Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұманбайды жырға қосқан ақындар марапатталды!

21.09.2017 1711

Тұманбайды жырға қосқан ақындар марапатталды!

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қазақ поэзиясының көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев жырларын ұрпаққа өнеге ету, мол мұрасы арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасының ұйымдастыруымен «Жүрегі жырдан жаралған» атты жазба ақындардың республикалық онлайн-мүшәйрасын өткізген болатын.

Мүшәйраға 20-30 жас аралығындағы ақындар қатысып, ұсынған өлеңдері «Әдебиет» порталында үш ай бойы жарияланып тұрды. Порталға 33 ақын өз өлеңдерін ұсынды. Олардың ішінен 10 ақынның өлеңі талапқа сай деп есептеліп, порталға ашық жарияланды.

Онлайн мүшәйрада қазылар алқасы болған жоқ. Порталда қос бірдей өлеңі жарияланған үміткер ақындардың жырының бағасын оқырман қауым дауыс беру арқылы анықтады. Ең көп дауыс жинап, өлеңі оқырманның көңілінен шыққан төмендегі 5 ақын жүлдегер атанды.

Мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Талдықорған қаласында өтті.

Алтынғадыс КҮНТУҒАНҰЛЫ

«Жол кешу»

«XXI ғасыр немесе қайта өрлеу»

Бас жүлде – 100 000 тг.

Оразай ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ тұман»

«Рух. Жаңғырық»

І орын – 80 000 тг.

Мәрлен ҒИЛЫМХАН

«Құрбан»

«Көкірек»

ІІ орын – 70 000 тг.

Мағрипа САНДУҒАШ

«Бір өлеңбіз...»

«Тәуелсіздікпін»

ІІІ орын – 60 000 тг.

Таңсәуле ӘГЕНҚЫЗЫ

«Тұманбай Молдағалиевтың рухына арнаймын

«Қазағым»

«Әдебиет порталының» арнайы сыйлығы 50 000 тг.

ЖЕҢІМПАЗ АТАНҒАН АҚЫНДАРДЫҢ ЖЫРЛАРЫ

Алтынғадыс КҮНТУҒАНҰЛЫ

ЖОЛ КЕШУ

(Тұманбайға)

Қауызынан сөздердің нұр бұрқырап,

Қаламымнан жортады жылқы – бұлақ.

Өмірді мен сүйемін өлең үшін,

Аспанымның тұрса да бұлты жылап.

Сора-сора жолдарым жаңбыр жуған,

Уақытым жылжиды тағдыр – қылдан.

Ақ парақтың бетінде жол таба алмай,

Артта қалып қоямын алғыр жырдан.

Өлең болып сорғалап көз жастарым,

Алға тартып келемін сөз жастанып...

Күзге бүркіп жіберем сағынышты,

“Қош”, дегенде төбемнен қаз – достарым.

Қараймын да төменнен көкке қарай,

Заудан тылсым күтемін төккен арай.

Тас бетіне қашалар мәңгілік із –

Жұлдыздары шашылған көкте дара Ай.

Ымырт қонып, түн жапса құба дала,

Бір иенге ұшамын шырақ ала.

Алатау тұр алдымда мұнар-шыңлы,

Қай биікке қол созам Тұман аға?

XXI ҒАСЫР НЕМЕСЕ ҚАЙТА ӨРЛЕУ

Етегін жыртып билеген ғасыр оғаштау,

Жаны жүдеген жылдар-ай – жасыл ағаштар.

Кезегін күткен адамдар жасы бар астау,

Дерттеніп өткен.

Шытырман шыңға құлаған ғұмырлар ұдай,

Бесіктен құлап мерт болған құлындарым-ай,

Тәңірдің сөзі – ақынның жырын танымай,

Өрт төгіп өкпем,

Шабылып мұңмен тамыры, қансырап жүрген,

Қара орманымның қайғысы-ай ән-шынарың кем.

Қара жанардан құласа тамшылар бірден,

Ерітпеді көктем.

Қып-қызыл ойға бас қойып, қызара бөрткен,

Рухыма сансыз күз сыз ала жеткен.

Тарихым талай қойнына мұз ала кеткен,

Өткенде, кешем...

Алдымда тұрған алпауыт менің ғасырым,

Қайта өрлеуім, жаңғыру, көгімде асыл үн.

Өзімді тауып ішінен өмір жасының,

Өркендеп өсем!

Оразай ЖЕҢІСҰЛЫ

АҚ ТҰМАН

(Т. Молдағалиевқа)

Сұп-суық күз Алматыдан

Неше кетті, апырай, неше келді?!

Келсе, кетсе тек мұңын еселер-ді.

Алатаудың басына аппақ тұман,

Түнеді де, тұнжырап көше берді.

Құстар қайтты аспандап әр ізбенен.

Құстар, құстар балдәурен, әніздеген.

«Қазан ұрмай, қар жаумай» қаралы жыр,

Тасқа түсті сұм жалған бәдіздеген.

Қарашаның бозға орап боқырауы,

Соғады әлі кеудені соқыр әні.

...Кеткісі кеп қайтадан бозбала боп,

Есенғали жағада отыр, әні.

Қайран дәурен жалғайма таңды ызғарға?!

Көктемге әнін сол Ақын салғызғанда,

Төбе миы тобырдың солқ етеме,

Арда қанат бітеме жалғыздарға?!

Алматыны мұздатып, көшелерді

Сұп-суық күз саудырап неше келді?!

Алатаудың басына ақырғырет,

Түнеді де, Ақтұман көше берді.

РУХ. ЖАҢҒЫРЫҚ

Байсын далам,

Байсалды ел мекен еткен.

Бөрі жортқан... жоныңнан бөкен өпкен.

Бабам басқан төсіңнің иісі аңқиды-ау,

Оюлап, апам сырған текеметтен.

Шам-шырағым, білемін, жанады, өшкен.

Күндер келер шаттықты ғана кешкен.

Алмағайып шақтарға қош дедім бе,

Аруанама жас ұйып, ауа көшкен?!

Табылмаса жанымның не біремі.

Шөлдегенім шер емес, өмір еді.

Заманалар тұншыққан домбырамнан,

Төгіледі-ай ән-күйім, төгіледі.

Құшағында әлдилеп таң аруы,

Жан жазылса, оңалар тәнарығы.

Қазақстан – күлкісі сәбиімнің,

Қазақстан – қартымның даналығы.

Сонау жылдар ызғары өткіреді.

Қос өкпемнен қанды шер тепкіледі.

...Қазақсатан – құрбымның сұлу әні,

Қазақстан – досымның бек тілегі.

Жаманыма жал бітсе көрімдеймін.

Алты қанат ақ үйдің төріндеймін.

Елімдеймін тұп-тұнық тілім сайрап,

Кере түсіп кеудемді жерім деймін.

Ғасырлардың жеткенде жаңғырығы,

Қайманамның салты – серт, һәм ғұрыбы.

Бозторғай ұя басқан шаңырақта,

Алты алаштың шалқысын ән-ғұмыры.

Мәрлен ҒИЛЫМХАН

ҚҰРБАН

(Тұманбай Молдағалиевқа)

Сүюге бәрін хақы бар еді,

Ақтарылғаны кімге қашық?

Өзіне ғашық Ақын әуелі,

Әсемдігі үшін гүлге ғашық!

Тағдыры жас жоқ ішінде мүлде,

Өлі жанардан ауыр ма еді?!

Ғажайыбы аңқып түсінде жүр ме,

Уақытқа сіңген дәуірлері?

Тұңғиық ойын сілкіп ішкені,

Төңкере төгіп жанашырға.

Тізбек жылдардың күрсіністері,

Талмай сөйлейді санасында.

Саптыаяқтарды көтере күлген,

Жоғалып жалын жастағы леп.

Өктем бір шақта өте ме өмірден,

Түсінер ме оны басқа жүрек?!

Шексіздіктерге ұласып өңі,

Құшақтап алған айы дұға.

...Ақын болғаны – кінәсі ме еді,

Сезімталдығы – айыбы ма?

Қапаға қанып жүрсін дейсің бе,

Кей кеуделерде жыр қаңғыды.

Осыған қарап күлсін дейсің бе,

Болашағының құрбандығы?!

Бейнелер бұлдыр басын ұрған ғой,

Зілмауыр жүкті арқа таңса.

Ғұмырға сыры жасырылған ғой,

Шешімін пенде тарқата алса.

Жанын түңілген шағы жеп оңса,

Жүрегі жұмбақ жеке ғалам.

...Тәңір бұйыртқан бағы не болса,

Сонымен сорлап кете ме адам?!

КӨКІРЕК

Екі қазақ сөйлесіп тұр далада,

қарай қалсам, тас боп қата қалады.

Сес көрместен сескендің бе найзадан,

Шошытты ма шаң боратып шапқан ат?!

Паң дидарым долыланған қай заман,

Маң даланың жанарынан бақ қарап,

Маңғазданып жүргенімде қаушып ең,

Сөну білмес жұлдыз берген ғасырым!

Күңіренген қобызымның даусымен,

Жан жағымда жүгіргеннен жасырын,

Тас қараңғы түн ішінде ойланам!

Шапанымда шарқ ұрады сапарым.

...Балбалын да бақытынан қоймаған,

Мен осылай жазығымда жатамын!

Шұбатылған жолдарда бар сорлы дәм,

Қаусап қалған қадамындай қарт аңның.

Айызымды қандырғанда домбырам,

Тағдырымның жалғанынан жалтардым!

Сәттер сайрап сары белдерден сый оймақ,

Шексіз іздің жүрегінде келеді үн.

Көңілімнің аспанында күй ойнап,

Баяғыдан бас бұқпаған мен едім!

Менменсіген жылдар құшақ жайғасын,

Кеуде соққан өр мінезге сай қалқам.

...Сен көресің көкірегімнің айнасын,

Айды шауып түсіргенде айбалтам!

Мағрипа САНДУҒАШ

БІР ӨЛЕҢБІЗ...

Бір өлеңбіз, тербетілген бір әнбіз,

Дара ұлын сағынғанда шығар күз.

Өлтірмейтін өлең дейтін мұраны,

Тұманбайдан қалған бір-бір тұмармыз.

Бір өлеңбіз, жазылатын дастанбыз,

Биік шыңбыз, тау тұлғалы, асқармыз.

Есіне алып елжірейді өр ұлын,

Сар жапырақ басқан күз.

Бір өлеңбіз тұғырлымыз, тұлғамыз,

Өлең болып сыңғырлайды жылғамыз.

Тұлғалы ұлды тұғырынан түсірмей,

Жазылады Тұманбай деп түрлі аңыз.

Бір өлеңбіз тарихпыз, аңызбыз,

Жауқазынбыз, лапылдаған жалынбыз.

Жүргеніммен тұмар жырды арқалап,

Көңіл көктем, бірақ әлі жаным күз.

Бір өлеңбіз, өрелі елдің ұлымыз.

Ұлықтаймыз бірімізді-біріміз.

Тарихқа алтын болып жазылған,

Біз қазақпыз, Тұманбайдың жырымыз.

ТӘУЕЛСІЗДІКПІН

Тәуелсіздікпін - 86 ның қанымын.

Тәуелсіздікпін - қайсар қазақтың бағымын.

Тәуелсіздікпін - еркін елімнің арымын.

Тәуелсіздікпін - тереңде менің тамырым.

Тәуелсіздікпін - біиікте ұшқан қыранмын.

Тәуелсіздікпін - асқақ арманды ұланмын.

Тәуелсіздікпін - еркіндік менің тұрағым.

Тәуелсіздікпін - желберіп тұрған көк тумын.

Тәуелсіздікпін - рухы биік от тілмін.

Тәуелсіздікпін - намысы биік текті ұлмын.

Тәуелсіздікпін - найза ұстаған батырмын.

Тәуелсіздікпін - бірлікке елді шақырдым.

Тәуелсіздікпін - 130 ұлтпен татумын.

Тәуелсіздікпін - намысы биік қазақпын.

Тәуелсіздікпін - егемен елмін, азатпын.

Тәулсіздікпін - жарқыра мәңгі азат күн.

Таңсәуле ӘГЕНҚЫЗЫ

ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВТЫҢ РУХЫНА АРНАЙМЫН

Жырыңа ғашықпын...

Түндер таңға алмасқанда,

Күндер айға жалғасқанда.

Қарашада қаздар қайтып,

Қара тауды қар басқанда.

Жырларыңа ғашықпын, баба!

Сәмбі талдар бүрлегенде,

Алма ағашы гүлдегенде.

Көк көйлекті көктем келіп,

Көркем дала түрленгенде,

Жырларыңа ғашықпын, баба!

Дала балқып жалын жырға,

Мұнар қалқып сағым қырда.

Сезім қылын шертіп өлең,

Бөленгенде арым нұрға.

Жырларыңа ғашықпын, баба!

Айдын көлдің ажарында,

Ай нұрының ғажабында.

Сенің жырың жазулы тұр,

Туған елдің назарында.

Жырларыңа ғашықпын, баба!

ІІ Тұлға

Ойлы жүзді, мейрімді жанарыңыз,

Өр өлеңді ғұмырға баладыңыз,

Ой ішінде жыр жазып отырғанда,

Қауырсыннан ұстаған қаламыңыз.

Алатаудың қарындай ақ самайы,

Ақындықты өзіне бақ санайды.

Бәйшешектер тербеліп жыр-самалмен,

Өлеңіне Күн менен қосқан Айды.

Сенің жырың шырқалса дала тынған,

Сыр сезетін қаздардың қанатынан.

Боз даланың шырқаса бозторғайы,

Бұлбұл сайрап жырыңмен таң атырған.

ІІІ Сағыныш

Алатаудан ескенде таң самалы,

Сенің жырың жанымның аңсағаны.

Сазды әуен шалқытып шалқар белді,

Сағым дала сызылтып ән салады.

Сенен асқан ұлылық бар ма, дала?

Аспан асты кеңістік... самғағанға.

Таңда тұнған мөп-мөлдір шық секілді,

Сенің жазған жырларың жанға дауа.

Қыранысың қазақтың құздан ұшқан,

Өшпейтұғы, көремін ізді алыстан.

«Құстар қайтып барады» жырыңды оқып,

Сенің үнің естілер күз дауыстан.

ҚАЗАҒЫМ

Өткелі жоқ өзендерді,

Асуы жоқ кезеңдерді,

Іріклместен кесіп өткен.

Сағым буған сар даланы,

Байтақ мекен, бесік еткен, қазағым!

Қарлы шыңның қыранындай,

Ұлы елдің ұланындай,

Ұлағатты ұранды елім!

Қаратауға қайқая өскен

Көк тіреген шынар ма едің, қазағым!

Алда нұрлы болашағым,

«Мәңгілік ел» жол ашарым.

Жаса, жаса кемел елім!

Тілім, ділім бар байлығым,

Самға алға, өрен елім,қазағым!

Талмай асып ғасыр белін,

Жарқылдаған асыл елім.

Тұмарым сен туған жерім.

Ұлы дала төсіндегі,

Тұрағымсың думанды елім, қазағым!

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар