғып ап?!

Шуақ барда елесін де еске алмай,

Тұрам сосын басым төмен салбырап.

Қанаттардың сусылында қалықтап,

Менен ұшып бара ма өзі жан ықтап?!

...Кең теңізді сүңгіп өтіп дем алмай,

Тамшы ұшында дірілдеймін талып қап.

Қалжырайды тінтіп інін тар ойдың,

Таныта алмай кеңістікке сана айбын.

Тілеуіне тілім иіп тәнімнің,

Жүрегіме сүмірейіп қараймын.

Кенет көңіл жанарына жас алды,

Ғайыпқа ертті өлеңі де масаңды.

Кеуде ішінен ес жаңыла кеуде аңсап,

Аспан әні айтылады қашанғы?!

Ту сыртымда Ай тұрады қашанғы?!.

***

Өзім ғана түсінетін өлеңнің өртін кешіп,

өзегіңе шоқ құйдым-ау...

онсыз да

сау тамтығы қалмаған жүрегіңді

сәт сайын дертің кесіп,

Мүмкін, сезім алдында

жиі ойлаумен жаныңның ынжықтығын,

дөңбекшідің,

иісім сіңген төсектен жылжып мұңың?!

...Жанарыңнан жасқанам жалт қараған,

еш кінә артпа маған!

Өн-бойымды менің де мұң қариды,

жаурап қалдым,

қабырғасын сипалап

қарашада құрбыңмен тұрған үйдің...

Жауын-шашын іргесін жепті, Көкем!

Ал, ішінде жоқсың ғой...

мен өзіңді

қай күніме қалдырып кеттім екен?!

...есімде жоқ!

Біздің мына жүріске "есім" керек!

Бәлкім,

болған бұрын...

сонда татып жүрміз бе сор қалдығын?!

Жол арбады, түсіндім, "ол" алдады,

Барлығы өзің күткендей

бола алмады!

Жолықтырам күз салған әнді қайтіп,

Сен шаршаған жоқсың ба,

жазғандарым туралы әңгіме айтып?!

Цифербург

Елегізумен еңсем өсірген тебіренуім,

Бұлыңғырдан бу ұшқан.

Бөгде күйде өнген қылық етіне Қырғи -

Еңірелі кім,

былдыр да бұлдыр дыбыстар...

Сылдыр қасиетінде қалқып жапырақ қанар,

Өртенген аспаптағы жасын үн.

Бұрқылынан бүтін әлпеттер қақырап қалар

бейнеден нота тасыдым

сырқырауға бейім сүйекке қатқан,

олжа сүйреген аңшыдай.

Ұйыған жанымның жасы иектен аққан,

инелік өңді тамшыдай...

Үркіген қиял үстінде қара ағаш қаңсып,

Көңіл терезесін ұрды ол да...

Бұғыша қарғыған буы араласқан су,

гүлді көтеріп тұрғанда,

пейілге пернелердегі аңсар аударар

майшамнан аққан қоймалжың.

Соршыл шылымдарын өртеп шаршаған қала

Шіңкілге құштар ойлардың!

Солғын қауыздың бойында базына балқып,

Жанарға жапты түн Айды.

...Балы сорыққан күннің сазына малтып,

Солықтаған жаным мұңайды...

Маталған бастардан безген топырағына

тамыр байлайды маң қилы.

Ол

сананың сары кеудесінде оқылады да,

Жүрек ішінде қалғиды...

***

Сен кетіп барасың...

Сұрағымды басыңа жүз бәле етіп,

Қимастықтан кеудең де сызға кетіп,

Қарға аунаған шақтардың ызғары өтіп,

Қайта оралмас сәттерді түстей құрап,

Қуанышың бойыңда піспей құлап,

Ешбіреуге тіс жармай, іштей жылап,

Өңіңменен жабырқау күйге кетпек,

Кескініңмен қабақты түйген ептеп,

Сағыныштың сұлбасын сүйрелектеп,

Боран ойың ұйытқып, таңда ысқырып,

Сезіміме амалсыз қар құштырып,

Жиі- жиі шаншытып жанды ішкі үміт,

Сұлу жүзден уайымды сорғалатып,

Соңыңдағы қалғандай жолда бақыт,

Жүрген сайын жүгіңді тонналатып,

Құштарлықтың қасына тағы аялдай,

Аңсап өтер күндерді санай алмай,

Артта қалған ауылға қарай алмай,

Уақытты ойлап екеуміз жолығыспақ,

Толқыныспен жаныңды соры қыспақ,

Бір ақынның жүрегін қолыңа ұстап,

Сен кетіп барасың...

Аномалия

"Сколько стихов не тебе посвященных..."

Жас көлкіген жанардай...

Ай көзінен сөгіліп құмбылдығым құшқан ой,

жұлым - жұлым жылдардан жанымды оқып жатырмын!

...бұйра - бұйра толқындай тұманыңа шақырдың.

Өкпе айтпайды...

біз өткізген түнге ешкім!

сор татыған сөздерден сыз сіңірген қаланы,

кеудем ішіп барады.

бұрынғыша...

сен күн сайын телміретін әйнектің

саңылауынан енген самал

ұрғылайды сананы.

...тас талқан ба таңғы өңің,

айлар салған айғыздан тән айдының тазармай?!

...Мен сенделдім,

күлім қаққан көзің күткен,

өзім күткен өлеңімді жаза алмай...

Кезбе бұлттай буылтық шұбатылған шексіздің

құрбандығы екенін

біле тұра, жүрегімді сұрадың!

Құлағымнан күн сыбырын сылдым да,

сөз құраған пақырдың құлдай құнсыз дертіне

жан арбалып...

саған барып жыладым!

Көктем келмей қойса ше?

Күлер ме едік?!

Қайтем, жұмсақ пейілдерді жер жеді...

Көңіліміз де енді алаң!

Қоштасарда

қораптағы соңғы талды тұтаттым,

қимастықпен қарадық...

Мен - түтінге... Сен - маған...

Селдір шашың секілді

иіледі сары гүл,

...мен оны да сүйе алмаймын бәрібір!

Барыңды өртеп сан мұңың,

Көшелердің көлгірсіген жаңбырын

шердей жұттың,

алайда,

Сен күнәдан тазасың,

Өмір емес...

"Өлең сүрген" жандардың,

қайталаған тағдырын!

Көп түңілткен күмәнді көкірегіңе ойған кім,

ғұмырды ессіз кешуді тоқтатуым

туралы

ерініңді тістеп тұрып ойландым...

болмайды екен...

Мен осындай аңқау... албырт Адаммын!

Көзім – өксік, сөзім – сор,

Сордан ұшқан сезім – шер...

Қатып қалған қағидаға бөтенмін,

... Пікірімдей қаңғыбас жазмышымды көтердің!

... Екеумізді баққа ораған кей шақтың

киімін жинап қоқыған,

осы сәтке алдағы Айлы түндерде

күліп қарап

отырам...

әрине,

Сен жылайсың...

есің жимай естеліктер отынан!

Түйсігімнің түйсінгені Тәңірге...

Сенің Ақын болғаныңда не кінә?!

Менің Ақын болғанымда не кінә?!

***

Мен...

Ессіздің өмірін сүремін!

Сөйлейді жапырақ алдымда,

Зиялы,

қияли бар ортам...

шұбырған жанның да,

...меңіреу маңның да,

уайымы жоқ менде.

Білемін!

Аяғы әктелген ағашпен

таң ортақ,

Жалғыздық қашқысы келеді,

жармаса беремін...

тым сұрғылт ойлардың сыртында

сәби жүр,

...үңілем.

Біреуден жалығам,

Біреуден түңілем, күтемін...

маңызсыз...

Есімде ескі үйдің есігі,

Аунақшып шығамын түнімен,

түстердің кесірі.

ойланам,

күндерім - бейсауат,

аңыз - сыз...

сезімде ендігі у,

Бұл -

жай ғана өзімнің түріме,

тасадан телміру.

әйтпесе, Барым - сол! Жаным - сол!

Тағы да...

қаңқыған қиялға шағылса өң,

Сандырақ қаптаған сәтімді

сағыншы...

Шаршадым...

бәріне кінәлі санам деп!

баянсыз жолдарды кезумен,

қашанғы жүреді адамдар...

амал жоқ?!

Қасиет

Анам...

Мен туралы түс көрген.

Үмітінің үрейінен шошынды ол,

Қою ұйқы қолындағы келбетпен.

Ажарында зіркілдеген алқыныс,

Жүрегінде жер кепкен,

Жанарында тұнған Бейне - Өмірге де

көшірме -

менің сорлы сыйлығым!

Тас төбемнен тарс еткізген тосын жол,

Өкпе құшқан ұйып таң...

Бұлғаңымен сылбыр күннің құйрығы,

Бағытынан жерінген Жел бұйыққан.

Бейқам ізді жұта салған аш түнгі ой,

Шақтың өкси беретіні қиындау,

Сенен емес!

Қасіретімнен қаштым ғой!

Ши шығарған қайғыруға бұйырмау,

Уыстағы тәтті уыз ба уақыт-құм?

Қарсы алдымда қалшылдаған тағдырға -

Өмірде бар Өлең үшін Бақытпын!

Арбауында Арым кетті Арудың,

Көкей сезім аңсайды екен күйгенмен!

Менің тауым шағылды,

Әлденені сүйгеннен,

Әлденеден жиренген жан жұбатып,

Таспен ұрып талдыруға мұңды алдым!

Ана,

мені көре бермесеңші түсіңде!

Мен - түгелдей суға толған зынданмын,

Қайнап жатқан Қасіретім бар ішімде...

***

Кеше көрген бейненің есте елесі,

Кеш демеші,

...ештеңені,

Осы Өлеңнің жаныма көшкен өңі.

Күн... аңсау мен қимаудың дәл арасы,

қадалып қарамашы,

Қарай-қарай жүректе көз өледі!

Ал, әуелде... тасыған өзен едім,

Кетем, бірақ... мүлде өзге қала күтер,

зарығып дала бітер!

Көңіл-қошын таба алмай өлкенің де,

Жалғыздықта... өксірсің ең кемінде...

Бәрі де енді басталды...

Бұл тағдырды мүмкін бе ойдан ұту?!

Жыл билейді санада, қайда күту?!

Бақ қонады деседе төзгенге...

Шын!

Саған барар жолдарым өзгермесін!

...Біз жүрген тротуар,

Сағынышын бойына тыға тұрар...

Жолбейне

«Құс ұшу үшін жаралған,

адам бақыт үшін жаралған»

Иван Бунин

Шырын қылғыттым Құсалылардан,

Бір ұрттап едім...

Таусылды!

Ең асқақ шыңды құшағыма алғам,

Тез ери қойды қар сынды.

Бағым уыстан сусып ағатын,

Жасырары жоқ мөлдір су.

Мендегі сынбай шу шығаратын,

Сезім алдында көлгірсу!

Желетектердің дегбірі қайда,

Берекет бермей ұқпаған!

Мен Күндіз тұрам телміріп Айға,

Түн болса Күнге сұқтанам!

Күп-күрең Күзге Көктемді арнадым,

Жердегі нәзік соқпақ құр.

Өмір досыма өкпемді арнадым,

Уақыт дейсің бе?!

Тоқтап тұр!

Қай шақта өзімнен өзгеге ашылам,

Аймалай берді Қала арын,

Көкпеңбек тастың көзқарасынан,

Жабығып қалған жанарым.

Көшуге көнді-ау соры ұлып барып,

Бұлттардың ұстап біреуін,

Бақытқа бейқам жолығып қалып,

Торығып кеткен Жүрегім...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар