Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қазақ әдебиетіне модернизм мен постмодернизм керек...

24.09.2017 12243

Қазақ әдебиетіне модернизм мен постмодернизм керек пе?

Қазақ әдебиетіне модернизм мен постмодернизм керек пе? - adebiportal.kz

Гомер ақынның атақты "Иллиадасында" гректерге Троя қаласын жаулап алуы үшін, өнер туындысының сеп болғаны бəрімізге таныс оқиға шығар? Ағаштан қиып жасалған аттың алып мүсіні Троя халқының жеңіске жеткендеріне сендіріп, бөріктерін аспанға атуына жеткілікті болыпты. Дегенмен, бұл оқиғаның соңы немен тынарын айтып жатудың өзі артық. Айтпағым, мүмкін Гомер ақын өнердің түпкі ойын білмесең, аулақ бол дегенді меңзеп тұрған болар?! "Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде" демей ме атам қазақ! Адам баласы тудырған өнердің түпкі ойын білмесең, отпен ойнағандай боласың. Алаштың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезовтің: "Өнердің өзін танығаның рас болса, төркінінің тегін алдымен таны" - деген сөзі бар. Тəуелсіздік алғаннан кейін, кеңес үкіметі қалыптастырған социолистік реализммен зерттеліп, бір жүйеге түспеген əдебетіміздің мол мұрасы, жаңа ХХI ғасырда әдебиетімізді əлемдік деңгейге шығара алмайды деп, - модернизм мен постмодернизм бағыттарына жармасып жатқан жайымыз. Кейбір ақын-жазушыларымыздың шығармаларының сыртқы формасына, мағынасының күңгірттігіне байланысты "постмодернист" - деп атап, дәстүрлі бағытта жазып жүрген қаламгерлерімізге қарағанда көңілімізді көп бөліп, ашығын айтқанда көтермелеп келеміз. Төркінінің тегін танымай жатып енгізіп жатқан бұл бағыттардың түпкі ойы мен тарихын қарім-қабілетіміз жеткенше тарқатып көрсек.

Сонымен "модернизм" дегенді – ХХ ғасыр басында, Еуропа халқының рухани күйреуінен туындаған, дəстүр мен дінді жоққа шығаратын əдеби бағыт деп танып жүрміз. Бастауын философияда Ницшеден алса, əдебиетте Джойс, Кафка, Прусттардан алған делінеді. Рас, "модернизм" – деп ХХ ғасырда аталғанымен, бұл бағыттың іргетасы Еуропада, Христиан дінінің кемшіл тұстары айқын көріне бастаған XV ғасырда Коперник пен Галеолейдің еңбектерінен кейін қаланды. Бүгінгі таңда астролог, физик аталып жүрген бұл ғалымдар өз заманында философтар деп аталғанын біреу білсе, біреулер біле бермейді. Сонымен модерннің түпкі ойы Құдайдың мəнін адам санасынан өлтіріп, дінді жоққа шығару екендігін аңдаған боларсыздар? Еуропа шіркеуі Коперникті отқа жағып, Галеолейді түрмеге жауып, ойынан бас тартқызғанымен, XVI-XVII ғасырларда модерндік көзқарас Еуропа оқымыстыларының санасында нықтап тұрып орын алды. Атақты Декарттың "мен ойшылмын" деген субъекті мен объектіге байланысты айтылған философиясы күллі Еуропада экзистенциялық модерннің бастауына əкеліп соқты. XVII ғасырдағы атақты философтар Нютон, Ларошфуко, Блез Паскальдар да Декарттың философиясын қолдап, дидактикалық сарында өрбіген экзистенциялық модерннің бүкіл халықтық түсінікке ие болу үшін еңбек етті. Модерннің бұл кезеңінде ғылым философия негізінде дамып, бізге белгілі салаларға жіктеле қоймаған кезі. Сондықтан түсінуге жеңіл келіп, Еуропа халқын сан ғасырлар бойы ұстанған діндерінен бас тартқызды. Модерннің бұл кезеңі Имануэл Кант философиясы туғанша созылды.

Кант философиясынан кейін, модерннің екінші кезеңі интенсивті модерн бастауын алды. Кант Декарттың "мен ойшылмын" деген ойына қарсы шығып, "күмəнданушыдан күмəндан" - деген жаңаша ойлау жүйесін тудырды. Гуссар бастаған бір топ философтар "күмəнданушыдан күмəндан" -деген объекті деп жорамал жасап, объектіні зерттесе, келесі бір топ философтар мұнда субъектіні айтып отыр деп адам санасын зерттеу нысанына айналдырды. Араға ғасыр салып Фрейдтің психоаналитика мектебі пайда болды.

Кант ғылым философия негізінде дамымай, сала-салаға бөлініп , тереңдей түсу керектігін ұғып, еңбектерінің басым бөлігін ғылымды жүйелеуге арнады. Кант философиясынан кейін математика, физика, биология, химия, астрономия, лингвистика жеке ғылым салалары ретінде бөлініп, ендігі ғылым дидактикалық сарында емес, бүгінгі біз білетін күрделі ғылым ретінде өрбіді. Арнайы университеттерде оқығандар болмаса, XIX ғасыр басында Еуропа халқының ғылымнан хабары болмады. Дін мен дəстүрден бас тартып, оның орнын алмастыруға тиіс болған ғылым түсініксіз, күрделі ұғымға айналды. Шопенгауэр мен Ницше ғылымның дін мен дəстүрдің орнын адамзат баласының кеудесінен алмастыра алмайтынын жазып, жаңаша көзқарастың керектігін ескертті. Интенсивті модерн ғылымның салаларға бөлініп, дамуына жол ашқанымен, қарапайым халықтың санасының тоқырауына алып келді. Жəне бұған XX ғасырда болған II дүниежүзілік соғысты қосыңыз.

Біздің елімізге модерн Кеңес үкіметі арқылы ХХ ғасырда Алашордалықтар репрессияға ұшырағаннан кейін, алғашқы университеттердің ашылуымен келді. Кеңестік жүйе бекітіп берген оқу программасы атеистік қоғам құруға тырысты. Бірақ, модерндік көзқарас біздің дүниетанымызға жат болғандықтан, сенімімізден айырмады. Мектеп оқулықтарында "Дарвиннің теориясын" оқытса да, ғылымның барлық саласы Құдайды жоққа шығарса да ата дінімізден бастартқызып , Құдайдың құдіретіне деген сенімімізді көкірегімізден сөндіре алмады.

Модернизм əдебиеттегі бағыт қана емес, социологиядағы, философиядағы, ғылымдағы жаңаша ойлау (Құдайсыз, дінсіз ойлау) жүйесі. Біз оқып жүргендей модерннің философиядағы бастауын Ницшеден емес Декарттан алып, əдебиетте Кафка, Джойс, Прусттардан емес, XVIII-XIX ғасырларда туындаған классицизм, романтизм, реализм, сентементализм өкілдерінен алады. " Құдай – логика , дін – адамдар арасына тәртіп орнату үшін ғана қажет. Діннің қатып қалған ережелері қоғам дамуы үшін кедергі, ғылым мен өнер Құдайсыз қоғамда ғана дамиды. Бүкіл әлем біздің соңымыздан еруі керек, болмасаса күштеп ертеміз" – деген модерн, Еуропа халқын күйретіп, бүкіл əлемде соғыстар мен нəсілдік бөліністерді туғызды. Модерн жіберген олқылықтардың орнын толтыру үшін ХХ ғасырдың 70- жылдары постмодерн бағыты туды. Біздің əдебиеттанушы ғалымдарымыз жазып жүргендей постмодерн "кейінгі модерн" емес, " модерннен кейінгі" кезең. Көптеген философтар мен əдебиеттанушы ғалымдар модерн мен постмодернен ешқандай айырмашылықтар байқай қоймаған. Сондықтан бұл "измдердің" екеуі бір ұғым деген пікірлерді жиі естіп жүрміз. Бірақ , анықтап қарап көрсек, бұл бағыттар арасындағы өзгешеліктерді көруге болады. Постмодернист философ Жан Франсуа Лиотар : "модернистер экликтика қабырғасын (мұндағы экликтика адамзатты ақиқатқа жеткізбейтін қабырғаның философиядағы атауы) қиратамыз деп сенсе, постмодернистер адамзат экликтика қабырғасын бұза алмайды, бірақ оны жылжытуға болады деп санайды. Модернистер ғылымның əлі де даму керектігін айтса, постмодернистер ғылым ғасыры өтіп кетті, енді техниканың дəуірі туды деп есептейді. Модернистер мəңгілік өмір сүрудің құпиясы ашылады деген сенімде болса, постмодернистер адам мəңгілік өмір сүре алмайды, бірақ өмірді ұзартуға болады дейді. Модернистер отбасылық құндылықтарды сақтап, ұрпақ алдындағы міндетін біліп, еркек-еркек болып, əйел- əйел болып өмір сүрсе, постмодернистер үшін жынысын ауыстыру, бір жынысты некелер қалыпты жағдай. Модернде өнер атаулы адамзат баласына эстетикалық лəззат сыйлап, рухани байытатын болса, постмодернде өнердің ешқандай құндылығы қалмайды" - деп бөледі. Орыс философы Александр Дугин модерниз мен постмодернизмнің басты айырмасы : " модерн адам санасынан Құдайдың мəнін өлтірсе, постмодерн санасында Құдайдың мəні өлген адамдардың өзін өлтіруі" - деп ашып көрсетті.

Постмодернист философ Жиль Делёз : "Адамзат баласы соғыстан шаршады, бір- біріне өз ойларының дұрыстығын таңудан жалықты, өмірден мəн іздеуден, жақсы адам болудан шаршады. Сондықтан енді адамдар өздері қалағанша өмір сүріп, өздері дұрыс деп тапқан еркіндікке жетуі тиіс"- деп, постмодернистердің ұстанымын көрсетті. Жиль Делёздың философиясы бойынша, адамзат баласының ендігі сыйынары табиғат болып, барлық халықтар біртұтас болып өмір сүруі тиіс. Шизофрения, пароноя секілді ауруға шалдыққандарды жынды деп танып, қоғамнан бөліп кемсітпей, басқа адамдардан артық деп қарауға шақырады. Өз тəніне риза болмаған адамдар, өздері қалағанша дене мүшелерін өзгертіп, бет əлпетіне пластикалық ота жасаудан қорықпауға үндейді. Постмодернист, психоаналитик, структуралист Мишель Фуко: " адам баласы алып мұхит жағалауындағы құмнан салынған мүсін сынды, толқын келіп шайып кетеді" - деп модерндегі адам өмірінің мəнсіздігін айтып, Жиль Делёздің ойларын қолдайды. Ал, астрофизик Лоуренс Краус : "Модерн ақылды адамдар үшін керек. Ал, постмодерн ақымақтар үшін"- деп ашынып қазіргі адамзаттың қай бағытта кетіп бара жатқанын көрсетіп, модерннің керектігін жазды. Бүгінде біздің елімізде постмодерн бағыттың кейбір белгілері көрініс тапты. Мысалға: интернет, батыс музыкасы мен киносы, түрлі техникалар, ұлттық құндылықтарды талқандайтын əлеуметтік желілер, АҚШ- та бастауын алып , Оңтүстік Корея халқына тасталған "поп" жанрындағы музыка (біздердегі "91" тобы сынды), Еуропа киім стилі, шаш қою үлгілері, қыздардың қалыптан тыс бет əрлеуін (make up) айтсақ болады.

Батыс бізге бір емес, екі алып бағытты сыйға тартты. Ішінде не барын білмесекте тамсанып сүйреп келеміз. Сыртына таңырқай бермей, ішіне үңіліп, түпкі ойын білмесек, сан ғасырлар бойы дініміз бен дәстүріміздің, ұлттық танымыздың сақталу үшін қызмет етіп келген төл әдебиетіміздің келбеті, Құдайды жоққа шығарған сайтани әдебиет болу мүмкін!

Омарбек Нұрдәулет

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар