Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әділет Шопен: Ауаға өлең жазады суық ойым......

21.09.2017 6106

Әділет Шопен: Ауаға өлең жазады суық ойым...

Әділет Шопен: Ауаға өлең жазады суық ойым... - adebiportal.kz

ааа

Құстардың қайтар шағы тойлануда,

Неге керек ұшуын қойған ұлға?!

Сұлық түсіп, жатыр қала, шылым шегіп,

Көлеңкелер дыбыссыз ойлануға...

Түссіз ойлар жарып шығып жан жарасын,

Өлең ағар содан соң қанда жасыл...

Бөлме ішінде аруақ күбір еткен кезде,

Əлі тірі жүргеніңе таң қаласың

Жергілікті бұлттар бар - көз ғашығым.

Газет. Шылым. Жарық шам. Сөз жасырын..

Жарың жатар бөтен боп бөлме ішінде,

Терезенің ар жағы өз ғасырың...

Шегер шылым секілді мұң дегенің,

Жарғанат қанатында түн дерегін...

...Неке жүзігін шешіп ап қарап тұрдым,

Кеңістігіне сыйдырып Күн көлемін...

***

Сын есімін тылсымның қолданалық:

Сағым боп өткен өмір, ол да - ғаріп...

Шаша сал қадамыңды құбылаға,

Көлеңкеңді іңірге жалдап алып,-

Шам шалатын құйрығын түн боласың

Шылымға ұласады жын дауасы

Күзге жазып отырмын өлеңімді,

Жапырақтарынан тұрғызып мұң қаласын!

Бұл Əділет не кешті, не кешпеді,

Нұр Отанға бəрібір емес пе еді?!

...Ой жарылды Қыркүйек жаққа қарай,

Аман қалып тамыздың елестері...

Содан соң.. жатып алды, қырсығып Ай

Жазымышымды жатта да,күлші былай

Елден келген екеу ед - Ой мен Өлең,

Бір барып қайтайықшы, жүрші Құдай

Қыркүйек бəрін жойып тастаса екен,

Соғылады бүл күнде - босқа, шекем.

Бақсы əлемде, басқа өлең жазды ма екен,

Айна ішінен қарайды, басқа Шопен.

***

Сені сүйдім! Сүйдім де жанды ұмыттым.

Өлді бір күн..сездіріп мəңгілікті.

Мен түн үшін күрсіндім, жылағам жоқ

Ал сен кешкі елесі жаңғырықтың

Ұшар болсаң сөздермен неге ұшпадың,

Мен сезімнің тізгінін кері ұстадым?

Дөңгеленген төбемде жарық айым, -

Менің жаным сол айдың теріс жағы..

Кірпігіңде дірілдеп, бөлек тоңса,

Бəрін қайта бастауға себеп қанша?

...Өлім менің ойымнан суық емес,

Таң қалдырып көрсінші керек болса!

Көңіл қайтып барады терістіктен,

Өмірде өлең үшін деп іштік пе?

Кетер кезде жалғыздық кідіреді,

Көзіңдегі əлдебір кеңістікте -

Көп ішінде өмірім - жалқы өтеді

Алды екені белгісіз арты екені.

...Əлемімізді қараңғылықтың меңдеп алғаны сонша, жаным -

Артынша жұлдыздар да жарқ етеді.

***

...Секілді мына түннің леп белгісі,

Рақмет айту керек пе өткен үшін?..

Жұпарың тамағымды тырмалайды,

Бұзып - жарып кеудемнің оттегісін.

Бойды жеңген əлде бір шалық бардай...

Түнек түбі жарқ еткен жарық қандай!..

Он екі қос қабырғам - желбезектей,

Жағаға шығып қалған балықтардай

Тыныс бітіп,

Сенен шыққан əлсіздеу үнге ұйыдым,

Тереңіңе кетеді түн құйылып?..

Бұл өмірді қысқа ғып көрсетеді,

Көздеріңнің шексіз бір тұңғиығы!

Жанып - сөніп, лапылдап, қайта қызып,-

Кірпігімнен кетемін жай тамызып

Сүйегін теріп жүремін ойларымның,

Ар кезеді жүректе сайтан ізін!...

Шымылдығын көзіңнің шешіп қара,

Шешіп қара, шамамша есіп барам..

...Кіргеннен соң не болды, не болмады,

Біледі тек есік қана! -

Көтеріліп миымда қайта халық,

Ар дағы тіл , - мендегі мұң, айтары анық?

Сен кеттің... бөлме іші даусың қалды,

Жаңғырығы төртдүркін қайталанып!

***

Жұлынымды қытықтап күні бойы,

Ауаға өлең жазады суық ойым...

Жан ішінде ашқым кеп бөтен ғалам,

Жарым қалай шыдап жүр екен маған?!

Жалғыздық кеп ауыртса жанымды егер,

Жынысымды қоспаймын Тəңірге де?!.

Өмір шалып, өлеңге шөл қысқанда,

Тісін қайрап отырды көртышқандар!..

Мəйхана іздеп кетсем бе жақын маңнан,

Мен құдайдың өзімін... ақынданған!

Айна алдында ешкімге жаның ашып,

Бір түр жасап тұрасың мағынасыз

Көтере алмай еңсемді сонда да түн,-

Теріс соғып барады оң қанатын!

***

Мына жалған өткінші көзі сұлу-

Қос уыстан көбелек тез ұшыру?..

Бəріне де келеді нəзік өлім,

Ол да бір ақыны ғой өз ісінің!

Күреңіткен тірліктің мақалында:

Өлең ойла. Өмір сүр. Сақалыңды ал.

...Мұң əуенін сендегі жұқтырады,

Сатушы қыз темекі сатарында.

Жұлдыздардан салқындық жұқса қалған,

Ортаңғы саусағыңа ұқсап арман.

Елесінен ойыңның жабырқайды,

Мен тұратын - 6 -ы ықшамаудан

Көшіп кетер, солайша, көшпелі мұң

Өмір - түннің жадына көшкен ұғым.

Уақыт тілі ауаға əжім салып,

Жазып жатыр Маусымға естелігін...

Өзіңнен шығып кетіп... сағынасың.

Боласың бұл өмірге тағы ғашық.

...Ақындардан қалған ескі жүрі жолдың,-

Кешесің заманауи мағынасын!

***

Қанаттанып ұшады таңда - "Бес күн"..

Тыныштығыңа бермейді енді ырықты?..

Ой көшпелі - бұлттардай - жан да - көшкін,-

Тек жалғыздық бұл жерде - Жергілікті!

Жан ішінде сұп-суық жалындаған,..

Тамырымнан жүретін Ар құсадым?..

Тікен шашып, сақал-шаш алынбаған,

Жақындатар Солтүстік жарты шарын!

Өзімді іздеп жүремін жұртты айналып,

Сезім бұрылыстарында - қандай шақ əр?

Күрсінісің көкірегіңнен шықпай қалып,

Ішкі құрлыстарыңда айғай салар!

Төрт қабырға жаныма мəңгі құрық,

Төленбеген жылудың түбіртегі?..

Қараңғылық жұлдызға жан бітіріп,

Көртышқандар ойыңнан жүгіртеді!..

Халық əнін санамда ескі ойнатқан,

Өлген ойдың келемін бетін көріп?

Тəңір!..- сені іздеймін - ешқай жақтан,

Жұртта қалған жалғызым секілденіп!

***

Адамдардың айтқанын ұға алмадым,

Бесінші күрежкеден шығар бəрі?..

Жүріп келем... алдыма тек түтін салып,

Теңселгенімнен қашады түн аруағы!

Түнгі оттармен ұрады қала санын..

Терістаңбалы көзіндей Қарашаның,-

Қабат үйлер, биіктеп дүмбілездер,

Сайтанымда барады аласарып...

Бір жақсының боларын сезген едім,

Көкірегіммен барамын көздеп өлім?

...Саясаткерлер түнде əйелдеріне істей алмай,

Халқына кеп істейді өз дегенін...

Жұлын ұшы бір үміт қайта жанар,

Бір пайғамбар келді деп айтады олар

Ойдың айсбергі миымды кеп соғар..,

Сосын,

Титаниктің тарихы қайталанар!..

***

Өзіме-өзім

Түн ортасында терлеп ояндым,тағы..

Түстер...

Элегия

жады...

құбырларда жылудың суы жүреді,

ол да бір қаланың заңы,-

автоматты көмір.

...Еее, неденде қалмаған көңіл,

оң жақта бітетін секілді осы,

сол жаққа бұрылу арқылы

өмір...

Сен алысып жатқанда мұңмен,

мен алысып жатқанда түнмен,

орталық кафелердің бірінде ішемін,

сайтан да алсын кіммен?!

Сұр үйдің бұрышында әлдебіреу жатыр..

Түнішіндік бақылау, батыр?..

Оны өзгеғаламшарлық деп айтсаңда бүгін,

сенбейді ақыл.

Ұйықташы...

Дәл сендей ақынды ендігі ғасырда дала тумайды.

Жалғыздық данышпаны, меланхолияға салатындайды.

(Өйткені, сенің өлеңің маған ұнайды)

...Бөлменің жарығын өшірші,

досым

Бәрібір жарығын жағады

Қайғы.

***

Тылсым соңы ес-түссіз ерген ағаң,

Бірге жүрер сенімен мендегі алаң.

Құдіретіңе таңырқап қала берем,

Бетіңді кеп өпкендей өлген адам

Түсін кешіп көңілдің күнде түрлі,

Жазсын өмір өзіңмен бірге өтуді...

Қиялыммен төнемін тəтті мұңға,

Қабырғаға ілемін суретіңді

Қуықтай бөлмені аластап ғашық əнім,

Іңкəр сезімді өлтірмей асырадым?.

...Біз күбірлеген дұғасы махаббаттың,-

Қу тірліктің аруағын қашырады!

Көкжиектен сұр түсті шұға көрдім,

Жазу үстелінен, о бəлкім, тұра бердім?

Ақын екенімді түйсініп, сені аяп ем,-

Сəуірдің көзі сетінеп шыға келді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар